197-бап. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың жай-күйi туралы мәлiметтердi жариялау
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк борышының ағымдағы жай-күйi туралы, мемлекеттiк борышты өтеу есебiне төленген ақша сомасы туралы, берiлген мемлекеттiк кепiлдiктер және кепiлдiктер бойынша төленген ақша сомалары туралы мәлiметтер ашық болып табылады және оларды бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның статистикалық есеп нысанында тоқсан сайын ресми жариялауына жатады.
44-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы
198-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алу мақсаттары
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алуы республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкiметi бюджет профицитi кезiнде үкiметтiк қарызды қайта қаржыландыру үшiн қарыз алуды жүзеге асыра алады.
199-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алуды жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен:
1) қарыз алудың қаржылық шегiн белгiлеу;
2) қарыз алудың инвестициялық басымдықтарын айқындау;
3) болжамды үкiметтiк қарыздардың тiзбесiн қалыптастыру негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қарыздар тартуды әрбір жекелеген қарыз шарты немесе мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар түрi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметi шешiмiнiң негiзiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Бюджеттi aтқару жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарының эмитентi болып табылады, ол осындай мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздардың әрбiр шығарылымының көлемдерiн, мерзiмдерiн және шарттарын айқындайды.
200-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қарыз алуды шектеуi
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң мемлекеттiк қарыз алуы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген үкiметтiк қарыз лимитiмен және үкiметтiк борышқа қызмет көрсетуге бағытталатын бюджет қаражаттары көлемiмен шектеледi.
201-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң борышын өтеу мен оған қызмет көрсету
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, олар шығарған мемлекеттiк бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алуды бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражаттары есебiнен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi арқылы Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
45-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы
202-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алу мақсаттары
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру мақсатында облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру үшiн, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға Қазақстан Республикасы Үкiметiнен қарыз алу түрiнде жүзеге асырылады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру мақсатында аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру үшiн, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға облыстың жергiлiктi атқарушы органынан қарыз алу түрiнде жүзеге асырылады.
3. Жергiлiктi атқарушы органның қарыздары бойынша алынған қаражаттар тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттi атқару тәртiбiмен аталған мақсаттарға пайдаланылады.
203-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуын шектеу
1. Облыстың жергiлiктi атқарушы органының, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк қарыз алуы тиiстi жергiлiктi атқарушы органның белгiленген борыш лимитiмен және тиiстi жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталатын жергiлiктi бюджет қаражатының көлемiмен шектеледi.
2. Жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет кiрiстерiнiң жиырма бес процентiн құрайды.
3. Жергiлiктi атқарушы органның борышын өтеуге және қызмет көрсетуге арналған шығыстардың көлемi тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет кiрiстерiнiң он процентiнен аспауға тиiс.
204-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың борышын өтеу мен оған қызмет көрсету
Жергілiктi атқарушы органдардың борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi олар тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетте көзделген қаражаттар есебiнен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.
46-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш
205-бап. Мемлекеттiк кепiлдiк
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк (үкiметтiк, егемендiк) кепiлдiгi (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiк) - Қазақстан Республикасының қарыз алушы резидентi одан тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда берешектi толық немесе iшiнара өтеуге Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз берушiнiң алдындағы мiндеттемесi.
2. Мемлекеттiк кепiлдiктер қарыз берушiлерге Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң өздерi алған мемлекеттiк емес қарыздар бойынша мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етуi ретiнде берiледi.
3. Қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттiк кепiлдiктер берудiң айрықша құқығына Қазақстан Республикасының Yкiметi ие болады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсыруы бойынша мемлекеттiк кепiлдiктер берудi бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн шарттармен және тәртiппен жүзеге асырады.
206-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер берудi шектеу
1. Мемлекеттiк кепiлдiктер тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн лимит шегiнде берiледi.
2. Мемлекеттiк кепiлдiктер жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретiнде берiлмейдi.
3. Мемлекеттiк кепiлдiктер беру лимитiнiң көлемi осы лимит белгiленген тиiстi қаржы жылының шегiнде ғана пайдаланыла алады.
207-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер беру шарттары
1. Мемлекеттiк кепiлдiктер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары негізiнде берiледi.
2. Мемлекеттiк кепiлдiктер беру осы Кодекстiң 208-бабына сәйкес кепiл мiндеттемелерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi жұмсайтын бюджет қаражатының қарыз алушыға қайтарымдылығы шарттарымен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк емес қарыз бойынша мемлекеттiк кепiлдiк берiлгенi үшiн қарыз алушыдан жарғылық капиталына мемлекеттiң жүз процент қатысуымен құрылған заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк кепiлдiк сомасының 0,2 процент мөлшерiнде және басқа да заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк кепiлдiк сомасының екi процентi мөлшерiнде алдын ала бiржолғы төлем (алым) алынады.
4. Мемлекеттiк кепiлдiк беру мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiм мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк кепiлдiк жөнiндегi мiндеттемелерiн орындауға байланысты республикалық бюджеттен бағытталған қаражаттарды қайтару жөнiндегi мiндеттемелердiң орындалуы қамтамасыз етiлгенiн растайтын құжаттар ресiмделiп, тiркелгеннен кейiн жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiм - бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган, сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) және мемлекет кепiлдiк берген қарызды алушы арасындағы тараптардың мемлекеттiк кепiлдiк беру, мемлекет кепiлдiк берген қарыз шартына сәйкес мiндеттемелердi, мемлекеттiк кепiлдiк бойынша мiндеттемелер орындалған жағдайда бөлiнген республикалық бюджет қаражатын қайтаруды қамтамасыз ету жөнiндегi құқықтық қатынастарды белгiлейтiн келiсiм.
208-бап. Мемлекеттiк кепiлдiк алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын талаптар
1. Қарыздар бойынша мемлекеттiк кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғаларға осы заңды тұлғалар қарыз алушы ретiнде әрекет еткенде, мынадай талаптар қойылады:
1) кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырушының Қазақстан Республикасының резидентi болуы;
2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен бекiтiлетiн, тиiстi кезеңге арналған мемлекеттiк кепiлдiкпен берiлетiн мемлекеттiк емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылып отырған инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген жобалардың iске асырылуын жүзеге асыру;
3) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсе отырып бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлейтiн қарыздардың қайтарылуын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын банк кепiлдiгiнiң болуы;
4) салалық уәкiлеттi органның оң қорытындысының болуы;
5) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның оң қорытындысының болуы;
6) экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның оң қорытындысының болуы;
7) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның оң қорытындысының болуы;
8) мемлекеттiк кепiлдiкпен бұрын алынған мемлекеттiк емес қарыздарды, ол бойынша басталған төлем мерзiмдерiн, сондай-ақ кредиторлар алдындағы өзге де мерзiмi өткен берешектi өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде берешектерiнiң болмауы;
9) жобаның жалпы құнын жаппайтын қарыз тартылған жағдайда, ұсынылып отырған инвестициялық жобаны қоса қаржыландыру жөнiндегi мiндеттемелердiң қамтамасыз етiлуi.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк емес қарыздың және инвестициялық жоба тәуекелiнiң шарттарына қарай мемлекеттiк кепiлдiк алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын қосымша талаптар белгiлей алады.
209-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер беруге арналған инвестициялық жобаларды iрiктеу
Мемлекеттiк кепiлдiктер беруге арналған инвестициялық жобаларды iрiктеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүргiзедi.
210-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктiң нысаны
1. Мемлекеттiк кепiлдiк бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мен қарыз берушi арасында кепiлдiк шартын жазбаша түрде жасасу арқылы не мемлекеттiк емес қарыз бойынша кепiлгердiң мiндеттемесiн (кепiлдiк мiндеттемесiн) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қабылдағаны туралы қарыз берушiнiң жазбаша хабарлауы нысанында берiледi.
Мемлекеттiк емес сыртқы қарыздар бойынша кепiлдiк шарты болған жағдайда, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен қарыз алушының векселдерiн авалдандыруға құқылы.
Осы баптың және осы Кодекстiң 211-бабының талаптарына сәйкес келетiн құжат қана мемлекеттiк кепiлдiк болып танылуы мүмкiн. Мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының ешбiр актiлерiнде немесе өзге де құжаттарында мемлекеттiк кепiлдiктiң заңдық күшi болмайды.
2. Әрбiр инвестициялық жоба бойынша кепiлдiк шартына, кепiлдiк берiлген мiндеттемеге, қарыз алушының әрбiр мiндеттемесi бойынша авалға бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның бiрiншi басшысы қол қояды.
211-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктiң мазмұны
1. Кепiлдiк шартында немесе кепiлдiк берiлген мiндеттемеде:
1) соған сәйкес мемлекеттiк кепiлдiк берiлетiн Қазақстан Республикасы Үкiметi қаулысының деректемелерi;
2) қарыз алушының атауы және тұрған жерi;
3) қарыз шартының тараптары және қарыз алушының негiзгi мiндеттемесiнiң мазмұны;
4) кепiлдiк берiлетiн қарыз сомасы, берiлетiн мемлекеттiк кепiлдiктiң күшi қолданылатын қарыз бойынша басқа да кепiлдiк берiлетiн мiндеттемелер;
5) мемлекеттiк кепiлдiктiң қолданылу мерзiмi;
6) кепiлдiк шартына (кепiлдiк берiлген мiндеттемеге) қол қойған лауазымды адам көрсетiледi.
2. Кепiлдiк шартында, кепiлдiк берiлген мiндеттемеде осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген талаптар болмаған жағдайда:
1) мемлекеттiк кепiлдiк қарыз бойынша борышкердiң барлық мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк кепiлдiк қарыз шартының қолданылу мерзiмiне берiлдi деп есептеледi.
Кепiлдiк шартында және кепілдiк берiлген мiндеттемеде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген талаптар болмаған не осы Кодекстiң 210-бабының 2-тармағын бұза отырып, уәкiлеттi емес адам оларға қол қойған, сондай-ақ қарыз алушының мiндеттемелерiн авалдандырған жағдайда мемлекеттiк кепiлдiк жарамсыз деп есептеледi.
212-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер берудi және мемлекет кепiлдiк беретiн қарыздарды есепке алу
Берiлетiн мемлекеттiк кепiлдiктердi және мемлекет кепiлдiк беретiн қарыздарды бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган өздерi белгiлеген тәртiппен тiркеуге және есепке алуға тиiс.
Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекет кепiлдік берген борыштың мониторингiн және оны басқаруды жүзеге асырады.
Мемлекет кепiлдiк берген қарызды алған қарыз алушының қаржылық жай-күйiнiң мониторингi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
213-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктің орындалуы
Егер қарыз шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, қарыз алушы мемлекеттiк кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген қарызды төлем мерзiмi басталған күнi және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаражаттар шегiнде толық немесе iшiнара өтемеген жағдайда, қарыз берушiнiң талабы бойынша мемлекеттiк кепiлдiк төлем күнi басталғаннан кейiн орындалуға жатады.
Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша мiндеттемелердiң орындалуына бағытталған қаражаттарды қайтаруға, қарызды қайта құрылымдауға, борышкердi ауыстыруға, талап қою мерзiмi өтiп кетуiне, аталған қаражатты қайтару бойынша талаптарды тоқтатуға осы Кодекстiң 183-188-баптары қолданылады.
Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша мiндеттемелердiң орындалуына бөлiнген қаражат осы Кодекстiң 176-бабына сәйкес белгiленген сыйақы ставкасы бойынша мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы келiсiмде белгiленген мерзiм iшiнде республикалық бюджетке қайтарылуға тиiс.
Қазақстан Республикасының Үкiметi қарыз шартының талаптарына сәйкес және қарыз берушiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банкрот деп танылған және (немесе) таратылған қарыз алушы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген қаржы есебiнен мемлекеттiк кепiлдiктi орындау арқылы мемлекет кепiлдiк берген қарызды мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
214-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды қайта құрылымдау
1. Мемлекет кепiлдiк берген қарызды қайта құрылымдау Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiм қабылдаған жағдайда қарыз берушi мен қарыз алушының келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Қарыз берушiнiң талабы бойынша мемлекет кепiлдiк берген қарызды қайта құрылымдау кезiнде бұрын берiлген мемлекеттiк кепiлдiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi растай немесе жаңасымен ауыстыра алады.
3. Бұл ретте кепiлдiк берiлген қарыз сомасы бұрын берiлген мемлекеттiк кепiлдiк бойынша қарыз сомасынан артық бола алмайды. Жаңадан берiлген мемлекеттiк кепiлдiкке осы Кодекстiң 206-бабының 1-тармағында белгiленген шектеулер қолданылмайды.
215-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қарыз алушыны ауыстыру
1. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қарыз алушыны ауыстыруға Қазақстан Республикасының Үкiметi шешiм қабылдаған жағдайда қарыз шарты тараптарының келiсiмi бойынша жол берiледi.
2. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қарыз алушы ауыстырылған жағдайда, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттiк кепiлдiктi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi негiзiнде қарыз берушiнiң талабы бойынша жаңасымен ауыстыра немесе растай алады.
3. Бұл ретте кепiлдiк берiлген қарыз сомасы бұрын берiлген мемлекеттiк кепiлдiк бойынша қарыз сомасынан артық бола алмайды. Жаңадан берiлген мемлекеттiк кепiлдiкке осы Кодекстiң 206-бабының 1-тармағында белгiленген шектеулер қолданылмайды.
216-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктiң қолданылуын тоқтату негiздерi
Мемлекеттiк кепiлдiк:
1) қарыз алушы немесе кепiлгер Қазақстан Республикасының Үкiметi кепiлдiк берген қарыз бойынша мiндеттемелердi толық орындаған;
2) егер кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемесiнде) өзгеше айтылмаса, онда көрсетiлген кепiлдiк мерзiмi өткен;
3) қарыз шартында және (немесе) кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемесiнде) арнайы айтылған;
4) мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қайта құрылымдау және (немесе) қарыз алушыны ауыстыру Кезiнде кепiлдiк жаңасына ауыстырылған жағдайларда, өзiнiң қолданысын тоқтатады.
217-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарын пайдалануға қойылатын шектеулер
Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарын қарыз шартында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттiк органдарға кредит беруге пайдалануға тыйым салынады.
218-бап. Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражаттарының пайдаланылуына бақылау жасау және жауаптылық
Мемлекет кепiлдiк берген қарыз қаражатының пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк кепiлдiгi бар қарыз бойынша қарыз алушы және кепілдiк берген банк Қазақстан Республикасының Үкiметi кепiлдiк берген қарыз бойынша алынған қаражаттарды нысаналы пайдаланбағаны үшiн және қарыз алушы қарыз бойынша борыштық мiндеттемелердi орындамаған жағдайда мемлекеттiк кепiлдiк бойынша мiндеттемелердi орындауға бөлiнген қаражаттарды қайтару үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жауаптылықта болады.
47-тарау. Қарыз берушінің мүдделерін қорғау
219-бап. Қарыз шарты бойынша мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол бермеу
Қарыз шарты бойынша мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға немесе мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша қарыз берушiнiң алдындағы мiндеттемелердi орындау мерзiмiн ұзартуға жол берiлмейдi.
220-бап. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз iс-әрекеттерiнен қорғау
Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып қабылдаған және мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тарту, пайдалану немесе өтеу шарттарын нашарлататын актiлерiнiң заңдық күшi болмайды.
221-бап. Дауларды шешу
1. Қарыз шарттарына, мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарға, үкiметтiк кепiлдiктерге байланысты немесе мемлекеттiк, үкiметтiк борышты, жергiлiктi атқарушы органдардың борышын немесе мемлекет кепiлдiк берген борышты басқаруды қоса алғанда, олардың қызметiне байланысты туындайтын даулар мен келiспеушiлiктер мүмкiндiгiнше келiссөздер жүргiзу арқылы не қарыз шарттарында, мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару ережелерiнде белгiленген дауларды шешудiң бұрын келiсiлген рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген өзге даулардың барлығын, шетелдiк қарыз берушiнiң Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен дауларын қоса алғанда, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешедi.
12-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
48-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
222-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының бюджет заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
223-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Осы Кодекс 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. 2005 жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттер осы Кодекске сәйкес әзiрленедi.
3. Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және ол қолданысқа енгізiлген күннен бастап бiр жылдың iшiнде осы Кодекске сәйкес келтiрiлуге тиiс.
224-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заңдарының күшi жойылды деп тану туралы
2005 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының мына заңдарының күшi жойылды деп танылсын:
1) "Бюджет жүйесi туралы" 1999 жылғы 1 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 7, 225-құжат; N 20, 731-құжат; N 21, 783-құжат; N 23, 916, 928, 930-құжаттар; 2000 ж., N 21, 395-құжат; 2001 ж., N 1, 6-құжат; N 10, 123-құжат; N 23, 310-құжат; 2002 ж., N 18, 160-құжат; 2003 ж., N 14, 100-құжат; N 24, 178-құжат);
2) "Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш туралы" 1999 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 21, 784-құжат; 2001 ж., N 21-22, 282-құжат; 2003 ж, N 14, 101-құжат; N 15, 138, 139-құжаттар);
3) "Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау туралы" 2002 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., N 3, 21-құжат).
Қазақстан Республикасының