Қазақстан Республикасының 2004 ж. 24 сәуірдегі N 548-11 Кодексі
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі
(ҚР 22.10.04 ж. N 601-II Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
2004 ж. 13 желтоқсанда; 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған редакция
Жалпы бөлік (1 - 67 баптар)
1-бөлім. Бюджет жүйесі (1 - 37 баптар)
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
2-тарау. Бюджет жүйесі (6 - 11 баптар)
3-тарау. Бюджеттің құрылымы (12 - 22 баптар)
4-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры (23 - 25 баптар)
5-тарау. Бірыңғай бюджеттік сыныптама (26 - 37 баптар)
2-бөлім. Бюджетаралық қатынастар және түсімдер мен (38 - 53 баптар)
шығыстарды бюджет деңгейлері арасында бөлу
6-тарау. Бюджетаралық қатынастар (38 - 45 баптар)
7-тарау. Түсімдерді бюджеттер деңгейлері арасында бөлу (46 - 49 баптар)
8-тарау. Шығыстарды бюджеттер деңгейлері арасында бөлу (50 - 53 баптар)
3-бөлім. Бюджеттік қатынастарды реттеу (54 - 67 баптар)
саласындағы мемлекеттік басқару
9-тарау. Мемлекеттік басқару органдарының бюджеттік (54 - 64 баптар)
қатынастарды реттеу саласындағы құзыреті
10-тарау. Бюджеттік комиссиялар (65 - 67 баптар)
Ерекше бөлік (68 - 224 баптар)
4-бөлім. Бюджетті әзірлеу мен бекіту (68 - 85 баптар)
11-тарау. Бюджетті жоспарлау негіздері (68 - 71 баптар)
12-тарау. Бюджеттер жобаларын әзірлеу (72 - 78 баптар)
13-тарау. Бюджет жобасын қарау мен бекіту процесінің (79 - 81 баптар)
негізгі ережелері
14-тарау. Қазақстан Республикасы Парламентінің Республика (82 - 83 баптар)
бюджет жобасын қарау және бекіту процесі
15-тарау. Мәслихаттың жергілікті бюджет жобасын (84 - 85 баптар)
қарау және бекіту процесі
5-бөлім. Бюджеттердің атқарылуы мен нақтылануы (86 - 117 баптар)
16-тарау. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер (86 - 91 баптар)
17-тарау. Бюджеттің атқарылу негізі (92 - 95 баптар)
18-тарау. Бюджеттің атқарылу процесі (96 - 110 баптар)
19-тарау. Бюджеттерді нақтылау мен түзету (111 - 113 баптар)
процесінің негізгі ережелері
20-тарау. Бюджеттерді нақтылау мен түзету процесі (114 - 117 баптар)
6-бөлім. Бюджеттік есепке алу және есептілік (118 - 130 баптар)
21-тарау. Бюджеттік есепке алу туралы жалпы ережелер (118 - 119 баптар)
22-тарау. Есептілік туралы жалпы ережелер (120 - 122 баптар)
23-тарау. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп (123 - 124 баптар)
24-тарау. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы (125 - 126 баптар)
бар қала, астана бюджетінің атқарылуы туралы есеп
25-тарау. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң (127 - 128 баптар)
атқарылуы туралы есеп
26-тарау. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (129 - 130 баптар)
қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы жылдық есеп
7-бөлім. Мемлекеттік қаржылық бақылау (131 - 146 баптар)
27-тарау. Жалпы ережелер (131 - 132 баптар)
28-тарау. Мемлекеттiк қаржылық бақылаудың үлгiлерi, (133 - 136 баптар)
түрлері, принциптері мен стандарттары
29-тарау. Сыртқы бақылауды ұйымдастыру негіздері (137 - 138 баптар)
30-тарау. Iшкі бақылауды ұйымдастыру негіздері (139 - 141 баптар)
31-тарау. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері (142 - 146 баптар)
мен органдарының, мәслихаттардың тексеру
комиссияларының өзара іс-қимылы
8-бөлім. Бюджеттік инвестициялар (147 - 155 баптар)
32-тарау. Бюджеттік инвестицияларды (147 - 153 баптар)
жоспарлау мен жүзеге асыру
33-тарау. Бюджеттік инвестицияларды іске асыру (154 - 155 баптар)
мониторингі және олардың тиімділігін бағалау
9-бөлім. Гранттар (156 - 162 баптар)
34-тарау. Гранттар туралы жалпы ережелер (156 - 158 баптар)
35-тарау. Гранттарды тарту және пайдалану (159 - 160 баптар)
36-тарау. Гранттарды пайдалану мониторингі (161 - 162 баптар)
және пайдалану тиімділігін бағалау
10-бөлім. Бюджеттік кредиттеу (163 - 190 баптар)
37-тарау. Бюджеттік кредиттеудің жалпы ережелері (163 - 171 баптар)
38-тарау. Бюджеттік кредиттеу шарттары (172 - 178 баптар)
39-тарау. Бюджеттік кредиттеу рәсімдері (179 - 184 баптар)
40-тарау. Бюджеттік кредитті қайта (185 - 186 баптар)
құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру
41-тарау. Талап қою мерзімі, бюджеттік кредиттер (187 - 188 баптар)
бойынша кредиторлар талаптарының тоқтатылуы
42-тарау. Бюджеттік кредиттер бойынша (189 - 190 баптар)
бақылау, мониторинг, есепке алу
11-бөлім. Мемлекеттік және мемлекет (191 - 221 баптар)
кепілдік берген қарыз алу мен борыш
43-тарау. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік (191 - 197 баптар)
берген қарыз алу мен борыш туралы жалпы ережелер
44-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы (198 - 201 баптар)
45-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы (202 - 204 баптар)
46-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш (205 - 218 баптар)
47-тарау. Қарыз берушінің мүдделерін қорғау (219 - 221 баптар)
12-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер (222 - 224 баптар)
48-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер (222 - 224 баптар)
Осы Кодекс бюджеттiк және бюджетаралық қатынастарды реттейдi және бюджет жүйесi жұмыс iстеуiнiң, бюджет қаражатының құралуы мен пайдаланылуының негiзгi ережелерiн, принциптерi мен тетiктерiн белгiлейдi.
Жалпы бөлік
1-бөлім. Бюджет жүйесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының бюджет заңдары
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Кодекстен және қабылдануы осы Koдексте көзделген өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-бап. Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының бюджет заңдары Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданыста болады және барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттерден тиiстi қаржы жылына арнап ақша бөлу туралы актiлерi, осы актiлердiң қайтарымды негiзде ақша бөлу туралы ережелерiн қоспағанда, ағымдағы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн күшiн жояды.
3. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңдар, тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәслихаттардың шешiмдерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың оларды iске асыру туралы актiлерi тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгiзiледi.
4. Егер заң актiлерiнде және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына қайшы келетiн ережелер көзделсе, онда Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының ережелерi қолданылады.
3-бап. Бюджет жүйесiнiң принциптерi
Бюджет жүйесi мынадай принциптерге негiзделедi:
1) бiрлiк принципi - Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының бiрыңғай бюджеттiк заңдарының қолданылуын, соның iшiнде бiрыңғай бюджеттiк сыныптауды, бюджет процесiн жүзеге асырудың бiрыңғай рәсiмдерiн пайдалануды қамтамасыз ету;
2) толықтық принципi - Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген барлық түсiмдер мен шығыстарды бюджеттерде және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында көрсету, бюджет қаражатын пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке алуға, сол сияқты бюджет қаражаты бойынша талаптар құқықтарынан шегiнуге жол бермеу;
3) реалистiк принципi - бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) бюджет көрсеткiштерiнiң орта мерзiмдi фискалдық саясатқа және Қазақстан Республикасы мен аймақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамытудың орта мерзiмдi жоспарының бекiтiлген (түзетiлген) өлшемдерi мен бағыттарына сәйкес келуi;
4) транспаренттiлiк принципi - мемлекеттiк немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының бюджет заңдары саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) бюджеттердi және олардың атқарылуы туралы есептердi, мемлекеттiң фискалдық саясатына қатысты басқа да ақпаратты мiндеттi түрде жариялау; бюджет процесiнiң ашықтығы, мемлекеттiк қаржы бақылауын жүргiзу;
5) дәйектiлiк принципi - бюджеттiк қатынастар аясында бұрын қабылданған шешiмдердi мемлекеттiк басқару органдарының сақтауы;
6) тиiмдiлiк және нәтижелiлiк принципi - бюджеттердi бюджеттiк бағдарламалар паспорттарымен көзделген белгiлi бiр нәтижелерге қол жеткiзу қажеттiлiгiн негізге алып, бюджет қаражатының осы нәтижелерге қол жеткiзу үшiн қажеттi оңтайлы көлемiн пайдалана отырып әзiрлеу және атқару немесе бюджеттiк қаражаттың бекiтiлген көлемiн пайдалана отырып ең үздiк нәтиженi қамтамасыз ету;
7) басымдық принципi - бюджеттiк процестi республиканың немесе аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуының басым бағыттарына сәйкес жүзеге асыру;
8) жауапкершiлiк принципi - бюджет процесiне қатысушыларды Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңдарын бұзғаны үшiн жауапқа тарту;
9) бюджеттердiң дербестiк принципi - түрлi деңгейдегi бюджеттер арасында түсiмдердiң тұрақты түрде бөлiнiп тұруын орнықтыру және осы Кодекске сәйкес олардың жұмсалу бағыттарын анықтау, мемлекеттiк басқарудың барлық деңгейлерiнiң осы Кодекске сәйкес бюджет процесiн дербес жүзеге асыру құқығы, жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы барысында қосымша алынған кiрiстердi, осы Кодекстiң 40-бабының 6-тармағында белгiленген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi бюджеттер қаражатының бос қалдықтарын жоғары тұрған бюджетке алып қоюға жол берiлмейтiндiгi, тиiстi өтемсiз төмен тұрған бюджеттерге қосымша шығыстар жүктеуге жол берiлмейтiндiгi.
4-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттiң активтерi - өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесiнде мемлекеттiк меншікке алынған мүліктiк және мүліктiк емес игiлiктер мен құндық бағасы бар құқықтар;
2) бюджет - мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруды қаржымен қамтамасыз етуге арналған орталықтандырылған ақша қоры;
3) облыстың бюджетi - араларындағы өзара өтелетiн операцияларды есепке алмағанда, облыстық бюджеттi, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiн бiрiктiретiн, талдамалы ақпарат ретiнде пайдаланылатын және бекiтуге жатпайтын жиынтық бюджет;
4) бюджеттiк қамтамасыз етiлу - мемлекеттiк басқару органдары тиiстi бюджет қаражаты есебiнен ұсынатын мемлекеттiк қызметтер көрсетудi алушылардың бiрлiгiне шаққандағы заттай нормалар есепке алынған мемлекеттiк қызметтер көрсету құны;
5) бюджет жүйесi - бюджеттердiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджеттiк процестер мен қатынастардың жиынтығы;
6) бюджеттiк инвестициялық бағдарлама - сипаты техникалық-экономикалық негiздеу сатысында қол жеткiзу мерзiмiн анықтауға мүмкiндiк бермейтiн бiрыңғай инвестициялық мақсатты көздейтiн iс-шаралар жиынтығы;
7) бюджеттiк инвестициялар - экономикалық пайда табу немесе әлеуметтiк-экономикалық тиiмдiлiкке жету мақсатымен мемлекет активтерiнiң құнын ұлғайтуға, адам ресурстарын дамытуға және табиғи ресурстарды жаңғыртуға бағытталған қаржыландыру;
8) бюджеттiк операциялар - бюджеттi атқару процесiнде жүзеге асырылатын операциялар;
9) бюджеттiк қатынастар - бюджет процесiнде туындайтын қатынастар;
10) бюджет қаражаты - мемлекеттiк меншiкке түсуi мен жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiң ақша және өзге де активтерi;
11) бюджеттiк инвестициялық жоба - шектеулi уақыт кезеңi iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипаты бар бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы;
12) бюджет процесi - бюджеттi жоспарлау, қарау, бекiту, атқару, нақтылау, түзету жөнiндегi, бюджеттiң атқарылуы бойынша бюджет есебi мен есептiлiгiн жүргiзу мемлекеттiк қаржы бақылауы, сондай-ақ байланыстырылған гранттарды жоспарлау мен пайдалану жөнiндегi Қазақстан Республикасының бюджет заңдарымен реттелген қызмет;
13) мемлекеттiк инвестициялық саясат - инвестициялық процестердi ұлттық экономиканың мүдделерi үшiн мемлекеттiк реттеудiң экономикалық және қаржылық негiзделген шараларын көрсететiн әлеуметтiк-экономикалық саясаттың құрамдас бөлiгi;
14) мемлекеттiк бағдарлама - салааралық сипаты бар, әлеуметтiк-экономикалық дамудың неғұрлым маңызды мiндеттерiн шешуге және мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, құқық тәртiбiн, заңдылық пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi әзiрлейтiн және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн бағдарлама;
15) мемлекеттiк бюджет - араларындағы өзара өтелетiн операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергiлiктi бюджеттердi бiрiктiретiн, талдамалы ақпарат ретiнде пайдаланылатын және бекiтуге жатпайтын жиынтық бюджет;
16) инвестициялық ұсыныс - инвестициялық жобаның (бағдарламаның) мақсатын, оған жету жолдарын көрсететiн және инвестициялық жобаны (бағдарламаны) одан әрi әзiрлеу үшiн оны алдын ала iрiктеудi жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн инвестициялық жоба (бағдарлама) тұжырымдамасы;
17) кассалық алшақтық - қаржы жылы iшiнде шығыстар көлемiнiң бюджетке түсетiн түсiмдер мен бюджет қаражатының бос қалдықтары көлемiнен асып түсуi;
18) жергiлiктi бюджет - облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетi, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi;
19) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, жергiлiктi бюджеттiң орташа мерзiмдi кезеңге арналған болжамды көрсеткiштерiн және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiң жобасын жоспарлау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган;
20) бюджеттi атқару жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, бюджеттi атқару, жергiлiктi бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi бюджеттiк есеп пен есептiлiктi жүргiзу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган;
21) экономикалық жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктi әлеуметтiк-экономикалық дамытудың негiзгi бағыттарын әзiрлеу функциясын жүзеге асыратын атқарушы орган;
22) кiрiстердi бөлу нормативi - кiрiстердi әртүрлi деңгейлердегi бюджеттердiң арасында бөлудiң проценттiк арақатынасы;
23) салалық (секторлық) бағдарлама - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн, экономиканың жекелеген салаларының (секторларының) неғұрлым маңызды мiндеттерiн шешуге бағытталған бағдарлама;
24) басым (республикалық немесе жергілiктi) бюджеттiк инвестициялықжобалардың (бағдарламалардың) тiзбесi - республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен қаржыландыру жоспарланған инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзiмi болып табылатын, республиканы немесе аймақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамытудың орта мерзiмдi жоспарына қосымша;
25) бюджет қаражатын алушы - бюджет қаражатын игерудiң барлық деңгейiнде бюджет қаражатын пайдаланатын орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттiк мекемелер, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ қаржылық қызмет көрсететiн, соның iшiнде азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде қызмет көрсететiн тұлғалар;
26) аймақтық бағдарлама - мәслихаттар бекiтетiн, аймақтың (аумақтың) әлеуметтiк-экономикалық дамыту мiндеттерiн шешуге бағытталған бағдарлама;
27) түзетiлген бюджет - тиiсiнше Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтыланбай, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы органдар енгiзген өзгерiстер мен толықтыруларды ескере отырып бекiтiлген немесе нақтыланған бюджет;
28) әлеуметтiк-экономикалық дамудың орташа мерзiмдiк жоспары Қазақстан Республикасының Yкiметi немесе мәслихат бекiтетiн, республиканы немесе аймақты әлеуметтiк-экономикалық дамытудың үш жылдық кезеңге арналған негiзгi көрсеткiштерi мен бағыттарын және оларды iске асыру жөнiндегi шараларды айқындайтын құжат;
29) трансферттер - бюджетке және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, сондай-ақ бюджеттен, соның iшiнде жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бюджетке төленетiн өтеусiз және қайтарылмайтын төлемдер;
30) бекiтiлген бюджет - тиiстi қаржы жылына арналған, Қазақстан Республикасының Парламентi немесе тиiстi мәслихат бекiткен бюджет;
31) нақтыланған бюджет - атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламентi немесе тиiстi мәслихат қабылдаған өзгерiстер мен толықтыруларды ескере отырып тиiстi қаржы жылына бекiтiлген бюджет;
32) қаржыландыру - бюджет қаражатын алушыларға осы қаражатты бөлу;
33) қаржы жылы - бюджеттiң атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтiзбелiк жылдың 1 қаңтарынан басталып, 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңi;
34) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган орташа мерзiмдi кезеңге арналған мемлекеттiк бюджеттiң болжамды көрсеткiштерiн және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң жобасын жоспарлау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
35) iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган - iшкi мемлекеттiк қаржы бақылауы функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
36) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган республикалық бюджеттi және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердi атқару жөнiндегi бюджеттiк есеп пен есептiлiктi атқару, жүргiзу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
37) экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi бағыттарын әзiрлеу функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының осы бапта көрсетiлмеген басқа ұғымдары осы Кодекстiң тиiстi баптарында айқындалған мәндерде пайдаланылады.
Қазақстан Республикасы бюджет заңдары ұғымдарының анықтамалары бюджеттiк қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасының басқа да заң салалары ұғымдарының анықтамаларымен сәйкес келмеген кезде Қазақстан Республикасы бюджет заңдарының ұғымдары пайдаланылады.
3. Осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасының басқа да заңдар салаларының ұғымдары, егер осы Кодексте өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасы заңдарының осы салаларында пайдаланылып жүрген мәнiнде қолданылады.
5-бап. Бюджеттiң түсiмдерi мен шығыстарына әсер ететiн нормативтiк құқықтық актiлер
1. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе түсiмдерiн қысқартуды көздейтiн Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының ережелерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң оң қорытындысы болған жағдайда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қорытындысы Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып жасалады.
Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе түсiмдерiн қысқартуды көздейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары жобаларының ережелерiн Республикалық бюджет комиссиясының мiндеттi түрде қарауына жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген актiлер жобаларының ережелерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң (Республикалық бюджет комиссиясының) қорытындысы ағымдағы жылдың бiрiншi жартысында берiлген жағдайда қолданысқа келесi қаржы жылынан ерте енгiзiле алмайды.
Қорытынды ағымдағы жылдың екiншi жартысында берiлген жағдайда аталған ережелер қолданысқа жоспарланып отырған жылдан кейiнгi қаржы жылынан ерте енгiзiле алмайды.
3. Жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе түсiмдерiн қысқартуды көздейтiн жергiлiктi өкiлдi органдар шешiмдерiнiң жобалары әкiмдiктiң оң қорытындысы болған жағдайда ғана мәслихаттардың қарауына енгiзiлуi мүмкiн. Әкiмдiктiң қорытындысы тиiстi бюджет комиссиясының ұсыныстары ескерiле отырып жасалады.
Жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын ұлғайтуды немесе түсiмдерiн қысқартуды көздейтiн жергiлiктi атқарушы органдар актiлерi жобаларының ережелерiн тиiстi бюджет комиссиясының мiндеттi түрде қарауына жатады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген ережелер әкiмдiктiң (тиiстi бюджет комиссиясының) оң қорытындысы болған жағдайда қолданысқа келесi қаржы жылынан ерте енгiзiле алмайды.
5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көрсетiлген ережелер тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңдарға және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәслихаттар шешiмдерiне, сондай-ақ оларды iске асыру туралы нормативтiк құқықтық актiлерге қолданылмайды.
2-тарау. Бюджет жүйесі
6-бап. Бюджеттердiң түрлерi мен деңгейлерi
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейдегi бюджеттер бекiтiледi, атқарылады және дербес болып табылады:
республикалық бюджет;
облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi;
аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi.
2. Қазақстан Республикасында осы Кодексте белгiленген жағдайларда төтенше мемлекеттiк бюджет әзiрленуi, бекiтiлуi және атқарылуы мүмкiн.
7-бап. Республикалық бюджет
1. Осы Кодекспен айқындалған салықтық және басқа да түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттiк органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттiк саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекiтiледi.
8-бап. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi
1. Осы Кодекспен айқындалған салықтық және басқа да түсiмдер, есебiнен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегi жергiлiктi мемлекеттiк органдардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте мемлекеттiк саясатты iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджетi, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi болып табылады.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған облыстың бюджетi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетi облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының шешiмiмен бекiтiледi.
9-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi
1. Осы Кодекспен айқындалған салықтық және басқа да түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi мемлекеттiк органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиiстi аудандағы (облыстық маңызы бар қаладағы) мемлекеттiк саясатты iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi болып табылады.
2. Тиiстi қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешiмiмен бекiтiледi.
10-бап. Төтенше мемлекеттiк бюджет
1. Төтенше мемлекеттiк бюджет республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң негiзiнде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасындағы төтенше немесе соғыс жағдайларында енгiзiледi.
2. Төтенше мемлекеттiк бюджеттi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен бекiтiледi.
3. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзу және оның күшiн жою туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы төтенше мемлекеттiк бюджеттi енгiзуге және оның қолданылуын тоқтатуға негiз болып табылады.
4. Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламентi дереу хабардар етiледi.
5. Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қолданылу уақытына тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның және тиiстi қаржы жылына арналған барлық деңгейлердегi жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттар шешiмдерiнiң қолданылуы тоқтатыла тұрады.
6. Төтенше мемлекеттiк бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген мерзiм iшiнде қолданыста болады.
Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қолданылуы тоқтатылғаннан бастап республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға және тиiстi қаржы жылына арналған барлық деңгейлердегi жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттардың шешiмдерiне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзiлген ретте төтенше мемлекеттiк бюджет енгiзiлмейдi.