1) бюджеттiк кредит берудiң мақсатына, принциптерiне, өлшемдерiне, бағыттарына бюджеттiк бағдарламаның сәйкестiгi негiздемесiн қоса алғанда, бюджеттiк бағдарламаны бюджеттiк кредит беру арқылы iске асырудың мақсатқа сай екендiгiнiң негiздемесiн;
2) бюджеттiк кредит беру объектiлерiне және (немесе) бағыттарына қажеттiлiк негiздемесiн;
3) бюджеттiк кредиттер шарттарының негiздемесiн;
4) бюджеттiк кредит беру өтелiмдiлiгiнiң есебiн;
5) жұмысқа тартылған жағдайда, сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттердiң) көрсеткен қызметiне ақы төлеу мөлшерiнiң негiздемесiн қосымша қамтуға тиiс.
10. Бюджеттiк өтiнiмдi жасау мен ұсыну тәртiбiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
75-бап. Бюджеттiк өтiнiмдердi қарау
1. Бюджеттiк өтiнiмдердi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган қарап, оларға бағалау жүргiзедi және солар бойынша тиiстi қорытынды дайындайды.
Бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi бюджеттiк өтiнiмдi шығыстар лимитi шегiнде енгізуге мiндеттi.
2. Бюджеттiк комиссия бюджеттiк өтiнiмдер мен бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысын қарап, олар бойынша шешiм қабылдайды.
3. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мен бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның арасындағы келiспеушiлiктердi бюджеттiк комиссия қарайды.
4. Бюджеттiк комиссия бюджеттiк бағдарламалар бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдағаннан кейiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi қосымша өтiнiмдердi ұсынуға құқылы емес.
76-бап. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлеу
1. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Республикалық бюджеттiк комиссия қабылдаған шешiмдердiң негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасап, оны Республикалық бюджеттiк комиссияның қарауына енгiзедi.
2. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 1 тамызынан кешiктiрiлмей аяқталады.
3. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының мәтiнiнде:
1) алдағы қаржы жылындағы республикалық бюджет кiрiстерiнiң, шығындарының, операциялық сальдосының, таза бюджеттiк кредит беруiнiң, қаржы активтерiмен жүргiзiлетiн операциялар бойынша сальдосының, тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемдерi;
2) жалақының, зейнетақының, айлық есептiк көрсеткiштiң ең төменгi мөлшерi;
3) жергiлiктi бюджеттерден республикалық бюджетке бюджеттiк алып қоюлар көлемi;
4) республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн бюджеттiк субвенциялар көлемi;
5) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң резервi мөлшерi;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерi бойынша мiндеттемелердi орындау сомасы;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктер беру лимитi;
8) үкiметтiк борыш лимитi;
9) басқа да ережелер болуға тиiс.
4. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасына:
1) осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң жобасы қоса тiркеледi. Бұл ретте түсiмдер - санаттар, сыныптар және iшкi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады;
2) республикалық бюджетке шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдер көлемi;
3) республикалық меншiкте тұрған және кен өндiрушi және өңдеуші салаларға жататын мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдер көлемi;
4) жергiлiктi бюджеттердiң әлеуметтiк маңызды бағдарламаларға арналған шығыстарының ең төменгi көлемдерi;
5) республикалық бюджеттiң бюджеттiк даму бағдарламаларының бюджеттiк инвестициялық жобалар мен бағдарламаларға бөлiнген тiзбесi;
6) республикалық және жергiлiктi бюджеттердi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар тiзбесi;
7) басқа да деректер қоса тiркеледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi жалпы iшкi өнiмге ақшалай түрде және процентпен көрсетiледi.
6. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Үкiметiне қарауға табыс етедi.
7. Орталық мемлекеттiк органдар жаңа қаржы жылы басталғанға дейiн алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттiк және республикалық бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн ескере отырып, орындалуы бюджет қаражатының қосымша жұмсалуына әкеп соғатын қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлерге талдау жүргiзедi және олардың күшiн жою, тоқтата тұру немесе оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар әзiрлейдi.
77-бап. Тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi туралы мәслихат шешiмiнiң жобасын әзiрлеу
1. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттiк комиссиясы қабылдаған шешiмдерi негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасап, оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттiк комиссиясының қарауына енгiзедi.
2. Алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 15 қыркүйегiнен кешiктiрiлмей аяқталады.
3. Шешiм жобасының мәтiнiнде:
1) алдағы қаржы жылына арналған бюджет кiрiстерiнiң, шығындарының, операциялық сальдосының, таза бюджеттiк кредит беруiнiң, қаржы активтерiмен жүргiзiлетiн операциялар бойынша сальдосының, тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемдерi;
2) облыстық бюджеттен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiне берiлетiн бюджет субвенцияларының көлемдерi және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнен облыстық бюджетке бюджеттiк алып қоюлар көлемдерi;
3) жергiлiктi атқарушы органның резервi мөлшерi;
4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының тиiстi қаржы жылының аяғындағы жағдай бойынша борыш лимитi;
5) басқа да ережелер болуға тиiс.
4. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетi туралы шешiмнiң жобасына:
1) осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң жобасы қоса тiркеледi. Бұл ретте түсiмдер санаттар, сыныптар және iшкi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады;
2) облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң бюджеттiк даму бағдарламаларының бюджеттiк инвестициялық жобалар мен бағдарламаларға бөлiнген тiзбесi;
3) тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттердi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын, соның iшiнде тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар тiзбесi;
4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне түсетiн түсiмдер көлемi;
5) қаладағы әрбiр ауданның бюджеттiк бағдарламалары;
6) басқа да деректер қоса тiркеледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi ақшалай түрде көрсетiледi.
6. Алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешiктiрмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органына қарауға табыс етедi.
78-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиiстi қаржы жылына арналған бюджетi туралы мәслихат шешiмiнiң жобасын әзiрлеу
1. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясы қабылдаған шешiмдер негiзiнде алдағы қаржы жылына арналған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын жасап, оны ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
2. Алдағы қаржы жылына арналған ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi жобасының түпкiлiктi нұсқасын қарау және айқындау жоспарланып отырған қаржы жылының алдындағы жылдың 1 қазанынан кешiктiрiлмей аяқталады.
3. Шешiм жобасының мәтiнiнде:
1) алдағы қаржы жылына арналған бюджет кiрiстерiнiң, шығындарының, операциялық сальдосының, таза бюджеттiк кредит беруiнiң, қаржы активтерiмен жүргiзiлетiн операциялары бойынша сальдосының, тапшылығының (профицитiнiң), тапшылығын қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) көлемдерi;
2) жергiлiктi атқарушы органның резервi мөлшерi;
3) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнен облыстық бюджетке бюджеттiк алып қоюлары көлемi;
4) басқа да ережелер болуға тиiс.
4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетi туралы шешiмнiң жобасына:
1) осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша тиiстi қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасы қоса тiркеледi. Бұл ретте түсiмдер санаттар, сыныптар және iшкi сыныптар бойынша баяндалады, ал шығыстар функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және бюджеттiк бағдарламалар бойынша баяндалады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi жалпы сомамен ұсынылады;
2) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң бюджеттiк даму бағдарламаларының бюджеттiк инвестициялық жобалар мен бағдарламаларға бөлiнген тiзбесi;
3) тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын, соның iшiнде тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттiң бекiтiлгенi туралы облыстық мәслихаттың шешiмiмен белгiленген бюджеттiк бағдарламалар тiзбесi;
4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне түсетiн түсiмдер көлемi;
5) әрбiр қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары;
6) басқа да деректер қоса тiркеледi.
5. Тиiстi қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң бекiтiлетiн тапшылығының (профицитiнiң) мөлшерi ақшалай түрде көрсетiледi.
6. Алдағы қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 қазанынан кешiктiрмей ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына қарауға табыс етедi.
13-тарау. Бюджет жобасын қарау мен бекіту процесінің
негізгі ережелері
79-бап. Республикалық бюджет жобасын қарау мен бекiту туралы жалпы ережелер
1. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметi жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттарды және материалдарды:
1) әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмді жоспарын;
2) алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзiмдi фискалдық саясатты;
3) республикалық бюджеттiк бағдарламалар паспорттарының жобаларын;
4) республикалық бюджеттiң түсiмдерi бойынша негiздемелер мен болжамдық есептердi;
5) соңғы есептiлiк күнгi жағдай бойынша мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың жайы туралы деректердi;
6) алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасында негiзге алынған шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны табыс етедi.
2. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасы Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында кемiнде екi оқылымда және ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешiктiрiлмей бекiтiледi.
3. Қазақстан Республикасының Парламентi ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейiн алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президентi алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар туралы жарлық шығаруға құқылы, ол республикалық бюджеттi Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткенге дейiн қолданылады.
Алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары ағымдағы жылдың 30 желтоқсанынан кешiктiрiлмей алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының төрттен бiр бөлiгі көлемiнде бекiтiледi.
Республикалық қаржы жоспарының атқарылуы осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар бекiтiлген жағдайда, осы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылғы 1 наурыздан кешiктiрiлмей бекiтiлуге тиiс. Бұл ретте аталған қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылдың бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары ескерiле отырып бекiтiледi.
5. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң қосымшаларымен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы Жарлығы қосымшаларымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
80-бап. Жергiлiктi бюджеттiң жобасын қарау мен бекiту туралы жалпы ережелер
1. Алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң жобасын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 15 қазанынан кешiктiрмей тиiстi мәслихатқа енгізедi.
Алдағы қаржы жылына арналған аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасынан кешiктiрмей тиiстi мәслихатқа енгiзедi.
Жергiлiктi атқарушы орган алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiң жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттарды және материалдарды:
1) әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарын;
2) үш жылдық кезеңге арналған орта мерзiмдi фискалдық саясатты;
3) жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар паспорттарының жобаларын;
4) жергiлiктi бюджеттiң түсiмдерi бойынша негiздемелер мен болжамдық есептердi;
5) алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет жобасында негiзге алынған шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны табыс етедi.
2. Алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетi Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға қол қойғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей бекiтiледi.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) алдағы қаржы жылына арналған бюджетi тиiстi қаржы жылына арналған облыстық бюджеттi бекiту туралы облыстық мәслихаттың шешiмiне қол қойылғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрiлмей бекiтiледi.
3. Мәслихат осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiмде алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы шешiмдi қабылдамаған жағдайда, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органы алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы шешiм шығаруға құқылы, ол жергiлiктi бюджеттi мәслихат бекiткенге дейiн қолданылады.
Алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары ағымдағы жылдың 30 желтоқсанынан кешiктiрiлмей алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет жобасының төрттен бiр бөлiгi көлемiнде бекiтiледi.
Жергiлiктi қаржы жоспарының атқарылуы осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары бекiтiлген жағдайда осы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет сол жылғы 1 наурыздан кешiктiрiлмей бекiтiлуге тиiс.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары аудандық (қалалық) мәслихаттар аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiн бекiту туралы шешiм қабылдағаннан кейiн бiр апта мерзiмде бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бекiтiлген жергiлiктi бюджеттердiң негiзiнде жинақталған облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерiн, сондай-ақ тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалар мен бағдарламалардың тiзбесiн табыс етедi.
6. Мәслихаттардың алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы қабылдаған шешiмдерi қосымшаларымен және жергiлiктi атқарушы органдардың алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы шешiмдерi қосымшаларымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
81-бап. Өкiлдi органдардың бюджет жобасын қарауының негізгі принциптерi
1. Өкiлдi органдар бюджет жобасын қараған кезде мынадай принциптердi:
1) негiздiлiк принципiн;
2) бюджеттiң теңдестiрiмдiлігін сақтау принципiн ұстанады.
2. Негіздiлiк принципi депутаттардың бюджет жобасына өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзу туралы кез келген ұсыныстары, негiзделiп жасалған есептердi оларға қоса тiркей отырып, осы түзетулердi енгiзудiң қажеттiгiн, олардың әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтарына сәйкестiгiн жазбаша баяндаумен қатар жүруге тиiс екендiгiн бiлдiредi.
3. Бюджеттiң теңдестiрiмдiлiгiн сақтау принципi депутаттар бюджет жобасына кез келген өзгерiс пен толықтыру енгiзген кезде бюджет тапшылығының мөлшерiн бюджет жобасында белгiленген деңгейден асырмай сақтау үшiн қосымша түсiмдердiң нақты көздерi не қысқартылатын шығыстар айқындалуға тиiс екендiгін бiлдiредi.
14-тарау. Қазақстан Республикасы Парламентінің Республика бюджет
жобасын қарау және бекіту процесі
82-бап. Республикалық бюджет жобасын Қазақстан Республикасының Парламентiнде қарау
1. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсi мен Сенатының жалпы отырыстарында талқылау Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) Қазақстан Республикасының орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму жоспары, орта мерзiмдi фискалдық саясат және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Төрағасының ақша-кредит саясаты бойынша баяндамаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталары уәкiлеттiк берген адамдардың заң жобасы бойынша қорытындыларымен қоса баяндамаларын қамтиды.
2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң палаталары жалпы отырыстарда алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы бойынша республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi басшыларының сөздерiн тыңдауға құқылы.
3. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында кемiнде екi оқылымда қаралады.
Талқылау Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспары, орта мерзiмдi фискалдық саясат және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы жөнiндегi, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Төрағасының ақша-кредит саясаты жөнiндегi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары уәкiлеттiк берген адамдардың заң жобасы бойынша қорытындыларымен қоса баяндамаларын қамтиды.
Бiрiншi оқылымда республикалық бюджет кiрiстерiнiң, шығындарының, операциялық сальдосының, таза кредит беруiнiң, қаржы активтерiмен жүргiзiлетiн операциялар бойынша сальдосының, тапшылығының (профициттiң), тапшылығын қаржыландырудың (профициттi пайдаланудың) жалпы көлемдерi бекiтiледi.
Келесi оқылымдарда тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы баптары бойынша бекiтiледi.
83-бап. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi бекiту
Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi бекiту Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында заң қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
15-тарау. Мәслихаттың жергілікті бюджет жобасын
қарау және бекіту процесі
84-бап. Жергiлiктi бюджет жобасын мәслихаттың тұрақты комиссияларында қарау
1. Жергiлiктi бюджет жобасы тиiстi мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады.
2. Тиiстi мәслихаттардың тұрақты комиссиялары комиссия мүшелерiнiң арасынан жұмыс топтарын құрады. Жұмыс топтарына жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi тартылуы мүмкiн.
3. Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарының пiкiрлерiн ескере отырып, тиiстi негiздемелермен және есептермен қоса жергiлiктi бюджет жобасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар жасайды және оларды тиiстi мәслихат белгiлеген бас тұрақты комиссияға жiбередi.
4. Бас тұрақты комиссия тұрақты комиссиялардан түскен ұсыныстардың жинақтамасын жасап, оны мәслихаттың сессиясына шығарады. Бұл ретте жинақтамаға тиiстi негiздемелерi мен есептерi бар ұсыныстар ғана енгiзiледi.
5. Тиiстi мәслихаттың сессиясында жергiлiктi бюджеттiң жобасын талқылау тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмiнiң немесе жергiлiктi атқарушы орган уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) тиiстi, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламасы, орта мерзiмдi фискалдық саясат және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттiң жобасы бойынша баяндамаларын, сондай-ақ мәслихат уәкiлеттiк берген адамдардың жергiлiктi бюджеттiң жобасы бойынша қорытындысымен қоса баяндамаларын қамтиды.
6. Мәслихат сессияда алдағы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет бойынша жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi басшыларының сөздерiн тыңдауға құқылы.
85-бап. Мәслихаттың жергiлiктi бюджеттi бекiтуi
Тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттi бекiту мәслихаттың шешiмiн қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
5-бөлім. Бюджеттердің атқарылуы мен нақтылануы
16-тарау. Бюджеттің атқарылуы туралы жалпы ережелер
86-бап. Бюджеттiң атқарылуы туралы жалпы ережелер
1. Бюджетке түсiмдердiң түсуiн, бюджеттiк бағдарламалардың iске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану) жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындау бюджеттiң атқарылуы болып табылады.
2. Бюджеттiң атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттің атқарылуы кассалық негiзде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының Yкiметi республикалық бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi.
5. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын қамтамасыз етедi. Бюджеттi атқару жөнiндегі орталық уәкiлеттi орган осы Кодекске сәйкес жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына қызмет көрсетудi жүзеге асырады.
87-бап. Бюджеттiң атқарылу принциптерi
1. Бюджет қаражатын нысаналы пайдалану принципi - бюджеттiк бағдарламалардың паспорттарымен, мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiмен, нормативтiк құқықтық актiлермен айқындалып, бюджеттiк бағдарламалар соларға сәйкес жүзеге асырылатын iс-шараларға бюджет қаражатын пайдалану.
2. Уақтылылық принципi - бюджет түсiмдерiн есепке алу және бюджет қаражатын белгiленген мерзiмдерде пайдалану.
3. Бюджеттiң бiрқалыпты атқарылу принципi - қаржы жылының аяғына қарай төлемдер көлемiнiң жинақталып қалуына жол бермеу мақсатында бюджет қаражатын қаржы жылы iшiнде бiрқалыпты бөлу.
4. Кассаның бiрыңғайлық принципi - түсiмдердiң барлығын бiрыңғай қазынашылық шотқа есепке алу және көзделген шығыстардың барлығын бiрыңғай қазынашылық шоттан ұлттық валютамен жүзеге асыру. Бюджет жүйесiнiң барлық деңгейдегi бюджеттерi кассаның бiрыңғайлығы принципi негiзiнде атқарылады.
88-бап. Бiрыңғай қазынашылық шот
1. Бiрыңғай қазынашылық шот - аударым операцияларын орталықтандырып жүзеге асыру және олардың есебiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде ашылатын шот.
2. Бiрыңғай қазынашылық шот қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтарын, мемлекеттiк мекемелер шоттарын және басқа да шоттарды қамтиды.
Қолма-қол ақшаны бақылау шоты бюджеттiң тиiстi деңгейiнен түскен түсiмдер мен төленген төлемдер бойынша операцияларды есепке алуға арналған.
Мемлекеттiк мекеменiң шоттары бюджеттiк шығыстар мен Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде рұқсат етiлген өзге де қаражатты есепке алуға арналған.
3. Шетел валютасымен түсетiн түсiмдер бойынша бюджеттiк операцияларды жүзеге асыру және олардың есебiн жүргiзу үшiн бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде шетел валюталарының түрлерi бойынша банк шотын ашады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет қаражатын банк шоттарында орналастыруға жол берiлмейдi.