функционалдық топтардан;
функционалдық iшкі топтардан;
бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiнен;
бюджеттiк бағдарламалардан және iшкi бағдарламалардан тұрады.
3. Функционалдық топ - бюджет шығыстарын салалық белгiлер мен функционалдық бағыт бойынша бiрiктiру.
Функционалдық iшкi топ бюджет қаражатының функционалдық топ iшiнде жұмсалу бағытын нақтылайды.
4. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негiзiнде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшілерiн, функционалдық топтармен бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкiн.
30-бап. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң анықтамасы
1. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi - бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлауға, негiздеуге және iске асыруға жауапты мемлекеттiк орган.
Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi оған жүктелген функциялар мен өкiлеттiктерге сәйкес айқындалады.
2. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бюджет қаражатын бюджеттiк бағдарламалардың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) бюджет шегiнде дербес пайдаланады, олардың тиiмдi, нәтижелi және нысаналы пайдаланылуына жауапты болады.
3. Мемлекеттiк органдардың құрылымдық және аумақтық бөлiмшелерi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бола алмайды.
31-бап. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдар республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi болып табылады.
32-бап. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi
1. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың үлгiлiк құрылымы негiзге алына отырып айқындалады.
2. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнен қаржыландырылатын жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкiмдігі уәкiлеттiк берген атқарушы органдар, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкiмдерi мен мәслихаттарының аппараттары облыстық бюджеттiк бағдарламалардың, республикалық маңызы бap қалалардың, астананың бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылады.
3. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнен қаржыландырылатын жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыруға аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгi уәкiлеттiк берген атқарушы органдар, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмi мен мәслихатының аппараттары аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерi болып табылады.
4. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмдерiнiң аппараттары осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылады.
33-бап. Бюджеттiк бағдарламалардың анықтамасы
1. Бюджеттiк бағдарлама - бюджеттiң мемлекеттiк басқару функциялары мен мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi шығыстары.
2. Бюджеттiк бағдарлама бюджет шығыстарының бюджеттiк бағдарлама шеңберiндегi бағыттарын нақтылайтын iшкi бағдарламаларға бөлiнуi мүмкiн.
3. Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi болуға тиiс.
Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты бюджеттiк бағдарламаны орындау кезiнде қол жеткiзiлуге тиiс белгiлi бiр түпкi нәтиже болып табылады. Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты айқын, нақтылы және қол жететiндей болуға тиiс.
Бюджеттiк бағдарламаның мақсаты жекелеген мiндеттерге бөлiнедi, олар бюджеттiк бағдарламаның мақсатына жетудiң жолдары болып табылады.
4. Бюджеттiк бағдарламаның атауы мен мазмұны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттiк функцияларды, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының мемлекеттік, салалық (секторлық) аймақтық бағдарламалармен айқындалған мақсаттарын көрсетуге тиiс.
34-бaп. Бюджеттiк бағдарламалардың түрлерi
1. Экономикалық нәтижелерге байланысты бюджеттiк бағдарламалар:
1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес мемлекеттiк басқару функциялары мен мемлекет мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты сипаты бар немесе дамудың бюджеттiк бағдарламаларына жатпайтын бiржолғы шаралар өткiзудi көздейтiн ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар;
2) бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған дамудың бюджеттiк бағдарламалары болып бөлiнедi.
2. Белгiлi бiр функцияларды атқаратын мемлекеттiк басқару деңгейiне байланысты бюджеттiк бағдарламалар:
1) республикалық бюджетте бекiтiлетiн республикалық бағдарламалар;
2) облыстық бюджетте, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнде бекiтiлетiн облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана бағдарламалары;
3) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнде бекiтiлетiн аудандық (қалалық) бағдарламалар;
4) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiнде бекiтiлетiн қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары болып бөлiнедi.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандық (қалалық), сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң бюджеттiк бағдарламалары жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалар болып табылады.
3. Iске асыру тәсiлiне байланысты бюджеттiк бағдарламалар:
1) бiр әкiмші iске асыратын жеке бюджет бағдарламалары;
2) бюджеттiк бағдарламалардың бiр әкiмшiсi бойынша бюджетте бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiстi бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламалар болып бөлiнедi. Мұндай бюджеттiк бағдарламаларды бөлу Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен немесе жергiлiктi атқарушы органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
35-бап. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау
1. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау iске асырылатын бағдарламалардың түпкi мақсатқа қол жеткiзу дәрежесiн айқындау үшiн шығыстардың тиiмдiлiк, уақтылылық, сапа, нәтижелiлiк өлшемдерi қолданыла отырып жүргiзiледi, осы өлшемдер арқылы:
бюджеттiк бағдарламаларды жоспарлау сатысында олардың есебiн және негiздемесiн талдау;
бюджеттiк бағдарламалардың ағымдағы атқарылуын және мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайына олардың ықпал етуiн талдау;
бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру мен бақылаудың барлық сатыларында оларды атқарудың неғұрлым тиiмдi және нәтижелi әдiстерi мен тәсiлдерiн талдап-жасау жүзеге асырылады.
2. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау үш сатыда:
бюджет жобасын әзiрлеу кезiнде;
бюджеттiң атқарылуы кезiнде;
бюджеттiң атқарылуын бақылау кезiнде жүзеге асырылады.
3. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау бюджеттiк өтiнiмдер, паспорттар, бюджеттiк бағдарламаның iске асырылу барысы туралы есептер, бюджеттiк бағдарламаларды қаржыландыру жоспарлары негiзiнде жүргiзiледi.
4. Бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
5. Бюджеттiң атқарылуын сыртқы бақылау кезiнде бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалауды жүргiзу тәртiбiн Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi айқындайды.
36-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы
1. Бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын операцияларды бейнелейтiн экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру санаттан, сыныптан, iшкi сыныптан және ерекшелiктен тұрады.
Санат шығыстарды экономикалық белгiлерi бойынша топтастырады.
Сынып пен iшкi сынып шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша топтастырады.
Ерекшелiк бюджеттiк бағдарламаны iске асыру үшiн мемлекеттiк мекеме жүргiзетiн операцияның түрiн айқындайды.
37-бап. Барлау және қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен олардың мекемелерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң қауiпсiздiгiн тiкелей қамтамасыз ететiн органдардың шығыстарын сыныптау
Барлау және қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен олардың мекемелерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң қауiпсiздiгiн тiкелей қамтамасыз ететiн органдардың шығыстары шығыстардың экономикалық сыныптамасының бiр ерекшелiгі бойынша көрсетiле отырып, бiр функционалдық топ, ағымдағы бiр бюджеттiк бағдарлама және бiр бюджеттiк даму бағдарламасы бойынша сыныпталады.
2-бөлім. Бюджетаралық қатынастар және түсімдер мен
шығыстарды бюджет деңгейлері арасында бөлу
6-тарау. Бюджетаралық қатынастар
38-бап. Бюджетаралық қатынастар туралы жалпы ережелер
1. Жоғары тұрған және төмен тұрған бюджеттердiң бюджет процесiндегi қатынастары бюджетаралық қатынастар болып табылады.
2. Бюджет процесiнде республикалық бюджеттiң аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
3. Бюджет процесiнде облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң басқа облыстық бюджеттермен, республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
4. Бюджет процесiнде аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң бiр-бiрiмен өзара қатынастарына жол берiлмейдi.
5. Бюджетаралық қатынастар мемлекеттiк басқарудың деңгейлерi арасындағы функциялар мен өкiлеттiктердiң ара жiгiн дәлме-дәл ажыратуға, түсiмдер мен шығыстарды бюджеттер деңгейлерi арасында бiрыңғай бөлуге, сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды айқындау әдiстерiнiң бiртұтастығы мен ашықтығына негiзделген.
6. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тиiсiнше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджет процесiне араласуына жол берiлмейдi.
7. Шығыстарды немесе түсiмдердiң жекелеген түрлерiн бюджеттiң бiр деңгейiнен екiншiсiне беру осы Кодекске өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
39-бап. Бюджетаралық қатынастар принциптерi
Бюджетаралық қатынастар мынадай принциптерге негiзделедi:
1) облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнiң - республикалық бюджетпен өзара қатынастарда, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң жоғары тұрған облыстық бюджетпен өзара қатынастарда теңдiгi;
2) түсiмдердi тиiмдi бөлу, ол түсiмдердiң ара жiгiн ажыратудың мынадай өлшемдерiн бiр мезгiлде сақтауды ескередi:
төмен тұрған бюджеттерге тұрақты сипаты бар, сыртқы факторлардың әсерiне тәуелсiз салықтық және салықтық емес түсiмдер бекiтiледi;
мемлекеттiк мекемелер көрсеткен қызметтер үшiн төлемақы болып табылатын салықтық және салықтық емес түсiмдер аталған қызметтер көрсету қаржыландырылатын бюджет кiрiсiне түседi;
қайта бөлiну сипаты бар, сондай-ақ салық базасы әркелкi орналастырылатын салықтар бюджет жүйесiнiң неғұрлым жоғары деңгейлерiне бекiтiледi;
салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi бекiткен кезде оларды жинаудың неғұрлым жоғары дәрежесiн қамтамасыз ететiн бюджет деңгейiне артықшылық берiледi;
нақты аумақтық байланыстылығы бар салықтық базадан алынатын салықтар жергiлiктi бюджеттерге бекiтiледi;
3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң бюджеттiк қамтамасыз етiлу деңгейлерiн теңестiру;
4) жергiлiктi атқарушы органдардың бiрдей деңгейде мемлекеттiк қызмет көрсетуiн қамтамасыз ету;
5) мемлекеттiк қызмет көрсетудi ұсынудың барынша тиiмдiлiгi мен нәтижелiлiгi - мемлекеттiк қызмет көрсетудiң неғұрлым тиiмдi және нәтижелi жүргiзiлуi мен ұсынылуын қамтамасыз ете алатын мемлекеттiк басқару деңгейiне мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бекiтiп беру;
6) мемлекеттiк қызмет көрсету деңгейiн оны алушыларға барынша жақындату - қызметтердi алушылардың қажеттерiн жақсылап есепке алу және мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатымен, көрсетiлетiн қызметтердi атқаруды бюджет жүйесiнiң мүмкiн болғанша неғұрлым төмен деңгейiне беру;
7) бюджеттiң әрбiр деңгейiнiң алынған ресми трансферттер мен кредиттердiң тиiмдi және нысаналы пайдаланылуы үшiн жауаптылығы.
40-бап. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандары
1. Бюджетаралық қатынастар:
1) республикалық және облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң арасында:
ресми трансферттермен;
бюджеттiк кредиттермен;
2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:
ресми трансферттермен;
бюджеттiк кредиттермен;
кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттеледi.
2. Ресми трансферттер жалпы сипаттағы трансферттер, ағымдағы нысаналы трансферттер, дамуға арналған нысаналы трансферттер болып бөлiнедi.
3. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандарын айқындаған кезде бюджеттер деңгейлерiнiң әрқайсысының салықтық әлеуетi, аймақтардың объективтiк бюджеттiк қажеттiлiктерiн бағалау нәтижелерi, бекiтiлген заттай нормалар ескеріледi.
4. Бюджетаралық қатынастарды pеттеу нысандары орта мерзiмдi фискалдық саясатқа сәйкес белгiленедi.
5. Нысаналы трансферттер мен кредиттердi жергiлiктi атқарушы органдар тек қана олардың нысаналы қызметiне сәйкес пайдаланады.
6. Нысаналы трансферттер мен кредиттердiң нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған сомалары осы трансферттер мен кредиттердi бөлген жоғары тұрған бюджетке ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанына дейiн мiндеттi түрде қайтарылуға жатады.
Нысаналы трансферттер мен кредиттердiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары осы трансферттер мен кредиттердi бөлген жоғары тұрған бюджетке қаржы жылы аяқталғаннан кейiн он күн iшiнде мiндеттi түрде қайтарылуға жатады.
Дамуға арналған нысаналы трансферттердiң қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомалары осы Кодекстiң 92-бабы 6-тармағының 1) тармақшасында белгiленген мөлшерде тиiстi төмен тұрған бюджеттердiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.
41-бап. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер
1. Бюджет субвенциялары мен бюджеттiк алып қоюлар жалпы сипаттағы ресми трансферттер болып табылады.
2. Жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекiтiлген сомалар шегiнде берiлетiн pecми трансферттер бюджет субвенциялары болып табылады.
3. Төмен тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекiтiлген сомалар шегiнде берiлетiн pecми трансферттер бюджеттiк алып қоюлар болып табылады.
4. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi абсолюттiк түрде жылдар бойынша бөлiне отырып үш жылдық кезеңге:
республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнiң арасында - Қазақстан Республикасының заңымен;
облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң арасында - облыстық мәслихаттың шешiмiмен белгiленедi.
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi әрбiр үш жылда өзгертiлуге жатады.
5. Жалпы сипаттағы ресми трансферттер жергiлiктi бюджеттердiң бюджеттiк қамтамасыз етiлу деңгейiн теңестiруге және бюджеттiң әрбiр деңгейi үшiн осы Кодекспен бекiтiлген шығыстар бағыттарына сәйкес көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң стандарттық деңгейiн беру үшiн бiрдей фискалдық мүмкiндiктердi қамтамасыз етуге бағытталған.
6. Төмен тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджетке бюджеттiк алып қоюларды және жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге бюджет субвенцияларын аудару тәртiбi мен кезеңдiлiгін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
42-бап. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу
1. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерi тиiстi жергiлiктi бюджеттiң кiрiстерi мен шығындары көлемдерiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
2. Жергiлiктi бюджет шығындарының болжамды көлемiнен кiрiстерiнiң болжамды көлемi асып түскен кезде жергiлiктi бюджеттен жоғары тұрған бюджетке бюджеттiк алып қоюлар белгiленедi.
Жергiлiктi бюджет шығындарының болжалды көлемi кiрiстердiң болжалды көлемiнен асып түскен жағдайда жергiлiктi бюджетке жоғары тұрған бюджеттен бюджет субвенциялары белгiленедi.
3. Кiрiстердiң болжамды көлемдерi аймақтың салықтық әлеуетiн ескере отырып және бюджеттер деңгейлерi арасындағы түсiмдердi бөлу негiзiнде есептеледi.
Жергiлiктi бюджеттер шығындарының болжамды көлемдерi олардың ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларға және дамудың бюджеттiк бағдарламаларына бөлiнуiн, бюджеттiк қамтамасыз етiлудi, бекiтiлетiн заттай нормаларды ескере отырып және бюджеттер деңгейлерi арасында шығыстарды бөлу негiзiнде есептеледi.
4. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық кезеңге арналған көлемдерiн айқындау, әрбiр үш жыл сайын олардың өзгеруi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесi негiзiнде жүргiзiледi.
5. Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемдерiн есептеу кезiнде нысаналы трансферттер мен бюджет кредиттерi ескерiлмейдi.
6. Егер бекiтiлген (нақтыланған, түзетiлген) жергiлiктi бюджетте бюджеттiк алып қоюлар мен субвенцияларды есептеу кезiнде ескерiлген шығыстар көзделмейтiн болса, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органы қаржы жылы iшiнде тиiстi шамаға бюджет субвенцияларын қысқарту немесе бюджеттiк алып қоюларды ұлғайту туралы шешiм қабылдайды.
43-бап. Ағымдағы нысаналы трансферттер
1. Жекелеген ағымдағы бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн республикалық немесе облыстық бюджетте бекiтiлген бюджеттiк алып қоюларды (бюджет субвенцияларын) есептеу кезiнде ескерiлмейтiн сомалар шегiнде жоғары тұрған бюджеттер төмен тұрған бюджеттерге беретiн ресми трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттер болып табылады.
Ағымдағы нысаналы трансферттер мемлекеттiк, салалық (секторлық) немесе аймақтық бағдарламалардың iс-шараларын орындауға ғана, сондай-ақ қаржы жылы iшiнде әкiмдердiң өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе облыстың жергiлiктi атқарушы органының резервiнен қаржыландырылатын iс-шараларға ғана берiледi.
2. Жоғары тұрған органдардың нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауынан туындайтын, жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемдерiнiң қолданылуы кезеңiнде шығыстардың ұлғаюына және (немесе) кiрiстердiң азаюына әкеп соғатын төмен тұрған бюджеттердiң шығындарын өтеу ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы мiндеттi түрде жүргізіледі.
44-бап. Дамуға арналған нысаналы трансферттер
Мыналар:
мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламаларда көзделген жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн республикалық бюджетте бекiтiлген сомалар шегiнде республикалық бюджеттен облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне берiлетiн;
аймақтық бағдарламаларда көзделген жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру үшiн облыстық бюджетке бекiтiлген сомалар шегiнде облыстық бюджеттен аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне берiлетiн ресми трансферттер дамуға арналған нысаналы трансферттер болып табылады.
45-бап. Төмен тұрған бюджеттерге берiлетiн кредиттер
1. Республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттiк кредиттер тиiсiнше облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiне және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiне қаржы жылы iшiнде бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыруға және кассалық алшақтықты жабуға берiлуi мүмкін.
2. Төмен тұрған бюджеттерге бюджеттiк кредиттер осы Кодекске сәйкес берiледi.
7-тарау. Түсімдерді бюджеттер деңгейлері арасында бөлу
46-бап. Республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер
1. Республикалық бюджетке түсетiн салықтық түсiмдер:
1) корпорациялық табыс салығы;
2) қосылған құнға салынатын салық, соның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген тауарларға, орындалған жұмыстар мен көрсетiлген қызметтерге және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға қосылған құн салығы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларға акциздер;
4) газ конденсатын қоса алғанда, шикi мұнайға акциздер;
5) үстеме пайдаға салынатын салық;
6) экспортқа шығарылатын шикi мұнайға салынатын рента салығы;
7) бонустар;
8) роялти;
9) Қазақстан Республикасының жасалған келiсiм-шарттар бойынша өнiмдi бөлу жөнiндегi үлесi;
10) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк ақылы автомобиль жолдары арқылы автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алынатын алымнан басқа, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өткенi үшiн алым;
11) телевизиялық және радиохабар ұйымдарына радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат бергенi үшiн алынатын алым;
12) теңiз, өзен кемелерi мен шағын көлемдi кемелердi мемлекеттiк тiркеу үшiн алынатын алым;
ҚР 22.10.04 ж. N 601-II Заңымен 46-баптың 1-тармағы 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу үшiн алынатын алым;
13) дәрiлiк заттарды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алым;
14) азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алым;
15) радиоэлектрондық құралдарды және жиiлiгi жоғары құрылғыларды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алынатын алым;
16) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергенi үшiн төленетiн төлем;
17) радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
18) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
19) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
20) кеме жүретiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төленетiн төлем;
21) республикалық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төленетiн төлем;
22) әкелiнетiн және әкетiлетiн тауарларға кеден баждары;
23) кеден бақылауын және кеден рәсiмдерiн жүзеге асырудан түсетiн түсiмдер;
24) отандық тауар өндiрушiлердi қорғау шаралары ретiнде алынатын баждар;
25) консулдық алым;
26) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартқа сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға мемлекеттiк органдардың апостил қойғаны үшiн мемлекеттiк баж;
27) Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәлiктерiн бергенi үшiн мемлекеттiк баж;
28) жүргiзушi куәлiктерiн бергенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
29) көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер бергенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
30) мемлекеттiк тiркеу нөмiрiнiң белгiлерiн бергенi үшiн алынатын мемлекеттiк баж;
31) мемлекеттiк нотариат кеңселерi нотариустарының нотариаттық iс-әрекет жасағаны үшiн алынатын мемлекеттiк баж болып табылады.
2. Республикалық бюджетке түсетiн салықтық емес түсiмдер:
1) республикалық меншiктен алынатын кiрiстер:
республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң таза табысы бөлiгiнiң түсiмдерi;
республикалық меншiктегi мемлекеттiк акциялар пакеттерiне дивидендтер;
республикалық меншiктегi заңды тұлғаларға қатысу үлесiне кiрiстер;
республикалық меншiктегi мүлiктi жалға беруден алынатын кiрiстер;
екiншi деңгейдегi банктердiң шоттарында мемлекеттiк сыртқы қарыздардың қаражатын орналастырғаны үшiн және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң депозиттерi бойынша сыйақылар (мүдделер);
республикалық бюджеттен берiлген кредиттер бойынша сыйақылар (мүдделер);
қару-жарақ пен әскери техниканы сатудан түсетiн кiрiстер;
республикалық меншiктен түсетiн басқа да кiрiстер;
2) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түсетiн түсiмдерi;
3) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттiк сатып алуларды өткiзуден түсетiн ақша түсiмдерi;
4) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетiнен (шығыстар сметасынан) қамтылатын және қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер салатын айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алулар;
5) республикалық бюджетке түсетiн салықтық емес басқа да түсiмдер болып табылады.
3. Негiзгi капиталды сатудан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдер:
1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлiп берiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан түсетiн;
2) мемлекеттiк материалдық резервтен тауарлар сатудан түсетiн;
3) мемлекетке тиесiлi материалдық емес активтердi сатудан түсетiн ақша болып табылады.
4. Республикалық бюджетке ресми трансферттердiң түсiмдерi:
1) облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнен түсетiн ресми трансферттер;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетiн нысаналы трансферттер болып табылады.
5. Республикалық бюджеттен берiлген кредиттердi өтеуден, мемлекеттiң республикалық меншiктегi қаржы активтерiн сатудан, үкiметтiк қарыздардан түсетiн түсiмдер республикалық бюджетке есептеледi.
47-бап. Облыстық бюджетке түсетiн түсiмдер
1. Облыстық бюджетке түсетiн салықтық түсiмдер:
1) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша жеке табыс салығы;
2) облыстық мәслихат белгiлеген кiрiстердi бөлу нормативтерi бойынша әлеуметтiк салық;
3) қоршаған ортаны ластағаны үшiн төленетiн төлем;
4) облыстық маңызы бар ақылы мемлекеттiк автомобиль жолдары арқылы жүрiп өткенi үшiн алынатын алым;
5) облыстық маңызы бар жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде сыртқы (көрнекi) жарнама орналастырғаны үшiн төленетiн төлем;