8. Қазақстан Республикасының бiрнеше аймақтарының аумақтарында бiр мезгiлде төтенше жағдай енгiзу төтенше жағдайдың зардабы ұлттық мүдделерге және республиканың экономикалық қауiпсiздiгiне нақты қатер төндiруi мүмкiн болатын ретте ғана төтенше мемлекеттiк бюджет енгiзуге негiз бола алады.
11-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры
1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi шотында шоғырландырылатын, мемлекеттiң қаржылық актив түрiндегi, сондай-ақ, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiк түрiндегi активтерi Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мемлекеттiң тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қаржылық активтердiң және, материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге де мүліктердiң қорлануына, экономиканың шикiзат секторына тәуелдiлiгiн және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендетуге арналған.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Жинақтау функциясы қаржылық активтердiң және, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiктердiң қорлануын қамтамасыз етедi. Тұрақтандыру функциясы шикiзат ресурстарына әлемдiк бағаның конъюнктурасына республикалық бюджеттiң тәуелдiлiгін төмендетуге арналған.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану дүниежүзiлiк және iшкi тауар мен қаржы рыноктарының конъюнктурасы, мемлекеттегi және шет елдердегi экономикалық жағдай, республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының басымдықтары ескерiле отырып, бұл ретте макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылық және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi сақтала отырып айқындалады.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсiмi мен жұмсалуы ұлттық және шетелдiк валюталармен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының операциялар жөнiндегi есебi мен есептiлiгі ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарттың негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
3-тарау. Бюджеттің құрылымы
12-бап. Бюджеттiң түсiмдерi мен шығыстары
1. Кiрiстер, бюджет кредиттерiн өтеу, мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер, сондай-ақ мемлекеттiк қарыздар бюджеттiң түсiмдерi болып табылады.
2. Шығындар, бюджет кредиттерi, қаржы активтерiн сатып алу, қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеу бюджеттiң шығыстары болып табылады.
13-бап. Бюджеттiң құрылымы
1. Бюджеттiң құрылымы мынадай бөлiмдерден тұрады:
1) кiрiстер:
салықтық түсiмдер;
салықтық емес түсiмдер;
негiзгi капиталды сатудан түскен түсiмдер;
ресми трансферттер түсiмдерi;
2) шығындар;
3) операциялық сальдо;
4) таза бюджеттiк кредит беру:
бюджеттiк кредиттер;
бюджеттiк кредиттердi өтеу;
5) қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
қаржы активтерiн сатып алу;
мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
6) бюджет тапшылығы (профицитi);
7) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану):
қарыздар түсiмi;
қарыздарды өтеу;
бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы.
2. Бюджеттердi бекiту және бюджеттердiң атқарылуы туралы есептердi түзу осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құрылым бойынша жүзеге асырылады.
14-бап. Бюджет кiрiстерi
1. Салық және басқа да мiндеттi төлемдер, ресми трансферттер, мемлекетке өтеусiз негiзде берiлетiн, қайтарылатын сипатта болмайтын және мемлекеттiң қаржы активтерiн сатуға байланысты емес, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес бюджетке eceптелуге тиiстi ақша бюджет кiрiстерi болып табылады.
2. Салықтық түсiмдер - Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер.
3. Салықтық емес түсiмдер - Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгiленген, негiзгi капиталды, гранттарды сатудан түсетiн түсiмдерге жатпайтындардан басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген бюджетке төленетiн мiндеттi, қайтарылмайтын төлемдер, сондай-ақ, ресми трансферттерден басқа, бюджетке өтеусiз негiзде берiлетiн ақша.
4. Мынадай ақшалар негізгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер болып табылады:
1) мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлiп берiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан түсетiн ақша;
2) мемлекеттiк материалдық резервтен тауарларды сатудан түсетiн ақша;
3) мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiн жеке меншiкке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жер учаскелерiн өзге құқықтық нысандарда өткiзуден түсетiн ақша;
4) мемлекетке тиесiлi материалдық емес активтердi сатудан түсетiн ақша.
5. Ресми трансферттер түсiмдерi - бюджеттiң бiр деңгейiнен екiншісiне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бюджетке түсетiн трансферттер түсiмдерi.
6. Кiрiстердiң жаңа түрлерiн енгiзу, қолданылып жүргендерiнiң күшiн жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске мiндеттi түрде өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзiле отырып жүзеге асырылады.
7. Нысаналы ресми трансферттердi қоспағанда, кiрiстердiң нысаналы мақсаты болмайды.
15-бап. Мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн ақша
1. Мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн ақша тиiстi бюджетке есептелуге тиiс.
Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде мемлекеттiк мекемелердiң өздерiнiң негiзгi қызметiне жатпайтын, төленетiн ақысының мiндеттi сипаты болмайтын әрi жеке және заңды тұлғамен келiсiм бойынша айқындалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзу құқығы көзделген болса, мұндай тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түсетiн ақша мемлекеттiк мекеменiң иелiгiнде қалуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуiнен түсетiн өздерiнiң иелiгiнде қалған ақша осы Кодекске сәйкес және Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындаған тәртiппен пайдаланылады.
16-бап. Бюджет шығындары
1. Қайтарылмайтын негiзде бөлiнетiн бюджет қаражаты бюджет шығындары болып табылады.
2. Бюджет шығындары мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) мемлекеттiк мекемелердiң қызметiн қамтамасыз ететiн шығындар;
2) тұрақты сипаты жоқ iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге байланысты шығындар;
3) мемлекеттiк тапсырысқа арналған шығындар - мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында (мемлекеттiк органдардың өздерiнiң тұтынуына арналмаған) өндiрiлетiн тауарларға (жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге) мемлекеттiк органдардың ақы төлеуi;
4) жеке тұлғаларға ақшалай төлемдер - қызметкерлерге еңбегi үшiн ақшалай төлемдерден басқа, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жеке тұлғаларға ақшалай нысандағы төлемдермен байланысты шығындар;
5) заңды тұлғаларға субсидиялар - мемлекеттiк мекемелер және қоғамдық бiрлестiктер болып табылмайтын заңды тұлғаларды өтеусіз және қайтарылмайтын негiзде қаржыландыру;
6) ресми трансферттер - бюджеттiң бiр деңгейiнен екiншiсiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына трансферттер төлеу;
7) мемлекеттiң мiндеттемелерiн орындауға арналған шығындардың өзге де түрлерi.
3. Заңды тұлғаларға субсидиялар нақты саланы немесе қызмет аясын әлеуметтiк-экономикалық дамыту мiндеттерiн iске асырудың басқа, неғұрлым тиiмдi тәсiлi болмаған реттерде ғана Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда берiлуi мүмкiн. Заңды тұлғаларға субсидия берудiң басым бағыттары орта мерзiмдi фискалдық саясатпен айқындалады.
4. Ресми трансферттердiң жалпылама сипаты да, нысаналы мақсаты да болуы мүмкiн. Нысаналы сипаты бар ресми трансферттер нысаналы трансферттер болып табылады.
17-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерi
1. Қазақстан Республикасының Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерi республикалық және жергiлiктi бюджеттердi әзiрлеу кезiнде оларды болжауға болмағандықтан жоспарланбаған және ағымдағы қаржы жылында кейiнге қалдыруға болмайтын қаржыландыруды талап ететiн шығындарды қаржыландыру үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң құрамында құрылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың резервi:
1) төтенше резервтi;
2) шұғыл шығындарға арналған резервтi;
3) облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерiнiң, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң кассалық алшақтығын жабуға арналған резервтi қамтиды.
3. Төтенше резерв Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң аумағындағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында ғана пайдаланылады.
4. Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгiнiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайларды жою, соттардың шешiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, орталық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерiн орындау мақсатында ғана пайдаланылады.
5. Облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң кассалық алшақтығын жабуға арналған резерв оларда кассалық алшақтық пайда болған жағдайда облыс бюджетiне, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiне кредит беру үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделедi.
6. Аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң кассалық алшақтығын жабуға арналған резерв оларда кассалық алшақтық пайда болған жағдайда аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiне кредит беру үшiн облыстық бюджетте көзделедi.
7. Кассалық алшақтықты жабуға қарыз беру қаржы жылы шегiнде алты айға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырылады және республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылауды талап етпейдi.
8. Қазақстан Республикасы Үкiметi резервiнiң және жергiлiктi атқарушы орган резервiнiң жалпы көлемi тиiстi бюджет түсiмдерi көлемiнiң екi процентiнен аспауға тиiс.
9. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерiнен ақша бөлу тиiстi қаржы жылына арналған республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерде бекiтiлген көлемдер шегiнде тиiсiнше Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың ағымдағы қаржы жылы аяқталғаннан кейiн күшiн жоятын шешiмдерi бойынша жүзеге асырылады.
10. Резерв құрамында көзделген ақша толық көлемiнде пайдаланылған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе тиiстi мәслихатқа тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу арқылы Қазақстан Республикасының Yкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган резервтерiнiң мөлшерiн ұлғайту туралы ұсыныстар енгiзедi.
11. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның резервiнен бөлiнген ақша қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған немесе iшiнара пайдаланылған жағдайда, бюджет бағдарламасының әкiмшiсi бөлiнген ақшаның пайдаланылмаған бөлiгiн ағымдағы қаржы жылының соңына дейiн тиiстi бюджетке қайтаруды қамтамасыз етедi.
12. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
18-бап. Операциялық сальдо
1. Операциялық сальдо бюджет кiрiстерi мен шығындары арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
2. Бюджет шығындарының бюджет кiрiстерiнен асып түскен сомасы терiс операциялық сальдо болып табылады.
3. Бюджет кiрiстерiнiң бюджет шығындарынан асып түскен сомасы оң операциялық сальдо болып табылады.
4. Бюджет шығындарында бюджеттiк даму бағдарламалары болған жағдайда терiс операциялық сальдоға жол берiледi.
Ағымдағы бюджеттiк бағдарламалардың жалпы көлемi бюджет кiрiстерiнiң көлемiнен асып түспеуге тиiс.
5. Терiс операциялық сальдоның жол берiлетiн шектi мөлшерi орта мерзiмдi фискалдық саясатпен айқындалады.
19-бап. Таза бюджеттiк кредит беру
Таза бюджеттiк кредит беру бюджеттiк кредиттердiң және бюджеттiк кредиттердi өтеудiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
20-бап. Қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдо
1. Қаржы активтерiмен жасалатын операциялар:
1) қаржы активтерiн сатып алуды;
2) мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдердi қамтиды.
2. Қаржы активтерiн сатып алу - заңды тұлғалардың, соның iшiнде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн, бағалы қағаздарын мемлекеттiк меншiкке сатып алу операцияларымен байланысты бюджет шығыстары.
3. Мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер мемлекеттiк меншiктегi заңды тұлғалардың, соның iшiнде халықаралық ұйымдардың, мүлiктiк кешен түрiндегi мемлекеттiк мекемелер мен мемлекеттiк кәсiпорындардың қатысу үлесiн, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуiндегi өзге де мемлекеттiк мүлiктi сату жөнiндегi операцияларға байланысты бюджетке түсетiн түсiмдер.
4. Қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдо қаржы активтерiн сатып алу мен мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдердiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
5. Қаржы активтерiн сатып алу және мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер Қазақстан Республикасының заң актiлерiне және әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап. Бюджет тапшылығы (профицитi)
1. Бюджет тапшылығы (профицитi) таза бюджеттiк кредит берудi және қаржы активтерiмен жасалатын операциялар бойынша сальдоны шегерiп тастағандағы операциялық сальдоға тең.
Терiс белгiмен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгiмен алынған шама бюджет профицитi болып табылады.
2. Бюджет тапшылығының жол берiлетiн шектi мөлшерi әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарымен белгiленедi.
22-бап. Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану)
1. Бюджет тапшылығын қаржыландыру - қарыз алу және бюджет қаражатының бос қалдықтары есебiнен бюджет тапшылығын жабуды қамтамасыз ету.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемi алынған қарыздар сомасының, бюджет қаражаты қалдықтары қозғалысының қарыздар бойынша негізгi борышты өтеу сомасынан асып түсуi ретiнде белгiленедi.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәнi оң белгiмен белгiленедi және бюджет тапшылығының шамасына сай келедi.
2. Бюджет профицитiн пайдалану - қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге бюджет профицитiн, қарыздар қаражатын, бюджет қаражатының бос қалдықтарын жұмсау.
Бюджет профицитiн пайдалану көлемi қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы сомасынан асып түсуi ретiнде белгiленедi.
Бюджет профицитiн пайдалану мәнi терiс белгiмен белгiленедi және бюджет профицитiнiң шамасына сай келедi.
4-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры
23-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздерi
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздерi:
1) шикiзат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетiн нақты түсiмдердiң тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлген олардың жылдық көлемiнен асып түсуi ретiнде айқындалатын республикалық бюджеттен берiлетiн ресми трансферттер;
2) республикалық меншiктегі және кен өндiру мен өңдеу салаларына жататын мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдердiң есебiнен айқындалатын республикалық бюджеттен берiлетiн ресми трансферттер;
3) шикiзат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетiн республикалық бюджетте жоспарланған түсiмдер сомасының он процентi мөлшерiнде есептелген республикалық бюджеттен берiлетiн ресми трансферттер;
4) ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түскен түсiмдер есебiнен айқындалатын жергiлiктi бюджеттiң ресми трансферттерi;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер;
6) Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер болып табылады.
2. Негiзгi қызметi табиғи ресурстарды өндiру мен өңдеу болып табылатын заңды тұлғалар шикiзат секторының ұйымдары болып табылады. Шикiзат секторы ұйымдарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Шикiзат секторының ұйымдарынан түсетiн түсiмдер - шикiзат секторы ұйымдарынан бюджетке салықтың мынадай түрлерi бойынша түсетiн түсiмдердiң жиынтығы:
корпорациялық табыс салығы;
қосылған құнға салынатын салық;
үстеме пайдаға салынатын салық;
бонустар;
роялти;
жасасқан келiсiм-шарттар бойынша Қазақстан Республикасының өнiмдi бөлу жөнiндегі үлесi.
4. Шикiзат секторы ұйымдарынан түсетiн түсiмдер болжамы шикiзат секторының тауарларына республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарында айқындалған дүниежүзiлiк тұрақты есеп айырысу бағалары ескерiле отырып жасалады.
5. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген ресми трансферттердi, сондай-ақ республикалық меншiктегi және кен өндiрушi және өңдеушi салаларға жататын мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түсетiн жоспардан тыс түсiмдер есебiнен айқындалатын республикалық бюджеттен берiлетiн ресми трансферттердi республикалық бюджеттiң атқарылуы барысында оны Қазақстан Республикасының Парламентiнде нақтыламай-ақ бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындап, республикалық бюджеттен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына аударады.
6. Осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген ресми трансферттер, сондай-ақ республикалық меншiктегі және кен өндiрушi және өңдеушi салаларға жататын мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түсетiн жоспарлы түсiмдер есебiнен айқындалатын республикалық бюджеттен берiлетiн ресми трансферттер тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiледi.
7. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түскен түсiмдер есебiнен айқындалатын, осы баптың 1-тармағы 4) тармақшасында көрсетiлген ресми трансферттер мәслихаттың тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы шешiмiмен бекiтiледi, ал жоспардан тыс түсiмдер есебiнен айқындалған ресми трансферттердi жергiлiктi бюджеттен бюджеттi атқару жөнiндегі жергілiктi уәкiлеттi орган жергiлiктi бюджеттi атқару барысында оны мәслихатта нақтыламай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына аударады.
8. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қаржылық активтерге және, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiктерге орналастырудан құрылады.
24-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) тұтас алғанда ағымдағы қаржы жылы бойынша шикiзат секторы ұйымдарынан республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң бекiтiлген және нақты көлемдерi арасындағы айырма ретiнде айқындалатын республикалық бюджет шығынын өтеуге жұмсалады. Өтем мөлшерi республикалық бюджеттiң түсiмдер бойынша толық атқарылмаған жалпы сомасынан аспауға тиiс. Түсiмдердiң жалпы нақты көлемi олардың бекiтiлген көлемiнен асып түскен жағдайда өтем жүзеге асырылмайды;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн мақсаттарға арналып берiлетiн нысаналы трансферттер түрiнде;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға және жыл сайын аудит өткiзуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сақтау;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жеткiлiктi өтiмдiлiк деңгейiн ұстап тұру;
3) тәуекел деңгейiнiң қалыптылығы жағдайында ұзақ мерзiмдi перспективада Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры табыстылығының жоғары деңгейiн ұстап тұру;
4) инвестициялық кiрiстер алуды қамтамасыз ету мақсатында рұқсат етiлген қаржы активтерiне және, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiктерге орналастырылады.
3. Рұқсат етiлген қаржылық активтердiң және, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiктердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңестiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын жеке және заңды тұлғаларға кредит беруге және мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету ретiнде пайдалануға болмайды.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының есебiнен республикалық бюджеттiң шығынын өтеу оның атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңестiң келiсiмiмен қаржы жылының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Парламентiнде республикалық бюджеттi нақтыламай-ақ жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берiлетiн нысаналы трансферттердiң көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiледi.
7. Активтердi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
25-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңес
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңес - Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын тиiмдi пайдалану және оны қаржылық активтерге және, материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүліктерге орналастыру жөнiнде ұсыныстар талдап-жасайтын консультациялық-кеңесшi орган.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңестiң функциялары:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар талдап-жасау;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану көлемдерi мен бағыттары жөнiндегi ұсыныстарды қарау және талдап-жасау;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшiн рұқсат етiлген қаржылық активтердiң және материалдық емес активтердi қоспағанда, өзге де мүлiктердiң тiзбесi жөнiнде ұсыныстар талдап-жасау болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңестi құру туралы шешiмдi, оның құрамы мен ол туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
5-тарау. Бірыңғай бюджеттік сыныптама
26-бап. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың анықтамасы
1. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама бюджет түсiмдерi мен шығыстарын сыныптама объектiлерiне топтамалық кодтар бере отырып, функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама бюджет жүйесiнiң барлық деңгейдегi бюджеттерi көрсеткiштерiнiң салыстырымдылығын қамтамасыз етедi.
2. Бюджет процесi бiрыңғай бюджеттiк сыныптама негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама бюджеттердiң барлық деңгейлерi үшiн бiрыңғай және мiндеттi болып табылады.
4. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама Қазақстан Республикасы заң актiлерiнiң, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкiметi қаулыларының негiзiнде әзiрленедi.
5. Бiрыңғай бюджеттік сыныптаманы бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
27-бап. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптаманың құрамы
Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама:
1) бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасын;
2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;
3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.
28-бап. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы
1. Барлық деңгейдегi бюджеттер түсiмдерiнiң белгiлi бiр сипаттамалар бойынша Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына негiзделген топтамасы бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, iшкi сыныптан және ерекшелiктен тұрады.
Санаттар түсiмдердi экономикалық белгiлер бойынша топтастыру болып табылады.
Сыныптар мен iшкi сыныптар түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша топтастырады.
Ерекшелiк бюджетке төленетiн төлем немесе түсiм түрiн айқындайды.
29-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы
1. Мемлекет функцияларының орындалуын, республикада мемлекеттiк саясатты iске асыруды бейнелейтiн функционалдық және ведомстволық белгiлер бойынша бюджеттiк қаражаттардың жұмсалу бағыттарын айқындайтын барлық деңгейлердегi бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден: