153-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы бюджеттiк инвестицияларды жоспарлау және жүзеге асыру
1. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы iске асырылатын бюджеттiк инвестицияларды жоспарлау әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарын әзiрлеу шеңберiнде жүзеге асырылады.
2. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы iске асырылатын бюджеттiк инвестициялар бюджеттiк инвестицияларды қаржылық-экономикалық негiздеу бойынша экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган сараптамасының қорытындысы негiзiнде әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарына енгiзiледi. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесi заңды тұлғалардың жарғылық капиталына бюджет қаражатын салудың мақсатқа сай екендiгiн негiздеуден және тиiмдiлігін бағалаудан тұратын құжат болып табылады.
3. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемелерiн бюджеттiк бағдарламалардың әзiрлеу және қарау тәртiбiн экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
4. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы бюджеттiк инвестицияларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
33-тарау. Бюджеттік инвестицияларды іске асыру
мониторингі және олардың тиімділігін бағалау
154-бап. Бюджеттiк инвестицияларды iске асыру мониторингi
1. Бюджеттiк инвестицияларды iске асыру мониторингi:
1) бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау және iске асыру барысы мен нәтижелерi туралы бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi табыс еткен ақпаратты жинауды және өңдеудi;
2) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдарға бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау және iске асыру барысы мен нәтижелерi туралы ақпаратты бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң ресiмдеуiн және табыс етуiн;
3) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдардың бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдарға түсiмдердiң және бюджеттiк даму бағдарламаларын (iшкi бағдарламаларды) қаржыландырудың жиынтық жоспарын және бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тұрғысындағы бюджеттiк даму бағдарламалары (iшкi бағдарламалар) шеңберiнде нақты жүзеге асырылған төлемдер бойынша ақпаратты табыс етуiн;
4) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдардың бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру барысы туралы табыс етiлген ақпараттың және бюджеттiк даму бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) бойынша нақты жүзеге асырылған төлемдер жөнiндегi ақпараттың негiзiнде бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асырудың тиiмдiлiгiн ағымдағы бағалауын;
5) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органның жергiлiктi бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялардың iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпаратты жасауын және бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және экономикалық жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органға табыс етуін;
6) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегі орталық уәкiлеттi органның республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын бюджеттiк инвестициялардың iске асырылу барысы туралы жиынтық ақпаратты жасауын және Қазақстан Республикасының Үкiметiне және экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілеттi органға табыс етуiн көздейдi.
2. Бюджеттiк инвестицияларды iске асыру мониторингiн жүзеге асыру шеңберiнде көзделетiн ақпаратты ұсыну мерзiмдерi мен нысандарын экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Бюджеттiк инвестициялар мониторингi деректерiнiң негiзiнде, сондай-ақ ағымдағы және болжамды әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуалды ескере отырып, бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Үкiметiне және жергiлiктi атқарушы органдарға бюджеттiк инвестицияларды тиiмдi жүзеге асыру шараларын iске асыру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқылы.
4. Бюджеттiк инвестицияларды тиiмдi жүзеге асыру шаралары:
1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың бюджеттiк инвестицияларды тиiмдi жүзеге асыруға бағытталған нормативтiк құқықтық актiлерi мен басқа да шешiмдердi қабылдауын;
2) негiзделген жағдайларда бюджеттiк инвестициялардың жүзеге асырылуын тоқтатуды немесе тоқтата тұруды;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қамтиды.
155-бап. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау
1. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалауды жүзеге асырудың мақсаттары бюджеттiк инвестицияларды жоспарлау процесiн жетiлдiру және мемлекеттiк инвестициялық саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру жөнiнде ұсыныстар талдап-жасау болып табылады.
2. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалауды экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады және бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру нәтижелерi мен салдары туралы деректер жинауды, алынған деректерге талдау жасауды және мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асырудың тиiмдiлiгiн бағалауды көздейдi.
3. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау нақты және жоспарланған шығындарды, бюджеттiк инвестициялардың нақты және күтiлетiн нәтижелерiн салыстыру, сондай-ақ бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiне әсер еткен факторларды бағалау арқылы жүзеге асырылады.
4. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмділігiн бағалау үшiн деректердi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдарға экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiп пен құрамда табыс етедi.
5. Экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар табыс етiлген деректердiң негiзiнде бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау жөнiндегi есептердi қалыптастырады.
6. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлігін бағалау жөнiндегi есептердi:
1) экономикалық жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органдар жергiлiктi атқарушы органдарға және экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға жыл сайын, есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 наурызына дейiн;
2) экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Yкiметiне жыл сайын, есептi жылдан кейiнгi жылдың 1 сәуiрiне дейiн табыс етедi.
7. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау жөнiндегi ақпаратты экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар осы Кодекстiң 123, 125 және 127-баптарында белгiленген мерзiмдерде тиiсiнше Қазақстан Республикасының Парламентiне, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне және мәслихаттардың тексеру комиссияларына табыс етедi.
8. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау жөнiндегi есеп:
1) бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiнiң немесе заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылған бюджеттiк инвестициялардың қаржылық-экономикалық негiздемесiнiң деректерiн;
2) бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) немесе заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру мен ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылған бюджеттiк инвестициялардың iске асырылуының қол жеткен нәтижелерiн;
3) бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау үшiн ақпарат жинаудың көздерi мен әдiстерiн, сондай-ақ ақпаратты өңдеу және талдау әдiстерiн;
4) бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерiн;
5) мемлекеттiк инвестициялық саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру жөнiндегi ұсыныстарды қамтиды.
9. Бюджеттiк инвестициялардың тиiмдiлiгiн бағалау жөнiндегi есептi жасау мен табыс ету тәртiбiн экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
9-бөлім. Гранттар
34-тарау. Гранттар туралы жалпы ережелер
156-бап. Осы бөлiмде пайдаланылатын ұғымдар
Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) өтеусiз техникалық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына тауарлар жеткiзiп берудi, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетудi жүзеге асыруы немесе ұйымдастыруы;
2) өтеусiз қаржылық көмек - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына тауарлар жеткiзiп берудi, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетудi қаржыландыру үшiн ақша беруi;
3) грант - донорлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына беретiн өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмегi;
4) донорлар - шет мемлекеттер, олардың үкiметтерi мен агенттiктерi, халықаралық және шетелдiк мемлекеттiк ұйымдар, қызметi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейтiн шетелдердiң үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдары және қорлары;
5) грант туралы келiсiм - мемлекеттiк орган мен донор арасындағы Қазақстан Республикасына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек берудi көздейтiн шарт.
157-бап. Гранттарды сыныптау
Гранттар берiлу шарттары бойынша былай бөлiнедi:
1) байланысты гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе мемлекеттiк бюджеттен қоса қаржыландыруды көздейтiн гранттар;
2) байланыссыз гранттар - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе мемлекеттiк бюджеттен қоса қаржыландыру көзделмейтiн гранттар.
158-бап. Гранттарды жоспарлау
1. Гранттарды жоспарлау - гранттар тартуға өтiнiмдер қалыптастыру, ұсыным жасау және iрiктеу жөнiндегi қызмет.
2. Гранттарды жоспарлаудың негiзi:
1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспары;
2) донорлардың өтеусiз қаржылық және техникалық көмек беру туралы ұсыныстары болып табылады.
3. Мемлекеттiк, салалық (секторлық) бағдарламалар, сондай-ақ донорлардың ұсыныстары негiзiнде гранттар тартуға арналған өтiнiмдер қалыптастыруды орталық және жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Жергiлiктi атқарушы органдардың өтiнiмдерiн ескере отырып, орталық мемлекеттiк органдар гранттарды тартуға арналған өтiнiмдердi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ұсынады.
5. Гранттарды тартуға арналған өтiнiмдердi iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлетті орган:
1) грантты тартуға арналған өтiнiмнiң Қазақстан Республикасының орта мерзiмдi кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкестiгi;
2) грантты тартуға арналған өтiнiмнiң донорлардың гранттарды беру саясатына сәйкестiгi негiзiнде жүзеге асырады.
6. Гранттарды тартуға арналған iрiктелген өтiнiмдердiң негiзiнде, экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен гранттарды тартуға арналған басым өтiнiмдердiң тiзбесiн қалыптастырады.
35-тарау. Гранттарды тарту және пайдалану
159-бап. Гранттарды тарту
1. Гранттарды тартуға арналған басым өтiнiмдер тiзбесiнiң негiзiнде экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган донорларға гранттар беруге арналған өтiнiмдер жiбередi.
2. Грант беруге арналған өтiнiмдердi донорларға жiберу донорлар белгiлеген нысан бойынша жүзеге асырылады, оны экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның сұрау салуы негiзiнде тиiстi орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органдар толтырады.
Экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсiп алмай донорларға өтiнiш жасауға тыйым салынады.
3. Байланыссыз грантты тартуға арналған өтiнiмдi донор мақұлдаған ретте экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган тиiстi орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органды оны беру туралы келiсiмдi дайындау және келiсу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу қажеттiгi туралы хабардар етедi.
4. Байланыстырылған грантты тартуға өтiнiмдi донор мақұлдаған ретте оны тартудың мақсатқа сай екендiгiн тиiстi бюджет комиссиялары айқындайды. Экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган байланыстырылған гранттарды тартуға арналған өтiнiмдер тiзбесiн қалыптастырады және оны бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға не жергiлiктi атқарушы органдарға тиiстi бюджет комиссияларына қарауға өтiнiмдер енгiзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру үшiн жiбередi.
5. Байланыстырылған грантты беру туралы келiсiм тиiстi қаржы жылына арналған республикалық немесе жергiлiктi бюджеттер бекiтiлгеннен кейiн жасалады.
6. Гранттар келiп түскен кезде республикалық және жергiлiктi бюджеттердi тартылған гранттар сомасына түзету жүзеге асырылады.
160-бап. Гранттарды пайдалану
1. Гранттарды пайдалану жеке бюджеттiк бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) құрайды және грант туралы келiсiмге және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды мемлекеттiк ұйымдар - гранттарды алушылар жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк ұйымдар - гранттарды алушылар:
1) грант туралы келiсiмде көзделген, өздерiне қабылдаған мiндеттемелердi уақтылы орындауға;
2) алынған гранттардың нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
3) гранттардың есебiнен сатып алынған жабдықтар мен материалдардың балансқа қойылуын қамтамасыз етуге;
4) гранттардың есебiнен сатып алынатын тауарлар импорты кезiнде кедендiк ресiмдердi уақтылы жүзеге асыруға мiндеттi.
3. Грантты пайдалану аяқталған соң мемлекеттiк ұйымдар гранттарды алушылар донордың уәкiлеттi өкiлi және өтiнiмi бойынша грант беру жүзеге асырылған орталық мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы қол қойған грантты пайдаланудың аяқталуы туралы түпкiлiктi есептi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
36-тарау. Гранттарды пайдалану мониторингі
және пайдалану тиімділігін бағалау
161-бап. Гранттарды пайдалану мониторингi
1. Гранттарды пайдалану мониторингi:
1) орталық мемлекеттiк органдардың гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелерi туралы ақпарат жинауын және оны өңдеуiн;
2) орталық мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi атқарушы органдардың гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелерi туралы есептердi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға табыс етуiн көздейдi.
2. Гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелерi туралы есептiлiктi және ақпаратты табыс ету мерзiмдерi мен нысандарын экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлетті орган айқындайды.
162-бап. Гранттарды пайдалану тиiмдiлігін бағалау
1. Гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауды экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады және ол гранттарды тарту нәтижелерi мен салдары туралы деректер жинауды, алынған деректердi талдауды және гранттарды тарту мен пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауды көздейдi.
2. Гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалау гранттарды тартудың жоспарланған және қол жеткен нәтижелерiн салыстыру, сондай-ақ гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiне әсер еткен сыртқы факторларды бағалау арқылы жүзеге асырылады.
3. Гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалау үшiн экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға деректердi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiп пен құрамда өтiнiмдерi бойынша гранттар беру жүзеге асырылған орталық мемлекеттiк органдар және жергiлiктi атқарушы органдар табыс етедi.
4. Экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардан гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауға қажеттi ақпаратты табыс ету туралы осы органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша сұрауға құқылы.
5. Экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган табыс етiлген деректердiң негiзiнде гранттарды пайдалану тиiмдiлiгiн бағалау жөнiндегi ақпаратты қалыптастырып, оны Қазақстан Республикасының Парламентiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне жыл сайын осы Кодекстiң 123-бабында белгiленген мерзiмдерде табыс етедi.
10-бөлім. Бюджеттік кредиттеу
37-тарау. Бюджеттік кредиттеудің жалпы ережелері
163-бап. Бюджеттiк кредиттеу туралы негiзгi ережелер
1. Бюджеттiк кредит - бюджеттен қайтарымды, мерзiмдi және ақылы негiзде бөлiнетiн ақша.
2. Бюджеттiк кредиттеу - бюджеттiк кредиттi беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешiм қабылдау рәсiмдерiн қамтитын процесс.
3. Кредиттiк шарт - бюджеттік кредиттi беру, пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу кезiнде тараптардың құқықтық қатынастарын белгiлейтiн, кредитор, бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi және қарыз алушы арасындағы келiсiм.
4. Бюджеттiк кредиттер:
1) орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарының шеңберiнде бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыруға;
2) мемлекеттiң сыртқы экономикалық қызметiн iске асыруға;
3) облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң кассалық алшақтығын жабуға;
4) мемлекеттiң жүз процент қатысуымен қаржы агенттiктерiнiң (бұдан әрi - қаржы агенттiктерi) мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруына бағытталады.
5. Бюджеттiк кредиттер тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және (немесе) жергiлiктi бюджеттiк бағдарламаларда көзделген бағыттар бойынша және сомалар шегiнде берiледi.
6. Бюджеттiк кредиттер заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу мақсаттарына, қарыз алушының шаруашылық қызметiнiң залалдарын жабуына, көрсетiлетiн қызметтер үшiн сенiм бiлдiрiлген тұлғаларға (агенттерге) ақы төлеуге берiлмейдi.
7. Бюджеттiк кредиттер мынадай талаптар сақталған жағдайда берiледi:
1) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша берешегiнiң болмауы;
2) қарыз алушының бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ететiн жағдайының болуы;
3) қарыз алушының бұрын берiлген бюджеттiк кредиттер бойынша берешегiнiң болмауы.
8. Бюджеттiк кредиттер Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын Қазақстан Республикасының орта мерзiмдiк фискалдық саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
164-бап. Бюджеттiк кредиттеу принциптерi
Бюджеттiк кредиттер беру мынадай принциптерге:
1) кредит шартына сәйкес бюджеттiк кредиттi өтеу мiндеттiлiгiн көздейтiн қайтарымдылық принципiне;
2) мiндеттемелердiң орындалуын Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәсiлдермен қамтамасыз ететiн жағдайының болуын көздейтiн қамтамасыз етiлу принципiне;
3) бюджеттік кредиттi бергенi үшiн қарыз алушыға ақы төлеуiн көздейтiн ақылылық принципiне;
4) бюджеттiк кредитті беру мерзiмiн белгiлеудi көздейтiн мерзiмдiлiк принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
165-бап. Бюджеттiк кредиттеу өлшемдерi
Бюджеттiк бағдарлама мынадай өлшемдер сақталған жағдайда бюджеттiк кредит беру арқылы iске асырылады:
1) орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарына сәйкес келу;
2) iс-шараларды бюджеттік кредиттеу арқылы iске асырудың экономикалық және әлеуметтiк тиiмдiлiгi;
3) бюджеттiк кредит есебiнен iске асырылатын iс-шаралардың өзiн-өзi ақтауы;
4) қарыз алушының Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын өлшемдерге сәйкес кредиттiк қабiлетi.
166-бап. Бюджеттiк кредиттеу субъектiлерi
1. Бюджеттiк кредиттеу субъектiлерi кредитор, бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi, қарыз алушы, соңғы қарыз алушы, сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) болып табылады.
2. Бюджеттiк кредиттеу субъектiлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес кредиттiк шартпен және (немесе) тапсырма шартымен айқындалады.
167-бап. Кредитор
1. Кредитор - Қазақстан Республикасының бюджеттiк және азаматтық заңдарына сәйкес бюджеттiк кредит беретiн кредит шартының тарабы.
2. Республикалық бюджеттен бюджеттiк кредиттеу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi кредитор болып табылады.
Бюджеттiк кредиттеу кезiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң атынан әрекет етедi.
3. Жергiлiктi бюджеттен бюджеттiк кредиттеу кезiнде тиiстi жергiлiктi атқарушы орган кредитор болып табылады.
4. Кредитор осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджеттiк кредит берудi қамтамасыз етедi, кредит шарты талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
168-бап. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi
Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бюджеттiк кредиттеу кезiнде кредиттiк шарттың тарабы болып табылады және:
1) қаржы агенттiктерiн қоспағанда, қарыз алушы банктердi және сенiм бiлдiрiлген өкiлдердi (агенттердi) конкурстық негiзде айқындауды;
2) бюджеттiк кредиттердiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуының, өтелуi мен оларға қызмет көрсетiлуiнiң бақылауы мен мониторингiн жүзеге асырады.
169-бап. Қарыз алушылар
1. Қарыз алушы - бюджеттiк кредиттi алушы, негiзгi борышты өтеу және сыйақы, сондай-ақ кредиттiк шартқа сәйкес басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттемелер алатын кредит шартының тарабы.
2. Мыналар:
1) жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) қарыз алушы банктер - Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылатын банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар;
3) жергiлiктi атқарушы органдар;
4) шетелдiк мемлекеттер қарыз алушылар бола алады.
170-бап. Соңғы қарыз алушылар
1. Соңғы қарыз алушы - қарыз берушi банк оған кредитор немесе қаржы агенттiгi айқындаған шарттармен беретiн бюджеттiк кредиттi соңғы алушы.
2. Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылатын, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар соңғы қарыз алушылар бола алады.
3. Соңғы қарыз алушыларды iрiктеудi және кредиттеудi бюджеттiк бағдарламаның мақсатына, сондай-ақ өздерiнiң кредиттiк саясатына сәйкес қарыз алушы банктер жүзеге асырады.
171-бап. Сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер)
1. Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) - тапсырма шартының негiзiнде кредитордың (сенiмгердiң) атынан және оның есебiнен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттiк кредит беруге байланысты белгiлi бiр тапсырмаларды жасайтын тұлға.
2. Сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) кредитордың (сенiмгердiң) тапсырмасы бойынша мынадай iс-қимылдарды орындай алады:
1) қарыз алушыларды - жеке тұлғаларды айқындау және олармен кредиттiк шарттар жасасу;
2) бюджеттiк кредиттерге қызмет көрсету;
3) қарыз алушылармен есеп айырысу;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берешектi өндiрiп алу.
3. Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылатын, банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) болып табылады.
4. Қаржы агенттiгiн қоспағанда, сенiм бiлдiрiлген өкiлдi (агенттi) бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган немесе бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес белгiлейдi.
5. Кpeдитор (сенiмгер) тиiстi бюджет қаражаты есебiнен сенiм бiлдiрiлген өкiлге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асырады.
Сенiм бiлдiрiлген өкiлге (агентке) тапсырмаларды орындағаны үшiн сыйақы төлеу мөлшерi тапсырма шарттарында белгiленедi.
38-тарау. Бюджеттік кредиттеу шарттары
172-бап. Кредиттiк шарттың негiзгi талаптары
1. Кредиттiк шартта бюджеттiк кредиттiң мынадай негiзгi талаптары мiндеттi түрде болуға тиiс:
1) берудiң мақсаты;
2) мөлшерi;
3) валютасы;
4) мерзiмi;
5) игеру кезеңi;
6) сыйақы ставкасы.
2. Бюджеттiк кредиттiң негiзгi шарттары және қарыз алушылардың санаты кредитордың шешiмiмен белгiленедi.
3. Кредиттiк шартқа қосымша талаптар, соның iшiнде бюджеттiк кредиттi беру тәсiлiн айқындайтын талаптар, бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету кестесi, бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi енгiзiледi.
173-бап. Бюджеттiк кредиттiң мерзiмi
1. Бюджеттiк кредиттiң мерзiмi - қарыз алушы бюджеттiк кредит алатын, пайдаланатын, оған қызмет көрсететiн және оны өтейтiн уақыт кезеңi.
2. Бюджеттiк Kpeдиттiң мерзiмi бюджеттiк кредиттiң қаражатын кредитордың шотынан аударған кезден бастап есептеледi.
3. Бюджеттiк кредиттер берiлу мерзiмiне қарай мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) қысқа мерзiмдi - 1 жылға дейiн;
2) орта мерзiмдi - 1 жылдан 5 жылға дейiн;
3) ұзақ мерзiмдi - 5 жылдан 30 жылға дейiн.
174-бап. Бюджеттiк кредиттi игеру кезеңi
1. Бюджеттiк кредиттi игеру кезеңi - бюджеттiк кредиттiң берiлу мақсаттарына сәйкес iс-шараларды iске асыру үшiн қарыз алушы бюджеттiк кредиттi пайдалана алатын уақыт кезеңi.
2. Бюджеттiк кредиттiң пайдаланылмаған бөлiгi игеру кезеңi аяқталған күннен бастап үш күннiң iшiнде тиiстi бюджетке қайтарылуға тиiс.
175-бап. Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi
1. Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуы кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлгерлiкпен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта көзделген басқа да тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.
Тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын қаржы агенттiктерiне республикалық бюджеттен бюджеттiк кредиттер мiндеттемелердi орындау қамтамасыз етiлмей бөлiнуi мүмкiн.
2. Бюджеттiк кредиттiң қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескерiле отырып, бюджеттiк кредит мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
3. Бюджеттік кредит жөнiндегi мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi бағалау жөнiнде көрсетiлген қызметтерге ақы төлеудi қарыз алушы жүргiзедi.
176-бап. Сыйақы ставкасы
1. Сыйақы - бюджеттiк кредит берiлгенi үшiн қарыз алушы жүзеге асыратын төлем.
2. Сыйақы ставкасы - жылдық проценттер түрiнде көрсетiлетiн сыйақы мөлшерi.
3. Сыйақы ставкасы тiркелген немесе құбылмалы болуы мүмкiн.
Тiркелген сыйақы ставкасы - мөлшерi бюджеттiк кредиттiң барлық мерзiмiне өзгерiссiз белгiленетiн сыйақы ставкасы.
Құбылмалы сыйақы ставкасы - қаржы рыногындағы конъюнктураға байланысты өзгерiп тұратын сыйақы ставкасы.
4. Бюджеттiк кредиттер бойынша сыйақы ставкасы, бюджеттiк кредиттер бойынша қаржы агенттiктерiне сыйақы ставкаларын қоспағанда, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган шығарған мемлекеттiк бағалы қағаздардың тиiстi түрлерi бойынша табыстылықтың орта өлшемдi ставкасынан төмен емес шамада белгiленедi.