11) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына бақылау жүргiзуге жергiлiктi мемлекеттiк органдардың тиiстi мамандарын және, қажет болған жағдайда, жергiлiктi бюджеттен осы мақсаттарға бөлiнген қаражат шегiнде олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдардың мамандары мен сарапшылар тартады;
12) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
30-тарау. Iшкі бақылауды ұйымдастыру негіздері
139-бап. Iшкi бақылау
Iшкi бақылауды iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган және iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асырады.
140-бап. Iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның өкiлеттiктерi
Iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган:
1) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiнiң республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын атқару сәйкестiгiне, қаржылық есептiлiгi мен тиiмдiлігіне бақылауды жүзеге асырады;
2) iшкi бақылау қызметтерi жүзеге асыратын бақылау тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар бередi;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң нысаналы емес, негiзсiз және тиiмсiз пайдаланылуын анықтау, болғызбау және оған жол бермеу жөнiнде шаралар қолданады;
4) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiне, мәслихаттардың тексеру комиссияларына хабардар ету үшiн бақылаудың тиiстi жоспарлары мен актiлерiн жiбередi;
5) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiне жiберiлген нұсқамалардың және бақылау iс-шараларының қорытындылары бойынша қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
6) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттарын пайдалану кезiндегi iс-әрекеттерiнде қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзудың өзге де фактiлерi анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға бередi;
7) iшкi бақылау қызметтерiнiң мемлекеттiк қаржы бақылау стандарттарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
8) iшкi бақылау саласындағы кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруды және оларды қайта даярлауды ұйымдастырады;
9) iшкi бақылау қызметi бар мемлекеттiк органдардың жоспарларды орындау және iшкi бақылау жүргiзу нәтижелерi туралы есептерiн қарайды;
10) мемлекеттiк органдар мен барлық меншiк нысанындағы ұйымдардың республикалық және жергiлiктi бюджетке салықтық емес түсiмдерiнiң толық және уақтылы енгiзiлуiне қатысты мәселелер жөнiндегi қызметiне бақылауды өз құзiретi шегiнде жүзеге асырады;
11) республикалық және жергiлiктi бюджеттерден берiлген бюджет қаражатының, сондай-ақ мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, мемлекеттiң гранттары мен активтерiнiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
12) республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың (iшкi бағдарламалардың) атқарылуының тиiмдiлiгiне және нәтижелiлiгiне баға бередi;
13) мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түскен өздерiнiң иелiгiнде қалатын ақшаны қалыптастыруын және пайдалануын бақылауды жүзеге асырады;
14) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша өзi белгiлеген мерзiмде қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi сұратады және алады;
15) төтенше мемлекеттiк бюджеттiң атқарылуын бақылауға қатысады;
16) iшкi бақылау қызметтерi бар мемлекеттiк органдардан қажеттi ақпарат алады;
17) бақылау жүргiзуге мемлекеттiк органдардың тиiстi мамандарын және қажет болған жағдайда республикалық бюджеттен осы мақсаттарға бөлiнген қаражат шегiнде олардың көрсеткен қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторларды немесе аудиторлық ұйымдарды және сарапшыларды тартады;
18) құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, мемлекеттiң гранттарын, активтерiн, мемлекет кепiлдiк берген қарыздардың, сондай-ақ мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) сатуынан түскен, өздерiнiң иелігінде қалатын ақшаларды пайдалану мәселелерiне қатысты құжаттамамен кедергiсiз танысады;
19) iшкi бақылау қызметтерiнiң бақылау актiлерiне талдау жасайды және олардың қызметтерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныс бередi;
20) нормативтiк құқықтық базаны және iшкi бақылау жүргiзу әдiстемесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша iс-шаралар әзiрлейдi;
21) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
141-бап. Iшкi бақылау қызметi
1. Iшкi бақылау қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орталық мемлекеттiк орган басшысының шешiмiмен құрылады.
Iшкi бақылау қызметiн құруға рұқсат берiлетiн мемлекеттiк органдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
2. Iшкi бақылау қызметi орталық мемлекеттiк органның басшысына есеп бередi, мемлекеттiк органның басқа құрылымдық бөлiмшелерiнен ұйымдастыру және функционалдық жағынан тәуелсiз болады.
3. Iшкi бақылау қызметi:
1) бақылау жоспарын жасайды;
2) орталық мемлекеттiк органның басшысына iшкi бақылау жүргiзу жоспарының орындалуы жөнiнде есептi табыс етедi.
4. Iшкi бақылау қызметi бар мемлекеттiк орган iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бақылау жоспарларын, олардың орындалуы туралы есептердi және iшкi бақылау жүргiзу нәтижелерiн ол белгiлеген нысандар мен мерзiмдер бойынша табыс етедi.
Iшкi бақылау жүргiзу жоспарлары туралы есептер мен ақпаратты табыс ету туралы талаптар ол туралы ақпарат мемлекеттiк құпияларға жататын шығыстарды бақылаумен байланысты жағдайларға қолданылмайды.
5. Iшкi бақылау қызметi:
1) мемлекеттiк органда және оның аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында iшкi бақылау жүргiзуге;
2) iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органнан консультациялар алуға құқылы.
31-тарау. Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері
мен органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының
өзара іс-қимылы
142-бап. Мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсi басшысының құқықтары мен мiндеттерi
1. Мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсiнiң басшысы:
1) бақылаудың мақсатын, уақытын және ұзақтығын, оның нәтижелерiн, тұжырымдары мен ұсыныстарын бiлуге;
2) тиiсiнше Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң, мәслихаттың тексеру комиссиясының тапсырмасын, iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган немесе оның аумақтық бөлiмшесi басшысының бұйрығын табыс етпеген мемлекеттiк қаржылық бақылау органының қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн бақылауға жiбермеуге;
3) бақылау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда он күн мерзiмде бақылау жүргiзген мемлекеттiк қаржылық бақылау органына немесе мәслихаттың тексеру комиссиясына бақылау актiсiне қарсылық жiберуге;
4) бақылауды жүзеге асырған мемлекеттiк қаржылық бақылау органының, мәслихаттың тексеру комиссиясының iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым беруге құқылы.
2. Мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсiнiң басшысы:
1) мемлекеттiк қаржылық бақылау органының қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге;
2) мемлекеттiк қаржылық бақылау органының, iшкi бақылау қызметтерiнiң қызметкерлерiн, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерiн бақылау жұмысын жүзеге асыру үшiн сұратылып отырған қажеттi барлық ақпаратпен қамтамасыз етуге және оның анықтығы, объективтiлiгi мен толықтығы үшiн дербес жауапкершiлiкте болуға;
3) мемлекеттiк қаржылық бақылау органы, iшкi бақылау қызметтерi қызметкерлерiнiң, мәслихаттардың тексеру комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекеттерiне араласпауға, оларды шатастырмауға, бақылау жүргiзуге кедергi келтiрмеуге және бақылау ауқымын шектемеуге;
4) кемшiлiктердi жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы уақтылы есеп табыс етiп отыруға;
5) жүргiзiлген бақылау нәтижелерi бар актiнi таныстыруға берген күннен бастап үш күн мерзiмде белгiленген тәртiппен бақылау актiсiне қол қоюға мiндеттi.
143-бап. Мемлекеттiк органдар мен мәслихаттардың тексеру комиссияларының мемлекеттiк қаржылық бақылау саласындағы өзара iс-қимылы
1. Iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегі есеп комитетiне, мәслихаттардың тексеру комиссияларына бақылау жоспарлары мен актiлерiн жiбередi.
2. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары мен мәслихаттардың тексеру комиссиялары бақылау актiсi мемлекеттiк қаржылық бақылау стандарттарының талаптарына сәйкес келген жағдайда бақылау нәтижелерiн өзара таниды, келiсiлген мерзiмде тексерiлген объектiлер және тақырыптық бақылаумен қамтылған бағдарламалар туралы ақпарат алмасады.
3. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары мен мәслихаттардың тексеру комиссиялары кешендi бақылауды жиi дегенде жылына бiр рет және кем дегенде екi жылда бiр рет жүргiзедi.
4. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары, мәслихаттардың тексеру комиссиялары және iшкi бақылау қызметтерi келiсiм бойынша бiрлескен бақылау қызметiн жүзеге асыра алады.
144-бап. Мүдделер қақтығысы
1. Мүдделер қақтығысы - мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының, мәслихаттардың тексеру комиссияларының, ішкі бақылау қызметтерiнiң, олардың қызметкерлерi мен мүшелерiнiң объективтiлiгi мен тәуелсiздiгiн шектей алатын қызмет немесе қатынастар.
2. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметтерiнiң, мәслихаттардың тексеру комиссияларының:
1) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсi басшысының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты, сенiм бiлдiрiлген адамы болып табылатын;
2) бақылау объектiсiнiң онда жеке мүлiктiк мүдделерi бар қызметкерлерi, қатысушылары, лауазымды адамдары арасынан;
3) мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсiнде жұмыс iстеген не тексерiлетiн кезеңде мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiсi басшысының, құрылтайшысының немесе қатысушысының жақын туысы, жекжаты немесе сенiм бiлдiрiлген адамы болып табылатын қызметкерлерi мен мүшелерiне бақылау жүргiзу тыйым салынады.
3. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметiнiң қызметкерлерi бұл туралы бақылауды тағайындаған басшыларға, ал мәслихаттың тексеру комиссиясының мүшесi тексеру комиссиясының төрағасына хабарлауға тиiс. Мүдделер қақтығысы ахуалының туындағаны үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк қаржылық бақылау органының, iшкi бақылау қызметiнiң қызметкерiне, мәслихаттың тексеру комиссиясының мүшесiне жүктеледi.
145-бап. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары, iшкi бақылау қызметтерi, мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының, мәслихаттар тексеру комиссиялары мүшелерiнiң жауапкершiлігі
1. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының, iшкі бақылау қызметтерiнiң қызметкерлерi, мәслихаттардың тексеру комиссияларының мүшелерi бақылау актiсiнде жазылған мәлiметтердiң анықтығы, объективтiлiгi және толықтығы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2. Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдарының, iшкi бақылау қызметтерiнiң лауазымды адамдарына, тексеру комиссиясының мүшелерiне өз құзыреттерiне сәйкес олардың қызметтiк мiндеттерiн орындауына, бақылау жүргiзу үшiн жiберуге бас тарту, қажеттi құжаттарды, материалдарды, қызмет туралы ақпаратты және өзге де мәлiметтердi беруден бас тарту, анық емес ақпарат беру түрiндегі кедергi келтiру, бақылауды жүзеге асыруға өзге де кедергi жасау, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы актiлердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
146-бап. Дауларды шешу
Мемлекеттiк қаржылық бақылау органдары, ішкi бақылау қызметтерi, мемлекеттiк қаржылық бақылау объектiлерi лауазымды адамдарының, сондай-ақ мәслихаттардың тексеру комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалына алады.
8-бөлім. Бюджеттік инвестициялар
32-тарау. Бюджеттік инвестицияларды
жоспарлау мен жүзеге асыру
147-бап. Бюджеттiк инвестицияларды сыныптау
1. Бюджеттiк инвестициялар бюджеттiк инвестициялық жобалар мен бюджеттiк инвестициялық бағдарламаларды (бұдан әрi - бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) iске асыру арқылы, сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылады.
2. Шешiлетiн мiндеттердiң маңыздылығы деңгейiне қарай бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) республикалық және жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) болып бөлiнедi.
3. Республикалық және жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) анықтау өлшемдерi мыналар:
1) меншiк түрi бойынша өлшемдер - бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру нәтижесiнде алынған мүлiкке туындайтын меншiк құқығына (республикалық немесе коммуналдық) байланысты оны республикалық немесе жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жоба ретiнде айқындайтын өлшем;
2) пайда алушылар бойынша өлшемдер - егер бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) iске асырылуынан экономикалық пайда алушылар екi және одан да көп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектiлерi болса, бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) - республикалық, ал егер бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асырудан экономикалық пайда алушылар бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың субъектiлерi болса, оны жергiлiктi деп тануды айқындайтын өлшем.
4. Инвестициялық жобаны (бағдарламаны) республикалық деп айқындау үшiн оның осы баптың 3-тармағында аталған өлшемдердiң бiрiне сәйкестiгi жеткiлiктi болады.
5. Жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) деп сыныптау осы баптың 3-тармағында көзделген өлшемдер негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Республикалық бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) орталық мемлекеттiк органдар iске асырады және олар республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
7. Жергілiктi бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) жергiлiктi атқарушы органдар iске асырады және олар жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
8. Басым жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн келiсудi экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарлары шеңберiнде жүзеге асырады.
148-бап. Бюджеттiк инвестицияларды жоспарлау мен жүзеге асыру принциптерi
1. Бюджеттiк инвестициялар:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуын жоспарлау жүйесiндегi барлық бағдарламалық және жоспарлау құжаттарының тұрақтылығы мен өзара толықтырылуы;
2) мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар шешiмдерiнiң қабылданған мемлекеттiк инвестициялық саясатқа дәйектiлiгi және сәйкестiгi принциптерiне сәйкес жоспарланады және жүзеге асырылады.
2. Бюджеттiк инвестицияларды бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру арқылы жоспарлау және жүзеге асыру тәртібi осы Кодекстiң 149-152-баптарына сәйкес айқындалады.
Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) жоспарлау үш кезеңде жүзеге асырылады:
1) инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру және iрiктеу;
2) бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау және iрiктеу;
3) басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыpу және бекiту.
3. Бюджеттiк инвестицияларды заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға қатысу арқылы жоспарлау мен жүзеге асыру тәртiбi осы Кодекстiң 153-бабымен айқындалады.
149-бап. Инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру мен iрiктеу
1. Инвестициялық жобаларды қалыптастыру бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) мақсатына қол жеткiзу үшiн оңтайлы стратегияны айқындау және мiндеттер қою мақсатында, сондай-ақ жоспарланатын бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) құрылымы мен алдын ала құнын анықтау үшiн жүзеге асырылады.
2. Инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыруды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi орта мерзiмдi мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды әзiрлеу сатысында жүзеге асырады.
3. Инвестициялық ұсыныстарды бағалауды экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган орта мерзiмдi мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды келiсу сатысында жүзеге асырады.
4. Инвестициялық жобаларды iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган оларды бағалау жөнiндегi оң қорытынды негiзiнде жүзеге асырады.
5. Iрiктелiп алынған инвестициялық ұсыныстар жоспарланған кезеңнiң екiншi немесе үшiншi жылында iске асырылуы басталатын жоспарланған бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) ретiнде басым бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) тiзбесiне енгiзiледi.
150-бап. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) дайындау мен iрiктеу
1. Бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) дайындау бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсiнiң бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеудi ұйымдастыруын және оның сараптамаларын жүргiзуiн көздейдi.
2. Бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесi бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) жүзеге асырылатындығын және тиiмдiлiгiн шығындар мен пайданы экономикалық талдау негiзiнде жүргiзiлетiн зерделеу нәтижелерi бар жоба алдындағы құжат болып табылады. Бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негiздемесiне қойылатын талаптарды экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
3. Бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негіздемесiн әзiрлеу ол инвестициялық ұсыныстар қалыптастыру мен iрiктеу кезеңiнде басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген жағдайда жүзеге асырылады.
4. Бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) белгiленген техникалық-экономикалық өлшемдерiн растау үшiн бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiне экономикалық және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да сараптамалар жасалуға тиiс.
5. Бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) экономикалық сараптамасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес талап етiлетiн басқа сараптамалардың қорытындылары негiзiнде жүргiзiледi және бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) оның техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеу шеңберiнде жүргiзiлген экономикалық талдауды кешендi бағалауының мiндеттi нысаны болып табылады.
6. Экономикалық сараптамаға қойылатын талаптарды экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайды.
7. Республикалық бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға жүзеге асырады.
Жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын жергiлiктi атқарушы органдар айқындайтын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
8. Бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) экономикалық сараптамасын жүзеге асыруға уәкiлеттi заңды тұлғалар бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру жөнiнде ұсынылатын шешiмдердiң негiздiлiгі және тиімділігі үшін, сондай-ақ экономикалық сараптама қорытындысында бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыруға және оның мақсаттарына қол жеткiзуге терiс әсер еткен тәуекелдердi бағалау болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
9. Экономикалық сараптама жүргізуге уәкiлеттi заңды тұлғалар қажет болған жағдайда жүргiзiлген сараптамаларда қамтылмаған немесе толық қамтылмаған мәселелер бойынша қосымша сараптама, сондай-ақ тәуелсiз сараптама жүргiзудi талап етуге құқылы.
10. Республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi және оларға сараптамалар жүргiзудi қаржыландыру тиiсiнше экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкілеттi органдардың бөлiнетiн бюджеттік бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады.
11. Экономикалық сараптаманың нәтижелерi бойынша бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) техникалық-экономикалық негiздемесiн экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi бекiтедi.
12. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iрiктеудi экономикалық жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган экономикалық сараптама бойынша оң қорытындылар негiзiнде жүзеге асырады.
13. Ірiктелiп алынған бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) жоспарланатын кезеңнiң бiрiншi немесе екiншi жылында iске асырылуы басталатын басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiне енгiзiледi.
151-бап. Басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн қалыптастыру мен бекiту
1. Басым республикалық бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн және басым жергiлiктi бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жыл сайын әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары құрамында үш жылдық кезеңге арнап әзiрлейдi және олар бюджеттiк даму бағдарламаларын қаржыландырудың тiзбесi мен көлемiн айқындау бөлiгiнде тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттердi әзiрлеу үшiн негiз болады.
2. Басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiн қалыптастыру қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалардың негiзiнде жүзеге асырылады, бұл ретте басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбелерiне енгізу үшiн ұсынылатын, iске асырылуы жоспарланатын кезеңнiң бiрiншi жылында басталатын бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мына талаптарға сәйкес келуге тиiс:
1) бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) мақсаттарының мемлекеттiк инвестициялық саясатқа сәйкестiгi;
2) бюджеттiк инвестициялық жобаның (бағдарламаның) белгiленген тәртiппен бекiтiлген техникалық-экономикалық негiздемесiнiң бар болуы.
3. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiне енгiзу үшiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергілiктi уәкiлеттi органдарға осы баптың 2-тармағында аталған талаптарға сай келетiн бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша өтiнiмдер табыс етедi.
4. Бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) бойынша табыс етiлген өтiнiмдердi қарау нәтижелерi бойынша экономикалық жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар бюджет комиссиясы айқындаған бюджеттiк даму бағдарламаларына арналған лимит шегiнде басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастырады және оны мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалар тұрғысында бюджет комиссиясының қарауына табыс етедi.
5. Бюджет комиссиялары бюджеттiк инвестициялық басым жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қарау кезiнде:
1) бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландырудың көзi мен тетiгiн айқындайды;
2) бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыруға бағытталған бюджеттiк бағдарламалар бойынша бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiн айқындайды.
6. Басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) мемлекеттiк, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламалар тұрғысындағы үш жылдық кезеңге арналып жоспарланған, бюджет комиссиясы мақұлдаған тiзбесi әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспарының құрамында бекiтiледi.
7. Басым бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiн қалыптастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
152-бап. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру
1. Бюджеттiк инвестициялық жобалар (бағдарламалар) олардың белгiленген тәртiппен бекiтiлген техникалық-экономикалық негiздемелерiне сәйкес iске асырылады.
2. Бюджеттiк инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) iске асыру шеңберiнде көзделетiн құрылыс қызметi белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бюджеттiк инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) құны бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттаманың және (немесе) мемлекеттiк сатып алу туралы жасасылған шарттардың негiзiнде түзетiлуге жатады.
4. Бюджеттiк инвестициялық жобаны (бағдарламаны) iске асыру шеңберiнде көзделген құрылыс қызметiне ақы төлеу үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттерден төлемдер белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттама бар болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.