Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган шығарған тиiстi мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша табыстылықтың орта өлшемдi ставкасын анықтау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
177-бап. Бюджеттiк кредит беру тәсiлi
Бюджеттiк кредит:
1) қарыз алушының төлем құжаттарына ақы төлеу;
2) бiр мерзiмде не аудару кестесiне сәйкес бөлiп-бөлiп немесе қарыз алушының тиiстi құжаттар беруiне қарай қарыз алушының банк шотына аудару арқылы берiлуi мүмкiн.
178-бап. Бюджеттiк кредиттi өтеу мен оған қызмет көрсету кестесi
1. Бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету кестесi бюджеттiк кредиттi өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi төлемдердiң мерзiмдерiн, кезеңдiлiгiн белгiлейдi.
2. Кредиттiк шартта жеңiлдiк кезеңiн беру көзделуi мүмкiн.
Жеңiлдiк кезеңi - бюджеттiк кредит мерзiмiнiң құрамына кiретiн уақыт кезеңi, бұл кезеңде қарыз алушы кредиттi қайтаруды жүзеге асырмайды.
39-тарау. Бюджеттік кредиттеу рәсімдері
179-бап. Бюджеттiк кредит беру туралы шешiм қабылдау
Бюджеттiк кредит беру туралы шешiм қабылдау:
1) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк, салалық (секторлық), аймақтық бағдарламалардың iс-шараларын бюджеттiк кредиттеудiң, әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзiмдi жоспары мен орта мерзiмдi фискалдық саясаттың мақсатқа сай екендiгiн айқындауды;
2) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк өтiнiмдерiн бюджеттiк кредиттеу арқылы iске асыру ұсынылатын бюджеттiк бағдарламаның бюджеттiк кредиттеу өлшемдерiне сәйкестiгiне қатысты қарауын;
3) бюджеттiк өтiнiмдi және бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органның қорытындысын бюджеттiк комиссияның қарауын;
4) бюджеттiк комиссияның оң шешiмi болған жағдайда тиiстi қаржы жылына арналған бюджеттiң жобасына бюджеттiк бағдарлама енгiзудi қамтиды.
180-бап. Бюджеттiк кредит беру рәсiмi
1. Бюджеттiк кредит беру рәсiмi мынадай кезеңдердi:
1) бюджеттiк кредиттiң негiзгi талаптарын айқындауды;
2) қарыз алушыны айқындауды;
3) кредиттiк шарт және олармен байланысты шарттар жасасуды;
4) қарыз алушыға бюджеттiк кредит берудi қамтиды.
2. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi кезектi қаржы жылына арналған тиiстi бюджеттер бекiтiлгеннен кейiн бюджеттiк кредиттердiң негiзгi шарттары мен қарыз алушылардың санаттары туралы кредитор шешiмдерiнiң жобаларын бекiтуге енгiзедi.
3. Қарыз алушыларды:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттiк кредиттеу кезiнде тапсырма шартына сәйкес сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент);
2) қаржы агенттiктерiн қоспағанда, қарыз алушы банктердi бюджеттiк кредиттеу кезiнде конкурс нәтижелерi бойынша бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi айқындайды. Қарыз алушы банктердi iрiктеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi;
3) жергiлiктi атқарушы органдар бюджеттiк кредиттеу кезiнде қарыз алушылар осы Кодекске сәйкес айқындалады;
4) шет мемлекеттердi бюджеттiк кредиттеу кезiнде қарыз алушылар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда бюджеттiк кредиттер алады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджеттiк кредиттеу сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) арқылы жүзеге асырылады.
5. Бюджеттiк кредит беру кредиттiк шарт, тапсырма шарттары және бюджеттiк кредит бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етудi растайтын құжаттар жасалып, тiркелгеннен кейiн жүзеге асырылады.
Бюджеттiк кредит беру кезiндегi қажеттi құжаттар тiзбесiн бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Бюджеттiк кредиттер беру жөнiндегi қаржылық рәсiмдер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен айқындалады.
181-бап. Шет мемлекеттердi кредиттеудiң ерекшелiктерi
1. Шет мемлекеттерге бюджеттiк кредиттер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебiнен берiледi.
2. Шет мемлекеттерге бюджеттiк кредиттер шет мемлекеттер бюджеттiк кредит беру туралы халықаралық шартқа мiндеттi күш беру үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi жүргiзген жағдайда берiледi.
3. Шет мемлекеттердi бюджеттiк кредиттеудiң тәртiбi мен талаптары бюджеттiк кредит беру туралы халықаралық шартта белгiленедi.
Шет мемлекеттерге берiлген бюджеттік кредит бойынша негiзгi борыш шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасы алдындағы борышын құрайды.
182-бап. Бюджеттiк кредиттi пайдалану
Қарыз алушы бюджеттiк кредит қаражатын бюджеттiк бағдарлама паспорты мен кредиттiк шартта көзделген мақсаттарға ғана пайдаланады.
Бюджеттiк кредит өз нысанасында пайдаланылмаған жағдайда қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
183-бап. Бюджеттiк кредитке қызмет көрсету
1. Бюджеттiк кредитке қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) бюджеттiк кредит қаражатының пайдаланылуын есепке алу және қарыз алушының кредиттiк шарттың талаптарына сәйкес негiзгi борышты, сыйақыны және басқа да төлемдердi өтеуге төлемдер жасауды жүзеге асыру жөнiндегi қызметi.
Негiзгi борыш - ол бойынша есептелген сыйақы, комиссиялық төлемдер, тұрақсыздық төлемдерi (айыппұлдар, өсімдер) сомасы ескерiлмей алынған және өтелмеген бюджеттiк кредит сомасы.
2. Негiзгi борышқа қызмет көрсету - кредиттiк шарт талаптарына сәйкес, белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi сыйақының, өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi.
Берешек - бюджеттiк кредиттi (кредиттiк шартты) өтеу және оған қызмет көрсету кестесiне сәйкес мерзiмi басталған, қарыз алушы төлемеген төлемдер сомасы.
3. Сыйақыны есептеу кредитордың шотынан бюджеттiк кредит аударылған күннен бастап ол толық өтелген күнге дейiн бюджеттiк кредит бойынша негiзгi борыш сомасына қойылған сыйақы ставкасы бойынша жүргiзiледi.
4. Сыйақыны есептеу тәртiбi кредиттiк шартта белгiленедi.
Сыйақыны есептеу үшiн жылдың 360 күнi және айдың 30 күнi есепке алынады.
Төлем мерзiмi басталған кезде қарыз алушы негiзгi борыш пен сыйақы бойынша тиiстi бюджетке төлем тапсырмасымен ақша аудару арқылы кезектi төлемдердi жүзеге асыруға мiндеттi.
5. Берешек пайда болған кезде бюджеттiк кредитке қызмет көрсету төлемдердiң мынадай кезектiлігімен жүзеге асырылады:
1) есептелген тұрақсыздық төлемi (айыппұлдар, өсiмпұл);
2) есептелген сыйақы;
3) негiзгi борышты өтеу.
184-бап. Бюджеттiк кредиттi өтеу
1. Бюджеттiк кредитті өтеу - кредиттiк шартқа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджеттiк кредит бойынша негiзгi борышты қарыз алушының өтеуi.
2. Бюджеттiк кредиттен қарыз алушылардың кредитормен немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлмен (агентпен) келiсiм бойынша кредиттi мерзiмiнен бұрын өтеуге құқығы бар.
Қарыз алушы кредиттiк шарттың талаптарын бұзған кезде кредитордың немесе сенiм бiлдiрiлген өкiлдiң (агенттiң) тапсырма шартына сәйкес кредитті мерзiмiнен бұрын өтеудi талап етуге құқығы бар.
3. Қарыз алушыда бюджеттiк кредит бойынша берешек пайда болған кезде кредитор немесе сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) тапсырма шартына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кредиттiң өтелуiн қамтамасыз ететiн шаралар қабылдайды.
4. Бюджеттiк кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен өндiрiлiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өткiзiлуге және (немесе) мемлекеттiк меншiкке айналдырылуға жатады.
5. Бюджеттiк кредиттi өтеу есебiнен мемлекеттiк меншiкке айналдырылатын мүлiкке бағалау жүргiзуге арналған шығыстар тиiстi бюджет қаражаты есебiнен төленедi.
6. Бюджеттiк кредит бойынша берешектi өтеу есебiнен мүлiктi мемлекеттiк меншiкке айналдыру кезiнде кредитор талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына кемiтiледі.
7. Бюджеттiк кредит бойынша жергiлiктi атқарушы органда берешек болған немесе ол бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсатына пайдаланылмаған жағдайда кредитор берешек сомасын немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған соманы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жергiлiктi бюджеттiң есебiнен шығаруды жүзеге асырады.
40-тарау. Бюджеттік кредитті қайта
құрылымдау және қарыз алушыны ауыстыру
185-бап. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау
1. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау - тараптардың келiсiмi бойынша олардың кредиттiк шарттар бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмдерiнiң, қаржылық және өзге де талаптарының өзгеруi.
2. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау туралы шешiм қарыз алушыда қаржылық жағдайды сауықтыру жөнiнде жоспар болған кезде қарыз алушының қаржылық жай-күйiн талдау негізiнде қабылданады.
3. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау:
1) негiзгi борышты өтеу және (немесе) сыйақыны төлеу мерзiмдерiн өзгерту;
2) бюджеттiк кредит, кредит бойынша сыйақы және өзге де төлемдер бойынша берешектi капиталдандыру (жиынтықтау) арқылы жүзеге асырылады.
4. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергілiктi атқарушы органның жанындағы консультациялық-кеңесшi органның оң қорытындысы болған кезде әрбiр кредиттiк шарт бойынша кредитордың шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау әрi кеткенде бiр рет жүзеге асырыла алады.
Бюджеттiк кредиттi қайта құрылымдау кредиттiк шартқа қосымша келiсiм жасау арқылы ресiмделедi.
186-бап. Бюджеттiк кредит бойынша борышты аудару
Бюджеттiк кредит бойынша борышты аударуға кредитор шешiмiнiң негiзiнде кредиттiк шарт тараптарының келiсiмi бойынша жол берiледi.
Борышты аудару бюджеттiк кредит бойынша борышты өтеу есебiне өндiрiп алынған (ұсынылған) мүлiктi берген кезде жүзеге асырылуы мүмкiн.
41-тарау. Талап қою мерзімі, бюджеттік кредиттер
бойынша кредиторлар талаптарының тоқтатылуы
187-бап. Талап қою мерзiмi
Бюджеттiк кредиттер бойынша кредиторлардың талаптарына талап қою мерзiмi қолданылмайды.
188-бап. Кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талаптарының тоқтатылуы
1. Кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талабы қарыз алушы кредиттiк шарт бойынша мiндеттемелердi тиiсiнше орындаған кезде, қарыз алушы мен кредитop бiр тұлға болғанда не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.
2. Қарыз алушы-заңды тұлға таратылған жағдайда кредитордың бюджеттiк кредиттi өтеу жөнiндегi талабының тоқтатылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мiндеттемелердiң орындалуын бағалау жөнiндегi алдын ала рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн:
1) республикалық бюджеттен берiлген бюджеттiк кредиттер бойынша - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның негiзiнде;
2) жергілiктi бюджеттен берiлген бюджеттiк кредиттер бойынша мәслихаттың шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген таратылған қарыз алушылардың берешегi өтелдi деп есептеледi және оны кредитордың есептен шығаруына жатады.
42-тарау. Бюджеттік кредиттер бойынша
бақылау, мониторинг, есепке алу
189-бап. Бюджеттiк кредиттердi бақылау
1. Кредитор және (немесе) сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) бюджеттiк кредиттiң нысаналы пайдаланылуына және ол бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ететiн жағдайдың болуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
Бюджеттiк бағдарламаның әкiмшiсi жергiлiктi жерлерде бюджеттiк кредиттiң нысаналы және тиiмдi пайдаланылуын тексерудi жүзеге асыра алады.
2. Бюджеттiк кредиттi нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбау фактiлерi анықталған жағдайда кредитор немесе сенiм бiлдiрiлген өкiл (агент) қарыз алушыдан кредиттiң заңсыз пайдаланылған сомасын кредиттiк шартта белгiленген мөлшерде айыппұл ала отырып өндiрiп алады.
190-бап. Бюджеттiк кредиттер мониторингi және оларды есепке алу
1. Бюджеттiк кредиттер бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мiндеттi тiркеуге, есепке алынуға және оларға мониторинг жүргiзiлуге жатады.
2. Жергiлiктi бюджеттерден берiлген бюджеттiк кредиттер жасалған кредиттiк шарттар туралы, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындаған нысандар мен мерзiмдер бойынша бюджеттiк кредиттердi нақты беру, оларға қызмет көрсету және өтеу туралы жергiлiктi атқарушы органдардың есептiлігі негiзiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның орталықтандырылған түрде есепке алуына жатады.
3. Кредиторлар берiлген барлық бюджеттiк кредиттердiң қарыз алушылар мен сенiм бiлдiрiлген өкiлдер (агенттер) тұрғысынан тiзiлiмiн жүргiзедi.
4. Бюджеттiк кредиттердi пайдалану тиiмдiлiгiн бағалауды бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi, бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
11-бөлім. Мемлекеттік және мемлекет
кепілдік берген қарыз алу мен борыш
43-тарау. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік
берген қарыз алу мен борыш туралы жалпы ережелер
191-бап. Осы бөлiмде пайдаланылатын ұғымдар
Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аваль - вексельдiк кепiлдiк, бұл жағдайда оны жасаған тұлға вексель бойынша мiндеттi басқа тұлға үшiн вексель бойынша төлем жасауға (толық немесе бiр бөлiгiнде) өзiне мiндеттеме алады;
2) сыртқы қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi емес, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
3) iшкi қарыз - қарыз берушi Қазақстан Республикасының резидентi, ал қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының резидентi болатын қарыз қатынастары;
4) банк кепiлдiгi - қарыз алушы белгiленген мерзiмде қарыз шарты бойынша өзiнен алынуға тиесiлi соманы төлемеген жағдайда бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның алдындағы мемлекет кепiлдiк берген қарызды өтеу жөнiндегi банктiң мiндеттемесi;
5) мемлекет кепiлдiк берген борыш - мемлекеттiк кепiлдiктермен қамтамасыз етiлген, белгiлi бiр күнге алынған және өтелмеген мемлекеттiк емес қарыздар сомасы;
6) мемлекет кепiлдiк берген қарыз - мемлекеттiк кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген мемлекеттік емес қарыз;
7) мемлекеттiк қарыз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар болатын қарыз қатынастары;
8) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болатын қарыз қатынастарында оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
9) ақша рыногы - қысқа мерзiмдi (бiр жылға дейiнгi) өтiмдi қаржы құралдары рыногы;
10) қарыз шарты - соған байланысты қарыз алушы қарыз қаражатын алатын және қарыз берушiнiң алдында оны қайтару және сыйақыны (мүдденi), сондай-ақ қарызға байланысты басқа да төлемдердi төлеу жөнiнде мiндеттеме атқаратын келiсiм;
11) қарыз беруші - мемлекеттiк кепiлдiкпен мемлекеттiк немесе мемлекеттiк емес қарыздарды берген тұлға;
12) қарыз алу - қарыз қаражаттарын тарту қажеттiгi туралы шешiм қабылдау, қарызды тарту, пайдалану, өтеу және оған қызмет көрсету тәртiбi мен талаптарын айқындау рәсiмдерiн, келiссөздер, мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету және оларға кепiлдiк беру, қарыз бойынша тиiстi құжаттарды ресiмдеу және оларға қол қою, қарыз шартын бекiту (мемлекеттiк сыртқы қарыз алу кезiнде), тараптардың мiндеттемелердi орындауын есепке алу, бақылау және талдау рәсiмдерiн қоса алғанда қарыз қаражатын алу, пайдалану рәсiмдерiн қамтитын процесс;
13) мемлекеттiк кепiлдiктердi беру лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiлетiн, оның шегiнде мемлекеттiк кепiлдiктер берiлуi мүмкiн тiркелген сома;
14) жергiлiктi атқарушы орган борышының лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетте бекiтiлетiн жергiлiктi атқарушы органның белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) жергiлiктi атқарушы органның нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген қарыздарының тiркелген сомасы;
15) үкiметтiк борыш лимитi - тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекiтiлетiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң белгiленген күнге (қаржы жылының аяғына) нақты борышынан асып кетпеуге тиiс алынған және өтелмеген үкiметтiк қарыздардың тiркелген сомасы;
16) борыш мониторингi - мемлекеттiң өзi уәкiлеттiк берген органдар арқылы борышты есепке алу, талдау және қалыптастыру, өзгерту және қызмет көрсету процесiн бақылау жөнiндегi қызметi;
17) мемлекеттiк емес қарыз - Қазақстан Республикасының Үкiметiн, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидентi қарыз алушы болатын қарыз қатынастары;
18) сыйақының (мүдденiң) тiркелмеген (құбылмалы) ставкасы рынок конъюнктурасына байланысты өзгерiстерге ұшыраған кредиттер, қарыздар жөнiндегi сыйақы (мүдде) ставкасы немесе сыйақымен (мүддемен) қоса бағалы қағаздар бойынша кiрiс;
19) борышқа қызмет көрсету - уақыттың белгiлi бiр кезеңiндегi сыйақының (мүдденiң), комиссиялық алымдардың, айыппұлдардың және қарыз алу шарттарынан туындайтын өзге де төлемдердiң жиынтық төлемдерi;
20) қарызға қызмет көрсету - бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның немесе банктiң қарыз алушының шоттарындағы қарыз қаражаттарының пайдаланылуын есепке алу жөнiндегi қызметi және қарыз алушының сыйақы (мүдде) төлемдерiн, комиссиялық алымдарды және қарыз шарттарына сәйкес басқа да төлемдердi жүзеге асыруы;
21) борышты өтеу - қарыз алушының алған қарыз сомасын қарыз шартында белгiленген тәртiппен қайтаруы, қарыз шартынан туындайтын басқа да мiндеттемелердi орындауы;
22) бағдарламалық қарыздар - халықаралық қаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының экономикасын дамыту және реформалау жөнiндегi өздерiмен келiсiлген iс-шараларын орындау шарттарымен Қазақстан Республикасының Үкiметiне немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне беретiн қарыздары;
23) үкiметтiк борыш - Қазақстан Республикасының Үкiметi алған және өтемеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң белгiлi бiр күнге борыштық мiндеттемелерiнiң борышына жатқызылған мемлекеттiк қарыздар сомасы;
24) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарын бiрiншi иеленушiлерге азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау арқылы иелiктен шығаруы;
25) мемлекеттiк борышты қайта қаржыландыру - жаңадан алынған қарыз қаражаттары есебiнен мемлекеттiк борышты өтеу;
26) қарызды қайта құрылымдау - тараптардың келiсiмi бойынша қарыз шарты жөнiндегi өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерiн, қаржылық және өзге де талаптарды өзгертуi;
27) Қазақстан Республикасының резиденттерi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және (немесе) оның шегiнен тыс жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;
28) негiзгi борыш сомасы - қарыз берушiден алынған және оған қайтарылмаған қарызды, сол бойынша сыйақының (мүдденiң), тұрақсыздық төлемiнiң (айыппұлдың, өсiмпұлдың) есептелген сомасын есепке алмастан, өтелуге жататын сома.
192-бап. Қарыз алу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың қарыз алуы, мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу Қазақстан Pecпубликасының бюджеттiк заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыз алуы "Қазақстан Pecпубликасының Ұлттық Банкi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнің, жергiлiктi атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыз алуы мемлекеттiк қарыз алу болып табылады.
3. Мемлекеттiк емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi кез келген мөлшерде, кез келген валютада және кез келген нысанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып дербес жүзеге асырады.
Мемлекеттiк ұйымдар мен қазыналық кәсiпорындар мемлекеттiк емес қарыз алуды жүзеге асыруға құқылы емес.
Мемлекеттiк емес қарыздарды заңды тұлғалар мемлекеттiк кепiлдiкпен тарта алады.
Мемлекеттiк кепiлдiкпен тартылатын мемлекеттiк емес қарыздар қарыз шарты нысанында болуға тиiс.
193-бап. Мемлекеттiк қарыздардың түрлерi мен нысандары
1. Мемлекеттiк қарыздар қарыз алушыға қатысты алғанда:
1) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыздары;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қарыздары;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың қарыздары болып бөлiнедi.
2. Несие капиталының рыноктарына қарай мемлекеттiк қарыздар:
1) мемлекеттiк сыртқы қарыздар;
2) мемлекеттiк iшкi қарыздар болып бөлiнедi.
3. Қарыз алу нысаны бойынша мемлекеттiк қарыздар:
1) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару;
2) қарыз шарттарын жасасу болып бөлiнедi.
4. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар қолданылу мерзiмiне қарай:
1) 1 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен қысқа мерзiмдi;
2) 1 жылдан 5 жылға дейiнгi айналыс мерзiмiмен орта мерзiмдi;
3) 5 жылдан артық айналыс мерзiмiмен, ұзақ мерзiмдi болып бөлiнедi.
Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар құжаттамалық және құжаттамалық емес нысанда шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар ұсынушыға арналып құжаттамалық нысанда ғана шығарылуы мүмкiн. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар нақты және дисконттық құны бойынша сыйақының (мүдденiң) тiркелген және тiркелмеген (құбылмалы) ставкасымен шығарылуы мүмкiн.
194-бап. Мемлекеттiк борыш
1. Мемлекеттiк борыш - Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң борышына немесе мәслихаттардың шешiмдерiмен жергiлiктi атқарушы органдардың борышына жатқызылған алынған (игерiлген) және өтелмеген мемлекеттiк қарыздардың белгiлi бiр күнге, сондай-ақ борыштық мiндеттемелердiң белгiлi бiр күнге сомасы.
2. Мемлекеттiк борыш iшкi және сыртқы мемлекеттiк борышты қамтиды.
3. Мемлекеттiк iшкi борыш - Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының қарыз берушi резиденттерiнiң алдындағы мемлекеттiк iшкi қарыздары мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi.
4. Мемлекеттiк сыртқы борыш - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасының қарыз берушi резидент еместерiнiң алдындағы мемлекеттiк сыртқы қарыздар мен басқа да борыштық мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiк борышының құрамдас бөлiгi.
195-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк борышты өтеу мен оған қызмет көрсету жөнiндегi мiндеттемелерi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджеттiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн үкiметтiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi бюджеттердiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн өзiнiң борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнiнде мiндеттемелер атқарады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар бiр-бipiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерi қарыз берушiге негiзгi борыш қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөнiндегi төлемдер толық мөлшерде төленген кезде орындалды деп есептеледi.
5. Қазақстан Республикасының Үкiметi және жергiлiктi атқарушы органдар тиiсiнше үкiметтiк борыштың және жергiлiктi атқарушы органдар борышының мониторингiн борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесiн есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы жүзеге асырады.
196-бап. Мемлекеттiк борышты басқару
Мемлекеттiк борышты басқару:
1) алдағы орта мерзiмдi кезеңге арналған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың жай-күйiн ондағы көрсеткiштердi үкiметтiк борышты және жергiлiктi атқарушы органдардың борышын өтеу және қызмет көрсету көлемдерiн, лимиттерiн, мемлекеттiк кепiлдiктердi ұсынудың белгiленген көлемдерiне сәйкес айқындай отырып жыл сайынғы бағалауды және болжамдауды қамтиды. Алдағы орта мерзiмдi кезеңге арналған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың жай-күйi мен болжамын жыл сайынғы бағалауды дайындауды бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның қатысуымен республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарының, жинақталған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың көлемдерi мен құрылымының негiзiнде жүзеге асырады;
2) бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлетiн үкiметтiк борыш лимитiн және мемлекеттiк кепiлдiктер беру лимитiн айқындауын;
3) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекiтiлетiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алу көлемдерiн, нысандары мен шарттарын, үкiметтiк борышты өтеу мен қызмет көрсету көлемдерiн айқындауын;
4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның мемлекеттiк қарыздарды тiркеудi, мемлекеттiк қарыздар алу, өтеу және қызмет көрсету мониторингiн және мемлекеттiк борыш мониторингiн жүзеге асыруын;
5) борыш құрылымын оңтайландыру жөнiндегi, соның iшiнде борышты мерзiмiнен бұрын өтеу, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды эмитенттiң сатып алуы мен сатуы, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борышты қайта құрылымдау, борышты қайта қаржыландыру, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу тәуекелiн басқару жөнiндегi iс-шаралар дайындауын және iске асыруын қамтиды.