жергiлiктi деңгейде мәдениет, спорт және ақпарат саласындағы қызметтi;
жергілікті деңгейдегі өнеркәсіп, көлік және объектілер құрылысын;
қоршаған ортаны қорғау жөнінде жергілікті атқарушы органдар жүргізетін іс-шараларды;
жергілікті деңгейдегі жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді;
елдi мекендердi абаттандыруды, елдi мекендердiң жолдары мен көшелерiн пайдалану мен салуды;
жергілікті маңызы бар жолдарды пайдалану, салу мен қайта құруды;
халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және ағын суларды тазалау жөніндегі iс-шараларды;
Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бағдарламаларын;
төмен тұрған бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттерге және жоғары тұрған бюджеттерден төмен тұрған бюджеттерге берілетін ресми трансферттерді.
жергiлiктi бюджеттерден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына берiлетiн ресми трансферттердi;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферттердiң есебiнен iске асырылатын өзге де бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қызмет түрлерін жүзеге асыратын жергілікті бағдарламалардың әкімшілері мен оларға бағынысты мемлекеттік мекемелерді ұстауға арналған шығындар да жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарды ұстауға арналған шығыстар жергiлiктi атқарушы органдар бекiткен штат санының лимиті мен бір қызметкерге арналған ағымдағы шығындардың нормативтері негізге алына отырып белгіленеді.
Жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiн, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, тиiстi жергiлiктi бюджеттен басқа, өзге де қаржыландыру көздерiнiң есебiнен ұстауға жол берiлмейдi.
2-1. Жергілікті бюджеттен шығыстардың жекелеген бағыттары бойынша немесе жекелеген жергiлiктi бюджеттік бағдарламалар бойынша тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiміндегіден басқа, өзге де нормативтiк құқықтық актілерде шығыстар мен кредиттеудiң ең аз, шекті немесе тiркелген мөлшерлерiн белгiлеуге жол берiлмейдi.
3. Мәслихаттардың шешімі бойынша жергілікті атқарушы органдар заңдарға қайшы келмей және республикалық бюджеттік бағдарламаларды қозғамай, қызметтің басқа бағыттары бойынша бюджеттік бағдарламалар енгізуге құқылы.
4. Жергілікті бюджеттердің сыртқы экономикалық қызметпен байланысты және ұлттық валютаның айырбас бағамының жоспарланған өзгерісіне сәйкес белгіленген қаражаты валюталар бөлінген кездегі олардың айырбасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалған нарықтық бағамы бойынша жұмсалады.
ҚР 04.11.99 ж. № 472-1; 15.01.01 ж. № 140-II; 06.12.01 ж. № 261-II Заңдарымен 13-бап өзгертілді және толықтырылды
13-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерi республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған және ағымдағы қаржы жылына шұғыл қаржыландыруды талап ететін шығыстарды қаржыландыру үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң құрамында құрылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергiлiктi атқарушы органдар резервтерiнiң құрамында:
табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен айқындалатын өзге де күтілмеген шығыстарға арналған қаражат;
сот шешiмдерi бойынша тиiсiнше Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, орталық мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерiн өтеуге арналған қаражат;
кассалық алшақтықты жабуға арналған төмен тұрған бюджеттердi кредиттеу үшiн арнаулы резерв көзделедi.
Сот шешiмдерi бойынша тиiсiнше Қазақстан Республикасы Үкіметінiң, орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерiн өтеу үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергiлiктi атқарушы органдар резервтерiнiң құрамында көзделген қаражат толық көлемiнде пайдаланылған жағдайда, соттың мұндай шешiмдерi бойынша өтелмеген мiндеттемелерi болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергiлiктi атқарушы орган республикалық бюджет туралы заңға немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың тиiстi шешiмдерiне өзгерістер енгізу арқылы Қазақстан Республикасы Yкіметі немесе жергiлiктi атқарушы орган резервiнiң мөлшерлерiн ұлғайту туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе тиiстi жергiлiктi өкiлдi органға ұсыныс енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражатты тиісті жылға арналған бюджет шығыстарының құрамында бекітілген мөлшер шегінде бөлу және қаржыландыруды ашу Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы қаржы жылының аяғында күшін жоятын шешімдері бойынша бюджет деңгейіне қарай жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар резервтерінің қаражатын пайдалану тәртібін тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар резервтерінің мөлшері тиісті бюджет түсімдері көлемінің екі процентінен аспауға тиіс.
ҚР 26.07.99 ж. № 463-1 Заңымен тақырыбы өзгертілді
3-тарау. Бюджеттің әзірленуі, қаралуы және бекітілуі
ҚР 26.07.99 ж. № 463-1; 04.11.99 ж. № 472-1; 15.01.01 ж. № 140-II; 06.12.01 ж. № 261-II; 31.10.02 ж. № 351-II Заңдарымен 14-бап өзгертілді және толықтырылды
14-бап. Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу
1. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тиісті кезеңге арналған индикативтік жоспары негізінде және Қазақстан Республикасының Үкіметі өткен қаржы жылында бекіткен, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) республикалық бюджет комиссиясы белгілеген республикалық бюджет шығыстары лимиттерінің шегінде алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімдер;
2) алдағы қаржы жылында секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың тізбесі жөніндегі ұсыныстар енгізеді.
Орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұсыныстар мен деректерді табыс етеді.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган келісуге мынадай болжамды көрсеткіштерді:
облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне түсетін түсімдерді;
облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органының тиісті қаржы жылының аяғындағы борышының көлемін;
облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органының борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындарының көлемін табыс етеді.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының қаржы министрлігіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де көрсеткіштер мен деректерді де табыс етеді.
4. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша республикалық бюджет комиссиясы айқындаған шығыстар лимитінің шегінде инвестициялық жобалардың тізбесі мен республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі жөніндегі ұсыныстарды республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің осы баптың 3-тармағында аталған болжамды көрсеткіштерін келіседі;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін, сондай-ақ республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына республикалық бюджет комиссиясы айқындаған алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесін және республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін жеткізеді;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытынды дайындайды;
4) республикалық бюджет комиссиясының қарауына:
мемлекеттік бюджеттің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
шикізат секторы ұйымдарының тізбесін;
республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін, соның ішінде ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимиттерін қоса алғанда, республикалық бюджеттің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін бюджеттік өтінімдер бойынша қорытындысын;
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің ағымдағы қаржы жылының басындағы жағдай бойынша қалыптасқан әрбір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша кредиторлық берешегінің сомасын;
алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын;
осы Заңның 15-бабында белгіленген басқа да көрсеткіштерді енгізеді;
5) алдағы қаржы жылына арнап республикалық бюджет комиссиясы айқындаған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасының негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштерін жасайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне табыс етеді;
6) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдағаннан кейін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына осы баптың 3-тармағында көрсетілген, келісілген болжамды көрсеткіштерді жібереді;
7) республикалық бюджеттің үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді.
Бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
6. Республикалық бюджет комиссиясы:
1) мыналарды:
Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін, соның ішінде ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимиттерін қоса алғанда, республикалық бюджеттің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды, соның ішінде облыстарда, Астана және Алматы қалаларында іске асырылатын жобаларды ескере отырып, алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесі мен республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін;
ағымдағы қаржы жылының басындағы жағдай бойынша қалыптасқан республикалық бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің кредиторлық берешегін жоспарланып отырған қаржы жылында өтеу көлемін;
алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын; осы Заңның 15-бабында белгіленген басқа да көрсеткіштерді қарайды және айқындайды;
2) шикізат секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің болжамды көлемдерін айқындау және оны кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекіту үшін ол ұйымдардың тізбесін қарайды;
3) мыналарды:
бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары арасындағы жергілікті бюджеттердің болжамды көрсеткіштері бойынша келіспеушіліктерді реттеуді;
республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша шешім шығарады.
Республикалық бюджет комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілдіктерді жүзеге асыруға құқылы.
7. Мемлекеттік, салалық (секторлық) бағдарламаларда бағдарламалық іс-шараларды іске асыруға көзделетін шығыстардың жалпы көлемі мемлекеттік және республикалық бюджеттердің үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштері шеңберінде айқындалуға тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларының және салалық (секторлық) бағдарламалардың жобалары қаржыландыру көздері мен мерзімдері бөлігінде бағдарламалық іс-шараларды қаржыландыру көлемі жөнінде республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы болған жағдайда бекітіледі. Бұрын бекітілген мемлекеттік бағдарламалар, салалық (секторлық) бағдарламалар республикалық бюджет комиссиясының тиісті қорытындысы болған жағдайда өзгертілуге тиіс.
8. Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Республикалық және жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 26.07.99 ж. № 463-1; 04.11.99 ж. № 472-1; 15.01.01 ж. № 140-II; 03.05.01 ж. № 182-II; 06.12.01 ж. № 261-II Заңдарымен 15-бап өзгертілді және толықтырылды
15-бап. Республикалық бюджет
Тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заң мыналарды:
кірістердің, алынған ресми трансферттердің, республикалық бюджеттен берілген кредиттерді қайтарудың, шығындардың, кредиттердің және бюджет тапшылығының (профицитінің) көлемдерін;
облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша республикалық және жергiлiктi бюджеттерге шикiзат секторының ұйымдарынан түсетiн түсiмдердiң көлемдерiн;
мемлекеттік акциялар пакетi бар акционерлік қоғамдардан және республикалық мемлекеттік кәсiпорындардан алынатын түсiмдердiң толық тiзбесiн;
айлық жалақының, зейнетақы мен айлық есептік көрсеткіштің ең төмен мөлшерін;
Қазақстан Республикасы Үкіметі резервтерінің мөлшерін;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерi бойынша мiндеттемелердi орындау сомасын;
үкіметтік борыштың лимитін;
Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктерін беру лимитін;
облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша республикалық және жергiлiктi бюджеттерден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына берiлетiн ресми трансферттердiң сомасын;
республикалық бюджеттік бағдарламалардың функционалдық топтары, әкімшілері бойынша және ішкі бағдарламалар бойынша шекті шығыстардың тізбесін;
республикалық ағымдағы бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламаларының тізбелерін;
тиiстi қаржы жылына арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттердi атқару процесiнде секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергiлiктi бюджеттік бағдарламалардың тiзбесiн;
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің ағымдағы қаржы жылының басында қалыптасқан кредиторлық берешегін өтеу сомасын.
ҚР 26.07.99 ж. № 463-1; 06.12.01 ж. № 261-II 31.10.02 ж. № 351-II Заңдарымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Республиканың бюджеттік қарау және бекіту
1. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі жоспарланып отырған жылдың алдындағы қыркүйектің 15-інен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне табыс етеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бір мезгілде республикалық бюджеттің өздері бекіткен алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін табыс етеді.
2. Республикалық бюджетті бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу олар алдымен Мәжілісте, одан кейін Сенатта қаралған соң Палаталардың бірлескен отырысында жасалады.
Талқылау қаралып отырған мәселе бойынша қорытындымен қоса, Үкiмет уәкiлеттiк берген тұлғаның (тұлғалардың) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспары және тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Төрағасының ақша-кредит саясаты бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары уәкiлеттiк берген тұлғалардың баяндамаларын қамтиды.
3. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында кемінде екі оқылымда және ағымдағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей республикалық бюджеттік бағдарламалар деңгейінде бекітіледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі алдағы жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын енгізе отырып, Қазақстан Республикасының Парламентіне қаражатты кіші бағдарламалар деңгейінде жұмсау сомаларын ұсынады.
Қазақстан Республикасының Парламенті 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде кезекті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті, "Алдағы қаржы жылының 1-тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар туралы" Жарлық шығаруға құқылы, ол республикалық бюджетті Парламент бекіткенге дейін қолданылады.
Қаржылық жоспардың атқарылуы осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 06.12.01 ж. № 261-II Заңымен 17-бап 2, 3-тармақтармен толықтырылды
17-бап. Республикалық бюджетті нақтылау тәртібі
1. Республикалық бюджетті оны атқару барысында нақтылау Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсыныстары немесе басқа да заң шығарушылық бастамалар негізінде заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі органдарға республикалық бюджет комиссиясы қарайды.
3. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде мемлекеттік органдарға республикалық бюджетті әзірлеу кезінде қойылатын талаптар сақталады.
ҚР 26.07.99 ж. № 463-1; 04.11.99 ж. № 472-1; 15.01.01 ж. № 140-II; 03.05.01 ж. № 182-II; 06.12.01 ж. № 261-II; 31.10.02 ж. № 351-II Заңдарымен 18-бап өзгертілді және толықтырылды
18-бап. Облыстық бюджеттің жобасын, Астана және Алматы қалалары бюджеттерін әзірлеу
1. Жергілікті бюджеттерді әзірлеу бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган бекіткен бюджеттік сыныптамаға сәйкес бюджеттік жоспарлаудың бірлігі негізінде жүзеге асырылады.
2. Жергілiктi өкiлдi және атқарушы органдар тапшылық көлемдерiнiң қаржы жылына белгiленетiн тиiстi жергiлiктi бюджеттердiң тапшылығын қаржыландыру көлемдерiне сәйкес келмегенi үшiн жауапты болады.
3. Облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен мерзімдерде облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті уәкілетті органына:
1) облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиялары белгілеген облыстық бюджеттің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің шығыстары лимиттерінің шегінде алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімдер;
2) алдағы қаржы жылында секвестрлеуге жатпайтын жергілікті бюджеттік бағдарламалар тізбесі бойынша ұсыныстар енгізеді.
Облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұсыныстармен деректерді табыс етеді.
4. Аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде алдағы үш жылдық кезеңге арналған аудандардың (қалалардың) бюджеттеріне түсетін түсімдердің болжамын облыстың жергілікті уәкілетті органына келісуге табыс етеді.
Аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары облыстың жергілікті уәкілетті органына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де көрсеткіштер мен деректерді табыс етеді.
5. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде:
1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген аудандар (қалалар) бюджеттерінің болжамды көрсеткіштерін келіседі;
2) жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне облыстық бюджет, Астана және Алматы қалалары бюджеттері шығыстарының лимиттерін, сондай-ақ жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына облыстың бюджет комиссиясы айқындайтын алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесін және облыстық бюджеттен қаржыландырылу көлемін жеткізеді;
3) облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытынды дайындайды;
4) облыс, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиясының қарауына:
облыс бюджетінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
шығыстар лимиттерін, соның ішінде ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимиттерін қоса алғанда, облыстық бюджеттің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
ағымдағы қаржы жылында іске асырылатын жобаларды ескере отырып, облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиясы инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимитінің шегінде айқындаған инвестициялық жобалардың тізбесі және жергілікті бюджеттің қаражатынан қаржыландыру көлемдері бойынша ұсыныстарды;
облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша қорытындыны;
ағымдағы қаржы жылының басындағы жағдай бойынша қалыптасқан әрбір тиісті жергілікті бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) бойынша облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің кредиторлық берешегінің сомасын;
алдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджеттің жобасын;
осы Заңның 18-2-бабында белгіленген басқа да көрсеткіштерді енгізеді;
5) алдағы қаржы жылына арнап облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиясы айқындаған облыстық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы негізінде облыстық бюджеттің алдағы қаржы жылына арналған жобасын және облыс, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін жасайды және облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органына табыс етеді;
6) облыстық бюджеттің жобасын облыстың жергілікті атқарушы органы мақұлданғаннан кейін осы баптың 4-тармағында аталған, келісілген болжамды көрсеткіштерді аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына жібереді;
7) облыс, Астана және Алматы қалалары бюджетінің болжамын бюджеттi жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi органға 1 тамызға дейін табыс етеді.
Облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
6. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиясы:
1) мыналарды:
облыс бюджетінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
облыстық бюджеттің, Астана және Алматы қалалары бюджеттері шығыстарының лимиттерін, соның ішінде ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимиттерін қоса алғанда, облыстық бюджеттің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
ағымдағы жылы іске асырылатын жобаларды, соның ішінде ауданда (қалада) іске асырылатын инвестициялық жобаларды ескере отырып, алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесі мен жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемдерін;
облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің ағымдағы қаржы жылының басындағы жағдай бойынша қалыптасқан бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша кредиторлық берешегін жоспарланып отырған қаржы жылында өтеу көлемін;
облыстық бюджеттің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің алдағы қаржы жылына арналған жобасын;
осы Заңның 18-2-бабында белгіленген басқа да көрсеткіштерді қарайды және айқындайды;
2) мыналар:
аудандар (қалалар) бюджеттерінің болжамды көрсеткіштері бойынша облыстың жергілікті уәкілетті органы мен аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары арасындағы келіспеушіліктерді реттеу;
облыстық бюджеттен, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері бойынша қарайды және шешім шығарады.
Облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджет комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
7. Аумақтардың экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларында бағдарламалық іс-шараларды іске асыруға арнап көзделетін шығыстардың жалпы көлемі облыс, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің үш жылдық кезеңге арналған болжамдары көрсеткіштері шеңберінде айқындалуға тиіс.
Аумақтардың экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының жобаларды қаржыландыру көздері мен мерзімдері бөлігінде бағдарламалық іс-шараларды қаржыландыру көлемі бойынша облыс, Астана және Алматы қалалары бюджет комиссиясының қорытындылары болған жағдайда бекітіледі. Аумақтардың бұрын бекітілген экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламалары облыс, Астана және Алматы қалалары бюджет комиссиясының тиісті қорытындылары болған жағдайда өзгертілуге тиіс.