"Бюджет жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының
2001 ж. 6 желтоқсандағы № 261-II Заңы
1-бап. "Бюджет жүйесі туралы" 1999 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 7, 225-құжат; № 20, 731-құжат; № 21, 783-құжат; № 23, 916, 928, 930-құжаттар; 2000 ж., № 21, 395-құжат; 2001 ж., № 1, 6-құжат; № 10, 123-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1-бапта:
алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бюджеттік өтінім - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгілеген құрамда және нысандар бойынша бюджетті әзірлеу кезінде бюджеттік бағдарламаны негіздеу және оны қаржыландыру сомасын айқындау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ұсынатын құжаттардың жиынтығы;"; сегізінші абзац алып тасталсын;
он бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бюджеттік бағдарлама және кіші бағдарлама - мемлекеттік басқару функцияларын және мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бюджеттен қаржыландырылатын іс-шаралар кешені;";
мынадай мазмұндағы он үшінші абзацпен толықтырылсын:
"кредиттерді қайтару - бұрын бюджеттен берілген кредиттер бойынша негізгі борышты қайтару сомасы;";
он бесінші абзацтағы "және бюджеттен қайтарымды негізде бөлінген кредиттердің" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы жиырма бірінші, жиырма екінші және жиырма үшінші абзацтармен толықтырылсын:
"бюджет шығындары - бюджеттен қайтарымсыз негізде бөлінетін қаражат; инвестициялық жоба - белгіленген тәртіппен ресімделген құжаттарға сәйкес белгілі бір мерзімде жүзеге асырылатын және материалдық объектілерді жасау немесе жетілдіру жолымен мемлекеттің активтерін көбейтуге бағытталған іс-шаралар кешені;
бюджеттің атқарылуы - бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындау;";
жиырма бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бюджет профицитін пайдалану - бюджет қаражатының қалдықтарын, бюджет шығыстарынан түсімдердің артығын, мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден, борышты басқару мақсатында негізгі борышты өтеуге, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуға және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қалыптастыруға арнап, ұйымдастырылған бағалы қағаздарды қарызға алудан және сатудан тартылған ақшаны жұмсау процесі. Бюджет профицитін пайдалану көлемі негізгі борышты өтеу және ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу көлемінің тартылған ақшамен бюджет қаражаты қалдықтарының көлемінен асып түсуімен өлшенеді;";
жиырма екінші абзацтағы "мен кредиттеу" және "бос" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы жиырма үшінші және жиырма төртінші абзацтармен толықтырылсын:
"кредиттер - белгіленген тәртіппен бюджеттен заңды және жеке тұлғаларға, төменгі бюджеттерге қайтарымды және ақылы негізде бөлінетін қаражаттар. Төменгі бюджеттерді кредиттеу, республикалық бюджет туралы заңмен немесе облыстық мәслихаттың тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджет туралы шешімімен көзделген жағдайларда, нөлдік ставка бойынша жүзеге асырылуы мүмкін;
мемлекеттік мекеменің кредиторлық берешегі - қабылданған міндеттемелердің белгіленген мерзімде төленбеген сомасы;";
жиырма төртінші абзацта:
"мемлекеттік міндеттерді" деген сөздер "жергілікті мемлекеттік басқару міндеттерін" деген сөздермен ауыстырылсын;
"жергілікті маңызы бар жобаларды" деген сөздер "жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы жиырма бесінші және жиырма алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
"жергілікті уәкілетті орган - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің қаржыларын басқаруға әкім уәкілеттік берген атқарушы орган;
бюджет қаражатының қалдықтары - қаржы жылының басындағы бос қалдықтардың және бюджет қаражатының ағымдағы жылдың 15 наурызындағы жағдай бойынша есепті кезеңнің ішінде пайда болған қалдықтарының сомасы;";
жиырма алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"ресми трансферттер - гранттарды қоспағанда, бюджетке түсетін өтеусіз және қайтарымсыз түсімдер немесе бюджет шығындары;";
мынадай мазмұндағы жиырма сегізінші және жиырма тоғызыншы абзацтармен толықтырылсын:
"бюджеттік бағдарламаның паспорты - Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган бекітетін, бюджеттік бағдарламаның мақсаттарын, күтіліп отырған нәтижелерін, жауапты атқарушыларын, орындалу мерзімдерін, ұлттық валютадағы құнын, қаржыландыру көздерін және басқа да сипаттамаларын айқындайтын құжат;
бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландыру жоспары мемлекеттік мекеменің міндеттемелерін қабылдаудың, экономикалық сыныптама бөлігінде оларды орындау үшін төлемдерді жүзеге асырудың айлар бойынша кестесі;";
жиырма сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"өтеу - үкіметтік борышты және жергілікті атқарушы органдардың борышын қайтару сомасы;";
жиырма тоғызыншы абзацта:
"шығыстарынан" деген сөз "шығындарынан" деген сөзбен ауыстырылсын;
"бюджеттен бұрын берілген кредиттер бойынша негізгі борышты өтеудің" деген сөздер "кредиттерді қайтарудың" деген сөздермен ауыстырылсын;
отыз екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"қабылданған міндеттеме - мемлекеттік мекеменің төлемдер бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында тіркелген міндеттемесі;";
отыз үшінші абзацтағы "және қайтарымды негізде берілетін кредиттер" деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы отыз төртінші абзацпен толықтырылсын:
"рұқсат - бюджет қаражатының көлемін айқындайтын құжат, мемлекеттік мекемелер соның шегінде төлемдер бойынша міндеттемелер қабылдайды;";
отыз төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бюджет шығыстары - бюджеттің шығындары мен кредиттерінің жиынтығы;";
отыз алтыншы абзацта:
"мемлекеттік міндеттерді" деген сөздер "мемлекеттік басқару міндеттерін" деген сөздермен ауыстырылсын;
"республикалық маңызы бар жобаларды" деген сөздер "республикалық деңгейде мемлекеттік саясатты" деген сөздермен ауыстырылсын;
отыз жетінші абзацтағы "есепті кезеңді ескере отырып" деген сөздер "есепті кезеңде инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қажетті соманы шегере отырып" деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы отыз сегізінші абзацпен толықтырылсын:
"қаржыландырудың жиынтық жоспары - бюджет бөліктерінің кезеңдер бойынша теңдестірілген қаржылық жоспары;";
қырық бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"есепті кезең - жаңа қаржы жылына енбейтін кезең, бұл кезең ішінде өткен қаржы жылында бекітілген қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген инвестициялық жобаларға арналған бюджет шығыстары бойынша, сондай-ақ ресми трансферттерді бюджеттерге есептеу бойынша қорытынды операциялар жүргізіледі. Алдағы жылдың бюджеті үшін есепті кезең ағымдағы жылдың 15 наурызында аяқталды;";
қырық төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"бюджет тапшылығын қаржыландыру - борышты басқару мақсатында негізгі борышты өтеу, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу, бюджет тапшылығын жабу және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қалыптастыру үшін осы ақшаны, сондай-ақ бюджет қаражатының қалдықтарын пайдалану мақсатымен мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды қарызға алу және сату жолымен ақша тарту процесі. Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемі тартылған ақша көлемінің және бюджет қаражаты қалдықтарының негізгі борышты өтеуден және ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алудан асып түсуімен өлшенеді;";
мынадай мазмұндағы қырық жетінші абзацпен толықтырылсын:
"мақсатты инвестициялық трансферттер - инвестициялық жобаларды іске асыру үшін заң актілерімен немесе мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген сомалар шегінде жоғары тұрған бюджеттер төмендегілеріне беретін ресми трансферттер;";
2. 5-баптың 5) тармақшасы алып тасталсын.
3. 6-бапта:
1) 1) тармақшаның үшінші және төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
"алынған ресми трансферттер,
кредиттерді қайтару;";
2) 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) шығыстар:
шығындар,
кредиттер;".
4. Мынадай мазмұндағы 6-2, 6-3 және 6-4-баптармен толықтырылсын:
"6-2-бап. Бюджеттік бағдарламалар
1. Бюджеттік бағдарламалар:
1) ағымдағы бюджеттік бағдарламалар;
2) бюджеттік даму бағдарламалары болып бөлінеді.
2. Ағымдағы бюджеттік бағдарламалар заң актілеріне сәйкес мемлекеттік басқару міндеттерін орындауға бағытталған, тұрақты сипаты бар немесе бір жолғы іс-шараларды өткізуді көздейтін бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
Бюджеттік даму бағдарламалары адам ресурстарын дамытуды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық және институционалдық дамуына бағытталған бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
6-3-бап. Инвестициялық жобалар
1. Республикалық маңызы бар және орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар іске асыратын инвестициялық жобалар республикалық инвестициялық жобалар болып табылады. Республикалық инвестициялық жобалар шығынды және қайтарымды негіздерде республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
Облыстық, қалалық немесе аудандық маңызы бар және жергілікті атқарушы органдар іске асыратын инвестициялық жобалар жергілікті инвестициялық жобалар болып табылады. Жергілікті инвестициялық жобалар шығынды және қайтарымды негіздерде жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
2. Республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынылатын республикалық инвестициялық жобалар мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарында көрсетілген республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкес келуі;
жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен бірге жоба бойынша белгіленген тәртіппен ресімделген жобалық-сметалық құжаттаманың болуы;
салалық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы;
экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық атқарушы органның оң қорытындысының болуы.
3. Жергілікті бюджет комиссиясының қарауына ұсынылатын жергілікті инвестициялық жобалар мынадай талаптарға сай келуге тиіс:
облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативтік жоспарында көрсетілген аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкес келуі;
жобаның техникалық-экономикалық көрсеткіштерімен бірге жоба бойынша белгіленген тәртіппен ресімделген жобалық-сметалық құжаттаманың болуы;
жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның экономикалық жоспарлау жөніндегі оң қорытындысының болуы;
инвестициялық жобаны қайтарымды негізде қаржыландыру кезінде оның өтемділігі туралы сараптамалық қорытындының болуы.
4. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары республикалық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен мақсатты инвестициялық трансферттер бөлінеді.
Аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары облыстың инвестициялық жобаларын іске асыру үшін аудандардың (қалалардың) бюджеттеріне облыстық бюджеттен мақсатты инвестициялық трансферттер бөлінеді.
5. Инвестициялық жобаларды қарау ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
6-4-бап. Бюджет комиссиясы
1. Қазақстан Республикасының Президенті, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары тиісінше республикалық бюджет комиссиясын және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) бюджет комиссияларын құрады, олардың міндеттері мен жұмыс тәртібін белгілейді.
2. Республикалық және жергілікті бюджеттер комиссиялары өз қызметін тұрақты негізде жүзеге асырады. Бюджет комиссиясы қызметінің құқықтық негізін осы Заң және өзге де нормативтік құқықтық актілер құрайды.
3. Республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу мен нақтылау мақсатында республикалық бюджет комиссиясы мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) бюджет комиссиялары:
мемлекеттік, республикалық және жергілікті бюджеттердің үш жылдық кезеңге арналған негізгі болжамды көрсеткіштерін лимиттерін айқындайды;
алдағы үш жылдық кезеңге арналған шығыстар лимиттерін айқындайды;
мыналар:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары және аумақтарды дамытудың салалық (секторлық) бағдарламалары, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары;
бюджетті нақтылау;
бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын нақтылау және бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижелері туралы ақпараттар негізінде бюджеттік бағдарламаларды одан әрі іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және дайындайды;
Қазақстан Республикасының Президенті немесе облыстардың, Астана және Алматы қалаларының, аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары белгілейтін басқа да міндеттерді шешеді.".
5. 7-бапта:
1) 1) тармақшада:
а) тармақшасында:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы;";
үшінші абзац алып тасталсын;
төртінші абзацта:
"өндірілген тауарларға" деген сөздерден кейін ", орындалған жұмыстарға және" деген сөздермен толықтырылсын;
", жұмыстар мен қызмет көрсетулерге" деген сөздер алып тасталсын;
бесінші абзацтағы "тауарларға" деген сөзден кейін ", орындалған жұмыстарға және" деген сөздермен толықтырылсын;
жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші және отыз үшінші абзацтар алып тасталсын;
отыз төртінші абзацта:
"алымдардан" деген сөз "алымнан" деген сөзбен ауыстырылсын;
"алымдар" деген сөз "алым" деген сөзбен ауыстырылсын;
отыз бесінші және отыз алтыншы абзацтар алып тасталсын;
отыз жетінші абзацтағы "аударымдық және жай вексельдерге қатысты" деген сөздер алып тасталсын;
қырқыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлем;";
қырық үшінші абзац алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
радиоэлектрондық құралдарды және жоғары жиілікті құрылғыларды мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
теңіз, өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
теледидар және радиохабар тарату ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатты бергені үшін алым;
дәрі-дәрмек құралдарын мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем;
республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырғаны үшін төлем;
консульдық алым;
апостиль берілгені үшін мемлекеттік баж;";
б) тармақшасында:
бесінші, он үшінші, он бесінші, он сегізінші, жиырмасыншы және жиырма екінші абзацтар алып тасталсын;
в) тармақшасының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мүлікті сатудан түсетін түсімдер;";
2) 2) тармақшада:
бірінші абзацтағы "(гранттар)" деген сөз алып тасталсын;
екінші абзац алып тасталсын;
3) 3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) бұрын берілген кредиттер, республикалық бюджеттен мемлекеттік кепілдіктер мен міндеттемелер бойынша міндеттемелерді орындауға бағытталған қаражаттар бойынша республикалық бюджетке берешекті өтеу есебіне өндіріп алынған және алынған мүлікті сатудан (жалға, лизингіге беруден) түсетін түсімдерді қоса алғанда, республикалық бюджеттен берілген кредиттерді қайтару;".
6. 7-1-баптың екінші тармағындағы "24" деген цифр "24-1" деген цифрлармен ауыстырылсын.
7. 9-бапта:
1) 1-тармақта:
отыз бірінші абзацтағы "шығыстарды" деген сөз "шығындарды" деген сөзбен ауыстырылсын;
"бұрын берілген кредиттер, республикалық бюджеттен мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауға бағытталған қаражаттар бойынша республикалық бюджетке берешекті өтеу есебіне өндіріп алынған және алынған мүлікті сақтауға, есепке алуға, бағалауға және сатуға арналған шығындарды;";
2) 2-тармақта:
бірінші бөліктегі "шығыстар" деген сөз "шығындар" деген сөзбен ауыстырылсын;
екінші бөлікте:
"шығыстар", "шығыстардың" деген сөздер тиісінше "шығындар", "шығындардың" деген сөздермен ауыстырылсын;
"Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін" деген сөздер "Орталық мемлекеттік органдарды және олардың аумақтық бөлімшелерін" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 2-1-тармақтағы "Республикалық бюджеттен шығыстар мен кредиттеудің" деген сөздер "Республикалық бюджеттен шығыстардың" деген сөздермен ауыстырылсын.
8. 10-бап мынадай мазмұндағы 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:
"4. Тиісті облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің, аудандық (қалалық) бюджеттердің әзірлену және атқарылу процесіне, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдарының араласуына жол берілмейді.
5. Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітетін әкімшілік-аумақтық бөліністі басқару схемасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар айқындайды.".
9. 11-баптың 1-тармағында:
1) 1) тармақшада:
а) тармақшасында:
екінші абзац алып тасталсын;
үшінші абзацтағы "тауарларға," деген сөзден кейін "орындаған жұмыстарға және" деген сөздермен толықтырылсын;
бесінші және алтыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"спирттің барлық түрлері;
алкоголь өнімдері;";
жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші және он үшінші абзацтар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтармен толықтырылсын:
"темекі бұйымдары;
құрамында темекі бар басқа да бұйымдар;
бекіре және албырт балық уылдырықтары;
алтыннан, платинадан немесе күмістен жасалған зергерлік бұйымдар;
бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отыны;
атыс және газ қаруы (мемлекеттік өкімет органдарының мұқтажы үшін сатып алынғаннан басқа);
жеңіл автомобильдер (арнайы мүгедектерге арналған, қолмен басқарылатын автомобильдерден басқа);";
он бесінші және он алтыншы абзацтар алып тасталсын;
он жетінші және он сегізінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
"лотереялар ұйымдастыру және өткізу;
жеке табыс салығы;";
жиырма бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;";
жиырма сегізінші абзацтағы "аукциондық сатудан" деген сөздер "аукциондардан" деген сөзбен ауыстырылсын;
жиырма тоғызыншы және отызыншы абзацтар алып тасталсын;
отыз бірінші абзацтағы "алымдар" деген сөз "алым" деген сөзбен ауыстырылсын;
отыз екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем;";
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"консульдық алымнан және апостиль берілгені үшін мемлекеттік баждан басқа, мемлекеттік баж;
жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалған мәмілелерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алым;
жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем;
жергілікті маңызы бар және елді мекендерде жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырғаны үшін төлем;
жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем;
қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем.";
б) тармақшасында:
алтыншы, оныншы, он бірінші, он үшінші, он төртінші және он алтыншы абзацтар алып тасталсын;
в) тармақшасында:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мүлікті сатудан түсетін түсімдер;";
үшінші абзац алып тасталсын;
2) 2) тармақшада:
бірінші абзацтағы "(гранттар)" деген сөз алып тасталсын;
екінші абзац алып тасталсын;
3) 3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) жергілікті бюджеттерден берілген кредиттерді қайтару.".
10. 12-бапта:
1) 1-тармақта:
он бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
"қоршаған ортаны қорғау жөнінде жергілікті атқарушы органдар жүргізетін іс-шараларды;";
мынадай мазмұндағы жиырмасыншы абзацпен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бағдарламаларын;";
2) 2-тармақта:
бірінші бөліктегі "шығыстар" деген сөз "шығындар" деген сөзбен ауыстырылсын;
екінші бөлікте:
"шығыстардың" деген "шығындардың" деген сөзбен ауыстырылсын;
"Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін" деген сөздер "Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарды" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 2-1-тармақтағы "Жергілікті бюджеттен шығыстар мен кредиттеудің" деген сөздер "Жергілікті бюджеттен шығыстардың" деген сөздермен ауыстырылсын.
11. 13-баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде:
бірінші абзацтағы "күтпеген шығыстарды" деген сөздер "республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған және ағымдағы қаржы жылына шұғыл қаржыландыруды талап ететін шығыстарды" деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші абзац "төтенше жағдайларды жоюға" деген сөздерден кейін "және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен айқындалатын өзге де күтілмеген шығыстарға" деген сөздермен толықтырылсын.
12. 14-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"14-бап. Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу
1. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттің болжамды көрсеткіштерін және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тиісті кезеңге арналған индикативтік жоспары негізінде және Қазақстан Республикасының Үкіметі өткен қаржы жылында бекіткен, үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджеттің болжамды көрсеткіштері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне:
1) республикалық бюджет комиссиясы белгілеген республикалық бюджет шығыстары лимиттерінің шегінде алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өтінімдер;
2) алдағы қаржы жылында секвестрлеуге жатпайтын республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың тізбесі жөніндегі ұсыныстар енгізеді.
Орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ұсыныстар мен деректерді табыс етеді.
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне келісуге мынадай болжамды көрсеткіштерді:
облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне түсетін түсімдерді;
облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органының тиісті қаржы жылының аяғындағы борышының көлемін;
облыстың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органының борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындарының көлемін табыс етеді.
Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының қаржы министрлігіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де көрсеткіштер мен деректерді де табыс етеді.
4. Экономикалық жоспарлау жөніндегі орталық атқарушы орган ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша республикалық бюджет комиссиясы айқындаған шығыстар лимитінің шегінде инвестициялық жобалардың тізбесі мен республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі жөніндегі ұсыныстарды республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіп пен мерзімдерде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі:
1) облыстардың, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің осы баптың 3-тармағында аталған болжамды көрсеткіштерін келіседі;
2) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін, сондай-ақ республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарына республикалық бюджет комиссиясы айқындаған алдағы үш жылдық кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тізбесін және республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін жеткізеді;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарайды және олар бойынша қорытынды дайындайды;
4) республикалық бюджет комиссиясының қарауына:
мемлекеттік бюджеттің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;
шикізат секторы ұйымдарының тізбесін;
республикалық бюджет шығыстарының лимиттерін, соның ішінде ағымдағы жылда іске асырылатын жобаларды ескере отырып, инвестициялық жобалар бойынша шығыстар лимиттерін қоса алғанда, республикалық бюджеттің алдағы үш жылдық кезеңге арналған болжамды көрсеткіштерін;