Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты арнайы экономикалық аймақты басқару органы біржақты тәртіппен бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қолданылмайды.
81-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЛІСІМШАРТТАР БОЙЫНША САЛЫҚТЫҚ ПРЕФЕРЕНЦИЯЛАР
736-бап. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, салықтар бойынша преференциялар көзделетін инвестициялар туралы келісім жасаған;
2) инвестициялар туралы келісімде көзделген қызметтің басым түрі бойынша инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлға инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады.
2. Инвестициялар туралы келісім осы баптың 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде мынадай преференцияларды көздеуі мүмкін:
1) осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын инвестициялар туралы келісімде айқындалған, инвестициялар туралы келісім шеңберінде жаңа өндірістер ретінде енгізілген, кеңейтілген немесе жаңартылған тіркеп-белгіленген активтерді пайдалану арқылы алынған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асырудан түскен кірістер бойынша 100 пайызға азайту;
2) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде 0 коэффициентін қолдану;
3) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын объектілер бойынша мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесін қолдану;
4) келісім жасалған күннен бастап инвестициялық жоба шеңберінде салықтар бойынша преференциялар мерзімдері аяқталған күнге дейінгі кезеңге осы бапта көзделген коэффициент мөлшерінің, мөлшерлемелердің және салықтарды азайту мөлшерінің тұрақтылығы.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) және 3) тармақшаларының ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген салықтар бойынша преференцияларды қолданудың шекті мерзімі:
1) корпоративтік табыс салығы бойынша келісімнің шарттарына қарай осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалады;
2) жер салығы бойынша - келісім жасалған айдың 1-інен басталады және осындай келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады;
3) мүлік салығы бойынша - бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-інен басталады және (немесе) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.
4. Корпоративтік табыс салығы бойынша преференцияларды қолданудың шекті мерзімі мынадай тәртіппен айқындалады:
1) жаңа өндірістер құру жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша - осындай келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады және келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады;
2) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша -
инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын соңғы тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады және
өнім шығаратын соңғы тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан үш жылдан кешіктірмей аяқталады;
3) инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активтерді кезең-кезеңімен енгізу кезінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісім бойынша -
өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
және
өнім шығаратын тіркеп-белгіленген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан үш жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Шекті мерзім инвестициялар туралы келісімде айқындалған және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялар туралы келісімде көзделген қызмет түрлері бойынша өнім шығаратын әрбір тіркеп-белгіленген активке қатысты қолданылады.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген салықтар бойынша инвестициялық преференцияларды қолдану мерзімі инвестициялау санаттары бойынша жобаның құнына және жүзеге асырылатын қызметтің түріне қарай, бірақ өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы, салық саясаты саласындағы уәкілетті органдармен және салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес 10 жылдан асырмай белгіленеді.
6. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялар туралы келісімде айқындалған қызметтің басым түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
7. Инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға осы Кодекстің корпоративтік табыс салығын азайтуды, мүлік салығы мен жер салығын есептеу кезінде төмендетілген мөлшерлемелер мен коэффициенттерді қолдануды көздейтін басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
8. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар жер салығын және (немесе) мүлік салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді және (немесе) мөлшерлемелерді ұлғайтуды не корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін өзгертуді көздейтін болса, инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға инвестициялық жоба шеңберіндегі қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді инвестициялар туралы келісім жасалған күні қолданыста болған коэффициенттерді қолдана отырып және (немесе) мөлшерлемелер бойынша айқындайды, сондай-ақ корпоративтік табыс салығын есептеу кезіндегі азайту мөлшерін қолданады.
9. Инвестициялар туралы келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік ол жасалған күннен бастап күшін жояды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда, салық төлеуші инвестициялар туралы келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы келісім жасалған күннен бастап оны бұзған күнді қоса алғанға дейінгі салықтық кезеңдер үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
737-бап. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін заңды тұлға:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметімен инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалса;
2) көмірсутекті пайдалы қазбаларды өндіретін жер қойнауын пайдаланушыларды және мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, тауар өндіруші болып табылса, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады. Осы тараудың мақсаттары үшін тауар өндіруші деп инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасуға өтінім берілген жылдың алдындағы жыл үшін жылдық жиынтық кірісінің кемінде жетпіс пайызын өзі өндірген тауарларды өткізуден не осындай тұлға өндірген пайдалы қазбаларды және (немесе) осындай тұлғаның пайдалы қазбаларды қайта өңдеуі нәтижесінде алынған өнімдерді өткізуден түсетін кіріс құрайтын заңды тұлға түсініледі;
3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ірі немесе орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылса;
4) акцизделетін тауарларды өндіру қызметін жүзеге асырмаса;
5) арнаулы салық режимдерін қолданбаса, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан салық төлеушілердің салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуі көрсетілген келісім жасалған кезде қолданыста болатын салық режиміне сәйкес, осындай келісім (Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік) жасалған жылдың 1 қаңтарынан бастап он жыл ішінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасқан салық төлеуші (салық агенті) салықтық міндеттемені есептеуді осындай міндеттеме туындаған кезде қолданыста болатын салық режиміне сәйкес мынадай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша жүзеге асырады:
қосылған құн салығы;
акциз;
қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы;
жеке табыс салығы;
төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы.
4. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде осы баптың 2-тармағында көзделген Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, ол жасалған күннен бастап күшін жояды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда салық төлеуші инвестициялық міндеттемелер туралы келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы келісім жасалған күннен бастап оны бұзу күнін қоса алғандағы күнге дейінгі салықтық кезеңдер үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
Егер инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған кезде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде осындай келісімдер үшін көзделген соманың кемінде тоқсан пайызы қаржыландырылса, осы баптың 2-тармағында көзделген Қазақстан Республикасы салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданысы тоқтатылған жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды.
5. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасалған кезге қолданыста болған салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлерінің күші жойылған жағдайда, салық төлеуші осындай келісім жасалған кезге қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мөлшерлерде оларды бюджетке төлеуді жалғастырады.
82-тарау 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
82-тарау. «АСТАНА ХАБ» ҚАТЫСУШЫЛАРЫНЫҢ САЛЫҚТЫҚ ПРЕФЕРЕНЦИЯЛАРЫ
738-бап. «Астана Хаб» қатысушыларына салық салу
1. Осы Кодекстің 17-бабында көзделген шарттарға сәйкес келетін «Астана Хаб» қатысушылары мынадай салықтық преференцияларды қолданады:
1) осы тараудың 1-параграфында белгіленген тәртіппен, есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;
2) осы Кодекстің 474-бабының 33) тармақшасына сәйкес «Астана Хаб» қатысушылары өндіретін және өткізетін тауарларды өткізу бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан босату;
3) осы Кодекстің 474-бабының 34) тармақшасына сәйкес «Астана Хаб» қатысушылары өткізетін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан босату;
4) осы Кодекстің 479-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әкелінген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату;
5) «Астана Хаб» қатысушысы-жұмыскерлердің кірістерін осы Кодекстің 556-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әлеуметтік салық салу объектісінен алып тастау.
2. «Астана Хаб» қатысушыларында есептеу, ұстау және төлеу міндеттемелері туындайтын, бейрезиденттердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын кірістерінен корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын есептеу және ұстау ерекшеліктері осы Кодекстің 15-бөлімінде көзделген.
3. Қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын «Астана Хаб» қатысушысы сатып алған, Қазақстан Республикасы өткізу орны болып танылатын, бейрезидент өтеулі негізде орындаған жұмыстар, көрсеткен қызметтер осы Кодекстің 454-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттарға сәйкес бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналым болып табылмайды.
4. Жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын кірістерінен жеке табыс салығын есептеу кезінде «Астана Хаб» қатысушылары болып табылатын жұмыскерлердің кірістеріне осы Кодекстің 429-бабының 3) тармақшасына сәйкес азайту қолданылады.
1-параграф. «Астана Хаб» қатысушыларының корпоративтік табыс салығын азайту тәртібі
739-бап. Жалпы ережелер
1. «Астана Хаб» қатысушылары корпоративтік табыс салығының бюджетке төленуге тиісті сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын:
1) зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кірістер бойынша - осы Кодекстің 740-бабында айқындалған тәртіппен;
2) ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден түсетін кірістер бойынша - осы Кодекстің 741-бабында белгіленген тәртіппен;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілмеген кірістер бойынша - есептелген корпоративтік табыс салығы сомасында 100 пайызға азайтады.
2. Осы тараудың мақсаттарында зияткерлік меншік объектілері деп «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен қорғалатын бағдарламалық қамтылым, сондай-ақ «Астана Хаб» қатысушылары үшін көзделген қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын, «Қазақстан Республикасының Патент Заңы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақпараттандыру саласындағы өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгі түсініледі.
3. «Астана Хаб» қатысушыларының қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруы кезінде зияткерлік меншік объектісі бойынша залалды есепке алу тәртібі осы Кодекстің 343-бабында белгіленген.
4. Салық төлеуші «Астана Хаб» қатысушылары үшін осы Кодекстің 17-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда, мұндай салық төлеуші бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең басталған күннен бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданады.
5. «Астана Хаб» қатысушысы осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
740-бап. Зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кіріс бойынша корпоративтік табыс салығын азайту
1. «Астана Хаб» қатысушыларының зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кірісі зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің айрықша мүліктік құқықтары болған кезде айқындалады және мынадай кірістерден тұрады:
1) зияткерлік меншік объектілерін өткізуден түсетін кіріс;
2) зияткерлік меншік объектісі бар тауарларды өткізуден түсетін кіріс;
3) зияткерлік меншік объектілері бойынша роялти;
4) зияткерлік меншік объектілері бойынша құқық иеленушінің және патент иеленушінің құқықтары бұзылғаны үшін берілген өтемақылар;
5) зияткерлік меншік объектілері бойынша оларды пайдалануға байланысты басқа да кірістер, оның ішінде жарнама орналастырудан, сондай-ақ зияткерлік меншік объектісіне кіріктірілген қосымша көрсетілетін қызметтерден түсетін кірістер.
Халықаралық іскерлік операциялар және халықаралық іскерлік операцияларға тікелей өзара байланысты Қазақстан Республикасының аумағында жасалған мәмілелер бойынша зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кіріс «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ескеріле отырып айқындалады.
2. Зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кіріс бойынша корпоративтік табыс салығын азайту сомасы осы баптың 1-тармағында көзделген зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кіріс сомасының және осы баптың 3-тармағында белгіленген өзара байланыс коэффициентінің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
3. Өзара байланыс коэффициенті мынадай формула бойынша айқындалады:

К - өзара байланыс коэффициенті;
Шқатысу - Ш сатып алу көрсеткішінде көрсетілген шығыстарды қоспағанда, «Астана Хаб» қатысушысының зияткерлік меншік объектісіне байланысты шығыстары;
Ш аутсорсинг 1 - өзара байланысты тараптар болып табылмайтын тұлғалармен аутсорсинг бойынша шығыстар.
Осы тараудың мақсаттарында аутсорсинг деп зияткерлік меншік объектілерін құру үшін қажетті жекелеген функцияларды үшінші тұлғаларға беру түсініледі;
Ш аутсорсинг 2 - Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан тұлғалармен - өзара байланысты тараптармен аутсорсинг бойынша шығыстар;
Ш сатып алу - зияткерлік меншік объектісін сатып алу бойынша шығыстар.
Зияткерлік меншік объектілерінен түсетін кіріс бойынша корпоративтік табыс салығының азаю сомасын айқындау кезінде, егер өзара байланыс коэффициентінің мәні 1-ден артық болса, онда есептеу үшін мәні 1-ге тең коэффициент қабылданады.
741-бап. Ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын азайту
1. Ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден түсетін кіріске қызметтің мынадай басым түрлерін:
1) бағдарламалық қамтылымды зерттеу, талдау жүргізу, жобалау, бейімдеу және баптау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
2) техникалық қолдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
3) бағдарламалық қамтылымды тестілеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
4) бағдарламалық қамтылымды пайдаланушыларды оқыту жөніндегі көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру нәтижесінде «Астана Хаб» қатысушысы алған кірістер жатады.
2. Ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды «Астана Хаб» қатысушысы мынадай шарттарға сәйкес келген кезде қолданады:
1) ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуге арналған шарт (келісімшарт) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейді;
2) жұмыскерлермен еңбек шарттары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасалған;
3) «Астана Хаб» қатысушысы жұмыскерлерінің саны ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді, оларды іске асырудан түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын азайту қолданылады;
4) «Астана Хаб» қатысушысы жұмыскерлерінің ақпараттандыру саласында қызметтер көрсету үшін қажетті біліктілігінің және (немесе) еңбек өтілінің және (немесе) тәжірибесінің болуы, оларды іске асырудан түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын азайту қолданылады;
5) «Астана Хаб» қатысушысының жүргізілген шығыстары көлемінің ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуге арналған шығыстардың нақты қажетті көлеміне сәйкестігі, оларды іске асырудан түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын азайту қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында айқындалған шарттарға сәйкестік мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгіленеді.
83-тарау. КҮРДЕЛІ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
742-бап. Күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу ерекшеліктері
1. Күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодекстің 756-бабында белгіленген ережелерді ескере отырып, күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушының салықтарды есептеу ерекшеліктерін қолданады.
2. Күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үшін корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде мынадай:
1) жылдық жиынтық кірісті тану;
2) табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге, барлауға және оларды өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстар бойынша, оның ішінде амортизациялық аударымдардың ұлғайтылған нормалары, шығыстарға шартты коэффициенттерді қолдану бойынша шегерімдердің мөлшерлерін айқындау;
3) тіркеп-белгіленген активтерді есепке алу, оның ішінде келіп түскен және шығып қалған тіркеп-белгіленген активтерді есепке алу тәртібі, тіркеп-белгіленген активтердің амортизация нормалары бойынша;
4) төлеушінің келісімшарттық қызмет шеңберінде мүлік салығын тану ерекшеліктері көзделген.
743-бап. Құрлықтағы күрделі газ жобалары бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес құрлықта газ жобаларын әзірлеуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар осындай келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығының бюджетке төленуге жататын сомасын айқындау кезінде осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
2. Келісімшарт бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту осы Кодекстің 756-бабының 4-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.
84-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ ЖАСАСҚАН ТҰЛҒАЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
744-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес салықтар бойынша преференцияларды көздейтін осындай келісім жасасуға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органмен пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім жасасқан;
2) акцизделетін тауарларды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асырмайтын;
3) арнаулы салық режимдерін қолданбайтын заңды тұлға пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім жасасқан тұлға болып табылады.
2. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салықтар бойынша преференциялар осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, ол жасалған күннен бастап күшін жояды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда салық төлеуші пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей осы келісім жасалған күннен бастап оны бұзу күнін қоса алғандағы күнге дейін салықтық кезеңдер үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
Егер инвестициялық міндеттемелер туралы келісімнің қолданылуы тоқтатылған кезде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде осындай келісімдер үшін көзделген соманың кемінде тоқсан пайызы қаржыландырылса, осы Кодекстің 745-бабында көзделген салықтар бойынша преференциялар пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің қолданылуы тоқтатылған жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жояды.
745-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім жасасқан тұлғаларға салық салу
1. Осы Кодекстің 744-бабында көзделген шарттар сақталған кезде пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімде мынадай преференциялар көзделуі мүмкін:
1) осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімде айқындалған, пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде жаңа өндірістер ретінде енгізілген, тіркеп-белгіленген активтерді пайдалану арқылы алынған қызмет түрлерінен түскен кірістер бойынша 100 пайызға азайту;
2) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде 0 коэффициентін қолдану;
3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді іске асыру үшін пайдаланылатын объектілер бойынша мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемесін қолдану;
4) технологиялық жабдықтың, оның жиынтықтауыштары мен қосалқы бөлшектерінің тізбесі бойынша пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде қызметті жүзеге асыру кезінде ғана пайдаланылатын технологиялық жабдықтың, оның жиынтықтауыштары мен қосалқы бөлшектерінің импортын қосылған құн салығынан босату.
2. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі осындай келісім жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады және келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі келісім жасалған айдың 1-інен басталады және осындай келісім жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
4. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасын қолданудың шекті мерзімі бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-інен басталады және (немесе) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдардың құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін қатарынан сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.