Бұл ретте төлем құжаттарында көрсетілген кезеңдер үшін арнаулы салық режимінде төленген жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің сомасы арнаулы салық режимінде есептелген жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің сомасы деп танылады.
4. Жеке табыс салығы бюджетке есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей төленуге жатады. Әлеуметтік төлемдерді арнаулы салық режимінде төлеу Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде жүргізіледі.
721-бап. Қызметін интернет-платформаны пайдалана отырып жүзеге асыратын, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның арнаулы салық режимін қолдану ерекшеліктері
1. Осы баптың ережелері өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам қызметін интернет-платформаны пайдалана отырып, қызметтің рұқсат етілген түрлерінің тізімі бойынша жүзеге асырған кезде қолданылады.
2. Осы бөлімде қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) интернет-платформа - интернет-платформа операторының, көрсетілетін қызметтерге тапсырыс берушінің және интернет-платформада тіркелген және көрсетілетін қызметтерге тапсырыс берушілерге интернет-платформаны пайдалана отырып қызметтер көрсететін тұлғаның өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін электрондық интернет-алаң;
2) интернет-платформа операторы - интернет-платформада тіркелген және көрсетілетін қызметтерге тапсырыс берушілерге интернет-платформаны пайдалана отырып қызметтер көрсететін тұлға арасында қызметтер көрсету (оның ішінде қызметтер көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып қызметтер көрсету) бойынша байланыстарды орнату үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және өзге де мүмкіндіктер беретін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
3) серіктес-интегратор - Қазақстан Республикасының заңнамасында осындай интеграциялауға белгіленген талаптарға сәйкес интернет-платформалардың мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялануын қамтамасыз ететін ақпараттық өнімнің иесі болып табылатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
4) тапсырыс беруші - интернет-платформада тіркелген және онда қызметтер көрсетуге немесе жұмыстар орындауға тапсырысты орналастыратын жеке немесе заңды тұлға.
3. Интернет-платформа операторы осы Кодекстің 3-бабының 13) тармақшасына сәйкес салық агенті болып табылады, ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын және қызметін интернет-платформаны пайдалана отырып жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес орындаушылар болып табылатын жеке тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді ұстап қалуды және аударуды жүргізеді.
4. Салық агенті Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік төлем сомаларын ұстап қалуды жүргізеді.
Ұсталған жеке табыс салығының сомаларын бюджетке аударуды салық агенті есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей жүргізеді.
Ұсталған әлеуметтік төлем сомаларын төлеуді салық агенті Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде жүргізеді.
78-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ НЕГІЗІНДЕ АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
722-бап. Жалпы ережелер
1. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, осы режимді қолданатын салық төлеушілер үшін корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілмеген, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті есептеу, төлеу және ұсыну жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық агентінің осы Кодекстің 43-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде төлем көзінен салық салынуға жататын кірістерден жеке табыс салығы бойынша осы салықты есептеу, ұстап қалу және оны аудару жөніндегі міндеттемесін орындайды.
3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық және есепті кезең жартыжылдық болып табылады.
4. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер:
1) әлеуметтік салық төлеушілер болып табылмайды;
2) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайды (импортталатын тауарларға қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда).
723-бап. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану шарттары
1. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) күнтізбелік жылдағы шекті кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары (осы баптың 2-тармағында аталғандарды қоспағанда) қолдануға құқылы.
Шекті кіріс мөлшерін айқындау мақсаттары үшін:
осы Кодекстің 724-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектісінің мөлшері ескеріледі;
қызметті шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолдана отырып жүзеге асырудан түсетін кірістер ескерілмейді.
2. Мыналар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес:
1) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
2) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
3) құрылтайшысы немесе қатысушысы арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;
4) арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшылары немесе қатысушылары болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер);
5) коммерциялық емес ұйымдар;
6) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, «Астана Хаб» қатысушылары;
7) бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық төлеушілер.
3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар осы Кодекстің 20-тарауына сәйкес салықтық есепке алуды ұйымдастырады және жүргізеді.
724-бап. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданған кезде кірістерді айқындау тәртібі
1. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектiсi салықтық кезең үшiн есепке жазу әдісі бойынша алуға жататын (алынған) кіріс (шығыстар есепке алынбай) болып табылады.
Корпоративтік немесе жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда) есептеу кезінде осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген салық салу объектісі күнтізбелік жылдың басынан бастап өспелі қорытындымен айқындалған осындай салық салу объектісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 24 000 еселенген мөлшерінен асқан айдан бастап осындай жұмыс беруші салық төлеушінің өз жұмыскерлерінің кірістері бойынша шығыстарының сомасына азаяды.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшiн айқындалатын кіріс Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде алынған (алуға жататын) кірістердің мынадай түрлерінен (осы баптың 7-тармағына сәйкес жүргізілген түзетулер ескеріле отырып):
1) тауарларды өткізуден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістен, оның ішінде роялтиден, мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) тапсырудан түсетін кірістен;
2) мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетiн кірістен;
3) талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кірістен;
4) борышкерге ұйғарылған немесе борышкер таныған айыппұлдардан, өсімпұлдан және басқа да санкция түрлерінен (егер бұл сомалар оларды шегерімге жатқызу көзделмейтін арнаулы салық режимін қолдану кезеңінде төленсе, сондай-ақ егер бұл айыппұлдар бұрын салық төлеуші бюджетпен есеп айырысуды жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырған кезеңде шегерімге жатқызылмаса, бюджеттен қайтарылған негізсіз салынған айыппұлдардан басқа);
5) шығындарды жабу үшін мемлекеттiк бюджет қаражатынан алынған сомадан;
6) түгендеу кезінде анықталған материалдық құндылықтардың артық шығуынан;
7) кәсiпкерлiк мақсаттарда пайдалануға арналған өтеусiз алынған мүлiк түрiндегi кірістен (қайырымдылық және гуманитарлық көмектен басқа);
8) жалға беруші дара кәсіпкердің жалға берілген мүлкін күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарын жалға алушының өтеуінен;
9) жалға алушының жалға алу шарты бойынша төлемақы есебіне есепке жатқызылатын, дара кәсіпкерден жалға алған мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарынан тұрады.
Егер осы тармақта көзделген кірістер бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша қызметті жүзеге асырудан алынса (алынуға тиіс болса), онда осындай кірістер осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріске енгізілмейді және оларға жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық салынады.
3. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану мақсатында қызметін комиссия және (немесе) тапсырма шарттары бойынша жүзеге асыратын тұлғаның кірісіне осындай тұлғаның шарт (келісім) бойынша сыйақысы ескеріле отырып, өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны енгізіледі.
4. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолдану кезiнде осы баптың 2-тармағында көрсетiлген кірістердің мөлшерін:
1) заңды тұлға - жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен осы Кодекстің 5-бөліміне және осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес;
2) «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкер - осы Кодекстің 21-тарауына, осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына және осы Кодекстің 725-бабына сәйкес;
3) бухгалтерлiк есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептiлiк жасауды жүзеге асыратын дара кәсiпкер - осы Кодекстiң 5-бөліміне және осы баптың 5, 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында кірістердің мөлшерін айқындау тәртібіне ұқсас жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен айқындайды.
5. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушілер осы баптың 2-тармағында көрсетілмеген кірістерді алған кезде осы Кодекске сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілік ұсынуды жүргізеді.
6. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiнiң кірісі ретінде салық салу мақсатында:
1) мүлікті өтеусіз беретін салық төлеуші үшін - осындай берілген мүлiктiң құны;
2) дара кәсіпкер өтеусіз алған, оған жарнамалау мақсатында (оның ішінде сыйға тарту түрінде) берілген тауардың құны, егер осындай тауар бірлігінің құны осындай беру күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 еселенген мөлшерінен аспаса;
3) егер көрсетілген шығыстар мыналарға:
Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға;
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген коммуналдық көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге;
тұрғынжайды жөндеуге арналған жалға алу төлемақысына енгізілмесе, дара кәсіпкер болып табылмайтын жалға алушы жеке тұлғаның тұрғынжайды мүліктік жалдау (жалға алу) кезінде шеккен шығыстары;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептен шығарылған өсімпұл мен айыппұлдардың сомасы қаралмайды.
7. Осы тараудың мақсаттары үшін бұрын танылған кіріс сомасы шегінде есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін азайту түзету деп танылады.
Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістер:
1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;
2) мәміле шарттары өзгертілген;
3) өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін бағалар, өтемақылар өзгертілген;
4) баға жеңілдіктері, сатылым жеңілдіктері;
5) шарт талаптары негізге алына отырып, өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ұлттық валютамен төлеуге жататын сомалар өзгертілген;
6) заңды тұлғадан, дара кәсіпкерден, қызметті Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғадан осындай тұрақты мекеменің қызметіне қатысты талаптар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмеген қызметті филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның филиалынан, өкілдігінен талапты есептен шығарған жағдайларда түзетуге жатады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген кірісті түзету:
дебитор-салық төлеуші таратылған кезде оның тарату балансын бекіту күніне талапты кредитор-салық төлеуші талап етпеген;
заңды күшіне енген сот актісі бойынша салық төлеуші талапты есептен шығарған жағдайларда азайту жағына қарай жүзеге асырылады.
Осы тармақшада көзделген түзету талаптың туындағанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде есептен шығарылған талаптың және бұрын осындай талап бойынша танылған кірістің сомасы шегінде жүргізіледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген түзету осындай түзетуді жүзеге асыру үшін жағдайлардың басталғанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Кірістерді түзету осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде кіріс болмаған немесе азайту жағына түзетуді жүзеге асыру үшін оның мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда түзету бұрын кіріс түзетуге жатады деп танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
8. Егер нақ сол кірістер кірістердің бірнеше бабында көрсетілуі мүмкін болса, көрсетілген кірістер кіріске бір рет енгізіледі.
Салық салу мақсаттары үшін кірісті тану күні осы тараудың ережелеріне сәйкес айқындалады.
9. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер:
1) осы Кодекстiң 6-бөлімінің 3-параграфына сәйкес - мүлiктік кірістің;
2) осы Кодекстің 6-бөліміне сәйкес жеке тұлғаның осы баптың 2-тармағында көрсетілмеген өзге де кірістерінің мөлшерін айқындайды.
Бұл ретте тиісті салықтарды есептеу және төлеу, олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну осы Кодекстің 6-бөліміне сәйкес жүргізіледі.
725-бап. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлердің кірістерін салықтық есепке алуда тану ерекшеліктері
1. Осы баптың ережелерін «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзудi және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсіпкерлер қолданады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кіріс дара кәсіпкер ұсынатын кез келген сауда және көтерме жеңілдіктердің сомасы ескеріле отырып, алынған немесе алынуға жататын құн бойынша өлшенеді. Операциядан туындайтын кірістің сомасы дара кәсіпкер мен сатып алушы немесе активті пайдаланушы арасындағы орындалған шарт негізінде де айқындалады.
3. Тауарларды өткізуден түсетін кіріс төменде санамаланған барлық талаптар қанағаттандырылған кезде:
1) дара кәсіпкер сатып алушыға тауарға меншік құқығымен байланысты елеулі тәуекелдер мен сыйақылар берсе;
2) дара кәсіпкер әдетте меншік құқығымен ұштасатын дәрежеде бұдан әрі басқаруға қатыспаса және сатылған тауарларды бақыламаса;
3) кіріс сомасы сенімді түрде өлшенетін болса;
4) операциямен байланысты экономикалық пайданың дара кәсіпкерге түсу ықтималдығы болса;
5) операциямен байланысты шеккен немесе күтілетін шығындар сенімді түрде өлшенетін болса, кіріс деп танылады.
4. Жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кіріс орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің немесе жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын өзге де құжат негізінде танылады. Жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістер орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісіне немесе жұмыстардың орындалу, қызметтердің көрсетілу фактісін растайтын өзге де құжатқа қол қойылған кезеңде танылады.
5. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріске мыналар жатады:
1) кредитордың салық төлеуші міндеттемелерін есептен шығаруы;
2) дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған кезде кредитор талап етпеген міндеттемелер;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты міндеттемелерді есептен шығару;
4) заңды күшіне енген сот актісі бойынша міндеттемелерді есептен шығару.
Мiндеттемелердi есептен шығарудан түсетін кіріс сомасы:
1) осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда салық органына қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті ұсынған;
2) қалған жағдайларда есептен шығарылған күні дара кәсіпкердiң бастапқы құжаттарына сәйкес төленуге жататын мiндеттемелер сомасына (қосылған құн салығының сомасын қоспағанда) тең болады.
Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін кіріс:
1) осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда кредитор міндеттемені есептен шығарған;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда салық органына тарату салықтық есептілігі ұсынылған;
3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда талап қоюдың ескіру мерзімі өткен;
4) осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда сот актісі заңды күшіне енген есепті салықтық кезеңде танылады.
6. Түгендеу кезінде анықталған материалдық құндылықтардың артық шығуы түріндегі кіріс түгендеу аяқталған және осындай артық шығу фактісі көрсетіле отырып, түгендеу актісі жасалған салықтық кезеңде танылады. Дара кәсіпкер артық шығу құнын Қазақстан Республикасында қолданылатын бағалар мен тарифтер негізінде дербес айқындайды.
7. Айыппұлдар, өсімпұл, тұрақсыздық айыбы және басқа да санкциялар түріндегі кіріс сот оларды өндіріп алу туралы шешім шығарған немесе оларды борышкер таныған салықтық кезеңде танылады.
8. Дара кәсіпкердің тауарлары, жұмыстары немесе көрсетілетін қызметтері басқа тұлғаның тауарларына, жұмыстарына немесе көрсетілетін қызметтеріне айырбасталатын операцияларды дара кәсіпкер жүзеге асырған кезде тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдау-беру актісі жасалуға тиіс. Қабылдау-беру актісінде берілген және алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құны көрсетілуге тиіс. Мұндай операциядан түсетін кіріс қабылдау-беру актісінде көрсетілуге жататын алынған тауарлардың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құны мен берілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің өзіндік құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.
9. Салықтық кезең үшін алуға жататын (алынған) кіріс есепті салықтық кезеңдегі ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша кіріс болып танылады.
10. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс:
1) талап ету құқығын иеленетін дара кәсіпкер үшін - негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығы басқаға берілген күнгі негізгі борыштан артық сома мен талап ету құқығын иелену құны арасындағы оң айырма болып табылады. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін мұндай кіріс сатып алынған талапты борышкер өтеген салықтық кезеңнің кірісі болып табылады;
2) талап ету құқығын басқаға берген дара кәсіпкер үшін - салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен талап ету құқығын басқаға беру күні борышкерден алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма болып табылады. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін мұндай кіріс басқаға беру жүргізілген салықтық кезеңнің кірісі болып табылады.
11. Дара кәсіпкер меншігіне өтеусіз алған мүлік құны, егер дара кәсіпкер мұндай мүлікті осы мүлік алынған салықтық кезеңде кәсіпкерлік мақсатта пайдаланса, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кіріс болып табылады.
Мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын қоспағанда, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кіріс мұндай мүлік алынған салықтық кезеңде танылады.
Кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған жылжымайтын мүлік (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кіріс мұндай мүлікке меншік құқығын тіркеу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
Мемлекеттік тіркеуге жататын, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға арналған, өтеусіз алынған көлік құралы (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кіріс мұндай көлік құралын мемлекеттік тіркеу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен дара кәсіпкер арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған, осы мүлікке меншік құқығы туындаған күнгі осы мүліктің нарықтық құны дара кәсіпкер меншікке өтеусіз алған мүліктің құны болып табылады.
12. Жалға алушының жалға беруші дара кәсіпкердің жалға берілген мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған шығыстарын өтеуі түріндегі кіріс мұндай өтем алынған салықтық кезеңде танылады.
Жалға алу шарты бойынша төлем есебіне жатқызылатын, жалға алынған мүлікті күтіп-ұстауға және жөндеуге арналған жалға алушының шығыстары түріндегі жалға беруші дара кәсіпкердің кірісі мұндай есепке жатқызу жүргізілген салықтық кезеңде танылады.
726-бап. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша салықтарды есептеу
Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезеңде салық салу объектісіне 4 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы өзі дербес жүргізеді.
Жергілікті өкілді органдардың осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мөлшерлемені қызмет түріне және объектінің тұрған жеріне қарай 50 пайыздан аспайтын мөлшерде төмендетуге немесе арттыруға құқығы бар.
Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін мөлшерлемені жеке-дара төмендетуге немесе арттыруға тыйым салынады.
Мөлшерлеме мөлшерін төмендету немесе арттыру туралы осындай шешімді жергілікті өкілді орган ол қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей қабылдайды, ол қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші әртүрлі мөлшерлемелерді қолданған жағдайда осындай мөлшерлемелер бойынша салық салынатын кірістер бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге тиіс.
727-бап. Декларацияны ұсыну мен салықтарды төлеу мерзімдері
1. Оңайлатылған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей ұсынылады.
2. Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы түрiнде есепті салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргiзiледi.
79-тарау. ШАРУА НЕМЕСЕ ФЕРМЕР ҚОЖАЛЫҚТАРЫНА АРНАЛҒАН АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМІ
728-бап. Жалпы ережелер
1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимiн Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жерді пайдалану (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) құқығында жер учаскелері болған кезде шаруа немесе фермер қожалықтары қолдануға құқылы.