2. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимiн қолдану мақсатында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жиынтық алаңы мыналар үшін:
1) аумақтық аймақ - 5 000 га;
2) аумақтық аймақ - 3 500 га;
3) аумақтық аймақ - 1 500 га;
4) аумақтық аймақ - 500 га болып белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының көлемінен аспауға тиіс.
Осы тармақтың мақсаты үшін жер учаскелерін мынадай аймақтарға бөлу қолданылады:
1-аумақтық аймақ: Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының топырақ-климаттық аймақтарындағы шөлді, жартылай шөлді және тау бөктеріндегі шөлді-далалық жерлеріндегі жайылымдар;
2-аумақтық аймақ: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарының, Астана қаласының, сондай-ақ 1-аумақтық аймақтың жерлерін қоспағанда, Ақтөбе облысының жерлері;
3-аумақтық аймақ: 1-аумақтық аймақтың жерлерiн қоспағанда, суармалы жерлерін қоса алғанда, Атырау, Маңғыстау облыстарының жерлері;
4-аумақтық аймақ: 1-аумақтық аймақтың жерлерін қоспағанда, суармалы жерлерін қоса алғанда, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарының, Алматы және Шымкент қалаларының жерлері.
Шаруа немесе фермер қожалығында әртүрлі аумақтық аймақтарда орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері болған жағдайда, осы тармақтың мақсаттары үшін мұндай учаскелердің жиынтық алаңы осындай аумақтық аймақтар үшін белгіленген жер учаскесінің ең жоғары шекті алаңынан аспауға тиіс.
Бұл ретте әрбір аумақтық аймақта орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің алаңы осындай аумақтық аймақтар үшін белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының мөлшерінен аспауға тиіс.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі шаруа немесе фермер қожалығының қызметінен түсетін кірістерден жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда) есептеудің айрықша тәртібін көздейді және акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және оны өткізу, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.
4. Арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық және есепті кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін таңдау кезінде салық төлеушілер мұндай салық режимін оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде кемінде күнтізбелік бір жыл мерзім бойы қолданады.
6. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде кірістер мен шығыстардың, активтер мен міндеттемелердің бөлек есебін жүргізуге, сондай-ақ қолданылатын салық салу режиміне:
1) оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне;
2) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне қарай олар бойынша тиісті салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және төлеуді жүргізуге міндетті.
Бұл ретте осы тармақта көзделген бөлек есепке алуды салық төлеушілер өздері бекіткен салықтық есепке алу саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
7. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет бойынша қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне қою бойынша міндеттеме туындаған жағдайда, салық төлеушіде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшу бойынша міндеттеме туындайды.
729-бап. Салық салу объектісі
1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, салықтық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімін (оның ішінде осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметке байланысты шығындарды (шығыстарды) жабуға арналған мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған сомалар түріндегі кірістер), өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу өнімдерін өткізуден алған кіріс салық салу объектісі болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріс Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде (осы баптың 5-тармағына сәйкес жүргізілетін түзетулерді ескере отырып) алынған (алуға жататын) кірістерден тұрады.
3. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріс:
1) міндеттемелерді есептен шығарудан түскен кірісті;
2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметті пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кірісті қамтиды.
Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістердің мөлшері шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимiн қолдану кезінде осы Кодекстің 237 - 256-баптарына және осы баптың 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес айқындалады.
4. Салық салу мақсатында шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушінің кірісі ретінде өтеусіз берілген мүлікті беретін салық төлеуші үшін осындай берілген мүліктің құны қаралмайды.
5. Осы тараудың мақсаттары үшін бұрын танылған кіріс сомасы шегінде есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін азайту түзету деп танылады.
Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістер:
1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;
2) мәміле шарттары өзгертілген;
3) өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін бағалар, өтемақылар өзгертілген;
4) баға жеңілдіктері, сатылым жеңілдіктері;
5) шарт талаптары негізге алына отырып, өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ұлттық валютамен төлеуге жататын сомалар өзгертілген;
6) заңды тұлғадан, дара кәсіпкерден, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғадан осындай тұрақты мекеменің қызметіне қатысты талаптар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құруға алып келмейтін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның филиалынан, өкілдігінен талаптарды есептен шығарған жағдайларда түзетуге жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген кірісті түзету:
дебитор-салық төлеуші таратылған кезде оның тарату балансын бекіту күніне кредитор салық төлеуші талап қоймаған;
заңды күшіне енген сот шешімі бойынша салық төлеуші талапты есептен шығарған жағдайларда азайту жағына қарай жүзеге асырылады.
Осы тармақшаның екінші бөлігінің үшінші абзацында көзделген түзету талаптың туындауын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде есептен шығарылған талаптың және бұрын осындай талап бойынша танылған кірістің сомасы шегінде жүргізіледі.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген түзету осындай түзетуді жүзеге асыру үшін жағдайлардың басталғанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Кірістерді түзету осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған салықтық кезеңде жүргізіледі.
Осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде кіріс болмаған немесе сол кезеңде азайту жағына түзетуді жүзеге асыру үшін оның мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда, түзету бұрын кіріс түзетуге жатады деп танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.
6. Егер нақ сол кірістер кірістердің бірнеше бабында көрсетілуі мүмкін болса, көрсетілген кірістер кіріске бір рет қосылады.
Салық салу мақсаттары үшін кірісті тану күні осы тараудың ережелеріне сәйкес айқындалады.
730-бап. Салықты есептеу тәртібі
Төлем көзiнен ұсталатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын есептеудi есепті салықтық кезең үшін салық салу объектісіне 0,5 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы салық төлеуші дербес жүргізеді.
731-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолдану ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің мынадай түрлерін:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін қоспағанда, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;
2) осы Кодекстің 563-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша - көлiк құралдары салығын;
3) осы Кодекстің 588-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша - мүлiк салығын;
4) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша - әлеуметтік салықты;
5) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша - қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыны;
6) қосылған құн салығын (импортталатын тауарларға қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда) төлеушiлер болып табылмайды.
2. Осы Кодекстің 730-бабында және осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу осындай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді төлеу (аудару) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен не осы Кодекстің 94-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
732-бап. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлерін төлеу мерзімдері
1. Төлем көзiнен ұсталатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын, жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны төлеу мынадай тәртіппен жүргiзiледi:
1) салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап 1 қазанына дейін есептелген сомалар - ағымдағы салықтық кезеңнің 10 қарашасынан кешiктiрілмейтін мерзімде;
2) салықтық кезеңнің 1 қазанынан бастап 31 желтоқсаны аралығында есептелген сомалар - есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 10 сәуірінен кешiктiрілмейтін мерзімде.
2. Жеке табыс салығын бюджетке төлеу жер учаскесі тұрған жер бойынша жүргізіледі.
733-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация тапсыру мерзімдері
1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация есептелген жеке табыс салығының (төлем көзінен ұсталатын салықтан басқа) және жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын көрсетуге арналған.
2. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация жер учаскесі тұрған жердегі тиісті салық органдарына есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 31 наурызынан кешіктірілмей ұсынылады.
17-БӨЛІМ. ШАРТТАР (КЕЛІСІМШАРТТАР) НЕГІЗІНДЕГІ САЛЫҚТЫҚ ПРЕФЕРЕНЦИЯЛАР МЕН ЖЕҢІЛДІКТЕР
80-тарау. ҚЫЗМЕТІН АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР АУМАҚТАРЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТҰЛҒАЛАРҒА, АРНАЙЫ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯЛАРЫНА САЛЫҚ САЛУ
734-бап. Салықтық преференцияларды қолданатын арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар
1. Осы Кодекстің және салықтық преференциялардың қолданылу мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін заңды тұлға болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы болып табылады;
2) тұрған жеріндегі арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органында немесе арнайы экономикалық аймақтың аумағы құзыретіне жататын салық органының аумақтық бөлімшесінде салық төлеуші ретінде тіркелген;
3) арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым және объектілер болған кезде, өкілдіктерді қоспағанда, заңды тұлға арнайы экономикалық аймақтың аумағы шегінен тысқары жерден филиалдарға және басқа да оқшауланған құрылымдық бөлімшелерге ие болуға құқылы емес;
4) арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің басым түрін жүзеге асырады.
Қызметтің басым түрлерін айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақтың ережелері осы баптың 2-тармағында аталған тұлғаларға қолданылмайды.
2. Осы Кодекстің және салықтық преференциялардың қолданылу мақсаттары үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер деп бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймаққа қатысушы болып табылатын;
2) шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы салық органында немесе шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағы құзыретіне жататын салық органының аумақтық бөлімшесінде тұрған жері бойынша салық төлеуші ретінде тіркелген;
3) өкілдіктерді қоспағанда, филиалдары мен өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері жоқ;
4) шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, қызметтің басым түрлерін арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асыратын тұлға танылады.
3. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдарға және дара кәсіпкерлерге:
1) жер қойнауын пайдаланушылар;
2) осы Кодекстің 536-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетiн тауарларды өндiретiн ұйымдар;
3) арнаулы салық режимдерін қолданатын салық төлеушілер мен дара кәсіпкерлер;
4) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған), инвестициялар туралы келісім, инвестициялық міндеттемелер туралы келісім, пайдалы қатты қазбаларды өңдеу туралы келісім жасасқан ұйымдар;
5) ойын бизнесі саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
6) «Астана Хаб» қатысушылары;
7) АХҚО қатысушылары жатпайды.
Бұл ретте шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймаққа қатысты өтініш берушілерге шетелдік жеке және заңды тұлғалар да жатпайды.
735-бап. Арнайы экономикалық аймақтар аумағында салық салу ерекшеліктері
1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан және қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) бойынша жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының бюджетке төленуге жататын сомасын айқындау кезінде есептелген салық және (немесе) төлемақы сомасын мынадай тәртіппен:
тиісті салық мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану арқылы жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша,
салықтық базаға 0 мөлшерлемесін қолдану арқылы мүлік салығы бойынша 100 пайызға азайтады.
Осы тараудың мақсаттарында осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген азайту салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар болып табылады.
Салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар:
арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалатын айдың 1-інен бастап - жер салығы бойынша;
салық салу объектісі пайда болған күннен бастап, бірақ арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған күннен кейін - мүлік салығы бойынша;
арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалған айдың 1-інен бастап уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін, бірақ арнайы экономикалық аймақтың қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша қолданылады.
2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында орналасқан салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) пайдаланылған жағдайда, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру кезінде де, қызметтің өзге түрлерін жүзеге асыру кезінде де осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің ережелері қолданылатын салық немесе төлемақы сомасы қызметтің басым түрлерінен түсетін кірістердің жылдық жиынтық кіріске үлес салмағына пропорционалды түрде айқындалады.
3. Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шартты бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес салықтар мен төлемақы бойынша преференциялар шартты бұзуға негіз болып табылатын бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең басталған күннен бастап жойылады.
Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде шартты бұзуға негіз болып табылған бұзушылық күнін көрсете отырып, олармен жасалған шарттар бұзылған арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар туралы мәліметтерді осындай қатысушылардың тұрған жеріндегі салық органдарына ұсынады.
Бұл ретте салық төлеуші шарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей шартты бұзуға себеп болып табылған бұзушылыққа жол берілген салықтық кезең үшін қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.
4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым бюджетке төлеуге жататын корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудың нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынған кірістер бойынша осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
Бұл ретте осы баптың осы тармағы бірінші бөлігінің және 5-тармағының ережесі, мұндай өткізу шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерінің тізбесіне кіретін жағдайларды қоспағанда, мынадай құрылыс объектілерін:
жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, музейлерді, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін;
жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес инфрақұрылымды, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін өткізуден түскен кірістер бойынша қолданылмайды.
5. Шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын дара кәсіпкер бюджетке төленуге жататын жеке табыс салығының сомасын айқындау кезінде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден алынған кірістер бойынша есептелген жеке табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
6. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым немесе дара кәсіпкер қызметтің тиісті басым түрі және қызметтің өзге түрлері бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымның немесе дара кәсіпкердің қызметтің басым түріне жатпайтын өзге қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістеріне жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы салынуға жатады.
8. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым осы Кодекстің 345-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін осы Кодекстің басқа ережелерін қолдануға құқылы емес.
9. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары бюджетке төленуге жататын, жер салығының, мүлік салығының және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын айқындау кезінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалану жоспарланатын) салық салу объектілері (салық салынатын объектілер) бойынша есептелген салық пен төлемақы сомаларын мынадай тәртіппен:
тиісті салық мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану арқылы жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша;
салықтық базаға 0 мөлшерлемесін қолдану арқылы мүлік салығы бойынша 100 пайызға азайтады.
10. Осы баптың 1, 4 және 5-тармақтарында көзделген салықтар және (немесе) төлемақы сомаларын 100 пайызға азайтуды қолдану мерзімі Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасында белгіленген санаттарға қарай, бірақ қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімінен және арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімінен аспай:
А санаты - 7 жыл ішінде;
В санаты - 15 жыл ішінде;
С санаты - 25 жыл ішінде жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелерін арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым және дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыру туралы шартты 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін жасасқан кезде қолданады.
11. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін салық салынбайтын айналымды және салық салынбайтын импортты айқындау бойынша осы Кодекстің 48-тарауында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодекстің 7-бөлімінде белгіленген қосылған құн салығын салу тәртібін қолданады.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығын салу, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналым бойынша қосылған құн салығының асып кетуін қайтару тәртібі осы бөлімде және осы Кодекстің 470 және 471-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органмен жасасқан арнаулы инвестициялық келісімшарт шеңберінде арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым:
осы Кодекстің 479-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында және 525-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында белгіленген шарттар сақталған кезде еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырылған көлік құралдарының және (немесе) ауылшаруашылық техникасының құрамындағы шикізатты және (немесе) материалдарды, сондай-ақ олардың құрамдастарын;
осы Кодекстің 479-бабының 2-тармағында және 525-бабының 5-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде арнайы экономикалық аймақтың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарларды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босатылады.
12. Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасасқан күннен кейін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, егер мұндай өзгерістер мен толықтырулар корпоративтік табыс салығын, жеке табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу кезінде қолданылатын азайту мөлшерлерін алып тастауды және (немесе) өзгертуді көздейтін болса, мұндай ұйым немесе дара кәсіпкер осындай шарт жасасу күніне қолданыста болатын осы тараудың ережелерін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес жасалған арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде қызметін жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде, бірақ осындай бірінші өзгеріс және (немесе) толықтыру қолданысқа енгізілген күннен бастап он жылдан аспайтын мерзімде қолданылады.