5. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім жасасқан тұлға салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
18-БӨЛІМ. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
85-тарау. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
746-бап. Төлеушілер
Шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады, бұған:
осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында көрсетілген келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар;
көмірсутектер бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын немесе жер қойнауын пайдалануға баламалы салық төлеушілер болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикі мұнай мен газ конденсаты экспортының көлемдері кірмейді.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері деп ЕАЭО-ның Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 270900 қосалқы позициясында сыныпталатын тауарлар танылады.
747-бап. Салық салу объектiсi
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбалардың экспортқа өткізілетін және мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуге мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға өткізетін көлемдерді қоспағанда, экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі экспортқа рента салығын салу объектісі болып табылады. Осы бөлімнің және Осы Кодекстің 19-бөлімінің мақсаттары үшін экспорт деп:
1) Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімінде жүзеге асырылатын тауарларды әкету;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету;
3) Қазақстан Республикасының аумағынан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің аумағына қайта өңдеу үшін бұрын әкетілген алыс-берiс шикiзатының қайта өңдеу өнімдерін ЕАЭО мүше басқа мемлекеттің аумағында өткізу түсініледі.
Экспортқа рента салығын есептеу үшін шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемi мынадай тәртіппен:
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін ЕАЭО-ның кедендік аумағы шегінен тысқары жерге экспортқа өткізу кезінде - кедендік баждардың, алынуы кеден органдарына жүктелген өзге де төлемдердің сомаларын есептеу үшін не ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес өзге де кедендік мақсаттарда пайдаланылатын, тауарлардың толық декларациясының 35-бағанында көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде;
шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағына экспортқа өткізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында осындай шикi мұнайды және шикі мұнай өнімдерін экспортқа берудің экспорттық маршрутының басында көлік ұйымының тауарларды қабылдау-тапсыру актісінде көрсетілген шикi мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі ретінде айқындалады.
748-бап. Есептеу тәртібі
1. Экспортқа іс жүзінде өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің көлемі және осы Кодекстің 776-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген әлемдік баға негізінде есептелген, экспортталатын шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің құны шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері бойынша экспортқа рента салығын есептеу үшін салықтық база болып табылады. Бұл ретте шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері үшін әлемдік баға шикі мұнайдың әлемдік бағасын негізге ала отырып айқындалады.
Экспортқа рента салығын есептеу мақсатында шикі мұнайдың әлемдік бағасын айқындау үшін өлшем бірліктерін баррельден метрикалық тоннаға ауыстыру орташа өлшемді баррельдеу коэффициентінің негізінде мына формула бойынша жүзеге асырылады:
К барр. орт. = (V1 х К барр.1 + V2 х К барр.2 … + Vn х К барр.n) / V жалпы өткізу, мұнда:
К барр. орт. - үтірден кейін төрт белгіге дейінгі дәлдікпен есептелетін баррельдеудің орташа өлшемді коэффициенті;
V1, V2, …Vn - салықтық кезең үшін экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің әрбір партиясының көлемі;
К барр.1, К барр.2 … + К барр.n - Қазақстан Республикасының аумағында экспорттық маршруттың басында көлік ұйымының шикі мұнайды және шикі мұнай өнімдерін тапсыру және қабылдау пунктіндегі есепке алу аспабының деректері негізінде ресімделген әрбір тиісті партия бойынша сапа паспортында көрсетілген баррельдеу коэффициенттері. Бұл ретте баррельдеу коэффициенттері стандарттау саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұлттық стандартқа сәйкес өлшеудің стандартты шарттарына келтірілген экспортталатын шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің нақты тығыздығы мен температурасы ескеріле отырып белгіленеді;
n - салықтық кезеңде экспортқа өткізілген шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері партияларының саны;
V жалпы өткізу - салықтық кезең үшін шикі мұнайды және шикі мұнай өнімдерін экспортқа өткізудің жалпы көлемі.
2. Шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган мен салық төлеушінің арасында жасалатын қосымша келісімде айқындалған тәртіппен заттай нысанға ауыстырылуы мүмкін.
Шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртібі осы Кодекстің 819-бабында белгіленген.
749-бап. Экспортқа рента салығының мөлшерлемелері
Шикі мұнайдың және шикі мұнай өнімдерінің экспорты кезінде экспортқа рента салығы мынадай мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| Р/с № | Әлемдік баға | Мөлшерлеме, %-бен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бір баррель үшiн 20 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 0 |
| 2. | Бір баррель үшiн 30 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 0 |
| 3. | Бір баррель үшiн 40 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 0 |
| 4. | Бір баррель үшiн 50 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 7 |
| 5. | Бір баррель үшiн 60 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 11 |
| 6. | Бір баррель үшiн 70 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 14 |
| 7. | Бір баррель үшiн 80 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 16 |
| 8. | Бір баррель үшiн 90 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 17 |
| 9. | Бір баррель үшiн 100 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 19 |
| 10. | Бір баррель үшiн 110 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 21 |
| 11. | Бір баррель үшiн 120 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 22 |
| 12. | Бір баррель үшiн 130 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 23 |
| 13. | Бір баррель үшiн 140 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 25 |
| 14. | Бір баррель үшiн 150 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 26 |
| 15. | Бір баррель үшiн 160 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 27 |
| 16. | Бір баррель үшiн 170 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 29 |
| 17. | Бір баррель үшiн 180 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 30 |
| 18. | Бір баррель үшiн 190 АҚШ долларын қоса алғанға дейін | 32 |
| 19. | Бір баррель үшiн 200 АҚШ долларына дейiн және одан жоғары | 32 |
750-бап. Салықтық кезең
Экспортқа рента салығы бойынша салықтық кезең күнтiзбелiк тоқсан болып табылады.
Егер тауарларға уақытша және толық кедендік декларацияларды ресімдеу күндері әртүрлі салықтық кезеңдерге тура келсе, онда экспортқа рента салығын төлеу бойынша міндеттемелер тауарларға уақытша және толық декларацияларда көрсетілген, ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес экспорттың кедендік рәсімі шеңберінде шикі мұнайды және шикі мұнай өнімдерін беру жүзеге асырылатын уақыт кезеңіне тура келетін салықтық кезеңде туындайды.
751-бап. Төлеу мерзімдері
Салық төлеуші бюджетке салықтың есептелген сомасын салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей төлеуге міндетті.
752-бап. Салық декларациясы
Экспортқа рента салығы бойынша декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
19-БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
86-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
753-бап. Осы бөлімде реттелетін қатынастар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шеңберінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген барлық салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлейді.
2. Осы бөлім жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары бойынша салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін, сондай-ақ өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау ерекшеліктерін белгiлейдi.
3. Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары мыналарды қамтиды:
1) қол қою бонусы;
2) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем;
3) жер қойнауын пайдалануға баламалы салық;
4) роялти;
5) Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі;
6) пайдалы қазбаларды өндiру салығы;
7) үстеме пайда салығы.
4. Көмірсутектер кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу тәртібін, олардың тізбесін және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Пайдалы қазбалардың қатты түрлерінің кен орнын (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ рентабельділік деңгейін және рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Толығымен Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауы учаскесінде (учаскелерінде) және (немесе) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кенжатындарының жоғары нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кенжатындарының төменгі нүктесінің тереңдігі 5 000 метр және одан төмен жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар бойынша салықтық міндеттемелерді орындау тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің, пайдалы қазбаларды өндiру салығының және үстеме пайда салығының орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу және төлеу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
754-бап. Жер қойнауын пайдаланушылардың салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық мiндеттемелерді есептеу осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында және 756-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы бейрезидент осы Кодекстің 688 - 691-баптарына сәйкес қосымша салық салынуға жатады.
3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау жер қойнауын пайдаланушыны салықтық міндеттеме туындаған күнге қолданыста болатын, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салықтық міндеттемені орындаудан босатпайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға құқығы бар жеке тұлғалар жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар үшін айқындалған тәртіппен осындай құқықтың шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары және бөлек салықтық есепке алуды жүргізу бойынша салықтық міндеттемелерді орындайды.
755-бап. Жекелеген жер қойнауын пайдаланушылардың салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салықтық сараптамадан өткен, өнiмдi бөлу туралы келісімде (келісімшартта), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалған салық режимі мұндай келісімнiң (келісімшарттың) ережелеріне сәйкес оларға қатысты салық режимінiң тұрақтылығы тiкелей көзделген, тек қана мұндай келісімнiң (келісімшарттың) тараптарына қатысты, сондай-ақ оның белгiленген бүкiл қолданылу мерзiмi iшiнде операторларға қатысты қолданылатын салықтар мен бюджетке төленетiн төлемдер үшiн сақталады, мұндай келісімнiң (келісімшарттың) тараптары немесе операторлары болып табылмайтын тұлғаларға қолданылмайды және тараптардың өзара келісімi бойынша өзгертiлуi мүмкiн.
Жер қойнауын пайдаланушы оларға қатысты салық агентi ретiнде әрекет ететiн, төлем көзiнен ұстап қалуға жататын салықтар бойынша салықтық мiндеттемені орындау Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салықтық сараптамадан өткен, өнiмдi бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта төлем көзiнен ұсталатын салық салу тәртібін реттейтiн ережелердің болуына қарамастан, оларды төлеу жөніндегі мiндеттемелер туындаған кезде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салықтық сараптамадан өткен өнiмдi бөлу туралы келісімнiң (келісімшарттың) салық режимiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың салық режимiнде көзделген салықтар мен бюджетке төленетiн төлемдердiң жекелеген түрлерiнiң күшi жойылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы өнiмдi бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгiленген тәртiппен және мөлшерде, олардың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен тиiстi өзгерістер мен толықтырулар енгiзілгенге дейiн оларды бюджетке төлеудi жалғастырады.
2. Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейiн жасалған және мiндеттi салықтық сараптамадан өткен, өнiмдi бөлу туралы келісім (келісімшарт) ережелерінде операторды айқындау көзделсе және аталған келісім (келісімшарт) бойынша салықтық мiндеттемені орындауды оператор жүзеге асырса, онда мұндай оператор осы баптың 1-тармағына сәйкес осы келісімнiң (келісімшарттың) тараптарына қатысты қолданылатын салық режиміне сәйкес аталған келісім (келісімшарт) бойынша салықтық мiндеттемені орындайды.
3. Өнiмдi бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың салықтық міндеттемені орындауы төменде көрсетілген тәсілдердің бірімен жүзеге асырылуы мүмкін:
1) жай серіктестікке (консорциумға) қатысушының салықтық міндеттемені орындауды дербес немесе аталған қатысушының үлесіне қатысты міндеттеме бөлігінде ғана осындай қатысушының атынан және тапсырмасы бойынша оператор жүзеге асырады. Бұл ретте салықтық нысандарда салық төлеуші ретінде - жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушының деректемелері, уәкілетті өкіл ретінде оператордың деректемелері көрсетіледі;
2) егер бұл өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) ережелерінде көзделсе, жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың салықтық міндеттемені орындауын өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша оператор жиынтық түрде жүзеге асырады. Бұл ретте салықтық нысандарды жасау мен тапсыруды осы Кодекстің 9-тарауында айқындалған тәртіппен салық төлеушінің деректемелері ретінде оператордың деректемелерін көрсете отырып, оператор жүзеге асырады.
4. Егер жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды орындау барысында операторда Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес салық төлеушідегідей (салық агентіндегідей) салықтық міндеттемелер туындаса, онда мұндай салықтық міндеттемелерді оператор дербес орындайды.
756-бап. Күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша салықтық міндеттемені орындау ерекшеліктері
1. Күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша осы Кодекстің 305-бабы 5-тармағының, 277-бабы 5-тармағының, 280-бабы 5-тармағының, 588-бабы 3-тармағының бірінші бөлігі 5) тармақшасының, 743-бабының, 813-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің және 814-бабы екінші бөлігінің ережелері жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшартқа қол қойылған күнге қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қолданылады.
2. Салықтық міндеттемелерді орындау осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің күші жойылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар күрделі жобалар бойынша (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша тиісті салықтар мен төлемдер бойынша салықтық міндеттемелерді орындауды осындай келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға немесе тараптардың келісімі бойынша оған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін, тиісті келісімшартқа қол қойылған күнге қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жалғастырады.
3. Күрделі жобалар бойынша (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт тоқтатылған жағдайда (оның ішінде мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда), тиісті келісімшартта белгіленген салдар қолданылады. Бұл ретте мұндай келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт бойынша берілген босатулар, жеңілдіктер немесе өзге де алып қоюлар салдарынан бюджетке төленбеген салықтар, төлемдер сомаларын төлемейді. Күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт тоқтатылғаннан кейін (оның ішінде мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда) салықтық міндеттемелерді орындау осындай келісімшарттың қолданылуы тоқтатылған күннен кейінгі салықтық кезеңнен бастап салықтық міндеттеме туындаған күнге қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы Кодекстің 277-бабы 5-тармағының, 280-бабы 5-тармағының, 305-бабы 5-тармағының, 306-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының, 588-бабы 3-тармағының бірінші бөлігі 5) тармақшасының, 743-бабының, 813-бабы 2-тармағы екінші бөлігінің және 814-бабы екінші бөлігінің ережелерін жер қойнауын пайдаланушы - күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап, ал 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес жаңа редакцияда жазуды көздейтін осындай келісімшартқа толықтыру тіркелген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт шеңберінде өндірілген пайдалы қазбалар экспорты басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма жыл өткенге дейін қолданады.
757-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды бөлек салықтық есепке алу ерекшеліктері
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған әрбір келісімшарттың шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемені есептеу үшін, сондай-ақ рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз немесе игерілген кен орнын (бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайда кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) игерген кезде осындай кен орны (бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының осындай тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша қызметті жүзеге асырған жағдайда кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша осы Кодексте белгіленгендерден ерекшеленетін тәртіппен және мөлшерлемелер бойынша салықты және бюджетке төленетін төлемдерді есептеген жағдайда бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
2. Бөлек салықтық есепке алуды жүргізу туралы осы баптың ережелері кең таралған пайдалы қазбаларды, осы Кодекстің 781-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген кестенің 13-жолында көрсетілген кендік емес пайдалы қатты қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықты барлау және (немесе) өндіру жөніндегі келісімшарттарға, сондай-ақ осы келісімшарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемені есептеу және орындау бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізу жөніндегі талаптарды қоспағанда, барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және (немесе) пайдалануға қолданылмайды.
Көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған келісімшарттар бойынша қызметтің бір бөлігі болып табылатын осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша операциялар жер қойнауын пайдаланушыны бөлек салықтық есепке алу ескеріле отырып, көмірсутектерді немесе пайдалы қатты қазбаларды барлауға және (немесе) өндіруге арналған тиісті келісімшарт жөніндегі салықтық есепке алуда көрсетілуге тиіс. Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатында осындай операциялар бойынша тиісті келісімшарттарға және (немесе) келісімшарттан тыс қызметке шығыстарды бөлу тәртібін көрсетуге міндетті.
3. Жер қойнауын пайдаланушы салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды бекітілген салықтық есепке алу саясатына сәйкес есепке алу құжаттамасы деректерінің негізінде және осы бапта белгіленген ережелерді ескере отырып жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібін дербес әзірлейді және ол салықтық есепке алу саясатында (есепке алу саясаты бөлімінде) бекітіледі.
Салықтық есепке алу саясатында бөлек салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі болмаған және (немесе) осындай тәртіп салық салу қағидаттарына сәйкес келмеген жағдайда салық органдары салықтық бақылауды жүзеге асыру барысында салық төлеушінің салықтық міндеттемелерін осы баптың 12-тармағының 1) тармақшасына сәйкес айқындайды.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағына сәйкес жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты жай серiктестiкке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкіліне қатысты да қолданылады.
4. Келісімшарттық қызмет бойынша бөлек салықтық есепке алу мынадай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер:
1) корпоративтік табыс салығы;
2) қол қою бонусы;
3) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем;
4) пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
5) үстеме пайда салығы;
6) жер қойнауын пайдалануға баламалы салық;
7) осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында және 756-бабында айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың салық режимі негізінде осы Кодексте белгіленгеннен өзгеше тәртіппен есептелетін өзге де салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша жүргізіледі.
5. Салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу үшін келісімшарттан тыс қызметтен бөлек жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша - салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетуді;
2) осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген салықты және бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша - корпоративтік табыс салығын есептеуді;
3) корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша - осы баптың 4-тармағында көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды;
4) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай қызметі бойынша - корпоративтік табыс салығы жөніндегі бірыңғай декларацияны және жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір келісімшарт бойынша оған тиісті қосымшаларды ұсынуды;
5) жер қойнауын пайдаланушының тұтастай бүкіл қызметі бойынша осы баптың 4-тармағында көрсетілмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.