Бұл ретте осы тармақшада көрсетілген қаржылық есептілікте бейрезидент-заңды тұлғаның басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарының жалпы сомасы бөлек жолмен бөліп көрсетілуге тиіс;
5) бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің аудиті бойынша аудиторлық есептің көшірмесі (осындай қаржылық есептіліктің аудиті жүзеге асырылған кезде) растау құжаттары болып табылады.
712-бап. Бейрезиденттiң тұрақты мекеме арқылы халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түскен кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса, халықаралық шарт ережелеріне сәйкес мұндай бейрезиденттің халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістерді салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шарт салық салудан босату бөлігінде бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсыну күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына ұсынады.
2. Бейрезидент салықтық кезеңде халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер мен Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін басқа да кірістердің сомаларын бөлек есепке алуды жүргізуге мiндеттi.
3. Бейрезидент халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетумен байланысты шығыстардың сомасын тікелей немесе пропорционалды әдіспен айқындайды.
Шығыстарды айқындаудың таңдап алынған әдісі осындай бейрезиденттің тұрақты мекемесі тұрған жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органымен (уәкілетті органды қоспағанда) келісу бойынша ғана салықтық кезең басталғанға дейін өзгертілуі мүмкін.
Бір салықтық кезең ішінде шығыстарды айқындаудың біреуден артық әдісі қолданылмайды.
4. Шығыстарды айқындаудың тікелей әдісін қолдану кезінде бейрезидент халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетумен байланысты шығыстарды және басқа да шығыстарды бөлек есепке алуды жүргізеді.
5. Пропорционалды әдісті қолдану кезінде шығыстар сомасы салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты бейрезидент шығыстарының үлесі мен жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
Үлес халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер сомасының салықтық кезеңдегі Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырумен байланысты кірістердің жалпы сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.
6. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы есептелген және бюджетке төленген жағдайда бейрезиденттің талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
713-бап. Бейрезиденттің тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісін салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса және осындай халықаралық шартта бейрезиденттің таза кірісіне салық салудың осы Кодекстің 689-бабында белгіленген тәртіптен өзгеше тәртібі көзделген болса, оның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін таза кірісіне халықаралық шартта көзделген төмендетілген салық мөлшерлемесін қолдануға құқығы бар.
Төмендетілген салық мөлшерлемесін бейрезидентте корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсыну күніне оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны берген кезде тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына ұсынады.
2. Корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынған күнге бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат болмаған кезде бейрезидент халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте корпоративтік табыс салығы есептелген және бюджетке төленген жағдайда бейрезиденттің талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша қосымша декларация мен бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжат ұсынылған жағдайда халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
4-параграф. Бейрезидент-жеке тұлғаның халықаралық шартты өз бетінше қолдану тәртібі
714-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер бейрезидент-жеке тұлға кірісті түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылса, бейрезидент-жеке тұлғаның халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан алған кірістерін салық салудан босатуды қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шарт салық салудан босату бөлігінде бейрезидентте жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынған күнге оның резиденттігін растайтын құжат болған кезде қолданылады.
Бейрезидент-жеке тұлға резиденттікті растайтын құжатты жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны берген кезде өзі болатын (тұрғылықты) жердегі салық органына ұсынады.
2. Бейрезидент-жеке тұлға жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсыну күнінде резиденттікті растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстің 695-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке жеке табыс салығын төлеуді жүргізуге міндетті.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 699, 700 және 701-баптарында айқындалған тәртіппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.
16-БӨЛІМ. АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІ
76-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
715-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың және осы бөлімнің ережелеріне сәйкес келген кезде салық төлеуші мынадай арнаулы салық режимдерінің бірін таңдауға құқылы:
| № | Арнаулы салық режимдерінің түрлері | Субъектілер | Шекті кіріс мөлшері (қаржы жылының 1 қаңтарына айлық есептік көрсеткіш) | Мөлшерлеме, кіріс %-ы | Қызмет түрлері/жер учаскесінің болуы |
| А | 1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
| 1 | Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі | жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар | бір айда 300 | жеке табыс салығы - 0 әлеуметтік төлемдер - 4* | арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі |
| 2 | Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі | дара кәсіпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары | бір жылда 600 000 | 4% мөлшеріндегі (жергілікті өкілді органдардың мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендету/арттыру құқығымен) жеке табыс салығы/ корпоративтік табыс салығы және белгіленген мөлшерлердегі әлеуметтік төлемдер* | арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі |
| 3 | Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі | шаруа немесе фермер қожалықтары | - | жеке табыс салығы - 0,5 | Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген шекті алаңдарда жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарында (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде |
*Әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.
2. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілікті ұсынуды мынадай салық салу режимдерінде:
1) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде;
2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
716-бап. Арнаулы салық режимін таңдау тәртібі, оған ауысу және оны қолдануды тоқтату шарттары
1. Осы бөлімде әрбір осындай режим үшін белгіленген, оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде арнаулы салық режимін таңдауды:
1) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою кезінде жеке тұлға - осы Кодекстің 97-бабына сәйкес жіберілетін, дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламада;
2) жаңадан құрылған заңды тұлғалар - тіркеуші органда мемлекеттік тіркелгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей салық органына ұсынылатын, қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада;
3) қалған жағдайларда дара кәсіпкер мен заңды тұлға - қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада жүзеге асырады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін жеке тұлғаның таңдауы:
көрсетілген режимде арнаулы мобильді қосымшаның чектері қалыптастырылған айда;
жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде - төлем құжаттарында көрсетілген кезеңде танылады.
2. Егер жаңадан құрылған салық төлеуші осы баптың 1-тармағында айқындалған тәртіппен арнаулы салық режимін таңдамаса, осындай салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін таңдады деп танылады.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші екінші арнаулы салық режимін - оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада арнаулы салық режимдерінің екі дерегін көрсетеді.
4. Тиісті арнаулы салық режиміне оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде мыналар ауысуға құқылы:
1) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне - жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын заңды тұлғалар;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне және (немесе) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне - жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданатын дара кәсіпкерлер;
3) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режиміне - оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер;
4) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне - шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер.
5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілікті ұсынуды:
1) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде, оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде жүргізеді.
Бұл ретте оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде шекті кіріс мөлшері бойынша шектеуді қолдану мақсаттары үшін кірістер мөлшеріне шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимінің күші қолданылатын қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер енгізілмейді;
2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.
6. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін таңдалған арнаулы салық режимі осындай салық салу режимі үшін осы бөлімде белгіленген арнаулы салық режимін қолдану шарттарына сәйкес келмейтін жағдайлардың туындауын қоспағанда, күнтізбелік жыл ішінде өзгертуге жатпайды.
7. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінен жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне (оның ішінде салық органының шешімі бойынша) ауысқаннан (көшкеннен) кейін оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режиміне кейінгі ауысу бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде:
жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қолданудың кемінде бір күнтізбелік жылынан кейін;
соңғы күнтізбелік жылда жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданған кезде жылдық жиынтық кіріс оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін белгіленген шекті кіріс мөлшерінен аспаса, жүзеге асырылады.
8. Салық төлеушілер қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны тұрған жеріндегі салық органына қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы ұсынады.
9. Таңдалған арнаулы салық режимін қолдануды бастау күні мыналар болып табылады:
1) дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламада таңдалған арнаулы салық режимін көрсеткен жеке тұлғалар үшін - салық органдарында дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою күні;
2) қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынған, жаңадан құрылған заңды тұлғалар үшін - тіркеуші органда мемлекеттік тіркеу күні;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін таңдаған жеке тұлғалар үшін:
арнаулы мобильді қосымшада алғашқы чек қалыптастырылған айда көрсетілген чектің қалыптастырылған күні;
жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде - төлем құжаттарында көрсетілген кезең;
4) қалған жағдайларда - қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама берілген күн.
10. Өзге де арнаулы салық режиміне немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауысу жүзеге асырылатын, арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды тоқтату күні қолданылатын салық салу режимі туралы тиісті хабарлама ұсынылған күннің алдындағы күн болып табылады.
11. Арнаулы салық режимін қолдануға мүмкіндік бермейтін талаптар туындаған жағдайларда жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне немесе өзге де арнаулы салық режиміне ауысу үшін салық төлеуші осындай талаптар туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде - дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаны;
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданған кезде - қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны ұсынуға міндетті.
Басқа арнаулы салық режимін немесе жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды бастау күні осындай талаптар туындаған күн болып табылады.
Кірісі арнаулы салық режимі үшін шекті кірістен асатын мәміле жасалған жағдайда, салық төлеуші осындай мәміле бойынша кіріс алынғанға дейін тиісті хабарлама береді.
12. Салық органы камералдық бақылау барысында салық төлеушінің тиісті арнаулы салық режимін қолдану үшін белгіленген шарттарға сәйкес келмеу фактісін белгілеген кезде салық органы салық төлеушіге осы Кодекстің 82 және 137-баптарында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарлама жібереді.
Салық төлеуші өзге арнаулы салық режиміне ауысу туралы хабарламаны салық органына ұсынбаған жағдайда салық органы осындай салық төлеушіні жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырады немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы хабарламаны осы баптың 11-тармағында көзделген жағдайда және тәртіппен ұсынбаған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануды тоқтатады.
Бұл ретте:
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі үшін - арнаулы салық режимін қолдану бойынша сәйкессіздік туындаған күн жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдануды бастау күні болып табылады.
Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін немесе шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін тоқтату күні арнаулы салық режимін қолдану бойынша сәйкессіздік туындаған күннің алдындағы күн болып табылады;
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі үшін - осы арнаулы салық режимін қолдану бойынша сәйкессіздік туындаған күн осындай арнаулы салық режимін қолдануды аяқтау күні болып табылады.
13. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғаларда жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер есептелген және төленген күнтізбелік ай ішінде кірістер болмаған жағдайда, мұндай адамдарды салық органы осы режимді қолданатын салық төлеуші ретінде есептен шығарады.
14. Салық төлеушінің оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануды бастаған күні және (немесе) тоқтатқан күні туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында осындай арнаулы салық режимін қолданудың тиісті басталған күніне және (немесе) тоқтатылған күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей орналастырылады.
717-бап. Арнаулы мобильді қосымша
1. Арнаулы мобильді қосымша - мынадай:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғалардың салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау тәртібін қолдану;
оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын дара кәсіпкерлердің жеке табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді есептеуі, оларды төлеуі және декларацияны ұсынуы бойынша салықтық міндеттемелерді орындау;
салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат негізінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу (мұндай тіркеуден алып тастау);
арнаулы мобильді қосымшаның чегін қалыптастыру мақсаттары үшін салықтық мобильді қосымша.
Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану тәртібін, арнаулы мобильді қосымша чегінің мазмұнын уәкілетті орган белгілейді.
2. Арнаулы мобильді қосымшада өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер мен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушы (алушы) арасында есеп айырысуларды жүзеге асыру фактісін растайтын құжат осы қосымшада қалыптастырылатын арнаулы мобильді қосымшаның чегі болып табылады.
3. Арнаулы мобильді қосымшаның чегін салық төлеуші қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйені (құрылғыны) пайдаланып есеп айырысу кезінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушыға (алушыға), оның ішінде олар көрсеткен электрондық пошта мекенжайына береді.
4. Арнаулы мобильді қосымшада арнаулы мобильді қосымшаның чектері және өзге де көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде кірістер тізілімі қалыптастырылады.
5. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер банк ұйымдарының, интернет-платформа операторының мобильді қосымшасын пайдаланған кезде оларға арнаулы мобильді қосымшаның чектерін қалыптастыруға уәкілеттік беруге құқылы.
Осы бапта интернет-платформа операторы деп Интернетте орналастырылған, электрондық форматта делдалдық қызметтер көрсетуге, жұмыстар орындауға арналған ақпараттық жүйелердің операторы түсініледі.
6. Уәкілеттік берілген банк ұйымдарының, интернет-платформалар операторларының арнаулы мобильді қосымшаға операциялар бойынша мәліметтерді беру мақсаттары үшін салық органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган Ұлттық Банкпен келісу бойынша айқындайды.
77-тарау. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі
718-бап. Жалпы ережелер
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арнаулы салық режимін қолдану тәртібі мен талаптарын сақтау кезінде қолдануға құқылы.
2. Осы Кодекстің мақсаттары үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асыратын жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер болып табылмайтын) - Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар танылады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;
2) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
3) күнтізбелік айдағы кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен аспайтын жеке тұлғалар (дара кәсіпкерлер болып табылмайтын) - Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар танылады.
719-бап. Арнаулы салық режимін қолдану тәртібі мен шарттары
1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі төлем көзінен ұсталатын салықты (бұдан әрі осы тараудың мақсатында - жеке табыс салығы), әлеуметтік төлемдерді қоспағанда, жеке табыс салығын есептеудің және төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді.
2. Арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне енгізілген қызметті жүзеге асыруға байланысты салықтық кезең үшін алынған кіріс өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимінде салық салу объектісі болып табылады.
Бұл ретте өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін есеп айырысуларды жүзеге асыру күні, оның ішінде ақшаны немесе оның баламасын алу немесе төлеу күні кірісті тану күні болып табылады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолданатын жеке тұлғалардың (қызметін жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асыратын жеке тұлғаларды қоспағанда) кірістерін есепке алу арнаулы мобильді қосымшаның чектері және өзге де көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде арнаулы мобильді қосымшада қалыптастырылатын кірістер тізілімде жүргізіледі.
Қызметін жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асыратын жеке тұлғалардың өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміндегі кірістерін есепке алу операциялардың күні, атауы, әрбір операциядан алынған сомалар, әрбір күн үшін, ай үшін қорытынды сома көрсетіле отырып, өздері дербес әзірлеген қарапайым нысанда жүргізіледі.
3. Күнтізбелік ай өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең болып табылады.
4. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арнаулы мобильді қосымшаны міндетті түрде пайдалана отырып немесе қызметін жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асыру кезінде жеке табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді дербес есептеу және төлеу жолымен арнаулы салық режимін қолданады.
5. Қызметті интернет-платформаны пайдалана отырып жүзеге асыру кезінде арнаулы салық режимін қолдану осы Кодекстің 721-бабының ережелері ескеріле отырып жүргізіледі.
720-бап. Жеке табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді арнаулы салық режимінде есептеу мен төлеу тәртібі
1. Жеке табыс салығының сомасын есептеу осы баптың 2-тармағында көзделген азайту ескеріле отырып, салық салу объектісіне 0 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
Әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу осы баптың 2-тармағында көзделген азайту ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі.
2. Арнаулы салық режимінде жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің сомасын есептеуді өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам қызметін жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жүргізеді.
Бұл ретте арнаулы мобильді қосымшада өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның салықтық кезеңде алған барлық кірістерінің сомасы және есептелген жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің сомасы көрсетіледі.
Қызметті интернет-платформаны пайдалана отырып жүзеге асыру кезінде салық агенті жеке табыс салығын және әлеуметтік төлемдерді ұстап қалған және аударған жағдайларда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның салық салу объектісі жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдердің сомасын есептеу, ұстап қалу және төлеу жөніндегі міндеттемені осындай салық агенті орындауға жататын кірістер сомасына азаяды.
3. Қызметті жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде жүзеге асырудан түсетін кірістер бойынша арнаулы салық режимінде жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің сомасын салықтық кезең үшін есептеуді өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам дербес жүргізеді.