5) шетелде болу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiшхаттарын ресiмдеу;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi бойынша құжаттарды ресiмдеу;
7) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;
8) құжаттарды талап етіп алдыру;
9) құжаттарды заңдастыру, сондай-ақ апостильдеу үшін құжаттарды қабылдау және одан әрі өткізу;
10) нотариаттық әрекеттер жасау;
11) консулдық мекемеде өсиеттерді, құжаттар бар пакетті (өсиеттен басқа), ақшаны, бағалы қағаздарды және басқа да құндылықтарды (мұрагерлікті қоспағанда) сақтау;
12) жария сауда-саттықтарда тауарларды немесе өзге де мүлікті сату;
13) мүлікті немесе ақшалай сомаларды тиесілігі бойынша беру үшін алты айға дейінгі мерзімге депозитке қабылдау;
14) заңды тұлғалардың мекенжайына дипломатиялық поштамен құжаттар жіберу;
15) кеме шетелден сатып алынған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығына уақытша куәлік беру;
16) Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа да құжатты жасау немесе куәландыру;
17) Қазақстан Республикасының шетелдегі кемесінің немесе жүгінің опат болуы немесе зақымдануы (кемелердің кеме апатына ұшырауы) жағдайында теңіз наразылығы туралы акт жасау;
18) заңдық мәні бар өзге де құжаттар (анықтамалар) беру.
676-бап. Консулдық алым мөлшерлемелері
Сыртқы істер министрлігі уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша:
1) Қазақстан Республикасының аумағында алынатын;
2) шет мемлекеттің аумағында консулдық әрекеттер жасағаны үшін алынатын консулдық алым мөлшерлемелерін әзірлейді және бекітеді.
Сыртқы істер министрлігі осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес бекітілген мөлшерлемелерге қосымша өзара түсіністік қағидаты негізінде жеделдеткені үшін консулдық алым мөлшерлемелерін белгілеуге құқылы.
677-бап. Консулдық алымды төлеуден босату
Консулдық алым:
1) осы Кодекстің 667 - 671-баптарында көзделген жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасымен консулдық алымдар алудан өзара бас тарту туралы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларынан;
3) Қазақстан Республикасымен құқықтық көмек туралы халықаралық шарт жасасқан мемлекеттердің билік орындары мен жекелеген азаматтарының сұрау салуы бойынша отбасылық, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша, алименттер, мемлекеттiк жәрдемақылар мен зейнетақылар, бала асырап алу туралы құжаттарды талап етіп алдырғаны үшiн;
4) мыналарға:
Қазақстан Республикасы ресми делегацияларының мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына;
қызметтік істер бойынша тысқары жерге шығатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне - Қазақстан Республикасының дипломатиялық, қызметтік немесе ұлттық паспорт иелеріне;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері персоналының отбасы мүшелеріне;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері қызметкерінің немесе жұмыскерінің сырқаттануына немесе қайтыс болуына байланысты тысқары жерге шығатын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері персоналының жақын туыстарына және олармен бірге жүретін адамдарға визалар беру туралы шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге және консулдық мекемелерге нота жасағаны және басып шығарғаны үшін;
5) Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың визалар беру туралы жолданымдарын пысықтағаны және:
Қазақстан Республикасына баратын шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларға (симпозиумдарға, конференцияларға және өзге де саяси, мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға) қатысу үшін Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
халықаралық ұйымдардың қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын қызметкерлеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
инвесторлық визалар;
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға визалар беру (визалық қолдау) туралы Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне нұсқама жібергені үшін;
6) мынадай визаларды:
Қазақстан Республикасына баратын шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларға (симпозиумдарға, конференцияларға және өзге де саяси, мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға) қатысу үшін Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасының, Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
халықаралық ұйымдардың қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын қызметкерлеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге - дипломатиялық және қызметтік паспорт иелеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға;
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;
шетелде тұрақты тұратын және жақын туыстарының жерлеуіне Қазақстан Республикасына баратын, Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтарына визаларды;
инвесторлық визаларды;
қызметтік визаларды;
дипломатиялық визаларды бергені үшін;
7) Қазақстан Республикасы консулдық мекемелерінің және Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері жіберген қателері бар бастапқы визалардың орнына қайтадан визалар бергені үшін;
8) жоғалту, дүлей зілзала немесе басқа да форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан құжаттары мен ақшасы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасына қайта оралуға куәліктер және анықтамалар бергені үшін;
9) шетелде қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарының мәйіті салынған табыттар мен күлі салынған урналарды Қазақстан Республикасына жіберген кезде қайтыс болу туралы куәліктер және анықтамалар бергені үшін;
10) өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің өтінішхаттары бойынша құжаттарды талап етіп алдырғаны үшін;
11) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы талап етіп алдырған құжаттарын заңдастырғаны үшін;
12) өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өтінішхаттары бойынша құжаттарды заңдастырғаны үшін;
13) шетелде уақытша және тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын, сондай-ақ шетелдіктерге асырап алуға берілген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды консулдық есепке қойғаны және консулдық есептен шығарғаны үшін алынбайды.
678-бап. Консулдық алымды төлеу тәртібі
1. Консулдық алым консулдық әрекеттер жасалғанға дейiн төленедi.
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi консулдық әрекеттерді төлеушi консулдық алымды төлегеннен кейiн жүзеге асырады.
3. Мөлшерлемесі АҚШ долларымен белгiленген консулдық алымдарды Қазақстан Республикасының аумағында төлеу алымды төлеу күніне Ұлттық Банк белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен жүргiзiледi.
4. Консулдық алым:
1) Қазақстан Республикасының аумағында - екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен бюджетке консулдық әрекеттер жүзеге асырылатын жер бойынша немесе Сыртқы істер министрлігі белгілеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленеді.
Консулдық алым қолма-қол ақшамен төленген жағдайда, консулдық алымның осы сомасын уәкілетті мемлекеттік орган ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей банк ұйымдарына кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жерде - шаруашылық пайдалану құқығынсыз дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменiң банктік шотына банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен немесе Сыртқы істер министрлігі белгілеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленедi.
5. Консулдық алымды төлеу аумағында консулдық әрекеттер жасалатын мемлекеттің валютасымен немесе кез келген басқа еркін айырбасталатын валютамен жүргізіледі.
6. Шетелде қабылданған консулдық алым сомаларын дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме олар қабылданған күннен бастап операциялық он күннен кешіктірмей дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме орналасқан мемлекеттің шетелдік банкіне шетелдік банктік шотқа есепке жатқызу үшін тапсырады.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі орналасқан мемлекеттің валютасымен шетелдік банктік шотқа түскен консулдық алымдарды шетелдік банк дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің тапсырмасы бойынша АҚШ долларына, евроға, ағылшын фунт стерлингіне, швейцар франкіне, Канада долларына, жапон иеніне, Ресей рубліне, Қытай юаніне айырбастайды.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің бірінші қол қою құқығы бар басшысы шетелдік банктік шотқа билік етуші болып табылады.
Шетелдік банктік шотқа түскен консулдық алымдарды дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірілмейтін мерзімде Сыртқы істер министрлігінің валюталық шотына одан әрі бюджет кірісіне есепке жатқызу үшін аударады. Егер дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге консулдық алымдардан түсетін ай сайынғы түсімдер 1 000 АҚШ долларынан аз болса және оның есепті кезеңнің соңындағы бағам бойынша осы тармақта көрсетілген валюта түрлеріндегі баламасын құраса, аудару тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырылады.
Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме аударған консулдық алымдарды Ұлттық Банктен шетелдік валютадағы корреспондеттік шоттар бойынша үзінді көшірмелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық нысандағы төлем құжаттарын қоса бере отырып, республикалық бюджет кірісіне аударады.
7. Төленген консулдық алым сомалары қайтарылуға жатпайды.
15-БӨЛІМ. БЕЙРЕЗИДЕНТТЕРГЕ САЛЫҚ САЛУ
679-бап. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістері
1. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістері деп кірістердің мынадай түрлері танылады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды өткізуден түсетін кіріс, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасындағы, оның шегінен тысқары жердегі тауарларды өткізуден түсетін кіріс;
2) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін кіріс;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде ақпаратты өңдеу жөніндегі қызметтерді, басқарушылық, қаржылық, консультациялық, инжинирингтік, маркетингтік, аудиторлық, дизайнерлік қызметтерді, жарнама, заң (соттарда, төрелікте немесе аралық сотта өкілдік ету және құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ нотариаттық көрсетілетін қызметтерді қоспағанда) қызметтерін көрсетуден түсетін кіріс.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар қаржылық көрсетілетін қызметтер деп танылады:
сақтандыру нарығына (сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда), бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың қызметі;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметі;
банк қызметі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізу жөніндегі ұйымдардың қызметі (Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғасының құрылымдық бөлімшесіне банктік шоттарды ашу және жүргізу, аудару операциялары, кассалық операциялар, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын қоса алғанда, шетел валютасымен айырбастау операциялары, төлем құжаттарын инкассоға қабылдау бойынша көрсетілген қызметтерді қоспағанда);
орталық депозитарийдің және өзара сақтандыру қоғамдарының қызметі;
әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі;
әлеуметтік сақтандыру қорының қызметі;
4) жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тiркелген тұлғаның жұмыстардың, қызметтердің іс жүзінде орындалған, көрсетiлген жерiне қарамастан, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетiн кірістері, сондай-ақ осы бапта белгiленген өзге де кірістер.
Осы тармақшаның ережелері:
осындай мемлекеттің аумағында жеке тұлғаға туристік қызметтер көрсетуден;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған әуежай қызметін жүзеге асырудан түсетін кіріске қатысты қолданылмайды;
5) шет мемлекетте тіркелген тұлғаның мынадай:
осындай аванс (алдын ала төлем) төленген күннен бастап он екі ай ішінде бейрезидент қанағаттанбаған;
авансты (алдын ала төлемді) төлеген тұлға таратылған кезде тарату салықтық есептілігін ұсынған күнге бейрезидент қанағаттанбаған шарттардың бірі орындалған кезде алынған аванс (алдын ала төлем) бойынша міндеттемелері түріндегі кірістері.
Авансты (алдын ала төлемді) төлеген тұлға таратылған кезде осы Кодекске сәйкес тарату салықтық тексеруін жүргізу немесе камералдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды беру көзделген жағдайда, осындай міндеттеменің мөлшері:
салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес төленуге жатқан және аралық тарату балансын бекіту күніне осы баланста көрсетілуге жататын (көрсетілген) міндеттемелер сомасы (қосылған құн салығының сомаларын қоспағанда)
алу
аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап және тарату салықтық тексеруі немесе камералдық бақылау аяқталған күнге дейінгі кезеңде қанағаттандырылатын міндеттемелер сомасы ретінде айқындалады.
Тарату салықтық тексеруінің нәтижелері бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең үшін қанағаттандырылған міндеттемелердің нақты сомасын негізге ала отырып айқындайды. Мұндай міндеттеменің мөлшері салықтық тексеру актісінде көрсетіледі.
Камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша міндеттеменің мөлшерін салық органы көрсетілген кезең үшін қанағаттандырылған міндеттемелердің нақты сомасын негізге ала отырып айқындайды және камералдық бақылау нәтижелері бойынша болжалды алшақтықтар туралы хабарламада көрсетіледі;
6) осындай тауарлар берілген, қызметтер көрсетілген және жұмыстар орындалған күннен бастап он екі ай ішінде бейрезидент қанағаттанбаған, тауарларды бергені, қызметтерді көрсеткені және жұмыстарды орындағаны үшін резидентке ақы төлеу жөніндегі міндеттемелер түріндегі кірістер;
7) мыналарды:
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтары немесе мәмілелері мемлекеттік тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті;
резидент шығарған бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан резидент-заңды тұлғаның, консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерін;
егер бейрезидент-заңды тұлғаның осындай акциялары, қатысу үлестері немесе активтері құнының 50 және одан көп пайызын Қазақстан Республикасындағы мүлік құрайтын болса, бейрезидент шығарған акцияларды, сондай-ақ бейрезидент-заңды тұлғаның, консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс;
8) талап ету құқығын басқаға берген бейрезидент үшін - борышты талап ету құқығын Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидентке немесе бейрезидент-заңды тұлғаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері бейрезиденттің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға берілген талап ету құқығының құны мен талап ету құқығын басқаға беру күніне борышкерден алуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады;
9) талап ету құқығын сатып алатын бейрезидент үшін - осы тармақтың 10) тармақшасында көзделген кірісті қоспағанда, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резиденттен немесе бейрезидент-заңды тұлғадан борышты талап ету құқығын сатып алу кезінде талап ету құқықтарын басқаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері талап ету құқығын басқаға беру күніне негізгі борышты, оның ішінде негізгі борыштан жоғары соманы борышкерден талап ету бойынша алуға жататын сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады;
10) талап ету құқығын сатып алатын бейрезидент үшін - Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резиденттен немесе бейрезидент-заңды тұлғадан «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген (қайта берілген) борышты талап ету құқығын сатып алу кезінде талап ету құқықтарын басқаға беруден түсетін кіріс.
Бұл ретте осындай кірістің мөлшері борышкер нақты төлеген сома мен талап ету құқығын сатып алу құны арасындағы оң айырма түрінде айқындалады.
Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс оң айырма туындайтын (ұлғайтылатын) салықтық кезеңде танылады. Бұл ретте бұрын алдыңғы салықтық кезеңдерде танылған оң айырма ескерілмейді;
11) бюджеттен қайтарылған, бұрын негізсіз ұсталған айыппұлдардан басқа, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) және санкциялардың басқа да түрлері түріндегі кіріс;
12) резидент-заңды тұлғадан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған инвестициялық пай қорларынан алынатын дивидендтер түріндегі кіріс;
13) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар түріндегі кіріс;
14) эмитенттен алынатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар түріндегі кіріс;
15) роялти түріндегі кіріс;
16) қаржы лизингінен басқа, Қазақстан Республикасында орналасқан немесе орналасатын мүлікті мүліктік жалдауға (жалға) беруден түсетін кіріс;
17) Қазақстан Республикасындағы жылжымайтын мүліктен алынатын кіріс;
18) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақылары түріндегі кіріс;
19) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдерді қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетін сақтандыру сыйлықақылары түріндегі кіріс;
20) халықаралық тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуден түсетін кіріс.
Осы бөлімнің мақсаттарында халықаралық тасымалдар деп әртүрлі мемлекеттердегі, олардың біреуі Қазақстан Республикасы болып табылатын пункттер арасында жүзеге асырылатын теңіз, өзен немесе әуе кемесімен, автокөлік құралымен немесе теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, тауарларды, оның ішінде поштаны кез келген тасымалдау танылады.
Осы бөлімнің мақсатында мыналар халықаралық тасымалдар деп танылмайды:
тек қана Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі пункттер арасында, сондай-ақ тек қана Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттер арасында жүзеге асырылатын тасымалдау;
тауарларды магистральдық құбыржолдармен тасу;
21) теңіз тасымалы шартында (келісімшартында) көзделген сталиялық уақыттан асатын уақытта тиеу-түсіру операциялары кезінде кеменің бос тұрып қалғаны үшін төлем түріндегі кіріс;
22) Қазақстан Республикасының аумағындағы құбыржолдарды, электр беру желілерін, талшықты-оптикалық байланыс желілерін пайдаланудан алынатын кіріс;
23) жұмыс берушілер болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасалған еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін кірістері;
24) еңбекші көшіп келушіге рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарты бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің кірісі;
25) басшының гонорары және (немесе) басқару органының (директорлар кеңесінің немесе өзге де органның) мүшелері резидентке қатысты өздеріне жүктелген басқарушылық міндеттерді орындауына байланысты, мұндай міндеттерді нақты орындайтын жеріне қарамастан, аталған адамдар алатын өзге де төлемдер;
26) жұмыс берушілер болып табылатын резидент немесе бейрезидент Қазақстан Республикасында тұруына байланысты бейрезидент-жеке тұлғаға төлейтін үстемеақылар;
27) бейрезидент-жеке тұлғаның жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін кірісі.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар материалдық пайда деп танылады, оның ішінде:
бейрезидент-жеке тұлға үшінші тұлғалардан алған тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге ақы төлеуі және (немесе) олардың құнының өтемі;
бейрезидент-жеке тұлғаға өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
бейрезидент-жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару;
28) бейрезидент-жеке тұлғаның жұмыс беруші болып табылмайтын тұлғадан алған материалдық пайда түріндегі кірісі.
Осы бөлімнің мақсаттарында мыналар материалдық пайда деп танылады, оның ішінде:
бейрезидент-жеке тұлға үшінші тұлғалардан алған тауарларға, орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу және (немесе) олардың құнының өтемі;
бейрезидент-жеке тұлғаға өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;
бейрезидент-жеке тұлғаның борыш немесе міндеттеме сомасын есептен шығару;
29) резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері;
30) бейрезидент-жеке тұлғаларға зейнетақы аннуитеті шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
31) төлем қалай және кімге жүргізілетініне қарамастан, театр, кино, радио, телевизия әртісінің, музыканттың, суретшінің, спортшының және өзге де бейрезидент-жеке тұлғаның Қазақстан Республикасындағы мәдениет, өнер және спорт саласындағы қызметтен түсетін кірісі;
32) ұтыс түріндегі кіріс;
33) Қазақстан Республикасында тәуелсіз жеке (кәсіби) қызметтер көрсетуден түсетін кіріс;
34) бейрезидент-жеке тұлғаның резидент-жеке тұлғадан өтеусіз алған мүлкін қоспағанда, өтеусіз алынған немесе мұраға қалған мүлік, оның ішінде жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түріндегі кіріс.