Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты жұмсалған шығыстар мөлшерінде айқындалады.
Өтеусіз орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қоспағанда, өтеусіз алынған мүліктің құны мүлікті беру күніне мұндай мүлікті берген тұлғаның бухгалтерлік есебінің деректері бойынша оның баланстық құнының мөлшерінде айқындалады.
Бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша өтеусіз алынған мүліктің, сондай-ақ мұраға қалған мүліктің құнын айқындау мүмкін болмаған жағдайда, мұндай мүліктің мұраға беру немесе енгізу күнгі құны мынадай тәсілдердің бірімен белгіленеді:
Мемлекеттік корпорация мұндай мүлік алынған күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша белгілеген құн негізінде;
қазақстандық немесе шетелдік қор биржасында саудаланатын бағалы қағаздың көрсетілген бағалы қағазды мұраға алу (енгізу) күніне белгіленімінің құны негізінде.
Өтеусіз алынған немесе мұраға қалған мүліктің құнын осы тармақшада айқындалған тәртіппен айқындау мүмкін болмаған жағдайда құн мүлікті бағалау туралы есептің негізінде айқындалады;
35) туынды қаржы құралдары бойынша кіріс;
36) сенімгерлік басқару құрылтайшысы болып табылатын бейрезидент үшін Қазақстан Республикасында салықтық міндеттемені орындау жүктелмеген резидентке мүлікті сенімгерлік басқаруға беруден алынған кіріс;
37) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша кіріс;
38) Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметтен пайда болатын басқа да кірістер;
39) мынадай түрдегі:
өтеу мерзімі жиырма төрт айдан аспайтын қаржылай қарыз талаптарында белгіленген мерзімдерде өтелмеген немесе ішінара өтелмеген негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз түріндегі (банктік қарызды қоспағанда) кірістер.
Егер қаржылай қарыздың талаптарында қаржылай қарыздың негізгі борышын өтеу графигі көзделсе, қаржылай қарыздың негізгі борышын өтеу графигіне сәйкес бейрезиденттің резидент алдында орындамаған әрбір міндеттеме кіріс деп танылады;
өтеу мерзімі жиырма төрт айдан асатын, бірақ алпыс айдан аспайтын қаржылай қарыз талаптарында белгіленген мерзімдерде өтелмеген немесе ішінара өтелмеген негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) түріндегі;
өтеу мерзімі алпыс айдан асатын, негізгі борыш мөлшерінде алынған қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) түріндегі;
резидент алған және Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі шетел банкіндегі шотқа есепке жатқызылған қаржылай қарызды (банктік қарызды қоспағанда) өтеу мақсатында резидент жүзеге асыратын төлемдер түріндегі;
қаржылай қарыздың талаптары бойынша мұндай қарызды өтеу Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі шетел банкіндегі шотқа жүзеге асырылатын, бейрезидентке қаржылай қарыз (банктік қарызды қоспағанда) беру мақсатында жүзеге асырылатын төлемдер түріндегі;
резидент үлестес емес бейрезидентке беретін, талаптары бойынша қарызды пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу көзделмеген қаржылай қарызды (банктік қарызды қоспағанда) беру жөніндегі төлем сомасына орташа нарықтық мөлшерлемені көбейту жолымен есептелетін сома түріндегі кірістер.
Қаржылай қарыз ұғымы «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағынада қолданылады.
2. Осы бөлімнің мақсаттарында ақшаны қолма-қол ақшалай және (немесе) қолма-қол ақшасыз нысандарда, бағалы қағаздарды, қатысу үлесін, тауарларды, мүлікті беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, борыш талабын есептеп шығару және (немесе) есепке жатқызу, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы көздерден кірістерді төлеу бойынша бейрезидент алдындағы берешекті өтеу есебіне жүргізілетін кірісті төлеу деп түсініледі.
Нақты кіріс төлемі болмаған кезде сатып алынатын мүлікті мемлекеттік тіркеу кіріс төлемі деп танылады.
Осы Кодекске және Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес салық салу объектілерін түзету кезінде туындайтын дивидендтерге салық салынған кезде осы Кодекстің 13-бабына сәйкес кірісті айқындау кірісті төлеу деп түсініледі. Бұл ретте есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызы кірісті төлеу күні болып табылады.
680-бап. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірісі болып табылмайтын сомалар мен төлемдер
1. Мыналар бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден кірісі болып танылмайды:
1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезиденттің кірісінен есептелген және салық агенті осындай табыс салығын ұстамай өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының бюджетіне төлеген табыс салығының сомасы;
2) басқару органының (директорлар кеңесінің немесе өзге де органның) мүшелеріне резидент жүктеген басқарушылық міндеттерді орындауға байланысты оларға жұмсалған шығыстар өтемақысы, мынадай шекте:
осындай шығыстарды растайтын құжаттар (оның ішінде құнын төлеу фактісін растайтын құжат, сондай-ақ отырғызу талоны немесе жол жүру фактісін растайтын және тасымалдаушы берген өзге де құжат болған кезде электрондық билет, электрондық жол жүру құжаты) негізінде бронь үшін шығыстарды төлеуді қоса алғанда, басқарушылық міндеттерді орындау орнына бару және кері қайту жолына нақты жүргізілген шығыстар;
осындай шығыстарды растайтын құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұрғын үй-жайды жалдау бойынша нақты жүргізілген, бірақ шетелде іссапарларда жүрген мемлекеттік қызметшінің отельдерден бір орынды стандартты нөмірлерді жалдауы бойынша шығыстарды өтеудің шекті нормаларынан аспайтын шығыстар;
осындай шығыстарды растайтын құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының шегінде тұрғын үй-жайды жалдау бойынша нақты жүргізілген шығыстар;
күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде басқарушылық міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының шегінде болған күнтізбелік әрбір күн үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшерінен аспайтын ақша сомасы;
күнтізбелік қырық күннен аспайтын кезең ішінде басқарушылық міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде болған күнтізбелік әрбір күн үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшерінен аспайтын ақша сомасы. Бұл ретте басқарушылық міндеттерді орындайтын орын тұрақты тұратын жерімен сәйкес келмеуге тиіс;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым түрінде алынған мүліктің құны, сондай-ақ бейрезидент-эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған мүліктің құны;
4) тауар беруге байланысты Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды қоспағанда, сыртқы сауда қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар беруге байланысты төлемдер.
Егер тауарларды беруге арналған шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасына Қазақстан Республикасының аумағында қызметтерді көрсетуге, жұмыстарды орындауға арналған шығыстар шартта (келісімшартта) сатып алынған тауарлар және (немесе) осындай шығыстар бойынша сомалар жеке бөлінбей енгізілсе, онда сатып алынған тауарлар құны осындай шығыстар ескеріле отырып, шартта (келісімшартта) көрсетілген мәміле бағасының негізінде айқындалады.
Егер тауарларды беруге арналған шарттың (келісімшарттың) талаптары бойынша мәміле бағасына Қазақстан Республикасының аумағында қызметтерді көрсетуге, жұмыстарды орындауға шығыстар енгізілсе, бұл ретте сатып алынған тауарлар бойынша сома осындай шығыстардан жеке көрсетілсе, онда сатып алынған тауарлар бойынша құн осындай шығыстардың құны есепке алынбай айқындалады;
5) мемлекеттік мекеменің бейрезидент-жеке тұлғалардың іс-шаралар өткізу (оның ішінде қабылдаулар, таныстырылымдар, отырыстар, конференциялар мен семинарлар) шеңберінде бюджетте (шығыстар сметасында) көзделген тұру, тамақтану, жол жүру, әуежайдың күту залдарында болуы, мәдени іс-шараларға баруы, виза рәсімдеуі және кәдесый өнімдерінің құны бойынша шығыстарына ақы төлеуі немесе оларды осындай шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде бейрезидент-жеке тұлғаларға өтеуі.
681-бап. Бейрезиденттің Қазақстан Республикасында салық салуға жатпайтын кірістері
Мыналар салық салуға жатпайды:
1) резидент-сатып алушылар сатып алған кезде төленген борыштық бағалы қағаздар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылардың сомалары;
2) халықаралық қаржы лизингі шарттары бойынша негізгі құралдарды қаржы лизингіне беруден түсетін кірістер;
3) бірыңғай құбыржол жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге тасымалданатын шикі мұнайды өткізу сапасы бойынша құнын түзетуге байланысты төлемдер;
4) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында өткізілген күні осы қор биржасының ресми тізімдерінде болған бағалы қағаздарды ашық сауда-саттық әдісімен өткізген кезде бейрезидент-заңды тұлғаның құн өсімінен түсетін кірістері;
5) мынадай:
осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген;
Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің қызметіне байланысты кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін кірістер;
6) дамуға ресми көмек операторы тұруға, медициналық сақтандыруға, әуе көлігімен Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жерінен Қазақстан Республикасындағы қызметін жүзеге асыру орнына дейін баруға және кері қайтуға арналған шығыстарды төлеу (өтеу) түрінде іс жүзінде жүргізген:
дамуға ресми көмек операторының қызметкері болып табылатын;
Қазақстан Республикасында дамуға ресми көмек операторына жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бейрезидент-жеке тұлға алған материалдық пайда;
7) осындай сыйақылар мен дивидендтерді есептеу күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізімінде тұрған бағалы қағаздар бойынша сыйақылар мен дивидендтер.
Бұл ретте осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес биржада күнтізбелік бір жылда сауда-саттық жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша есептелген сыйақылар мен дивидендтерге қолданылады;
8) бейрезидент-заңды тұлғаның:
осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында айқындалған дербес білім беру ұйымдарынан;
осы тармақшаның екінші абзацында аталған тұлға құрған, осы Кодекстің 329-бабының ережелерін қолданатын коммерциялық емес ұйымнан;
осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлері бойынша жұмыстарды орындағаны, қызметтерді көрсеткені үшін осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында айқындалған дербес білім беру ұйымдарынан;
АХҚО органдарынан немесе АХҚО органының ұйымдарынан алған кірісі;
9) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаның кірістерін қоспағанда, мына шарттар бір уақытта орындалған кезде:
борыштық бағалы қағаздарды өткізу күні салық төлеуші үш жылдан астам осы борыштық бағалы қағаздардың иесі болғанда;
осындай эмитент-заңды тұлға жер қойнауын пайдаланушы болып табылмағанда;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі осындай эмитент-заңды тұлғаның активтерінің құнында осындай өткізу күні 50 пайыздан аспаса, резидент-заңды тұлға эмитенті болып табылатын борыштық бағалы қағаздарды өткізу кезінде құнның өсімінен түсетін кірістер.
Осы тармақшаның мақсаттарында жер қойнауын пайдаланушы деп жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждықтары үшін өндіру құқығына иеленетіндіктен ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) эмитент-заңды тұлға активтерінің құнындағы мүлкінің үлесін уәкілетті орган айқындайды;
10) дамуға ресми көмек операторы бейрезиденттерге берген мүлік;
681-баптың 11) тармақшасы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
11) жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаның кірісін қоспағанда, консультациялық, маркетингтік, инжинирингтік қызметтер, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметтер көрсетуден, деректерді өңдеу орталықтарын құру жөніндегі жұмыстарды орындаудан түсетін, «Астана Хаб» қатысушысы-заңды тұлға төлейтін кіріс.
Осы тармақшаның ережесі ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітетін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайда қолданылады;
12) осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген дербес білім беру ұйымы тұруға, медициналық сақтандыруға, әуе көлігімен Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі тұрғылықты жерінен Қазақстан Республикасындағы қызметін жүзеге асыру орнына дейін баруға және кері қайтуға арналған шығыстарды төлеу (өтеу) түрінде іс жүзінде жүргізген:
осындай дербес білім беру ұйымының қызметкері болып табылатын;
Қазақстан Республикасында осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындау, қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын;
бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері болып табылатын, осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындайтын, қызметтерін көрсететін және осындай жұмыстарды тікелей орындайтын және осындай қызметтер көрсететін бейрезидент-жеке тұлға алған материалдық пайда;
13) бейрезидент-заңды тұлғаның жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаның кірісін қоспағанда, «Астана Хаб» қатысушысы-заңды тұлға төлейтін роялти түріндегі кірісі.
Осы тармақшаның ережесі ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітетін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне енгізілген қызметті жүзеге асыру мақсатында төленетін роялти түріндегі кіріске қолданылады;
14) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар, сондай-ақ оларды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
15) резидент-банктердің корреспонденттік шоттарын ашу мен жүргізу және олар бойынша есеп-қисапты, сондай-ақ халықаралық төлем карточкалары арқылы есеп-қисапты жүргізу бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер.
682-бап. Төлем көзінен табыс салығының мөлшерлемелері
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістері мынадай мөлшерлемелер бойынша төлем көзінен салық салынуға жатады:
1) осы тармақтың 2) - 9) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, осы Кодекстің 679-бабында айқындалған кірістер - 20 пайыз;
2) тәуекелдерді сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары - 15 пайыз;
3) тәуекелдерді қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары - 5 пайыз;
4) халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетуден түсетін кірістер - 5 пайыз;
5) осы тармақтың 6) - 7) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, құн өсімінен түсетін кірістер, дивидендтер, сыйақылар, роялти - 15 пайыз;
6) дивидендтер төлейтін резидент-заңды тұлға капиталының кемінде жиырма бес пайызын тікелей немесе жанама иеленетін тұлғаға төленетін дивидендтер:
| № | Салық салынатын кіріс сомасы | Мөлшерлемесі |
| 1 | 230 000 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін* (қоса алғанда) | 5 пайыз |
| 2 | 230 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен жоғары* | 230 000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі кіріске салынатын салық сомасы* + одан асатын сомадан 15 пайыз |
*осы баптың 6) және 8) тармақшаларын қолдану мақсатында тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
7) кредиттер (қарыздар), борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар - 10 пайыз;
8) осы Кодекстің 693-бабының 3-тармағында көрсетілген кірістер:
| № | Салық салынатын кіріс сомасы | Мөлшерлемесі |
| 1 | 8 500 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін* (қоса алғанда) | 10 пайыз |
| 2 | 8 500 еселенген айлық есептік көрсеткіштен жоғары* | салық салынатын кірістен алынатын салық сомасы айлық есептік көрсеткіштің 8 500 еселенген мөлшерінде* + одан асатын сомадан 15 пайыз |
9) құмар ойындағы ұтыстар және (немесе) бәс тігу түріндегі кірістер - 10 пайыз.
Салық төлеуші осы Кодексте белгіленген тәртіппен халықаралық шартта белгіленген мөлшерлемелерді қолдануға құқылы.
2. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тiркелген тұлғаның кірістері 20 пайыз мөлшерлеме бойынша төлем көзінен салық салынуға жатады.
682-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
3. Осы Кодекстің 17-бабында аталған заңды тұлғалар шығарған акцияларды, осы Кодекстің 17-бабында аталған заңды тұлғаларға қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер, сондай-ақ осы Кодекстің 17-бабында аталған заңды тұлғалардан алынған дивидендтер 5 пайыз мөлшерлемесі бойынша төлем көзінен салық салынуға жатады.
Осы баптың ережесі Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке қолданылмайды.
72-ТАРАУ. ҚЫЗМЕТІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ ҚҰРУҒА АЛЫП
КЕЛМЕЙТІН БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ
683-бап. Төлем көзінен корпоративтік табыс салығын есептеу мен ұстау тәртібі
1. Қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлғаның (бұдан әрі осы тараудың мақсатында - бейрезидент) Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне шегерімдер жүзеге асырылмай, төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынады.
Бұл ретте төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығының сомасын салық агенті осы Кодекстің 681-бабында көрсетілген кірістерді қоспағанда, осы Кодекстің 679-бабында көрсетілген кірістер сомасына осы Кодекстің 682-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептейді.
Төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мен ұстап қалуды салық агенті:
1) есепке жазылған және төленген кірістер бойынша - бейрезидентке кірістерді төлеу күнінен кешіктірмей;
2) шегерімге жатқызылған, есепке жазылған және төленбеген кірістер бойынша - табыс салығы бойынша декларацияны ұсыну үшін осы Кодекстің 359-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей жүргізеді.
2. Салық агентi төлем көзiнен ұсталатын корпоративтік табыс салығын бейрезидентке кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
3. Бейрезиденттің кірістеріне төлем көзінен салық салу осы бейрезиденттің өз кірістеріне үшінші тұлғалардың және (немесе) басқа мемлекеттердегі өзінің құрылымдық бөлімшелерінің пайдасына билік етуіне қарамастан жүргізіледі.
4. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен корпоративтік табыс салығын құн өсімінен есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 687-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
5. Бейрезиденттің роялти түріндегі кірістеріне салық салу кезінде сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді, техникалық қолдау жөніндегі қызметтерді көрсеткені үшін кіріс сомалары, егер роялти болып табылатын кіріс сомасынан бөлек көрсетілсе, роялти түріндегі кіріс ретінде салық салынуға жатпайды.
Көрсетілген бөлу болмаған кезде бейрезидент кірісінің бүкіл сомасына роялти ретінде салық салынуға жатады.
6. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезиденттің кірісінен есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын салық агенті оны ұстамай өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен корпоративтік табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.
7. Төлем көзінен корпоративтік табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кіріс төлейтін және салық агенттері деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
3) Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға;
4) бейрезидент, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті-заңды тұлғаға;
5) осы Кодекстің 687-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген құн өсімінен кіріс төлейтін тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте осы Кодекстің 687-бабы бірінші бөлігінің 1-тармағында көрсетілген кірісті төлейтін жеке тұлға осы тармақшаның бірінші бөлігін іске асыру мақсатында қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелер жасасу жағдайларын қоспағанда, салық агенті деп танылады;
6) бейрезидент борышкер осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген, талап ету құқықтары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқаға берілген (қайта берілген) активтер бойынша кірісті төлеген кезде сервистік компания болып табылатын резидент-заңды тұлғаға;
7) бейрезидент пен осы тармақтың 6) тармақшасында айқындалған сервистік компания арасында сенімгерлік басқару шарты болмаған кезде осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында белгіленген кіріс бойынша, талап ету құқықтары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқаға берілген (қайта берілген) активтер бойынша борышкерлер болып табылатын дара кәсіпкерге, резидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
8. Бейрезидентпен жасалған келісімшартта Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тысқары жерде жұмыстардың, қызметтердің алуан түрінің орындалуын, көрсетілуін көздейтін ережелер болған кезде осы бапта белгіленген төлем көзінен ұсталатын табыс салығын есептеу және ұстап қалу тәртібі жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке-жеке қолданылады. Бірыңғай өндірістік-технологиялық цикл шеңберінде бейрезидент орындаған жұмыстардың, көрсеткен қызметтердің әрбір кезеңі бейрезиденттің кірістерінен төлем көзінен табыс салығын есептеу және ұстап қалу мақсатында жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрі ретінде қаралады.
Бұл ретте жоғарыда көрсетілген келісімшарт бойынша бейрезиденттің жалпы кірістер сомасы Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге негізді түрде бөлінуге тиіс.
Осы тармақтың ережелерін қолдану мақсатында бейрезидент Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес жасалған, бейрезиденттің жалпы кіріс сомасын Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге және оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған кірістерге бөлуді растайтын есепке алу құжаттамасының көшірмелерін көрсетілетін қызметтерді алушыға ұсынуға міндетті.
Осы баптың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын бейрезиденттің кіріс сомасының төмендеуіне алып келген, бейрезиденттің кірісін осындай бөлу болмаған немесе негізсіз бөлген кезде жоғарыда көрсетілген келісімшарт бойынша бейрезиденттің Қазақстан Республикасында, сол сияқты оның шегінен тысқары жерде жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған жиынтық кіріс сомасы салық салынуға жатады.
684-бап. Төлем көзінен корпоративтік табыс салығын аудару тәртібі мен мерзімдері
1. Бейрезиденттің кірістерінен ұсталатын, төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салық агентінің бюджетке:
1) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайдан басқа, кірістің есепке жазылған және төленген сомалары бойынша - кірісті төлеу жүргізілген ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей, кірісті төлеу күніне белгіленген валютаның ресми бағамы бойынша;
2) кірістің есепке жазылған, бірақ шегерімге жатқызу кезінде төленбеген сомалары бойынша - корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, бейрезиденттің кірістері шегерімге жатқызылған корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда, осы Кодекстің 358-бабының 1-тармағында белгіленген салықтық кезеңнің соңғы күніне белгіленген валютаның ресми бағамы бойынша аударуына жатады.