Осы тармақшаның ережесі өтеу мерзімдері корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң басталатын борыштық бағалы қағаздар мен депозиттер бойынша сыйақыларға қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының ережелері қолданылады;
3) алдын ала төлем (аванс) төленген жағдайда - төленген алдын ала төлем сомасы шегінде бейрезиденттің кірісі есепке жазылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей, кірісті есепке жазу күніне белгіленген валютаның ресми бағамы бойынша;
4) резидент тауарларды берген, қызметтерді көрсеткен және жұмыстарды орындаған жағдайда - бейрезиденттің кірісі есепке жазылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей, кірісті есепке жазу күніне белгіленген валютаның ресми бағамы бойынша жүзеге асырылған тауарларды беру, көрсетілген қызмет және орындалған жұмыс бойынша міндеттемелер сомасы шегінде аударуына жатады.
Бейрезидент осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 5) тармақшасының екінші абзацында және 6) тармақшасында көрсетілген талаптар бойынша резидент алдындағы міндеттемелерді толық орындаған жағдайда салық агенті осы Кодекстің 116-бабына сәйкес бейрезиденттің кірісінен төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Корпоративтік табыс салығының артық төленген сомасы туындаған кезде салық агентінің осы Кодекстің 10-тарауының 1-параграфында көзделген тәртіппен осындай соманы есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге құқығы бар.
2. Бейрезиденттің осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағының 39) тармақшасында көрсетілген кірістерінен ұсталатын төлем көзінен корпоративтік табыс салығын салық агентінің:
1) осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 39) тармақшасының бірінші абзацында көзделген кірістер бойынша - қаржылай қарызды өтеу мерзімі өткен ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 39) тармақшасының төртінші абзацында көзделген кірістер бойынша - қаржылай қарыз берілген күннен бастап өтеудің жиырма төрт айлық мерзімі өткен ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей;
3) осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 39) тармақшасының бесінші абзацында көзделген кірістер бойынша - қаржылай қарыз беру жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей;
4) осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 39) тармақшасының алтыншы абзацында көзделген кірістер бойынша - қаржылай қарызды өтеу бойынша төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей;
5) осы Кодекстің 679-бабы 1-тармағы 39) тармақшасының жетінші және сегізінші абзацтарында көзделген кірістер бойынша қаржылай қарыз беру бойынша төлем жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей бюджетке аударуына жатады.
Табыс салығын есептеу, есепке жазу, ұстап қалу кіріс төленетін күнге белгіленген валютаның ресми бағамы бойынша жүзеге асырылады.
3. Осы Кодекстің 679-бабының 1-тармағы 39) тармақшасының екінші және үшінші бөліктерінде қаржылай қарыз талаптарында белгіленген мерзімде резидент алдындағы міндеттемелерді бейрезидент толық орындаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 116-бабына сәйкес бейрезиденттің кірісінен төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Корпоративтік табыс салығының артық төленген сомасы туындаған кезде салық агентінің осы Кодекстің 10-тарауының 1-параграфында көзделген тәртіппен осындай соманы есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге құқығы бар.
4. Егер бейрезидент кірісінің есепке жазылған сомасы осы Кодекстің 358-бабының 1-тармағында белгіленген салықтық кезең үшін корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда шегерімге жатқызылса, бірақ бұл ретте бейрезидентке осындай кірісті төлеу осындай кезең өткеннен кейін жүргізілсе, онда төлем көзінен ұсталатын табыс салығы салық агентінің осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімдерде бюджетке аударуына жатады.
5. Бейрезиденттің кірісінен төлем көзінен табыс салығының сомасын бюджетке аударуды салық агенті тұрған жерінде жүзеге асырады.
685-бап. Салықтық есептілікті ұсыну
Салық агентi өзінің тұрған жеріндегі салық органына бейрезиденттiң кірісінен төлем көзiнен ұсталатын корпоративтiк табыс салығы және Қазақстан Республикасындағы көздерден кез келген төлем бойынша есеп-қисапты мынадай мерзiмдерде:
1) бірінші, екінші және үшінші тоқсандар үшін - бейрезидентке кірісті төлеу жүргізілген тоқсаннан кейінгі екiншi айдың 15-інен кешiктiрмей;
2) төртінші тоқсан үшін - бейрезидентке кірісті төлеу жүргізілген және (немесе) бейрезиденттің есепке жазылған, бірақ төленбеген кірісі шегерімге жатқызылған, осы Кодекстің 358-бабының 1-тармағында белгіленген есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынуға мiндеттi.
686-бап. Салықтық есептілікті ұсыну ерекшеліктері
Қазақстан Республикасында қызметін халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 226-бабының 2-тармағына сәйкес тұрақты мекеме құруға алып келмейтін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны Кодекстің 359-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде тұрған жерiндегі салық органына осы ұсынады.
000400
687-бап. Қазақстан Республикасындағы мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістерден салықты есептеу, ұстау және аудару
1. Осы бап бейрезиденттiң Қазақстан Республикасындағы көздерден құн өсiмiнен түсетiн кірістеріне мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы, құқығы немесе мәмілелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік;
2) Қазақстан Республикасының аумағындағы, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік;
3) резидент шығарған бағалы қағаздар және резидент-заңды тұлғаның немесе қатысушысы (қатысушылары) резидент-заңды тұлға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) болып табылатын консорциумның жарғылық капиталына қатысу үлестері өткізілген;
4) акциялары өткізілетін заңды тұлғаның активтері құнының 50 пайызы және одан астамы осындай өткізу күні резидент тұлғаның, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушының мүлкінен тұратын, осындай эмитент-заңды тұлғаны қоса алғанда, резидент тұлғалар акцияларды өткізген кезде қолданылады.
Осы тармақшаның ережелері заңды тұлғаға немесе консорциумға қатысу үлесін өткізу кезінде де қолданылады;
5) акциялары өткізілетін осындай бейрезидент-заңды тұлғаның активтері құнының 50 пайызы және одан астамы осындай өткізу күні резидент-тұлғаның, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушының мүлкінен тұратын бейрезидент эмитент-заңды тұлғаны қоса алғанда, бейрезидент-тұлғаның акциялары. Осы тармақшаның ережелері заңды тұлғаға немесе консорциумға қатысу үлесін өткізу кезінде де қолданылады.
Бұл ретте құн өсiмi мынадай тәртіппен:
1) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген мүлікті өткiзу кезінде - мүлікті өткiзу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма ретiнде;
2) акцияларды және қатысу үлестерiн өткiзу кезінде - осы Кодекстiң 250, 251 және 252-баптарына сәйкес айқындалады:
Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждықтары үшін өндіру құқығына иеленетіндіктен ғана осындай жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы осы тармақтың мақсатында жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды.
2. Өткізілетін акциялардың құнына немесе өткізу күніндегі қатысу үлесіне пайыздық арақатынастағы мүліктің үлесін, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдаланушылар) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) резидент-заңды тұлғаның, оның ішінде эмитент заңды тұлғаның активтері құнындағы мүлкінің үлесін анықтау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Осы Кодекстің 681-бабының 4) және 9) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, бейрезиденттің осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістері осы Кодекстің 682-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.
4. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы, оның ішінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын органдар осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлікті сатып алу-сату жөніндегі мәміле туралы мәліметтерді уәкілетті органға беруге міндетті.
5. Салық органының сұрау салуы бойынша өткізілетін бағалы қағаздар мен қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген тұлға растайтын құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін қоса бере отырып, осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағалы қағаздарды және қатысу үлестерін сатып алу-сату жөніндегі мәміле туралы мәліметтерді беруге міндетті.
6. Уәкілетті орган осы баптың 4-тармағына сәйкес мәліметтерді алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде осындай мәліметтерді өткізілетін бағалы қағаздар мен қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органына жібереді.
7. Өткізілетін бағалы қағаздар мен қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органы осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап өткізілетін бағалы қағаздар мен қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген заңды тұлғаға акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алушы туралы, сондай-ақ осындай акцияларды (қатысу үлестерін) сатып алу бағасы туралы мәліметтерді жіберуге міндетті. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өзге де мүлік бойынша мәліметтер осындай мүлікті өткізетін резидент-заңды тұлғаның тұрған жеріндегі салық органына жіберіледі.
8. Мүлікті, оның ішінде акцияларды, қатысу үлестерін өткізетін тұлға сатып алушы салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжаттың көшірмесін ұсынуға міндетті.
Салық агентіне сатып алу (салым) құнын растайтын құжат ұсынылмаған жағдайда өткізу құны төлем көзінен табыс салығын салуға жатады.
9. Төлем көзінен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік кіріс төлейтін салық агентіне жүктеледі.
10. Салық агенті болып табылатын бейрезидент-заңды тұлға салық органында тіркеу есебіне қоюды жүзеге асыруға міндетті.
11. Төлем көзінен табыс салығын салық агенті кіріс төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидентке кіріс төлеу кезінде ұстайды.
12. Табыс салығының сомасын бюджетке аударуды салық агенті осы Кодекстің 684-бабында белгіленген мерзімдерде жүргізеді.
Бейрезиденттердің кірістерінен төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық есептілікті салық төлеуші салық агенті осы Кодекстің 685 және 694-баптарында белгіленген мерзімдерде өзінің Қазақстан Республикасындағы тіркелу есебі орнындағы салық органына ұсынады.
13. Табыс салығын резидент-заңды тұлға, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлға салық агентiнiң (салық төлеушінің) қаражаты есебiнен төлеуi мүмкiн.
Бұл ретте табыс салығын осындай резидент-заңды тұлға салық агентінен (салық төлеушіден) табыс салығының сомасы алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмейтін мерзімде бюджетке аударуға тиіс.
Бейрезиденттiң кірістерінен төлем көзiнен ұсталатын табыс салығы бойынша салықтық есептілікті осындай резидент-заңды тұлға салық агентінен (салық төлеушіден) табыс салығының сомасы алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей резидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрған жеріндегі салық органына ұсынады.
Салық агентi (салық төлеуші) мүлкі, оның ішінде акциялары, қатысу үлесі өткізілетін резидент-заңды тұлғаға аударған табыс салығының сомасы осындай резидент-заңды тұлғаның кірісі деп танылмайды.
14. Салық агентi (салық төлеуші) осы баптың 12 және 13-тармақтарының ережелерін сақтамаған жағдайда, акциялары, қатысу үлесі өткізілетін резидент-заңды тұлға бейрезидент үшiн құн өсiмiнен түсетін кірістерден табыс салығын төлеудi өз қаражаты есебiнен дербес жүргізуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда табыс салығын төлеу осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүргiзіледі.
Акциялары, қатысу үлесі өткізілетін резидент-заңды тұлға осы тармаққа сәйкес табыс салығын төлеген кезде өзінің тұрған жеріндегі салық органына табыс салығы бойынша салықтық есептілікті осы баптың 6-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
Бұл ретте бейрезидент үшін төленген салық сомасы акциялары, қатысу үлесі өткізілетін резидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындаған кезде шегерімге жатқызылмайды.
15. Салық агенті, акцияларды, қатысу үлесін өткізетін резидент-заңды тұлға осы баптың 11, 12, 13 және 14-тармақтарының ережелерін орындамаған жағдайда, салық органы уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері негізінде осы Кодекстің 682-бабында айқындалған мөлшерлемелерді қолдана отырып, осы бапта белгіленген тәртіппен өткізілетін акциялары, қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген резидент-заңды тұлғаға салықты есепке жазуды жүргізуге құқылы.
Міндеттемені орындау өткізілетін акциялары, қатысу үлесі мүлкімен қамтамасыз етілген, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын резидент-заңды тұлғаға осы Кодекстің 95-бабында және 17-тарауында айқындалған тәртіппен жүктеледі.
Осы тармақтың мақсатында салықты есепке жазу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
73-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗМЕТТІ ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ АРҚЫЛЫ ЖҮЗЕГЕ
АСЫРАТЫН БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ
688-бап. Салық салынатын кірісті айқындау
1. Егер осы бапта және осы Кодекстің 690-бабында өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-заңды тұлғаның салық салынатын кірісін айқындау, тұрақты мекемесінің кірісінен корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеу осы баптың және осы Кодекстің 24 - 32 және 34 - 38-тарауларының ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің жылдық жиынтық кірісін:
1) осы Кодекстің 679-бабының 1-тармағында көзделген, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын;
2) осы Кодекстің 237-бабының 1-тармағында көрсетілген, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасына енгізілмеген;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі көздерден, оның ішінде жұмыскерлер немесе басқа да жалданған персонал арқылы алынған;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегі құрылымдық бөлімшелерінің кірістерін қоса алғанда, осы бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі арқылы жүзеге асырылатын қызметімен бірдей немесе оған ұқсас Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асырудан алатын кірістер құрайды.
Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің осы тармақта көзделген кірістері жылдық жиынтық кіріске енгізу үшін оның қызметімен байланысты және Қазақстан Республикасында қызметті жүзеге асыра бастаған күннен бастап алынған болуға тиіс (алынуға жатады).
Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің жылдық жиынтық кірісіне халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес туындайтын теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуі:
1) осындай тұрақты мекемені құрған бейрезидент-заңды тұлға;
2) аталған бейрезидент-заңды тұлғаның басқа құрылымдық бөлімшесі алдында міндеттемелер бойынша енгізілмейді.
3. Бейрезидент Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тысқары жерде өзінің тұрақты мекемесімен бірлесіп бір жоба немесе байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде оның сол немесе оған ұқсас шарттарда осындай қызметті жекелеген заңды тұлға ретінде жүзеге асырған кезде ала алатын кірісі осындай тұрақты мекеменің кірісі болып есептеледі.
4. Қазақстан Республикасында бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі, осындай тұрақты мекемені құрған бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерде орналасқан басқа құрылымдық бөлімшесі өндірген тауарларды өткізу кезінде аталған тұрақты мекеме сол немесе оған ұқсас шарттарда жекелеген заңды тұлға ретінде тауарларды өткізген кезде ала алатын кірісі тұрақты мекеменің кірісі деп танылады.
5. Осы бапты қолдану мақсатында бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің кірісі Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының нормалары ескеріле отырып айқындалады.
6. Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметтен кіріс алумен тікелей байланысты шығыстар Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тысқары жерде жұмсалғанына қарамастан, шегерімдерге жатады.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекске сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарға қолданылмайды.
7. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге:
1) осы бейрезидент-заңды тұлғаның меншігін немесе зияткерлік меншігін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін төленетін роялти, гонорарлар, алымдар және басқа да төлемдер;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге көрсеткен қызметтері үшін кірістер;
3) осы бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемеге берген қарыздары бойынша сыйақылар;
4) бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметінен кірістер алуымен байланысты емес шығыстар;
5) құжатпен расталмаған шығыстар;
6) бейрезидент-заңды тұлғаның осы Кодекстің 708-бабының 2-тармағында айқындалған, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырумен байланысты емес басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстар түрінде ұсынылған соманы тұрақты мекемеге шегерімге жатқызуға құқығы жоқ.
8. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің міндеттемелері бойынша халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес туындайтын теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан асып кетуі:
1) осындай тұрақты мекемені құрған бейрезидент-заңды тұлғаның;
2) аталған бейрезидент-заңды тұлғаның басқа құрылымдық бөлімшесінің бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесінің міндеттемелер бойынша шегеріміне жатқызылмайды.
689-бап. Таза кіріске салық салу тәртібі
1. Бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін таза кірісіне 15 пайыз мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынады.
Таза кіріс мынадай тәртіппен айқындалады:
осы Кодекстің 24-тарауында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 35-тарауына сәйкес шегетін залалдар сомасына азайтылған, салық салынатын кіріс
алу
осы Кодекстің 357-бабында белгіленген мөлшерлемені осы Кодекстің 24-тарауында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 35-тарауына сәйкес шегетін залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірісті көбейту арқылы есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы.
2. Корпоративтік табыс салығының есептелген сомасы корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі.
3. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға таза кірісіне корпоративтік табыс салығын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейінгі күнтізбелік он күн ішінде тұрақты мекеме тұрған жердегі бюджетке төлеуді жүргізеді.
690-бап. Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекемесі болған кезде бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы кірістеріне салық салу тәртібі
1. Салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға мынадай:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның басқа мемлекеттердегі құрылымдық бөлімшелері алатын кірістерді қоса алғанда, осы бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесі арқылы жүзеге асырылатын қызметімен біртектес немесе ұқсас қызметті Қазақстан Республикасында жүзеге асыру кезінде алатын;
3) Қазақстан Республикасында және оның шегінен тысқары жерде Қазақстан Республикасындағы өзінің тұрақты мекемесімен бірлесіп бір жоба және (немесе) байланысты жобалар шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан түсетін кірістерді төлеу кезінде корпоративтік табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және аударуды 20 пайыз мөлшерлеме бойынша шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мынадай шарттарды бір мезгілде орындаған кезде қолданылады:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесімен немесе оның тұрақты мекемесімен филиал, өкілдік ашпай жасалған келісімшарттың болмауы;
2) бейрезидент-заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі не филиал, өкілдік ашпай оның тұрақты мекемесі жазып берген өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактураның болмауы.
2. Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға:
1) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің жиынтық жылдық кірісіне ретроспективті тәртіппен осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістерді, егер осындай кірістер тұрақты мекеменің қызметіне байланысты болса енгізеді;
2) осы Кодекстің 688 және 689-баптарына сәйкес корпоративтік табыс салығын есептейді;
3) көрсетілген кірістерді енгізе отырып, осындай тұрақты мекеме тұрған жердегі салық органына корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны ұсынады;
4) тұрақты мекеме есептеген салықтың сомасын осы тармаққа сәйкес осындай бейрезидент-заңды тұлғаның кірістерінен төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасына азайтады (есепке жатқызады). Корпоративтік табыс салығын азайту салық агентінің салықты ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
Салық агенті ұсталған корпоративтік табыс салығының сомасы мен Қазақстан Республикасындағы бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы арасындағы оң айырма талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде келесі салықтық кезеңдерге ауыстырылады.
3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген кірістер тұрақты мекеменің қызметімен байланысты болмаса, бейрезидент осы Кодексте айқындалған тәртіппен бюджеттен ұсталған корпоративтік табыс салығын қайтару бөлігінде халықаралық шарттың ережесін қолдануға құқылы.
691-бап. Бейрезидент-заңды тұлғаның салық органында тіркелмеген не мерзімдерін бұза отырып тіркелген Қазақстан Республикасында тұрақты мекеменің құрылуына алып келетін қызметінен түсетін кірістеріне салық салу тәртібі
1. Бейрезидент-заңды тұлғаның салық органдарында тіркеу есебіне қоюды жүзеге асырмаған, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен алатын кірістеріне 20 пайыз мөлшерлеме бойынша шегерімдер жүзеге асырылмай төлем көзінен корпоративтік табыс салығы салынуға жатады.
2. Қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын, салық органдарында тіркеу есебіне қоюды осындай есепке қою мерзімдерін бұза отырып жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға тұрақты мекемені құруға алып келген кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру басталған күннен бастап ретроспективті түрде:
1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап, салық агентінің міндеттемелерінен басқа, салықтарды төлеу бойынша туындаған салықтық міндеттемелерді есептеуге;
2) салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді салықтардың тиісті түрлері бойынша бастапқы ұсынылатын декларацияларда көрсетуге міндетті.
Қазақстан Республикасындағы бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы салық агентінің осындай бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген кезеңдегі кірістерінен төлем көзінен ұстаған корпоративтік табыс салығының сомасына азаяды.
Корпоративтік табыс салығын азайту салық агентінің салықты ұстағанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
74-тарау. БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ