2. Төлемақы төлеушілер ағымдағы төлемақы сомаларын бюджетке тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей төлейді.
3. Төлемақы сомасы салық төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке төленуге жатады.
71-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БАЖ. КОНСУЛДЫҚ АЛЫМ
1-параграф. Мемлекеттік баж
662-бап. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттiк баж уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшiн алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органына мемлекеттік баж төлеушілер және олар есептеген мемлекеттік баж сомалары туралы ақпарат береді.
663-бап. Мемлекеттік бажды төлеушілер
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға заңдық мәнi бар әрекеттер жасау жөнiнде өтiнiш жасайтын тұлғалар мемлекеттiк баж төлеушілер болып табылады.
2. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесіне мемлекеттік баж сомаларын төлеу жөніндегі міндетті осындай құрылымдық бөлімше мүддесі үшін тиісті уәкілетті органдар заңдық мәні бар әрекеттер жасаған кезде жүктеуге құқылы.
664-бап. Алу объектілері
1. Мемлекеттік баж:
1) Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына берілетін азаматтардың жолданымдарынан, сотқа берiлетiн әкімшілік талап қоюлардан, талап қоюлардан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парақтарын беру туралы арыздардан, төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхаттардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан;
2) уәкілетті тұлғалардың «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi үшiн;
3) Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттар ресімдегені үшін;
4) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын қабылдағаны және келіскені үшін;
5) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына визалар бергені, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшін;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;
7) аңшы куәлiгiн (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшiн;
8) босқын куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет және қолданылу мерзімінің аяқталуы бойынша беруді қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттарды бергені үшін;
9) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын иеленуге, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсаттар бергені үшін;
10) азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытындылар бергені үшін;
11) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
12) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн;
13) жүргізуші куәліктерін, тракторшы-машинист куәліктерін, механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер бергені үшін;
14) сақталуы үшін Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасында белгіленген мерзімнен аспайтын кезең ішінде сақтауда тұрған автомобильге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін қоспағанда, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін (телнұсқаларын) бергені үшін;
15) азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға рұқсаттар бергені үшін;
16) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат бергені үшін алынады.
2. Егер осы Кодекстің 665-бабында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк баж мөлшерлемелері мемлекеттік бажды төлеу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі осы тараудың мәтіні бойынша - АЕК) еселенген мөлшерiнде немесе талап қою сомасының пайызымен айқындалады.
665-бап. Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотындағы және соттардағы мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
1. Сотқа берiлетiн әкімшілік талап қоюлардан, талап қоюлардан, ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу iстері бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парақтарын беру туралы арыздардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де құжаттардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан мемлекеттiк баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мүліктік сипаттағы талап қоюлардан:
жеке тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 1 пайызы, бірақ 10 000 АЕК-тен аспайтын мөлшер;
заңды тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 3 пайызы, бірақ 20 000 АЕК-тен аспайтын мөлшер;
2) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін құқыққа сыйымсыз әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан - 0,3 АЕК;
3) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтіретін құқыққа сыйымсыз әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан - 5 АЕК;
4) тексеру актiлерi бойынша хабарламаларға дау айту туралы әкімшілік талап қоюлардан:
дара кәсiпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн - хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 0,1 пайызы, бірақ 500 АЕК-тен аспайтын мөлшер;
заңды тұлғалар үшiн - хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 1 пайызы, бірақ 20 мың АЕК-тен аспайтын мөлшер;
5) некенi бұзу туралы талап қоюлардан - 0,3 АЕК.
Неке бұзылған кезде мүлiк бөлінген жағдайларда баж осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес талап қою бағасынан айқындалады;
6) белгiленген тәртіппен хабарсыз кеткен деп немесе психикалық ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдармен не үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен некені бұзу кезiнде мүлiктi бөлу туралы талап қоюлардан - осы баптың 1) тармақшасына сәйкес;
7) тұрғынжайды жалдау шартын өзгерту немесе бұзу туралы, мұраны қабылдау мерзiмiн ұзарту туралы, мүлiктi тыйым салудан босату туралы талап қоюлардан және мүлiктiк емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап қоюлардан - 0,5 АЕК;
8) осы тармақтың 2), 3), 4) және 13) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің шеңберінде ерекше талап қою ісін жүргізу арыздарынан, ерекше іс жүргізу істері бойынша арыздардан (шағымдардан), әкімшілік талап қоюлардан - 0,5 АЕК;
9) төрелік шешiмдерінiң күшін жою туралы өтінішхаттардан - Қазақстан Республикасының сотына мүліктік емес сипаттағы талап қоюлар берілген кезде алынатын мемлекеттік баж мөлшерінің 50 пайызы, ал мүліктік сипаттағы даулар бойынша - Қазақстан Республикасының сотына мүліктік сипаттағы талап қою берілген кезде алынатын және арыз беруші даулап отырған соманы негізге ала отырып есептелген мемлекеттік баж мөлшерінің 50 пайызы;
10) сот бұйрығын шығару туралы арыздардан - осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетiлген мемлекеттiк баж мөлшерлемелерінің 50 пайызы;
11) атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, төреліктің және шетелдік соттардың шешiмдерiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парақтарын беру туралы арыздардан - 5 АЕК;
12) сот шешiмдерiнің, үкiмдерiнің, ұйғарымдарының, соттардың өзге де қаулыларының көшiрмелерiн (телнұсқаларын), сондай-ақ iске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалардың өтiнiшi бойынша соттар беретін істің басқа да құжаттарының көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардан - әрбiр құжат үшiн 0,1 АЕК, сондай-ақ әрбiр дайындалған бет үшiн 0,03 АЕК;
13) заңды тұлғаларды банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы арыздардан - 0,5 АЕК;
14) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыздардан - 0,3 АЕК;
15) жеке тұлғалардың абыройды, қадір-қасиетті және іскерлік беделді түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық зиянды ақшалай мәнде өтеуді өндіріп алу туралы талап қоюларынан - талап қою сомасының 1 пайызы;
16) заңды тұлғалардың іскерлік беделді түсіретін мәліметтерді таратудан келтірілген залалдарды өндіріп алу туралы талап қоюларынан - талап қою сомасының 3 пайызы.
2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына берілетін азаматтардың жолданымдарынан мемлекеттік баж нөлдік мөлшерлеме мөлшерінде алынады.
3. Төрелік шешімдерінің күшін жою және төреліктің және шетелдік соттардың шешімдерін мәжбүрлеп орындатуға атқару парақтарын беру мәселелері жөніндегі ұйғарымдарға, соттардың мүліктік емес және мүліктік сипаттағы даулар бойынша шешімдері мен қаулыларына сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы кассациялық шағымдардан мемлекеттік баж жолданым субъектісі үшін осы баптың 1-тармағында белгіленген мемлекеттік баждың тиісті мөлшерлемесінің 50 пайызы мөлшерінде алынады.
4. Бір мезгілде мүлiктiк және мүлiктiк емес сипаттағы талаптарды қамтитын талап қоюлар үшiн мүлiктiк сипаттағы талап қоюларға және мүлiктiк емес сипаттағы талап қоюларға белгiленген мемлекеттiк баж бiр мезгiлде алынады.
666-бап. Қазақстан Республикасының визаларын берген, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеген, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеген және келіскен, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiрген немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берген кездегi мемлекеттiк баж мөлшерлемелері
Қазақстан Республикасының визаларын беруге, Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдеуге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды ресімдеуге және келісуге, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiруге немесе Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруге байланысты әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттік баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мынадай құқыққа визалар бергенi, оны қалпына келтіргені немесе ұзартқаны үшiн:
Қазақстан Республикасынан кетуге - 0,5 АЕК;
Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге - 7 АЕК;
көп рет Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге - 30 АЕК;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуге құжаттарды ресімдегені үшін - 1 АЕК;
3) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына жеке істері бойынша келуіне шақыруларды ресімдегені, Қазақстан Республикасының визаларын беру бойынша қабылдаушы тұлғалардың шақыруларын келіскені үшін - әрбір шақырылушы үшін 0,5 АЕК;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы құжаттарды ресiмдегенi үшiн - 1 АЕК.
5) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат бергені үшін - 4 АЕК.
667-бап. Нотариаттық және өзге де әрекеттер жасағаны үшін мемлекеттік баж мөлшерлемелері. Нотариаттық әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баж төлеуден босату
1. Нотариаттық әрекеттер жасағаны үшiн мемлекеттiк баж мынадай мөлшерлерде алынады:
1) қалалық жердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылысжайлар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 10 АЕК;
құны 30 АЕК-ке дейiн:
балаларына, жұбайына (зайыбына), ата-анасына, туған аға-iнiлерi мен әпке-сiңлiлерiне (қарындастарына), немерелерiне - 1 АЕК;
басқа адамдарға - 3 АЕК;
құны 30 АЕК-тен жоғары:
балаларына, жұбайына (зайыбына), ата-анасына, туған аға-iнiлерi мен әпке-сiңлiлерiне (қарындастарына), немерелерiне - 5 АЕК;
басқа адамдарға - 7 АЕК;
егер мәмiле ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша алынған қаражат есебiнен жылжымайтын мүлiктi сатып алу мақсатында жасалатын болса - 2 АЕК;
2) ауылдық жердегi жылжымайтын мүлiктi (жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылысжайлар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi) иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 1 АЕК;
балаларына, жұбайына (зайыбына), ата-анасына, туған аға-iнiлерi мен әпке-сiңлiлерiне (қарындастарына), немерелерiне - 0,5 АЕК;
басқа адамдарға - 0,7 АЕК;
3) автомотокөлiк құралдарын иелiктен шығару шарттарын куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бiрi заңды тұлға болып табылса - 7 АЕК;
балаларына, жұбайына (зайыбына), ата-анасына, туған аға-iнiлерi мен әпке-сiңлiлерiне (қарындастарына), немерелерiне - 2 АЕК;
басқа адамдарға - 5 АЕК;
4) жалға алу, қарыз, (ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттарын қоспағанда), кепiлақы, лизинг, мердiгерлiк шарттарын, неке келiсiмшарттарын, ортақ меншiктегi мүлiкті бөлу, мұрагерлiк мүлiктi бөлу шарттарын, алименттердi төлеу жөнiндегi келiсiмдердi, құрылтай шарттарын куәландырғаны үшiн - 5 АЕК;
5) ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттарын куәландырғаны үшiн - 2 АЕК;
6) өсиетхаттарды куәландырғаны үшiн - 1 АЕК;
7) мұрагерлiкке құқық туралы куәлiктер бергені үшiн - әрбір берiлген куәлiк үшін 1 АЕК;
8) ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi үлеске және бiрлескен ортақ меншiк құқығында мүлкi бар өзге де адамдардың меншiк құқығы туралы куәлiктер бергені үшiн - 1 АЕК;
9) мүлiктi пайдалану және оған билік ету құқығына сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 0,5 АЕК;
10) автокөлiк құралдарын сату құқығынсыз пайдалану және басқару құқығына сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 1 АЕК;
11) автокөлiк құралдарын сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн - 2 АЕК;
12) өзге сенiмхаттарды куәландырғаны үшiн:
жеке тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында міндетті нотариаттық куәландыру көзделген келісулерді куәландырғаны үшін - 0,5 АЕК;
14) мұрагерлік мүлiктi қорғау жөнiнде шаралар қолданғаны үшiн - 1 АЕК;
15) теңiз наразылығын жасағаны үшiн - 0,5 АЕК;
16) құжаттардың көшiрмесi мен құжаттардың үзiндi көшiрмесiнің дұрыстығын куәландырғаны үшiн (әр бетiне):
жеке тұлғалар үшін - 0,05 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
17) құжаттардағы қойылған қолдың төлнұсқалығын, сондай-ақ құжаттардың бiр тiлден екінші тiлге аудармасының дұрыстығын куәландырғаны үшiн (әрбір құжат үшiн):
жеке тұлғалар үшін - 0,03 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
18) жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн басқа жеке және заңды тұлғаларға бергенi үшiн - 0,2 АЕК;
19) құжаттардың нотариат куәландырған көшiрмелерiн бергенi үшiн - 0,2 АЕК;
20) телнұсқа бергенi үшiн - 1 АЕК;
21) екінші деңгейдегі банктерде шоттар ашқан кезде қойылған қолдардың төлнұсқалығын куәландырғаны үшiн (әрбір құжат үшiн):
жеке тұлғалар үшін - 0,1 АЕК;
заңды тұлғалар үшін - 0,5 АЕК;
22) жылжымайтын мүлiк кепiлі шарттарын, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтары мен ипотекалық куәлiктердi куәландырғаны үшiн - 2 АЕК; өзге де кепiл шарттарын куәландырғаны үшiн - 7 АЕК;
23) вексель наразылығын жасағаны үшiн және чектiң төленбегенiн куәландырғаны үшiн - 0,5 АЕК;
24) атқарушылық жазба жасағаны үшін - 0,5 АЕК;
25) құжаттарды және бағалы қағаздарды сақтағаны үшiн - әрбір айға 0,1 АЕК;
26) кепiлгерлiк пен кепiлдiк шарттарын куәландырғаны үшiн -0,5 АЕК;
27) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа да нотариаттық әрекеттердi жасағаны үшiн - 0,2 АЕК.
2. Нотариаттық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден мыналар босатылады:
1) жеке тұлғалар - өздерiнің мүлiктi мемлекет пайдасына сыйға тарту өсиеттерiн, шарттарын куәландырғаны үшiн;
2) мемлекеттiк мекемелер - оларға мемлекеттің мұраға құқығы туралы куәлiктердi (куәлiктердiң телнұсқаларын) бергенi үшiн, сондай-ақ осы куәлiктердi (куәлiктердiң телнұсқаларын) алу үшiн қажеттi барлық құжаттар үшiн;
3) жеке тұлғалар - оларға:
Қазақстан Республикасын қорғау кезiнде, өзге де мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындауға байланысты не Қазақстан Республикасы азаматының адам өмiрiн құтқарып қалу, мемлекеттiк меншiктi және құқықтық тәртiптi қорғау жөнiндегi борышын орындауға байланысты қаза тапқан адамдардың мүлкiне;
егер мұрагер мұра қалдырушы қайтыс болған күнге мұра қалдырушымен кемiнде үш жыл тұрған болса және ол қайтыс болғаннан кейiн де осы тұрғынжайда тұрып жатса, тұрғынжайға немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативiндегi пайға;
сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерiне, мемлекеттiк қарыз облигацияларына, еңбекке ақы төлеу сомаларына, авторлық құқықтарға, авторлық гонорар және ашқан жаңалықтар, өнертабыстар мен өнеркәсiптiк үлгiлер үшiн сыйақы сомаларына;
ақталған азаматтардың мүлкiне мұрагерлік құқық туралы куәлiктер берілгенi үшін;
4) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
5) қандастар - Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
6) «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен қорғаншылық тағайындалған психикалық аурумен немесе ақыл-есінің кемдігімен ауыратын жеке тұлғалар - өздерiнiң мүлiкке мұрагерлiгi туралы куәлiктер алғаны үшiн;
8) «Қазақстан мүгедектігі бар адамдардың ерiктi қоғамы» одағы, Қазақ саңыраулар қоғамы, Қазақ зағиптар қоғамы, сондай-ақ олардың өндiрiстiк кәсiпорындары - барлық нотариаттық әрекеттер бойынша;
9) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар он сегіз жасқа толғанға дейін - оларға мұрагерлікке құқық туралы куәліктер берілгені үшін.
3. Өзге де әрекеттерді жасағаны үшін мемлекеттік баж мынадай мөлшерде алынады:
1) аңшы куәлігін (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшін - 2 АЕК;
2) мыналарды:
Қазақстан Республикасы азаматының паспортын мына көлемде бергені үшін:
24 бет - 4 АЕК (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 бет - 8 АЕК;
48 бет - 12 АЕК;
азаматтығы жоқ адамның куәлігін, жол жүру құжатын бергенi үшiн - 8 АЕК;
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін бергені үшін - 0,2 АЕК;
бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін бергені үшін - 1 АЕК;
шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты бергенi үшiн - 0,2 АЕК;
3) мыналарды:
заңды тұлғаларға:
азаматтық, қызметтік қарудың және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге қорытынды бергені үшін - 2 АЕК;
азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытынды бергені үшін - 2 АЕК;
азаматтық, қызметтiк қаруды және оның патрондарын сақтауға рұқсат бергенi үшiн - 1 АЕК;
азаматтық, қызметтiк қаруды және оның патрондарын сақтау мен алып жүруге рұқсат бергенi үшiн - 1 АЕК;
азаматтық, қызметтiк қаруды және оның патрондарын тасымалдауға рұқсат бергенi үшiн - 2 АЕК;
азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын иеленуге рұқсат бергені үшін - 3 АЕК;
азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды иеленуге рұқсат бергені үшін - 3 АЕК;
жеке тұлғаларға:
азаматтық қаруды және оның патрондарын иеленуге рұқсат бергенi үшiн - 0,5 АЕК;
азаматтық қаруды және оның патрондарын сақтауға рұқсат бергенi үшiн - 0,5 АЕК;
азаматтық қаруды және оның патрондарын сақтау мен алып жүруге рұқсат бергенi үшiн - 0,5 АЕК;
азаматтық қаруды және оның патрондарын тасымалдауға рұқсат бергенi үшiн - 0,1 АЕК;
4) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн - 0,1 АЕК;
5) жеке басты куәландыратын құжаттарға өзгерiстер енгiзгенi үшiн - 0,1 АЕК;
6) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн - әрбір құжат үшін 0,5 АЕК;
7) мыналарды:
жүргiзушi куәлiгiн бергенi үшiн - 1,25 АЕК;
көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiкті бергенi үшiн - 1,25 АЕК;
егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, автомобильге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiсiн бергенi үшiн - 2,8 АЕК;
автомобильге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын 2 бірлікте бергені үшін - 2,8 АЕК;
автомобильге мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын 1 бірлікте бергені үшін - 1,4 АЕК;
автомобильге цифрлық белгіленуі 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiлерін бергені үшін - 57 АЕК;
автомобильге әріптік белгіленуі бірдей, цифрлық белгіленуі 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiлерін бергені үшін - 114 АЕК;
автомобильге цифрлық белгіленуі 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiлерін бергенi үшiн - 137 АЕК;
автомобильге әріптік белгіленуі бірдей, цифрлық белгіленуі 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiлерін бергенi үшiн - 194 АЕК;
автомобильге цифрлық белгіленуі 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 мемлекеттік тіркеу нөмірі белгiлерін бергенi үшiн - 228 АЕК;