Мүлік салығы бойынша салықтық есептілікті жасау кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген мүліктің жылдық орташа баланстық құны бойынша деректер болмаған жағдайда, оның осы Кодекстің 67-бабының 4-тармағына сəйкес қабылдау-беру актісінде көрсетілген баланстық құны осындай мүлік бойынша салықтық база болып табылады.
8. Осы Кодекстің 588-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сəйкес жер қойнауын пайдаланушы күрделі жобалар (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет шеңберінде мүлік салығын төлеуші болып табылмаған жағдайда, мұндай жер қойнауын пайдаланушы үшін салықтық база күрделі жобалар бойынша (құрлықтағы газ жобаларын қоспағанда) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған тиісті келісімшартқа тиесілі мүліктің орташа жылдық баланстық құнының үлесін шегергенде айқындалады.
Бұл ретте мұндай үлесті айқындауды жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 757-бабының 12-тармағында көзделген, жер қойнауын пайдаланушы салықтық есепке алу саясатында қабылдаған бөлек салықтық есепке алуды жүргізудің бір немесе бірнеше əдісінің негізінде дербес жүргізеді.
592-бап. Салықтық мөлшерлемелер
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалар мүлік салығын салықтық базаға 1,5 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді.
2. Мүлік салығын салықтық базаға 0,5 пайыз мөлшерлеме бойынша мына төлеушілер есептейді:
1) дара кəсіпкерлер;
2) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар;
3) əлеуметтік кəсіпкерлік субъектілері.
3. Төменде аталған заңды тұлғалар мүлік салығын салықтық базаға 0,1 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сəйкес акционерлік қоғам, мекеме, тұтыну кооперативі, діни бірлестік нысанында тіркелгендерді қоспағанда, коммерциялық емес ұйымдар;
2) əлеуметтік салада қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
3) Қазақстан Республикасының Əлеуметтік кодексіне сəйкес мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдары;
4) негізгі қызмет түрі кітапханалық қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын ұйымдар;
5) мемлекеттік меншіктегі жəне бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын су қоймаларының, су тораптарының объектілері бойынша заңды тұлғалар;
6) ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші заңды тұлғалардың жəне шаруа немесе фермер қожалықтарының жерін суару үшін пайдаланылатын гидромелиоративтік құрылыс объектілері бойынша заңды тұлғалар;
7) ауызсумен жабдықтау объектілері бойынша заңды тұлғалар;
8) Астана жəне Алматы қалаларының əуеайлақтарындағы ұшу-қону жолақтарын жəне əуежайларының терминалдарын қоспағанда, əуеайлақтардағы ұшу-қону жолақтары жəне əуежайлардың терминалдары бойынша заңды тұлғалар;
9) «Өнеркəсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негізгі қызмет түрін өздері жүзеге асырған кезде пайдаланатын объектілер бойынша технологиялық парктер.
Осы тармақшаның ережелерін бір мезгілде мынадай шарттарға сəйкес келетін:
«Өнеркəсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес құрылған;
осындай технологиялық парктердің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 жəне одан көп пайызы технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтына тиесілі технологиялық парктер қолдануға құқылы.
Осы тармақшаның ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды;
592-баптың 3-тармағының 10) тармақшасы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
10) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру жəне өткізу, халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейінгі пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру жəне өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым деп қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру жəне өткізу, халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейінгі пайдалану болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға түсініледі.
4. Осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) жəне 10) тармақшаларында айқындалған заңды тұлғаларды қоспағанда, осы баптың 3-тармағында аталған заңды тұлғалар пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша мүлік салығын осы баптың 1-тармағында белгіленген салық мөлшерлемесі бойынша есептейді жəне төлейді.
5. Мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлеме бойынша мыналар есептейді:
1) осы Кодекстің 15-бабы 2-тармағының 19) тармақшасында айқындалған заңды тұлғалар;
2) басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша - осы Кодекстің 80-тарауында белгіленген ережелер ескеріле отырып, арнайы экономикалық аймақтар аумақтарында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар;
3) осы Кодекстің 80-тарауының ережелерін ескере отырып, инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға;
4) дамуға ресми көмек саласындағы оператор болып табылатын ұйым;
5) арнайы экономикалық жəне индустриялық аймақтарға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын (пайдалануға жоспарланатын) салық салу объектілері бойынша арнайы экономикалық жəне индустриялық аймақтардың басқарушы компаниялары.
6. Тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты жəне салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уəкілетті мемлекеттік орган салық саясаты саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбеде айқындалған заңды тұлғалар салықты мемлекеттік жəне (немесе) үкіметтік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларын іске асыру шеңберінде осындай бағдарламаға қатысушы болып табылатын жеке тұлғаға тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берілген салық салу объектілері бойынша осы Кодекстің 602-бабында белгіленген мөлшерлемелер бойынша есептейді.
7. Егер əлеуметтік кəсіпкерлік субъектісі осы баптың 2, 3, 4 жəне 5-тармақтарының бірнеше ережесіне сəйкес келсе, онда осы бапта белгіленген ең төмен мөлшерлемелердің бірі қолданылады.
593-бап. Салықты есептеу мен төлеу тəртібі
1. Салық төлеушілер салықты есептеуді салықтық базаға тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы дербес жүргізеді.
Осы Кодекстің 357-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық өсіру) өнімін өндіруші заңды тұлғалар салық сомасын 70 пайызға азайту құқығымен мүлік салығын есептеуді жүргізеді.
2. Осы Кодекстің 592-бабының 6-тармағында айқындалған тұлғалар салық сомасын:
салық салу объектілері жеке тұлғаларға сатып алу құқығынсыз тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалға беру шарты бойынша жалға берілген жағдайда - осы Кодекстің 591-бабының 1-тармағына;
салық салу объектілері жеке тұлғаларға сатып алу құқығымен тұрғынжайды ұзақ мерзімді жалға беру шарты бойынша жалға берілген жағдайда - осы Кодекстің 591-бабының 2-тармағына сəйкес əрбір объект бойынша жеке-жеке айқындалатын салықтық базаға осы Кодекстің 602-бабында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы есептейді.
3. Ортақ үлестік меншіктегі салық салу объектілері бойынша мүлік салығы əрбір салық төлеуші үшін оның мүлік құнындағы үлесіне пропорционалды түрде есептеледі.
4. Салықты төлеу бюджетке салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша жүргізіледі.
5. Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін осы Кодекстің 596-бабының 1-тармағына сəйкес осындай ағымдағы төлемдерді төлеушілер болып табылатын салық төлеушілер салықтық кезеңнің басында бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалған салық салу объектілерінің баланстық құнына тиісті салықтық мөлшерлемелерді қолдану арқылы айқындайды.
6. Осы Кодекстің 596-бабының 1-тармағына сəйкес мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуші болып табылатын салық төлеушілер осындай ағымдағы төлемдердің сомаларын салықтық кезеңнің 25 ақпанынан, 25 мамырынан, 25 тамызынан жəне 25 қарашасынан кешіктірмей, тең үлестермен төлейді.
7. Ағымдағы төлемдерді төлеушілер салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен жəне (немесе) шығып қалған жағдайда, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің мөлшерін түзетуді жүргізеді.
Салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен жағдайда, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушіде осындай ағымдағы төлемдердің сомалары бухгалтерлік есеп деректері бойынша келіп түсетін күнге айқындалған келіп түскен салық салу объектілерінің бастапқы құнының 1/13-іне салық салу объектілері келіп түскен айдан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі ағымдағы салықтық кезең айларының санына көбейтілген салықтық мөлшерлемені қолдану арқылы айқындалатын сомаға ұлғайтылады.
Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушіде салықтық кезең ішінде салық салу объектілері шығып қалған жағдайда осындай ағымдағы төлемдердің сомалары шығып қалған салық салу объектілері құнының 1/13-іне салық салу объектілері шығып қалған айдан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі ағымдағы салықтық кезең айларының санына көбейтілген салықтық мөлшерлемені қолдану арқылы айқындалатын сомаға азайтылады.
Бұл ретте мыналар:
ағымдағы салықтық кезеңде келіп түскен салық салу объектілері бойынша - бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша келіп түсетін күнге бастапқы құн;
қалған салық салу объектілері бойынша - бухгалтерлік есепке алу деректері бойынша салықтық кезеңнің басындағы баланстық құн шығып қалған салық салу объектілерінің құны болып табылады.
8. Салық төлеушілер мүлік салығын салықтық кезең үшін декларацияны ұсыну мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.
9. Осы Кодекстің 589-бабы 6-тармағы 2) тармақшасының негізінде салық төлеуші болып табылатын тұлға үшін салық сомасы тіркелмеген салық салу объектісіне құқықтар берілген жағдайда:
1) беруші тарап үшін - осындай салық салу объектісін іс жүзінде иеленген жəне (немесе) пайдаланған (іске қосқан) айдың 1-інен бастап осындай объект қабылдау-беру актісінің немесе өзге де құжаттың негізінде берілген айдың 1-іне дейінгі кезең үшін;
2) қабылдаушы тарап үшін - осындай объект қабылдау-беру актісінің немесе өзге де құжаттың негізінде берілген айдың 1-інен басталған кезең үшін есептеледі.
594-бап. Жекелеген жағдайларда салықты есептеу мен төлеу
Дара кəсіпкер кəсіпкерлік қызметте пайдаланатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша салықты осы тарауда белгіленген мөлшерлемелер бойынша жəне тəртіппен есептейді жəне төлейді.
Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін, егер салық салу объектісі:
салықтық база осы Кодекстің 600-бабына сəйкес айқындалатын тұрғынжай болып табылған жəне салықты салық органдары есептеген;
тек қана тұру мақсатында жалға (пайдалануға) берілген жəне тұрғын үй қорынан шығарылмаған жағдайларды бір мезгілде сақтаған кезде мұндай объект кəсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектісі деп танылмайды.
595-бап. Салықтық кезең
1. 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл мүлік салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Осы Кодекстің 588-бабы 3-тармағының 3) жəне 4) тармақшаларында аталған заңды тұлғалар үшін салықтық кезең салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берген кезден бастап мұндай пайдалану аяқталған кезге дейін айқындалады.
596-бап. Салықтық есептілік
1. Кəсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша дара кəсіпкерлер (оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кəсіпкерлерді қоспағанда) жəне заңды тұлғалар, егер олардағы салықтың есептік сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінен асатын болса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушілер болып табылады. Осы тармақтың мақсаттары үшін салықтың есептік сомасы салықтық кезеңнің басындағы бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалған тиісті салық мөлшерлемесінің жəне салық салу объектілерінің баланстық құнының туындысы ретінде айқындалады.
Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеушілер салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша салық органдарына салық бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ағымдағы салықтық кезеңнің 15 ақпанынан кешіктірмей ұсынады.
2. Мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді төлеуші салықтық кезең ішінде салық салу объектілері келіп түскен жəне (немесе) шығып қалған кезде ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті (салықтық кезең ішінде) мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде осындай төлемдердің мөлшерін тиісті түзетумен жəне оларды алдағы төлеу мерзімдеріне тең үлестермен бөлумен ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабын ұсынады.
Бұл ретте ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабы ағымдағы төлемдерді төлеудің кезекті мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша келіп түскен жəне (немесе) шығып қалған объектілер бойынша ұсынылады.
3. Салық бойынша декларацияны салық салу объектілерінің тұрған жері бойынша салық органдарына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмейтін мерзімде:
1) заңды тұлғалар;
2) дара кəсіпкерлер - кəсіпкерлік қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша;
3) жеке тұлғалар (оның ішінде жеке практикамен айналысатын адамдар) - кəсіпкерлік қызметте жəне (немесе) осындай жеке практикаға байланысты қызметте пайдаланылатын (пайдалануға жататын) салық салу объектілері бойынша айқындалған салықтық міндеттемелер бойынша ұсынады.
67-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МҮЛІК САЛЫҒЫ
597-бап. Салық төлеушілер
1. Осы Кодекстің 599-бабына сəйкес салық салу объектісі бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеушілер болып табылады.
2. Мыналар жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеушілер болып табылмайды:
1) Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар, үш дəрежелі Еңбек Даңқы орденінің жəне «Отан» орденінің иегерлері - осы Кодекстің 599-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшері шегінде;
2) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер жəне басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз əскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен жəне медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) жəне Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз əскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен жəне медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық жəне саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 599-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 500 еселенген мөлшері шегінде;
3) жетім балалар жəне 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық жəне саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 599-бабының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектілері бойынша;
4) бала кезінен мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
құрылыс алып жатқан жерді қоса алғанда, жеке үй (қосалқы) шаруашылығын жүргізу, бағбандық жəне саяжай құрылысы үшін берілген жер учаскелері бойынша;
гараждар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
5) «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көпбалалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер:
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша;
үй жанындағы жер учаскелері бойынша;
осы Кодекстің 599-бабының 1) тармақшасында көрсетілген барлық салық салу объектілерінің жалпы құнынан тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 000 еселенген мөлшері шегінде.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін бөлек тұратын зейнеткерлер деп заңды мекенжайы (олардың тұрғылықты мекенжайы) бойынша тек қана зейнеткерлер тіркелген зейнеткерлер түсініледі;
6) салықтық база осы Кодекстің 600-бабына сəйкес айқындалатын жəне салықты салық органдары осы Кодекстің 603 жəне 604-баптарына сəйкес есептейтін тұрғынжайлар мен басқа да объектілерді қоспағанда, кəсіпкерлік қызметте пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша дара кəсіпкерлер;
7) көппəтерлі тұрғын үй алып жатқан жер учаскесіндегі пəтер (бөлме) меншік иесінің үлесі бойынша жеке тұлғалар - пəтердің (бөлменің) меншік иелері.
3. Осы баптың 2-тармағы 1) - 5) тармақшаларының ережелері пайдалануға немесе мүліктік жалдауға (жалға) берілген салық салу объектілері бойынша қолданылмайды.
598-бап. Жекелеген жағдайларда салық төлеушінi айқындау
1. Мемлекеттік мекеме салық салу объектілерін сенімгерлік басқаруға берген кезде салық төлеуші осы Кодекстің 67-бабына сəйкес айқындалады.
2. Егер салық салу объектісі бірнеше тұлғаның ортақ үлестік меншігінде болса, осы тұлғалардың əрқайсысы салық төлеуші деп танылады.
3. Бірлескен ортақ меншіктегі салық салу объектілері бойынша өздерінің арасындағы келісу бойынша осы салық салу объектісі меншік иелерінің бірі салық төлеуші бола алады.
Бұл ретте меншік құқықтарын мемлекеттік тіркеу жүргізілген бірлескен ортақ меншіктегі салық салу объектілері бойынша меншік иелері осындай объектіге меншік құқықтарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға арналған өтініште көрсеткен осы салық салу объектісі меншік иелерінің бірі салық төлеуші бола алады.
4. Жер учаскесіне сəйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда:
1) жер учаскесі мемлекеттік меншіктен берілген кезде - мемлекеттік органдардың жер учаскесін беру туралы актілері;
2) қалған жағдайларда азаматтық-құқықтық мəмілелер негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде осындай учаскені іс жүзінде иелену жəне пайдалану пайдаланушыны жер учаскесіне қатысты салық төлеуші деп тану үшін негіз болып табылады.
599-бап. Салық салу объектісі
Қазақстан Республикасының аумағындағы:
1) өздеріне меншік құқығында тиесілі тұрғынжайлар, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар, орынтұрақ орындары жəне өзге де құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар;
2) жеке тұлғаларға меншік құқығында тиесілі жер учаскелері жеке тұлғаларға мүлік салығын салу объектісі болып табылады.
600-бап. Салықтық база
1. Мемлекеттік корпорация салықтық кезеңнен кейінгі əрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке тұлғалар үшін тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары бойынша салық салу объектілерінің құнын мынадай тəртіппен айқындайды:
Қ = Қ б х S х К физ х К функц х К айм х К аек өзг. х Ксəн-сал, мұнда:
Қ - салық салу мақсаттарына арналған мүлік құны;
Қ б - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің базалық құны;
S - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының шаршы метрмен көрсетілетін пайдалы алаңы;
К физ - физикалық тозу коэффициенті;
К функц - функционалдық тозу коэффициенті;
К айм - аймаққа бөлу коэффициенті;
К аек өзг. - айлық есептік көрсеткіштің өзгеру коэффициенті;
Ксəн-сал - сəн-салтанат коэффициенті.
2. Тұрғынжайдың, саяжай құрылысының бір шаршы метрінің ұлттық валютадағы базалық құны (Қ б) елді мекеннің түріне қарай мынадай мөлшерде айқындалады:
| Р/с № | Елді мекеннің санаты | Базалық құны теңгемен |
| 1 | 2 | 3 |
| Қалалар: | |
| 1. | Алматы | 60 000 |
| 2. | Шымкент | 60 000 |
| 3. | Астана | 60 000 |
| 4. | Ақтау | 36 000 |
| 5. | Ақтөбе | 36 000 |
| 6. | Атырау | 36 000 |
| 7. | Жезқазған | 36 000 |
| 8. | Көкшетау | 36 000 |
| 9. | Қарағанды | 36 000 |
| 10. | Қонаев | 36 000 |
| 11. | Қостанай | 36 000 |
| 12. | Қызылорда | 36 000 |
| 13. | Орал | 36 000 |
| 14. | Өскемен | 36 000 |
| 15. | Павлодар | 36 000 |
| 16. | Петропавл | 36 000 |
| 17. | Семей | 36 000 |
| 18. | Талдықорған | 36 000 |
| 19. | Тараз | 36 000 |
| 20. | Түркістан | 36 000 |
| 21. | Облыстық маңызы бар қалалар | 12 000 |
| 22. | Аудандық маңызы бар қалалар | 6 000 |
| 23. | Кенттер | 4 200 |
| 24. | Ауылдар | 2 700 |
Бұл ретте елді мекендердің санаттары техникалық реттеу саласындағы уəкілетті орган бекіткен əкімшілік-аумақтық объектілер сыныптауышына сəйкес айқындалады.
3. Мемлекеттік корпорация көппəтерлі тұрғын үйдегі жəне жеке мақсаттарда пайдаланылатын қойма, тұрғынжайдың салқын жапсаржайы, шаруашылық (қызметтік) құрылысы, астыңғы қабаты, жертөлесі, гараж, орынтұрақ орны бойынша салықтық кезеңнен кейінгі əрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша осындай əрбір объектінің құнын мынадай формуламен айқындайды:
Қ = Қ б x S x К физ х К аек өзг. х К айм, мұнда:
Қ - салық салу мақсаттарына арналған құн;
Қ б - осы баптың 2-тармағында белгіленген базалық құннан мынадай мөлшерде айқындалатын бір шаршы метрдің базалық құны:
көппəтерлі тұрғын үйдегі жəне жеке мақсаттарда пайдаланылатын қойма, тұрғынжайдың салқын жапсаржайы, шаруашылық (қызметтік) құрылысы, астыңғы қабаты, жертөлесі бойынша - 25 пайыз,
гараж, орынтұрақ орны бойынша - 15 пайыз;
S - тұрғынжайдың салқын жапсаржайының, шаруашылық (қызметтік) құрылысының, астыңғы қабатының, жертөлесінің, гараждың шаршы метрмен көрсетілетін жалпы алаңы;
К физ - осы баптың 4-тармағында айқындалған тəртіппен белгіленген физикалық тозу коэффициенті;
К аек өзг. - осы баптың 7-тармағында белгіленген тəртіппен айқындалған айлық есептік көрсеткіштің өзгеру коэффициенті;
К айм - осы баптың 6-тармағында айқындалған тəртіппен белгіленген аймаққа бөлу коэффициенті.
4. Тұрғынжайдың, саяжай құрылысының физикалық тозу коэффициенті амортизация нормалары жəне мына формула бойынша тиімді пайдаланылған мерзімі ескеріле отырып айқындалады:
К физ = 1 - Т физ, мұнда:
Т физ - тұрғынжайдың, саяжай құрылысының физикалық тозуы.
Физикалық тозу мына формула бойынша айқындалады:
Т физ = (Т баз - Т беру) х Н аморт/100, мұнда:
Т баз - салық есепке жазылған жыл;
Т беру - салық салу объектісінің пайдалануға берілген жылы;
Н аморт - амортизация нормасы.
Ғимараттың сипаттамасына қарай физикалық тозуын айқындаған кезде мынадай амортизация нормалары қолданылады:
| Р/с № | Күрделілік тобы | Ғимараттың сипаттамасы | Н аморт, % | Қызмет ету мерзімі |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
| 1. | 1. | Тас, ерекше күрделі, қабырғаларының қалыңдығы 2,5-тен артық кірпіштен қаланған кірпіш немесе темір-бетон немесе металл қаңқасы бар кірпіш, жабындары темір-бетон жəне бетон ғимараттар; қабырғалары ірі панельді, жабындары темір-бетон ғимараттар | 0,7 | 143 |
| 2. | 2. | Қабырғаларының қалыңдығы 1,5-2,5 кірпіштен қаланған кірпіш, жабындары темір-бетон, бетон немесе ағаш ғимараттар; қабырғалары ірі блокты, жабындары темір-бетон ғимараттар | 0,8 | 125 |
| 3. | 3. | Қабырғалары кірпіштен, монолитті шлак-бетоннан, жеңіл шлак-блоктардан, ұлутастардан жеңіл қаланған, жабындары темір-бетон немесе бетон ғимараттар; қабырғалары ірі блокты немесе кірпіштен жеңіл қаланған, монолитті шлак-бетон, ұсақ шлак-блок ғимараттар | 1,0 | 100 |
| 4. | 4. | Аралас, кесілген ағаштан жасалған немесе төсемтас қабырғалары бар ғимараттар | 2,0 | 50 |
| 5. | 5. | Шитіден жасалған, жиналмалы-қалқанды, құйма қаңқалы, балшықтан соғылған, саман ғимараттар | 3,3 | 30 |
| 6. | 6. | Қамыс қаңқалы жəне басқа да жеңілдетілген ғимараттар | 6,6 | 15 |