4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жеке практикамен айналысатын адамдар жəне (немесе) дара кəсіпкерлер болып табылатын əлеуметтік салық төлеушілер үшін мыналар:
əлеуметтік салық төлеушінің өзі;
əлеуметтік салық төлеуші жұмыскерлерінің саны салық салу объектілері болып табылады.
Мыналар:
1) əлеуметтік салық төлеушілер осы Кодекстің 117-бабына сəйкес салықтық есептілікті ұсынуды уақытша тоқтата тұрған кезеңде олардың өздері;
2) салықтық кезеңде кіріс алмаған əлеуметтік салық төлеушілердің өздері;
3) салықтық кезең үшін кіріс есептелмеген əлеуметтік салық төлеушінің жұмыскерлері салық салу объектісі болып табылмайды.
557-бап. Салық мөлшерлемелері
1. Осы баптың 2, 3 жəне 4-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, əлеуметтік салық 6 пайыз мөлшерлеме бойынша есептеледі.
2. Мыналар:
өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жəне өткізу;
өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жəне осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруға байланысты салық салу объектілері бойынша əлеуметтік салық 1,8 пайыз мөлшерлемемен есептеледі.
3. Осы баптың 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, дара кəсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар болып табылатын əлеуметтік салық төлеушілер əлеуметтік салықты:
өздері үшін - төлеу күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде;
əрбір жұмыскер үшін төлем күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерінде есептейді.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қызметті жүзеге асыруға байланысты салық салу объектілері бойынша шаруа немесе фермер қожалықтары əлеуметтік салықты:
өздері үшін - төлеу күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 0,6 еселенген мөлшерінде;
əрбір жұмыскер үшін - төлеу күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 0,3 еселенген мөлшерінде есептейді.
57-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ МЕН ТӨЛЕУ ТƏРТІБІ
558-бап. Əлеуметтік салықты есептеу тəртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бюджетке төленуге жататын əлеуметтік салық сомасы:
1) осы Кодекстің 556-бабының 2-тармағына сəйкес объектіден алып тастау сомасына азайтылған осы Кодекстің 556-бабының 1-тармағында көзделген салық салу объектісіне;
немесе
2) осы тармақта көзделген жағдайларда осы Кодекстің 556-бабының 3-тармағында көзделген салық салу объектісіне осы Кодекстің 557-бабының 1 жəне 2-тармақтарында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану жолымен айқындалады.
2. Дара кəсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар болып табылатын əлеуметтік салық төлеушілер əлеуметтік салықты есептеуді осы Кодекстің 556-бабының 4-тармағында көзделген салық салу объектісіне мынадай:
1) осы Кодекстің 557-бабының 2-тармағында көрсетілген қызмет бойынша шаруа немесе фермер қожалықтары болып табылатын əлеуметтік салық төлеушілер осы Кодекстің 557-бабының 4-тармағында белгіленген;
2) өзге де дара кəсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар осы Кодекстің 557-бабының 3-тармағында белгіленген мөлшерлемелерді қолдану арқылы жүргізеді.
559-бап. Мемлекеттік мекемелердің əлеуметтік салықты есептеу мен төлеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган бір мезгілде мынадай:
осындай мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға ведомстволық бағынысты құрылымдық бөлімшелердің жəне (немесе) аумақтық органдардың шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша əлеуметтік салықты есептеу мен төлеу;
осындай мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға ведомстволық бағынысты құрылымдық бөлімшелердің жəне (немесе) аумақтық органдардың жұмыскерлеріне есептелген, төленген төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу жəне аудару жөніндегі міндеттерін орындайтын өзінің құрылымдық бөлімшелерін жəне (немесе) аумақтық органдарын өз шешімімен əлеуметтік салық төлеуші деп тануға құқылы.
2. Мемлекеттік мекемелердің салықтық кезең үшін есептеген əлеуметтік салық сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленген əлеуметтік жəрдемақы сомасына азайтылады.
3. Салықтық кезең үшін осы баптың 2-тармағында көрсетілген төленген əлеуметтік жəрдемақы сомасы есептелген əлеуметтік салық сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кету сомасы келесі салықтық кезеңге ауыстырылады.
560-бап. Əлеуметтік салықты төлеу
1. Əлеуметтік салықты төлеу салық төлеушінің тұрған жері бойынша салықтық кезеңнен кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Құрылымдық (аумақтық) бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша əлеуметтік салықты төлеу осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімшенің тұрған жері бойынша жүргізіледі.
58-тарау. САЛЫҚТЫҚ КЕЗЕҢ ЖƏНЕ САЛЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
561-бап. Салықтық кезең
1. Күнтізбелік ай əлеуметтік салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Күнтізбелік тоқсан жеке табыс салығы жəне əлеуметтік салық бойынша декларация жасау үшін есепті кезең болып табылады.
562-бап. Жеке табыс салығы мен əлеуметтік салық бойынша декларация
1. Төлеушілер жеке табыс салығы жəне əлеуметтік салық бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органдарына есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тоқсан сайын ұсынады.
2. Əлеуметтік салықты есептеу жəне төлеу жөніндегі міндет жүктелмеген құрылымдық бөлімшелері бар төлеушілер осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімше тұрған жердегі салық органына жеке табыс салығы мен əлеуметтік салық бойынша декларацияға осындай құрылымдық (аумақтық) бөлімше бойынша əлеуметтік салық сомасын есептеу жөніндегі қосымшаны ұсынады.
10-БӨЛІМ. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ САЛЫҒЫ
59-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
563-бап. Салық төлеушілер
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар жəне меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.
Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сəйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын дербес төлеуші деп тануға құқылы.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше көлік құралдары салығын дербес төлеуші деп танылса, онда заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Қаржы лизингі шарты бойынша берілген (алынған) салық салу объектілері бойынша көлік құралы салығын төлеуші лизинг алушы болып табылады.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:
1) осы Кодекстің 357-бабының 2-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы жəне (немесе) мүшелері - агроөнеркəсіптік кешенді дамыту саласындағы уəкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен жəне уəкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өзі өндіру процесінде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы бойынша;
2) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы жəне (немесе) мүшелері - осындай арнаулы салық режимінің күші қолданылатын, қызметте пайдаланылатын мынадай қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл жəне жүк көлік құралдары бойынша:
бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша;
бір шаруа немесе фермер қожалығына жүк бөлігінен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүк платформасы жəне жүргізуші кабинасы бар бір жеңіл моторлы көлік құралы (пикап-автомобиль) бойынша;
бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1 000 гектарына 1 000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша.
Бұл ретте, егер есеп-қисап қорытындылары бойынша көлік құралдарының саны бөлшекті мəні 0,5-тен бастап жəне одан жоғары бір бірліктен көп болса, мұндай мəн тұтас бірліктерге дейін дөңгелектеуге жатады, егер 0,5-тен төмен болса, дөңгелектеуге жатпайды.
Егер есеп-қисап қорытындылары бойынша жүк автомобильдерінің саны бір бірліктен кем болса, қозғалтқышының қуаты барынша аз бір жүк автомобилі босатылуға жатады;
3) мемлекеттік мекемелер жəне орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;
4) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері - қозғалтқышының көлемі 3 000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік жəне бір автобус бойынша;
5) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер жəне басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз əскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағы ордендерімен жəне медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) жəне Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз əскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағы ордендерімен жəне медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистік Еңбек ерлері, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар, үш дəрежелі Еңбек Даңқы орденінің жəне «Отан» орденінің иегерлері, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналар - салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша;
6) меншігінде мотоколяскалары мен автомобильдері бар мүгедектігі бар адамдар - салық салу объектісі болып табылатын бір автокөлік құралы бойынша.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2) жəне 4) тармақшаларының ережелері осындай көлік құралдары пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген жағдайларда қолданылмайды.
4. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) жəне 6) тармақшаларының ережелері осындай тармақшалардың ережелерін қолдану құқығы бар жеке тұлғаның оларда көрсетілген бір немесе бірнеше санаттарға жататынына не жатпайтынына қарамастан, салықтық кезең ішінде бір автокөлік құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4 000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уəкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу əрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.
5. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) жəне 6) тармақшаларының ережелерін қолдануға құқығы бар адамның меншік құқығында салықтық кезең ішінде бірнеше автокөлік құралы болған жағдайда, осы ережелер есептелген салық сомасы барынша көп автокөлік құралдарының біреуіне қатысты қолданылады.
6. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) жəне 6) тармақшаларының ережелерін қолдану құқығы салықтық кезең ішінде туындаған немесе тоқтатылған жағдайда, осындай ережелер:
құқық туындаған кезде - осындай құқық туындаған айдың 1-інен бастап салықтық кезең аяқталғанға дейін немесе осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-іне дейін қолданылады;
құқық тоқтатылған кезде - осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-інен бастап қолданылмайды.
7. Мемлекеттік мекемелер сенімгерлік басқаруға берген көлік құралдары бойынша салық төлеуші осы Кодекстің 67-бабына сəйкес айқындалады.
564-бап. Салық салу объектілері
1. Тіркемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасында тіркелген жəне (немесе) есепте тұрған көлік құралдары салық салу объектілері болып табылады.
2. Мыналар салық салу объектілері болып табылмайды:
1) 40 тонна жəне одан жоғары жүк көтеретін карьерлік автотүсіргіштер;
2) мамандандырылған медициналық көлік құралдары;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген теңіз кемелері;
4) мүлік салығын салу объектісі болып табылатын арнаулы автомобильдер.
60-тарау. САЛЫҚТЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕР, САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ТƏРТІБІ МЕН ТӨЛЕУ МЕРЗІМДЕРІ
565-бап. Салықтық мөлшерлемелер
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салықты есептеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленген мынадай мөлшерлемелер бойынша жүргізіледі:
| Р/с № | Салық салу объектісі | Салықтық мөлшерлеме (АЕК) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Қозғалтқышының көлемі бойынша мынадай сараланған жеңіл автомобильдер (текше см.): | |
| 1 100-ге дейін қоса алғанда | 1 |
| 1 100-ден жоғары 1 500-ге дейін қоса алғанда | 2 |
| 1 500-ден жоғары 2 000-ға дейін қоса алғанда | 3 |
| 2 000-нан жоғары 2 500-ге дейін қоса алғанда | 6 |
| 2 500-ден жоғары 3 00-ға дейін қоса алғанда | 9 |
| 3 000-нан жоғары 4 000-ға дейін қоса алғанда | 15 |
| 4 000-нан жоғары | 117 |
| 2. | Жүк көтергіштігі бойынша мынадай сараланған жүк, арнаулы автомобильдер (тіркемелерді есептемегенде): | |
| 1 тоннаға дейін қоса алғанда | 3 |
| 1 тоннадан жоғары 1,5 тоннаға дейін қоса алғанда | 5 |
| 1,5 тоннадан жоғары 5 тоннаға дейін қоса алғанда | 7 |
| 5 тоннадан жоғары | 9 |
| 3. | Тракторлар, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік жəне жол-құрылыс машиналары мен механизмдер, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнаулы машиналар жəне жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында жүруге арналмаған басқа да автокөлік құралдары | 3 |
| 4. | Отыратын орындардың саны бойынша мынадай сараланған автобустар: | |
| отыратын 12 орынға дейін қоса алғанда | 9 |
| отыратын 12-ден жоғары 25 орынға дейін қоса алғанда | 14 |
| отыратын 25 орыннан жоғары | 20 |
| 5. | Қозғалтқышының қуаты бойынша мынадай сараланған мотоциклдер, мотороллерлер, мотошаналар, шағын кемелер: | |
| 55 кВт-ға (75 ат күшіне) дейін қоса алғанда | 1 |
| 55 кВт-дан (75 ат күшінен) асатын | 10 |
| 6. | Қозғалтқышының қуаты бойынша мынадай сараланған катерлер, кемелер, буксирлер, баржалар, яхталар (ат күшімен); | |
| 160-қа дейін қоса алғанда | 6 |
| 160-тан жоғары 500-ге дейін қоса алғанда | 18 |
| 500-ден жоғары 1 000-ға дейін қоса алғанда | 32 |
| 1 000-нан жоғары | 55 |
| 7. | Ұшу аппараттары | қуаттың əрбір киловатынан АЕК-тің 4 пайызы |
| 8. | Мыналар: кез келген санаттағы пойыздарды магистральдық жолдармен жүргізу үшін; магистральдық, станциялық жəне тар жəне (немесе) кең табанды кірме жолдарда маневр жұмыстарын жүргізу үшін; өнеркəсіптік теміржол көлігі жолдары мен магистральдық жəне станциялық жолдарға шықпайтын жолдарда пайдаланылатын теміржолдың жылжымалы тартқыш құрамы | көлік құралының жалпы қуатының əрбір киловатынан АЕК-тің 1 пайызы |
| Тар жəне кең табанды магистральдық жəне станциялық жолдармен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру үшін пайдаланылатын моторлы-вагонды жылжымалы құрам, сондай-ақ қалалық рельстік көліктің көлік құралдары | көлік құралының жалпы қуатының əрбір киловатынан АЕК-тің 1 пайызы |
2. Салықты есептеу үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін:
1) жеңіл автомобильдерге:
В санатындағы (ВЕ, В1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады;
2) жүк автомобильдеріне:
С санатындағы (СЕ, С1Е, С1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады;
3) арнаулы автомобильдерге белгілі бір технологиялық процестерді немесе операцияларды орындауға арналған арнаулы жабдығы бар автомобильдер жатады;
4) автобустарға D санатындағы (DЕ, D1Е, D1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады.
Бұл ретте салық салу мақсаттары үшін көлік құралын басқару құқығына санат қолданылады.
4. Қозғалтқышының көлемі 1500 текше сантиметрден жоғары жеңіл автомобильдер бойынша салық сомасы осы баптың 1-тармағында белгіленген қозғалтқыш көлемі бойынша тиісті саралаудың төменгі шекарасынан асып кеткен əрбір бірлік үшін 7 теңгеге ұлғаяды.
5. Пайдаланылу мерзіміне қарай ұшу аппараттарына салық мөлшерлемелеріне мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
1999 жылғы 1 сəуірден кейін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде сатып алынған ұшу аппараттарына:
пайдаланылу мерзімі 5 жылдан жоғары 15 жылды қоса алғанға дейін - 2,0;
пайдаланылу мерзімі 15 жылдан жоғары - 3,0.
6. Көлік құралының пайдаланылу мерзімі көлік құралының паспортында (əуе кемесін ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқамада) көрсетілген шығарылған жылы негізге алына отырып есептеледі.
7. Жүк жəне арнаулы автомобильдер бойынша салықты есептеу үшін көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта жəне (немесе) нұсқамада көрсетілген көлік құралының жүк көтергіштігінің көрсеткіші пайдаланылады. Егер көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта (нұсқамада) жүк көтергіштігінің көрсеткіші көрсетілмесе, ол көлік құралының рұқсат етілген ең жоғары массасы мен көлік құралының жүктемесіз массасы (жабдықталған көлік құралының массасы) арасындағы айырма ретінде есептеледі.
8. Жеңіл автомобильдер бойынша салықты есептеу кезінде көлік құралын пайдалану мерзіміне байланысты, шығарылған жылына қарай мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:
пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары 20 жылды қоса алғанға дейін - 0,7;
пайдаланылу мерзімі 20 жылдан жоғары - 0,5.
566-бап. Салықты есептеу тəртібi
1. Салық төлеуші осы Кодекстің 565-бабына сəйкес салық салу объектісіне салық мөлшерлемелерін қолдану арқылы салықтық кезең үшін салық сомасын дербес есептейді.
2. Осы Кодекстің 357-бабы 2-тармағының 1) жəне 2) тармақшаларында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін, аквашаруашылық (балық шаруашылығы) өнімін өндіруші заңды тұлғалар, ауыл шаруашылығы кооперативтері осы Кодекстің 563-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын қоспағанда, көлік құралдарына салық есептеуді салық сомасын 70 пайызға төмендету құқығымен жүргізеді.
3. Көлік құралы салықтық кезеңнен аз уақыт меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған жағдайда, салық сомасы көлік құралы осындай құқықта іс жүзінде болған кезең үшін жылдық салық сомасын он екіге бөлу жəне көлік құралы осындай құқықта іс жүзінде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледі.
4. Салықтық кезең ішінде меншік құқығын, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығын басқаға берген кезде салық салу объектілеріне салық сомасы мынадай тəртіппен есептеледі:
1) беруші тарап үшін:
салықтық кезеңнің басында болған көлік құралдары бойынша салық сомасы салықтық кезеңнің басынан бастап көлік құралына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы берілген айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептеледі;
салықтық кезеңнің ішінде беруші тарап сатып алған көлік құралдары бойынша салық сомасы көлік құралына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-інен бастап осындай құқық басқаға берілген айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептеледі;
2) алушы тарап үшін - салық сомасы көлік құралына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-інен бастап салықтық кезеңнің соңына дейін немесе алушы тарап кейіннен осындай құқықты басқаға берген айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептеледі.
5. Жеке тұлғалар сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлік құралын сатып алған кезде салық сомасын көлік құралына меншік құқығы туындаған айдың 1-інен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептейді.
6. Ішкі істер органдары салық органдарына ұсынатын көлік құралын айдап əкету жəне (немесе) ұрлау туралы арыздың Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелу фактісін (күнін) растайтын мəліметтер иелерінен айдап əкетілген жəне (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады.
Бұл ретте мұндай салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап əкету жəне (немесе) ұрлау туралы арыз Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген күннен бастап тоқтатылады.
Салықты есептеу (есепке жазу) ішкі істер органдары салық органдарына ұсынған мəліметтер негізінде көлік құралын айдап əкету жəне (немесе) ұрлау жəне оны қайтару туралы қылмыстық іс тоқтатылған күннен бастап қайта басталады.
7. Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің соңында меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған көлік құралдары бойынша, сондай-ақ салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде мұндай құқықтар туындаған жəне (немесе) тоқтатылған көлік құралдары бойынша салық сомасын:
1) егер көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде туындаса жəне салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейін тоқтатылмаса - осындай құқық туындаған айдың 1-інен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
2) егер салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы:
тоқтатылған жағдайда - салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
туындаған жəне тоқтатылған жағдайда - көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған айдың 1-інен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
3) қалған жағдайларда - жылдық салық сомасы мөлшерінде есептейді. Бұл ретте салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы тоқтатылған жағдайда, декларацияда салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.
8. Есепті салықтық кезең үшін жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша есеп-қисаптар сальдосын айқындау мақсатында салық органдары көлік құралдарын есепке алуды жəне тіркеуді жүзеге асыратын уəкілетті органдар автоматтандырылған режимде ұсынатын мəліметтердің негізінде есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмейтін мерзімде салық есептеуді жүргізеді.
567-бап. Салық төлеу мерзімдері мен тəртібі
1. Заңды тұлғалар салықтық кезең үшін декларацияны ұсыну мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей салық төлеуді жүргізеді.
2. Жеке тұлғалардың салық төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сəуірінен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Көлік құралының меншік иесі атынан иеліктен шығару құқығымен көлік құралын басқаруға арналған сенімхат негізінде сенім білдірілген болып табылатын жеке тұлғаның салықтық кезең үшін көлік құралдарына салық төлеуі көлік құралы меншік иесінің осы салықтық кезең үшін салық міндеттемесін орындауы болып табылады.
61-тарау. САЛЫҚТЫҚ КЕЗЕҢ ЖƏНЕ САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІК
568-бап. Салықтық кезең
1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл көлік құралдары салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
569-бап. Салықтық есептілік
1. Төлеуші - заңды тұлғалар салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша салық органдарына декларацияны есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.