Мұндай растау өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаның әрбір партиясы бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
Бұл ретте пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган аккредиттелген зертханалардың тізбесін өзі белгілеген тәртіппен бекітеді.
791-бап. Төлеушілер
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия шеңберінде өндірілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаларды, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерін өткізуді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін берілсе;
пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге лицензия берілген аумақ Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жер қойнауын пайдалану құқығы берілген аумаққа жатпаса, роялти төлеушілер болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттар мен лицензиялар негізінде:
1) кен іздеушілікке арналған лицензиялар;
2) уран өндіруге арналған келісімшарттар бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар роялтиді қолдануға құқылы емес.
792-бап. Салық салу объектісі
Осы Кодекстің 791-бабының 1-тармағында көрсетілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия шеңберінде қызметті жүзеге асыру кезінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаның, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің физикалық көлемі роялти салу объектісі болып табылады.
Бұл ретте, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, өткізілген минералды шикізаттың, оның ішінде қайта өңдеуден өткен минералды шикізаттың көлемі осындай минералды шикізат және ондағы әрбір ілеспе пайдалы қазба бойынша айқындалады.
793-бап. Салықтық база
1. Салықтық кезеңдегі өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбалардың, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің құны роялтиді есептеуге арналған салықтық база болып табылады.
Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше белгіленбесе, өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбалардың, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің құны Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуы ескеріле отырып, оларды өткізу бағасының негізінде, бірақ халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаның, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің 20 пайызға ұлғайтылған өндірістік өзіндік құнынан төмендетілмей айқындалады.
Бұл ретте өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаның, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің өндірістік өзіндік құны халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әрбір операция бойынша айқындалады.
2. Есепті салықтық кезеңде Лондон металдар биржасында немесе Лондон қымбат бағалы металдар нарығы қауымдастығында тіркелген ресми баға белгіленімдері бар минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбалардың, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің құны салықтық кезеңде қалыптасқан орташа биржалық баға бойынша айқындалады.
Орташа биржалық баға осы Кодекстің 780-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
3. Осы тараудың мақсаттары үшін өткізу күні халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
4. Осы Кодекстің 256-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда, минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаның, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің құнын және (немесе) көлемдерін түзету көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде жүргізіледі.
794-бап. Роялти мөлшерлемелері
Роялти мөлшерлемелері мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
| Р/с № | Тауар өнімінің түрі | Мөлшерлемелер, пайызбен (%) |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Жер қойнауынан өндірілген, бөлшектеу, електеу, ұсақтау, жіктеу (сұрыптау) процесінен өткен кен шикізаты, тау-кен өндіру, тау-кен өңдеу немесе энергетика өндірісінің мемлекеттік және өз қалдықтары | 13 |
| 2. | Байыту өндірісінің концентраттары және бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) нәтижесі болып табылатын өзге де өнімдер мен өз қалдықтары | 10 |
| 3. | Химиялық-металлургиялық қайта бөлудің нәтижесі болып табылатын металдар мен қорытпалар, өзге де өнімдер мен өз қалдықтары | 7 |
795-бап. Салықтық кезең
Күнтізбелік тоқсан роялти бойынша салықтық кезең болып табылады.
796-бап. Төлеу мерзімдері
Салық төлеуші есептелген роялти сомасын тұрған жері бойынша бюджетке салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей төлеуге міндетті.
797-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы роялти бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей ұсынады.
91-тарау. ҮСТЕМЕ ПАЙДА САЛЫҒЫ
798-бап. Жалпы ережелер
1. Үстеме пайда салығы осы Кодекстің 799-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын төлеуші болып табылатын жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салықтық кезең үшін есептеледі.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы осы тарауда белгіленген тәртіпке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салық салу объектісін, сондай-ақ салық салуға байланысты мынадай объектілерді:
1) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті;
2) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кірісті;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кірісті;
4) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдерді;
5) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығын;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салынатын салықтың есеп айырысу сомасын айқындайды.
799-бап. Төлеушілер
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай:
1) осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында көрсетілген;
2) осы келісімшарттар пайдалы қазбалардың басқа топтарын өндіруді көздемеген жағдайда, пайдалы қатты қазбаларды, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын және (немесе) емдік балшықтарды барлауға және (немесе) өндіруге арналған;
3) барлауға және өндіруге байланысты емес жерасты құрылысжайларын салуға және пайдалануға арналған келісімшарттардың негізінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар осы тарауда белгіленген үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылмайды.
800-бап. Салық салу объектісі
Осы Кодекстің 804-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының шегерімдер сомасының 25 пайызына тең сомадан асатын салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша осы Кодекстің 801-бабына сәйкес үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін айқындалған жер қойнауын пайдаланушының таза кірісінің бір бөлігі үстеме пайда салығын салу объектісі болып табылады.
801-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс осы Кодекстің 802-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс пен осы Кодекстің 805-бабына сәйкес есептелген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бейрезиденттер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша тұрақты мекеменің осы Кодекстің 806-бабына сәйкес есептелген таза кірісіне салынатын салықтың есеп айырысу сомасына қосымша азайтылады.
802-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс
1. Осы тараудың мақсаттарында салық салынатын кіріс осы Кодекстің 337-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайту ескеріле отырып, осы Кодекстің 803-бабына сәйкес айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кіріс пен осы Кодекстің 804-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдердің салықтық кезең үшін жылдық жалпы кіріс сомасынан асып кетуі келесі салықтық кезеңдердің үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін ауыстырылады.
803-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кірісті келісімшарттық қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 244, 250 - 254 және 297-баптарында көзделген, осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалған кірістерді қоспағанда, жылдық жиынтық кірісті айқындау үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша айқындайды.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында осы Кодекстің 244 және 297-баптарында көзделген кірістер активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының осы Кодекстің 279, 303 - 316-баптарында көрсетілген толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстің 250 - 254-баптарында көзделген кірістер көрсетілген активтердің құны үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында шегерімдерге жатқызылған жағдайда, активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының осы Кодекстің 279, 303 - 316-баптарында көрсетілген толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстiң 250 - 254-баптарында көрсетiлген, құны үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында шегерiмге жатқызылуға тиісті емес активтердi өткізуден түсетін кіріс мөлшері осы Кодекстiң 250 - 254-баптарына сәйкес айқындалады.
804-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша шегерімдер:
1) осы Кодекстің 257 - 260, 262 - 273, 301 - 302 және 317-баптарына сәйкес келісімшарттық қызмет бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттарында есепті салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылған шығыстардың;
2) мыналарға:
тіркеп-белгіленген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстарына;
осы Кодекстің 303 және 316-баптарына сәйкес түзілген амортизацияланатын активтердің жеке топтарына қосуға жататын, салықтық кезең ішінде іс жүзінде шегілген шығындар сомасы ретінде айқындалады.
Бұл ретте үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жалпы және (немесе) жанама тіркеп-белгіленген активтерді сатып алу бойынша шығындар жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасында жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке сай келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс.
2. 2018 жылдың салықтық кезеңі үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында жинақталған шығындардың шегерімге жатқызылуға тиісті, бірақ 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылмаған сомасының біржолғы шегерімі жүргізіледі.
3. Егер шығыстардың нақ сол түрлері шегерімдердің осы бапта белгіленген бірнеше түрінде көзделсе, онда салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығыстар бір рет қана шегеріледі.
805-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет бойынша салықтық кезең үшін осы Кодекстің 357-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 345-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша есептелген, осы Кодекстің 337-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 338 - 344-баптарына сәйкес ауыстырылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірістің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
806-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салынатын салықтың есеп айырысу сомасы
Осы тараудың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салынатын салықтың есеп айырысу сомасы салықтық кезең үшін бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салынатын салықтың осы Кодекстің 357-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген мөлшерлемесі мен бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне осы Кодекстің 689-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша есептелген салық салынатын объектінің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
807-бап. Есептеу тәртібі
1. Салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу осы Кодекстің 808-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша әрбір тиісті мөлшерлемені осындай деңгейге жататын үстеме пайда салығы салынатын объектінің әрбір бөлігіне кейіннен барлық деңгейлер бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерін қолдану үшін жер қойнауын пайдаланушы:
1) салық салу объектісін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын салумен байланысты объектіні айқындайды;
2) осы Кодекстің 808-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомаларын мынадай тәртіппен:
1, 2, 3, 4, 5 және 6-деңгейлер үшін - осы Кодекстің 808-бабы кестесінің 3-бағанында белгіленген әрбір деңгейге арналған пайыз бен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының көбейтіндісі ретінде;
7-деңгей үшін:
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан көп болса - үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сома арасындағы айырма ретінде;
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан аз немесе оған тең болса - нөл ретінде айқындайды;
3) осы Кодекстің 808-бабында көзделген деңгейлер бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салықтық кезеңде іс жүзінде алынған таза кірісті мынадай тәртіппен бөледі:
1-деңгей үшін:
егер салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы таза кірісті бірінші деңгей үшін бөлудің шекті сомасынан асса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі таза кірісті бірінші деңгей үшін бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы таза кірісті бірінші деңгей үшін бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасына тең болады. Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлу жүргізілмейді;
2, 3, 4, 5, 6 және 7-деңгейлер үшін:
егер салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен таза кірістің алдыңғы деңгейлер бойынша бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма таза кірісті тиісті деңгей үшін бөлудің шекті сомасынан асса немесе соған тең болса, онда таза кірістің осы деңгей үшін бөлінген бөлігі таза кірісті осы тиісті деңгей үшін бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен таза кірістің алдыңғы деңгейлер бойынша бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма таза кірісті тиісті деңгей үшін бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда таза кірістің осы деңгей үшін бөлінген бөлігі осындай айырмаға тең болады.
Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарында таза кірісті бөлу жүргізілмейді.
Таза кірістің деңгейлер бойынша бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы салықтық кезеңге үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірістің жалпы сомасына тең болуға тиіс;
4) үстеме пайда салығының тиісті мөлшерлемесін осы Кодекстің 808-бабына сәйкес таза кірістің деңгейлер бойынша бөлінген әрбір бөлігіне қолданады;
5) осы Кодекстің 808-бабында көзделген барлық деңгей бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, салықтық кезең үшін үстеме пайда салығының сомасын айқындайды.
808-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасының есеп-қисабы
Жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын мынадай тәртіппен айқындалатын мөлшерлемелердің өзгермелі шәкілі бойынша төлейді:
| Деңгей № | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті деңгейлер бойынша бөлу шәкілі, шегерімдер сомасының пайызы | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасын есептеуге арналған пайыз | Мөлшерлеме (%-бен) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | 25 пайыздан аз немесе оған тең | 25 | Белгіленбейді |
| 2. | 25 пайыздан 30 пайызды қоса алғанға дейін | 5 | 10 |
| 3. | 30 пайыздан 40 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 20 |
| 4. | 40 пайыздан 50 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 30 |
| 5. | 50 пайыздан 60 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 40 |
| 6. | 60 пайыздан 70 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 50 |
| 7. | 70 пайыздан жоғары | Осы Кодекстің 761-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес | 60 |
809-бап. Салықтық кезең
1. Үстеме пайда салығы үшін 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл салықтық кезең болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күнтізбелік жыл ішінде жасалса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап және күнтізбелік жыл аяқталғанға дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жыл басталғаннан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
810-бап. Салық төлеу мерзімі
Үстеме пайда салығы декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей, салық төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.
811-бап. Салық декларациясы
Салық төлеуші үстеме пайда салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.
92-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЛАМАЛЫ САЛЫҚ
812-бап. Жалпы ережелер
1. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес:
1) толығымен Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауы учаскесінде (учаскелерінде) көмірсутектерді өндіруге және (немесе) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;
2) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кенжатындары жоғарғы нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген, көмірсутектер кенжатындары төменгі нүктесінің тереңдігі 5 000 метр және одан төмен жер қойнауы учаскесі (учаскелері) бойынша көмірсутектерді өндіруге және (немесе) барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;
3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес сарқылатындар санатына жатқызылған кен орнында (кен орындарында) көмірсутектерді өндіруге немесе барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасқан жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлғалар тарихи шығындарды өтеу төлемінің, пайдалы қазбаларды өндіру салығының, үстеме пайда салығының орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты қолдануға құқылы.
Аталған құқық жер қойнауын пайдалануға арналған осы келісімшарттар немесе жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшарттарға толықтырулар жасалған күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі кезеңде қолданылады және өзгертілуге жатпайды.
Салық төлеуші осы құқықты қолдану туралы хабарламаны жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт немесе жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшарттарға толықтырулар тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұрған жеріндегі салық органына жібереді.
2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдер мен салықтар бойынша салықтық міндеттемесін орындаудың баламалы тәртібін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қалған барлық қолданылу кезеңіне жүргізіледі және өзгертілуге жатпайды, бұл туралы салық төлеуші тұрған жеріндегі салық органына 2018 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей хабарлама жібереді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген хабарламалар белгіленген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, тарихи шығындарды өтеу төлемі, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және үстеме пайда салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау осы Кодекстің 88, 89 және 91-тарауларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасқан жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлғалар тиісті келісімшарт тіркелген күннен бастап оған орай тарихи шығындарды өтеу төлемінің, пайдалы қазбаларды өндіру салығының, үстеме пайда салығының орнына жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты қолданады. Аталған жер қойнауын пайдаланушылар осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны жібермейді.
Бұл ретте осы тараудың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес жаңа редакцияда жазылған көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт та күрделі жобалар бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт деп танылады. Мұндай жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған келісімшартқа толықтыру тіркелген күннен бастап қолданылады.
813-бап. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша келісімшарттық қызметтің салықтық кезеңі үшін айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың салық салынатын объектісі жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс пен осы Кодекстің 256 және 288-баптарында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырмасы ретінде айқындалады.