Осы Кодекстің 756-бабының 4-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, күрделі теңіз жобалары бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы үшін жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін шегерімдердің салықтық кезеңде жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың мақсаттары үшін есептелген жылдық жиынтық кірістің сомасынан асып кетуі кейінгі қоса алғандағы он жылға жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың мақсаттары үшін есептелген осы келесі салықтық кезеңдердің салық салынатын кірісінің есебінен өтеу үшін ауыстырылады.
3. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуін қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттарында жылдық жиынтық кіріске қосуға жатпайтын корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес және осы Кодекстің 255-бабында көзделген жылдық жиынтық кірісті азайту есепке алынбай айқындалады.
Стратегиялық әріптес жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияның немесе акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде осындай жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияға тиесілі заңды тұлғаның міндеттемесін барлау кезеңінде коммерциялық табуға дейін есептен шығарған кезде туындаған, оң бағамдық айырма сомасының теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі осы тармақтың мақсатында кіріс ретінде қарастырылмайды.
4. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін шегерімдер корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін мыналар:
сыйақылар, оның ішінде осы Кодекстің 263-бабына сәйкес шегерімге жатқызылатын немесе күрделі шығындар ретінде есепке алынуға жататын сыйақылар шегерімге жатпайтыны;
теріс бағамдық айырма сомасының оң бағамдық айырма сомасынан, оның ішінде осы Кодекстің 303 - 315-баптарына сәйкес шегерімдерге жатқызылатын шығыстар құрамында асып кетуі шегерімге жатпайтыны;
есептелген (есепке жазылған) корпоративтік табыс салығының сомасы шегерімге жатпайтыны ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес айқындалады.
5. Егер нақ сол шығыстар (шығындар) осы баптың 4-тармағында белгіленген шығыстардың (шығындардың) бірнеше түрінде көзделсе, онда жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу кезінде аталған шығыстар (шығындар) тек бір рет шегеріледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға осындай салықтың салық салынатын объектісі мен осы Кодекстің 814-бабында белгіленген мөлшерлеменің көбейтіндісі ретінде есептеледі.
814-бап. Салық мөлшерлемесі
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдалануға баламалы салық осы Кодекстің 776-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген мұнайдың әлемдік бағасы негізге алына отырып, мына мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| Р/с № | Әлемдік баға | Мөлшерлеме, %-бен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бiр баррель үшiн 50 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 0 |
| 2. | Бiр баррель үшiн 60 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 6 |
| 3. | Бiр баррель үшiн 70 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 12 |
| 4. | Бiр баррель үшiн 80 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 18 |
| 5. | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 24 |
| 6. | Бiр баррель үшiн 100 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 30 |
| 7. | Бiр баррель үшiн 110 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 32 |
| 8. | Бiр баррель үшiн 120 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 34 |
| 9. | Бiр баррель үшiн 130 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 36 |
| 10. | Бiр баррель үшiн 140 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 38 |
| 11. | Бiр баррель үшiн 150 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 40 |
| 12. | Бiр баррель үшiн 150 АҚШ долларынан жоғары | 42 |
Осы Кодекстің 756-бабының 4-тармағында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес күрделі теңіз жобалары бойынша көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салық осы Кодекстің 776-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген мұнайдың әлемдік бағасы негізге алына отырып, мынадай мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| Р/с № | Әлемдік баға | Мөлшерлеме, %-бен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бiр баррель үшiн 50 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 0 |
| 2. | Бiр баррель үшiн 60 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 2 |
| 3. | Бiр баррель үшiн 70 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 4 |
| 4. | Бiр баррель үшiн 80 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 6 |
| 5. | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 8 |
| 6. | Бiр баррель үшiн 100 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 10 |
| 7. | Бiр баррель үшiн 110 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 10,7 |
| 8. | Бiр баррель үшiн 120 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 11,3 |
| 9. | Бiр баррель үшiн 130 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 12,0 |
| 10. | Бiр баррель үшiн 140 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 12,7 |
| 11. | Бiр баррель үшiн 150 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 13,3 |
| 12. | Бiр баррель үшiн 150 АҚШ долларынан жоғары | 14,0 |
815-бап. Салықтық кезең
1. Күнтізбелік жыл жер қойнауын пайдалануға баламалы салық үшін салықтық кезең болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күнтізбелік жыл ішінде жасалған болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап және күнтізбелік жылдың соңына дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
816-бап. Салық төлеу мерзімі
Жер қойнауын пайдалануға баламалы декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей, салық салық төлеушінің тұрған жері бойынша бюджетке төленуге жатады.
817-бап. Салық декларациясы
Салық төлеуші жер қойнауын пайдалануға баламалы салық бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.
93-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДІРУ САЛЫҒЫНА, КӨМІРСУТЕКТЕР БОЙЫНША ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫНА, РОЯЛТИГЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨНІМДІ БӨЛУ БОЙЫНША ҮЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ЗАТТАЙ НЫСАНДА ОРЫНДАУ ТӘРТІБІ
818-бап. Роялтиге және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесіне қатысты салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібі
1. Роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін төлеуге қатысты салықтық міндеттемені ақшалай нысанда орындау бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) осы Кодекстің 755-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта жер қойнауын пайдаланушының роялтиді және (немесе) Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін төлеуге қатысты салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне пайдалы қазбаларды беруі көзделсе;
2) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалса, уақытша, толық немесе ішінара заттай нысанға ауыстырылуы мүмкін.
2. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау үшін:
1) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 755-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта не осындай келісімде және (немесе) келісімшартта көзделген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушыға береді;
2) мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуын ескере отырып, пайдалы қазбаларды өзі дербес немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға арқылы өткізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне алынған пайдалы қазбаларды өткізуді мынадай:
заңдылық;
ашықтық;
айқындық;
адалдық;
әділдік;
барынша көп пайда алу;
ілеспе шығыстарды барынша азайту қағидаттарын сақтай отырып, жүзеге асырады;
3) мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелген мөлшерде ағымдағы төлемдерді айқындайды және бюджетке аударады;
4) жер қойнауын пайдаланушы, мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша декларацияны (ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын) тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте айқындалған тәртіппен және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынады.
3. Күнтізбелік тоқсан жер қойнауын пайдаланушының салықтар бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауы үшін салықтық кезең болып табылады.
Күнтізбелік жыл жер қойнауын пайдаланушы салықтар бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне беретін пайдалы қазбаларды іс жүзінде өткізуден алынған ақшаны төлеу бөлігінде мемлекет атынан алушы үшін салықтық кезең болып табылады.
4. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ оларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тапсырады.
6. Мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органына:
1) салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей ұсынады.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кейін салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынуға, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді;
2) күнтізбелік жыл үшін салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.
Мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауға байланысты қызметке қатысты корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсырмайды.
7. Салықтық кезең ішінде мемлекет атынан алушы тоқсан сайын салықтарды заттай нысанда төлеу есебіне ағымдағы төлемдерді айқындайды және оларды салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей бюджетке аударады, бұған осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ағымдағы төлемдер кірмейді.
Алдыңғы салықтық кезеңдер үшін алынған, бірінші тоқсанда өткізілген пайдалы қазбалар бойынша ағымдағы төлемдер алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсаны үшін заттай нысандағы ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабында көрсетілуге жатады және осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзімде бюджетке аударылады.
Ағымдағы төлемдер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес өтелуге жататын осындай өткізу бойынша шығыстар азайтыла отырып, тиісті салықтық кезеңде пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақша мөлшерінде бюджетке аударылады.
8. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде берген пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақшаны төлеуді жүзеге асырады. Мұндай төлеу осы Кодекстің 755-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы тиісті келісімде (келісімшартта) және (немесе) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген валютада жүзеге асырылады.
Заттай нысандағы салықтық міндеттеменің күнтізбелік жыл үшін мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
9. Төлеу (аудару) кезінде төлем құжаттарында мемлекет атынан алушының атауы мен сәйкестендіру нөмірі де көрсетіледі.
10. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемінің ақшалай мәнге аударылғандағы мөлшерінде айқындалады.
11. Жер қойнауын пайдаланушы үшін мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі салықтық кезең үшін берілуге жататын пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мен салықтық кезең үшін іс жүзінде берілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Пайдалы қазбалардың физикалық көлемі осы Кодекстің 755-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес айқындалған шартты бағалар қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
Осы Кодекстің 755-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта шартты бағаларды айқындау тәртібі болмаған жағдайда, мұндай шартты бағалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
12. Мемлекет атынан алушы үшін күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелетін, салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне алынған пайдалы қазбалардың есепті күнтізбелік жыл үшін өткізілуге жататын физикалық көлемі мен есепті күнтізбелік жылда іс жүзінде өткізілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мемлекет атынан алушы үшін есепті күнтізбелік жылға орташа өлшемді нақты баға, бірақ осы баптың 11-тармағында көзделген орташа өлшемді шартты бағадан төмен емес баға қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
819-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртiбi
1. Осы Кодекстің 748-бабының 2-тармағында және 772-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне пайдалы қазбаларды заттай нысанда Қазақстан Республикасына беруді жүргізуге міндетті.
2. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысанын ауыстыру уақытша, толық немесе iшiнара жүргізілуі мүмкін.
3. Осы Кодексте белгіленген, заттай нысанда төленетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының мөлшері осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде ақшалай мәнде есептелген осы салықтар мен төлемдердің сомасына барабар болуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне беретін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ мұндай пайдалы қазбаларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеуі көзделетін қосымша келісім жасалған кезде, онда:
1) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін мемлекет атынан алушы;
2) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін беру пункті, шарттары мен мерзімдері міндетті түрде көрсетіледі.
5. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды салық төлеушінің беру мерзімдері көрсетілген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді ақшалай нысанда төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының тиесілі сомасын көрсетілген салықтар мен төлемдерді төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдерінде ақшалай нысанда бюджетке аударады.
7. Мемлекет атынан алушы салық төлеушінің пайдалы қазбалардың тиiстi көлемін өзіне уақтылы және толық беруiн бақылауды өзі дербес жүзеге асырады.
Осы Кодексте белгіленген, салық төлеуші Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды өндіру салығы мен көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының бюджетке толық және уақтылы аударылуы үшін салық төлеуші пайдалы қазбалардың тиісті көлемдерін іс жүзінде тиеп жөнелткен күннен бастап мемлекет атынан алушы жауапты болады.
8. Салық төлеуші және мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының мөлшерлері мен оларды заттай нысанда төлеу (беру) мерзімдері туралы есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімдерде және уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша ұсынады.
20-БӨЛІМ. БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ
94-тарау. БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ
820-бап. Жалпы ережелер
1. Салық агенті тиісті декларацияда осы тараудың ережелеріне сәйкес немесе осы Кодекстің 6-бөлімінің ережелеріне сәйкес жұмыскерлердің төлем көзінен салық салуға жататын кірістеріне салық салудың бірыңғай тәртібін дербес айқындайды.
2. Жұмыскердің (бейрезидентті қоспағанда) төленген кірістері бойынша бірыңғай төлем құрамында жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауды таңдаған микро- және шағын, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар, егер олар:
осы Кодекстің 78 және 79-тарауларында көзделген арнаулы салық режимдерін қолданса;
ауыл шаруашылығы өнімдерін, аквашаруашылық (балық шаруашылығы) өнімдерін өндірумен, сондай-ақ өзі өндірген көрсетілген өнімдерді қайта өңдеумен және осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізумен айналысса;
осы Кодекстің 16-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығы кооперативтері болып табылса, осы тараудың мақсаттарында салық агенттері деп танылады.
3. Бірыңғай төлемге төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден төленуге жататын жеке табыс салығының сомалары, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес төленетін міндетті зейнетақы жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төленетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар енгізіледі.
4. Бастапқы немесе кезекті декларацияда жұмыскерлердің төлем көзінен салық салуға жататын кірістеріне салық салудың таңдалған тәртібі салықтық кезең ішінде өзгертілуге жатпайды.
821-бап. Бірыңғай төлем алу объектісі
Бейрезидент-жұмыскерді қоспағанда, жұмыскердің осы Кодекстің 420-бабында көзделген, осы Кодекстің 820-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға болып табылатын жұмыс беруші есептеген кірісі бірыңғай төлем алу объектісі болып табылады.
822-бап. Бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі және ондағы төлем көзінен салық салынатын кірістерден алынатын жеке табыс салығының үлесі
1. Салық салу объектісіне қолданылатын бірыңғай төлем мөлшерлемесі:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 24,8 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 25,8 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 26,3 пайызды құрайды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әлеуметтік төлемдерді (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) төлеуден босатылған жұмыскерлер үшін, сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 1-тармағының 1), 7), 8), 9), 11), 12) және 13) тармақшаларына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналарды мемлекет төлейтін жұмыскерлер үшін бірыңғай төлемнің мөлшерлемесі әлеуметтік төлемдердің (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда) тиісті үлесіне төмендетіледі.
2. Бірыңғай төлем төлеушінің жеке табыс салығының бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі үлесі:
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,3 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 7,0 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 6,9 пайызды құрайды.
823-бап. Бірыңғай төлемді есептеу, төлеу және ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсету тәртібі
1. Салық агенті бірыңғай төлемнің тиісті үлестерін есептеуді, ұстап қалуды және оны аударуды, сондай-ақ ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсетуді осы тарауда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
2. Салық агенті салық салу объектісін есепке жазу кезінде бірыңғай төлемді есептеуді жүргізеді.
3. Салық агенті бірыңғай төлемнің жеке табыс салығына, міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына тиесілі тиісті үлестерінің сомаларын ұстап қалуды төлем көзінен салық салуға жататын кіріс төленетін күннен кешіктірмей жүргізеді.
4. Салық агенттері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды өз қаражаты есебінен жұмыскерлердің пайдасына жүзеге асырады.
5. Салық агенті есепке жазылған кірістер бойынша бірыңғай төлемді екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына осындай бірыңғай төлем аударылатын айды көрсете отырып аударады.
6. Бірыңғай төлемді, бірыңғай төлем бойынша өсімпұлды төлеу, аудару және оларды жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда), өсімпұл түрінде бөлу, сондай-ақ оларды қайтару Ұлттық Банкпен, уәкілетті органмен, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Бірыңғай төлем сомалары осы Кодекстің 445-бабында көзделген декларацияларда көрсетіледі.
824-бап. Салықтық кезең
Күнтізбелік ай салық агенттерінің бірыңғай төлемді есептеуі үшін салықтық кезең болып табылады.
825-бап. Мемлекеттік корпорацияның бірыңғай төлем шеңберіндегі құзыреті
1. Бірыңғай төлем шеңберінде мемлекеттік корпорация мемлекеттік монополияға жататын мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) жеке сәйкестендіру нөмірі базасында бірыңғай төлем төлеушілерді дербестендіріп есепке алуды жүргізеді;
2) бірыңғай төлем төлеушілерді дербестендіріп есепке алуды жаңартып отырады;
3) бірыңғай төлемнің сомасын МӘСҚ-қа, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және салық агентінің тұрған жері бойынша тиісті бюджетке бөледі және аударады;
4) бірыңғай төлемнің қате (артық) төленген сомаларын Ұлттық Банкпен, уәкілетті органмен, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен қайтаруды жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік корпорация өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын орталық мемлекеттік органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын уәкілетті орган монополияға қарсы органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.