781-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
1) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілгендерді қоспағанда, пайдалы қазбалар:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың, минералды шикізаттың, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден ғана өткен минералды шикізаттың атауы | Мөлшерлемелер, пайызбен (%) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Қара, түсті металдар кенi | Хром кені (концентрат) | 21,06 |
| Марганец, темір-марганец кені (концентрат) | 3,25 |
| Темір кенi (концентрат) | 3,64 |
| 2. | Металдар | Мыс | 8,55 |
| Мырыш | 10,5 |
| Қорғасын | 10,4 |
| Платина, палладий | 6,5 |
| Алюминий | 0,38 |
| Қалайы | 3,9 |
| Никель | 7,8 |
| 3. | Құрамында металдар бар минералды шикізат | Ванадий | 5,2 |
| Хром, титан, магний, кобальт, вольфрам, висмут, сүрме, сынап, мышьяк жəне басқалар | 7,8 |
| 4. | Құрамында сирек кездесетін металдар бар минералды шикізат | Ниобий, лантан, церий, цирконий | 7,7 |
| Галлий | 1,0 |
| 5. | Құрамында шашыраңқы металдар бар минералды шикізат | Селен, теллур, молибден | 7,0 |
| Скандий, германий, рубидий, цезий, кадмий, индий, талий, гафний, рений, осмий | 6,0 |
| 6. | Құрамында радиоактивті металдар бар минералды шикізат | Радий, торий | 5,0 |
| 7. | Құрамында сирек металдар бар минералды шикізат | Литий, бериллий, тантал, стронций | 7,7 |
| 8. | Құрамында жерде сирек кездесетін металдар бар минералды шикізат | Празеодим, неодим, прометий, самарий, европий, гадолиний, тербий, диспрозий, гольмий, эрбий, тулий, иттербий, лютений, иттрий | 6,0 |
| Құрамында кендік емес пайдалы қатты қазбалар бар минералды шикізат |
| 9. | Жанатын, химиялық жəне агрономиялық минералды шикізат | Кокстелетін тас көмір, антрацит | 4,05 |
| Тас көмір (кокстелетін жəне антрациттен басқа), қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар | 2,7 |
| Фосфориттер | 4,0 |
| Бораттар, оның ішінде бор ангидриті | 3,5 |
| Калий жəне калий-магний тұздары | 6,0 |
| Барит | 4,5 |
| Тальк | 2,0 |
| Гипс | 5,6 |
| Күкірт | 6,0 |
| Флюориттер | 3,0 |
| Воластанит | 3,5 |
| Шунгит | 2,0 |
| Графит жəне басқалар | 3,5 |
| Жарқырауық тас шикізаты: |
| 10. | Құрамында қымбат бағалы тастар бар минералды шикізат | Алмас, лағыл, жақұт, зүбəржат, анар, александрит, қызыл (асыл) шпинель, эвклаз, топаз, аквамарин жəне басқалар | 12,0 |
| 11. | Құрамында өңделетін тастар бар минералды шикізат | Нефрит, яшма, жадеит, лазурит, радонит, малахит, авантюрин, агат, тау хрусталі, қызғылт кварц, бирюза, диоптаз, халцедон жəне басқалар | 3,5 |
| 12. | Құрамында техникалық тастар бар минералды шикізат | Техникалық алмастар, агат, корунд, циркон, яшма, серпентинит, асбест, слюда жəне басқалар | 2,0 |
| 13. | Өзгелері | Өзге де минералды шикізат жəне (немесе) пайдалы қазбалар Кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын өзге де кендік емес минералды шикізат | 4,7, бірақ көлем бірлігіне 0,02 айлық есептік көрсеткіштен кем емес |
2) уран (өнімдік ерітінділерден алынған, шахталық әдіс) жылдық өндіру көлеміне және табиғи уран концентратының (U3O8) бағасына қарай:
| Р/с № | Жылдық өндіру көлемі | Мөлшерлеме, пайызбен (%) |
| 1. | 500 тоннаны қоса алғанға дейін | 4 |
| 2. | 1 000 тоннаны қоса алғанға дейін | 6 |
| 3. | 2 000 тоннаны қоса алғанға дейін | 9 |
| 4. | 3 000 тоннаны қоса алғанға дейін | 12 |
| 5. | 4 000 тоннаны қоса алғанға дейін | 15 |
| 6. | 4 000 тоннадан астам | 18 |
Бұл ретте табиғи уран концентратының (U3O8) орташа өлшемді бағасы төмен белгіленген бағалардан асып кеткен жағдайда, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі мынадай мөлшерге ұлғаяды:
| Р/с № | Табиғи уран концентратының (U3O8) орташа өлшемді бағасы | Мөлшерлеме, пайызбен (%) |
| 1. | бір фунт үшін 70 доллардан жоғары | 0,5 |
| 2. | бір фунт үшін 80 доллардан жоғары | 1,0 |
| 3. | бір фунт үшін 90 доллардан жоғары | 1,5 |
| 4. | бір фунт үшін 100 доллардан жоғары | 2,0 |
| 5. | бір фунт үшін 110 доллардан жоғары | 2,5 |
3) бағасына қарай алтын:
| Р/с № | Алтынның орташа биржалық бағасы | Мөлшерлеме, пайызбен (%) |
| 1. | троя унциясы үшін 2 800 долларды қоса алғанға дейін | 7,5 |
| 2. | троя унциясы үшін 3 000 долларды қоса алғанға дейін | 8 |
| 3. | троя унциясы үшін 3 200 долларды қоса алғанға дейін | 8,5 |
| 4. | троя унциясы үшін 3 400 долларды қоса алғанға дейін | 9 |
| 5. | троя унциясы үшін 3 600 долларды қоса алғанға дейін | 9,5 |
| 6. | троя унциясы үшін 3 800 долларды қоса алғанға дейін | 10 |
| 7. | бір троя унция үшін 3 800 доллардан жоғары | 11 |
4) бағасына қарай күміс:
| Р/с № | Күмістің орташа биржалық бағасы | Мөлшерлеме, пайызбен (%) |
| 1. | троя унциясы үшін 28 долларды қоса алғанға дейін | 7,5 |
| 2. | троя унциясы үшін 30 долларды қоса алғанға дейін | 8 |
| 3. | троя унциясы үшін 32 долларды қоса алғанға дейін | 8,5 |
| 4. | троя унциясы үшін 34 долларды қоса алғанға дейін | 9 |
| 5. | троя унциясы үшін 36 долларды қоса алғанға дейін | 9,5 |
| 6. | троя унциясы үшін 38 долларды қоса алғанға дейін | 10 |
| 7. | бір троя унция үшін 38 доллардан жоғары | 11 |
Бұл ретте өндірілген тас көмірге (кокстелетіннен және антрациттен басқа), қоңыр көмірге, жанғыш тақтатастарға пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы бапта белгіленген мөлшерлемесіне мынадай жағдайларда:
1) табиғи монополия субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы осындай өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын беру, жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау, сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі қызметтерді ұсыну үшін пайдаланған;
2) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды осы баптың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қызметтерді көрсететін табиғи монополиялар субъектісіне өткізген;
3) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарына өткізген;
4) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға өткізген;
5) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды қайта өңдеген және (немесе) оларды өзінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдаланған;
6) энергия өндіруші ұйым болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес өз мұқтаждықтары және (немесе) өткізу үшін электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланған;
7) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы және жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес өз мұқтаждықтары және (немесе) өткізу үшін электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін энергия өндіруші ұйымға өткізген;
8) жер қойнауын пайдаланушы өндірілген тас көмірді, қоңыр көмірді, жанғыш тақтатастарды Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндіру кезінде оларды қайта өңдеуді және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдарға өткізген жағдайларда 0,01 коэффициенті қолданылады.
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кен орны бойынша баланстан тыс қорлардың құрамынан өндірілетін пайдалы қатты қазбалардың және минералды шикізаттың барлық түріне салынатын пайдалы қазбаларды өндіру салығы 0 пайыз мөлшерлеме бойынша төленеді.
Осы тараудың мақсаттарында баланстан тыс қорларға мыналар жатады:
KAZRC кодексі бойынша қорларды есепке алуға көшудің алдындағы күнгі жағдай бойынша Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның кен орны бойынша баланстан тыс қорлар етіп бекітуі негізінде осындай қорларға жатқызылған пайдалы қатты қазбалар мен минералды шикізат;
KAZRC кодексі бойынша қорларды есепке алуға көшкеннен кейін алынған жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар негізінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жүзеге асырылған жағдайда, баланстан тыс қорларға көлемдері болжанатын минералды ресурстар санатына енгізілген және тиісті салықтық кезеңде дәлелденген немесе ықтимал минералды қорлар болып табылмайтын, минералды шикізат құрамындағы пайдалы қатты қазбалар жатады.
Бұл ретте баланстан тыс қорлар құрамынан өндірілетін минералды шикізат және (немесе) пайдалы қатты қазбалар өткізілген жағдайда, пайдалы қазбаларды өндіру салығының 0 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемесі қолданылмайды.
2. Егер осы Кодекстің 753-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келетін кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділік деңгейі 5 және одан аз пайызды құраса, мұндай кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобында, кен орнының бір бөлігінде) өндірілген пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы Кодексте белгіленген мөлшерлемелерін қолдануға құқылы.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орнының тобы, кен орнының бір бөлігі) осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес айқындалған төмен рентабельділік өлшемшарттарына іс жүзінде сәйкес келмеген кезде жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемелер негізінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді осындай өлшемшарттар сақталмаған күнтізбелік жылдың әрбір тиісті салықтық кезеңі үшін жүргізеді және алынған мәндерді тиісті салықтық кезеңдер үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияларда көрсетеді.
Осы тармақтың ережелері жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу (жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшіру) не пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру (жер қойнауы учаскесін бөлу) үшін берілген жер қойнауы учаскелерін түрлендіру жүзеге асырылған кен орындарына да (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобына да, кен орнының бір бөлігіне де) қолданылады.
3. Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өнеркәсіптік өндіру басталған кезден бастап алпыс ай ішінде 0 пайыз мөлшерлеме бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде есептеледі:
1) кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобында, кен орнының бір бөлігінде) минералды шикізатты өнеркәсіптік өндіру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған талаптар сақталған кезде 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталды;
2) кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайыздан аспайды;
3) өзара байланысты тараптың пайдасына иеліктен шығаруды қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мөлшерлемесі қолданылған кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы осы тармақтың ережелерін қолдану кезеңі ішінде иеліктен шығаруға жатпайды.
Осы тармақтың мақсаттарында кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпке сәйкес айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында белгіленген шарттар сақталмаған кезде пайдалы қазбаларды өндіру салығы осы тармақтың ережелерін қолданудың бүкіл кезеңі үшін осы баптың 1 немесе 2-тармағына сәйкес белгіленген мөлшерлемелер бойынша төленеді.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген көрсеткішке жеткен кезде жер қойнауын пайдаланушы осындай өлшемшарттар сақталмаған күнтізбелік жылдың әрбір тиісті салықтық кезеңі үшін алынған мәндерді тиісті салықтық кезеңдер үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияларда көрсетеді.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелер қайта есептелгеннен соң кейінгі кезеңдерде рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайыздан төмен төмендеген жағдайда, салық төлеуші осы кейінгі кезеңдер үшін осы тармақтың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Осы тармақтың және осы Кодекстің 782-бабының мақсаттарында өнеркәсіптік өндіру деп пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезеңі түсініледі, оған көшуді жер қойнауын пайдаланушы уәкілетті органға аталған кезеңнің басталатын айы мен жылын көрсете отырып, осындай көшуге дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті хабарлама жолдау арқылы жариялайды.
Бұл ретте осы тармақта көзделген, пайдалы қазбаларды өндіру салығын 0 пайыз мөлшерлемемен есептеу өндіруге арналған келісімшарттан (өндіруге арналған лицензиядан) немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттан (өндіру кезеңінде) бөлінген кен орындары (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша қолданылмайды.
782-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы мөлшерлемесін қолдануға арналған ерекше ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өнеркәсіптік өндіру басталған күннен бастап алпыс ай ішінде 0 пайыз мөлшерлеме бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде есептеледі:
1) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша минералды шикізатты өнеркәсіптік өндіру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған талаптар сақталған кезде 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталды;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайызды және одан азды құрайды.
Рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобын, кен орнының бір бөлігін игеруге байланысты шығындар (шығыстар), оның ішінде геологиялық зерттеуге, барлауға, оларды өндіруге дайындық жұмыстарына және өзге де күрделі шығындар бойынша оларды жүзеге асыру басталғаннан бастап өсу қорытындысымен есептеледі;
3) пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы тармақта көрсетілген мөлшерлемесі қолданылған жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы өзара байланысты тараптың пайдасына иеліктен шығаруды қоспағанда, осы тармақтың ережелерін қолдану кезеңі ішінде иеліктен шығарылуға жатпайды.
2. Рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейін айқындау тәртібін, жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы бойынша қорларды бірлесіп игеру не кен орнының бір бөлігі бойынша қорларды бөлек игеру үшін тізбеге енгізу тәртібін, сондай-ақ осындай тізбені Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемесін қолдану мақсаттарында жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемесін қолдануы кезеңінде жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы бойынша қорларды бірлесіп игеруді не кен орнының бір бөлігі бойынша қорларды бөлек игеруді жүзеге асырған жағдайда пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемені есептеу үшін бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
783-бап. Жер қойнауын пайдаланушының техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдануына арналған ерекше ережелер
1. Техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу кезінде жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 781-бабында белгіленген мөлшерлемелерге 0,1 төмендету коэффициентін қолданады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу үшін жер қойнауын пайдаланушы өндірген өзге де пайдалы қатты қазбалардан бөлек техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар бойынша бөлек салықтық есепке алуды жүргізуге міндетті.
3. Техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалардың өткізілген көлемі техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар бойынша салық салу объектісі болып табылады.
4. Техногендік минералдық түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатында салықтық база осы Кодекстің 780-бабына сәйкес айқындалады.
784-бап. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбалар алынбай пайдаланылуға жататын техногендік минералдық түзілімдер бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін қолдануына арналған ерекше ережелер
1. Өзінің өндірістік мұқтаждықтары, жер қойнауын пайдалану салдарын жою және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, теміржолдарды, мемлекеттік гидротехникалық құрылысжайларды салу мен реконструкциялауда пайдалану үшін мердігерлер болып табылатын үшінші тұлғаларға өткізу үшін пайдалы қатты қазбалар алынбай пайдаланылған техногендік минералдық түзілімдер (аршылым, жанасқан таужыныстары, күл және күл шлактары) бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу кезінде осы Кодекстің 786-бабының 1-тармағына сәйкес метаморфтық жыныстар үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері қолданылады.
2. Өздерінің өндірістік мұқтаждықтары үшін өткізілетін немесе пайдаланылатын техногендік минералдық түзілімдердің физикалық көлемі пайдалы қатты қазбалар алынбай пайдалануға жататын техногендік минералдық түзілімдер бойынша салық салу объектісі болып табылады.
3-параграф. Кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты суларына және емдік
балшықтарға арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығы
785-бап. Салық салу объектісі
Жер қойнауын пайдаланушының салықтық кезеңде өндірген кең таралған пайдалы қазбалардың, жерасты сулары мен емдік балшықтардың физикалық көлемі салық салу объектісі болып табылады.
Салық салу объектісін айқындау мақсаттары үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын минералды шикізат қорларының есептік және жиынтық баланстарында пайдаланылатын өлшем бірліктері қолданылады.
Осы тараудың мақсаттары үшін өндірілген кең таралған пайдалы қазба мен емдік балшық көлемінің бірлігі бір текше метр немесе бір тонна болып танылады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы мынадай жағдайларда:
1) жер қабатының қысымын ұстап тұру үшін жерасты суларын, оның ішінде олардан өндірілген бу түрінде жер қойнауына кері айдау (техногендік суды сорып алу) кезінде;
2) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес көмірсутектермен ілеспе өндірілген және халық денсаулығы мен қоршаған ортаға қатер төндіретін жерасты суларын кәдеге жарату кезінде;
3) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру кезінде ілеспе өндірілген (ілеспе алынған, сорып алынған) жерасты суларын (шахталық, карьерлік, кеніштік) төгу кезінде төленбейді;
4) меншік құқығында, жер пайдалану құқығында және жерге өзге де құқықтарда өзіне тиесілі жер учаскесінде жерасты суларын өндіруді жүзеге асыратын жеке тұлға өндірілген жерасты сулары кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмаған жағдайда төлемейді;
5) өзiнiң шаруашылық мұқтаждықтары үшiн мемлекеттік мекемелер өндiретін жерасты сулары бойынша төленбейді.
786-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері
1. Кең таралған пайдалы қазбаларға және емдік балшықтарға арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген кең таралған пайдалы қазба мен емдік балшық көлемінің бірлігі үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Метаморфтық жыныстар, оның ішінде мәрмәр, кварцит, кварцтық-далалық шпат жыныстары | 0,02 |
| 2. | Магмалық тау жыныстары, оның ішінде гранит, сиенит, диорит, габбро, риолит (липарит), андезит, диабаз, базальт, вулкандық туфтар, шлактар, пемзалар, вулкандық шынылар және шыны тектес жыныстар (перлит, обсидиан) | 0,02 |
| 3. | Шөгінді тау жыныстары, оның ішінде жұмыртастар мен қиыршық тас, қиыршық тасты-құмды (құмды-қиыршық тасты) қоспа, құм және құмтастар, саз және сазды жыныстар (саздақ топырақ, алевролиттер, аргиллиттер, сазды тақта тастар), ас тұзы, гипстік жыныстар, мергельдер, әктастар, оның ішінде қабықшалар, борлы жыныстар, доломиттер, әктас-доломитті жыныстар, кремнийлі жыныстар (трепел, опока, диатомит), табиғи пигменттер, шымтезек | 0,015 |
| 4. | Емдік балшықтар | 0,02 |
2. Жерасты суларына арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген жерасты суының 1 текше метрі үшін тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Осы кестенің 2 - 5-жолдарында көрсетілген жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы өндірген жерасты суы | 0,003 |
| 2. | Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру және (немесе) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу үшін жер қойнауын пайдаланушы өндірген жерасты суы | 0,001 |
| 3. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол алкоголь өнімін, этил спиртін, құрамында спирті бар тамақ өнімдерін, алкогольсіз сусындарды және (немесе) тамақ өнімін (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді және (немесе) оны қайта өңдеуді қоспағанда) өндіру үшін пайдаланған минералды жерасты суы, шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суы | 0,250 |
| 4. | Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру және (немесе) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін табиғи монополия субъектісіне кейіннен өткізу кезінде тиісті есепті кезеңге сумен жабдықтауға арналған тарифте бекітілген нормаланатын ысыраптардың шегінен асып түсетін шаруашылық-ауыз суға арналған жерасты суының нақты ысыраптары | 0,005 |
| 5. | Осы кестенің 4-жолында көрсетілген жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы өндірген минералды жерасты суының, шаруашылық-ауыз суға арналған жерасты судың нақты ысыраптары | 1,000 |
3. Өндірілген жерасты суын бөлек есепке алу болмаған жағдайда, жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 2-тармағында белгіленген мөлшерлемелерін қолдану мақсатында мөлшерлеменің ең көп мөлшері қолданылады.
787-бап. Салықтық кезең
Күнтізбелік тоқсан пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық кезең болып табылады.
788-бап. Төлеу мерзімдері
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық төлеушi салықтың есептелген сомасын тұрған жерi бойынша бюджетке салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-інен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
Баланстан тыс қорлар құрамынан өндірілетін минералды шикізат және (немесе) пайдалы қазбалар өткізілген жағдайда, пайдалы қазбаларды өндіру салығы баланстан тыс пайдалы қазбалар құрамынан өндірілетін минералды шикізат және (немесе) пайдалы қазбалар өткізілген салықтық кезеңнен кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей, тұрған жері бойынша төленеді.
789-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 15-інен кешiктiрмей тапсырады.
90-тарау 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
90-тарау. КЕҢ ТАРАЛҒАН ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ҚОСПАҒАНДА, ПАЙДАЛЫ ҚАТТЫ ҚАЗБАЛАРҒА РОЯЛТИ
790-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің 791-бабының 1-тармағында белгіленген шарттарға сәйкес келетін пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия бойынша қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қатты қазбаларға роялти төлейді.
Роялти осындай лицензия алынған күннен бастап оның қолданылуы аяқталған күнге дейінгі кезеңде төленеді.
Пайдалы қатты қазбалар бойынша роялти осы тарауда белгіленген мөлшерлемелер бойынша және тәртіппен төленеді.
2. Жер қойнауын пайдаланушы роялтиді өндірілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбаларды, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерін өткізу кезінде, сондай-ақ осы Кодекстің 791-бабының 1-тармағында көрсетілген пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия шеңберінде қызметті жүзеге асыру кезінде пайда болған техногендік минералды түзілімдер (техногендік минералды түзілімдерден алынған пайдалы қатты қазбалар) өткізілген жағдайда төлейді.
3. Өткізілген минералды шикізат пен пайдалы қатты қазбалардың, оның ішінде қайта өңдеуден өткендерінің көлемі, сондай-ақ өткізілетін минералды шикізаттағы пайдалы қатты қазбалардың құрамы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аккредиттелген зертханалардың деректері негізінде расталады.