Аудиторлық қызметті лицензиялаудың тәртібін бекіту туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 1999 ж. 29 маусымдағы N 878 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 19.10.99 ж. N 1570; 18.04.01 ж. N 505; 19.01.04 ж. N 51
қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2004 ж. 14 қыркүйектегі N 958 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен кіріспе өзгертілді
"Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі Заңына және "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 20 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Аудиторлық қызметті лицензиялаудың тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі аудиттің стандарттарын және аудиторлыққа кандидаттарды аттестациялауға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1995 жылғы 17 сәуірдегі N 2201 қаулысын іске асыру туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 41, 515-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
аталған қаулыға 1-қосымшадағы реттік нөмірі 31-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Қазақстан Республикасының Аудиторлық қызмет
Қаржы министрлігі (банктік қызметтің
аудитінен басқа)"
4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Аудиторлық қызметті лицензиялау туралы ереже мен біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 27 ақпандағы N 274 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 9,65-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп және аудит методологиясы департаменті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 27 маусымдағы N 1026 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 29, 259-құжат);
5. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1999 жылғы 29 маусымдағы
N 878 қаулысымен
бекітілген
Аудиторлық қызметті лицензиялаудың тәртібі
Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп лицензия берудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ аудиторлық қызметті лицензиялауға ұсынылатын біліктілік талаптарын белгілейді.
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Тәртіп банктік және сақтандыру қызметінің аудитін лицензиялауға қолданылмайды.
3. Осы Тәртіпте белгіленген аудиторлық қызметті лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптарына жауап беретін аудиторлар мен аудиторлық ұйымдарға (бұдан әрі - Лицензиат) аудиторлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі - Лицензиар) береді.
4. Шетелдік аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметті жүзеге асыруына арналған лицензия, тиісті аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылуы шартымен, Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына сияқты негіздерде беріледі.
5. Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия негізгісі болып табылады және Лицензиатқа Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысанда мерзімі шектелместен беріледі.
6. Лицензия бланкілерінің ұсынушыға арналған бағалы қағаз деңгейінде қорғау дәрежесі, сондай-ақ есепке алу сериясы мен нөмірі болады және қатаң есептіліктегі құжат болып табылады. Лицензияның бланкілерін сатып алуды, есебін жүргізуді және сақтауды Лицензиар жүзеге асырады.
7. Лицензияға уәкілетті тұлға қол қояды және Лицензиардың мөрімен расталады. Лицензияны басқа заңды немесе жеке тұлғаға беруге тыйым салынады.
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда
8. Аудиторлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және жалғыз данада беріледі. Лицензия жоғалған жағдайда, Лицензиаттың телнұсқа алуға құқығы бар. Лицензиар он күн ішінде Лицензиаттың жазбаша өтініші бойынша лицензияның телнұсқасын беруді жүргізеді. Бұл ретте Лицензиат қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін алым төлейді.
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 9-тармақ өзгертілді
9. Заңды тұлға таратылған, қайта ұйымдастырылған, жеке тұлға кәсіпкерлік қызметті тоқтатқан лицензия қайтарып алынған кезде берілген лицензия өзінің қолданылуын тоқтатады және қайтаруға жатады.
Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, ол бір ай мерзімде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, бұл туралы Лицензиарға хабарлауға міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтінішті берген күнінен бастап он күн ішінде Лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.
Лицензия қайта ресімделген және көрсетілген құжат берілген кезде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде алым төленеді.
10. Лицензиаттар мен оларға берілген лицензиялар туралы мәліметтерді Лицензиар аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың арнайы тізілімінде көрсетеді.
11. Лицензияны беру, қайтарып алу, оның қолданылуын тоқтата тұру және жаңарту туралы мәліметті Лицензиар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
12. Лицензиар Лицензиаттың осы Тәртіпті сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
13. Лицензиардың лауазымды тұлғалары, Лицензиат осы Тәртіпті және лицензиялық қызметтің белгіленген тәртібін бұзғаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
14. Лицензиат Лицензиардың лицензияны беруден бас тарту, қайтарып алу және қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімдері мен іс-әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
Лицензияны берудің шарттары мен тәртібі
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 15-тармақ өзгертілді
15. Лицензия алу үшін Лицензиарға мынадай құжаттар:
1) аудитор:
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша өтініш;
қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығына арналған лицензиялық алымды төлегендігін растайтын құжат;
аудитордың біліктілік куәлігі мен еңбек кітапшасының (еңбек келісімінің) нотариалдық расталған көшірмесі;
2) аудиторлық ұйым (осы тармақтың 1-тармақшасының төртінші абзацын қоспағанда, жоғарыда санамаланғандарға қосымша):
заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нотариалдық расталған көшірмесі және статистикалық карточкасы;
құрылтай құжаттарының нотариалдық расталған көшірмелері;
аудиторлық ұйымның басшысы мен аттестацияланған аудиторлар туралы мәліметтер (біліктілік куәліктерінің нотариалдық расталған көшірмелерін қоса алғанда, тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып) ұсынылады.
Лицензия алу үшін ұсынылған барлық құжаттарды Лицензиар тіркейді.
16. Лицензиат Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен лицензия алу үшін ұсынылған құжаттарда қамтылған мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығы үшін жауаптылықта болады.
Лицензиардың ұсынылған құжаттарда қамтылған жазбалар мен мәліметтерді нақтылауға құқығы бар.
17. Лицензиар лицензия беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін өтінішпен бірге ұсынылған материалдарды олардың толықтығы мен дұрыстығын, Лицензиаттың берілген біліктілік талаптарға сәйкестігін бағалай отырып қарайды.
18. Лицензиатқа мынадай негіздер:
1) субъектілердің осы санаты үшін аудиторлық қызметті жүзеге асыруға заң актілерімен тыйым салынуы;
2) осы Тәртіптің 15-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар тапсырылмауы. Өтініш беруші аталған кедергілерді жойған кезде, өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеуі;
4) өтініш берушінің осы Тәртіпте белгіленген біліктілік талаптарына жауап бермеуі;
5) өтініш берушіге қатысты соттың оған қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салатын шешімі бойынша лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.
19. Лицензия барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш алынған күннен бастап отыз күннен кешіктірілмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - 10 күндік мерзімнен кешіктірілмей беріледі. Лицензиар лицензияны беруден бас тарту туралы хабарламаны бас тартудың себептерін көрсете отырып, жазбаша нысанда лицензия беруге арналған мерзімдерде ұсынады.
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 20-тармақ жаңа редакцияда
20. Лицензиар тоқтата тұрудың себебін көрсете отырып, лицензияның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
Шағын кәсіпкерлік субъектісі лицензиясының қолданылуын тоқтата тұруды Лицензиардың, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өтініші бойынша сот жүргізеді.
Шағын кәсіпкерлік субъектісі лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы өтінішті уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде белгіленген тәртіппен және негіздерде сотқа жібереді.
Шағын кәсіпкерлік субъектісі лицензиясының қолданылуын Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ерекше жағдайларда, көрсетілген мерзімде сотқа талап арызын міндетті түрде ұсына отырып, соттың шешімінсіз 3 күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұруға жол беріледі. Бұл ретте тоқтата тұру туралы кесім соттың шешімі шыққанға дейін қолданылады.
21. Лицензиар тоқтата тұру, қайта жаңарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш күндік мерзімде ол туралы Лицензиатқа және салық қызметі органына жазбаша нысанда хабарлайды.
Лицензияның қолданылуы Лицензиат аталған хабарламаны алған күннен бастап тоқтатылады, қайта жаңартылады.
Ол бойынша Лицензияның қолданылуы тоқтатылған себептер жойылғаннан кейін лицензия қайта жаңартылады.
22. Лицензия:
1) Сот Лицензиатқа аудиторлық қызметпен айналысуға тыйым салған;
2) Ол бойынша Лицензиар лицензияның қолданылуын тоқтатқан себептер жойылмаған жағдайларда, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен Лицензиаттан қайтарылып алынуы мүмкін.
23. Заңды тұлғаны қайта тіркеген, Жарғысы, мекен-жайы, банктік деректемелері өзгерген, басшысы, құрылтайшылары ауысқан кезде, Лицензиат аталған мәліметтерді куәландыратын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, Лицензиарға ол туралы бір ай мерзім ішінде жазбаша түрде хабарлауға міндетті.
Аудиторлық қызметті лицензиялауға
біліктілік талаптары
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505; 19.01.04 ж. N 51 қаулыларымен 24-тармақ өзгертілді
24. Аудитор мен аудиторлық ұйымның басшысы аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін мынадай талаптарға жауап беруі:
1)
2) экономика, қаржы, есептік-талдау, бақылау-тексеру немесе құқық салаларында соңғы жеті жылдың бес жылы ішінде немесе жоғары оқу орындарындағы бухгалтерлік есеп және аудит бойынша көрсетілген салаларда соңғы бес жылдың кемінде екі жыл практикалық жұмыс өтілі болған кезде, ғылыми-оқытушылық қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы;
3) Аудитордың Қазақстан Республикасының аудиторларын аттестациялау жөніндегі Біліктілік комиссиясы берген біліктілік куәлігі болуы тиіс.
ҚР Үкіметінің 19.10.99 ж. N 1570 қаулысымен 25-тармақ алып тасталды; ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен 25-тармақпен толықтырылды
25. Лицензия алу үшін аудиторлық ұйым мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
1) аудиторлық ұйымдағы аудиторлардың саны кемінде екі адамды құрауы тиіс;
2) аудиторлық ұйымның жарғылық капиталындағы аудиторларға және (немесе) аудиторлық ұйымдарға тиесілі үлес кемінде 51 пайызды құрауы тиіс;
3) аудиторлық ұйымның басшысында міндетті түрде Қазақстан Республикасы аудиторының біліктілік куәлігі болуы тиіс.
ҚР Үкіметінің 18.04.01 ж. N 505 қаулысымен Жаңа бөліммен толықтырылды
Тараптардың жауапкершілігі
26. Бюджетке төленген алым сомасының дұрыстығы, толықтығы және уақытылығы үшін жауапкершілік Лицензиатқа жүктеледі.
27. Тиісті лицензиясыз не лицензиялық нормаларды және ережелерді бұза отырып, аудиторлық қызметпен айналысу заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.