36-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
7-тарау. Дауыс беру тәртiбi
37-бап. Сайлау бюллетенi
1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткiзудiң тәртiбiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Сайлау бюллетеньдерi қазақ тiлiнде және орыс тiлiнде не округтiң аумағында жинақы тұратын көпшiлiк халықтың тiлiнде басылады.
3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлауға жетi күн қалғанға дейiн жеткiзiледi.
4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде учаскелiк сайлау комиссияларына тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлауға үш күн қалғанда сайлау бюллетеньдерiн жеткiзiп бередi.
5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтiлiп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады.
37-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
38-бап. Дауыс беру уақыты мен орны
1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау жөнiндегi дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi дауыс беру күнiне кем дегенде жетi күн қалғанда қабылданып, сайлаушыларға хабарлануға тиiс.
2. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды хабардар етуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауды өткiзгенде үш күннен кешiктiрмей бекiтедi.
4. Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.
39-бап. Дауыс беруге арналған үй-жай
1. Президенттi, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дауыс беру арнайы бөлiнген бөлмелерде өткiзiлуге тиiс, оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар немесе бөлмелер арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс. Бұл ретте бақылаушылар мен комиссия мүшелерiнiң сайлау жәшiктерiн бақылауына жағдай жасалуға тиiс.
2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.
3. Дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi.
39-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
40-бап. Дауыс берудi ашу
1. Президенттi, Мәжiлiстiң, мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастауға тиiс.
2. Сенат депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.
3. Дауыс беруге арналған учаскелер мен пункттердi ашқан кезде кандидаттың сенiм бiлдiрген адамының, жеке басының куәлiгi мен редакцияның тапсырмасы болса, әрбiр бұқаралық ақпарат құралынан бiр-бiр өкiл-журналистiң, сондай-ақ Республиканың қоғамдық бiрлестiктерiнен бiр-бiр байқаушының және тиiстi сайлау комиссиялары жанында тiркелген шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуына болады. Өкiлдер мен байқаушылардың өкiлеттiктерi Орталық сайлау комиссиялары белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Өкiлдер мен байқаушылардың сайлау комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.
4. Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы;
1) комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;
2) комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.
41-бап. Дауыс берудi ұйымдастыру
1. Әрбiр сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс бередi.
2. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.
3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға (таңдаушыларға) сайлаушылар тiзiмдерi (таңдаушылар тiзiмдерi) негiзiнде сайлаушының (таңдаушының) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.
4. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмге бюллетеньдердi алғандығы туралы қол қояды.
5. Комиссияның бюллетеньдi (бюллетеньдердi) берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi (бюллетеньдердi) алған сайлаушының (таңдаушының) тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.
6. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына және басқа себептерге байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда учаскелiк сайлау комиссиясы олардың өтiнiшi бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiне барып дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс. Сайлаушы дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн туғызу жөнiндегi ауызша өтiнiшiн оған учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi келген бойда жазбаша түрде бекiтуге тиiс. Дауыс берудi, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде өткiзген кезде осы Конституциялық заңда аталған өкiлдер мен байқаушылар қатысуға хақылы.
7. Сайлаушылар тiзiмдерiн жалпы жұртқа таныстыру үшiн ұсыну мен сайлау күнi арасындағы кезеңде сайлаушы өзiнiң барған жерiн өзгерткен жағдайда учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтiнiшi бойынша және оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi арқылы сайлаушыға дауыс беру құқығы куәлiгiн бередi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiмiне тиiстi белгi қойылады. Учаскелiк сайлау комиссиясы сайлау күнi дауыс беру құқығы куәлiгiн көрсеткеннен кейiн сайлаушыны ол келген жердегi сайлау учаскесiндегi сайлаушылардың қосымша тiзiмiне енгiзедi.
8. Егер Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын сайлаудан әрi кеткенде жетi күнге жетпей, не жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дейiн кемiнде үш күн қалғанда сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайға бару мүмкiндiгi болмайтын сайлаушыға белгiлi болған жағдайда, ол учаскелiк сайлау комиссиясынан дауыс беруге арналған бюллетеньдердi алдын ала алуға хақылы. Сайлаушы бюллетеньдердi алған кезде тiзiмге қол қояды. Сайлаушы бюллетеньдердi толтырғаннан кейiн оларды конвертке салады, бұл конверт желiмделiп, мөр басылады немесе оған сайлау комиссиясының мүшелерi қол қойып растайды, сөйтiп ол комиссияға берiледi. Мөр басылған конверт учаскелiк сайлау комиссиясында дауыс беретiн күнге дейiн сақталуға тиiс және дауыс беру күнi жалпы дауыс беру басталар алдында комиссияның төрағасы оның басқа мүшелерiнiң қатысуымен дауыс беруге арналған жәшiкке салуға тиiс. Бұл ретте конверттiң бүтiндiгi, мөрдiң немесе қойылған қолдың, сондай-ақ сайлаушылар тiзiмiндегi белгiге конверттер санының сәйкес келуi тексерiледi.
9. Дауыс берудi осы баптың 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес ұйымдастырып, өткiзу азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу, дауыс беру құпиясын бұзу немесе сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалау мүмкiндiгiн болдырмауға тиiс.
41-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
42-бап. Дауыс берудi өткiзу
1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда немесе бөлмелерде толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:
1) сайлау комиссиясының мүшесi;
2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
5) тиiстi сайлау комиссиясы жанында тiркелген Республиканың қоғамдық бiрлестiктерiнен келген байқаушы, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның байқаушысы.
2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының не "Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беремiн" деген жолдың оң жағында орналасқан шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
3. Сайлаушы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшелерiн сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының не "Барлық кандидаттарға қарсы дауыс беремiн" деген жолдың оң жағында орналасқан шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. Әр учаскеде, пунктте дауыс берудi өткiзген кезде дауысқа түсетiн әрбiр кандидаттан бiр сенiм бiлдiрiлген адамның, жеке басының куәлiгi мен редакцияның тапсырмасы болса, әрбiр бұқаралық ақпарат құралынан бiр-бiр өкiл-журналистiң, сондай-ақ Республиканың тиiстi сайлау комиссиялары жанында тiркелген қоғамдық бiрлестiктерден бiр-бiр байқаушының және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуына болады. Өкiлдер мен байқаушылардың өкiлеттiктерi Орталық сайлау комиссиялары белгiлеген тәртiппен куәландырылады. Бұл ретте өкiлдер мен байқаушылардың сайлау комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.
42-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.11.1998 N 285
Заңымен.
8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау
43-бап. Сайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi)
дауыстарды санау
1. Президенттi, Парламент мәжiлiсi мен мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Бұл ретте дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.
2. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.
3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.
Жәшiктердi ашу, дауыстарды санау кезiнде дауысқа түскен әр кандидаттан бiр сенiм бiлдiрiлген адам, куәлiгi және редакцияның тапсырмасы болса, әрбiр бұқаралық ақпарат құралынан бiр-бiрден өкiл-журналист, сондай-ақ Республиканың тиiстi сайлау комиссиясы жанында тiркелген қоғамдық бiрлестiктерiнен бiр-бiрден байқаушы, шет мемлекеттердiң және халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады. Өкiлдер мен байқаушылар сайлау комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.
4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған бюллетеньдердiң бәрi саналып, оларды тиiстi сайлау комиссиясы есептен шығарады. Сайлау комиссиясы:
1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;
3) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
4) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстардың саны;
5) жарамсыз деп танылған бюллетеньдер санын;
6) сайлаушылар барлық кандидаттарға, саяси партияларға қарсы дауыс берген бюллетеньдердiң саны.
5. Мынадай бюллетеньдер:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;
4) сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
6.
7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кем дегенде үштен екi даусымен қабылданады.
8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
. 43-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.
3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:
1) Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап он күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Хабарда мыналар көрсетiледi: сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзiлген азаматтардың жалпы саны; дауыс беруге қатысқан сайлаушылар (таңдаушылар) саны; әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн жақтап берiлген дауыс саны; жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны; сайлаушылар барлық кандидаттарға, саяси партияларға қарсы дауыс берген бюллетеньдер саны; сайланған Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға немесе өзге қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығы, ұлты туралы мәлiметтер.
44-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын
және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары
мүшелерiн тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.
45-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының
және жергiлiктi өзi-өзi басқару органдары
мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне - олардың әрқайсысына жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшесiнiң Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны
барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттарын сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
Президенттiкке, партиялық тiзiм бойынша дауысқа түскен кандидаттарды қоспағанда, Парламент депутаттығына, сондай-ақ мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау өткiзуге бөлiнген республикалық бюджет қаражатынан осы кезеңге орташа жалақысы мөлшерiнде шығындарының орны толтырылады.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелiгiне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.
3. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн тұтқынға алуға, ерiксiз әкелуге, оларға сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, сондай-ақ оларды тиiсiнше Орталық сайлау комиссиясының, тиiстi аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз тiкелей қылмыс үстiнде ұсталғаннан және ауыр қылмыс жасағаннан басқа реттерде ұстауға болмайды.
. 47-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан
Республикасының 06.05.1999 N 375 Заңымен.
48-бап. Мемлекеттiк органдардың сайлау бостандығын
қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi
1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.
2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:
1) дауыс берудi өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;
3) дауыс беретiн күнi сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен
iс-әрекеттерге шағым беру мерзiмдерi
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткiзуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беруден бес күн бұрын және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
. 49-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
50-бап. Сайлау туралы заңдарды бұзғаны үшiн
жауаптылық
1. Республика азаматының өз сайлау құқығын, еркiн жүзеге асыруға, сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге күштеу, алдау, қоқан-лоққы жасау, сатып алу жолымен немесе өзге әдiспен кедергi жасайтын, кандидаттар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер тарататын не олардың абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасайтын адамдар, сондай-ақ сайлау күнi және соның қарсаңындағы күнi үгiт жүргiзген, сайлау комиссиясының жұмысына араласқан және дауыс беруге, кандидатты , партиялық тiзiмдi тiркеуге, дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi жасаған, кандидаттардың сенiм бiлдiрген адамдарының, сайлаудағы өкiлдер мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi жасаған адамдар заңда белгiленген тәртiппен жауапты болады.
2. Сайлау құжаттарын қолдан жасаған, дауыстарды көрiнеу қате санаған, дауыс беру құпиясын бұзған немесе осы Конституциялық заңды өзге де бұзуға жол берген сайлау комиссиясының мүшелерi, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының лауазымды адамдары мен қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi жауапқа тартылады.
3. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заң талаптарын бұзған жағдайда оларға жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
. 50-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
II. ЕРЕКШЕ БӨЛIМ
10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң
сайлауы
51-бап. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы
Президенттiң кезектi сайлауы жетi жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
. 51-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.11.1998 N 285
Заңымен.
52-бап.
. 52-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 06.11.1998
N 285 Заңымен.
53-бап. Республика Президентi сайлауын хабарлау
және тағайындау
1. Президенттiң кезектi сайлауын Парламент Мәжiлiсi тамыздың бiрiншi жексенбiсiнен кешiктiрмей тағайындайды.
2.
3. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды.
. 53-баптың 2-тармағы алып тасталды - Қазақстан Республикасының
06.11.1998 N 285 Заңымен.
54-бап. Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын
талаптар
1. Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ қандай да бiр дiн қызметшiсi болмауға және Конституцияның 33-бабындағы 2-тармаққа, осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығы болуға тиiс.
2. Президенттiкке кандидатқа Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестiгiн азаматтың өзiн-өзi ұсыну туралы өтiнiшi немесе республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзiндiсiн кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен қоса тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Бұл ретте кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн игергенiн белгiлеу рәсiмi Республиканың Конституциялық Кеңесiнiң Конституцияның 41-бабындағы 2-тармақтың ресми түсiнiктемесi туралы актiсiне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.
3. Осы баптың талаптарын бұзу Президент сайлауын жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
. 54-бап өзгертiлдi - Қазақстан Республикасының 08.05.1998
N 222 Заңымен.
. 54-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
55-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну
1. Президенттiкке кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық, қоғамдық бiрлестiктерде, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен - азаматтарда болады.
2. Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлауға дейiн үш ай бұрын басталып, екi ай қалғанда аяқталады.
3. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк Президенттiкке бiр ғана кандидат ұсынуға хақылы. Президенттiкке кандидат ұсыну туралы шешiм республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады да хаттамадан үзiндi жасалады. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi қабылданған күннен бастап үш күн iшiнде: