2. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы жиырма бес проценттен аспауға тиiс.
3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.
4. Парламент Мәжiлiсiнiң және мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар сақталып, бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады.
5. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.
Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375 Заңымен 21-бап өзгердi
22-бап. Сайлау округтерiн құру және
олардың шекараларын қайта қарау
1. Сайлау округтерiн тиiсiнше Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн, олардың шекараларын және округтiк сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тиiстi сайлау комиссиялары тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3. Сайлау округтерiнiң тiзiмiне өзгерiстер енгiзудi, олардың шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн анықтауды тиiстi сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
23-бап. Сайлау учаскелерiн құру
1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.
2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:
1) әрбiр сайлау учаскесiнде сайлаушылардың үш мыңнан аспауы;
2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы;
3) сайлау округтерiнiң шекараларымен сайлау учаскелерi шекараларының қиылысып кетуiне жол берiлмеуi ескерiле отырып құрылады.
3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады.
Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы астаналық сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.
4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Тиiстi әкiмдер учаскелердi құрған кезден бастап жетi күн мерзiм iшiнде, ал жергiлiктi өзiн өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.
23-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi
24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi
және оларды жасау тәртiбi
1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.
2. Сайлаушылар тiзiмiн учаскелiк сайлау комиссиялары әрбiр сайлау учаскесi бойынша жасап, оған учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды.
3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұру фактiсi негiз болады.
4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауы әрi оның тұрғылықты мекен-жайын қамтиды.
5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмi жергiлiктi атқарушы органдар сайлау тағайындалғаннан немесе жария етiлгеннен кейiн он күннен кешiктiрмей сайлау комиссиясына беретiн сайлаушылар туралы деректер негiзiнде жасалады. Тiзiмдердi жергiлiктi атқарушы органның осыған арнайы уәкiлдiк берiлген лауазымды адамы тоқсан сайын салыстырып отырады.
6. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.
8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.
9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.
10. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне дауыс санау басталғаннан кейiн өзгерiстер енгiзуге тыйым салынады.
25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне
енгiзу
1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:
1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2) тұрғылықты жерi бойынша тiзiмдердi жасаған кезде тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын азаматтар;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторы мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шетелдерде жеке шақыру бойынша қызметтiк, iскерлiк және туристiк сапарларда жүрген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссияларына өтiнiш айтқан әрi Республика азаматының жарамды шетелдiк паспорты болған жағдайда сайлаушылардың қосымша тiзiмiне енгiзiледi.
2. Таңдаушылар тiзiмiне:
1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;
2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.
3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.
26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен
таныстыру
1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiнде сайлаушылар тiзiмдерi жалпы жұрттың танысуына дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, Республикаға қарайтын әскер бөлiмдерiнде, дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанында құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс беруге бес күн қалғанда; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау өткiзген кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда ұсынылады.
2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.
3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
4. Тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн әрбiр азаматқа (таңдаушыға) шағымдану құқығы берiледi. Тiзiмдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарда тиiстi сайлау комиссиясы үш күн мерзiмнен кешiктiрмей, ал дауыс беру қарсаңында және дауыс беретiн күнi дереу қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - үш күн iшiнде, ал сайлау қарсаңында және сайлау күнi дереу қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны қосымша тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген күннен басталып, сайлау қарсаңындағы күнi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
2. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, жария түрдегi сайлау алдындағы пiкiр таластары мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және өзге де сайлау алдындағы шараларды) жария түрде өткiзу, кандидаттардың, олардың сенiм бiлдiрген адамдарының және ынталы топтар мүшелерiнiң сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерiн өткiзу жолымен;
3) баспа, дыбысты-көрiнiстi және өзге үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
3. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге, кез-келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға:
1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызмет бабындағы мiндеттерiн атқару кезiнде олардың лауазымды адамдарына;
2) әскер бөлiмдерiне, әскери мекемелер мен ұйымдарға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне тыйым салынады.
4. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының лауазымды адамдарының бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлауды жария етуге қатысу құқығы жоқ.
5. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа, соның iшiнде көркемдеушi материалдарды, сондай-ақ омырау белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды және басқа белгiлер мен нысаналарды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiктi жағдайлармен тауарлар, бағалы қағаздар берiп, қызмет көрсету, ақша қаражатын төлеу не оны беруге уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге тыйым салынады.
27-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет белсендi сайлау құқығы бар азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге белгiлi бiр кандидатты жақтап және оған қарсы кедергiсiз үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
2. Кандидаттардың тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген кезден бастап үгiт науқаны аяқталғанға дейiн өзiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеп, насихаттауға құқығы бар.
3. Мемлекет кандидаттарға мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарында өз бағдарламаларын жариялау мүмкiндiгiне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың басқа кандидаттармен бiрдей жағдайда мемлекеттiк теледидар арқылы бiр мәрте он бес минуттық сөз сөйлеуге, мемлекеттiк радио арқылы бiр мәрте он минуттық сөз сөйлеуге, сондай-ақ мемлекеттiк баспасөз органдарында Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясы белгiлейтiн көлемде екi мақала жариялауға құқығы бар. Сөздердiң сипаты мен түрiн кандидаттардың өздерi айқындайды. Кандидаттардың сөзiн бөлуге, сондай-ақ оған қандай да бiр түсiнiктеме беруге тыйым салынады.
4. Тиiстi сайлау комиссиялары жария түрдегi сайлау алдындағы шараларды өткiзу үшiн партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға тең мөлшерде ақша қаражатын бөледi. Мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жария түрдегi сайлау алдындағы шараларды ұйымдастырып өткiзу үшiн партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiндерден басқа кандидаттарға көмек көрсетуге мiндеттi. Жергiлiктi атқарушы органдар оларды өткiзуге арналған үй-жайларды бөлу және басқа да жағдайлар жасау туралы өтiнiштердi олар берiлген күннен бастап үш күн мерзiмде қарайды және тиiстi сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен қанағаттандырады. Бұл орайда бұқаралық шаралар өткiзуге жарамды және республикалық немесе коммуналдық меншiктегi, мемлекеттiк ұйымдардың меншiгiндегi үй-жайлар мен өзге де материалдық объектiлер кандидаттарға сайлау комиссиясы белгiлеген уақытқа тегiн берiледi.
5. Тиiстi сайлау комиссиялары партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де баспа үгiт материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша қаражатын бөледi. Барлық баспа үгiт материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған орын мен таралымы, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс. Дерексiз үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады. Баспа үгiт материалдарын кез келген үй-жайға, кез келген үйге, ғимаратқа және өзге объектiге аталған объектiнiң меншiк иесiнiң немесе иесiнiң келiсiмiмен iлiп қоюға болады. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткiш тұғырларға тарихи, мәдени және сәулеттiк құндылығы бар үй-жайлар мен ғимараттарға, сондай-ақ сайлау комиссиясының үйi мен дауыс беруге арналған үйге iлiп қоюға тыйым салынады.
6. Президенттiкке, Парламент Мәжiлiсi депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге, жария түрдегi сайлау алдындағы шараларды өткiзуге, қосымша үгiт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығындарының орнын толтыруға хақылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге де ақша қаражатын тартуға, үгiт жұмысын ұйымдастыру жөнiнде заңды және жеке тұлғалардың кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген кез келген қызметiн қабылдауға, аталған заңды тұлғаларға осы қызметтi көрсеткенi үшiн кандидат тарапынан кез келген жәрдем көрсетуге тыйым салынады.
7. Республиканың жоғары мемлекеттiк органдарының мемлекеттiк баспа басылымдары, сондай-ақ мәслихаттар мен жергiлiктi атқарушы органдардың басылымдары сайлау комиссияларының хабарларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiп пен көлемде жариялауға мiндеттi.
28-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
29-бап. Кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасы
1. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат өзiнiң болашақ қызметiнiң бағдарламасын баяндайды. Кандидаттың бағдарламасы Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылық, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру идеяларын уағыздамауға тиiс.
2. Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден бас тартуға, ал кандидат мұндай бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда тiркеудiң күшiн жоюға хақылы.
30-бап. Бастамашыл топтар
1. Азаматтардың бастамашыл топтарын кандидаттардың өздерi құрады және олар тиiстi сайлау комиссияларында тiркеледi.
2. Кандидат бастамашыл топ пен оның санын дербес белгiлейдi.
3. Тиiстi сайлау комиссиясы тiркеген бастамашыл топ мүшелерiне куәлiктер берiледi.
4. Бастамашыл топты тiркеуден бас тартқан жағдайда сотқа шағымдануға болады.
5. Бастамашыл топтар:
1) Президенттiкке, Парламент Сенатының депутаттығына ұсынылған кандидаттарды қолдайтын сайлаушылардың қолдарын жинау;
2) белгiлi бiр кандидатураны қолдап немесе оған қарсы үгiт науқанын жүргiзу үшiн құрылады.
6. Бастамашыл топтардың мүшелерi сайлау науқаны аяқталысымен немесе өздерiнiң бастамасымен не кандидаттың шешiмi бойынша өз мәртебелерiнен айырылады.
31-бап. Кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары
1. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарының болуына хақылы, олар сайлау науқанын жүргiзуге көмектеседi, сайлау алдындағы үгiттi жүргiзедi, мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, сайлау комиссияларымен қатынастарда кандидаттардың мүдделерiн бiлдiредi.
2. Кандидаттар сенiм бiлдiрген адамдарын өздерiнiң қалаулары бойынша белгiлейдi және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
3. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiктер бередi.
4. Сенiм бiлдiрiлген адам қандай да бiр сайлау комиссиясына мүше бола алмайды.
5. Сенiм бiлдiрiлген адамдар өздерiне кандидат берген өкiлеттiк шегiнде жұмыс iстейдi.
6. Сенiм білдiрiлген адам сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн немесе өз бастамасы бойынша не кандидаттың шешiмiмен өз мәртебесiнен айырылады.
32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату
1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.
2. Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде және дауыс беруге арналған үй-жайларда бұрыннан iлулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.
6-тарау. Сайлауды қаржыландыру
33-бап. Сайлауды мемлекеттiк қаржыландыру
1. Президенттi, партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарын қоспағанда Парламент, мәслихаттар депутаттарын, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
2. Республикалық бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне;
2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткiзуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;
4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке жұмсаған шығындары жабылады.
3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.
33-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
34-бап. Сайлауды мемлекеттiк емес қаржыландыру
1. Президенттi және Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлауда кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтiн осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен құрылатын сайлау қорлары қаражатынан қаржыландыруға болады.
2. Сайлау қорлары заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуге жатады.
3. Сайлау қорлары мынадай көздерден:
1) сайлау округтерi бойынша депутаттыққа кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан.
2) кандидатқа оны ұсынған Республиканың қоғамдық бiрлестiгi бөлген қаражаттан;
3) Республика азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтарына тыйым салынады.
4. Сайлау қорларына заңды жолмен алынған қаражат қана берiледi. Қорға келiп түскен ақшалай қаражаттың жалпы сомасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
5. Аталған көздерден сайлау қорларына жолдануы мүмкiн ақшалай қаражаттың шектi мөлшерi осы Конституциялық заңның Ерекше бөлiмiнде белгiленедi. Белгiленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорына есептеуге жатқызылмайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылып берiледi. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады. Дерегi жоқ қайырмалдықтар республикалық бюджет кiрiсiне енгiзiледi.
6. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты тиiстi сайлау комиссиясы партиялық тiзiмдегi кандидат тiркелгеннен кейiн банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шоттарға түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Осы Конституциялық заңда аталған мақсаттар үшiн сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек қана кандидатқа және партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партияларға берiледi. Банк мекемелерi тиiстi сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шоттарға қаражаттың келiп түсуi туралы ол түскен күннен бастап үш күн мерзiмде мәлiмет бередi, сондай-ақ тиiстi сайлау комиссиясының сұрау салуы бойынша нақ сол мерзiмде оған аталған қаражаттың жұмсалуы туралы мәлiмет бередi. Сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртiбiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
7. Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған саяси партия партиялық тiзiмдi керi қайтарып алған немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi ұсыну немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша қаражаты оны қосқан азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылуға жатады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады.
8. Арнаулы уақытша шот бойынша барлық қаржылық операциялар сайлаудың алдындағы күнi сағат 18.00-ден бастап тоқтатылады.
9. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей кандидат саяси партия тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi. Сайлау қорының сайлау науқаны мақсаттарына жұмсалмай қалған ақшалай қаражатының үштен екiсi республикалық бюджетке жiберiледi, ал үштен бiрi кандидатқа, саяси партияға қайтарылады.
10. Кандидаттың партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның осы бапта белгiленген ережелердi, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген сайлау қорлары қаражатын жұмсау тәртiбiн бұзуы кандидатты партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға әкелiп соғады, ал сайлау өткiзiлгеннен кейiн екi апта мерзiм iшiнде тиiстi аумақ, округ немесе учаске бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға әкелiп соғады.
34-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 06.05.1999 N 375
Заңымен.
35-бап. Сайлау шараларын сайлау комиссияларының қаржыландыруы
1. Республика Президентiн, Парламентi депутаттарын сайлау кезiнде сайлау шараларын қаржыландыруды Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады, ал мәслихаттардың депутаттарын, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде сайлау шараларын тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары қаржыландырады.
2. Сайлау комиссияларының төрағалары ақшалай қаражатқа иелiк етедi және қаржы құжаттарының сайлау комиссияларының қаржы мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiне сай келуi үшiн жауап бередi.
36-бап. Сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау
1. Сайлау науқанына республикалық бюджеттен бөлiнген қаражатты кандидаттардың жұмсауын бақылауды Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi, сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
2. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары және банк мекемелерi жүзеге асырады.
3. Тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша аталған бақылауды жүргiзуге өздерiнiң құзыретiне сәйкес өзге де мемлекеттiк органдар тартылуы мүмкiн.