Субсидиялау жолымен шаруашылық жүргiзудiң қолайсыз әрi тәуекелдi жағдайлары мемлекет көмегін ақтайтын ауыл, су шаруашылығын мемлекеттік қолдау көзделiп отыр.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын және алдағы уақытта Дүниежүзілiк сауда ұйымына (бұдан әрi - ДСҰ) кiрудi ескере отырып, заңды тұлғаларды субсидиялау саясаты еңбек өнiмдiлiгiн жоғарылатуға және отандық өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттілігін арттыруға бағытталған. Келешекте ДСҰ талаптарына сәйкес еңбек өнiмдiлiк және өнiм сапасын арттыруға жәрдемдесу сияқты субсидиялаудың рұқсат етiлген нысанына көшудi біртiндеп жүзеге асыру қажет.
Қабылданған аграрлық бағдарламаларды есепке ала отырып, 2005 жылдың соңында ауылдың қалыпты тыныс-тiршiлігі, бәсекеге қабiлетті өнiм өндiру, экспорттық мүмкiндiктердiң импортты алмастыруы және өрiстеуi үшiн қажеттi жағдайлар жасау қажет.
Халықты сапалы ауыз сумен одан әрі қамтамасыз етуге және су ресурстарының тапшылығын азайтуға бюджет қаражатын бөлу "Ауыз cу" салалық бағдарламасы шеңберiнде жүзеге асырылады.
Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейiн арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде орта мерзiмдi перспективада ауылдық жерлерде сумен жабдықтау объектілерін салуға жыл сайын республикалық бюджеттен 3 млрд. теңгеден қаражат бөлiнетiн болады.
Қоршаған ортаны қорғау жөнiнде тиiмдi әрi пәрмендi шаралар қабылдау үшiн қолданыстағы тиiстi бағдарламалар шеңберiнде қоршаған ортаның ластану деңгейiн азайту және мониторингiн жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылданатын болады.
Ұзақ мерзiмдi перспектива шеңберiнде экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тұрғысындағы тұрақтылықты дамытуға инвестициялау ресурс үнемдейтiн технологияларды енгізуге, жаңартылып отыратын энергетикалық ресурстар (cу энергиясы, жел және күн энергиясы) әлеуетiн пайдалануға Қазақстан бекiткен жағдайда Киото хаттамасының тетiктерiн пайдалана отырып, парник газының шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларды қаржыландыруға негiзделедi.
Өнеркәсiп және құрылыс
"Өнеркәсiп және құрылыс" функционалдық тобы бойынша шығыстар шеңберiнде 2005-2007 жылдары биотехнологиялар, ядролық технологиялар саласындағы технопарктердi құру, Алатау кентiнде Ақпараттық технологиялар паркiн дамыту жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылатын болады.
Осы функционалдық топ бойынша 2005-2007 жылдарға арналған шығыстардың бағыттары:
технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерде тiкелей инвестициялардың көлемiн ұлғайту;
мынадай: мұнай-газ және кен-металлургия кешенi, жаңа материалдар, биотехнологиялар, ақпараттық технологиялар, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғарыштық технологиялар басымды бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзу;
технологиялық процестердi халықаралық стандарттарға сәйкес келтiру;
экспортқа бағдарланған өндiрiстердi одан әрi дамыту;
iстеп тұрған кәсiпорындардың жұмысын тұрақтандыру және тұрып қалған кәсiпорындарды iске қосу, өндiрiстердi өнiмнiң түр-түрiн кеңейтуге және шығарылатын өнiм сапасын жақсартуға қайта бағдарлау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
қосылған құны жоғары өнiмдердi шығаратын жаңа өндiрiстердi құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, отандық өнiмнiң бәсекеге қабiлетiн арттыру;
жақын және алыс шетелдiк елдермен бірлескен кәсiпорындар құру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
мемлекеттік сатып алу жүргiзу кезiнде ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар мен мекемелер сатып алатын өнiмдердiң республикадағы өндiрiсiн ұйымдастыру болады.
2003 жылы экономика салаларын әртараптандыру және дамудың шикiзаттық бағдарынан ауытқу жолымен елдің тұрақты дамуына қол жеткізуге бағытталған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясын iске асыру басталды. Бұл ретте 2003-2005 жылдар кезеңiнде дайындық сипатындағы iс-шаралар жүзеге асырылады.
Бұл кезеңде қажеттi қосалқы база қалыптасуы және даму институттарының тиiмдi жұмыс iстеуi жолға қойылуы тиiс.
Құрылған даму институттарының жүйелi жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жекелеген даму институттарын капиталдандыру жалғастырылады.
Стратегияны iске асырудың дайындық кезеңіндегі шығыстардың маңызды бағыттары бәсекеге қабілеттілiк бағыттарын айқындау мақсатында экономика салаларына конъюнктуралық, маркетингтік зерттеулер жүргiзу, тиiмдi инновациялық инфрақұрылым жасау, экономиканың базалық салаларының айналасындағы ғылыми-өндiрiстік жүйені дамыту болып табылады.
Стратегияны іске асырудың екiншi кезеңi (2006-2010 жылдар) Стратегияның iс-шараларын iске асырудың белсендi кезеңiне айналады деп танылуда, бұл ғылым мен техника жетiстiктерi, сондай-ақ халықаралық деңгейдегi мамандар даярлау негiзiнде қуаттарды құру мәселелерiн кешендi шешуге мүмкiндiк бередi. Бұл кезеңде негізiнен ғылыми-инновациялық инфрақұрылым қалыптастырылады және өнеркәсiптi жаңғыртуға және экономика құрылымын әртараптандыруға бағытталған жобалар iске асырыла бастайды.
Сондай-ақ, 2005 жылы металлургиялық кешенде, машина жасауда, радиоэлектроникада және байланыста жоғары технологиялы, импорт алмастыратын және экспортқа бағдарланған өнiм өндiрудi ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге тиiстi қаражат бөлу көзделіп отыр.
Көлiк және байланыс
"Көлiк және байланыс" функционалдық тобы бойынша бюджет шығыстарын 2005 жылы ЖIӨ-нiң 1,8 %-ы, 2006-2007 жылдары - 1,9 %-ы деңгейiнде болжау ұйғарылып отыр.
Көлік және байланыс саласындағы 2005-2007 жылдарға арналған шығыстардың бағыттары:
елдiң көлiк-транзиттік әлеуетiн нығайту мақсатында автомобиль жолдарын дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
темір жол және су көлігі, азаматтық авиация және байланыс саласындағы инвестициялық жобаларды iске асыру;
транзиттік әуе әлеуетiн, оның iшiнде қазақстандық әуежайларды пайдалану арқылы кеңейту;
темір жол саласын қайта құрылымдау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
көлiктік дерекқордың ақпараттық талдамалық жүйесiн және қауiпсiздiк серпiнінің мониторингiн жасау;
мемлекеттік техникалық өзен флотын жаңғырту және жаңарту;
радиожиілік спекторы мен радиоэлектронды құралдар мониторингін жасау;
ауылдық байланыс операторларының әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөніндегі залалдарын өтеу;
телекоммуникациялардың қалалық желілерiнiң абоненттерi болып табылатын, әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телефон үшiн абоненттiк төлем тарифiнiң жоғарылауына өтемақы;
почта-жинақтау жүйесiн жаңғырту және дамыту болады.
Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамыту шеңберiнде ғарыштық технологияларды тиiмдi пайдалану арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық және ақпараттық қауiпсiздiгiнiң, экономикалық әлеуметтiк және ғылыми-техникалық дамуының нығаюына ықпал ететiн ғарыш қызметiн дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасында ғарыш саласын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзiрленуде.
Қазақстан Республикасының көлiк-транзиттік әлеуетiн дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес республиканың көлiк магистралдары бойынша транзиттiк және экспорттық-импорттық тасымалдарының көлемiн ұлғайту және тиiмділігiн арттыру үшiн Қазақстанның көлiк-транзиттiк әлеуетiн жетiлдiруге және ілгерiндi дамытуға, сондай-ақ осы шараларды iске асыру жөніндегі iс-әрекеттердi нақтылау мен оларды жүзеге асыру кезеңдерiнiң орындылығын айқындауға бағытталған қазiргi кезеңде өзектi құқықтық, ұйымдық, техникалық, экономикалық және қаржы сипаттағы бірiншi кезектегi шаралар кешенi қабылданады.
Осы Бағдарламаның шеңберiнде республикалық бюджет шығыстары Солтүстiк, Орталық, Батыс және Орта Азия транзиттiк дәлiздердiң автомобиль жолдарын салуға, оңалтуға және қайта жаңартуға, күрделi, орташа және ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ ұстауға бағытталады.
Бағдарламада төмендегi негізгі автокөлiк дәлiздерiнде мынадай жұмыс көлемiн орындау көзделген:
ОРТАЛЫҚ дәлiз, оның iшiнде:
Алматы - Бiшкек автожолы учаскесiн оңалту;
ОРТА АЗИЯ дәлiзi, оның iшiнде:
Ресей Федерациясының шекарасы - Орал - Ақтөбе, Қарабұтақ Қызылорда облысының шекарасы автожолы учаскелерiн қайта жаңарту;
БАТЫС дәлiзi:
Ақтау - Атырау автожолын оңалту;
Атырау - Орал автожолын оңалту;
Қиғаш өзенi арқылы өтетiн көпiр салу;
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ - ШЫҒЫС дәлiзi, оның iшiнде:
Астана - Қостанай - Челябi автожолын қайта жаңарту;
Астана - Петропавл автожолын қайта жаңарту;
СОЛТҮСТIК дәлiз, оның ішінде:
Омбы - Майқапшағай автожолының жекелеген учаскелерiн қайта жаңарту.
Бұл Қазақстан Республикасының негізгi көлiк дәлiздерiнде жүк тасу қабiлетiн және жолаушылар мен жүктердi жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкiндiк бередi. Тасымалдардың өсуi iскерлiк белсендiлiктiң ұлғаюына, көлiк кешенiнiң отандық кәсiпорындарын жандандыруға, өнiмнiң соңғы құнындағы көлiктiк құрамның үлесiн азайтуға негіз болады. Бұл, өз кезегінде, елдiң мемлекеттік бюджетiне түсiмдердiң және зейнетақы қоры мен мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру қорына мiндеттi аударымдардың ұлғаюына алып келедi.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес автожолдарды жаңғыртуға және салуға 2005 жылы жалпы 55 млрд. теңге көзделiп отыр. Кейiнгi жылдары елдiң транзиттiк-көлiк әлеуетiн дамытуды тиiстi қаржыландыру сақталып қалады.
Бұл салада қолданыстағы жол желiлерiн ұстап тұру мен жол салу арасындағы теңгерiмге қол жеткізу саясатын жүргізу қажет.
Қазақстанның климаттық жағдайларын ескере отырып, автомобиль жолдарын салу мен ұстаудың халықаралық стандарттарына көшу жөніндегі жұмысты жүргізу жоспарлануда.
Мемлекеттiң халықаралық талаптарға сай келетiн және мемлекет пен азаматтардың сапалы авиациялық қызметтерге деген үдемелi қажеттiлігін қанағаттандыруды қамтамасыз ететiн тиiмдi авиакөлiк жүйесiн құруға Азаматтық авиация саласын дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген iс-шаралар қаржыландырылатын болады.
2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының темір жол көлiгiн қайта құрылымдаудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын iске асыру шеңберiнде, жолаушылар тасымалының жүк тасымалынан қаржылық және ұйымдық бөлiнуiне байланысты, темір жол көлiгінiң жұмыс iстеуiнің мемлекет пен қоғам үшiн оңтайлы жүйесiне қол жеткізу үшiн республикалық бюджет қаражатының есебiнен жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселелерiн шешу көзделiп отыр.
Ақпараттық-телекоммуникациялық құралдар мен жүйелердiң аспаптық-құралдық паркiн құру мақсатында жоғары технологиялық, ғылымды қажетсiнетiн радиоэлектрондық аспаптар мен құралдардың кең номенклатурасын әзiрлеуге, өндiрiсiн ұйымдастыруға және шығаруға бағытталған 2001-2005 жылдарға арналған "Ақпараттық-телекоммуникациялық жүйелер үшін радиоэлектрондық аспаптар мен құралдарды әзiрлеу, жасау және дамыту" атты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаға сәйкес, 2005 жылы технологиялық сипаттағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге республикалық бюджеттен тиiсті қаражат көзделедi.
2005-2007 жылдары экономика мен қоғам қажеттіліктерiне сай келетiн және сыртқы рыноктарға шығуды қамтамасыз ететiн коммуникациялардың техникалық жағдайын жақсарту, коммуникациялардың ұтымды желісін қалыптастыру ұйғарылып отыр.
Қазақстан экономикасының телекоммуникациялық секторын одан әрi дамытуға бағытталған, оның негiзгi мақсаты жағдайларды жасау және тетiктердi қалыптастыру болып табылатын Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар саласын дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес телекоммуникациялар рыногының ырықтандырылуына байланысты тарифтердi қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру және iшкi тоғыспалы субсидиялаудан барлық операторлар мен мемлекеттiң ынтымақтаса қатысуының жалпы ұлттық тетiгiн құруға көшу жоспарлануда.
Тарифтердi қайта теңгерiмдеу қызметтер көрсету мен абоненттер санаттарының арасындағы кросс-субсидиялауды жоюға және телекоммуникациялық рыноктың әрбір секторында бәсекенiң пайда болуы үшiн экономикалық негiздер жасауға бағытталған. Мұнда тарифтердi мемлекет жалпыға бірдей қол жетiмдi қызметтер көрсету пакетiне жатқызғандардан басқа, барлық қызметтер көрсетуге қалыпты рентабельділiктi қамтамасыз ету деңгейiне дейiн жеткізу көзделген.
Тарифтердi кезең-кезеңмен қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру және жергiлiктi телефон байланысының қызметтеріне тарифтердi жиынтығында 40%-дан асырмай жоғарылату жоспарланып отыр. Бұл ретте қалаларда тарифтердi толық қайта теңгерiмдеудi жүзеге асыру және оларды нарықтық негiзделген деңгейге дейiн жеткізу ұйғарылып отыр, бұл операторларға өз шығындарының орнын толтыруға және пайдалылықтың осы нарық сегментіндегі бәсеке нәтижесiнде белгiленетiн белгiлi деңгейiн алуға мүмкiндiк бередi. Ауылдық жерлердегi қайта теңгерiмдеу тарифтерінің төмендеуi болжанып отырған қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерi бойынша жүзеге асырылады. Ауылдағы жеке тұлғалар үшін абоненттiк төлем қызметтердiң өзiндiк құнын ақтамайтын бұрынғы деңгейiнде қалады.
Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар саласын дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған салалық бағдарламасы шеңберiнде ақпараттандыру және байланыс саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге қаражат бөлiнедi.
3.4. Бюджеттік кредит беру
Бюджеттік кредит беру саясаты экономика саласында шешiмдердi қабылдау рәсiмдерiне қойылатын талаптардан туындайды.
2005-2007 жылдарға арналған бюджеттік кредит берудiң мақсаттары экономика салаларында бәсекелi ортаны қалыптастыру әрi дамыту, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады. Бюджеттік кредит беру мемлекеттік және салалық (секторалдық) даму бағдарламалары шеңберiнде жүзеге асырылады және олардың уақыттық шеңберлерi болады.
Бюджеттік кредиттер мынадай негiзгi бағыттар бойынша беріледi:
инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қаржыландыру;
жоғары кәсiптiк білiмдi мамандарды даярлау;
мемлекеттік кепiлдiктер бойынша мiндеттемелердi орындау;
жергiлiктi атқарушы органдарға, оның iшiнде жергілiктi бюджеттердiң кассалық алшақтығын жабуға кредит беру;
қаржы агенттіктерi мәртебесi бар қаржылық даму институттарына кредит ресурстарын беру.
Жүргiзiлетiн сыртқы саясатқа қарай бұдан былай қарыз алушылардың санаттары шетелдiк мемлекеттермен толықтырылуы мүмкiн.
Жергілiктi атқарушы органдардың қарыз алуы республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ кассалық алшақтықты жабуға бюджеттік кредиттер алу нысанында ғана жүзеге асырылатын болады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың кредит саясаты тек мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк даму бағдарламаларын iске асыруға ғана шоғырландырылады. Жергілiкті бюджеттерден бюджеттік кредит беру қарыз берушi банктер мен қаржы агенттігi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы агенттіктерi мәртебесi бар қаржылық даму ұйымдарына бюджеттік кредит берудi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда нақты қаржылық даму ұйымына кредит беруге қаражат көздей отырып, осы орайда бұл қаражаты пайдаланудың мақсаттары мен бағыттарын айқындай отырып, кредит ресурстарын беру жолымен жүзеге асырған орынды.
Қаржылық даму ұйымдарының кредит саясатының осы ұйым үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтiн өзiндiк басымдықтары мен шектеулерi болады.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 2005-2006 жылдары 84 млрд. теңге сомасында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне жеңiлдiктермен кредит беру және жергілiктi атқарушы органдарға тұрғын үй салуға сыйақының нөлдiк ставкасы бойынша бюджеттік кредит беру, сондай-ақ 2007 жылы 2005 жылы кредитке берiлетiн 42 млрд. теңгенi қайта инвестициялау жүзеге асырылатын болады.
Орта мерзiмдi перспективада кредит қаражатын тиiмдi пайдалануға, кредиттердi қайтару жөніндегі мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды жоғарылатуға, қарыз алушылардың бюджет алдындағы мерзiмi өткен берешектерiн азайтуға жәрдем ететiн бюджеттік кредит беру рәсiмдерi мен тетiктерiн жетілдiру жалғасатын болады.
3.5. Қаржы активтерiмен операциялар
Орта мерзiмдi перспективада мемлекеттік активтердi басқару саласындағы мемлекеттік саясат экономиканың стратегиялық маңызды салаларын дамытуды, соның iшiнде мемлекеттік меншіктiң мақсатты әрi тиiмдi пайдаланылуын бақылау жүйесiн қалпына келтiру және күшейту, мемлекеттік меншiктiң құрылымын оңтайландыруды жүзеге асыру жолымен реттеуге бағытталған.
Қаржы активтерiн сатып алу экономиканың стратегиялық салаларының мемлекет тарапынан елдiң экономикалық қауiпсiздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды тиiмдi дамытуға бағытталған тиiстi бақылануын орнату құралдарының бірi болып табылады.
Мемлекеттік меншiкке заңды тұлғалардың акцияларын, қатысу үлестерiн сатып алу Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мүлiктi басқару және жекешелендiру тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Жалпы мемлекеттік мiндеттердi орындау мақсатында экономиканың стратегиялық салаларында жұмыс iстейтiн, бірақ меншiк иелерiн тиiмдi басқармайтын кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi, сондай-aқ қоғамдық және әлеуметтiк маңызды кәсiпорындардың акциялары, қатысу үлестерi сатып алу (иелiкке алу) объектiлерi ретiнде танылатын болады.
Халықаралық ұйымдардың бағалы қағаздарын сатып алу қолданыстағы заңдар шеңберiнде жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасының мүдделерiн халықаралық деңгейде қорғауға бағытталады.
Мемлекеттің қаржы активтерi - акциялардың мемлекеттік пакеттерiн, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың және мемлекеттік меншiктiң өзге де объектілерінiң қатысу үлестерiн сату тиiсті бағдарламалық құжаттарды iске асыру шеңберiнде белгiлi бір салалар мен нақты кәсiпорындарға қатысты жекешелендiру мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес жүзеге асырылады.
Республикалық меншiктегi мемлекеттік мүлiкте жекешелендiруден республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң 2005-2007 жылдарға арналған болжамы жыл сайын шамамен 2 млрд. теңгенi құрайды.
3.6 Бюджетаралық қатынастар
Бюджетаралық қатынастар ел өңірлерiнiң бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейлерiн теңестiруге, өңiрлердегі орынды экономикалық саясатты ынталандыруға, жергiлiктi атқарушы органдардың барынша тиiмдi әрi нәтижелi мемлекеттік қызметтердің біркелкi деңгейiн көрсетуiн қамтамасыз етуге бағытталуы тиiс.
Орта мерзiмдi кезеңдегi бюджетаралық қатынастар саясатының негiзгi мақсаты мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерiне бекiтіліп берiлген мемлекеттік қызметтердi толық көрсетуi және өздерiне жүктелген функцияларды жүзеге асыруы үшiн оларды жеткiлiктi қаржы қаражатымен қамтамасыз ету болып табылады.
Бюджетаралық қатынастар Бюджет кодексінде белгiленген қағидаттарын және түсiмдер мен шығыстардың бюджет деңгейлерi арасында бөлінуінен бастау алады әрi өзара қатынастардың, ең алдымен, облыс-аудан деңгейіндегi анықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әрбір басқару деңгейінің дербестiгін күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердi көрсету деңгейiн оларды алушыларға жақындатуға бағытталған.
Бюджетаралық қатынастар саясаты мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi ажырату жөнiнде жүргізiлiп жатқан жұмыс нәтижелерiмен үйлестiрiледi.
2005 жылдан бастап орталықтың жекелеген функциялар мен өкiлеттiктердi жергілiктi деңгейге беруiне байланысты вакциналарды, дәрiлердi, медициналық жабдықты орталықтандырылған сатып алуға; қан, оның құрамдас бөлiктерi мен препараттарын өндiруге; мүгедектер мен ардагерлердi оңалту мен әлеуметтiк қорғауға; кемтар балалар үшiн арнайы білім беру бағдарламаларына арналған шығыстар, лицензиялау, бақылау және қадағалау саласындағы функцияларды жүзеге асыру жөніндегі әкiмшiлiк шығыстардың бір бөлiгі және тағы басқа шығыстар республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджетке берiледi.
Сонымен қатар, өрт қызметтерiн; жедел құтқару қызметтерiн ұстауға; арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге; құжаттандыру жұмыстарын жүзеге асыруға арналған шығыстар жергілiктi бюджеттен республикалық бюджетке берiледi.
Селолық, кенттік, қалалық (аудандық маңызы бар), қалалардағы аудандық басқару деңгейлерiнiң дербестiгін кеңейту үшiн қазынашылық органдарында жоғарыда аталған басқару буындарына арналған шоттар аша отырып, олардың шығыстарын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлiктер әкiмдерiнiң аппараттары әкiмшiлерi болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруға көшу қамтамасыз етiледi.
Мемлекеттік басқарудың төменгі буыны әкiмдерiнiң аппараттарын құру және нығайту үшiн 2005 жылдан бастап жергiлiктi бюджеттердiң шығыстарын 2,9 млрд. теңгеге ұлғайту көзделiп отыр.
Бюджет кодексiне сәйкес бюджетаралық қатынастар ресми трансферттер мен бюджеттік кредиттер арқылы, облыстық және аудандық бюджеттер арасында, сондай-ақ кiрiстердi бөлу нормативтерiмен реттелетiн болады. Ресми трансферттер жалпы сипаттағы ресми трансферттер, ағымдағы мақсатты трансферттер, дамуға мақсатты трансферттер болып бөлiнедi.
Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандарын айқындау кезiнде әрбір бюджет деңгейiнiң салықтық әлеуетi, нормативтік құқықтық актiлер негізiндегі өңiрлердiң объективті бюджеттік қажеттілiктерiн бағалау нәтижелерi, бекітілген заттай нормалар ескерiлетін болады.
Аумақтардың экономикалық дамуының тым күштi саралануы салдарынан кiрiс базасының өңiрлер арасында біркелкi бөлiнбеуiне байланысты халықтың мемлекеттік сектордың қызметтер көрсетуiне тең қол жеткізуiне жету үшiн бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алып қоюларды қамтитын жалпы сипаттағы бюджетаралық трансферттердiң мөлшерлерiн бекіту негізiнде өңiрлердiң бюджеттік қамтамасыз етiлу деңгейiн теңестіру саясаты жүргізiледi.
Бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың көлемi абсолюттiк көрiнiсте орта мерзiмдi (үш жылдық) кезеңге арналып бекітіледi және әр үш жыл сайын өзгертілуi тиiс.
Орта мерзiмдi кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюлардың мөлшерiн бекіту тұрақтылығы жергiлiктi атқарушы органдардың салық әлеуетiн ұлғайтуға мүдделілігін, жергілікті бюджеттердiң шығыстарын жоспарлаудың анықтығын қамтамасыз етедi. Жергiлiктi атқарушы органдар республикалық бюджет жобасының жасалуын күтпей, жергілiктi бюджет жобасын қалыптастыруды жүзеге асыруға мүмкiндiк алады.
Үш жылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң көлемiн айқындау Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын жалпы сипаттағы ресми трансферттердi есептеу әдiстемесiнiң негізiнде жүргiзіледi.
Бұл ретте:
Бюджет кодексiне сәйкес кiрiстер мен шығыстарды бюджет деңгейлерінiң арасында бөлу;
жоспарланып отырған кезеңде қолданысқа енгiзілетін және жергілiктi бюджеттердiң түсiмдерi мен шығыстарының ұлғаюын немесе қысқаруын көздейтiн нормативтік құқықтық актілердiң ережелерi;
жалпы сипаттағы бюджетаралық трансферттердің мөлшерiн айқындау кезінде ескерілетін басқа да факторлар ескеріледi.
Білім беру, денсаулық сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету объектілерiн салу және қайта жаңарту мен тұрғын үй салу орта мерзiмдi кезеңге арналған бюджеттік даму бағдарламаларының өңiрлiк тұрғыдағы басым бағыттары болады.
Бұл ретте, облыстардың бюджеттік даму бағдарламаларының жалпы сипаттағы бюджетаралық трансферттердiң мөлшерiн айқындау мақсаттары үшiн ескерілетін болжамды көлемi тиiсті жылға арналған ағымдағы бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшiн көзделетін жергілiктi бюджет шығындарының болжамды көлемiнiң 8-10% ара қатынасында айқындалады.
Жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңiнде мақсатты ағындағы трансферттер бюджетаралық қатынастарды реттеу құралы болады.
Алдағы кезеңде төмен тұрған бюджеттерге қосымша функциялардың тиісті өтемақысыз жүктелуiне жол бермеу қағидаты қатаң сақталады.
Осыған байланысты жоғары тұрған органдар жалпы сипаттағы ресми трансферттердiң үш жылдық көлемiнiң әрекет ету кезеңінде жергiлiктi бюджеттер шығыстарының ұлғаюына немесе кiрiстерінiң азаюына әкеп соғатын нормативтік құқықтық актiлердi қабылдаған жағдайда, төмен тұрған бюджеттердiң шығасыларын өтеу мақсаты ағымдағы трансферттердi бөлу жолымен жүргізіледi.
Бұдан басқа, 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды реформалаудың және дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған және Білім берудi дамытудың 2010 жылға дейiнгi мемлекеттік бағдарламалары шеңберiнде республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджеттерге телекоммуникация салаларының ырықтандырылуымен байланысты телефон үшiн абонеттiк төлемнiң өсуiн өтеуге, темір жол жолаушылар тасымалын субсидиялауға және т.б. мақсатты ағымдағы трансферттер бөлу көзделiп отыр.