Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңестерiнiң
кейбір мәселелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2002 ж. 13 желтоқсандағы № 1311 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556; 2004.15.12. № 1324 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2005.28.07. № 785 қаулысымен күші жойылды
"Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 21 маусымдағы № 895 Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Облыстың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңесi туралы үлгi ереже бекітілсiн.
2. ҚР Үкіметінің 2004.15.12. № 1324 қаулысымен күші жойылды (бұр. ред. қара)
3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
1) тәртіптік кеңестер туралы жаңа ережелердi бекiтсiн;
2) жергiлiктi бюджетте бекітілген әкiмнiң аппаратын қоса алғанда, мемлекеттік органдардың әкiмшiлiк шығындары шегiнде облыстар, Астана және Алматы қалалары тәртiптiк кеңестерінің хатшылықтарын қалыптастыру үшiн осы қаулының 2-тармағында көзделген қосымша штат бiрлiктерi енгiзiлсiн.
4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртіптік кеңестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 10 наурыздағы № 218 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 8, 61-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1999 жылғы 10 наурыздағы № 218 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 8 ақпандағы № 206 қаулысының үшінші-алпысыншы абзацтары (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., № 6, 65-құжат).
5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | И.Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2002 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1311 қаулысымен
бекітілген
Облыстың, Астана және Алматы қалаларының
тәртіптік кеңесi туралы үлгі ереже
Осы Ереже облыс, Астана және Алматы қалалары тәртіптiк кеңесiнің мәртебесiн, өкiлеттiктерiн және оларды ұйымдастыруды әрi қызметiнiң тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет iстерi жөніндегі агенттiгi (бұдан әрі - Агенттiк) қызметiн үйлестiретiн, бақылайтын және тексеретiн консультативтік-кеңесшi орган болып табылады.
2. Кеңес өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкiметінің кесiмдерiне, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерге, осы Үлгi ережеге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, ақиқаттылық әрi әділдік қағидаттарын басшылыққа алады.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеңестiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
1) облыстар, Астана және Алматы қалалары, өзге де әкiмшiлік-аумақтық бiрлiктер әкiмдерінің, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар, құқық қорғау органдары және басқа да аумақтық мемлекеттік органдар (бұдан әрi - мемлекеттік органдар) және мемлекеттік ұйымдар басшыларының қарауына осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген адамдарды тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын Қызметтік этика ережесін бұзғаны немесе сыбайлас жемқорлық жасап құқық бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту туралы ұсынымдар енгізу;
2) әкiмдер мен мемлекеттік органдардың басшыларына тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктің шегінде мемлекеттік тәртіптi нығайту, осы Ереженің 9-тармағында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Қызметтiк этика ережесi талаптарын сақтауы жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстар әзiрлеу;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтiк этиканы сақтауы мәселелерi жөніндегi комиссияның және Агенттiктiң тапсырмаларын, азаматтардың арыздарын, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын, сондай-ақ өзге де көздерден алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Қызметтік этика ережесінiң бұзылу фактілерi туралы ақпаратты қарау;
4) Агенттiктiң қарауына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi ұйымдастырудың және осы Ереженiң 9-тармағында аталған адамдардың Қызметтік этика ережесін сақтауының тиiмділігiн арттыруға бағытталған ұсыныстар енгізу;
5) алынып тасталды
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Кеңестi әкiмдік құрады әрi ол төраға мен мәслихаттар депутаттары, жергіліктi жұртшылық өкiлдерi және аумақтық мемлекеттік органдар басшылары болып табылатын Кеңестiң мүшесiнен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуға және 7 адамнан кем болмауға тиiс.
Кеңестiң төрағасын әкiм Агенттік төрағасымен келісім бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады әрi ол облыс, Астана және Алматы қалалары әкімінiң орынбасары лауазымына теңестірiледі.
Кеңес төрағасы мен Кеңес хатшылығының қызметкерлерi мемлекеттік қызметшiлер болып табылады.
Әкiм аппараты жалпы санының есебiнен құрылатын оның хатшылығы Кеңестiң жұмыс органы болып табылады. Хатшылықтың санын әкiм Агенттік төрағасының ұсынысы бойынша белгiлейдi.
Облыс, Астана және Алматы қалаларының әкімi аппаратының бөлiм меңгерушiсi лауазымына теңестiрiлетін Кеңестiң хатшысы Кеңес хатшылығының меңгерушiсi болып табылады.
Хатшылықтың қызметкерлерi мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
Кеңестiң мүшелерi өз мiндеттерiн қоғамдық негiзде жүзеге асырады және мәжілістерге ауыстыру құқығынсыз қатысады.
5. Кеңестiң төрағасы:
1) Кеңестiң жеке құрамы бойынша ұсыныстарын әкiмнiң қарауына енгiзедi;
2) Кеңес қызметiн ұйымдастырады және оған басшылықты жүзеге асырады;
3) Кеңес мәжілiстерінің күн тәртiбін белгілейдi;
4) Кеңес мәжілістерiн шақырады және оларға төрағалық етедi;
5) Кеңес мүшелерi iшiнен Кеңес мәжілісiнде қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны белгiлейдi;
6) тоқсан сайын Агенттік алдында Кеңес жұмысының қорытындысы туралы, соның ішінде мемлекеттік қызметшiлер жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша қабылданған шаралар туралы есеп бередi;
7) тоқсан сайын әкiмдi Кеңес жұмысының қорытындылары туралы хабардар етедi;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оған берiлген өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.
6. Кеңестің мәжілістерi:
1) егер оларға Кеңес мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болып саналады;
2) қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кемiнде екi айда бiр рет өткізіледi;
3) ашық өткiзіледi, қажет болған жағдайда, егер қаралатын мәселелер мемлекеттік құпияларды қозғаса, Кеңес төрағасының шешiмi және Агенттікпен келісім бойынша жабық өткiзiлуi мүмкін.
7. Кеңес оның мүшелерiнiң мәжіліске қатысқан санының қарапайым көпшiлiк дауысымен шешiмдер қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша мәжілісте Кеңес мүшелерiнің бiреуi төрағалық етедi.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 8-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
8. Кеңес өз құзыретi шегiнде мыналарға құқылы:
1) өз мәжілістерiнде мемлекеттік органдардың, олардың бөлiмшелерi мен мәслихаттар аппараттарының басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергiлiктi атқарушы, құқық қорғау және аумақтық мемлекеттік органдардан, мәслихаттар аппараттарынан, сондай-ақ өзге де ұйымдардан олардың алдына қойылған міндеттердi орындау үшiн қажеттi құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратуға;
3) осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген адамдардан ауызша және жазбаша түсiндiрме талап етуге;
4) осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнама нормаларын және Қызметтiк этика ережесін бұзуы фактілерi бойынша тексерулер және қызметтiк тергеулер жүргiзу туралы мемлекеттік органдар басшыларына ұсыныстар енгізуге;
5) қорытынды беру үшiн сарапшылар мен мамандарды, мемлекеттік органдар қызметкерлерiн тартуға;
6) Агенттiктiң аумақтық органдарымен бiрге сыбайлас жемқорлыққа қарсы терiс қылықтарды қарау мәселелерi бойынша өзара iс-қимылды жүзеге асыруға.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Кеңестiң жұмыс органы өз құзыретi шегiнде Кеңес төрағасының өкімімен тексерулер жүргізедi, осы Ереженiң 9-тармағында көрсетілген адамдарға қатысты тәртіптiк iстердi қарау үшiн материалдар дайындайды және Кеңес алдында тұрған мiндеттердi қамтамасыз ету үшiн өзге де функцияларды жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 9-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
9. Кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және Қызметтік этика ережесін бұзуға жол берген аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар), республикалық маңызы бар қаладағы аудандардың (астананың), аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерiне; орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және жергiлiктi сот кеңселерiнiң (басшылар мен олардың орынбасарларынан басқа), жергілiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың әкімшілiк мемлекеттік қызметшілеріне, сондай-ақ тәртіптiк жауапкершілікке әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған мемлекеттік органдардағы, жергiлiкті басқару органдары мен мемлекеттік ұйымдардағы немесе жарғылық капиталындағы мемлекеттік меншiктің жалпы үлесi кемiнде отыз бес пайыз құрайтын ұйымдардағы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттi өзге де адамдарға және оларға теңестiрiлген адамдарға қатысты тәртiптік iстердi қарайды. Кеңес прокуратура, ұлттық қауiпсiздiк органдары, Президенттiң Күзет қызметi мен Республикалық ұлан қызметкерлерiне қатысты тәртіптік iстердi қарамайды.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 10-тармақ толықтырылды (бұр. ред. қара)
10. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшiлердің қызметтiк этиканы сақтауы мәселелерi жөніндегі комиссияның және Агенттiктiң тапсырмаларын, азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздарын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қараудың қорытындылары бойынша Кеңес уәкілеттi органға немесе лауазымды тұлғаға тексеру жүргізуді ұсынуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 11-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
11. Кеңес төрағасы қозғаған тәртіптік iстi ол iс қозғауға қабылданған күнінен бастап екi аптаға дейiнгi мерзiмде Кеңес қарауы тиiс.
Кеңестiң отырысында тәртiптiк iстi қарағанға дейiн оның хатшылығымен алдын-ала бiр айға дейiнгi мерзiмде iске қатысты мән-жайлар мен мәлiметтер зерделенетiн тексеру жүргiзiледi, тәртiптiк жауапкершілiкке тартылатын адамдардан жазбаша түсiнiктемелер талап етіледi, ал Кеңестiң отырысында тәртіптiк iстi қарау, әдетте, олардың қатысуымен өтедi.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 12-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
12. Тәртіптiк iстi қараудың қорытындылары бойынша Кеңес мынадай шешімдердiң бiреуiн шығаруы мүмкiн:
1) мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың басшыларына осы Ереженiң 9-тармағында көрсетілген адамдарға тиiстi тәртіптiк жаза қолдануды ұсынады;
2) шын мәнiнде шешiм қабылдау үшiн тәртіптiк iс материалдарын құзыреттi мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның қарауына жібередi;
3) тәртіптiк iстi тоқтатады.
13. Осы Ереженiң 9-тармағында көрсетiлген адамның iс-әрекетiнде қылмыс белгiлерi болған жағдайда Кеңес тиiстi құжаттар мен материалдарды белгіленген тәртiппен осы адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселенi шешу үшін құқық қорғау органдарына жiбередi. Кеңес материалдар мен құжаттардың құқық қорғау органдарына жiберiлгенi туралы Агенттіктi хабардар етедi.
ҚР Үкіметінің 19.05.04 ж. № 556 қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
14. Кеңес қабылдаған шешiммен келiспеген мемлекеттік қызметшілер мен осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген өзге де адамдар оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шағым беруге құқылы.
15. Кеңес пен оның хатшылығы қызметiн материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етудi облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдерiнің аппараттары жүзеге асырады.