Көрсетілген мерзімге:
жер учаскесін сатып алу-сату немесе жер учаскесіне уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;
жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортын немесе жер-кадастрлық жоспарды дайындау және беру кезеңдері кірмейді.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы келіп түскен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті бір жұмыс күні ішінде тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.
Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі келіп түскен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті бір жұмыс күні ішінде жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауданның жергілікті атқарушы органының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне жібереді.
Жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді.
Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі (мүмкін емес екендігі) туралы тиісті қорытындылар ұсынады.
Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесі өтініш берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тарту жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесінің белгіленген нысандағы қорытындысы түрінде ресімделеді.
Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қорытындыны дайындайды және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімнің жобасын дайындау үшін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жібереді.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын тиісті құрылымдық бөлімшесінен жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы түпкілікті қорытынды келіп түскен кезден бастап төрт жұмыс күні ішінде қабылданады.
4. Елді мекеннің шегінен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органына келіп түскен кезден бастап он алты жұмыс күніне дейінгі мерзімде қаралады.
Көрсетілген мерзімге:
жер учаскесін сатып алу-сату немесе жер учаскесіне уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасасу;
жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру кезеңдері кірмейді.
Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органы келіп түскен өтінішті бір жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органына жібереді.
Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы өтініш келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді.
Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар үш жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады.
Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы өтініш берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы белгіленген нысандағы қорытынды түрінде ресімдейді.
Келісуші мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы ол келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсынысы бар материалдарды жер комиссиясына енгізеді.
Жер комиссиясының қорытындысы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс жер комиссиясына келіп түскен кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады.
Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органы жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының тиісті шешімін дайындайды.
Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде қабылданады.
Облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) жергілікті атқарушы органының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы шешімі жер комиссиясының теріс қорытындысы келіп түскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде қабылданады. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту уәжді болуға тиіс.
5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім беру не өзгертуден бас тарту туралы шешімі қабылданғанынан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жіберіледі.
Өтініш «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық құжат нысанында берілген жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертумен келісу не өзгертуден бас тарту туралы шешімі қабылданғанынан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өтініш берушіге электрондық құжат нысанында жіберіледі.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімінде мыналар қамтылуға тиіс:
жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе заңды тұлғаның атауы;
жер учаскесінің өзгертілген нысаналы мақсаты;
жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсат бойынша пайдаланудың мүмкін екендігі туралы қорытындының не жер комиссиясы қорытындысының күні мен нөмірі;
жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;
жер санаты;
жер учаскесінің орналасқан жері;
жер учаскесінің алаңы;
нысаналы мақсаты жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін өзгертілген жағдайда жер учаскесі телімінің түрі;
жерге құқықтың түрі, ауыртпалықтар, сервитуттар;
жер учаскесінің сатып алу бағасы және өзгертілген нысаналы мақсат үшін жер учаскесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеу не өзгертілген нысаналы мақсат үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құны мен осы учаске бұрын мемлекеттен сатып алынған баға арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеу қажет болған жағдайда бөліп төлеуді беру мерзімдері;
өзгертілген нысаналы мақсат үшін жер учаскесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеу не өзгертілген нысаналы мақсат үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құны мен осы учаске бұрын мемлекеттен сатып алынған баға арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеу қажет болған жағдайда жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жасасу мерзімдері.
6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шарты жасалады.
7. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгертілген кезде сәйкестендіру құжаттарын немесе жер-кадастрлық жоспарды дайындау мерзімі төрт жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 49-2-баппен толықтырылды
49-2-бап. Жерді резервте қалдыру
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жерді резервке қою елді мекендердің дамуын қамтамасыз ету, жоспарланып отырған инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін, стратегиялық объектілерді, қорғаныс және қауіпсіздік, ғарыш қызметі объектілерін орналастыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде қорғаныш ағаш екпелерін егу мақсатында, балық шаруашылығын жүргізу, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайылымдық және шабындық алқаптарды пайдалану және бақша шаруашылығы үшін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және арнайы экономикалық аймақтарды немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жерде резервтік аумақтар құру арқылы жүзеге асырылады.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қамтитын саланы айқындау туралы қорытындылар, Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жерді резервте қалдыру үшін негіздер болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жерді резервке қою Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы немесе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жерді осындай резервке қою үшін негіздер болып табылатын өзге де құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
Жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайылымдарды резервке қою Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың негізінде жүзеге асырылады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жағдайларын қоспағанда, жерді резервте қалдыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, ал республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, елді мекендердің шекараларында - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жиырма жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жерді резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде жерді резервте қалдыру белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы Қазақстан Республикасының экология заңнамасында көзделген қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қамтитын саланы айқындау туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысымен өтініш жасаған жағдайда, үш жылдан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Жергілікті атқарушы органдардың жерді резервке қою туралы шешімінде резервке қоюдың негізі, мақсаттары мен мерзімдері, жердің жалпы алаңы мен санаты, сондай-ақ жерді пайдалануда қойылатын шектеулер көрсетілуге тиіс. Жер пайдалану немесе шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен бұрын берілген жер учаскелері резервке қойылған кезде жер пайдаланушылар және сервитуттарды иеленушілер көрсетіледі.
5. Осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген жергілікті атқарушы органдар жерді резервте қалдыру туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылар мен сервитут иелерін хабардар етуге, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау арқылы жерді резервте қалдыру туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2024.27.02. № 65-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 29 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 6-тармақ өзгертілді
6. Жерді резервте қалдыру жер учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды.
Жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыруға арналған көпшілік пайдаланатын жайылымдарды, жайылымдарды қоспағанда, резервке қойылған жер құрамынан жер учаскелері резервке қойылған мақсаттарда жер учаскелерін игеру басталғанға дейінгі мерзімге жердің аймақтарға бөлінуіне сәйкес жердің қандай да бір санатқа тиесілігіне және рұқсатпен пайдаланылуына сүйене отырып, уақытша объектілерді орналастыру немесе құрылыспен байланысты емес мақсаттар үшін уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары
1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай мөлшерде тегін беріледі:
1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Осы Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
Өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерін жеке меншікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүргізіледі. Жер учаскелерін көрсетілген мақсаттар үшін игеру кезеңіне беру осы Кодекстің 92-бабына сәйкес мұндай жер учаскелерін игерудің талаптары мен мерзімдері белгілене отырып, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында жүргізіледі.
Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беріледі.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2021.13.05. № 39-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсынысы негізінде республиканың және бір әкімшілік ауданның (қаланың), облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілейді, олар:
жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
уақытша жер пайдалану құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.
Жер учаскелерін осы тармақта көрсетілген мақсаттар үшін шекті (ең жоғары) мөлшерден асатын мөлшерлерде беруге жол берілмейді.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi
1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу осы Кодекстің 97-бабының 3-1-тармағында көзделген нормалар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жер учаскесінің бөлінетіндігі және бөлінбейтіндігі сәйкестендіру құжатында көрсетіледі.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер учаскесінің бөлінетін бөлігімен мәмілелер жасаған кезде, бұл бөлік белгіленген тәртіппен алдын ала дербес жер учаскесі болып бөлініп шығарылуға тиіс. Қалған жағдайларда мәміле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесінің бөлігіне белгіленетін құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусіз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендіру құжатына енгізу арқылы айқындалуы мүмкін.
52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi.
Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодексте белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келісімi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.