«1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дау болған кезде сақтанушы (жәбірленуші, пайда алушы):
талаптарын көрсетіп және өзінің талабын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтінішін сақтандырушыға (оның ішінде сақтандырушының филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге не «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін өтінішін сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы арқылы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурс арқылы) немесе сотқа жіберуге құқылы.».
18. «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
18-тармақтың 1) тармақшасының екінші, үшінші абзацтары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) анықтық факторы - сақтандыру бойынша бірыңғай дерекқордың пайдаланылатын деректеріне сенімділік дәрежесін сипаттайтын, түзету коэффициенттерін есептеу үшін қажетті коэффициент;»;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) «бонус-малус» жүйесі - көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша төленуге жататын сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін есептеу кезінде тиісті сыныпты бере отырып, сақтанушының (сақтандырылушының) кінәсінен онда сақтандыру жағдайларының болуына немесе болмауына қарай сақтанушыға (сақтандырылушыға) арттыратын немесе төмендететін коэффициенттерді қолдану арқылы пайдаланылатын жеңілдіктер мен үстемеақылар жүйесі;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) жәбірленуші - көлік құралын пайдалану салдарынан өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген адам;»;
9) тармақшадағы «оқиға» деген сөз «оқиға (оның ішінде жол-көлік оқиғасы)» деген сөздермен ауыстырылсын;
18-тармақтың 1) тармақшасының тоғызыншы - он екінші абзацтары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) көлік оқиғасын оңайлатылған ресімдеу - көлік оқиғасы туралы құжаттарды ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз осы Заңда белгіленген тәртіппен және шарттарда ресімдеу;»;
11-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«11-1) сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі - көлік оқиғасын оңайлатылған ресімдеу кезінде осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және шарттарда сақтандыру жағдайын реттеу;»;
мынадай мазмұндағы 11-2) тармақшамен толықтырылсын:
«11-2) сақтандыру омбудсманы - «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;»;
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«14) сақтандыру төлемі - сақтандырушы пайда алушыға сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;»;
18-тармақтың 1) тармақшасының он жетінші және он сегізінші абзацтары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
мынадай мазмұндағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын:
«18-1) таргеттелетін шығындылық - көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша шығындылықтың нысаналы көрсеткішін сипаттайтын, түзету коэффициенттерін есептеу үшін пайдаланылатын коэффициент;»;
2) 5-баптың 4-тармағындағы «Қазақстан» деген сөз «Көлік құралы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық қозғалыста деп есептелетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 9-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары көлік оқиғасына қатысушыларға не олардың өкілдеріне, сондай-ақ сұрау салуы бойынша сақтандыру ұйымдарына, сақтандыру омбудсманына сақтандыру жағдайының, сондай-ақ көлік оқиғасы орнынан жасырынған адам жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына зиян келтірген жағдайдың белгілері бар оқиғаның басталу фактісін растайтын құжаттардың бір-бір данасын, оның ішінде жол оқиғасының схемасымен қоса, жол жүрісі қағидаларының бұзылуы туралы хаттаманың көшірмесін береді.»;
мынадай мазмұндағы 4 және 5-тармақтармен толықтырылсын:
«4. Ақпараттық өзара іс-қимылдың осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген түрлері сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор арқылы электрондық ақпараттық ресурстар алмасу жолымен жүзеге асырылады.
5. Көлік оқиғасы салдарынан жәбірленушінің өміріне зиян келтіру жағдайлары туралы ақпарат алу мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган мен дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жүзеге асырылады.
Пайда алушыны айқындау және өтініш берушінің қайтыс болған адаммен туыстық қатынастарын растайтын мәліметтерге қолжетімділік беру мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай ақпараты бар базаны иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік органның дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен ақпараттық өзара іс-қимылы жүзеге асырылады.
Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген ақпаратты осы көлік оқиғасына қатысушымен көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға жібереді.»;
4) 10-бапта:
3-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушы сақтанушыға көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.»;
5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5-1. Сақтанушының қалауы бойынша көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушыға жүгіну не сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалуы мүмкін.»;
18-тармақтың 4) тармақшасының алтыншы абзацы 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
10-тармақ алып тасталсын;
18-тармақтың 5) тармақшасы 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) 12-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«12-1-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
1. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу және олар бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым, сақтандырушы мен сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін сақтандырушының интернет-ресурсы және (немесе) ақпараттық жүйесі пайдаланылады.
Электрондық нысанда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін өтініш беру және көлік оқиғасының жасалғаны туралы хабардар ету, келтірілген зиянның мөлшерін айқындау, мұндай шарт бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан (сақтандырылушыдан, пайда алушыдан) мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.
Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында электрондық нысанда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымының интернет-ресурсына сілтеме орналастырылады.
2. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым мен сақтандырушы, сақтандырушы мен сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және ол бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтандырушы:
1) сақтанушыға көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы хабарламаны электрондық хабар түрінде дереу жөнелтуді;
2) реттеу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартуды (бас тарту себептерін көрсете отырып) қоса алғанда, сақтандыру жағдайын реттеу процесінің негізгі кезеңдері туралы сақтанушыны (сақтандырылушыны) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен электрондық хабар түрінде хабардар етуді;
3) сақтанушының (сақтандырылушының) жасалған көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
4) сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
5) сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, электрондық нысанда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының және ол бойынша сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпараттың сақталуын;
6) сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға):
көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу;
көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату;
сақтандыру жағдайының (көлік оқиғасының) басталғаны туралы хабардар ету;
келтірілген зиян мөлшерін айқындау;
сақтандыру төлемін алу;
осы Заңның 29-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін қажетті электрондық нысандағы ақпаратты (өтініштер, хабарламалар және (немесе) өзге де құжаттар, мәліметтер) жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және ол бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және ол бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу туралы хабарламалардың тәртібі мен мазмұнына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасасу кезінде сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтанушы - заңды тұлға сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда, бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап жасалды деп есептеледі.
5. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасасу кезінде сақтанушы осы Заңда көзделген сақтандыру талаптарымен танысқаннан кейін сақтандыру сыйлықақысын төлейді, сол арқылы ол өзіне ұсынылған талаптармен қосылу шартын жасасуға өзінің келісетінін растайды.
6. Сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып, сақтандырушы көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және ол бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу мүмкіндігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.
7. Сақтандыру агенттерінің көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қызметіне жол берілмейді.»;
6) 13-баптың 4-тармағының 2) тармақшасы алып тасталсын;
7) 15-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы баптың 3-тармағында көзделген талап сақталмаған кезде сақтандырушының көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін мынадай мөлшерлерде ұстап қалуға құқығы бар:
Р/с № | Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты күшіне енген кезден бастап оны мерзімінен бұрын тоқтатқан кезге дейін өткен мерзім (көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жасалған мерзімнен пайызбен) | Сақтандырушы ұстап қалатын сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша төленген сақтандыру сыйлық ақысынан пайызбен) |
1 | 2 | 3 |
1 | 4-ке дейін (4-ті қоспағанда) | 15 |
2 | 4-тен 8-ге дейін (8-ді қоспағанда) | 20 |
3 | 8-ден 17-ге дейін (17-ні қоспағанда) | 30 |
4 | 17-ден 25-ке дейін (25-ті қоспағанда) | 40 |
5 | 25-тен 33-ке дейін (33-ті қоспағанда) | 50 |
6 | 33-тен 42-ге дейін (42-ні қоспағанда) | 60 |
7 | 42-ден 50-ге дейін (50-ді қоспағанда) | 70 |
8 | 50-ден 58-ге дейін (58-ді қоспағанда) | 75 |
9 | 58-ден 67-ге дейін (67-ні қоспағанда) | 80 |
10 | 67-ден 75-ке дейін (75-ті қоспағанда) | 85 |
11 | 75-тен 83-ке дейін (83-ті қоспағанда) | 90 |
12 | 83-тен 92-ге дейін (92-ні қоспағанда) | 95 |
13 | 92 және одан жоғары | 100 |
»:
8) 16-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Сақтанушының (сақтандырылушының) құқықтары мен міндеттері»;
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Сақтанушы (сақтандырылушы):
1) сақтандырушыдан көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандырудың талаптарын, көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;
2) дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан дерекқорда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және ол бойынша сақтандыру жағдайы (көлік оқиғасы) туралы мәліметтердің бар-жоғы туралы ақпаратты сұратуға (сақтандыру жағдайы (көлік оқиғасы) бойынша мәліметтерді сұрату бөлігіндегі осы құқық пайда алушыға да қолданылады);
3) сақтандырушы жүргізген, келтірілген зиянның және сақтандырушы, оның ішінде сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырған сақтандыру төлемінің мөлшерлерін айқындау нәтижелерімен танысуға;
4) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға (бұл құқық сақтанушыға ғана қолданылады);
5) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 29-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
6) өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, оның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі, өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі, интернет-ресурсы арқылы) жіберуге;
7) сақтандыру төлемін осы Заңда көзделген жағдайларда алуға құқылы.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында сақтанушының (сақтандырылушының) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.»;
2-тармақтың бірінші бөлігінде:
1), 3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушыға өзі, сақтандыру полисіне енгізілетін әрбір сақтандырылушы, көлік құралы (құралдары), қосарланған сақтандыру, көлік құралын маусымдық пайдалану, Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келу және сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін азайтуға берілген құқық туралы мәліметтерді және өтінішке енгізу үшін қажетті өзге де мәліметтерді және өтініште көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін осы Заңда көзделген тәртіппен ұсынуға;»;
«3) көлік оқиғасының басталғаны туралы өзіне белгілі болғаннан бастап дереу, бірақ бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыны жазбаша нысанда (қолма-қол не электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы) хабардар етуге міндетті. Сақтанушы мен сақтандырылушы сол бір тұлға болып табылмайтын жағдайларда, онда сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар беру жөніндегі міндет сақтандырылушыға жүктеледі. Егер сақтанушының (сақтандырылушының) дәлелді себептермен көрсетілген әрекеттерді орындау мүмкіндігі болмаса, ол мұны құжаттармен растауға тиіс;
4) көлік оқиғасын жасаған кезде жәбірленушілерге және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлеріне көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушының атауын хабарлауға;»;
7) тармақша алып тасталсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Сақтанушының осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 4), 5), 6) және 6-1) тармақшаларында көрсетілген міндеттері көлік оқиғасы болған кезде көлік құралын тікелей жүргізген адамға жүктеледі.»;
9) 17-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген мәліметтерден басқа, осы Заңға сәйкес осындай шартқа енгізу үшін қажетті мәліметтер ұсынуды талап етуге;
2) тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретін негізге ала отырып, сақтандыру жағдайының басталу (көлік оқиғасының жасалу) фактісін және жәбірленушілерге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттарды сұратуға;»;
2-тармақтың бірінші бөлігінде:
5), 7-1) және 7-2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«5) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырып қорғаудың қолданысы кезеңінде жасалған көлік оқиғасы туралы хабардар етілген кезінде оны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес дереу тіркеуге және осы көлік оқиғасы бойынша мәліметтерді дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ұсынуға;»;
«7-1) осы Заңның 26-1-бабында көзделген тәртіппен келтірілген зиянды өтеу туралы талаппен жазбаша нысанда өтініш жасалған кезде, осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде келтірілген зиянның өтемін жүргізуге;
7-2) сақтанушыдан (жәбірленушіден, пайда алушыдан) көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындаған дауды қарауға өтініш алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (жәбірленушінің, пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;»;
мынадай мазмұндағы 7-4) тармақшамен толықтырылсын:
«7-4) осы Заңның 9-бабының 5-тармағында көзделген ақпаратты алған кезде уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайын реттеу жөнінде шаралар қабылдауға;»;
10) 19-бапта:
18-тармақтың 10) тармақшасының екінші - жетінші абзацтары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген, көлік құралын тіркеу аумағы бойынша коэффициенттерге сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін түзету коэффициенттері қосымша қолданылады.
Түзету коэффициенттерін есептеуді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, көлік құралын тіркеу аумағы бойынша шығындылық көрсеткіштерін, таргеттелетін шығындылық пен анықтық факторын ескере отырып, дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым жүргізеді.
Таргеттелетін шығындылықты, анықтық факторын және түзету коэффициенттерін уәкілетті орган бекітеді және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзімдерде уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Таргеттелетін шығындылықтың мәні алпыс пайыздан сексен пайызға дейінгі диапазонда болуға тиіс.
Сақтандырушы түзету коэффициенттерін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен, осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес есептелген мәндердің он пайызынан асырмай ұлғайтуға немесе азайтуға құқылы.»;
4 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген облыстардағы өзге де қалалар мен елді мекендер үшін жылдық сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін 0,8 мөлшеріндегі түзету коэффициенті қосымша пайдаланылады.»;
«10. «Бонус-малус» жүйесі бойынша коэффициентті есептеу және қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.»;
11, 12 және 13-тармақтар алып тасталсын;
11) 20-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін азайту
Көлік құралдарының иелері - Ұлы Отан соғысына қатысушылар және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер стандартты шарт жасасқан кезде осы Заңның 19-бабына сәйкес есептелген, төленуге жататын сақтандыру сыйлықақысының елу пайызы мөлшерінде сақтандыру сыйлықақыларын төлейді.
Егер көлік құралын осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар санатына жатпайтын басқа иелер де пайдаланатын болса, онда көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру мұндай жеңілдік берілмей жүзеге асырылады.»;
12) 22-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындауды сақтандырушы не ол тартқан бағалаушы қызмет көрсету туралы шарттың негізінде лицензиялық мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды қолдана отырып жүзеге асырады.
Мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға қойылатын талаптар және мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Сақтандырушы және сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) келтірілген зиян мөлшерін айқындау туралы өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бүлінген мүлікті қарап-тексерудің жүргізілетін күнін, уақытын және орнын келіседі. Бұл ретте бүлінген мүлікті қарап-тексеру көрсетілген өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізілуге тиіс.
Егер бүлінген мүлікті қарап-тексеру сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) кінәсінен немесе тараптардың еркінен тыс мән-жайларға байланысты жүргізілмеген жағдайда, сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) сақтандырушыға келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы өтінішпен қайтадан жүгінеді.
Мүлікке келтірілген зиян мөлшерін айқындауды сақтандырушы бүлінген мүлік қарап-тексерілген және қарап тексеру актісі жасалған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.»;
3-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Егер сақтандырушы келтірілген зиянның мөлшерін осы баптың 3-тармағының бесінші бөлігінде белгіленген мерзімде айқындамаса, онда сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбірленуші (пайда алушы) немесе олардың өкілдері бағалаушының көрсетілетін қызметтерін пайдалануы және мүлікті қалпына келтіруді (кәдеге жаратуды) бастауы мүмкін. Бағалаушының көрсетілетін қызметтері үшін сақтанушы (сақтандырылушы) не жәбірленуші (пайда алушы) немесе олардың өкілдері шеккен шығындар, сақтандыру төлеміне қарамастан, сақтандырушының өтеуіне жатады.»;
4 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Сақтандырушы осы бапқа сәйкес айқындалған зиян мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асырады.»;
«6. Сақтандыру жағдайын қасақана жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемін заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.»;
18-тармақтың 13) тармақшасы 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
13) мынадай мазмұндағы 22-2-баппен толықтырылсын:
«22-2-бап. Сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі
1. Көлік оқиғасы жасалған кезде өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жәбірленушілер болмаған жағдайда, оған қатысушылар бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде:
1) көлік оқиғасы екі көлік құралының (тіркемелері (жартылай тіркемелері) бар көлік құралдарын қоса алғанда) өзара жанасуы (соқтығысуы) салдарынан болса, осы көлік оқиғасы жасалған кезде иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі осы Заңға сәйкес сақтандырылған болса;