Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві және қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары жеткіліксіз болған жағдайда, уәкілетті органмен келісу бойынша Қордың директорлар кеңесі айқындаған тәртіппен Қордың меншікті капиталы пайдаланылады.
Осы Заңда көзделген, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін зиянды өтеу резерві жеткіліксіз болған жағдайда, Қор ағымдағы тоқсанның соңына дейін Қордың директорлар кеңесі белгілеген мөлшерде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын пайдалануға құқылы. Қор сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервін қалпына келтіру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің пайдаланылған сомасы мөлшерінде қатысушы-сақтандыру ұйымдарынан түсетін төтенше жарналарды тартады.
Қордың директорлар кеңесі айқындаған тәртіппен, пайдаланылған соманың орнын толтыруды, оның ішінде сақтандырудың қай саласы бойынша кепілдік берілетініне қарай, «жалпы сақтандыру» саласы не «өмірді сақтандыру» саласы бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналарын тарту есебінен толтыруды ескере отырып, «жалпы сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын «өмірді сақтандыру» саласы бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында пайдалануға және керісінше, «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын «жалпы сақтандыру» саласы бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында пайдалануға жол беріледі.
4. Осы Заңның 7-бабының 2-1-тармағында көрсетілген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтау сақтандыру шарттары бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері соңғы есепті күнге сақтандырудың осы түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қалыптастырылған сақтандыру резервтерінің жалпы көлеміндегі қатысушы-сақтандыру ұйымы қалыптастырған сақтандыру резервтерінің үлесіне пропорционалды түрде айқындалады.
Сақтандырудың басқа кепілдік берілетін түрлері бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері ағымдағы есепті кезеңде сақтандырудың осы түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі өзі жасасқан сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесіне пропорционалды түрде айқындалады.
5. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві, төтенше жарналар және Қордың меншікті капиталы жеткіліксіз болған кезде Қорға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де ұйымдар қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары есебінен өтелуге жататын қарыз беруге құқылы.»;
14) 13-баптың 1-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымы осы Заңның 7-бабының 2-1-тармағында көрсетілген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтау сақтандыру шарттары бойынша шартты міндеттемелердің мөлшерін қалыптастырылған сақтандыру резервтерінің көлемін және шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін негізге ала отырып есептейді.»;
15) 14-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қор төленген міндетті және (немесе) төтенше жарналардың мөлшері бойынша Қордың ішкі құжаттарына сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымымен салыстырып-тексеруді жүзеге асырады.
Міндетті және (немесе) төтенше жарналар толық көлемде төленбеген жағдайда, Қор төлеу мерзімі басталған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қатысушы-сақтандыру ұйымының осы Заң бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.»;
16) 15-баптың тақырыбы, 1, 2, 3, 6, 7, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап. Сақтандырудың міндетті түрлері және мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жасалған өмірді сақтандыру шарттары бойынша кепілдік төлемді жүзеге асыру негіздері мен тәртібі
1. Кепілдік төлемді жүзеге асыру бойынша Қорға талап ету құқығы кредиторда уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру және уақытша әкімшілік тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап туындайды.
Кредиторлардың:
1) таратылатын сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемінен құқыққа сыйымсыз бас тартқан (толық немесе ішінара) не оны толық көлемде жүзеге асырмаған сақтандыру шарттары бойынша уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру және уақытша әкімшілік тағайындау туралы шешім қабылдағанға дейінгі кезеңде барлық басталған сақтандыру жағдайлары бойынша;
2) уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру және уақытша әкімшілік тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін беру (қабылдау) күніне дейінгі кезеңде басталған сақтандыру жағдайлары бойынша;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы таратылғаннан кейін басталуы туралы мәлімделген және олар бойынша міндеттемелер таратылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелінің құрамында берілмеген сақтандыру жағдайлары бойынша кепілдік төлемді алуға құқығы бар.
2. Кредиторда осы баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздерде Қорға талап ету құқығы туындаған кезде кредитор уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру және уақытша әкімшілік тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен екі ай өткенге дейінгі кезеңде Қорға кепілдік төлемін жүзеге асыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы.
Таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелі «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай өткенге дейін берілген (қабылданған) жағдайда, кредитор таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін қабылдаған қатысушы-сақтандыру ұйымына кепілдік төлемді жүзеге асыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Растайтын құжаттар болмаған жағдайда кредитор таратылатын сақтандыру ұйымының уақытша әкімшілігіне немесе мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына тиісті құжаттарды Қорға немесе таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру портфелін қабылдаған қатысушы-сақтандыру ұйымына беру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде кредитор кепілдік төлемді жүзеге асыру туралы талаппен тікелей Қорға не қатысушы-сақтандыру ұйымына жүгінуге құқылы.
Осы баптың 2-тармағына және 3-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес кредитордың талабын алғаннан кейін Қор не қатысушы-сақтандыру ұйымы Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) сақтандыру шартында көзделген тәртіппен сақтандыру жағдайын және келтірілген зиянның мөлшерін айқындау жөнінде жұмыс жүргізуге міндетті.»;
«6. Кепілдік төлемдердің ерекшеліктері, тәртібі және мөлшерлері осы Заңға және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес айқындалады.
7. Кредитордың моральдық залалы, алынбаған пайдасы, сақтандыру шарты бойынша тұрақсыздық айыбы және осы баптың 5-тармағында көзделген шығыстарды қоспағанда, өзге де, оның ішінде таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан сот тәртібімен бұрын өндіріп алынған шығыстар кепілдік төлеммен жабылмайды.»;
«9. Таратылатын қатысушы-сақтандыру ұйымының кредиторына кепілдік төлем жүзеге асырылған күннен бастап сақтандыру шарты бойынша кредитордың талап ету құқығы жүзеге асырылған кепілдік төлем көлемінде Қорға ауысады.
Қор кредитордың өзіне ауысқан талап ету құқығын, сондай-ақ кепілдік төлемді жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі талапты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, таратылатын сақтандыру ұйымының тарату комиссиясына (бұдан әрі - тарату комиссиясы) немесе сот уәкілетті органның қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдаған жағдайда, осы қатысушы-сақтандыру ұйымына қояды.
10. Уәкілетті органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімінің көшірмесін алған күннен бастап Қор басталған сақтандыру жағдайлары бойынша таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кредиторларына кепілдік төлемдерді жүзеге асыру туралы хабарды қазақ және орыс тілдерінде:
1) Қордың интернет-ресурсында екі жұмыс күні;
2) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында және қазақстандық ақпараттық интернет-ресурстарында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында он жұмыс күні ішінде жариялайды.»;
17) 15-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«15-1-бап. Сақтандырудың кепілдік берілетін аннуитеттік сыныптары бойынша кепілдік төлемді жүзеге асыру негіздері мен тәртібі
1. Кепілдік төлемді жүзеге асыру бойынша Қорға талап ету құқығы кредиторда уәкілетті органның сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдау негізі бойынша ол тағайындаған уақытша әкімшілік Қорға «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес кепілдік берілетін сақтандыру шарттарының тізілімін берген күннен бастап екі жұмыс күні өткен соң туындайды.
2. Кредиторлардың:
1) уәкілетті органның сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдау негізі бойынша ол уақытша әкімшілікті тағайындаған кезге қолданыста болатын, «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша;
2) уәкілетті орган уақытша әкімшілікті тағайындаған күннен бастап заңды тұлғаның (жұмыс берушінің) қызметі тоқтатылған (таратылған) кезде жұмыскердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге немесе ұзартуға (қайта куәландыруға) байланысты жасалған аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша кепілдік төлемді алуға құқығы бар.
Кредиторлардың осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кепілдік төлемдерді алу құқықтары «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен, таратылатын қатысушы-сақтандыру ұйымының сақтандыру портфелі «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар басқа сақтандыру ұйымына берілген күнге дейін қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша кепілдік төлемді жүзеге асыру бойынша Қорға талап ету құқығының туындауына байланысты жеке тұлға Қорға жүгінген жағдайда, Қор кепілдік төлемді осы Заңда көзделген тәртіппен және шарттарда сақтандыру ұйымының уақытша әкімшілігінен алынған құжаттар негізінде жүзеге асырады.
3. Қор уақытша әкімшіліктен сақтандыру шарттарының тізілімін алғаннан кейін екі жұмыс күні өткен соң осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген сақтандыру шарттары бойынша кепілдік төлемдердің үздіксіздігі мен уақтылылығын қамтамасыз етеді.
Кредитор осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдай басталған кезде «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензиясы бар басқа сақтандыру ұйымына жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберінде аннуитеттік сақтандыру шартын жасасу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеуді Қор уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырады.
Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша жасалған аннуитеттік сақтандыру шартының қолданысы өткен соң жұмыскердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе ұзарту (қайта куәландыру) салдарынан кейінгі аннуитеттік сақтандыру шарты жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру портфелін қабылдаған сақтандыру ұйымымен жасалуға жатады.
4. Қор осы Заңның 7-бабының 2-2-тармағында көзделген кепілдік төлемді жүзеге асырудан бас тартуға құқылы емес.
5. Кредиторларға осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген кепілдік төлемді тікелей Қор жүзеге асырады немесе банк-агент арқылы кредитордың банктік шотына қолма-қол ақшасыз нысанда не тараптардың келісімі бойынша қолма-қол ақшамен жүзеге асырылады.
6. Таратылатын сақтандыру ұйымының кредиторына кепілдік төлем жүзеге асырылған күннен бастап сақтандыру шарты бойынша кредитордың талап ету құқығы жүзеге асырылған кепілдік төлем көлемінде Қорға ауысады.
Қор кредитордың өзіне ауысқан талап ету құқығын, сондай-ақ кепілдік төлемді жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі талапты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының тарату қомиссиясына немесе сот уәкілетті органның қатысушы-сақтандыру ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдаған жағдайда, осы қатысушы-сақтандыру ұйымына қояды.
7. Уәкілетті органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімінің көшірмесін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қор кредиторларға кепілдік төлемдерді жүзеге асыру күні туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында, қазақстандық ақпараттық интернет-ресурстарда және Қордың интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.»;
18) 17-1-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
3-тармақ алып тасталсын;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Қор жәбірленушіні жерлеуді жүзеге асырған адамға осы Заңның 17-2-бабы 2-тармағының 1), 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген құжаттар қоса берілген жазбаша өтініштің негізінде «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтейді.»;
19) 17-2-бапта:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдер «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады.»;
9-тармақтың бірінші бөлігінде:
бірінші абзацта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;
2) тармақша алып тасталсын;
4) тармақшадағы «бас тартуға құқылы» деген сөздер «бас тартады» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 11-тармақпен толықтырылсын:
«11. Зиянды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін Қор «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалыптастырылатын сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордан сақтандыру есептерін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сұратады және алады.»;
20) 17-5-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«17-5-бап. Бастапқы бір реттік, қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау
1. Бастапқы бір реттік, қосымша жарналар толық көлемде төленбеген жағдайда, Қор қатысушы-сақтандыру ұйымының осы Заң бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы уәкілетті органға төлеу мерзімі басталған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
2. Уәкілетті орган қатысушы-сақтандыру ұйымының бастапқы бір реттік, қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы Қордың хабарxатын алған кезде мұндай сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген санкциялар мен қадағалап ден қою шараларын қолдануға құқылы.»;
21) 18-бапта:
1-тармақта:
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) осы Заңның 8-1-бабына сәйкес комиссиялық сыйақы алуға;»;
мынадай мазмұндағы 8), 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
«8) қатысушы-сақтандыру ұйымынан Қордың директорлар кеңесі айқындаған мерзімдерде және көлемде ақпаратты, оның ішінде сақтандыру және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) бойынша оның міндеттемелері жөніндегі мәліметтерді сұратуға және алуға;
9) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасынан осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген өз функциясын жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
10) дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 4-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.»;
2-тармақта:
1-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1) «жалпы сақтандыру» және «өмірді сақтандыру» салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерін есепке алуды бөлек жүргізуге;»;
мынадай мазмұндағы 1-2) тармақшамен толықтырылсын:
«1-2) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің, зиянды өтеу резервінің қаражатын есепке алуды Қордың меншікті активтерінен бөлек жүргізуге;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тізбесі, нысандары, ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленетін қаржылық және өзге де есептілікті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынуға;»;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) аудиторлық ұйым растаған жылдық қаржылық есептілікті жыл сайын жариялауға;»;
22) 19-бапта:
1-тармақтың бірінші абзацындағы «Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру» деген сөздер «Қатысушы-сақтандыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың бірінші бөлігінде:
бірінші абзацтағы «Қатысу шартына сәйкес қатысушы-сақтандыру» деген сөздер «Қатысушы-сақтандыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) Қорға Қордың директорлар кеңесі айқындаған мерзімдерде және көлемде ақпаратты, оның ішінде сақтандыру және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) бойынша өзінің міндеттемелері жөніндегі мәліметтерді беруге;»;
23) 6-тарау мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:
«21-1-бап. Кепілдік төлемдерді және зиянды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру кезінде делдалдық көрсетілетін қызметтерді реттеу
1. Егер кепілдік төлемді немесе зиянды өтеу бойынша төлемдерді алуға өтініш пен құжаттар Қорға осындай төлемді алу үшін делдалдық қызметтерді көрсететін адамның қатысуымен ұсынылған жағдайда, мұндай құжаттарға қосымша ретінде Қорға осы адамның комиссиялық сыйақысы мөлшері көрсетіле отырып, делдалдық қызметтерді көрсету туралы шарттың нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылуға тиіс.
2. Кепілдік төлемді немесе зиянды өтеу бойынша төлемді алу үшін делдалдық қызметтерді көрсететін адамның комиссиялық сыйақысының мөлшері:
1) «жалпы сақтандыру» саласы бойынша осындай төлем сомасының он пайызынан;
2) «өмірді сақтандыру» саласы бойынша осындай төлем сомасының бір пайызынан аспауға тиіс.».
15. «Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» 2003 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 8-баптың 3 және 4-1-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалады. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған сақтандырушы үшін мұндай шартты жасасу міндетті болып табылады.»;
«4-1. Сақтанушының қалауы бойынша жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушыға жазбаша жүгіну не сақтанушы мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жасалуы мүмкін.»;
15-тармақтың 2) тармақшасы 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) 8-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«8-1-бап. Электрондық ақпараттық ресурстар алмасу арқылы жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
1. Жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасу және олар бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым, сақтандырушы мен сақтанушы (пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін сақтандырушының интернет-ресурсы және (немесе) ақпараттық жүйесі пайдаланылады.
Жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу және сақтандыру жағдайын реттеу үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.
Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында электрондық нысанда жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру жағдайларын реттеу үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымының интернет-ресурсына сілтеме орналастырылады.
2. Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым мен сақтандырушы, сақтандырушы мен сақтанушы (пайда алушы) арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
3. Сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып, жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және олар бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу кезінде сақтандырушы:
1) сақтанушыға жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы хабарламаны электрондық хабар түрінде дереу жіберуді;
2) жағдайды реттеу үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартуды (бас тарту себептерін көрсете отырып) қоса алғанда, сақтандыру жағдайын реттеу процесінің негізгі кезеңдері туралы сақтанушыны (пайда алушыны) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен электрондық хабар түрінде хабардар етуді;
3) сақтанушының жасалған жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
4) сақтанушының (пайда алушының) жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпаратты сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында тексеру мүмкіндігін;
5) сақтанушы (пайда алушы) үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, электрондық нысанда жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының және ол бойынша сақтандыру жағдайы жөніндегі ақпараттың сақталуын;
6) сақтанушының (пайда алушының):
жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасуға;
жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;
сақтандыру жағдайының (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиғаның) басталғаны туралы хабардар етуге;
келтірілген зиян мөлшерін айқындауға;
сақтандыру төлемін алуға;
осы Заңның 19-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеуге қажетті электрондық нысандағы ақпаратты (өтініштер, хабарламалар және (немесе) өзге де құжаттар, мәліметтер) жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Жекеше нотариустардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу және ол бойынша сақтандыру жағдайларын реттеу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.