25) 44-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында білім алып жатқан курсанттарға, тыңдаушыларға каникулдық демалыстар халықаралық шарттарға жəне оқуға арналған келісімшарттарға сəйкес беріледі.»;
26) мынадай мазмұндағы 46-1-баппен толықтырылсын:
«46-1-бап. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс
Қызметкерге баянаты бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тəртіппен бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.»;
27) 49-баптың 1-тармағында:
5) жəне 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«5) арнаулы (əскери) оқу орнынан немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымынан шығарып жіберілген кезде;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде;»;
мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:
«12-1) атқаратын лауазымына сəйкес келмеуіне байланысты қызметтен шығару туралы аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша;»;
28) 50-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Шекті жасқа толған қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Жоғары кəсіби даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тəжірибесі бар жəне денсаулық жағдайы бойынша қызметті өткеруге жарамды қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары олармен жаңа келісімшарт жасасу арқылы қызмет мерзімін бес жылға дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.
Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қызметкердi осы Заңда көзделген негiздер бойынша арнаулы мемлекеттік органдардан шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.»;
29) 51-бапта:
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
«5-1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған адамдардың қызметтен шығару туралы шешімге тиісті бұйрықтан үзінді көшірмемен жазбаша танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей сотқа шағым жасауға құқығы бар.»;
9, 10 жəне 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Арнаулы (əскери) оқу орнынан немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымынан шығарып жіберілуіне байланысты қызметтен шығарылған курсанттар, тыңдаушылар əскерге шақырылушыларды немесе əскери міндеттілерді əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті əскери басқару органдарына жіберіледі. Бұл ретте əскерге шақыру бойынша қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген курсанттар, тыңдаушылар əскерге шақыру бойынша əскери қызмет мерзімі өткенге дейін жалпы негіздерде əскери қызметке одан əрі шақырылады.
10. Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуына байланысты қызметкерлерді қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығару туралы тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен уəкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды тіркеген күннен бастап уəкілетті басшының шешімімен жүргізіледі.»;
«12. Қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару осы Заңға сəйкес арнаулы мемлекеттік органның Жоғары аттестаттау комиссиясының немесе аттестаттау комиссиясының жоспардан тыс отырысында осы фактілерді қарағаннан кейін жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:
«13-1. Уəкілетті басшы бекіткен аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша атқаратын лауазымына сəйкес келмеуіне байланысты қызметтен шығару уəкілетті басшының бұйрығымен жүргізіледі.»;
14-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді, оларды жеткізгіштерді жария етуге немесе жоғалтуға əкеп соққан, құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзу;»;
30) 54-баптың 2-тармағындағы «арнайы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
31) 55-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) қызметкерлерге орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар əзірлеу.»;
32) 56-бапта:
1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Аттестаттауға жататын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді.»;
3-тармақ алып тасталсын;
4-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік тілді білуіне аттестаттық тестілеу жəне психологиялық-əлеуметтік зерттеулер жүргізу;»;
33) мынадай мазмұндағы 56-1-баппен толықтырылсын:
«56-1-бап. Қызметкерлерді жоспардан тыс аттестаттау
1. Жоспардан тыс аттестаттау Жоғары аттестаттау комиссиясының отырыстарында қаралатын қызметкерлер үшін - арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша, басқа қызметкерлер үшін уəкілетті басшының шешімі бойынша өткізіледі.
2. Жоспардан тыс аттестаттауды өткізу негіздері:
1) қызметкерді кадр резервіне қабылдау туралы;
2) қызметкерді төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы;
3) қызметкерді келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару туралы мəселелерді шешу болып табылады.
Қызметкерді кадр резервіне қабылдау туралы мəселені шешу үшін жоспардан тыс аттестаттау жоспарлы аттестаттауды өткізудің белгіленген мерзімінің кемінде үштен бірі өткен соң өткізілуге тиіс.»;
34) 57-бапта:
5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Аттестатталушының тікелей басшысы аттестатталатын қызметкердің кəсіби, іскерлік жəне жеке басының қасиеттерін жан-жақты зерделеп, атқарып отырған лауазымы бойынша жұмысының нақты көрсеткіштерін объективті түрде талдап жəне бағалап, оған мінездеме беруге жəне аттестаттау бойынша алдын ала тұжырымдар мен ұсынымдар жасауға міндетті.»;
7-тармақтың екінші бөлігінде:
бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«ауыстыру себебін көрсете отырып, тең лауазымға ауыстыру туралы;»;
алтыншы абзац алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 10 жəне 11-тармақтармен толықтырылсын:
«10. Дəлелсіз себеппен аттестаттау комиссиясының отырысына екі рет келмеген қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.
11. Кезекті (жоспардан тыс) аттестаттаудан өтпеген жəне (немесе) өзге, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметті жалғастырудан бас тартқан қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен қызметтен шығарылуға жатады.»;
35) 58-баптың 2, 3 жəне 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс. Аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлерге қарағанда тең немесе жоғары тұрған лауазымды атқаруға тиіс. Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді. Аттестаттау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда отырыс өткізілмейді.
3. Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы болып арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бірінші орынбасары немесе орынбасары тағайындалады.
4. Аттестаттау комиссиясының құрамына - органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жəне өзге де қызметкерлер, ал Жоғары аттестаттау комиссиясына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарлары жəне басқа да лауазымды адамдар енгізіледі. Аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы жалпы негіздерде аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау комиссиясының аттестаттауға жататын мүшелері өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.»;
36) 59 жəне 60-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«59-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары
1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын уəкілетті басшы бекітеді.
Жоғары аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
2. Уəкілетті басшы бекіткен аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары қызметкерді кадр резервіне қабылдауға, тең лауазымға тағайындауға, қызметкердің лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіздер болып табылады.
60-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына шағым жасау
1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына қызметкер танысқан күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей уəкілетті басшының немесе арнаулы мемлекеттік орган бірінші басшысының алдында шағым жасай алады.
2. Уəкілетті басшы немесе арнаулы мемлекеттік органның басшысы қызметкерді аттестаттаудан өткізу тəртібінің бұзылғаны туралы анық мəліметтерді алған жағдайда, өткізілген аттестаттау нəтижелерінің күшін жоюға жəне қажет болған кезде, оны қайтадан өткізуді тағайындауға құқылы.»;
37) 65-бапта:
21-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Баяндаудан кейін уəкілетті лауазымды адам өзіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілген қызметкерді қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен таныстырып, қызметтік тергеп-тексеру тұжырымдарымен жəне ұсыныстарымен оның келісетінін немесе келіспейтінін міндетті түрде көрсете отырып, қолын қойғызып алуға міндетті.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер осы тармаққа сəйкес қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, уəкілетті лауазымды адам акт жасайды.»;
22-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) қызметтiк тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен, егер бұл мемлекеттiк құпияларды жəне заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мəлiметтердi жария етпеу талаптарына қайшы келмесе, танысуға құқылы.»;
38) 66-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«66-бап. Тəртіптік комиссияны қалыптастыру жəне оның жұмыс тəртібі
1. Тəртіптік комиссия теріс қылық жасаудың мəн-жайларын жан-жақты, толық жəне объективті түрде анықтау жəне оны жасаған адамды жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында, қызметкердің теріс қылығына қатысты қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау жəне фактілерді зерттеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Тəртіптік комиссияның мүшелері бөлімшенің жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым тəжірибелі жəне беделге ие офицерлер арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады. Тəртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ болуға жəне кемінде үш адам болуға тиіс, олардың біреуі төраға болып табылады.
3. Тəртіптік комиссияның құрамы уəкілетті басшының бұйрығымен бекітіледі. Тəртіптік комиссияның төрағасы болып уəкілетті басшы орынбасарларының біреуі тағайындалады. Бөлімшенің кадр аппаратының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тəртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
4. Уəкілетті басшылар мен олардың орынбасарларының теріс қылықтары арнаулы мемлекеттік органның тəртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары - жоғары офицерлер қатарынан ғана тұратын тəртіптік комиссияда, аға офицерлердің теріс қылықтары аға офицерлер қатарынан тұратын тəртіптік комиссияда қаралады.
5. Тəртіптік комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
Тəртіптік комиссияның отырыстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі, бірақ кемінде үш адам болған кезде құқықты болады. Тəртіптік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
6. Тəртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тəртiбi туралы отырысқа дейiн хабардар етiлуге жəне отырыс материалдарымен таныстырылуға тиiс.
7. Тəртiптiк комиссияның мүшесi өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының терiс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тəртiптiк комиссия мүшесiнiң тиiстi шешiм қабылдауға тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар деп пайымдауға негіздер болса, қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарауға жəне фактілердi зерттеуге қатысуға құқылы емес.
8. Тəртiптiк комиссияның мүшелерiне қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарау барысында өздеріне белгiлi болған мəлiметтердi жария етуге тыйым салынады.
9. Тəртiптiк комиссияның отырысына өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердің қатысуы мiндеттi.
Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеген жағдайда, бұл факт тəртіптік комиссия отырысының хаттамасында көрсетіледі.
Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкердің тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеуі жаза қолдану туралы шешім қабылдау үшін кедергі болмайды.
10. Тəртiптiк комиссия терiс қылыққа қатысты қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарайды жəне фактілердi зерттейдi. Тəртiптiк комиссия өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердiң жəне қызметтiк тергеп-тексеруді жүргiзген уəкілетті лауазымды адамдардың түсiнiктемелерiн тыңдауы мүмкiн.
Қажет болған кезде, тəртiптiк комиссияның куəлар мен мамандарды тыңдауға, терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты материалдарды сұратуға жəне кез келген фактіні зерттеуге құқығы бар.
11. Тəртiптiк комиссияның ұсыныстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Тəртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға жəне дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.
Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
12. Тəртiптiк комиссия қызметтiк тергеп-тексеру материалдары келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердің тəртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныстар енгiзедi.
Тəртіптік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тəртіптік комиссияның төрағасы, мүшелері мен хатшы қол қояды.»;
39) 67-баптың 5, 6, 7, 8 жəне 9-тармақтары алып тасталсын;
40) 68-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Қызметтегi, кəсіби-қызметтік даярлықты жəне тəрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бітіргеннен кейiн қызмет өткеру үшiн келген қызметкерлерге тəртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға рұқсат етіледі.»;
41) 73-бапта:
1-тармақтағы «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қызметкерлер қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып жəне арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тəртіппен, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін нормалар бойынша мемлекет есебінен арнаулы киім нысанымен жəне басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.»;
екінші бөліктегі «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
5-тармақтың бірінші бөлігіндегі «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
6 жəне 7-тармақтардағы «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
42) 74-баптағы «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
43) 77-бапта:
тақырыптағы, 1, 2 жəне 3-тармақтарындағы, 4-тармағының бірінші бөлігіндегі, 5-тармағындағы «Арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарын, тыңдаушыларын», «Арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары», «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары», «Арнаулы (əскери) оқу орындарының бiрiншi жəне екiншi курстар курсанттарына», «Арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары», «Арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарына» деген сөздер тиісінше «Курсанттарды, тыңдаушыларды», «Курсанттар, тыңдаушылар», «курсанттар, тыңдаушылар», «Бірінші жəне екінші курстар курсанттарына, тыңдаушыларына», «Курсанттар, тыңдаушылар», «Курсанттарға, тыңдаушыларға» деген сөздермен ауыстырылсын;
6-тармағындағы, 7-тармағының бірінші бөлігіндегі, 8-тармағының бірінші бөлігіндегі «Арнаулы (əскери) оқу орнының курсанты», «Арнаулы (əскери) оқу орнының курсантына», «Арнаулы (əскери) оқу орнының курсанты» деген сөздер тиісінше «Курсант, тыңдаушы», «Курсантқа, тыңдаушыға», «Курсант, тыңдаушы» деген сөздермен ауыстырылсын;
44) 78-баптың 4-тармағының бірінші бөлігіндегі «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
45) 79-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарынан» деген сөздер «курсанттардан, тыңдаушылардан» деген сөздермен ауыстырылсын;
46) 80-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерген кезеңде алған жарақаты (контузиясы), ауруы салдарынан қызметтен шығарылғаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлерiне қаза тапқан күнi немесе қызметтен шығарылған күні соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай жабдықталым мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.»;
47) 84-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Арнаулы мемлекеттік органдардың мүлкі республикалық мүлік болып табылады жəне жедел басқару құқығында болады.»;
48) 85-баптың 5-тармағындағы «арнаулы (əскери) оқу орындарының курсанттарын, тыңдаушыларын» деген сөздер «курсанттарды, тыңдаушыларды» деген сөздермен ауыстырылсын.
16. «Əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2012 ж., № 5, 40-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 2, 10-құжат; № 3, 15-құжат; № 14, 72-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 8, 49-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2015 ж., № 11, 56-құжат; № 15, 78-құжат; № 19-І, 100-құжат; № 21-ІІІ, 135-құжат; № 23-ІІ, 170-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адъюнкт - жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шетелдік əскери оқу орнында білім алып жатқан офицерлер жəне сержанттар (старшиналар) құрамдарының əскери қызметшісі;
2) ауыспалы құрам - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан əрі - Қарулы Күштер) штат санына кірмейтін əскери оқу орындарында білім алып жатқан Қарулы Күштер əскери қызметшілерінің санаты;
3) əскерге шақыру бойынша əскери қызмет өткеретін əскери қызметшілер - осы Заңда айқындалатын мерзімге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарына (бұдан əрі - Қарулы күштер, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар) əскери қызметке шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтары;
4) əскерге шақыруды кейінге қалдыру - осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды əскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру;
5) əскерге шақыру жасына дейінгілер - əскери есепке алынғанға дейін əскери қызметке даярлықтан өтетін Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
6) əскерге шақырылушылар - жергілікті əскери басқару органдарының əскерге шақыру учаскелеріне тіркелген жəне мерзімді əскери қызметке шақырылуға жататын Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
7) əскери атақ - əскери қызметшіге жəне əскери міндеттіге берілетін əскери айырым белгісі;
8) əскери билет - азаматтың əскери қызметке тиесілігін жəне əскери міндеттілікке қатыстылығын айқындайтын бірыңғай мерзімсіз жеке есептік-əскери құжаты;
9) əскери бөлімнің штаты - жеке құрамның құрамын, ұйымдастырушылық-штаттық құрылымын, санын жəне қару-жарақ кадастрына сəйкес бекітіп берілген негізгі қару-жарақ пен əскери техника санын айқындайтын құжат;
10) əскери есепке алу - əскерге шақырылушылар, əскери қызметшілер мен жұмылдыру ресурстары туралы сандық жəне сапалық деректерді есепке алу жəне талдау жүйесі;
11) əскери жиындар - əскери міндеттілер мен азаматтардың əскери білім алуы жəне оны жетілдіруі мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда əскери басқару органдары, уəкілетті мемлекеттік органдар əскери даярлық бойынша өткізетін іс-шаралар.
Əскери жиындар:
оқу-жаттығу жиындары - əскери міндеттілерді, əскери оқу орындарына түскен кезде əскерге шақырылушыларды жəне əскери кафедралардың студенттерін даярлау жəне қайта даярлау мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі;
тексеру жиындары - соғыс уақытының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымында міндеттерді орындауға арналған, əскери бөлімдердің əзірлігін тексеру мақсатында өткізілетін əскери жиындар түрі;
арнайы жиындар - төтенше жағдай режимін енгізу жəне қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында жəне Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін əскери жиындар түрі болып бөлінеді;
12) əскери интерн - əскери интернатурада білім алып жатқан əскери қызметші;
13) əскери интернатура - жоғары əскери оқу орнының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыратын, клиникалық практикаға рұқсат алу үшін əскери қызметшілерді базалық жоғары медициналық білім беру шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны;
14) əскери кафедра - запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша азаматтарды əскери даярлауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының жанындағы кафедра;
15) əскери киім нысаны - Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен, əскери қызметшілердің Қарулы Күштерге, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарға тиесілігін айқындайтын, ерекшелік жəне айырым белгілері бар нысанды киім (киім-кешек) жəне жабдық;
16) əскери қызмет - егемендікті, аумақтық тұтастықты жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғаумен байланысты əскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қарулы Күштер, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар əскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі;
17) əскери қызмет мерзімі - Қарулы Күштерде, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарда əскери қызметші мəртебесінде əскери қызмет өткерудің бүкіл кезеңі;
18) əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт - уəкілетті орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы азаматтың əскери қызметті өткеру кезеңіне тараптардың құқықтарын, міндеттерін жəне жауапкершілігін белгілейтін ерікті түрде əскери қызмет өткеру туралы шарт;
19) əскери қызметтен шығару - əскери қызметшіні осы Заңда көзделген негіздер бойынша запасқа қойып немесе отставкаға шығара отырып, əскери бөлімнің тізімдерінен алып тастау;
20) əскери қызметшілер - Қарулы Күштерде, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарда əскери қызметте болатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
21) əскери лауазым - əскери қызмет функцияларын орындау үшін лауазымдық өкілеттіктер мен лауазымдық міндеттер жүктелген Қарулы Күштер, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар мемлекеттік мекемесінің штаттық бірлігі;
22) əскери міндеттілер - əскери есепте тұратын жəне əскери есепте тұрудың шекті жасына дейін запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
23) əскери міндеттілер запасы (бұдан əрі - запас) - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті əскери басқару органдарында əскери есепте тұратын, соғыс уақытында Қарулы Күштерді, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды толық жасақтау, жұмылдыра өрістету жəне олардың шығынының орнын толтыру мақсатында пайдаланылатын, осы Заңда белгіленген жастағы əскери міндеттілер;
24) əскери міндеттілік - Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі конституциялық міндеті;
25) əскери оқу орны - Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жəне Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланына ведомстволық бағынысты жəне əртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
26) бастапқы əскери жəне технологиялық даярлық - орта, техникалық жəне кəсіптік білім беру ұйымдарында білім беру саласындағы уəкілетті орган айқындайтын əскери іс негіздері, робот техникасы жəне ІТ-технологиялар бойынша міндетті оқыту пəні (оқу пəні);
27) далалық шығу - далалық жағдайларда жауынгерлік, жұмылдыру жəне жедел дайындық бағдарламалары бойынша сабақтар, сондай-ақ Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың мүддесінде арнайы далалық жұмыстарды орындау;
28) докторант - докторантурада білім алып жатқан əскери қызметші;
29) еңбек сіңірген жылдары - азаматтың əскери қызметте, арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарындағы қызметте, фельдъегерлік қызметте, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметте болуының күнтізбелікпен де, жеңілдікпен де есептеп шығарылатын ұзақтығы;
30) жалпыға бірдей əскери оқыту - Қазақстан Республикасының азаматтарын соғыс жағдайы енгізілген кезеңде əскери даярлыққа міндетті оқыту;
31) жеке құрам - Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдары;
32) кадет - техникалық жəне кəсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орнында білім алып жатқан əскери қызметші;