7) ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесін бекітеді;
8) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдардың елді мекендерде бұрыннан бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтер құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарын субсидиялау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын үйлестіруді жүзеге асырады;
9) елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарынан ағатын жаңбыр суын, еріген, инфильтрациялық, суаратын-жуатын, дренаждық суларды нөсерлік (дренаждық) кәріз жүйесі арқылы бұру және тазарту бойынша көрсетілетін қызметтердің құны мен көлемін есептеу әдістемесін бекітеді;
10) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекітеді;
11) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдардың сарқынды суларды тазарту құрылысжайлары кешендерін салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру үшін тартылған облигациялық қарыздарды өтеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарын субсидиялау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын үйлестіруді жүзеге асырады;
12) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекітеді;
13) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
1) су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу қағидаларын;
2) елді мекеннің техникалық сумен жабдықтау жүйелері беретін техникалық судың техникалық регламентін бекітеді.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғауды, су экология жүйелерін қорғауды, су объектілеріне ластағыш заттардың төгілуін мемлекеттік реттеуді және жерүсті мен жерасты суларының сапасын бақылауды ұйымдастырады.
5. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді арнайы бейімдеудің ұсынылатын схемасын әзірлеу және бекіту шеңберінде, жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау бөлігінде су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларының тұжырымдарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін аудандастыруды, олардың құрамы мен құрылымын әртараптандыруды жүргізеді.
6. Орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларының тұжырымдарын ескере отырып, судың зиянды әсерінің алдын алу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау үшін жерүсті су объектілерінің су жайылатын учаскелеріне орман өсіруді, өзінің функционалдық қарамағындағы аумақтарда егісті қорғау үшін ағаш өсіруді ұйымдастырады.
26-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары:
1) жерүсті су көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін жыл сайын бекітеді;
2) уәкілетті орган бекіткен үлгілік қағидалар негізінде өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларын бекітеді;
3) жергілікті атқарушы органдардың су қорын қорғау, су ресурстарын пайдалану, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын бекітеді;
4) бассейндік кеңестің жұмысына қатысады;
5) ауызсуды өрт сөндіруге пайдалану кезіндегі шығындарын сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі ұйымдарға өтеуге жұмсалатын жергілікті атқарушы органдардың шығыстарын бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүддесін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстардың жергілікті өкілді органдары ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін бекітеді.
27-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) өз құзыреті шегінде елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
3) бассейндік су инспекцияларымен келісу бойынша су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылыққа пайдалану режимін белгілейді;
4) тиісті аумақтарда су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды;
5) су объектілерінде, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларда, елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
6) коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды басқаруды ұйымдастырады, оларды техникалық жарамды күйде ұстау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
7) коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, сондай-ақ тиісті аумақтағы иесіз қалған су шаруашылығы құрылысжайларын есепке алуды жүргізеді;
8) иесіз қалған су шаруашылығы құрылысжайларын коммуналдық меншікке айналдыру бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізеді;
9) ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялайды;
10) агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің су үнемдейтін суару технологияларын ендіруге жұмсаған шығыстарының бір бөлігін өтейді;
11) жерүсті су көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін жыл сайын әзірлейді;
12) жерүсті су көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы және жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығы ретінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетіне түскен өткен жылғы кіріс көлемі, сондай-ақ су қорын қорғау жөніндегі іс-шараларға бағытталған бюджет қаражаты шығыстарының сомасы туралы ақпаратты жыл сайын 1 мамырға дейін интернет-ресурста орналастырады;
13) су қорын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының құрамында су қорын қорғау, су үнемдеу және су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды дамыту жөніндегі іс-шараларды көздейді және іске асырады;
14) бассейндік кеңестердің жұмысына қатысады, бассейндік кеңестердің қарауына су қорын қорғау және пайдалану, елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру бойынша ұсыныстар енгізеді;
15) бассейндік кеңестердің ұсынымдарын орындау жөнінде шаралар қабылдайды;
16) жерүсті су объектілерін санациялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
17) өз құзыреті шегінде климаттың өзгеруіне осалдықты бағалауды жүргізеді;
18) өз құзыреті шегінде экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі басымдықтар мен шараларды айқындайды, оларды іске асыруды жүзеге асырады;
19) өз құзыреті шегінде айқындалған, экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жөніндегі шаралардың тиімділігіне мониторинг пен бағалауды жүзеге асырады және олардың нәтижелері негізінде осы шараларды түзетеді;
20) тасқын және еріген сулардан қорғау және (немесе) оларды су қоймаларын, қол жүйелерін және жерасты сулары көздерін толықтыруға бұру және (немесе) қайта бөлу үшін елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын, көлік инфрақұрылымы объектілерін, қауіпті өндірістік объектілерді қорғаудың инженерлік жүйелерін құруды ұйымдастырады;
21) су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларының тұжырымдарын ескере отырып, судың зиянды әсерінің алдын алу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау үшін жерүсті су объектілерінің су жайылатын учаскелеріне орман өсіруді, өздерінің функционалдық қарамағындағы аумақтарда егісті қорғау үшін ағаш өсіруді ұйымдастырады;
22) су қорын қорғау және пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, елді мекендердің коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларының, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйі туралы халыққа хабар береді;
23) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердегі елді мекендерде сумен жабдықтау мен су бұруды ұйымдастырады, елді мекен аумағында орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда, суды әкелуді, ауызсу тарату пункттерін, блок-модульдер кешенін пайдаланып, орталықтандырылмаған сумен жабдықтауды ұйымдастырады;
24) уәкілетті органмен келісу бойынша ауызсумен жабдықтаудың резервтік көздерін айқындайды;
25) сумен жабдықтау және су бұру ұйымдарының елді мекендерде бұрыннан бар активтерін кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтер құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарын субсидиялайды;
26) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, жаңғырту, цифрландыру, автоматтандыру және реконструкциялау жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді;
27) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша ауызсумен жабдықтау көздерін (ауызсу мақсаттары үшін су алу орындарын) санитариялық қорғау аймақтарын белгілейді;
28) тиісті аумақтарда елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
29) елді мекендерді техникалық сумен жабдықтау жүйелерін салуға және пайдалануға жеке инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
30) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерді бекітеді;
31) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін енгізудің өлшемшарттарына сәйкес ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесін бекітеді;
2) ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен берілген ауызсудың бір текше метрі үшін төлемақы мөлшерін әзірлейді және облыстардың жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсынады;
3) ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құны субсидиялауға жататын сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесіне енгізілген сумен жабдықтау жүйелерінен халыққа ауызсу беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды іске асырады.
28-бап. Жерасты суларын іздеуді, бағалауды және мониторингтеуді, суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеуді және бағалауды мемлекеттік реттеу
1. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет жерасты суларын іздеудің, бағалау мен мониторингтеудің мемлекеттік реттелуін техникалық және сараптамалық сүйемелдеуді, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеуді және бағалауды жүзеге асырады.
2. Ұлттық гидрогеологиялық қызмет мынадай қызметті жүзеге асырады:
1) халықтың және экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жерасты суларының ресурстарымен және қорларымен қамтамасыз етілуін талдау және бағалау;
2) жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландыруды ұйымдастыру, гидрогеология мен геофильтрациялық және математикалық модельдер саласында дерекқорлар мен геоақпараттық жүйелерді, цифрлық, картографиялық дерекқорлар мен оларды басқару жүйелерін құру;
3) жерасты суларына мемлекеттік мониторинг жүргізу;
4) жерасты сулары бөлігінде мемлекеттік су кадастрын жүргізуге қатысу;
5) жерасты суларын мемлекеттік іздеуді және бағалауды жүргізу;
6) иесіз қалған, су өздігінен ағып шығатын және авариялық гидрогеологиялық ұңғымаларды зерттеп-қарауды, жоюды және консервациялауды жүргізу;
7) суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалауды жүргізу;
8) гидрогеология және инженерлік геология бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу.
3. Жерасты суларына мемлекеттік мониторингті, іздеуді және бағалауды, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйіне мониторинг пен бағалауды жүргізу бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.
4. Жерасты суларын іздеу мен бағалау уәкілетті орган бекіткен жерасты суларын іздеу мен бағалауды жүргізу қағидаларына сәйкес жерасты суларының су ресурстарына мүдделі жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен де жүзеге асырылуы мүмкін.
29-бап. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми қызмет пен ақпараттық-талдау қызметі
1. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ғылыми қызмет пен ақпараттық-талдау қызметі:
1) су ресурстарын мониторингтеу, бағалау, есепке алу және болжау;
2) су қорын қорғау және пайдалану, климаттың өзгеруі және экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу саласындағы іргелі зерттеулер;
3) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын талдау;
4) су қорын қорғау және пайдалану, су үнемдеу және су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру саласында құқықтық, әдістемелік және технологиялық негіздерді әзірлеу;
5) жеке және заңды тұлғаларға экономика салаларында су үнемдеу технологияларын ендіруге және пайдалануға жәрдемдесу;
6) су шаруашылығы саласында ғылыми кадрларды, мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында жүргізіледі.
2. Уәкілетті органның қарамағындағы ғылыми ұйымдар, ақпараттық-талдау ұйымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ұйымдар мынадай:
1) су қоры туралы деректерді жинау және жүйелеу;
2) су объектілері мен су ресурстарын есепке алу, бағалау және болжау;
3) мемлекеттік су кадастрын жүргізу;
4) су объектілері мен су ресурстарын мониторингтеу, бағалау және болжау әдістерін жетілдіру;
5) экологиялық су ағынының көлемдерін және су пайдалану лимиттерін айқындау;
6) су ресурстарын интеграцияланған басқарудың бас жоспарының жобасын, су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларының жобаларын, су шаруашылығы баланстарының жобаларын әзірлеу;
7) трансшекаралық су пайдалану саласында, оның ішінде трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімдер шеңберінде;
8) экономика салаларында су тұтыну мен су бұрудың ірілендірілген нормаларының жобаларын әзірлеу;
9) су үнемдейтін технологияларды әзірлеу бойынша тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар, оның ішінде Қазақстан Республикасының жағдайларында қолданылатын озық шетелдік технологиялар трансферті;
10) су қорын қорғау және пайдалану, су үнемдеу және су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру саласында ғылыми және инновациялық қызметтің нәтижелерін ендіру кезінде тәжірибелік-өндірістік тексеру;
11) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды салуға және реконструкциялауға, пайдалануға, консервациялауға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына ғылыми-техникалық сараптама;
12) халық арасында су ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану жөнінде ақпарат тарату, білімді насихаттау;
13) су ресурстарын пайдалану туралы ұлттық ақпараттық есепті әзірлеу бойынша стратегиялық ғылыми зерттеулер мен ақпараттық-талдау жұмыстарын орындайды.
3. Стратегиялық ғылыми зерттеулер мен ақпараттық-талдау жұмыстарын қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады.
Мәліметтері мемлекеттік және қызметтік құпияны құрайтын және (немесе) таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын стратегиялық ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
6-тарау. СУ ҚОРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ,
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ
1-параграф. Мемлекеттік жоспарлау
30-бап. Су ресурстарын интеграцияланган басқарудың бас жоспары
1. Су ресурстарын интеграцияланган басқарудың бас жоспары (бұдан әрі - бас жоспар) - сумен қамтамасыз етілу болжамдарын негізге ала отырып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен тәсілдерді айқындайтын құжат.
2. Бас жоспар:
1) ағымдағы және болжанып отырған әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық, климаттық және өзге де ахуалды ескере отырып, су ресурстарын, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын және олардың пайдаланылуын бағалау мен болжауды;
2) Қазақстан Республикасының су шаруашылығы балансын;
3) экономика салаларында суды пайдаланудың экологиялық және әлеуметтік-экономикалық индикаторларын, оның ішінде судың экономикалық өнімділігін;
4) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген индикаторларға қол жеткізуді ескере отырып, Қазақстан Республикасында одан әрі мемлекеттік жоспарлау үшін экологиялық, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми негізделген тұжырымдар мен ұсынымдарды;
5) осы Кодексте көзделген өзге де мәліметтерді қамтиды.
3. Сумен қамтамасыз етілуді және пайдалануға болатын суларды болжау бөлігіндегі бас жоспардың тұжырымдары мен ұсынымдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде назарға алынады.
4. Бас жоспар бюджет қаражаты есебінен он бес жыл мерзіммен ұзақ мерзімді кезеңге әзірленеді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
31-бап. Су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспары
1. Су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспары (бұдан әрі - бассейндік жоспар) - су объектілерін қорғау, қоршаған ортаның, халықтың және экономика салаларының су ресурстарына перспективалық қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ тиісті су шаруашылығы бассейнінің аумағындағы судың зиянды әсерінің алдын алу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау үшін негізгі іс-шараларды айқындайтын құжат.
2. Бассейндік жоспар:
1) ағымдағы және болжанып отырған әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық, климаттық және өзге де ахуалды ескере отырып, су ресурстарын, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын және олардың пайдаланылуын бағалау мен болжауды;
2) тиісті бассейннің су шаруашылығы балансын;
3) трансшекаралық су объектілері бойынша мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды;
4) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды жаңғырту жөніндегі шараларды;
5) су ресурстары мен балама су көздерін пайдаланудың тұрақты тетігін дамыту жөніндегі шараларды;
6) жойылып кету қаупі төнген жерүсті су объектілерін қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды;
7) су мен қуаңшылықтың зиянды әсеріне ұшыраған аумақтардың картасын, сондай-ақ олардың алдын алу жөніндегі шараларды;
8) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Бассейндік жоспар да көзделген іс-шаралар:
1) экологиялық жүйелерді су шаруашылығы бассейнін орнықты дамыту негізі ретінде сақтауға;
2) қолда бар ең үздік технологияларды қолдану негізінде жерүсті және жерасты су ресурстарын үнемді және кешенді пайдалануға;
3) экономика салаларында су ресурстарының қайтарымсыз ысырабын және тазартылмаған сарқынды суларды ағызу көлемдерін азайтуға;
4) судың зиянды әсерінің алдын алуға және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбауға бағытталуға тиіс.
4. Бассейндік жоспарлар бюджет қаражаты есебінен он бес жыл мерзіммен ұзақ мерзімді кезеңге әзірленеді және оны уәкілеттік орган бекітеді.
32-бап. Су шаруашылығы баланстары
1. Су шаруашылығы балансы - белгілі бір объект үшін белгілі бір уақыт кезеңінде су ресурстарының болуы мен пайдаланылуы арасындағы арақатынасты көрсететін құжат.
Су объектісі немесе оның учаскелері, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, су шаруашылығы бассейні, Қазақстан Республикасы су шаруашылығы балансының объектілері болып табылады.
2. Су шаруашылығы баланстарының түрлері:
1) өткен есепті кезеңдегі деректер бойынша жасалатын және су шаруашылығындағы ахуалды талдауға арналған есепті баланс;
2) бас жоспар мен бассейндік жоспарды әзірлеуге арналған перспективалы баланс.
33-бап. Су ресурстарын пайдалану туралы ұлттық ақпараттық есеп
1. Су ресурстарын пайдалану туралы ұлттық ақпараттық есеп (бұдан әрі - ұлттық есеп) Қазақстан Республикасы су қорының жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы өткен күнтізбелік жылдағы талдамалық есеп болып табылады.
2. Ұлттық есепте мынадай:
1) су шаруашылығы балансының кіріс және шығыс бөліктерінің қысқаша сипаттамасы бар негізгі өзендердің сулылығы, трансшекаралық және өңірлік деңгейлерде су режимін реттеу бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер;
2) су шаруашылығы бассейндері, өңірлер және экономика салалары бөлінісінде су ресурстарын пайдалануды талдау;
3) су объектілерінде, оның ішінде мемлекетаралық су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың саны мен жай-күйі;
4) су қорын қорғау бойынша іске асырылған іс-шаралар;
5) су қорын қорғау және пайдалану, су шаруашылығын дамыту саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру туралы, сондай-ақ қолда бар ең үздік технологиялар ендіру және гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі жөніндегі мәліметтер;
6) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы өзге де мәліметтер көрсетіледі.
3. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органның сұрау салуы бойынша қажетті мәліметтерді есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін ұсынады.
4. Ұлттық есеп жыл сайын 1 мам ырдан кешіктірілмей уәкілетті органның интернет ресурсында жарияланады.
34-бап. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі
1. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді, халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды, стратегиялық және жедел шешімдер қабылдауды ақпараттық қамтамасыз ету, сондай-ақ су пайдаланушылардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін ақпараттық қамтамасыз ету үшін құрылады.
2. Су қатынастары субъектілері уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және нысанда су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін жүргізу және жаңартып отыру мақсатында су объектілері, су ресурстары, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар туралы мәліметтерді жинауды, өңдеуді және уәкілетті органның ведомствосына беруді қамтамасыз етеді.
3. Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуді, дамытуды, қолдап отыруды, оның үздіксіз жұмыс істеуін ұйымдастыруды және оны өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялауды, сондай-ақ су ресурстары жөніндегі деректерді талдауды және өңдеуді, аппараттық-бағдарламалық кешендерге жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдары орындайды.
2-параграф. Су қорын мемлекеттік есепке алу
35-бап. Су қорын мемлекеттік есепке алу
1. Су қорын мемлекеттік есепке алу су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі, жерүсті су объектілерін геологиялық зерттеу, жерасты суларын іздеу және бағалау, сондай-ақ ғылыми зерттеулер нәтижесінде алынған деректерді талдау негізінде жүзеге асырылады.
2. Су қорын мемлекеттік есепке алудың негізгі мақсаттары Қазақстан Республикасының су қоры туралы толық және анық ақпарат қалыптастыру және мүдделі субъектілерді осы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.