124-бап. Су объектілері мен су ресурстарын жəне су шаруашылығы құрылысжайларын гидроэнергетика үшін пайдалану
1. Су объектілері мен су ресурстарын жəне су шаруашылығы құрылысжайларын гидроэнергетика үшін пайдалану экономиканың басқа салаларының мүддесін (кешенді пайдалану) жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген су объектілерін қорғау жəне пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын ескере отырып, арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
2. Су объектілерінде гидроэнергетикалық жəне гидротехникалық құрылысжайларды пайдаланатын ұйымдар:
1) су қоймаларын толтырудың жəне босатудың, олардан су жіберудің жəне жоғарғы жəне төменгі бьефтерде су деңгейі ауытқуының белгіленген режимін сақтауға;
2) кемелерді жəне өзге де жүзу объектілерін кедергісіз өткізуді қамтамасыз етуге;
3) белгіленген табиғат қорғау мақсатындағы жəне авариялық су жіберуді жүзеге асыруға;
4) осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Егер гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан туындаған су объектілері деңгейінің өзгеруі салдарынан жеке жəне (немесе) заңды тұлғаларға зиян келтірілсе, кінəлілер оны Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес өтеуге міндетті.
4. Жылдың су мол болған кезеңінде суды босқа ағызуды азайту мақсатында гидроэлектр станцияларының жұмыс режимі турбиналардың барынша жоғары өткізу қабілеті бойынша жоспарланады.
Табиғат қорғау мақсатындағы су жіберуді жүргізу кезінде суды ағызудың белгіленген режимін төмендетуге тыйым салынады. Электр энергиясын тұтынушылар болмаған жағдайда, табиғат қорғау мақсатындағы су жіберудің белгіленген режимін сақтау су ағызу құрылысжайлары мен су жібергіш құрылысжайлар арқылы жəне (немесе) турбиналар арқылы суды босқа ағызу жолымен жүзеге асырылады.
125-бап. Су объектілерін сауықтыру жəне рекреациялық мақсаттарда пайдалану
1. Ресурстарының табиғи емдік қасиеттері бар, сондай-ақ емдік-профилактикалық мақсаттар үшін қолайлы су объектілері сауықтыру санатына жатқызылады жəне Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес сауықтыру мақсаттары үшін пайдаланылады.
2. Су объектілерін рекреациялық мақсаттар үшін пайдалану ортақ су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
Ықтимал сел қауіптілігі бар су объектілерін рекреациялық мақсаттарда пайдалануға тыйым салынады.
3. Табиғи емдік қасиеттері бар, сондай-ақ емдік-профилактикалық мақсаттар үшін қолайлы су объектісінен су ресурстарын алу арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары су объектілерінде жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды ортақ су пайдалану қағидаларына сəйкес белгілейді.
126-бап. Су объектілері мен су ресурстарын жəне су шаруашылығы құрылысжайларын өрт сөндіру үшін пайдалану
1. Өрт сөндіру үшін кез келген су объектісінен арнаулы рұқсатсыз су алуға жол беріледі.
2. Өрт сөндіру үшін су алатын орынды таңдауды, оны жайластыруды (пирстер, кіреберістер, жарықпен нұсқағыштар) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары азаматтық қорғау саласындағы уəкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелермен келісу бойынша, уəкілетті органның ведомствосы қоятын шарттарды сақтай отырып жүзеге асыруға тиіс.
3. Су құбыржолы желілерінде тиісті өрт сөндіру құрылысжайлары мен құрылғылары бар жеке жəне заңды тұлғалар оларды жарамды күйде күтіп-ұстауға міндетті.
4. Арнайы өрт сөндіруге арналған су объектілері мен су шаруашылығы құрылысжайларынан суды өзге мақсаттар үшін пайдалануға тыйым салынады.
127-бап. Су объектілерін жəне (немесе) олардың учаскелерін аңшылық шаруашылықты жүргізу үшін пайдалану
1. Су объектілерін жəне (немесе) олардың учаскелерін, сондай-ақ пайдалану режимі құстар мен су жануарлары жаппай мекендейтін жерлерге əсер ететін, су объектілерінің акваториясында орналасқан құрылысжайларды пайдалану кезінде сулы-батпақты алқаптардың қажетті гидрологиялық режимінің сақталуы жəне аңшылық шаруашылықты жүргізу мүддесі ескерілуге тиіс.
2. Аңшылық алқапты бекітіп беру осы су объектісін жəне (немесе) оның учаскесін немесе оның су ресурстарын пайдалану жəне оған билік ету құқығын беруге алып келмейді.
128-бап. Cу объектілерін жəне (немесе) олардың учаскелерін балық аулау мен аквашаруашылықты жүргізу үшін пайдалану
1. Балық шаруашылығы су айдындарына жəне (немесе) учаскелеріне жатқызылған жерүсті су объектілері жəне (немесе) олардың учаскелері Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану жəне аквашаруашылық саласындағы заңнамасына сəйкес балық аулау мен аквашаруашылықты жүргізу үшін бекітіп беріледі.
Жерүсті су объектілерін жəне (немесе) олардың учаскелерін балық аулауды, көл-тауар жəне (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін пайдалану арнаулы су пайдалануға жатпайды.
2. Балық аулауды жəне (немесе) аквашаруашылықты жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындары жəне (немесе) учаскелері бекітіп берілген жеке жəне заңды тұлғалар:
1) бассейндік су инспекциясымен келісу бойынша, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізуге жəне (немесе) балық шаруашылығы су айдындарының жəне (немесе) учаскелерінің жай-күйін жақсартуды қамтамасыз ететін түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге;
2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану жəне аквашаруашылық саласындағы заңнамасында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға;
3) балық аулау мен аквашаруашылықты жүргізу үшін бекітіп берілген жерүсті су объектілерінің ластануы мен қоқыстануына, сондай-ақ оларды пайдалану орындарында су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі шаруашылық қызмет режимінің бұзылуына жол бермеуге;
4) осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ортақ су пайдалану құқықтарының шектелуіне жол бермеуге міндетті.
3. Балық шаруашылығы су айдынын жəне (немесе) учаскесін балық аулау мен аквашаруашылықты жүргізу үшін бекітіп беру осы су объектісін жəне (немесе) оның учаскесін немесе оның су ресурстарын пайдалану жəне оларға билік ету құқығын беруге алып келмейді.
4. Аквашаруашылықты жүргізу үшін жерүсті жəне жерасты су объектілерінен су ресурстарын алып қою арнаулы су пайдалану тəртібімен жүзеге асырылады.
129-бап. Су қоймаларын пайдалану
1. Су қоймалары жерүсті су ағынын реттеу, су пайдаланушылардың суға қажеттіліктерін қанағаттандыру жəне гидроэнергетикалық əлеуетті арттыру мақсатында құрылады.
2. Су қоймаларын жобалау, салу жəне пайдалану қалыптасқан табиғи жəне шаруашылық кешендерге осындай араласудың барлық мүмкін болатын теріс салдары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3. Су қоймаларын пайдалану су қоймаларының су ресурстарын пайдалану қағидаларына жəне су қоймаларын техникалық пайдалану жəне абаттандыру қағидаларына сəйкес жүзеге асырылады.
4. Су қоймаларының су ресурстарын пайдалану қағидалары оларды пайдалану режимін, оның ішінде толтыру жəне босату режимін, тасқын суларды өткізу жəне табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу режимдерін айқындайды.
5. Су қоймаларының су ресурстарын пайдалану қағидалары құрылыс жобасы шеңберінде əзірленеді. Пайдалану тəжірибесінің жинақталуына қарай осы қағидалар түзетілуге, бірақ бес жылда бір реттен сиретпей түзетілуге тиіс. Су қоймаларының каскады үшін бірыңғай қағидалар əзірленеді.
6. Су қоймаларын техникалық пайдалану жəне абаттандыру қағидаларында олардың түбі мен жағалауын пайдалану, су қоймасының гидротехникалық құрылысжайлар кешенін жоспарлы қарап-тексеруді, жөндеуді жəне күтіп-ұстауды жүргізу тəртібі айқындалады.
7. Экологиялық су ағынының көлемін қамтамасыз ету үшін су қоймасынан табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жүзеге асырылады.
Табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу су объектісінің табиғи режимін, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын сақтау, сондай-ақ су тасқыны кезінде өзен арналарының шайылуын қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделе отырып жүзеге асырылады.
8. Табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу басым болып табылады.
9. Табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу көлемін ғылыми ұсынымдар негізінде тиісті бассейндік су инспекциялары су объектілерінің бассейндері бойынша белгілейді.
10. Су қоймаларының су ресурстарын пайдаланудың үлгілік қағидаларын жəне су қоймаларын техникалық пайдалану жəне абаттандыру қағидаларын уəкілетті орган бекітеді.
14-тарау. ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ СУ ОБЪЕКТІЛЕРІН ҚОРҒАУ ЖƏНЕ ПАЙДАЛАНУ
САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
130-бап. Трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық қағидаттары
Қазақстан Республикасы трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы мүддесін қорғау;
2) трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жəне халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
3) халықаралық су құқығының жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, трансшекаралық ағын сулар өтетін барлық елдердің трансшекаралық су объектілерін əділ, ақылға қонымды жəне өзара тиімді пайдалану құқықтарын қамтамасыз ету;
4) трансшекаралық су объектілерін қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін болашақ ұрпақтың қажеттіліктеріне нұқсан келтірмей қанағаттандыруды ескере отырып басқару;
5) табиғи ортаның қалпына келу қабілеті мен трансшекаралық су объектілері бассейндеріндегі экономикалық даму қажеттіліктеріне негізделген антропогендік жүктеме арасындағы теңгерімді сақтау;
6) трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану проблемаларын шешу кезінде өзара көмек жəне даулы мəселелерді бейбіт жолмен реттеу;
7) трансшекаралық су объектілерінің жай-күйіне болуы мүмкін трансшекаралық əсерлердің алдын алу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету;
8) халықаралық жауаптылық жəне трансшекаралық əсерлерден туындаған залалды өтеу қағидаттарын басшылыққа алады.
131-бап. Трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық тетігі
1. Трансшекаралық су объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сəйкес құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссиялар шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Трансшекаралық су объектілері бойынша тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссиялардағы Қазақстан Республикасының үкіметтік делегациясының құрамы мен функцияларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Уəкілетті орган Қазақстан Республикасы трансшекаралық су объектілері жөніндегі комиссиясының жұмыс органы болып табылады.
15-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ.
ӨТПЕЛІ ЖƏНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
132-бап. Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
133-бап. Өтпелі ережелер
1. Су объектілеріндегі бөгеттердің меншік иелері (иеленушілері) меншік нысанына қарамастан, осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде осы Кодекстің 71-бабының 1-тармағында көзделген құжаттардың болуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде тиісті əкімшілік-аумақтық бірліктердегі елді мекендердің шекаралары (шектері) шегінде жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеуге міндетті.
Осы Кодекстің 87-бабына сəйкес айқындалған шекаралар осы тармақтың бірінші бөлігіне сəйкес су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары белгіленгенге дейін елді мекендердің шекаралары (шектері) шегіндегі жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары деп танылады.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде мемлекеттік жер кадастрының деректерін жерүсті су объектілерінің белгіленген су қорғау аймақтары мен белдеулерімен сəйкес келтіруді қамтамасыз етуге міндетті.
4. Осы Кодекстің 86-бабы 2-тармағының күші су қорғау белдеулерінің шекаралары шегінде тұрғызылған жəне 2009 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген ғимараттар мен құрылысжайларға немесе осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген, беру кезінде су қорғау белдеулері белгіленбеген жер учаскелеріне қолданылмайды.
Бұл ретте ұйымдастырылған орталықтандырылған кəріз, ластанған сарқынды суларды бұру мен тазартудың өзге жүйесі немесе ішіндегісін шығаруды қамтамасыз ететін су өткізбейтін күресіндердің құрылғылары болған кезде ғана оларды пайдалануға жол беріледі.
5. Айналымды жəне (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркəсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілер осы Кодекстің 123-бабының 2-тармағында көзделген міндетті іске асыру үшін осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей көрсетілген жүйелерге ауысу жоспарын беруге міндетті. Бұл ретте жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
6. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайларын мүліктік жалдау (жалға беру) немесе сенімгерлік басқару шарттары 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін осы Кодекстің 13-бабы 6-тармағының талаптарына сəйкес келтірілуге тиіс.
7. Жерүсті су объектілерінде жəне су қорғау белдеулері шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге осы Кодекстің 86-бабында белгіленген тыйым салу «Жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 277-бабының 3-тармағына жəне 278-бабының 25-тармағына сəйкес «Жер қойнауы жəне жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген жəне жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар мен келісімшарттар негізінде жүргізілетін, оның ішінде жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшкен жағдайда (жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу), пайдалы қатты қазбалар (оның ішінде, кең таралған пайдалы қазбалар) бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға қолданылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының экология жəне су заңнамаларының талаптарына сəйкес жүргізілуге тиіс.
8. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алынған рұқсаттар мен келісімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдарының олармен байланысты барлық актілері олар берілген жəне алынған мерзім өткенге дейін өз қолданысын сақтайды.
134-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тəртібі
1. Осы Кодекс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-бапты, 39-баптың 3-тармағын, 40-баптың 2 жəне 3-тармақтарын, 45-баптың 4-тармағының 7) тармақшасын жəне 7-тармағын, 87-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 25-бабы 1-тармағының 4) жəне 5) тармақшалары 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады деп белгіленсін.
3. Осы Кодекстің 46-бабы 3-тармағының қолданысы 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрып, осы тармақ тоқтатыла тұру кезеңінде мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Бассейндік су инспекциялары минералды жерасты суларын қоспағанда, суды тəулігіне елу текше метрден астам алып қою көлемімен жерасты суларын алуды жəне (немесе) пайдалануды көздейтін рұқсат беру үшін құжаттарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде осы су пайдалану талаптарын келісу үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесіне сұрау салу жібереді.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уəкілетті органның аумақтық бөлімшелері бес жұмыс күні ішінде бассейндік су инспекцияларына жерасты суларының бекітілген баланстық қорларының болуы немесе болмауы бөлігінде сұрау салуға оң не теріс қорытынды ұсынуға міндетті.
Жерасты суларының бекітілген баланстық қорлары болмаған жəне суға мəлімделген қажеттілік тəулігіне елу текше метрден астам болған жағдайда, келісу пайдалану тəжірибесі бойынша жерасты суларының қорын бағалау жəне сараптама жүргізу мақсатында, берілген рұқсат шеңберінде мониторингтік зерттеулер жүргізу шартымен үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.».
4. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 9 сәуір
№ 178-VIII ҚРЗ