7) су қатынастары субъектілерінің қызметін реттеу, су қорын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;
8) су қорын қорғау және пайдалану саласында сұранысты басқарудың экономикалық тетіктерін бекіту;
9) су қорын қорғауды қамтамасыз ету;
10) елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қызметті реттеу, технологиялық тиімділікті арттыру, тазартылған сарқынды суларды пайдалану есебінен су үнемдеуді қамтамасыз ету;
11) суды үнемдеу технологияларын және цифрлық технологияларды ендіре отырып, ирригация мен дренажды дамыту;
12) Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу;
13) трансшекаралық су объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негіздерін бекіту.
4-бап. Қазақстан Республикасы су заңнамасының негізгі қағидаттары
Қазақстан Республикасында су қорын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:
1) суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, Қазақстан Республикасы халқының тыныс-тіршілігі мен экономикалық дамуының негізі ретінде тану;
2) бассейндік басқару: су қорын су шаруашылығы бассейндері шегінде гидрографиялық белгілері бойынша басқару;
3) су қорын қорғау басымдығы: су ресурстарын басқару және су ресурстарын пайдалану су қорын ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды міндетті түрде қамтамасыз ету жағдайында жүзеге асырылуға тиіс;
4) суға әділ және тең қол жеткізу;
5) халықты ауызсумен бірінші кезекте қамтамасыз ету;
6) су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын мемлекеттің тануы;
7) жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану;
8) су үнемдеу: су ресурстарын үнемді және тиімді пайдалану бойынша құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және экологиялық талаптар;
9) су қорының жай-күйі туралы ақпараттың қолжетімділігі;
10) су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға жұртшылықты қатыстыру;
11) жобалау және салу кезінде сумен жабдықтау мен су бұрудың ажырамастығы және өзара байланыстылығы.
5-бап. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастар
1. Қазақстан Республикасының су заңнамасы су қорын және ондағы су ресурстарын қорғау және пайдалану, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану, дамыту және олардың қауіпсіздігі саласындағы қоғамдық қатынастарды (бұдан әрі - су қатынастары) реттейді.
2. Жерлер, ормандар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, атмосфералық ауа, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектілері, мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі жерүсті су объектілерінің жағалауындағы шаруашылық қызмет, экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ауызсумен жабдықтау және су бұру, жерасты суларын мемлекеттік геологиялық зерттеу және барлау, жерасты суларын ластанудан және сарқылудан қорғау, су объектілеріндегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, кеме қатынасы және теңізде жүзу бөлігіндегі қоғамдық қатынастар, сондай-ақ су қорын қорғау және пайдалану кезінде туындайтын өзге де қатынастар Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларымен және осы Кодекспен реттеледі.
3. Трансшекаралық су объектілерін қорғауға және пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында реттеледі.
6-бап. Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі
1. Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі су ресурстарының тапшылығына және олардың тиісінше сапалы болмауына байланысты нақты және ықтимал қатерлерден, сондай-ақ судың зиянды әсерінен Қазақстан Республикасының халқы мен ұлттық экономикасының қорғалуының жай-күйінен көрінеді.
2. Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі:
1) су объектілері мен су ресурстарын есепке алу жүйелерін жетілдіру, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау және болжау;
2) су объектілерін сақтау және қалпына келтіру;
3) жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану;
4) су ресурстарын ғылыми негізделген аумақтық қайта бөлу;
5) су үнемдеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
6) балама су көздерін пайдалану;
7) судың зиянды әсерінің алдын алу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау;
8) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың орнықты жұмыс істеуін және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету;
9) трансшекаралық су объектілерін қорғау және пайдалану саласында Қазақстан Республикасының мүддесін қорғау есебінен қамтамасыз етіледі.
3. Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігі құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық және өзге де сипаттағы шаралармен қамтамасыз етіледі.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ СУ СЕКТОРЫН
КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІНЕ БЕЙІМДЕУ
7-бап. Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеудің жалпы тәсілдері
1. Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу табиғи, техникалық және технологиялық нұсқаларды, сондай-ақ климаттың өзгеру салдарын жеңілдету бойынша әлеуметтік және институционалдық шараларды ұштастыруды қамтиды.
Қазақстан Республикасы экономикасының су секторы деп су ресурстарын пайдалануға байланысты экономиканың бір бөлігі түсініледі.
2. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін бейімдеу тетіктерін әзірлеу су ресурстарының тапшылығына және судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған су ресурстарын басқару жүйесін дамытуды көздейді.
3. Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу мыналарды:
Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын ел ауқымында және су шаруашылығы бассейндері ауқымында климаттың өзгеруіне бейімдеу жоспарларын әзірлеуді;
гидрологиялық және гидрогеологиялық деректердің сапасын арттыруға қосымша инвестициялар бөлуді;
экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді;
экономиканың су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу жоспарларын әзірлеу және іске асыру процесіне барлық мүдделі жеке және заңды тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің қатысуын;
су ресурстары мен балама су көздерін тиімді пайдаланудың жаңа технологияларын қолдануды;
суды ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалануды, өсімдіктерді суарудың үнемді әдістерін пайдалануды, қуаңшылыққа төзімді дақылдарды ендіруді және қуаңшылықпен күресуді;
су пайдаланудың өзгермелі жағдайларын ескере отырып, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды жаңғыртуды көздейді.
8-бап. Судың зиянды әсерінің алдын алу және оны жою
1. Судың зиянды әсері деп мыналар түсініледі:
1) су тасу, су басу, топан су басу;
2) жағалаудың шайылуы, қорғаныш дамбалардың және басқа да құрылысжайлардың қирауы;
3) жердің батпақтануы және сортаңдануы;
4) топырақ эрозиясы;
5) көшкіндердің, сел ағындарының және басқа да зиянды құбылыстардың болуы.
2. Судың зиянды әсерінің алдын алу және жою болжауды, бағалауды, жоспарлауды және ден қоюды қамтитын шаралардың бірыңғай жүйесін көздейді.
3. Судың зиянды әсер ету қаупін болжау және бағалау, сондай-ақ олардың алдын алу және жою жөніндегі негізгі іс-шаралар су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларында айқындалады.
4. Судың зиянды әсерінің алдын алу және жою жөніндегі негізгі іс-шараларға:
1) жерүсті су объектілеріне санация жүргізу;
2) тасқын су мен еріген судан қорғау және (немесе) оларды су қоймаларын, қол жүйелері мен жерасты суларының көзін толықтыруға бұру және (немесе) қайта бөлу үшін елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын, көлік инфрақұрылымы объектілерін, қауіпті өндірістік объектілерді қорғаудың инженерлік жүйелерін құру;
3) жерүсті су объектілерінің жайылма учаскелеріне орман өсіру;
4) тасқын және еріген сулардың алдын алуға және олардан қорғауға бағытталған өзге де іс-шаралар жатады.
Су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларына енгізілген судың зиянды әсерінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ өңірлік жағдайлардың ерекшеліктері ескерілген өзге де іс-шаралар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларында көзделеді.
Бір су шаруашылығы бассейнінің аумағына кіретін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана суларының зиянды әсерінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шаралар өзара келісілуге және үйлестірілуге тиіс.
5. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелері судың зиянды әсерінің алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде:
1) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларын сақтауға;
2) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігінің жай-күйін жүйелі талдауға;
3) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды ұдайы зерттеп-қарауды жүргізуге;
4) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардағы аварияларды жоюға арналған қаржылық және материалдық резервтер құруға;
5) гидротехникалық құрылысжайлардағы азаматтық қорғаудың жергілікті құлақтандыру жүйелерін тұрақты әзірлікте ұстауға міндетті.
6. Судың зиянды әсерінен туындаған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
9-бап Су тасқынына бейімделу және олардың жағымсыз әсерін болғызбау шаралары
1. Уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы су тасқынының жағымсыз әсерін болғызбау жөнінде алдын алу шараларын қабылдау және осы Кодекстің 8-бабының 4-тармағында көзделген іс-шараларды жоспарлау мақсатында су тасқыны кезеңінде су басу қаупі бар аймақтарды айқындайды.
2. Тасқын және еріген сулардан қорғау және (немесе) оларды су қоймаларын, қол жүйелерін және жерасты сулары көздерін толықтыруға бұру және (немесе) қайта бөлу үшін елді мекендерді, өнеркәсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын, көлік инфрақұрылымы объектілерін қорғаудың инженерлік жүйелерінің бар-жоғын ескере отырып түзетілген, көпжылдық гидрологиялық және гидрогеологиялық байқаулар, сондай-ақ аэроғарыштық зерттеулер негізінде айқындалған су барынша жайылған кездегі су кемері су тасқыны кезеңінде су басу қаупі бар аймақтардың шекаралары ретінде (бұдан әрі - су объектілерінің демаркациялық желілері) қабылданады.
3. Уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы су объектілерінің демаркациялық желілерін жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің белгіленуіне, осы баптың 2-тармағында көрсетілген инженерлік қорғаудың жаңа жүйелерінің құрылуына қарай тұрақты түрде түзетіп отырады және ол су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
10-бап. Қуаңшылықтың жағымсыз салдарына бейімделу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау шаралары
1. Ұзақ уақыт бойы атмосфералық жауын-шашынның жеткіліксіз болуына, өзендер ағынының азаюына және жерүсті мен жерасты сулары деңгейінің төмендеуіне байланысты су ресурстары тапшы болатын, соның салдарынан топырақтың құрғауы, өсімдіктер мен су жануарларының зақымдануы, құрауы, қырылуы, су объектілерінің сарқылуы болатын табиғи құбылыс қуаңшылық деп түсініледі.
2. Қуаңшылықтың жағымсыз салдарына бейімделу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау үшін шаралар жүйесі әзірленеді, онда қуаңшылық қаупін болжау мен бағалау және оған ден қою шаралары қамтылады.
3. Қуаңшылық қаупін болжау және бағалау, сондай-ақ оның жағымсыз салдарын барынша азайтуға бағытталған негізгі іс-шаралар су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларында айқындалады.
4. Қуаңшылықтың жағымсыз салдарына бейімделу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау жөніндегі негізгі шараларға:
1) атмосфералық жауын-шашын деңгейіне, топырақтың ылғалдылығына, халықтың және экономика салаларының су ресурстарын пайдалануына жүйелі мониторинг жүргізу;
2) қуаңшылық болған кезеңдерде, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін және жайылымдарды суландыру үшін пайдалану мақсатында тасқын және еріген суларды жинау және сақтау жөніндегі шараларды әзірлеу және ендіру;
3) ауыл шаруашылығы дақылдарын суару немесе өзге де су тұтыну үшін балама су көздерін пайдалану;
4) суды үнемдеудің жаңа технологияларын пайдалану;
5) топырақ эрозиясын барынша азайтуға бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарының ауыспалы егісін жоспарлау және қуаңшылық болған жылдары қуаңшылыққа төзімді дақылдарды егу;
6) егісті қорғайтын ағаш өсіруді жүзеге асыру, орман қорын сақтау және кеңейту;
7) қуаңшылықтың жағымсыз салдарына бейімделуге және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбауға бағытталған өзге де іс-шаралар жатады.
5. Тасқын және еріген суларды жинау және сақтау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және құрылысжайларды жобалау кезінде жерасты су тұтқыш белдеулерде немесе герметикалық резервуарларда сақтау жолымен судың буланып ысырап болмауын барынша қамтамасыз ететін шараларға артықшылық берілуге тиіс.
Жерасты су тұтқыш белдеулерінде немесе герметикалық резервуарларда суды сақтау техникалық-экономикалық тұрғыдан орынсыз болған кезде ғана осы мақсаттар үшін су қоймаларын салуға жол беріледі.
6. Су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларына енгізілген, қуаңшылықтың жағымыз салдарына бейімделу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ өңірлік жағдайлардың ерекшеліктері ескерілген өзге де іс-шаралар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларында көзделеді.
Бір су шаруашылығы бассейнінің аумағына кіретін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қуаңшылықтың жағымсыз салдарына бейімделу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау жөніндегі іс-шаралары өзара келісілуге және үйлестірілуге тиіс.
7. Қуаңшылыққа және су тапшылығына ұшыраған аумақтарда қуаңшылық кезеңінде бассейндік кеңестердің ұсынымдары бойынша мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде су ресурстарын пайдалануға байланысты кейбір қызмет түрлеріне шектеулер енгізуі, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес басымдықтар енгізуі мүмкін.
2-БӨЛІМ. СУ ҚАТЫНАСТАРЫ ОБЪЕКТІЛЕРІНЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ
ЗАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАР
3-тарау. СУ ҚАТЫНАСТАРЫ ОБЪЕКТІЛЕРІ
11-бап. Су қатынастары объектілері мен субъектілері
1. Су қоры және онда қамтылған су ресурстары, су шаруашылығы құрылысжайларымен гидротехникалық құрылысжайлар, су қорының жерлері және су қорғау аймақтары су қатынастары объектілері болып табылады.
2. Жерүсті су объектілері алып жатқан жерлер, сондай-ақ жерүсті су объектілерінің су қорғау белдеулеріне және ауызсумен жабдықтаудың су тарту құрылысжайларының санитариялық қорғау аймақтарына бөлінген жерлер су қорының жерлері деп танылады.
3. Қызметі су қатынастары объектілеріне байланысты жеке және заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктері, сондай-ақ мемлекеттік органдар су қатынастарының субъектілері болып табылады.
12-бап. Су қорына және су қорының жерлеріне меншік құқығы
1. Мемлекеттік су кадастрына енгізілген немесе енгізілуге жататын Қазақстан Республикасының аумағы шегіндегі жерүсті және жерасты су объектілерінің жиынтығы су қорын құрайды.
2. Қазақстан Республикасы халқының мүддесі үшін су қорын және су қорының жерлерін иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығын мемлекет жүзеге асырады.
3. Су қоры мен су қоры жерлерінің айналымына (сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, кепілге қою және мемлекеттік меншік құқығын беруге алып келетін басқа да мәмілелер жасау) тыйым салынады.
4. Су қорына және су қорының жерлеріне меншік құқығын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
5. Су қорының жерлеріне және су қорғау аймақтарына меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен реттеледі.
Су қорының жерлерін пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жүзеге асырылады.
13-бап. Су шаруашылығы құрылысжайларына меншік құқығы
1. Су шаруашылығы құрылысжайлары мемлекеттік не жеке меншікте болуы мүмкін.
2. Республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайларының тізбесін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Жеке меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайларын иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге байланысты қатынастар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
4. Су шаруашылығы құрылысжайларына меншік құқығы Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.
5. Су шаруашылығы құрылысжайларына меншік құқығын мемлекеттік тіркеу олардың паспорты болған кезде жүргізіледі.
6. Мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайларын, елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру осы Кодекстің 23-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында және 25-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген қағидаларға сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Бұл ретте көрсетілген қағидаларда жалға алушының немесе сенімгерлікпен басқарушының су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау жөнінде шаралар қабылдау міндетін ерекше шарттар ретінде көздейтін мүліктік жалдаудың (жалға берудің) немесе сенімгерлікпен басқарудың үлгілік шарттарының нысандары болуға тиіс.
14-бап. Стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларға меншік құқығы
1. Тікелей су объектілерінде орналасқан немесе су ресурстарын бассейнаралық ағызуды жүзеге асыратын, иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін және мемлекеттің, халықтың және қоршаған ортаның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мемлекетаралық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар не су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар стратегиялық объектілер болып табылады.
2. Стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар мемлекеттік меншікте болады және осы баптың 3-тармағында көзделген су шаруашылығы құрылысжайларын қоспағанда, мүліктік жалдауға (жалға), сенімгерлік басқаруға берілмейді және иеліктен шығаруға жатпайды.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қалалардың сумен жабдықтау және су бұру жүйелері немесе олардың элементтері мемлекеттік меншікте болады, иеліктен шығаруға жатпайды және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
4. Стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың, оның ішінде мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін құрылысжайлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар тізбесіне енгізілген, оның ішінде мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін су шаруашылығы құрылысжайлары осы Кодекстің 13-бабының 6-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
15-бап. Су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларға жеке меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды шектеу
Су шаруашылығы құрылысжайы мен гидротехникалық құрылысжайға жеке меншік, мүліктік жалдау (жалға беру) немесе сенімгерлік басқару құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен шектелуі мүмкін.
4-тарау. СУ ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ
16-бап. Су объектілерінің түрлері және оларды пайдалану құқығы
1. Су объектілері мынадай түрлерге бөлінеді:
жерүсті су объектілері;
жерасты су объектілері.
2. Жерүсті су объектілеріне мыналар жатады:
өзендер;
көлдер;
теңіздер;
мұздықтар, көпжылдық қар;
уақытша су ағындары;
су қоймалары, тоғандар, суланған карьерлер;
сулы-батпақты алқаптар;
өзендерге теңестірілген каналдар.
Өзендердің, көлдердің, теңіздердің, уақытша су ағындарының, су қоймаларының, тоғандардың және өзендерге теңестірілген каналдардың шекаралары тиісті су объектісінің түбі мен жағалауы болып табылады.
3. Жерасты су объектілеріне мыналар жатады:
гидрогеологиялық бассейн;
жерасты суларының көздері мен учаскелері;
су тұтқыш белдеулер мен кешендер;
бұлақтар (жерасты суының жер бетіне табиғи шығуы).
4. Жерасты су объектілері нысаналы мақсаты бойынша мынадай түрлерге бөлінеді:
1) шаруашылық-ауызсу жерасты сулары - өзінің сапасы жағынан табиғи күйінде немесе өңдеуден кейін ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерге сай келетін және ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждықтарға не өнім өндіруге арналған жерасты сулары;
2) жерлерді суаруға арналған жерасты сулары - өзінің сапасы жағынан табиғи күйінде немесе өңдеуден кейін нормативтік талаптарға сай келетін және ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға арналған жерасты сулары;
3) жайылымдарды суландыруға арналған жерасты сулары - өзінің сапасы жағынан табиғи күйінде немесе өңдеуден кейін нормативтік талаптарға сай келетін және ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға арналған жерасты сулары;
4) минералды және термоминералды (температурасы Цельсий бойынша жиырма градустан жоғары минералды сулар) жерасты сулары - салыстырмалы түрде тұрақты химиялық құрамы бар және бальнеологиялық тұрғыдан жағымды әсер ететін биологиялық белсенді минералдық немесе органикалық элементтердің құрамы жоғары болатын жерасты сулары;
5) өнеркәсіптік жерасты сулары - құрамындағы пайдалы қазбаларды (сирек кездесетін элементтер, галогендер және басқалар) алу үшін пайдаланылатын жерасты сулары;
6) өндірістік-техникалық жерасты сулары - өзінің сапасы мен физикалық қасиеттері бойынша өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты сулары;
7) жылу энергетикалық сулар - температурасы Цельсий бойынша қырық бес градустан жоғары, жылу энергиясының және (немесе) электр энергиясының көзі ретінде пайдалануға жарамды жерасты сулары.
5. Су объектілері аумағына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
ішкі;
трансшекаралық.
6. Су объектілері көлемі бойынша мынадай түрлерге бөлінеді:
1) шағын (ұзындығы екі жүз километрге дейінгі өзендер, ауданы он шаршы километрге дейінгі көлдер, пайдалану қорлары тәулігіне бір мың текше метрге дейінгі жерасты суларының көздері);
2) орташа (ұзындығы екі жүзден сегіз жүз километрге дейінгі өзендер, ауданы оннан жүз шаршы километрге дейінгі көлдер, пайдалану қорлары тәулігіне бір мыңнан он мың текше метрге дейінгі жерасты суларының көздері);
3) ірі (ұзындығы сегіз жүзден бір мың километрге дейінгі өзендер, ауданы бір жүзден бір мың шаршы километрге дейінгі көлдер, пайдалану қорлары тәулігіне он мыңнан жүз мың текше метрге дейінгі жерасты суларының көздері);
4) аса ірі (ұзындығы бір мың километрден асатын өзендер, ауданы бір мың шаршы километрден асатын көлдер, пайдалану қорлары тәулігіне жүз мың текше метрден асатын жерасты суларының көздері).
7. Пайдаланудың ерекше шарттары белгісі бойынша (шаруашылық қызмет режимі) мынадай болып бөлінеді:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектілері;
2) мемлекеттік орман қорының су объектілері;
3) ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері.
8. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, барлық су объектілері ортақ пайдаланылатын объектілер болып табылады.
17-бап. Су пайдалану құқығы және оның түрлері, су тұтыну құқығы
1. Жеке және заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің су ресурстарын жеке немесе кәсіпкерлік мақсаттарда алу және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметі, сондай-ақ табиғат қорғау мақсатындағы су жіберуді жүзеге асыру су пайдалану болып табылады.
2. Су пайдалану құқығының түрлеріне мыналар жатады: