3. Су қорын мемлекеттік есепке алу деректері жерүсті және жерасты су объектілерінің жай-күйін сапалық және сандық көрсеткіштері, олардың зерттелу және пайдаланылу дәрежесі бойынша сипаттайды.
36-бап. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі
1. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі су объектілері жай-күйінің көрсеткіштеріне қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, қорытудың, өңдеудің және талдаудың мемлекет қамтамасыз ететін кешенді жүйесін білдіреді.
3. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі мынадай:
1) су ресурстарының саны мен сапасын есепке алу, бағалау және болжау;
2) су ресурстарын қорғау мен пайдалануды жоспарлау;
3) судың зиянды әсерінің алдын алу және жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау;
4) су ресурстарын жылдың сулы болуына және су шаруашылығы жағдайына қарай пайдалануды жедел реттеу;
5) су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі іс-шаралардың орындалуын мемлекеттік бақылауды жүргізу мақсатында;
6) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы басқа да мақсаттарда жүргізіледі.
4. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі:
1) жерүсті су объектілері түбінің, жағалауының, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жай-күйіне;
2) жерүсті және жерасты су объектілері су ресурстарының сандық және сапалық сипаттамаларына;
3) су ресурстарының пайдаланылуына жүргізіледі.
5. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі үшін:
1) мемлекеттік және жеке байқау желілерінің байқау пункттеріндегі жүйелі байқаулардың нәтижелері;
2) су объектілерін далалық зерттеулердің нәтижелері;
3) Жерді қашықтан зондтаудың нәтижелері;
4) Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүргізетін гидрологиялық мониторинг пен басқа да мониторинг түрлерінің нәтижелері;
5) санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің нәтижелері;
6) жер қойнауына мемлекеттік мониторингтің нәтижелері;
7) төтенше экологиялық ахуал аймақтары мен экологиялық зілзала аймақтарындағы экологиялық жағдайға мониторингтің нәтижелері;
8) сел және көшкін жағдайына мониторингтің нәтижелері;
9) су объектілері мен су ресурстары туралы архив деректері;
10) су объектілері мен су ресурстарының сандық және сапалық жай-күйі туралы басқа да мәліметтер ақпарат көзі болып табылады.
6. Су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингін жүргізу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
37-бап. Мемлекеттік су кадастры
1. Мемлекеттік су кадастры - су объектілерінің саны және жай-күйі, су ресурстарының саны, сапасы және пайдаланылуы, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлардың саны мен жай-күйі, су пайдаланушылар туралы ресми деректердің жүйеленген жиынтығы.
Мемлекеттік су кадастрына енгізілген жерүсті су объектісінің паспорты болады, онда тіркеу нөмірі, атауы және сандық, сапалық, техникалық, құқықтық және экономикалық көрсеткіштерді қамтитын кешенді сипаттамасы көрсетіледі.
Жерасты сулары көздерінің немесе учаскесінің паспортында тіркеу нөмірі, су тарту жобасы орталығының географиялық координаттары бар орналасқан жері және жерасты суларының су тұтқыш белдеулерін, қорларын, химиялық және физикалық қасиеттерін қамтитын негізгі гидрогеологиялық параметрлері, сондай-ақ жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес қимасы бар схемалық гидрогеологиялық карта көрсетіледі.
2. Мемлекеттік су кадастрының деректері:
1) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, су қорын қорғауға және пайдалануға байланысты көліктік, өнеркәсіптік және басқа да кәсіпорындар мен құрылысжайларды жобалау;
2) су қорғау және су шаруашылығы іс-шараларын жоспарлау;
3) инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті жоспарлау;
4) жерасты суларына іздеу-бағалау жұмыстарын жоспарлау;
5) экологиялық су ағынын және су пайдалану лимиттерін айқындау;
6) су шаруашылығы баланстарын әзірлеу;
7) бас жоспар мен бассейндік жоспарды әзірлеу;
8) су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жоспарлау;
9) трансшекаралық су объектілері бойынша мемлекетаралық ынтымақтастық шеңберінде халықаралық міндеттемелерді орындау кезінде қолданылады.
3. Мемлекеттік су кадастры жазбаша түрде және электрондық нысанда тұрақты негізде жүргізіледі. Мемлекеттік су кадастрын жүргізу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
4. Су объектісі жойылған жағдайда су қорының жерін Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес басқа санаттағы жерлерге ауыстыру кезінде мемлекеттік су кадастрына тиісті су объектісінің жойылу себебі мен уақыты туралы ақпарат енгізіледі.
3-параграф. Су қорын қорғау және пайдалану саласында нормалау және сараптама жүргізу
38-бап. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы нормалау
1. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы нормалаудың бірыңғай жүйесі су ресурстарының сапасына, суды пайдалануға, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдаланудың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне, өндірістік және өзге де қызметтің су объектілеріне әсер ету шектерін реттеуге қойылатын талаптарды регламенттеу мақсатында белгіленеді.
2. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы нормалауды уәкілетті орган және басқа да мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
39-бап. Экологиялық су ағыны
1. Экологиялық су ағыны - өзен, көл және теңіз экологиялық жүйесін сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын өзен ағынының міндетті үлесі.
2. Экологиялық су ағыны басымдықта болады және сақталуы міндетті болып табылады.
39-баптың 3-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Экологиялық су ағыны әрбір өзен бассейні үшін айқындалады және жылдың сулы болуына және өзен ағынының жыл ішінде бөлінуіне байланысты болады.
40-бап. Су пайдалану лимиттері
1. Су пайдалану лимиттері - халықтың және экономика салаларының суға қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын алудың (алып қоюдың) шекті рұқсат етілген көлемі.
40-баптың 2-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Су пайдалану лимиттері экологиялық су ағыны айқындалғаннан кейін қалған су көлемі шегінде есептеледі.
40-баптың 3-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Су пайдалану лимиттері перспективалы және жедел лимиттер болып бөлінеді.
Су пайдаланудың перспективалы лимиттері ғылыми негіздемелер мен бассейндік жоспарлар негізінде су пайдаланушылар санаттары үшін су объектілері немесе олардың учаскелері, су шаруашылығы бассейндері және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бөлінісінде перспективалы су шаруашылығы баланстарын әзірлеу кезінде он жылдық кезеңге айқындалады және оларды уәкілетті орган белгілейді.
Бассейндік су инспекциялары су пайдаланудың жедел лимиттерін су пайдаланушылар санаттары үшін су шаруашылығы бассейнінің ішіндегі әкімшілік-аумақтық бірліктер бөлінісінде айлар бойынша бөле отырып, су пайдаланудың перспективалы лимиттері шеңберінде жыл сайын айқындайды. Бассейндік су инспекциялары су пайдаланудың жедел лимиттерін ағымдағы жылдың сулы болу болжамы, су объектілерінің экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйі және су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде белгілейді.
4. Су ресурстарына қажеттілік су пайдаланушылардың өтінімдері негізінде жыл сайын қалыптастырылады.
5. Бассейндік су инспекциялары су аз болған жылы және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде су пайдаланудың жедел лимиттерін түзетеді және арнаулы су пайдалануға рұқсаттарда айқындалған су пайдалану көлемдерін азайтады.
Су пайдаланудың жедел лимиттерін түзету осы баптың 6-тармағының ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте тиісті бассейндік кеңестің ұсынымдарын ескере отырып уәкілетті орган бекітетін, су пайдаланушылардың санаттары бөлінісінде су пайдалану лимиттері түзетіледі.
Су пайдаланушылардың бір санаты шеңберінде арнаулы су пайдалануға рұқсаттарда айқындалған су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін азайту тиісті бассейндік кеңестің ұсынымдарын ескере отырып уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, су ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын олардың орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мәселелер бойынша бассейндік кеңестің ұсынымдары қабылданбаған жағдайда, уәкілетті орган уәжді негіздеме береді.
Бассейндік су инспекциялары жедел лимитке жүргізілген түзету қорытындылары бойынша су пайдаланушыларға он жұмыс күні ішінде арнаулы су пайдалану құқығын шектеу туралы хабарлама жібереді.
6. Ауызсумен жабдықтау үшін су объектісінен су алу кезінде арнаулы су пайдалану құқығын шектеуге не тоқтата тұруға болмайды.
Су аз болған жылдарда кепілдікті қамтамасыз етуге есептелген өнеркәсіп және аквашаруашылықты жүргізу мақсаттары үшін сумен жабдықтау, судың аздығы орташа болған жылдарда кепілдікті қамтамасыз етуге есептелген суармалы егіншілік және орташа сулы болған жылы кепілдікті қамтамасыз етуге есептелген жайылма суару ауызсумен жабдықтаудан кейінгі басымдықтар болып табылады.
41-бап. Жерүсті су объектілеріндегі және (немесе) олардың учаскелеріндегі су сапасын сыныптаудың бірыңғай жүйесі
1. Жерүсті су объектілеріндегі және (немесе) олардың учаскелеріндегі су сапасын сыныптаудың бірыңғай жүйесі (бұдан әрі - сыныптаудың бірыңғай жүйесі) жерүсті су объектілерінің экологиялық әлеуетін су сапасының сыныбын және су пайдаланудың ұсынылатын түрлерін айқындау арқылы бағалауға арналған.
Сыныптаудың бірыңғай жүйесін жеке және заңды тұлғалардың қызметін реттеуге байланысты өзге де мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.
2. Жерүсті су объектілеріндегі және (немесе) олардың учаскелеріндегі су сапасының сыныптары су сапасын сипаттайтын сандық мәндерге қарай айқындалады және түрлері мен су пайдаланушылардың санаттарына қарай су пайдалану мақсаттары үшін оларды пайдалану жөніндегі ұсынымдарды қамтиды.
3. Жерүсті су объектілеріндегі және (немесе) олардың учаскелеріндегі су сапасының сыныптары су объектілері мен су ресурстарына мемлекеттік мониторинг барысында айқындалады.
4. Сыныптаудың бірыңғай жүйесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.
42-бап. Су тұтыну мен су бұрудың ірілендірілген және үлестік нормалары
1. Су тұтыну мен су бұруды нормалау - су ресурстарын үнемді және тиімді пайдалану мақсатында өнім бірлігін өндіру, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету үшін қажетті су мөлшерін ғылыми-негізделген айқындау.
Су тұтыну мен су бұруды нормалау су тұтыну мен су бұрудың ірілендірілген және үлестік нормаларын әзірлеуді қамтиды.
2. Су тұтыну мен су бұрудың ірілендірілген нормалары бас жоспар мен бассейндік жоспарды әзірлеуге, салынып жатқан және реконструкцияланатын сумен жабдықтау, суару жүйелерін және өнеркәсіптік объектілерді жобалауға арналған және оларды уәкілетті орган бекітеді.
3. Су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын су пайдаланушылар су ысырабын азайту және арнаулы су пайдалануға одан әрі рұқсат алу үшін бес жылдық мерзімге су тұтыну мен су бұру көлемін негіздеу үшін есептейді.
Су пайдаланушы су беру бойынша көрсетілетін қызметтерді өнеркәсіптік су тұтынушыларға ұсынған жағдайда, шартта өнеркәсіптік мұқтаждықтарға су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын өнеркәсіптік су тұтынушының әзірлеуі және ұсынуы жөніндегі талаптар көрсетіледі.
4. Мынадай:
1) орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау үшін су ресурстарын алып қоюды;
2) жерүсті ағынын реттеу жөніндегі қызметті;
3) су объектілерін олардан су ресурстарын алып қоймай пайдалануды;
4) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ілеспе алынған жерасты суларын (шахта, карьер, кеніш суларын, көмірсутектермен ілесіп өндірілген қабаттық суларды) ағызуды;
5) айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелерін қоректендіру үшін ғана су ресурстарын алып қоюды жүзеге асыратын су пайдаланушылар мен су тұтынушылар үшін су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын әзірлеу талап етілмейді.
43-бап. Су шаруашылығы ұйымдарының нормалары мен нормативтері
1. Су шаруашылығы құрылысжайларын пайдалануды материалдық-техникалық қамтамасыз ету нормаларын су шаруашылығы ұйымдары оларды тиісінше пайдалану мақсатында материалдарға, жабдыққа, техникаға және басқа да жабдыққа (шығыс материалдарына) үлестік қажеттілікті айқындау үшін әзірлейді.
2. Су шаруашылығы ұйымының инженерлік-техникалық жұмыскерлері санының нормативтерін олар су шаруашылығы құрылысжайын тиісінше пайдалануды қамтамасыз ете алатын еңбек ресурстарының үлестік санын анықтау үшін әзірлейді.
44-бап. Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы сараптама
1. Су қорын қорғау және пайдалану саласында мынадай сараптама түрлері жүргізіледі:
1) су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттама бойынша объектілер құрылысының жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама (бұдан әрі - ведомстводан тыс кешенді сараптама);
2) жерасты сулары учаскелерінің қорына мемлекеттік сараптама;
3) мемлекеттік экологиялық сараптама;
4) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама.
2. Объектілер құрылысы жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жобалау шешімдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалауға арналған бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына сәйкестігін (сәйкес еместігін) анықтау, сондай-ақ жобалау шешімдері мен есептеулерінде қала құрылысы регламенттері мен техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттардың нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтау жолымен жобалардың сапасына талдау мен бағалауды жүргізу мақсатында жүзеге асырылады.
Бөгеттерді салуға немесе реконструкциялауға арналған жобалау құжаттамасы олардың гидравликалық модельдік зерттеулерінің нәтижелері болған кезде немесе мұндай зерттеулердің қажетсіздігін негіздеген кезде ғана сараптамаға ұсынылуы мүмкін.
Ведомстводан тыс кешенді сараптама Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
3. Жерасты сулары учаскелерінің қорына мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
4-параграф. Рұқсаттар мен келісулер
45-бап. Арнаулы су пайдалану туралы жалпы ережелер
1. Арнаулы су пайдалануды жеке және заңды тұлғалар арнаулы су пайдалануға рұқсат (бұдан әрі - рұқсат) негізінде жүзеге асырады.
2. Мыналар арнаулы су пайдалануға жатады:
1) тікелей жерүсті су объектісінен су ресурстарын алу;
2) жерасты суларын алу;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, сондай-ақ құрылыс қызметін жүргізу кезінде дренаждық суларды немесе ілеспе алынған жерасты суларын пайдалану;
4) тазартылған сарқынды суларды жерүсті су объектілеріне, жер қойнауына, сарқынды суларды жинақтағыштарға және жергілікті жер бедеріне ағызу;
5) жерүсті су ағынын реттеу.
3. Мыналар арнаулы су пайдалануға жатпайды:
1) елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылмайтын, жер бетінен бірінші су тұтқыш белдеудегі шахта құдықтарын, құбырлы сүзгіш құдықтарды, шегендеу құрылысжайларын пайдалану кезінде су ресурстарын алу;
2) кеменің және оның технологиялық жабдықтарының жұмысын қамтамасыз ету үшін су объектілерінен кемелермен су алу;
3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, сондай-ақ құрылыс қызметін жүргізу кезінде ілеспе алынған жерасты суларын (шахта, карьер, кеніш суларын, дренаждық суларды) одан әрі пайдаланбау шартымен алу (айдау);
4) елді мекендерді орталықтандырылмаған ауызсумен жабдықтау кезінде су объектілерінен тәулігіне бес текше метрге дейінгі көлемде су алу;
5) жайылымдарды суландыру үшін жерүсті және жерасты су объектілерінен су ресурстарын алу;
6) осы Кодекстің 113-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде белгіленген шарттарда еріген, нөсер және тасқын сулардың жинақталуы.
4. Жеке және заңды тұлғалар қызметінің мынадай рұқсат беру талаптарына сәйкестігі:
1) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларға және (немесе) арнаулы су пайдалануды жүзеге асыруға көмек болатын техникалық құрылғыға меншік құқығы немесе оларды пайдалану құқығы негіздерінің болуы;
2) су шаруашылық құрылысжайының паспорты мен оны пайдалану қағидаларының, ал қауіптілігі ықтимал гидротехникалық құрылысжайлар үшін қауіпсіздік декларациясының да болуы;
3) су пайдалану көлемінің су пайдаланудың бекітілген жедел лимитіне, оның ішінде осы Кодекстің 40-бабының 5-тармағына сәйкес түзетілген лимитіне сәйкестігі;
4) өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тұрған, алынған су ресурстары мен ағызылған тазартылған сарқынды сулардың көлемін өлшеу құралдарының болуы;
5) шаруашылық сумен және ауызсумен жабдықтау үшін жерүсті және (немесе) жерасты суларын алу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы, сондай-ақ ауызсумен жабдықтайтын су тарту құрылысжайларының санитариялық қорғау аймақтарының болуы;
6) су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын келісудің болуы, ал осы Кодекстің 42-бабы 4-тармағының 1-тармақшасында аталған тұлғалар үшін - су тұтыну мен су бұру көлемдерін негіздеу есеп-қисабының болуы;
45-баптың 4-тармағының 7) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7) тікелей жерүсті су объектісінен су ресурстарын алып қоймай пайдалануды жүзеге асыратын не қолда бар ең үздік технологияларды толық ендірген және судың өнімсіз ысырабын азайтқан су пайдаланушыларды қоспағанда, су ысырабын азайту және қолда бар ең үздік технологияларды ендіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының болуы (кемінде бес жыл);
8) тазартылған сарқынды сулар мен өндірістік суларды жерүсті су объектілеріне, жер қойнауына, сарқынды суларды жинақтағыштарға және жергілікті жер бедеріне ағызу кезінде І және II санаттағы объектілер үшін экологиялық рұқсаттың не III санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсері туралы декларацияның болуы су объектілерінен су алу және (немесе) тазартылған сарқынды суларды ағызу кезінде рұқсат беру және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асыру шарты болып табылады. Қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін объектілерді І, II немесе III санаттағы объектілерге жатқызу Қазақстан Республикасының Экология кодексіне 2-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады;
9) осы Кодекстің 67-бабына сәйкес су ресурстарын пайдаланғаны үшін уақтылы және анық өндірістік бақылауды жүргізу су объектілерінен су алу және (немесе) тазартылған сарқынды суларды ағызу кезінде рұқсат беру және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асыру шарты болып табылады.
5. Жеке және заңды тұлғалар қызметінің осы баптың 4-тармағында көрсетілген рұқсат беру талаптарына қосымша мынадай рұқсат беру талаптарына сәйкестігі:
1) осы Кодекстің 93-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкестігі;
2) мынадай:
минералды жерасты суларын алғанда - кез келген көлемде алып қою кезінде;
жерасты суларының өзге түрлерін алғанда - тәулігіне елу текше метрден астам көлемде алып қою кезінде жерасты сулары учаскелерінің бекітілген қорының болуы;
3) ұңғымалардағы су деңгейін өлшеуге арналған аспаптардың немесе манометрлердің (су өздігінен ағып шығатын ұңғымалар үшін) болуы;
4) тәулігіне бір мың текше метрден астам көлемде жерасты суларын алу кезінде:
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісілген, байқау желісінің құрамы мен конструкциясы, жерасты суларының шығысы, динамикалық және статикалық деңгейлері, химиялық құрамын байқаудың кезеңділігі мен тәртібі көрсетілген жерасты суларын мониторингтеу бағдарламасының болуы;
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісілген жерасты суларын алу жобасының болуы жерасты суларын алу кезінде рұқсат беру және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асыру шарты болып табылады.
Жерасты суларын алу жобасын және жерасты суларын мониторингтеу бағдарламасын әзірлеу және келісу тәртібін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.
6. Балық қорғау және (немесе) балық жіберу құрылғысының болуы, осы баптың 4-тармағында көрсетілген талаптардан басқа, жерүсті су объектілерінен су ресурстарын алу кезінде рұқсат берудің және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асырудың қосымша шарты болып табылады.
45-баптың 7-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
7. Айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелері бар өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілерді қоспағанда, осындай сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен (бес жылдан асырмай) көшу жоспарының болуы өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілер жерүсті су объектілерінен су ресурстарын алған кезде рұқсат берудің және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асырудың қосымша шарты болып табылады.
8. Жеке және заңды тұлғаларда осы баптың 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген рұқсат беру талаптарына қосымша жерүсті су ағынын реттеу кезінде гидротехникалық құрылысжай жұмысының бекітілген су режимінің болуы жерүсті су ағынын реттеу кезінде рұқсат беру және кейіннен арнаулы су пайдалануды жүзеге асыру шарты болып табылады.
46-бап. Рұқсатты ресімдеу
1. Өтініш беруші рұқсат алу үшін осы Кодекстің 45-бабының 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, бассейндік су инспекциясына өтініш береді.
2. Су пайдаланушылар су ресурстарына қажеттілікті - су тұтыну мен су бұрудың үлестік нормаларын негізге ала отырып, ал орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау үшін су тұтыну мен су бұру көлемін негіздейтін есеп-қисаптарға сүйене отырып есептейді.
Бассейндік су инспекциялары осы Кодекстің 40-бабының ережелеріне сәйкес су пайдалану лимиттерін негізге ала отырып, су пайдалану көлемін айқындайды.
46-бабы 3-тармағының қолданысы 2028 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, осы тармақ тоқтатыла тұру кезеңінде осы Кодекстің 134-бабының 3-тармағының редакциясында қолданылады
3. Жерасты суларының бекітілген баланстық қорлары болмаған және суға мәлімделген қажеттілік тәулігіне бір мың текше метрге дейін болған жағдайда, бассейндік су инспекциялары пайдалану тәжірибесі бойынша жерасты суларының қорын бағалау және сараптама жүргізу мақсатында берілген рұқсат шеңберінде мониторингтік зерттеулер жүргізу шартымен үш жылға дейінгі мерзімге арнаулы су пайдалануға рұқсат береді.
4. Бассейндік су инспекциялары рұқсатты барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
5. Рұқсат мынадай:
1) өтініш беруші аз мерзімді көрсеткен;
2) жерасты суларының бекітілген баланстық қорларының қолданылу мерзімі өтініш беруші сұратқан рұқсаттың қолданылу мерзімінен бұрын аяқталатын;
3) жерасты суларының бекітілген баланстық қорлары болмаған жағдайларды қоспағанда, бес жыл мерзімге беріледі.
Жерасты суларының бекітілген баланстық қорлары болмаған кезде рұқсат үш жыл мерзімге беріледі.
6. Көрсетілетін қызметті берушілердің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартуы негіздерінен басқа, рұқсат беруден осы Кодекстің 48 және 49-баптарында белгіленген тәртіппен арнаулы су пайдалануды жүзеге асыруға тыйым салу (тоқтата тұру) түрінде арнаулы су пайдалану құқығының шектелуіне байланысты бас тартылуы мүмкін.
47-бап. Рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзарту және оны қайта ресімдеу
1. Заңды тұлға атауының өзгеруі және (немесе) оның орналасқан жерінің өзгеруі, жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) өзгертуі, дара кәсіпкерді қайта тіркеу өтініш негізінде рұқсатты қайта ресімдеу қажеттілігіне алып келеді.
Бассейндік су инспекциясына өтініш растайтын құжаттар қоса беріліп, өзгерістер болған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жіберіледі.
2. Егер су пайдалану шарттары және су тұтыну мен су бұрудың үлес нормалары өзгеріссіз қалса, рұқсаттың қолданылу мерзімі осы Кодекстің 45-бабының 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келетін шарттарда су пайдаланушының өтініші негізінде ұзартылуы мүмкін.
Бассейндік су инспекциялары рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартуды өтініш беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынған барлық қажетті құжаттармен өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
3. Рұқсаттың қолданысы осы Кодекстің 46-бабының 5-тармағында көрсетілген мерзімдерге ұзартылады.