Жерасты суларын алуға рұқсаттың қолданысын ұзарту мерзімі жерасты суларының қорын бекіту мерзімінің аяқталу күнімен шектеледі.
48-бап. Арнаулы су пайдалану құқығын шектеу
1. Арнаулы су пайдалану құқығы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғанысын, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны, тарихи-мәдени мұраны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ су аз болған жылдары және (немесе) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен уақытша шектелуі мүмкін.
Арнаулы су пайдалану құқығын шектеу халықты ауызсумен қамтамасыз ету жағдайларын нашарлатпауға тиіс.
2. Арнаулы су пайдалану құқығын шектеу арнаулы су пайдалану құқығын жүзеге асыруға тыйым салу (тоқтата тұру) немесе су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін азайту түрінде жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Арнаулы су пайдалануды жүзеге асыруға тыйым салу (тоқтата тұру) арнаулы су пайдалану құқығын беруге өтініштерді қабылдауды тоқтата тұрудан және (немесе) шектеу енгізу кезінде қаралып жатқан өтініштер бойынша осы құқықты беруден бас тартудан және берілген рұқсаттардың қолданысын уақытша тоқтата тұрудан тұрады.
4. Арнаулы су пайдалануды жүзеге асыруға тыйым салу (тоқтата тұру) енгізілетін құқықтық шектеу шаралары мен олардың кеңістіктегі және уақыттағы әрекетін көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша енгізіледі.
5. Бассейндік су инспекциялары су пайдаланудың рұқсат етілген көлемдерін азайтуды осы Кодекстің 40-бабының 5-тармағына сәйкес су пайдаланудың жедел лимиттері түзетілгеннен кейін қолданыстағы рұқсаттар бойынша жүзеге асырады.
6. Арнаулы су пайдалану құқығын шектеуді бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
49-бап. Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру
1. Бассейндік су инспекциясы рұқсаттың қолданысын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мынадай:
1) Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған;
2) рұқсат беру талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда тоқтата тұрады.
2. Бассейндік су инспекциясы су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау барысында осы баптың 1-тармағында көрсетілген фактілер анықталған кезде мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою туралы нұсқама береді. Бассейндік су инспекциясы анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылмаған және (немесе) бұзушылық жойылмаған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалу фактісін анықтау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Бассейндік су инспекциясы жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болатын бұзушылықтар жойылмаған кезде рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру түрінде жедел ден қою шарасын қолдану туралы нұсқама шығарады.
3. Рұқсат мынадай жағдайларда:
1) су пайдаланушы арнаулы су пайдалану құқығынан бас тартқан;
2) арнаулы су пайдалану мерзімі өткен және (немесе) жерасты суларының қорын бекіту мерзімі өткен;
3) су пайдаланушы - жеке тұлға қайтыс болған;
4) су пайдаланушы - заңды тұлға таратылған;
5) су объектілері ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына қосылған;
6) су объектілері табиғи немесе жасанды түрде жойылып кеткен;
7) рұқсаттан айырылған (рұқсат кері қайтарып алынған) жағдайларда, тоқтатылуға жатады.
4. Бассейндік су инспекциясы осы баптың 3-тармағының 1), 2), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер басталған жағдайда, су пайдаланушыға рұқсаттың қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабархат жібереді.
5. Рұқсаттан айыру (рұқсатты кері қайтарып алу):
1) ауызсумен жабдықтауға арналған су объектілерін (су ресурстарын) бір жыл бойы пайдаланбаған;
2) су объектілерін (су ресурстарын) үш жыл бойы пайдаланбаған;
3) рұқсаттың қолданысын тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтар жойылмаған жағдайларда жүргізіледі.
Рұқсаттан айыру (рұқсатты кері қайтарып алу) үшін негіздер су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау барысында анықталады.
Рұқсаттан айыру (рұқсатты кері қайтарып алу) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
50-бап. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін құрылысжайлар мен басқа да объектілерді орналастыруды, жобалауды және салуды, реконструкциялауды, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс қызметіне, ағаш өсіруге, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясына, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен өзге де жұмыстарға байланысты жұмыстарды жүргізу шарттарын келісу
1. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін құрылысжайлар мен басқа да объектілерді орналастыруды (тұстаманы таңдауды) келісу жобалаудың бастапқы сатысында жүргізіледі.
Су тұтынуға және (немесе) сарқынды суларды ағызуға байланысты жаңа құрылысжайлар мен объектілерді салу жобаларында, сондай-ақ осындай құрылысжайлар мен объектілерді реконструкциялау кезінде жеке бөліммен арнаулы су пайдалану шарттары мен суды пайдаланудың алдын ала көлемдері қарастырылады.
Су объектілерінде, су қорғау белдеулері мен аймақтарында құрылыс қызметіне, ағаш өсіруге, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясына, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен өзге де жұмыстарға байланысты жұмыстарды жүргізу осы Кодекстің 86-бабы 1, 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жобалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органдармен олардың құзыреті шегінде келісіледі.
Жобалау құжаттамасын қарау, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қоспағанда, жер учаскесін беру келісілгеннен кейін жəне ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілгенге дейін жүзеге асырылады.
3. Су объектілерінде жəне (немесе) су қорғау аймақтарында жаңа объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды, олардың кешендері мен коммуникацияларын) жобалау, салу жəне орналастыру, сондай-ақ объектілер алып жатқан жер учаскелерін су қорғау аймақтары мен белдеулеріне жатқызғанға дейін тұрғызылған объектілерді реконструкциялау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, қайта бейіндеу) бассейндік су инспекцияларымен келісіледі.
4. Көрсетілетін қызметті берушілердің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуы негіздерінен басқа, бассейндік су инспекциялары пайдалануға болатын су ресурстары немесе жерасты суларының бекітілген қоры болмаған немесе жоспарланатын қызмет жобасы осы Кодекстің 86-бабының талаптарына сəйкес келмеген жағдайда, құжаттардың жобаларын келісуден бас тартады.
5. Су объектілерінің жай-күйіне əсер ететін құрылысжайлар мен басқа да объектілерді орналастыруды, жобалауды жəне салуды, реконструкциялауды, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс қызметіне, ағаш өсіруге, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясына, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен өзге де жұмыстарға байланысты жұмыстарды жүргізу шарттарын келісу қағидаларын уəкілетті орган бекітеді.
5-параграф. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
51-бап. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жəне қадағалау туралы жалпы ережелер
1. Су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес тексеру жəне бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.
Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде өз бетінше су пайдалануға жол берілмеуін жəне шаруашылық қызметті жүзеге асыруға осы Кодексте белгіленген тыйым салулардың сақталуын, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау жəне пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын мемлекеттік бақылау осы Кодекске сəйкес жүзеге асырылады.
Каналдар арқылы су беру, суару үшін су беру бойынша жəне тірек гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жерүсті су ағынын реттеу бойынша көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.
2. Уəкілетті органның ведомствосы бассейндік су инспекцияларының су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметін үйлестіреді.
Уəкілетті орган ведомствосының жəне бассейндік су инспекциясының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уəкілеттілік берілген лауазымды адамдары мемлекеттік су инспекторлары болып табылады.
3. Бассейндік су инспекциялары:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау жəне пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын;
2) арнаулы су пайдалануға рұқсаттың болуын;
3) жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекаралары шегінде, сондай-ақ тікелей су объектілерінде шаруашылық қызметтің белгіленген режимінің сақталуын, оның ішінде:
су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде судың жай-күйіне əсер ететін құрылысжайлар мен басқа да объектілерді орналастыруды, жобалауды жəне салуды, реконструкциялауды бассейндік су инспекциясымен келісудің болуын;
су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс қызметіне, ағаш өсіруге, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясына, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен өзге де жұмыстарға байланысты жұмыстарды жүргізу шарттарын келісудің болуын;
мынадай:
су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылысжайларды жəне судың жай-күйіне əсер ететін басқа да объектілерді салуға, реконструкциялауға арналған, бассейндік су инспекциясымен келісілген жобалау құжаттамасы;
су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс қызметіне, ағаш өсіруге, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға, ұңғымаларды бұрғылауға, жерүсті су объектілерін санациялауға, су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясына, ауыл шаруашылығы жұмыстары мен өзге де жұмыстарға байланысты жұмыстарды жүргізу шарттарын бассейндік су инспекциясымен келісу шарттарының сақталуын;
4) рұқсатта белгіленген шарттар мен талаптардың сақталуын;
5) суды бастапқы есепке алуды жүргізу жəне ол бойынша есептілікті уақтылы ұсыну жөніндегі талаптардың сақталуын;
6) алынған су ресурстары мен тазартылған сарқынды суларды ағызу көлемін есепке алуға арналған өлшеу құралдарының болуын, жарамды күйде болуын (жарамдылығын) жəне оларды тексеру мерзімдерінің сақталуын;
7) су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану қағидаларының сақталуын;
8) гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
4. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау осы Кодекстің 52-бабына сəйкес жүзеге асырылады.
Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында жəне 3) тармақшасының бірінші, екінші жəне үшінші абзацтарында көзделген су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау осы Кодекстің 53-бабына сəйкес жүзеге асырылады.
Осы баптың 3-тармағы 3) тармақшасының төртінші, бесінші жəне алтыншы абзацтарында, 4), 5), 6), 7) жəне 8) тармақшаларында көзделген су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын болғызбау мақсатында су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында жəне оның нəтижелері бойынша осы Кодексте жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексінде көзделген тəртіппен жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін.
52-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау жəне пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын мемлекеттік бақылау
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының су қорын қорғау жəне пайдалану саласында өздеріне жүктелген функцияларды сақтауын мемлекеттік бақылауды бассейндік су инспекциялары бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей жəне тексеруді тағайындау туралы актіні тіркемей тексеру нысанында, сондай-ақ осы бапта көзделген мемлекеттік бақылау нысанасына қатысты мемлекеттік органдардан, жеке жəне заңды тұлғалардан келіп түсетін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған есептер мен ақпаратқа талдау жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген:
1) бассейндік жоспарларды іске асыру үшін су қорын қорғау, су ресурстарын пайдалану, су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды дамыту жөніндегі іс-шараларды жоспарлау жəне іске асыру;
2) жерүсті су объектілерін санациялау;
3) су қорғау аймақтарын, белдеулерін жəне оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу;
4) жерүсті су көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерін жыл сайын айқындау;
5) бассейндік кеңестердің ұсынымдарын орындау бойынша шаралар қабылдау;
6) тасқын жəне еріген сулардан қорғау жəне (немесе) оларды су қоймаларын, көл жүйелерін жəне жерасты суларының көздерін толықтыруға бұру жəне (немесе) қайта бөлу үшін елді мекендерді, өнеркəсіптік объектілерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын, көлік инфрақұрылымы объектілерін, қауіпті өндірістік объектілерді қорғаудың инженерлік жүйелерін құруды ұйымдастыру;
7) бассейндік жоспарлардың тұжырымдарына сəйкес судың зиянды əсерінің алдын алу жəне жасанды түрде болатын қуаңшылықты болғызбау үшін жерүсті су объектілерінің су жайылатын учаскелеріне орман өсіруді, өздерінің функционалдық қарамағындағы аумақтарда егісті қорғау үшін ағаш өсіруді ұйымдастыру;
8) коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылысжайларын, сондай-ақ тиісті аумақтағы иесіз қалған су шаруашылығы құрылысжайларын есепке алу жөніндегі функциялардың сақталуы мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылады.
3. Мыналар мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады:
1) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар;
2) облыстардың жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар.
4. Мемлекеттік органдардан, жеке жəне заңды тұлғалардан келіп түскен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған есептілік пен ақпаратты нақтылау үшін оларды талдау барысында бассейндік су инспекциялары осы Кодекстің 27-бабында көзделген функцияларға қатысты ресми ақпаратты мемлекеттік бақылау субъектілерінен сұратуға құқылы. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары сұратылған ақпаратты өз құзыреті шегінде беруге міндетті.
5. Бассейндік су инспекциясы есептер мен ақпаратты талдау қорытындылары бойынша мемлекеттік бақылау субъектілерінің əрекеттерінен (əрекетсіздігінен) бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар əзірлейді жəне оларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органына қарау үшін жібереді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдардың көшірмесі уəкілетті органға жіберіледі.
6. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары есептер мен ақпаратты талдау нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтармен не ұсынымдарда көрсетілген жекелеген ережелермен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өз қарсылықтарын бассейндік су инспекциясына жіберуге құқылы.
7. Тексерулер:
1) жоспарлы;
2) жоспардан тыс болып бөлінеді.
8. Жоспарлы тексерулер тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанынан кешіктірілмей, уəкілетті органның ведомствосы бекітетін жылдық жоспарға сəйкес жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі, онда мыналар:
1) бекіту күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексерілетін субъектінің атауы;
4) тексерілетін субъектінің (объектінің) тұрған жері;
5) тексеру нысанасы;
6) тексеруді жүргізу мерзімдері;
7) жоспарға қол қоюға уəкілеттік берілген адамның қолтаңбасы қамтылады.
Тексерулердің жылдық жоспары уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Жоспарлы тексеруді жүргізу мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды.
Бақылау субъектісі таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген немесе мемлекеттік бақылау субъектілері арасында өкілеттіктер қайта бөлінген жағдайларда, сондай-ақ табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар жəне соларға байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген кезде төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайларда, жоспарлы тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жүзеге асырылады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар басталған кезде жоспарлы тексеру табиғи жəне техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі немесе төтенше жағдай жойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін.
9. Жоспардан тыс тексеру:
1) жеке жəне заңды тұлғалардан келіп түскен, Қазақстан Республикасының су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу туралы расталған жолданымдар болған кезде;
2) тексеру нəтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуына бақылау жүргізу мақсатында;
3) адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке жəне заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүддесіне зиян келтірілгені не зиян келтіру қатері туралы нақты фактілермен прокурордың талабы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша қылмыстық қудалау органының тапсырмасымен жүргізіледі.
Анонимді жолданымдар болған жағдайда, жоспардан тыс тексерулер жүргізілмейді.
Жоспардан тыс тексеруді жүргізу мерзімі бес жұмыс күніне дейін ұзартыла отырып, бес жұмыс күнінен аспайды. Бұл мерзім бір реттен асырмай ұзартылуы мүмкін.
10. Тексерулер бассейндік су инспекциясының тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі, онда:
1) күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уəкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе) жəне лауазымы;
4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар туралы мəліметтер;
5) тексерілетін субъектінің атауы;
6) тексеру түрі;
7) тағайындалған тексерудің нысанасы;
8) тексеруді жүргізу мерзімі;
9) тексеруді жүргізу негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) актілерге қол қоюға уəкілеттік берілген адамның қолтаңбасы;
12) мемлекеттік бақылау субъектісі басшысының не оның уəкілетті адамының (уəкілетті адамдарының) актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы қамтылады.
11. Бассейндік су инспекциясының лауазымды адамы тексеру нəтижелері бойынша тексеру нəтижелері туралы акт жəне бұзушылықтар болған жағдайда, оларды жою туралы нұсқама жасайды.
Тексеру нəтижелері туралы актіде:
1) тексеруді жүргізу жəне актіні жасау орны, күні жəне уақыты;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басын куəландыратын құжатта көрсетілсе) жəне лауазымы;
4) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы, тексеру жүргізу кезінде қатысқан өкілдің лауазымы;
5) тексеру нəтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мəліметтер;
6) мемлекеттік бақылау субъектісі өкілдерінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нəтижелері туралы актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мəліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы;
7) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы қамтылады.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада:
1) тексеруді жүргізу жəне нұсқаманы жасау орны, күні жəне уақыты;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басын куəландыратын құжатта көрсетілсе) жəне лауазымы;
4) мемлекеттік бақылау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басын куəландыратын құжатта көрсетілсе), тексеру жүргізу кезінде қатысқан өкілінің лауазымы;
5) жою мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар;
6) мемлекеттік бақылау субъектісі өкілдерінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдардың бұзушылықтарды жою туралы нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мəліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы;
7) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы қамтылуға тиіс.
12. Тексеру нəтижелері туралы акт жəне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама екі данада жасалады. Бір данасы мемлекеттік бақылау субъектісіне беріледі, екіншісі бассейндік су инспекциясында қалады.
Тексеру нəтижелері туралы актінің жəне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысанын уəкілетті орган бекітеді.
13. Бассейндік су инспекциясының лауазымды адамдарының тексеруді жүргізу кезінде:
1) қызметтік куəлігін не сəйкестендіру картасын көрсеткен кезде мемлекеттік бақылау объектісінің аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нəтижелері туралы актіге қоса тігу үшін қағаз жəне электрондық жеткізгіштердегі құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін алуға;
3) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға құқығы бар.
14. Бассейндік су инспекциясының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға жəне өтінулермен жүгінуге тыйым салынады.
Бассейндік су инспекциясының лауазымды адамдары тексеруді жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік бақылау субъектілерінің құқықтары мен заңды мүддесін сақтауға;
2) тексеруді осы Кодексте белгіленген тəртіп негізінде жəне соған қатаң сəйкестікте жүргізуге;
3) тексеруді жүргізу кезеңінде мемлекеттік бақылау субъектілерінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтардың алдын алу, анықтау жəне жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы жəне толық көлемде орындауға;
5) мемлекеттік бақылау субъектісіне не оның уəкілетті өкіліне тексеруді жүргізу кезінде қатысуға кедергі келтірмеуге, тексеру нысанасына жататын мəселелер бойынша түсіндірме беруге;
6) мемлекеттік бақылау субъектісіне тексеру нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
7) мемлекеттік бақылау субъектісіне - тексеру нəтижелері туралы актіні, бұзушылықтар анықталған жағдайларда, тексеру аяқталған күні оның нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс етуге;
8) тексеруді жүргізу нəтижесінде алынған құжаттар мен мəліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
15. Мемлекеттік бақылау субъектілері не олардың уəкілетті өкілдері тексеруді жүзеге асыру кезінде:
1) қызметтік куəлігін не сəйкестендіру картасын көрсеткен бассейндік су инспекциясының лауазымды адамдарының тексерілетін объектінің аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының осы баптың 13-тармағында көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге міндетті.
16. Мемлекеттік бақылау субъектілері не олардың уəкілетті өкілдері тексеруді жүзеге асыру кезінде:
1) қызметтік куəлігі не сəйкестендіру картасы жоқ адамдарды тексеруге жібермеуге;
2) өз ескертулерін жəне (немесе) қарсылықтарын жазбаша түрде баяндауға жəне оларды тексеру нəтижелері туралы актіге қоса беруге;
3) бассейндік су инспекциясының жəне олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.