Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету түріндегі тәртіптік жаза келесі төмен тұрған лауазымдық деңгей болған кезде қолданылады. Ол болмаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылады.
Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару және сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда көзделген негіздер бойынша қолданылады.
4. Басқа саяси немесе әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасқан мемлекеттік қызметші бұрынғы мемлекеттік лауазымда тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза қолдану мерзімдері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.
5. Тәртіптік жаза:
1) мұндай өкілеттігі бар лауазымды адам (орган) не осындай өкілеттік берілген өзге де лауазымды адам (орган) (бұдан әрі - тәртіптік жаза қолдануға уәкілеттік берілген адам) тарапынан қолданылады;
2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болса және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келсе, сол бір теріс қылық үшін қайта қолданылмайды;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібіне сәйкес қолданылады.
6. Мыналар тәртіптік жаза қолдануға уәкілеттік берілген адамдар деп танылады:
1) саяси мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану кезінде - саяси мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындау және оны лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган);
2) сайланған мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану кезінде - жоғары тұрған лауазымды адам;
3) жергілікті өкілді орган тағайындайтын әкімшілік мемлекеттік қызметшіні қоспағанда, әкімшілік мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану кезінде - әкімшілік мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындау және оны лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган);
4) жергілікті өкілді орган тағайындайтын әкімшілік мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану кезінде - жергілікті өкілді орган не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (уәкілетті орган).
7. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселелері бойынша шешімді тәртіптік жаза қолдануға уәкілеттік берілген адам қабылдайды.
Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығын алқалы орган Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібіне сәйкес қарайды.
8. Сайланған мемлекеттік қызметшіге оны атқаратын лауазымына сай емес деп тану түрінде тәртіптік жаза қолданылған кезде тиісті актінің көшірмесі жергілікті өкілді органға жіберіледі, ол сайланған мемлекеттік қызметшінің өкілеттігін тоқтату туралы не оның өз міндеттерін жүзеге асыруын жалғастыруы туралы мәселені бір ай мерзімде қарайды.
Сайланған мемлекеттік қызметшінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда жергілікті өкілді орган шешімінің көшірмесі тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Жергілікті өкілді органның шешімі негізінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған мемлекеттік қызметшінің өкілеттігін жоғалту фактісін назарға алады.
62-бап. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар
1. Осы Заңда мемлекеттік қызметшілердің мынадай іс-әрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар деп танылады:
1) басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуы;
2) өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін өзінің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалануы;
3) мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызметте ілгерілету кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген артықшылықтар беруі (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);
4) шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі;
5) кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кімге болмасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсетуі;
6) мемлекеттік функцияларды орындау кезінде алынған ақпаратты, егер мұндай ақпарат ресми таратылуға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдде үшін пайдалануы;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және (немесе) заңды тұлғаларға берілуі көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуы не оны кешіктіріп беруі, анық емес немесе толық емес ақпарат беруі;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және (немесе) заңды тұлғалардың беруі көзделмеген ақпаратты мұндай тұлғалардан талап етуі;
9) мемлекеттік қаржылық және материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорларына беруі;
10) адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтарды тарту етуі және қызметтік емес қызметтер көрсетуі;
11) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы;
12) кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 151-бабының 1), 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында, 156-бабы 2-тармағының 2), 6) және 8) тармақшаларында белгіленген мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуы;
13) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға осындай қызметті мемлекеттік реттеу, сондай-ақ оны бақылау мен қадағалау өкілеттіктерін беруі;
14) мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беруі;
15) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқарғаны үшін өзі оларда тиісті функциялар орындамайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетілетін қызметтер түрінде және өзге де нысандарда кез келген сыйақыны қабылдауы.
Мемлекеттік қызметшінің шотына аталған адам хабардар етілмей келіп түскен ақша, сондай-ақ ол тиісті функцияларын орындауына байланысты осы тармақшаның 6ірінші бөлігін бұза отырып алған қаражат олар анықталғаннан кейін екі аптадан аспайтын мерзімде тиісті мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың келіп түсу мән-жайлары туралы түсініктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аударылуға тиіс;
16) өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабындағы салғырттығы үшін сыйлықтарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді қабылдауы.
Мемлекеттік қызметшіге хабардар етілмей келіп түскен, сондай-ақ ол тиісті функцияларын атқаруына байланысты осы тармақшаның бірінші бөлігін бұза отырып алған сыйлықтар сыйлық алынған күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге сыйлықтың келіп түскені туралы мәлім болған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз берілуге жатады, ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетілген қызметтер үшін қызмет көрсетілген күннен бастап не мемлекеттік қызметшіге қызметтің көрсетілгені туралы мәлім болған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде республикалық бюджетке ақша аудару арқылы ақы төленуге тиіс.
Өзіне сыйлықтар келіп түскен мемлекеттік қызметші оларды «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақша республикалық бюджетке аударылады;
17) шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебінен мемлекетішілік және шетелдік туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауы, оған мыналар:
жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебінен шақыруы бойынша;
өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның және (немесе) органның келісімімен), егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызмет бабындағы мәселелерді қозғамаса;
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен шет мемлекеттердің мемлекеттік органдары арасындағы өзара уағдаластық бойынша тиісті мемлекеттік органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын;
жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келісімімен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсіби, гуманитарлық іс-шараларға қатысу үшін ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын сапарлар, оның ішінде осындай ұйымдардың жарғылық қызметі шеңберінде жүзеге асырылатын сапарлар қосылмайды;
18) кредиттер, несиелер алуда, бағалы қағаздарды, жылжымайтын және өзге де мүлікті сатып алуда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген артықшылықтарды пайдалануы.
2. Лауазымдық өкілеттіктерді атқарумен байланысты емес, бірақ мемлекеттік қызметтің қадірі мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер де, атап айтқанда:
1) есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну;
2) көлік құралын алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқару мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар болады.
3. Мемлекеттік қызметшінің отбасы мүшелері мемлекеттік қызметші қызмет бабында байланысты болатын шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғаларының есебінен сыйлықтарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді, туристік, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес.
Мемлекеттік қызметші өзінің отбасы мүшелері заңсыз алған сыйлықтарды сыйлық алынғаны туралы өзіне мәлім болған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз беруге және өзінің отбасы мүшелері құқыққа сыйымсыз пайдаланған көрсетілген қызметтердің құнын қызмет көрсетілгені туралы мемлекеттік қызметшіге мәлім болған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде республикалық бюджетке ақша аудару арқылы өтеуге міндетті.
4. Мемлекеттік қызметшінің осы баптың 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында көрсетілген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін қандай да бір тәртіптік теріс қылықтар жасауы, егер оларда қылмыстық құқық бұзушылық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда - қызметке толық сай еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға алып келеді.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтарды қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тануға алып келеді.
5. Мемлекеттік қызметшінің осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін қандай да бір тәртіптік теріс қылықтар жасауы, егер оларда қылмыстық құқық бұзушылық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болмаса, қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға алып келеді.
Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтарды қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тануға алып келеді.
6. Мемлекеттік қызметшінің осы баптың 1-тармағының 9), 13), 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшалары мен 2-тармағында көрсетілген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тануға алып келеді.
63-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту кезінде олардың құқықтарына берілетін кепілдіктер
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолдануға негіз болады.
Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығын болғызбайтын мән-жайлардың болмауы тәртіптік жаза қолданудың шарты болады.
2. Мыналар тәртіптік жауаптылықты болғызбайтын мән-жайлар деп танылады:
1) тәртіптік жаза қолдану мерзімінің аяқталуы;
2) тікелей басшы және басшы растаған құқыққа сыйымсыз бұйрықты, өкімді орындау;
3) егер жеке және заңды тұлғалардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті өзге де тәсілдермен жою мүмкін болмаса, бұл қауіпті жою үшін мәжбүрлі шаралар;
4) бұзылуы тәртіптік жауаптылыққа алып келетін, бұрын шығарылған актінің немесе оның жекелеген ережелерінің күші жойылды деп тану, олардың күшін жою;
5) мемлекеттік қызметшіні лауазымды адам ретінде әкімшілік жауаптылыққа тарту;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар.
3. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін айқындау кезінде мынадай өлшемшарттар ескеріледі:
1) жасалған тәртіптік теріс қылықтың мазмұны мен сипаты;
2) жасалған теріс қылықтың ауырлығы мен мән-жайлары;
3) мемлекеттік қызметшінің жеке басын және оның қызметке көзқарасын сипаттайтын деректер;
4) мемлекеттік қызметші кінәсінің дәрежесі;
5) тәртіптік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар;
6) тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар.
4. Мыналар тәртіптік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылады:
1) мемлекеттік қызметшінің өзінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы тікелей басшысына немесе мемлекеттік органның басшылығына ерікті түрде хабарлауы;
2) тәртіптік жаза болмаған кезде тәртіптік теріс қылық жасау және теріс қылық жасау фактісімен келісудің болуы;
3) тәртіптік теріс қылықты жеке немесе отбасылық ауыр мән-жайлар қалыптасқан кезде жасау;
4) тәртіптік теріс қылықты тәндік, психикалық не өзге де мәжбүрлеу салдарынан жасау;
5) теріс салдардың болмауы.
5. Мыналар тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
1) егер мемлекеттік қызметшіге бірінші теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылған және ол белгіленген тәртіппен алынбаған болса, сондай тәртіптік теріс қылықты қайталап жасау;
2) қарамағындағы мемлекеттік қызметшіні тәртіптік теріс қылық жасауға тарту;
3) тәртіптік теріс қылықты төтенше жағдай немесе өзге де шектеу шаралары енгізілген кезеңде жасау;
4) лауазымдық міндеттерді өрескел сақтамау;
5) тәртіптік теріс қылықты профилактикалық есепте болған кезеңде жасау;
6) тәртіптік теріс қылықты алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде немесе психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну салдарынан жасау.
6. Мемлекеттік қызметшінің міндеттерін тиісінше орындамауы немесе орындамауы лауазымдық міндеттерді өрескел сақтамауға жатады, олар:
1) адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруді;
2) қоғамдық резонанс тудырған, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуі мен міндеттерін орындауына кедергі келтіретін әрекеттер жасауды, қызметтік әдепті сақтамауды;
3) жұмыста алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуды, оның ішінде жұмыс күні ішінде осындай масаңдықты тудыратын заттарды тұтынуды;
4) мемлекеттік органның мүдделеріне зиян келтірген қызметтік ақпаратты жария етуді;
5) адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді жария етуді;
6) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етпеуді, сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті қызметтік емес мақсаттарда пайдалануды;
7) теріс салдарға алып келген, мемлекеттік қызметтің имиджіне анық нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасауды;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де әрекеттер жасауды қамтиды.
7. Тәртіптік жазаны қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметшіні міндетін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетін орындаудан босатпайды.
8. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартумен байланысты барлық материалмен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысуына құқық беріледі.
9. Жауаптылыққа тартылатын мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
64-бап. Тәртіптік жаза қолдану және оның мерзімдері
1. Тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі тоқтатқан, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған және мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық белгілері болған жағдайларда тәртіптік жаза қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарайтын алқалы орган тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынымды тәртіптік жаза қолдануға уәкілеттік берілген адамға енгізген күн не аталған адамға мемлекеттік қызметшінің осы теріс қылықты өзінің жасау фактісімен келісетіні туралы жазбаша түсініктеме берілген күн мерзімнің өтуі басталатын, тәртіптік теріс қылық анықталған күн деп есептеледі.
Белгілі бір теріс қылықтың бірыңғай құрамының үздіксіз жүзеге асырылуымен сипатталатын және ол анықталған кезде аяқталмаған тәртіптік теріс қылық ұзаққа созылған тәртіптік теріс қылық деп танылады.
2. Мынадай:
1) мемлекеттік қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздығы;
2) мемлекеттік қызметші демалыста немесе іссапарда болған;
3) мемлекеттік қызметші даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болған;
4) мемлекеттік қызметші мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытына өз міндеттерін атқарудан босатылған;
5) мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартумен байланысты мемлекеттік органдардың актілері мен материалдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасаған;
6) қылмыстық іс бойынша іс жүргізілген, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің өз лауазымдық өкілеттіктерін атқаруымен байланысты тиісті сот актісі заңды күшіне енгенге дейінгі;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс бойынша қылмыстық іс жүргізілген, сондай-ақ қарамағындағы мемлекеттік қызметшіге қатысты тиісті сот актісі заңды күшіне енгенге дейінгі;
8) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізілген, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің өз лауазымдық өкілеттіктерін атқаруымен байланысты тиісті сот актісі немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген лауазымды адамның актісі заңды күшіне енгенге дейінгі;
9) мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшінің әрекетімен (әрекетсіздігімен) байланысты шешімі сотта қаралған жағдайларда тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
Тәртіптік жаза қолдану мерзімінің өтуі прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін қарау кезеңінде де тоқтатыла тұрады және осы акт бойынша шешім қабылданған күннен бастап қайта басталады.
3. Мемлекеттік қызметшіні іссапарға жіберу жəне (немесе) демалыстан кері шақыртып алу оны тəртіптік жауаптылыққа тартумен байланысты жағдайларды қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тəртіптік жауаптылық туралы мəселені қарау тоқтатыла тұрады, сондай-ақ тəртіптік жаза қолданылмайды.
Егер мемлекеттік қызметшіге оның тəртіптік жауаптылығына байланысты материалдардың қаралатыны туралы оның еңбекке уақытша жарамсыздығы басталғанға дейін тиісті түрде хабарланса, тəртіптік жауаптылық туралы мəселені қарау тоқтатыла тұрмайды.
4. Тəртіптік жазаны қолдану мерзімі:
1) ескерту түріндегі тəртіптік жаза қолданылған күннен бастап екі айдан;
2) сөгіс түріндегі тəртіптік жаза қолданылған күннен бастап үш айдан;
3) қатаң сөгіс түріндегі тəртіптік жаза қолданылған күннен бастап төрт айдан;
64-бабы 4-тармағының бірінші бөлігі 4) тармақшасының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақша 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тəртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
Мемлекеттік лауазымды төмендету түріндегі тəртіптік жаза бойынша қолданылу мерзімі белгіленбейді.
5. Алдыңғы тəртіптік теріс қылық үшін тəртіптік жаза қолданылғаннан кейін алты ай ішінде тəртіптік теріс қылықты қайталап жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға дейінгі неғұрлым қатаң тəртіптік жазаға алып келеді.
6. Тəртіптік жаза қолдануға уəкілеттік берілген адам, егер бұрын қолданылған тəртіптік жазаның қолданылу мерзімі аяқталмаса, тəртіптік жауаптылықты жеңілдететін мəн-жайлар болса, тəртіптік жауаптылықты ауырлататын мəн-жайлар болмаса, тəртіптік жаза қолданбастан, тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шараларымен, бұрын қолданылған тəртіптік жазамен шектелуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тəртіптік теріс қылықтарға қолданылмайды.
7. Тəртіптік жаза қолдануға уəкілеттік берілген адам тəртіптік жазаның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен мерзімінен бұрын алуы мүмкін.
65-бап. Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету
Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сəйкес лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілуі мүмкін;
2) оның тəртіптік жауаптылығы қаралған жағдайда - тəртіптік жаза қолдануға уəкілеттік берілген адам тəртіптік жауаптылық туралы мəселе шешілгенге дейін жалақысын сақтай отырып, бір айдан аспайтын мерзімге лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.
Тəртіптік жаза қолдануға уəкілеттік берілген адам мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету туралы акт шығарады.
66-бап. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары
1. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары мемлекеттік қызметшілердің тəртіптік теріс қылық жасауының алдын алу, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында мемлекеттік қызметшілерге қатысты қолданылады.
2. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шараларын қабылдау туралы мəселені қарау үшін мынадай мəн-жайлардың:
1) тəртіптік теріс қылық жасаудың;
2) əкімшілік құқық бұзушылық жасаудың;
3) жеке жəне (немесе) заңды тұлғалар жолданымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпараттың;
4) құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдар жолданымдарының болуы негіз болады.
3. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары:
1) профилактикалық əңгімелесу;
2) жазбаша ескерту;
3) мемлекеттік қызметшінің өз лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы үшін қажетті мемлекеттік қызметшінің құзыреттерін тексеру;
4) мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқына қатысты жеке ұсынымдар;
5) профилактикалық есепке алу жəне мониторингтеу.
4. Тəртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары тəртіптік жазалармен бірге не тəртіптік жауаптылықты болғызбайтын немесе жеңілдететін мəн-жайлар болған жағдайларда бөлек қолданылуы мүмкін.