1. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсету жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының азаматтары тартылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдарды жұмысқа қабылдау, олардың қызметін ұйымдастыру жəне жұмыстан шығару тəртібін уəкілетті орган айқындайды.
2. Мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жəне олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын адамдардың шекті санын уəкілетті органмен келісу бойынша еңбек жөніндегі уəкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
89-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқаратын адамдар
1. Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға адамдарды қабылдау конкурс бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын жəне лауазымнан босататын, жекелеген мемлекеттік білім беру жəне мəдениет заңды тұлғаларының бірінші басшыларын, сондай-ақ мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымының бірінші басшысын қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға адамдарды қабылдау, олардың еңбек қызметін өткеру тəртібін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уəкілетті орган айқындайды.
2. Мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтары үлгілік біліктілік талаптары негізінде уəкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уəкілетті орган немесе астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары немесе аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер əкімдерінің аппараттары бекітетін біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғаларда басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уəкілетті орган бекітеді.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарында басқарушылық функцияларды атқарумен байланысты лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары еңбек жөніндегі уəкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша уəкілетті орган бекітетін нысан бойынша əзірленеді жəне оны білім беру саласындағы уəкілетті орган бекітеді.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
90-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі
1. Осы Заң 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 4-тарауды, 21-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 11) тармақшасын, 67-баптың 3-тармағының 27) тармақшасын жəне 68-баптың 29-тармағын қоспағанда, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін:
1) осы Заңның 35-бабы 2, 3, 4 жəне 5-тармақтарының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақтар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызметте ілгерілету олардың біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, сіңірген еңбегі жəне өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаруы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
3. Ауыстыру, ротациялау тəртібімен, қызметті бағалау нəтижелері бойынша, конкурс өткізілмей қызметте ілгерілетуге мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тəртіптік теріс қылық жасағаны үшін, қызметтік əдеп нормаларын бұзғаны үшін тəртіптік жауаптылыққа тартылған күннен бастап алты ай ішінде жол берілмейді.
4. «Б» корпусы əкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейлерін өзгертудің уақытша қағидаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уəкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. «Б» корпусы əкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейлерін өзгерту одан əрі кəсіптік дамыту жəне оқыту қажеттілігін анықтау мақсатында жүргізілетін, құзыреттерді кешенді бағалау нəтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
«Б» корпусы əкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің құзыреттеріне кешенді бағалау жүргізу тəртібі, сондай-ақ кешенді бағалауға жататын мемлекеттік лауазымдардың тізбесі «Б» корпусы əкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейлерін өзгертудің уақытша қағидаларында айқындалады.»;
2) осы Заңның 42-бабы 3-тармағының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. «Б» корпусы əкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау нəтижелері бонустар төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын жоғарылату немесе төмендету не жұмыстан шығару жөнінде шешім қабылдауға негіз болады.
Мемлекеттік лауазымды төмендету уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, мемлекеттік органда келесі төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған жəне мемлекеттік қызметші біліктілік талаптарына сай болған кезде жүзеге асырылады. Мемлекеттік лауазымды төмендету конкурс өткізілмей жүзеге асырылады.
Əкімшілік мемлекеттік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ол жұмыстан шығарылуға тиіс.»;
3) осы Заңның 43-бабы 3, 5 жəне 7-тармақтарының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақтар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Аттестаттау қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді жəне лауазымын жоғарылатуға ұсынылады;
2) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді;
3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес жəне мемлекеттік лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес жəне жұмыстан шығаруға ұсынылады.»;
«5. Аттестаттаудан өтпеген жəне (немесе) мемлекеттік органдарда, оның ішінде төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарда мемлекеттік қызметті жалғастырудан бас тартқан əкімшілік мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шығарылуға тиіс.»;
«7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылданған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған əкімшілік мемлекеттік лауазымға тағайындауға немесе мемлекеттік қызметшінің əкімшілік мемлекеттік лауазымын төмендетуге не жұмыстан шығаруға негіз болады.»;
4) осы Заңның 61-бабы 2 жəне 3-тармақтарының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақтар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«2. Тəртіптік жазалар тəртіптік жауаптылық шарасы болып саналады.
Тəртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай тəртіптік жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту;
5) сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету;
6) сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану;
7) сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, атқаратын мемлекеттік лауазымнан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
3. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тəртіптік жаза уақытша бос мемлекеттік лауазымды қоспағанда, мемлекеттік органда келесі төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған жəне мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурс өткізілмей жүзеге асырылады.
Атқаратын мемлекеттік лауазымнан шығару жəне сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тəртіптік жаза осы Заңда көзделген негіздер бойынша қолданылады.»;
5) осы Заңның 64-бабы 4-тармағының бірінші бөлігі 4) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тəртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.».
3. Осы Заңның 35-бабының 2, 3, 4 жəне 5-тармақтары, 42-бабының 3-тармағы, 43-бабының 3, 5 жəне 7-тармақтары, 61-бабының 2 жəне 3-тармақтары жəне 64-бабы 4-тармағы бірінші бөлігінің 4) тармақшасы тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мемлекеттік органдарға қатысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін пилоттық режимде қолданылады деп белгіленсін.
4. Осы Заңның 27-бабы 3-тармағының талабы осы Заң қолданысқа енгізілген кезде астананың, облыстардың жəне республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшылары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің басшылары лауазымдарын атқаратын адамдарға қолданылмайды.
Аталған адамдар осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап «А» корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарын атқаратын адамдар болып есептеледі жəне тиісті мемлекеттік лауазымдарда өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыруды жалғастырады.
5. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 19 мамыр
№ 290-VIIІ ҚРЗ