11. Мемлекеттік қызмет тоқтатылған не өзге мемлекеттік органда басқа мемлекеттік лауазымға тағайындалуына байланысты мемлекеттік лауазымнан босатылған кезде ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын, оның бір бөлігін және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерін пайдаланбаған мемлекеттік қызметшіге пайдаланылмаған демалыс күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі. Өтемақы төлемі мемлекеттік қызметшінің орташа жалақысы есебінен есептеледі.
12. Мемлекеттік қызметшіге оның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.
50-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты кепілдіктер
1. Еңбек жағдайларының өзгеруіне алып келмейтін, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік лауазымы атауының не ол жұмыс істейтін мемлекеттік орган (құрылымдық бөлімше) атауының өзгертілуі оны жұмыстан шығаруға немесе басқа мемлекеттік лауазымға тағайындауға негіз болмайды.
Бұл жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) мемлекеттік лауазымға қайта тағайындау туралы тиісті акт шығарады.
2. Уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазым бойынша негізгі әкімшілік мемлекеттік қызметші жұмысқа шықпай мемлекеттік лауазымнан босатылған жағдайда, осы Заңның 28-бабының 4-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, осы мемлекеттік лауазымды уақытша атқаратын адам конкурс өткізілмей, осы мемлекеттік лауазымда жұмысын тұрақты негізде жалғастыруға құқылы.
Бұл жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) мемлекеттік лауазымға қайта тағайындау туралы акт шығарады.
3. Мемлекеттік органның ішінде басқару құрылымы өзгерген кезде әкімшілік мемлекеттік қызметші бұрын атқарған мемлекеттік лауазымына тең дәрежелі, бұрын атқарған лауазымдық өкілеттігіне сәйкес келетін мемлекеттік лауазымға тағайындалады.
Тең дәрежелі мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда, әкімшілік мемлекеттік қызметші белгіленген біліктілік талаптарына сай болғанда оған өзге мемлекеттік лауазым ұсынылады. Өзге мемлекеттік лауазым болмаған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылуға тиіс.
Өзге бос мемлекеттік лауазым болған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға жол берілмейді, бұған уақытша болмаған мемлекеттік қызметшіні алмастыру не әкімшілік мемлекеттік қызметшінің өзінің келісім беру жағдайлары кірмейді.
Ұсынылатын мемлекеттік лауазым туралы хабарламаны алған әкімшілік мемлекеттік қызметші қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Көрсетілген мерзімде шешім болмаған немесе ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартылған жағдайда ол жұмыстан шығарылуға тиіс.
Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар әкімшілік мемлекеттік қызметшіге жұмыстан шығарылған кезде төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттік қызмет өтілі үш жылдан аз болған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшіге бір орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
4. Мемлекеттік органға басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беру кезінде берілген функцияларды, өкілеттіктерді орындаған және (немесе) мұндай штат бірліктерінде тұрған әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік органда тең дәрежелі мемлекеттік лауазымдар ұсынылады.
Тең дәрежелі мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда, әкімшілік мемлекеттік қызметші белгіленген біліктілік талаптарына сай болғанда оған сол мемлекеттік органда өзге мемлекеттік лауазым ұсынылады. Өзге мемлекеттік лауазым болмаған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылуға тиіс.
Өзге бос мемлекеттік лауазым болған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді уақытша бос мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға жол берілмейді, бұған уақытша болмаған мемлекеттік қызметшіні алмастыру не әкімшілік мемлекеттік қызметшінің өзінің келісім беру жағдайлары кірмейді.
Ұсынылатын мемлекеттік лауазым туралы хабарламаны алған әкімшілік мемлекеттік қызметші қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Көрсетілген мерзімде шешім болмаған немесе ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартылған жағдайда ол жұмыстан шығарылуға тиіс.
Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар әкімшілік мемлекеттік қызметшіге жұмыстан шығарылған кезде басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) не қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді. Мемлекеттік қызмет өтілі үш жылдан аз болған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшіге бір орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Жұмыстан шығу жәрдемақысын алған әкімшілік мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылғаннан кейін үш ай ішінде осы тармаққа сәйкес өзіне мемлекеттік лауазым ұсынылған мемлекеттік органға қабылданған жағдайда, жұмыстан шығу жәрдемақысын қайтаруға міндетті.
Ескертпе. Осы тармақтың мақсаттары үшін дербес заңды тұлға ретінде тіркелген мемлекеттік орган басқа мемлекеттік орган деп түсініледі.
5. Мемлекеттік органның штат кестесі немесе мемлекеттік лауазымдар қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді. Мемлекеттік қызмет өтілі үш жылдан аз болған кезде мемлекеттік қызметшіге бір орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
6. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда әкімшілік мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді. Мемлекеттік қызмет өтілі үш жылдан аз болған кезде әкімшілік мемлекеттік қызметшіге бір орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
51-бап. Мемлекеттік органды көшіру
1. Мемлекеттік органды көшіру оның орналасқан жерін белгіленген елді мекен шегінде не одан тыс жерге ауыстыруды білдіреді.
Мемлекеттік органды көшіру Қазақстан Республикасы Президентінің актісі негізінде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органды көшіру кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) мемлекеттік функциялардың үздіксіз орындалуын және мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін қамтамасыз ету;
2) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде олардың еңбек ету және әлеуметтік кепілдіктерге құқықтарын сақтау;
3) мемлекеттік органды көшіруге бөлінген бюджет қаражатын ұтымды пайдалану.
3. Мемлекеттік орган кемінде бір ай бұрын көшіру және мемлекеттік қызметшілердің басқа жұмыс орындарына ауыстырылуы туралы оларды хабардар етеді. Хабарламаны алған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органды көшіруге байланысты басқа жұмыс орындарына ауысу жөнінде қабылданған шешім туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Мемлекеттік қызметшілер орын ауыстырудан бас тартқан кезде жұмыстан шығарылуға тиіс.
4. Мемлекеттік органды басқа елді мекенге көшіру кезінде мемлекеттік қызметшілерге «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қызметтік тұрғынжай не тұрғын үй төлемдері ұсынылуға тиіс.
Мемлекеттік органды көшіруге байланысты басқа елді мекенге ауыстырылған мемлекеттік қызметшілерге берілетін тұрғын үй төлемдерінің, көтерме жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ олардың жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындарды өтеу қағидаларын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
52-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары
1. Мемлекеттік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалатын тәртіппен тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің оларды тұрғынжаймен қамтамасыз ету үшін әзірленген жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға құқығы бар. Мұндай бағдарламаларға қатысу шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
2. Мемлекеттік қызметшілер және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет көрсетуді белгіленген тәртіппен пайдаланады.
3. Басқа елді мекенге ротацияланған, көшірілген немесе ауыстырылған мемлекеттік қызметшілердің (конкурс бойынша лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда) мектепке дейінгі жастағы балаларының тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезектен тыс қабылдануға құқығы бар.
4. Мемлекеттік қызметшілерге, конкурс бойынша мемлекеттік лауазымға орналасуды қоспағанда, бір елді мекеннен екіншісіне көшуге байланысты қызмет бабындағы лауазымдық орын ауыстыру кезінде тұрғын үй төлемдері, көтерме жәрдемақы беріледі, сондай-ақ олардың жеке мүлкін тасымалдауға жұмсалған шығындары өтеледі.
Басқа елді мекенге тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге берілетін тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ олардың жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындарды өтеу қағидаларын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Басқа елді мекенге тағайындалған кезде тұрғын үй төлемдеріне, көтерме жәрдемақыға, сондай-ақ жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындардың өтелуіне құқығы бар мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізбесі басқа елді мекенге тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге берілетін тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ олардың жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындарды өтеу қағидаларында айқындалады.
5. Ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін және тұратын «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады.
6. Мемлекеттік қызметші қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне мемлекеттік органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте жәрдемақы мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген мөлшерден төмен болмауға тиіс.
7. Мемлекеттік қызметші міндетті медициналық қарап-тексеруден өтуге жіберілген кезде не мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау үшін уақытша босатылған кезде оның жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
53-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде мемлекеттік қызметті өткеру ерекшеліктері
1. Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшілерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша төлемдерді көзделген қаражат есебінен төлеуге міндетті.
Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төлемдер:
1) мемлекеттік қызметшінің кінәлі екені соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен белгіленген жағдайда, ол еңбекке уақытша жарамсыздықты қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде лауазымдық міндеттерін орындағанда алса;
2) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынудан туындаған аурулардың салдарынан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
3) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына, қосымша демалыс күндеріне, қысқа мерзімді демалысқа, жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін;
4) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыздық күндері үшін;
5) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген басқа да жағдайларда төленбейді.
2. Мемлекеттік қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі, ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, қатарынан екі айдан не жұмыс жылы ішінде әртүрлі ауру бойынша жиынтығы алты айдан аспауға тиіс.
Еңбекке уақытша жарамсыздықтың белгіленген мерзімінің аяқталуы мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығаруға негіз болады.
Осы тармақтың күші мемлекеттік қызметшінің жүктілікке, босануға немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыста болу жағдайларына қолданылмайды.
Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезінде алған өндірістік жарақаттарға не мертігулерге (жаралануларға, контузияларға, жарақаттарға) байланысты емделуде болу уақыты мерзіммен шектелмейді.
54-бап. Мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру
Мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
55-бап. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік іссапарлар кезіндегі кепілдіктері мен өтемақылары
1. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік, оның ішінде шет мемлекеттерге іссапарларға баруға арналған шығыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.
Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік іссапарда болған уақыты үшін тәулікақы алуға, межелі жерге баруға және кері қайтуға жол жүру шығыстарын, тұрғын үй-жайды жалдау шығыстарын өтеуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепілдіктер мен құқық қолданылады.
2. Іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
56-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналының кепілдіктері мен өтемақылары
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналының кепілдіктері мен өтемақылары «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
57-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әскери қызметке шақыру кезіндегі кепілдіктер
Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке (жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қоспағанда), әскери жиындардан өтуге шақырылған жағдайда оларға әскери қызмет (әскери жиындар) кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады, ал резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасалған жағдайда жауынгерлік даярлық бойынша сабақтарда немесе жиындарда, дағдарыстық ахуалдар кезіндегі жиындарда болған кезеңде жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.
8-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП
58-бап. Қызметтік тәртіп
1. Мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік органдардың актілерін және өзінің лауазымдық міндеттерін міндетті түрде сақтауы мемлекеттік қызметтегі қызметтік тәртіп болып саналады.
2. Мемлекеттік органдардың және мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бағынысты мемлекеттік қызметшілер арасындағы қызметтік тәртіптің жай-күйіне жауапты болады.
3. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдар орналасқан жерден тыс жерде қызметтен тыс уақытта жасаған және қызмет бабымен немесе мемлекеттік қызмет мүдделерімен байланысты емес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін тиісті басшы жауапты болмайды.
4. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында мемлекеттік қызметшілерге қатысты көтермелеу шаралары, тәртіптік жазалар, сондай-ақ осы Заңда көзделген, тәртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
59-бап. Көтермелеу
1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, аса маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша қолданылады.
2. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік органның актісінде нақты сіңірген еңбегі көрсетіле отырып, мынадай көтермелеу қолданылуы мүмкін:
1) біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі сыйлықақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
4) грамотамен марапаттау;
5) құрметті атақ беру;
6) тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу;
7) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
Тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алған кезде онымен бір уақытта бір ай ішінде көтермелеудің басқа да нысандары қолданылмайды.
Бір реттік ақшалай сыйақы түріндегі сыйлықақы беруді, тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілерге қатысты көтермелеуді қолданудың үлгілік қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
3. Мемлекеттік қызметшілер ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылуы мүмкін.
4. Ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелерді атап өтуге орай Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінің ардагерлері Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен ведомстволық наградалармен марапаттауға ұсынылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік наградамен немесе уәкілетті органның ведомстволық наградасымен марапатталған, мемлекеттік қызмет өтілі жиырма бес жылдан кем емес мемлекеттік қызметші зейнеткерлікке шыққан кезде оған төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
60-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы
1. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің лауазымдық міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік органдар актілерінің талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңдық жауаптылықта болады.
Заңдық жауаптылық қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықты қамтиды.
2. Саяси жауаптылық мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін тиісінше орындамағаны және (немесе) оларға қол жеткізбегені үшін туындайды.
Саяси жауаптылық саяси мемлекеттік қызметшілердің орнынан түсуіне, сенімнен айырылуына не мемлекеттік лауазымға тағайындауға және атқаратын мемлекеттік лауазымнан босатуға уәкілеттік берілген лауазымды адамның (органның) өкілеттікті тоқтату туралы шешім қабылдауына байланысты олардың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.
Саяси мемлекеттік қызметшілер саяси және заңдық жауаптылықта болады.
3. Сайланбалы мемлекеттік қызметшілер заңдық жауаптылықта болады.
Сайланбалы мемлекеттік қызметшілер сайлауалды бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізбегені және (немесе) өздерінің лауазымдық өкілеттігі шеңберінде қабылдайтын не іске асыратын шешімдері үшін де халық алдында жауаптылықта болады, ол орнынан түсуге байланысты немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де жағдайларда олардың өкілеттігін тоқтатуды қамтиды.
4. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер заңдық жауаптылықта болады.
5. Лауазымды адамдардың лауазымдық міндеттерді орындауға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар, өкімдер беруіне тыйым салынады.
Мемлекеттік қызметшінің көрінеу құқыққа қайшы бұйрықты, өкімді орындауы оны жауаптылықтан босатпайды.
Мемлекеттік қызметші орындау үшін алынған бұйрықтың, өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде бұл туралы өзінің тікелей басшысына және бұйрықты, өкімді берген басшыға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы және басшысы бұйрықты, өкімді жазбаша растаған жағдайда, егер оларды орындау қылмыстық құқық бұзушылықтарға немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарға жататын әрекеттерге алып келмесе, мемлекеттік қызметші оларды орындауға міндетті.
Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз бұйрықты, өкімді орындауының салдарлары үшін бұйрықты, өкімді растаған тікелей басшы немесе басшы жауапты болады.
6. Мемлекеттік қызметшілердің өздеріне қатысты қабылданатын мемлекеттік органның шешімдеріне, оның лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға құқығы бар.
7. Мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары, әкімдер мен олардың орынбасарлары, мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары, құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өздеріне тікелей бағынысты не өздері жетекшілік ететін адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін мынадай жағдайлар жиынтығы болса:
1) сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінәсінің арасында байланыс анықталған;
2) аталған адамдарға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген сот актісі болған не сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады.
8. Мемлекеттік органға келтірілген залал үшін мемлекеттік қызметшінің материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды.
9. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органға келтірілген тікелей нақты залалды өтеуге міндетті.
10. Егер нұқсан еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшіге берілген мемлекеттік мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамауы салдарынан туындаса, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген залал үшін материалдық жауаптылығы болмайды.
61-бап. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылықтары және тәртіптік жазалар
1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - тәртіптік теріс қылық) - мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі болатындай орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сондай-ақ бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы.
61-баптың 2-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
2. Тәртіптік жазалар тәртіптік жауаптылық шарасы болып саналады.
Тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай тәртіптік жаза түрлері қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту;
5) мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету;
6) сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету;
7) сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану;
8) сайланған мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
61-баптың 3-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
3. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік органда келесі төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болғанда және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Төмен тұрған мемлекеттік лауазымға тағайындау конкурс өткізілмей жүзеге асырылады.