1) келесі төмен тұрған лауазымдық деңгей болған кезде - лауазымдық деңгейін төмендетуге;
2) келесі төмен тұрған лауазымдық деңгей болмаған кезде, уақытша бос мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, мемлекеттік органда келесі төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші біліктілік талаптарына сай болғанда - мемлекеттік лауазымын төмендетуге (мемлекеттік лауазымын төмендету конкурс өткізілмей жүзеге асырылады) алып келеді.
Әкімшілік мемлекеттік қызметші ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға тиіс.
4. Мемлекеттік қызметшілер қызметін бағалау нәтижесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
43-бап. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау
1. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен өткізіледі, шешімде оның тәртібі, мерзімдері және аттестатталатын әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің санаттары айқындалады.
2. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді аттестаттауды өткізу үшін аттестаттау комиссиясы құрылады, оның құрамына кемінде бес адам кіруге тиіс. Аттестаттау комиссиясын төраға басқарады.
43-баптың 3-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
3. Аттестаттау комиссиясы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау қорытындысы бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және лауазымын жоғарылату ұсынылады;
2) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және лауазымдық деңгейін жоғарылату ұсынылады;
3) лауазымдық деңгейіне сай емес және келесі төмен тұрған лауазымдық деңгей болған кезде төмендету ұсынылады;
4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және мемлекеттік лауазымын төмендету ұсынылады;
5) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және жұмыстан шығару ұсынылады.
4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелді себепсіз екі рет келмеген әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығару ұсынылады.
43-баптың 5-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
5. Аттестаттаудан өтпеген және (немесе) мемлекеттік органдарда, оның ішінде төмен тұрған мемлекеттік лауазымда немесе төмен тұрған лауазымдық деңгейде мемлекеттік қызметті жалғастырудан бас тартқан әкімшілік мемлекеттік қызметшілер жұмыстан шығарылуға тиіс.
6. Аттестаттау қорытындысы бойынша әкімшілік мемлекеттік лауазымын жоғарылату жоғары тұрған бос әкімшілік мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай болғанда, конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
43-баптың 7-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылдаған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған әкімшілік мемлекеттік лауазымға тағайындауға немесе лауазымдық деңгейін жоғарылатуға, мемлекеттік қызметшінің әкімшілік мемлекеттік лауазымын төмендетуге немесе лауазымдық деңгейін төмендетуге не жұмыстан шығаруға негіз болады.
8. Мемлекеттік қызметші аттестаттау комиссиясының шешіміне мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
44-бап. Мемлекеттік қызметті өткерудің өзге де мәселелері
1. Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық уәкілетті органның мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған, шетелдік және халықаралық ұйымдар қатысатын бастамаларға, бағдарламалар мен жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарды қамтиды:
1) мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу;
2) мемлекеттік қызметшілерді шет елдерде оқыту;
3) шетелдік мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды Қазақстан Республикасында оқыту;
4) мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру.
3. Соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттік қызметке қабылдау, оны өткеру және тоқтату мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері қолданылады.
4. Мемлекеттік қызметті өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде регламенттеледі.
7-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ
45-бап. Құқыққа сыйымсыз әрекеттерден қорғау
1. Мемлекеттік қызметшілерге олардың қызметіне заңсыз араласудан, негізсіз айыптау мен қудалаудан, өзге де құқыққа сыйымсыз әрекеттерден қорғауға кепілдік беріледі.
Мемлекеттік қызметшілерді қорлау, күш қолданумен қорқыту немесе олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, мүлкіне қол сұғу, оларға жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басқа да әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2. Мемлекеттік қызметші өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органның құқық бұзушылық профилактикасы қызметі мемлекеттік қызметшінің мүддесінде заң көмегін көрсету туралы өтінішхат арқылы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүгіне алады.
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге заң көмегін өзге де адамдар өтеусіз көрсете алады.
46-бап. Жұмыс уақытының режимі
1. Мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
Осы бапта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшілер үшін толық емес жұмыс аптасы белгіленуі мүмкін.
2. Осы бапта және осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы сегіз сағатқа дейін белгіленеді.
Осы бапта және осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына қырық сағаттан аспауға тиіс.
3. Мемлекеттік қызметшінің немесе мемлекеттік органның бастамасы бойынша тараптардың келісімімен мемлекеттік қызметші үшін лауазымдық айлықақы мөлшері пропорционалды қысқартыла отырып, толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
Осы бапта белгіленген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз уақыт толық емес жұмыс уақыты деп есептеледі, оның ішінде:
1) толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыстың ұзақтығын қысқарту;
2) толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын азайту;
3) бір уақытта күнделікті жұмыстың ұзақтығын қысқарту мен жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын азайту.
Толық емес жұмыс уақыты жағдайында жұмыс істеу мемлекеттік қызметші үшін ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының, ақы төленетін қосымша демалыс күндерінің ұзақтығын шектеуге, мемлекеттік қызмет өтілін есептеуді және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген басқа да құқықтарды шектеуге алып келмейді.
4. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілерге ұзақтығы аптасына отыз алты сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді. Бұл ретте жалақы мемлекеттік лауазымның белгіленген мөлшерлемесі негізге алынып, толық жұмыс аптасы үшін толық көлемде төленеді.
5. Мемлекеттік орган жүкті әйелдің, үш жасқа толмаған баласы (балалары) бар ата-ананың (асырап алушының) біреуінің, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшінің жазбаша өтініші бойынша оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілейді.
6. Мемлекеттік қызметшіге күнделікті жұмыс барысында тынығу және тамақтану үшін ұзақтығы бір сағаттан кем емес бір үзіліс берілуге тиіс. Үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.
Үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы мемлекеттік органның актісінде белгіленеді.
Жұмыстың аяқталуы мен оның келесі жұмыс күні басталуы арасында мемлекеттік қызметшінің күнделікті демалу ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауға тиіс.
7. Мемлекеттік қызметшінің немесе мемлекеттік органның бастамасы бойынша тараптардың келісімімен мемлекеттік қызметші үшін икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс белгіленуі мүмкін.
8. Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған кезеңде не өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда мемлекеттік орган жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін өз актісімен қашықтан жұмыс істеуді немесе қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеуге құқылы.
Мемлекеттік қызметші лауазымдық міндеттерін орындау үшін өз жабдығын, Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес цифрлық объектілерді және өзге де құралдарды пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеу шығыстарын көтерген жағдайда, мемлекеттік орган өтемақы төлейді, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі мемлекеттік қызметшімен келісу бойынша белгіленеді.
Қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді.
9. Мемлекеттік қызметшілер еңбек тәртіптемесінің үлгілік қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
Мемлекеттік органдар мемлекеттік қызметшілер еңбек тәртіптемесінің үлгілік қағидалары негізінде еңбек тәртіптемесінің қағидаларын бекітеді.
10. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері осы Заңда көзделген тәртіппен жұмыс уақыты режимінің сақталуын мониторингтейді.
47-бап. Жұмыс уақыты режимімен байланысты кепілдіктер
1. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімімен мемлекеттік органның актісі негізінде жол беріледі.
Мемлекеттік қызметшіге демалыс және мереке күндеріндегі жұмысы үшін мемлекеттік қызметшінің күндік мөлшерлемесі негізге алынып, бір жарым еседен төмен емес жоғарылатылған мөлшерде ақы төленеді.
Демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеуге арналған шығыстарды жоспарлау кезінде олардың мөлшері тиісті қаржы жылына бекітілген, мемлекеттік органның штат бірліктері жалпы санының бір пайызы шегінде белгіленеді.
Демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша оған тиісті демалу күндері (сағаттары) беріледі.
Жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жіберілмейді.
2. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органның бастамасы бойынша мемлекеттік қызметшіні белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығынан тыс жұмысқа (үстеме жұмысқа) тартуға мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімімен мемлекеттік органның актісі негізінде жол беріледі.
Үстеме жұмыс бір жұмыс күні ішінде екі сағаттан аспауға тиіс. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан аспауға тиіс.
Үстеме жұмыс кезінде мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес үстеме жұмыс уақыты үшін демалу күндері (сағаттары) беріледі не үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төленеді.
Жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, мүгедектігі бар адамдар үстеме жұмысқа жіберілмейді.
3. Мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз үстеме жұмыс пен демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болғызбау не олардың салдарын дереу жою үшін;
2) адамның еңбек қызметімен, қаза табуымен немесе мүліктің бүлінуімен байланысты жазатайым оқиғаларды болғызбау және тергеп-тексеру үшін;
3) жалпы мемлекеттік органның немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің бұдан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын кезек күттірмейтін, алдын ала болжанбаған жұмыстарды орындау үшін;
4) төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген не өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде, сондай-ақ адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін басқа да айрықша жағдайларда;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жол беріледі.
48-бап. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу
1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік қызметшілерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын барлық органдарға арналған жұмыскерлерге еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының жұмыскерлеріне бонус төлеу, сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижесіне байланысты белгіленеді.
3. Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен үш жылда кемінде бір рет индекстелуге тиіс.
4. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасының органдарын қаржыландыру және жұмыскерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін лауазымдық айлықақы белгілеуге құқық беретін жұмыс өтіліне мемлекеттік қызметте болған барлық уақыт және Қазақстан Республикасының тиісті заңнамасы қолданылатын мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларында айқындалатын өзге уақыт қосылады.
Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақысын белгілеуге құқық беретін жұмыс өтілін есептеу қағидаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.
5. Мемлекеттік қызметшінің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және осы бапта көзделген жағдайларда жүргізіледі.
6. Мемлекеттік қызметшінің өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалулар мемлекеттік қызметшіні хабардар ете отырып:
1) іссапарға байланысты берілген, жұмсалмаған және уақтылы қайтарылмаған ақшаны өтеу үшін;
2) мемлекеттік қызметшіге жалақы есебінен берілген жұмыс істелмеген авансты өтеу үшін;
3) ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндері ауыстырылған немесе мемлекеттік қызметші олардан кері шақыртып алынған жағдайда;
4) мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісуі болған кезде өзге де жағдайларда жұмыс берушінің актісі негізінде жүргізілуі мүмкін.
7. Мемлекеттік қызметшінің оқуды аяқтамауына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымы алдындағы берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалулар мемлекеттік қызметшіні хабардар ете отырып, жұмыс берушінің актісі негізінде жүргізілуі мүмкін.
8. Бірнеше атқарушылық парақ бойынша жалақыдан ұстап қалу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және осы бапта көзделген жағдайларда, ай сайынғы ұстап қалудың мөлшері мемлекеттік қызметшіге тиесілі жалақының елу пайызынан аспауға тиіс.
9. Арнайы тексерудің нәтижесі алынғанға дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін еңбек шарты бойынша қабылданған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ мемлекеттік органды құру кезінде осындай лауазымдық өкілеттікті атқаруға немесе «Б» корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымына уақытша тағайындалған Қазақстан Республикасы азаматтарының лауазымдық айлықақысының мөлшері тиісті мемлекеттік лауазым үшін көзделген ең төмен мөлшерде белгіленеді.
49-бап. Мемлекеттік қызметшілердің демалыстары
1. Мемлекеттік қызметшіге осы Заңда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген демалыс беріледі.
2. Демалыс, ақы төленетін қосымша демалыс күндерін беру, ауыстыру не ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысынан және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінен кері шақыртып алу мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындау және оны лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның (органның) шешімімен жүзеге асырылады.
Сайланған мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адаммен келісу бойынша өз актісін шығару арқылы демалысқа кетеді немесе ақы төленетін қосымша демалыс күндерін пайдаланады. Сайланған мемлекеттік қызметшіні ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысынан және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінен кері шақыртып алу жоғары тұрған лауазымды адамның шешімімен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік қызметшіге бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайтын жұмыс жылы ішінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
Сауықтыруға арналған жәрдемақы мемлекеттік қызметшіге күнтізбелік жылда бір рет толық көлемде бір уақытта төленеді және бір жұмыс жылында бір реттен артық берілмейді. Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы бөліктерге бөлініп пайдаланылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалыстың бір бөлігімен бірге төленеді.
Бір жыл ішінде басқа мемлекеттік лауазымға лауазымдық орын ауыстыру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы, егер ол бұрынғы мемлекеттік лауазымда сол күнтізбелік жыл ішінде берілген болса, төленбейді.
4. Мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты мемлекеттік қызметшіге ақы төленетін қосымша демалыс күндері беріледі:
1) жұмыс өтілі он және одан көп жыл болса - ұзақтығы күнтізбелік үш күн;
2) жұмыс өтілі он бес және одан көп жыл болса - ұзақтығы күнтізбелік бес күн;
3) жұмыс өтілі жиырма және одан көп жыл болса - ұзақтығы күнтізбелік он күн.
Мемлекеттік қызметшілерге саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ұзақтығы күнтізбелік үш күн қосымша демалыс күндері беріледі.
Ақы төленетін қосымша демалыс күндері ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысына қосылады және мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша онымен бір уақытта немесе бөлек берілуі мүмкін.
5. Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын және ақы төленетін қосымша демалыс күндерін беру кезектілігі мемлекеттік қызметшілердің пікірін ескере отырып, уәкілетті лауазымды адам бекітетін демалыс кестесіне сәйкес жыл сайын айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыс кестесінен тыс белгіленеді.
Демалыс кестесіне өзгерістер енгізуге тараптардың өзара келісімі бойынша жол беріледі.
6. Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы мемлекеттік қызметшіге нақты жұмыс істеген уақыты үшін толық көлемде жұмыс жылы ішінде беріледі.
Ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндері мемлекеттік қызметшіге демалыс кестесіне сәйкес міндетті түрде беріледі.
Мемлекеттік қызметшінің қалауы бойынша ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы, ақы төленетін қосымша демалыс күндері бөліктерге бөлініп берілуі мүмкін. Бұл ретте ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының бір бөлігінің ұзақтығы кемінде күнтізбелік екі аптаны құрауға тиіс.
Мемлекеттік қызметшінің пайдаланылмаған ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын, ақы төленетін қосымша демалыс күндерін немесе көрсетілген демалыстардың бір бөлігін келесі жұмыс жылына күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ауыстыруына жол беріледі.
7. Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу, сауықтыруға арналған жәрдемақыны төлеу, ақы төленетін қосымша демалыс күндеріне ақы төлеу демалыс басталғанға дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі, ал демалыс кестесінен тыс демалыс берілген жағдайда ақы төлеу демалыс берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
8. Мемлекеттік қызметшіге күнтізбелік жыл ішінде күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімге толық көлемде немесе бөліктерге бөлініп ақы төленетін қысқа мерзімді демалыс:
1) оның отбасы мүшелері, жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жекжаттары (зайыбының (жұбайының) аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары) мен балалары) қайтыс болған;
2) некеге тұрған;
3) бала туған, бала асырап алған;
4) тараптардың өзара келісуі бойынша өзге де жағдайларда берілуі мүмкін.
Ақы төленетін қысқа мерзімді демалыс тиісті оқиға болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей берілген, мемлекеттік қызметшінің өтініші бойынша беріледі.
9. «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқуға, тағылымдамадан өтуге жіберілген мемлекеттік қызметшіге жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақтала отырып, оқу демалысы беріледі.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшіге оқу демалысы, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алған жағдайда оқу демалысы мемлекеттік органның келісімі бойынша беріледі.
Қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілген кезде мемлекеттік қызметшіге жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен жалақысы сақтала отырып, оқу демалысы беріледі.
Оқу демалысындағы мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған, қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайларда, оны тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қарау үшін оның келісімінсіз оқу демалысынан кері шақыртылуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару жағдайларын қоспағанда, оны тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін оқу демалысы қайта басталады.
10. Әкімшілік мемлекеттік қызметші өзінің жазбаша келісімімен қызметтік қажеттілік жағдайында ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысынан және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінен кері шақыртылуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшіні оның келісімінсіз ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысынан және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінен кері шақыртып алуға мынадай жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болғызбау не олардың салдарын дереу жою үшін;
2) адамның еңбек қызметімен, қаза табуымен немесе мүліктің бүлінуімен байланысты жазатайым оқиғаларды болғызбау және тергеп-тексеру үшін;
3) төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген не өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде, сондай-ақ адамның өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда жол беріледі.
Пайдаланылмаған ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінің қалған бөлігі мемлекеттік қызметшіге күнтізбелік жылдың кез келген басқа уақытында беріледі не мемлекеттік қызметшінің келісімімен оған ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысының және (немесе) ақы төленетін қосымша демалыс күндерінің пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.