31-бап. Мемлекеттік қызметшінің ант беруі
1. Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен ант береді.
Мемлекеттік қызметшілер антының мәтіні Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де мүшелерінің, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілерінің, кеңесшілерінің, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының, астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет тағайындалатын адамдарды, сондай-ақ теріс себептермен мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін осы Заңның 21-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімдері аяқталған соң оған қайта кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер бір рет ант береді.
Ант беруден бас тарту мемлекеттік қызметті тоқтатуға алып келеді.
32-бап. Жұмыс орны
1. Мемлекеттік қызметшіге, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамға еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін жұмыс орны, сондай-ақ лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті тиісті ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның жұмыс орны мемлекеттік органнан тыс жерде белгіленген не қашықтан немесе қашықтан аралас жұмыс істеу режимін қолдану көзделген жағдайларды қоспағанда, осы органның орналасқан жері бойынша айқындалады.
2. Мемлекеттік қызметшіні, елді мекен шегінен тыс ауыстыру жағдайларын қоспағанда, оның келісімінсіз басқа жұмыс орнына ауыстыруға жол беріледі.
Мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшіні, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамды лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, байланыс құралдарымен, цифрлық жүйелермен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді.
33-бап. Лауазымдық нұсқаулық
1. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің кәсіптік қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттігі айқындалған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымға тағайындауға және атқаратын мемлекеттік лауазымнан босатуға уәкілеттік берілген лауазымды адам (орган) бекітетін лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Әкімшілік мемлекеттік қызметші лауазымдық нұсқаулықпен танысуға міндетті.
2. Лауазымдық нұсқаулыққа лауазымдық өкілеттік, жауаптылық, орындалуы әкімшілік мемлекеттік лауазымға жүктелетін функциялар тізбесі енгізіледі.
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтарын әзірлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
34-бап. Тәлімгерлік
1. Тәлімгерлік алғаш рет әкімшілік мемлекеттік қызметке кірген мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік бейімделуіне, оларға лауазымдық өкілеттігін тиісінше орындауы үшін қажетті кәсіптік тәжірибе, білім мен дағды беруге бағытталған қызметті, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік даму сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілерге кәсіптік тәжірибе, білім мен дағды беру, әдістемелік қолдау көрсету қызметін білдіреді.
2. Тәлімгерлер ретінде кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар, кәсіптік қасиеттері жоғары мемлекеттік қызметшілер бекітіледі.
3. Тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Осы баптың ережелері сайланатын мемлекеттік лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
35-бап. Лауазымдық орын ауыстыру және мемлекеттік қызметте ілгерілету
1. Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық орын ауыстыруы мемлекеттік қызметті тоқтатпай, жоғары тұрған, тең дәрежелі, төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарға конкурс бойынша, конкурссыз, ауысу, ротациялау, іссапарға жіберу тәртібімен орналасу арқылы және осы Заңда көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
Жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар деп жоғары тұрған санаттағы лауазымдар не неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын өзге де санаттағы лауазымдар түсініледі.
Тең дәрежелі мемлекеттік лауазымдар деп бір санаттағы лауазымдар не мәні бойынша бірдей немесе ұқсас біліктілік талаптары қойылатын өзге де санаттағы лауазымдар түсініледі.
Төмен тұрған мемлекеттік лауазымдар деп төмен тұрған санаттағы лауазымдар не неғұрлым төмен біліктілік талаптары қойылатын өзге де санаттағы лауазымдар түсініледі.
35-баптың 2, 3, 4 және 5-тармақтарының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде осы тармақтар 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
2. Мемлекеттік қызметте ілгерілету мемлекеттік қызметшінің біліктілігі, құзыреті, қабілеті, қызметінің нәтижесі, лауазымдық міндеттерін адал орындауы ескеріле отырып, жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға орналастыруды және (немесе) лауазымдық деңгейін жоғарылатуды көздейді.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне бір мемлекеттік лауазым шеңберіндегі лауазымдық айлықақының мөлшерін айқындайтын лауазымдық деңгей белгіленеді.
«Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшісінің лауазымдық деңгейін төмендету тәртіптік жаза қолданылған жағдайда немесе бағалау және аттестаттау нәтижесінің негізінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін, қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған күннен бастап алты ай ішінде оны ауысу, ротациялау тәртібімен, қызметін бағалау нәтижесі бойынша, конкурс өткізілмей қызметте ілгерілетуге, сондай-ақ лауазымдық деңгейін жоғарылатуға жол берілмейді.
4. «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейін өзгерту қағидаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратымен келісу бойынша уәкілетті органның ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейін өзгерту мемлекеттік қызметшінің одан әрі кәсіптік даму мен оқу қажеттілігін анықтау мақсатында жүргізілетін құзыреттерді кешенді бағалау нәтижесі ескеріліп жүзеге асырылады.
«Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің құзыреттерін кешенді бағалауды жүргізу тәртібі, сондай-ақ кешенді бағалауға жататын мемлекеттік лауазымдардың тізбесі «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейін өзгерту қағидаларында айқындалады.
36-бап. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу
Мемлекеттік қызметшілердің «Б» корпусының бос немесе уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасуына уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіпке сәйкес жол беріледі.
37-бап. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау
1. Мемлекеттік қызметшілерді ротациялау мемлекеттік қызметті өткеру кезінде олардың кәсіптік әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану үшін жүзеге асырылады.
Саяси мемлекеттік қызметшілер мен «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін ротациялау оларды бос немесе уақытша бос саяси мемлекеттік лауазымдар мен «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына не «А» корпусының саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдары арасындағы лауазымдық орын ауыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін ротациялау оларды «Б» корпусының бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына не «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстыру арқылы жүзеге асырылады.
Ротациялау мерзімі басталған кезде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына екі және одан аз жыл қалған мемлекеттік қызметшінің өтініші негізінде осы қызметшіні ротациядан босату туралы акт қабылданады.
2. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротацияны ұзарту шарттары мен мерзімдерін, сондай-ақ ротациялауға жататын мемлекеттік лауазымдардың тізбесін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілер ротациясын жүргізу қағидаларында көзделген жағдайларда ротациядан бас тарту, осы тармақтың сегізінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымын төмендету не жұмыстан шығару жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болуы мүмкін. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
Бұл ретте, егер Қазақстан Республикасының Президенті өзге шешім қабылдамаса, адамды алдыңғы лауазымынан ротациялау жүзеге асырылған, сондай-ақ ротациядан бас тартуына байланысты лауазымы төмендетілген немесе жұмыстан шығарылған лауазымға бір жыл ішінде тағайындауға жол берілмейді.
Мемлекеттік қызметші өз еркімен не өзге лауазымға орналасуына байланысты бұрын атқарған лауазымынан босатылған кезден бастап бір жыл ішінде сол лауазымға тағайындалған жағдайда бұрын жұмыс істеген кезеңі ротация жүргізу мерзімінде ескеріледі.
Басқа елді мекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметшілерге көтерме жәрдемақы төленеді, жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындар өтеледі, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметтік тұрғынжай беріледі. Қызметтік тұрғынжай болмаған жағдайда ротацияланған мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін атқаруы кезеңінде оларға ротациялық төлемдер жүргізіледі.
Басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілерге берілетін ротациялық төлемдердің, көтерме жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару, тоқтата тұру және қайта бастау, сондай-ақ жеке мүлкін тасымалдауға арналған шығындарды өтеу қағидаларын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
«Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің ротациясын үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңында өзгеше көзделмесе, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, он төрт жасқа толмаған баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып саналатын) жалғызбасты ата-аналар, көпбалалы ата-аналар (қорғаншылар) болатын немесе асырауында мүгедектігі бар ата-анасы (ата-аналары), жұбайы (зайыбы) не Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген жасына байланысты зейнеткер ата-анасы (зейнеткер ата-аналары) бар мемлекеттік қызметшілерді басқа елді мекенге көшуге байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімімен ғана жол беріледі.
Бұл ретте көрсетілген мән-жайлар атқаратын лауазымында болу мерзімі сегіз жылдан аспайтын, мемлекеттік қызметшінің ротациясын жүргізу мерзімін ұзартуға негіз болады.
Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
3. Осы баптың ережелері лауазымдарға Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын саяси мемлекеттік қызметшілерге, Қазақстан Республикасының Конституциясында және Қазақстан Республикасының заңдарында олардың өкілеттік мерзімі айқындалған саяси мемлекеттік қызметшілерге және сайланатын мемлекеттік лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
38-бап. Мемлекеттік қызметшілерді іссапарға жіберу
1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет елдердегі мекемелеріне, халықаралық және өзге де ұйымдарға олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша іссапарға жіберілуі мүмкін.
2. Іссапарға жіберілген мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.
3. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға іссапарға жіберу «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежелері, сондай-ақ философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежелері бар мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарына іссапарға жіберілуі мүмкін.
5. Осы баптың ережелері сайланатын мемлекеттік лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
6. Мемлекеттік қызметшіні әдеп жөніндегі уәкіл лауазымына іссапарға жіберу уәкілетті органның шешімі негізінде осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
39-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу
1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын (негізгі) лауазымынан босатпай, осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.
Орталық мемлекеттік органдардың дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелері басшыларының, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары, аудандық атқарушы органдар, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының міндеттерін үш айдан аспайтын кезеңге уақытша жүктеуге жол беріледі.
Мемлекеттік қызметшіге негізгі лауазымы бойынша міндеттерді орындауымен қатар бір ғана мемлекеттік лауазым бойынша міндеттерді атқару уақытша жүктелуі мүмкін.
2. Басқа лауазымның міндеттерін уақытша атқаратын мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті өткеруі және оны тоқтату, сондай-ақ жауапкершілігін қарау мәселелері оның негізгі лауазымы бойынша реттеледі.
3. Саяси мемлекеттік қызметшілердің көмекшілері мен кеңесшілеріне басшы лауазымның міндеттері жүктелмейді.
Сайланған мемлекеттік қызметшіге саяси немесе әкімшілік мемлекеттік лауазымның міндеттері жүктелмейді. Сайланатын мемлекеттік лауазымның міндеттері әкімшілік мемлекеттік қызметшіге уақытша жүктелуі мүмкін. Міндеттерді уақытша жүктеу жоғары тұрған әкімнің актісімен жүзеге асырылады.
Сайланған мемлекеттік қызметшінің немесе «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшісінің міндеттері «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне жүктелмейді.
Мемлекеттік органдар басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшы лауазымның міндеттері жүктелмейді.
4. Мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтер болған кезде оған басқа лауазымның міндеттері уақытша жүктелмейді.
5. Басқа лауазымның міндеттерін уақытша атқару кезеңінде мемлекеттік қызметшіге уақытша атқаратын лауазымы бойынша көзделген лауазымдық айлықақы негізге алынып, өзге де төлемдер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.
Бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару кезеңін қоспағанда, басқа лауазымның міндеттерін уақытша атқару мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттеріне кіретін жағдайда мемлекеттік қызметшілерге басқа лауазымның міндеттерін уақытша атқару кезеңінде қосымша ақы жүргізілмейді.
40-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту
1. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту олардың лауазымдық міндеттерін тиісінше орындауы үшін қажетті біліктілігін сақтауға және арттыруға бағытталады және мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқыту процесін қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау лауазымдық міндеттерді тиімді орындау үшін қажетті жаңа және қосымша кәсіптік білім алуына бағытталған оқыту курстарын қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік қызметшінің құзыреттерін сақтауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге арналған оқыту семинарларын қамтиды.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Мемлекеттік қызметші қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілген кезде оның жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен жалақысы сақталады.
2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде мемлекеттік органның жолдамасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында жүзеге асырылады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқыту мерзімі және оқуға түсу тәртібі көрсетілген білім беру ұйымдары бекітетін оқуға қабылдау қағидаларында айқындалады.
Саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, мемлекеттік органдағы тұрақты штаттық мемлекеттік лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер олардың оқу және кейіннен жұмыспен өтеу мерзімдері құжаттарды тапсыру кезінде Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жастан аспаған жағдайда, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға арналған конкурсқа қатысуға жіберіледі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымына магистратураға және (немесе) докторантураға қабылданған мемлекеттік қызметшіге жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу уақытында оның оқуға түскен кездегі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын магистранттар мен докторанттар үшін белгіленген мемлекеттік стипендия мөлшерінен кем емес стипендия белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымына және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға түсетін мемлекеттік қызметшімен оқыту шарты жасалады, онда оқуды аяқтағаннан кейін жұмыспен өтеу жөніндегі талап көзделеді. Оқыту шартының нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымы және Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы бекітетін оқуға қабылдау қағидаларында айқындалады.
4. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның жолдамасымен мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен жағдайда оқуды аяқтауға, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің тиісті бағдарламасы бойынша дәреже алуға міндетті.
Оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті. Осы міндеттемелерді орындамау адамның өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқуға байланысты шығындарды мемлекетке өтеуіне алып келеді. Шығыстарды өтеу нақты жұмыспен өтелген кезеңге мөлшерлес жүзеге асырылады.
Жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті тоқтата тұру және тоқтату, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босату мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында және оқыту шартында айқындалады.
Жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттің орындалуын мониторингтеуді уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымы жүзеге асырады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің жұмыспен өтеуін мониторингтеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес біліктілігін арттыруға жіберіледі.
Әкімшілік мемлекеттік қызметші үш жылда кемінде бір рет біліктілігін арттырудан өтеді.
Саяси мемлекеттік қызметшілер, сайланған мемлекеттік қызметшілер және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларында көзделген тәртіппен оқу сабақтарын өткізуді жүзеге асырады.
6. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттырудың құнын есептеу әдістемесін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге білім беру ұйымдарында да жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында және мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілікті арттыру қағидаларында айқындалады.
41-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы
1. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы кәсіптік білім алуы мен тәжірибе жинақтауы, оларды мемлекеттік қызметте ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша өткізіледі.
Уәкілетті орган айқындаған жағдайларды қоспағанда, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үш жылда кемінде бір рет тағылымдамадан өтеді.
2. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасын өткізу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
42-бап. Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау
1. Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау олардың жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында жүргізіледі. Бағалауды жүргізу кезінде қоғамдық маңызы бар көрсетілетін қызметтердің сапасын қоғамдық мониторингтеу нәтижесі туралы мәліметтер ескеріледі.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
2. «А» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау нәтижесі бонус төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау не олармен еңбек шартын ұзарту жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болады.
Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері басшыларының лауазымдарын қоспағанда, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісі қызметінің қанағаттанарлықсыз бағалануы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен еңбек шартын бұзуға негіз болады.
«А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жататын, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарының басшылары, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелерінің басшылары қызметінің қанағаттанарлықсыз бағалануы уәкілетті органмен келісу бойынша олармен еңбек шартын бұзуға негіз болады.
«А» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшісінің нақты мемлекеттік лауазымда болу мерзімі үш айдан аз болған жағдайда, оның қызметін бағалау жүргізілмейді.
42-баптың 3-тармағының қолданысы 2029 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтата тұру кезеңінде бұл тармақ 90-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
3. «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау нәтижесі бонус төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, лауазымдық деңгейін жоғарылату немесе төмендету, мемлекеттік лауазымын жоғарылату немесе төмендету не жұмыстан шығару жөнінде шешімдер қабылдауға негіз болады.
«Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшісінің қызметін бағалау бойынша қанағаттанарлықсыз бағалар алуы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды жүргізу қағидаларына сәйкес: