22-бап. Арнайы тексеру
1. Осы баптың 2 және 5-тармақтарында аталған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін міндетті арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.
Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын лауазымға қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде олардың құжаттарын міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді.
2. Мемлекеттік қызметші лауазымдық орын ауыстыруы кезінде басқа мемлекеттік лауазымға орналасқан жағдайда, ол мемлекеттік қызметке қайта кірген болып есептелмейді.
3. Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды міндетті арнайы тексеру үш ай ішінде жүргізіледі.
Сайланатын мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды арнайы тексеру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына қажетті құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын не Қазақстан Республикасының Құрылтайы сайлайтын саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары, міндетті арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқарады.
Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.
Міндетті арнайы тексеру жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының осындай азаматтарына мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасының осындай азаматтарының құқықтары еңбек шартында айқындалады.
Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.
Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.
Міндетті арнайы тексерудің теріс нәтижесі алынған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек қатынастары тоқтатылады.
5. Мемлекеттік қызмет теріс себептермен, қызметті бағалау не аттестаттау нәтижесі бойынша тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметті тоқтатқан және үш ай ішінде мемлекеттік қызметке қайтадан кірген Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты міндетті арнайы тексеруден өту, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну талаптары, егер көрсетілген үш ай ішінде олар жеке және (немесе) заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаса, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шықпаса, қолданылмайды.
23-бап. Мемлекеттік лауазымдарды сыныптау және біліктілік талаптары
1. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады.
2. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үшін әкімшілік мемлекеттік лауазым санаттары белгіленеді. Саяси мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазым санаттары белгіленбейді.
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің басшы құрамы мен атқарушылық құрамының арақатынасын айқындау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
3. Саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
4. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік орган мен оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өкілеттігі ескеріле отырып әзірленеді.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша бекітеді.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уәкілетті орган бекітеді.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу және келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Жекелеген саяси мемлекеттік лауазымдарға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен біліктілік талаптары белгіленуі мүмкін.
6. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын арнаулы біліктілік талаптарын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
7. Сайланатын мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Біліктілік талаптарына сәйкестікті тиісті аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттардың негізінде уәкілетті орган белгілейді.
Сайланатын мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматы біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды ұсынады, олардың тізбесін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп белгілейді.
8. Құқық қорғау органдарындағы және азаматтық қорғау органдарындағы мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
9. Дипломатиялық қызметтің мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
24-бап. Мемлекеттік қызметтің кадр резерві
1. Мемлекеттік қызметтің кадр резервіне Президенттік жастар кадр резервіне, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Қазақстан Республикасының азаматтары кандидаттарды мемлекеттік қызметтің кадр резервіне алу туралы шешім шығарылған күннен бастап резервтегі адам мәртебесіне ие болады және оны Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметтің кадр резервінен шығарылған күннен бастап жоғалтады.
2. Президенттік жастар кадр резервіне, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік лауазымдарға осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.
Президенттік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтарын тағайындау Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімімен Президенттік жастар кадр резервіне алынған күннен бастап үш жыл ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтарын тағайындау астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған күннен бастап екі жыл ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
3. Президенттік жастар кадр резервін, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің кадр резервінен мемлекеттік лауазымдарға тағайындау Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асыралады.
25-бап. Саяси мемлекеттік лауазымға орналасу
1. Саяси мемлекеттік лауазымға орналасу тағайындау негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де негіздерде жүзеге асырылады.
Саяси мемлекеттік лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. Саяси мемлекеттік лауазымға тағайындау Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өту шартымен жүзеге асырылады.
Саяси мемлекеттік лауазымға кандидаттар осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптары болған жағдайда, оларға сай болуға тиіс.
Тағайындау алдындағы бір жыл ішінде өзінің тікелей қарамағындағы мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін орнынан түскен саяси мемлекеттік қызметшіні саяси мемлекеттік лауазымға тағайындауға жол берілмейді.
26-бап. Мемлекеттік лауазымға сайлану
1. Мемлекеттік лауазымға сайлану «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сайланған мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес оны аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.
27-бап. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу
1. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу конкурс өткізілмей тағайындау негізінде жүзеге асырылады.
Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері басшыларының лауазымдарын қоспағанда, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына тағайындауды және лауазымнан босатуды өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге де лауазымды адам (орган) уәкілетті комиссиямен келісу бойынша жүзеге асырады.
«А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жататын, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері басшыларының лауазымдарына тағайындау уәкілетті органмен келісуден өту шартымен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының азаматтарын «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына келісусіз тағайындайды және оларды лауазымдардан босатады.
2. Қазақстан Республикасының азаматы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасқан кезде онымен еңбек шарты жасалады.
«А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісімен еңбек шартын жасасу, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Мемлекеттік лауазым «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген, «А» корпусының екі және одан көп әкімшілік мемлекеттік лауазымы «А» корпусының бір әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген жағдайларда осы мемлекеттік лауазымға қабылдау ол өзгертілген күннен бастап үш ай ішінде осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік лауазымы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес өзге бос мемлекеттік лауазымды ұсынады.
Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайда ол жұмыстан шығарылуға тиіс. Бұл ретте кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
Мемлекеттік лауазымы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметші «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзі немесе өзге де адам қабылданғанға дейін жұмысын жалғастыруға құқылы.
4. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымы саяси, сайланатын мемлекеттік лауазымға немесе «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген жағдайда, осы лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган ол белгіленген біліктілік талаптарына сай болған жағдайда штат кестесінде көзделген өзге бос мемлекеттік лауазымды ұсынады.
Бос мемлекеттік лауазым болмаған және (немесе) мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайларда ол жұмыстан шығарылуға тиіс. Бұл ретте кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
28-бап. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу
1. Осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдар тағайындайтын жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына тағайындауды және лауазымнан шығаруды (босатуды) өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
2. «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға арналған конкурс мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі арқылы өткізіледі.
Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тестілеу рәсімдерінен алдын ала өткен азаматтар конкурсқа қатысуға жіберіледі.
«Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Қажет болған кезде конкурс уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де тәсілдермен өткізіледі.
Конкурс қорытындысы туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
3. Егер «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымы үш айдан астам бос және (немесе) уақытша бос болса, адамдар осы баптың 4-тармағына сәйкес қабылданатын жағдайды қоспағанда, көрсетілген лауазымға орналасуға арналған конкурс мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі арқылы автоматты түрде жариялануға тиіс.
4. «Б» корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.
Мемлекеттік қызметші емес Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі және уәкілетті орган бекітетін үлгілік еңбек шартының негізінде ресімделеді.
Еңбек қатынастары тараптардың келісімі бойынша белгіленетін, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңге жүзеге асырылады.
«Б» корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымын атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтарына жұмыскерлердің құқықтары, бостандықтары мен кепілдіктері бөлігінде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызмет өткерумен және онда болумен байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Осы адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
«Б» корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымында көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.
5. Уәкілетті комиссияның шешімі бойынша «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей, мыналар қабылдануы мүмкін:
1) қызметтегі судьялар, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттары;
2) өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттігін кемінде алты ай орындаған және оны тоқтатқан халықаралық қызметшілер, судьялар;
3) уәкілетті комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыста болатын саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес лауазымдары саяси мемлекеттік лауазымдарға жатқызылған жағдайда, өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттігін кемінде алты ай орындаған және оны тоқтатқан саяси мемлекеттік қызметшілер;
4) халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар;
5) мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын озық шетелдік жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейіні бойынша доктор) бойынша оқуды аяқтаған адамдар;
6) Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар.
6. Уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей, мыналар қабылдануы мүмкін:
1) өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері;
2) өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде сайланған мемлекеттік қызметшілер;
3) сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органда және оның аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына - оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуын аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар;
4) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардан, астана мәслихаты аппаратынан, тексеру комиссиясынан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астана мен оның аудандарындағы аумақтық бөлімшелерінен басқа) «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына - оқуды аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын аяқтаған адамдар;
5) мынадай:
ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;
ауданның және облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органының басшы емес лауазымына;
аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымына;
орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының аудандағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшы емес лауазымына - оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар;
6) астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған адамдар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелері осы Заңның 19-бабының 5-тармағында және 20-бабының 5-тармағында аталған адамдарға қолданылмайды.
7. Уәкілетті органмен келісу бойынша мынадай адамдарды «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі:
1) орталық мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы;
2) орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының орынбасары.
8. Мемлекеттік органдардың басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына адамдарды конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасқан адамдарды мемлекеттік органның ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді.
9. «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша адамдарды «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.
10. Адамдарды «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауды келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Ескертпе. Осы бапта халықаралық қызметшілер деп мемлекеттік қызметші емес, қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болатын Қазақстан Республикасының азаматтары танылады.
29-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа қабылдау
1. Мемлекеттік органды құру кезінде мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.
Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде аталған мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.
Мемлекеттік қызметші емес Қазақстан Республикасының осындай азаматтарымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңінде Қазақстан Республикасының осы азаматтарына мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болумен байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасының осы азаматтарының құқықтары еңбек шартында айқындалады.
Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.
Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.
2. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына белгіленген арнаулы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай болатын адамдардың қатарынан жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын Қазақстан Республикасы азаматтарының саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.
Осы тармақтың ережелері штат саны жиырма бес бірліктен кем мемлекеттік органдарға қолданылмайды.
30-бап. Мемлекеттік қызметке кіруді ресімдеу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің жеке істері, олардың дербес деректерін, кәсіптік қызметі туралы мәліметтерді қамтитын есепке алу құжаттары жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізу үшін қажетті құжаттардың тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік қызметшілердің жеке істері мемлекеттік цифрлық кадр жүйесінде электрондық нысанда қалыптастырылады. Қажет болған кезде жеке істер қағаз түрінде қалыптастырылуы мүмкін.
3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді ресімдейді. Қызметтік тізімнің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, ол қабылдаған шектеулерді жазбаша түрде тіркейді.
Мемлекеттік қызметтің кадр ісін жүргізу құжаттарының үлгілік нысандарын уәкілетті орган айқындайды.
4. Осы тармақтың үшінші бөлігінде аталған мемлекеттік қызметшіні қоспағанда, әкімшілік мемлекеттік қызметшіге оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын құжат болатын сәйкестендіру картасы беріледі.
Сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
Саяси мемлекеттік қызметшіге, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне, Қазақстан Республикасының Құрылтайы Аппаратының, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын құжат болатын қызметтік куәлік беріледі.
Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.
Қажет болған кезде осы тармақтың үшінші бөлігінде аталған мемлекеттік қызметшілерге сәйкестендіру картасы берілуі мүмкін.
Сайланған мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын тиісті қызметтік куәлік беріледі. Қажет болған кезде оған сәйкестендіру картасы берілуі мүмкін.
6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ