9. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам қабылдайтын, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер осы Заңда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
15-бап. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі
1. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін қамтиды.
Мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қосымша құқықтармен және кепілдіктермен өтеледі.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болады және мемлекеттік қызметі тоқтатқан кезден бастап одан айырылады.
16-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі құқықтары
Мемлекеттік қызметшінің:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік қорғалуға;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кепілдіктер мен өтемақыларға;
4) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де түрлеріне;
5) жеке қадір-қасиетінің құрметтелуіне, өзіне мемлекеттік қызметшілердің және жеке тұлғалардың әділ әрі құрметпен қарауына;
6) еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына;
7) өзінің тікелей басшысынан өзі атқарып отырған мемлекеттік лауазымына сәйкес міндеттерді және лауазымдық өкілеттік көлемін дәл айқындап беруді талап етуге;
8) лауазымдық өкілеттігін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
9) өзінің лауазымдық өкілеттігі шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, тиісті лауазымды адамдардың, жеке және заңды тұлғалардың оларды орындауын талап етуге;
10) өзінің лауазымдық өкілеттігін атқару үшін белгіленген тәртіппен ұйымдарға баруға;
11) өзінің мемлекеттік қызметті өткеруіне қатысты материалдармен кедергісіз танысуға және қажет болған жағдайларда жеке түсініктемелер беруге;
12) мемлекеттік қызметшінің пікірінше негізсіз айып тағылған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді талап етуге;
13) жұмыс тиімділігіне, кәсіптік тәжірибесіне және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де негіздерге байланысты ынталандыруға және еңбегіне ақы төлеуге;
14) егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, тиісті бюджет қаражаты не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен даярлануға, қайта даярлануға және біліктілігін арттыруға;
15) лауазымдық орын ауыстыруға және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеуге;
16) осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметтен өз еркімен шығуға;
17) жасанды интеллект технологияларына негізделген цифрлық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға құқығы бар.
Мемлекеттік қызметшінің өзге де құқықтары осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
17-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттері
Мемлекеттік қызметші:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен ант қабылдауға және оны сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтауға;
4) қызметтік тәртіпті сақтауға;
5) өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді адал және кәсіби тұрғыдан орындауға;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге;
7) осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген қызметтік әдепті, мінсіз беделге қойылатын талаптарды сақтауға;
8) өз қызметін клиентке бағдарлану негізінде жүзеге асыруға;
9) мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға;
10) құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілер мен қарамағындағы өзге де адамдар тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға;
11) өздерінің лауазымдық өкілеттігі шегінде шығарған мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдері мен нұсқамаларын орындауға;
12) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге, олардың жолданымдарын қарауға және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімде олар бойынша қажетті шаралар қабылдауға;
13) мемлекеттік құпияларды және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны, оның ішінде мемлекеттік қызмет тоқтатылғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт ішінде сақтауға;
14) лауазымдық өкілеттігін атқару кезінде алатын, адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді жария етпеуге, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат беруді талап етпеуге;
15) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті қызметтік мақсатта ғана пайдалануға;
16) мемлекеттік органның цифрлық ресурстарымен жұмыс істеу кезінде киберқауіпсіздікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етуге;
17) мемлекеттік қызметтің имиджі мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жария сөз сөйлеуге жол бермеуге міндетті.
Мемлекеттік қызметшілердің өзге де міндеттері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
4-тарау 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУГЕ ДАЯРЛАУ
18-бап. Мемлекеттік қызметке кіруге даярлау
1. Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке кіруге даярлау Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруі мен оны өткеруі үшін қажетті кәсіптік және жеке құзыреттерін дамытуға бағытталған білім беру және оқу-тәрбие іс-шаралары кешенін қамтиды және:
1) ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасуға даярлауды;
2) басшы лауазымдарға орналасуға даярлауды көздейді.
2. Мемлекеттік қызметке кіруге даярлау үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеу, мемлекеттік қызметке кіруге даярлауды ұйымдастыру және одан өту тәртібі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалады.
3. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықтан не басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматымен оқыту шарты жасалады, онда даярлық аяқталғаннан кейін жұмыспен өтеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу жөніндегі міндеттемелер көзделеді.
Оқыту шартының нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі білім беру ұйымдары бекіткен оқуға қабылдау қағидаларында айқындалады.
Он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адамдармен оқыту шарты жасалған жағдайда, ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
4. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы уәкілетті органмен келісу бойынша ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын және оқыту шартында белгіленген тәртіппен оқу аяқталған күннен бастап үш жыл ішінде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті.
5. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқу аяқталған күннен бастап үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалатын және оқыту шартында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті.
6. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты, басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқуға арналған бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды жұмыспен өтеу міндеттемелерін орындамаған кезде, оның ішінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылатын фактілердің болуына байланысты нақты жұмыспен өтелген кезеңге мөлшерлес өтеуге міндетті.
Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған адамдар үшін жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді тоқтата тұру және мерзімінен бұрын тоқтату негіздері, тәртібі Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасында айқындалады.
Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді тоқтата тұру және мерзімінен бұрын тоқтату негіздері, тәртібі мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалады.
19-бап. Төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлау
1. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлау лауазымдық міндеттерді тиімді атқаруға қажетті, мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік құзыреттері мен дағдыларын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметте қазақстандық патриотизмді нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және қызметтік әдепті сақтауға бағытталған оқытуды көздейді.
2. Білім беру гранты шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін мамандар даярлаудың басым бағыттарының тізбесін уәкілетті орган ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кадрларға қажеттілікті көздейтін стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде жыл сайын қалыптастырады.
Білім беру гранттары Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес даярлаудың өзге де бағыттары бойынша бөлінуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының азаматы ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам мәртебесіне жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға қабылданған күннен бастап ие болады және оны мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларына сәйкес оқу аяқталған немесе тоқтатылған күннен бастап жоғалтады.
Қазақстан Республикасының азаматы осы Заңның 21-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында көзделген жағдайларда ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлауға жіберілмейді.
4. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам оқу кезеңінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу туралы міндеттемелерді қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді сақтамау Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен оқуды тоқтатуға және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан шығаруға алып келеді.
5. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқу аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде, мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалатын тәртіппен уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілмей, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда төменгі лауазымға орналаса алады.
20-бап. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау
1. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде магистратура бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында оқытуды көздейді.
2. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау шеңберінде ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған және даярлық аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындаған Қазақстан Республикасының азаматы оқуға қабылдануы мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматы осы Заңның 21-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлауға жіберілмейді.
3. Қазақстан Республикасының азаматы басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам мәртебесіне оқуға қабылданған күннен бастап ие болады және оны оқу аяқталған не тоқтатылған күннен бастап мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында белгіленген тәртіппен жоғалтады.
4. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам оқыту кезеңінде қызметтік әдепті сақтау және мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді сақтамау оқуды тоқтатуға және бюджет қаражаты есебінен оқуға жұмсалған шығыстарды өтеуге алып келеді.
5. Осы баптың 2-тармағында аталған, басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы, сайланатын мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда басшы лауазымға орналаса алады.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ
21-бап. Мемлекеттік қызметке кіру шарттары
1. Мемлекеттік қызметке мінсіз беделі бар, біліктілік талаптарына сай болатын, өздерінің жеке және кәсіби қасиеттері, білім деңгейі бойынша өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген, жасына байланысты шектеу лауазымдық өкілеттік мерзімдері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған саяси мемлекеттік лауазымдарға қолданылмайды.
Осы бапта көзделмеген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматын саяси мемлекеттік лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін.
Әскери лауазымдарға және құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және азаматтық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына жасына байланысты қойылатын шектеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Мемлекеттік қызметке:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту, одан айырылу не шығу салдарынан Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған:
2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа толмаған;
3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес біліктілік талаптарына сай келмейтін;
4) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
5) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған не лауазымдық өкілеттігін орындауға кедергі келтіретін аурулардың тізбесіне, сондай-ақ мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін денсаулық жағдайына койылатын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін талаптарға сәйкес медициналық мекеменің қорытындысы негізінде лауазымдық өкілеттігін орындауға кедергі келтіретін ауруы бар;
6) осы Заңда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдаудан бас тартқан;
7) мемлекеттік қызметке кіру уақытына қарай Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;
8) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарға орналасу құқығынан айырған;
9) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған;
10) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде құқық қорғау қызметінен, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдардан, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен, мемлекеттік фельдъегерьлік қызметтен теріс себептермен шығарылған, сондай-ақ теріс себептермен судьяның өкілеттігін тоқтатқан Қазақстан Республикасының азаматы қабылданбайды.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші:
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздыққа байланысты атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан;
қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты жұмыстан шығарылған адамға қолданылмайды;
21-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 11) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
11) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде атқаратын лауазымынан шығарылған немесе босатылған, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматы шығыстарының оның кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өкілеттігін тоқтатқан;
12) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты саяси мемлекеттік лауазымнан шығарылған;
13) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік қызметші ретінде алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін оған әкімшілік жаза қолданылған;
14) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
15) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
16) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған (бұл ретте жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне, меншікке, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығы мен адамгершілікке, мемлекеттік қызмет мүдделеріне және мемлекеттік басқаруға, басқару тәртібіне, сот төрелігіне және жазаларды орындау тәртібіне, конституциялық іс жүргізуге қарсы ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ экономикалық қызмет саласында ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар немесе болған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметке қабылданбайды);
17) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
18) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
19) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматы қабылданбайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлардың кез келгенінің болуы мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болады.
3. Басшы лауазымға орналасу үшін осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімі үш жылға ұлғайтылады.
4. Сайланатын мемлекеттік лауазымға орналасу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары осы Заңның, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай болуға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының азаматтарын құқық қорғау қызметіне, әскери қызметке, азаматтық қорғау органдарындағы қызметке, мемлекеттік фельдъегерьлік қызметке, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
6. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе қасақана бұрмалау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға, мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болады.
7. Мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың жұбайы (зайыбы) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына ұсынады.
Мемлекеттік қызметке кірген Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндетті.
8. Мыналарды:
1) құқық қорғау органдарының және азаматтық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін;
2) қатардағы және кіші басшы құрамдардың лауазымдарына алғашқы кәсіптік даярлауға түсетін;
3) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-тармағында, 7-бабының 3-тармағында және 7-1-бабының 1-тармағында көзделген адамдарды қоспағанда, құқық қорғау органдарындағы және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
Құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын тестілеу тәртібі мен бағдарламаларын құқық қорғау органдарымен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.