2. Мемлекеттік қызметтің мақсаты мынадай бағыттарды қамтиды:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек құқықтарының қорғалуын, еңбекті қорғауды, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік осал санаттарын әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды іске асыруды қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығының сақталуына, ауруларының профилактикасына құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету, медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ұсынылу кепілдіктерін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы азаматтарының тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыру;
3) Қазақстан Республикасы азаматтарының кепілдік берілген, өздері ақы төлемейтін орта білім алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету, барлық деңгейде сапалы және қолжетімді білім беру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, ғылым мен техниканы дамыту;
4) қоршаған ортаны қорғауды, елдің экологиялық қауіпсіздігін, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қалпына келтіруді, ормандарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруды және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және пайдалануды қамтамасыз ету;
5) елдің су ресурстарын қорғауды, ұтымды пайдалануды және қалпына келтіруді қамтамасыз ету, халықтың және экономика салаларының суға қажеттіліктерін, су қорының сақталуын және суларды ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды қамтамасыз ету;
6) туризмді, бұқаралық және кәсіпқой спортты дамытуды, халықтың барлық тобы үшін спорттық іс-шаралардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) мәдениетті қолдауды және дамытуды, мемлекеттік және басқа да тілдерді, ақпараттық саланы, қоғамдық институттарды дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
8) агроөнеркәсіптік кешенді, аквашаруашылықты, тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдар мен өсімдіктер карантинін, асыл тұқымды мал шаруашылығын, ветеринария мен ара шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету;
9) жер ресурстарын басқаруды, жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер қатынастарын реттеуді, жер кадастрын жүргізуді және жерлердің мониторингін жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
10) көлік саясатын іске асыруды, Қазақстан Республикасының экономикасы мен халқының тасымалдауға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ету, көліктік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету;
11) өнеркәсіпті, тау-кен металлургия кешенін, машина жасауды, құрылыс индустриясын дамытуды, жер қойнауын пайдалануды, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылықты реттеуді қамтамасыз ету;
12) халықтың және экономика салаларының энергия мен энергетикалық ресурстарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды, мұнай өнімдері мен газ өндірісін, газбен жабдықтауды, электр энергетикасын, жылумен жабдықтауды дамытуды, атом энергиясын пайдалануды, жаңартылатын энергия көздерін, сондай-ақ уран өндіруді дамытуды қамтамасыз ету;
13) киберқауіпсіздікті, экономиканың тиімді цифрлық трансформациясын, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ дербес деректерді, электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғауды қамтамасыз ету;
14) бюджетті жоспарлау мен атқаруды, салықтық әкімшілендіруді, мемлекеттік борышты басқаруды, кеден ісі, мемлекеттік сатып алу саласындағы реттеуді, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқаруды қамтамасыз ету;
15) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу мен жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
16) қаржы жүйесінің тұрақтылығын, қаржы нарығын реттеу мен дамытуды, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мониторингтеуді, сондай-ақ қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
17) мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру мен мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтерді көрсету сапасының сақталуын бақылауды, сондай-ақ статистикалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету;
18) кәсіпкерлікті, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуды, табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеуді, бәсекелестікті қорғауды және монополистік қызметті шектеуді қамтамасыз ету;
19) сыртқы сауда қызметін, ішкі сауданы дамыту мен реттеуді, шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту мен ілгерілетуді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
20) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын және сыртқы экономикалық қызметін жүргізу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғауды, сондай-ақ шетелде Қазақстан Республикасы азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
21) конституциялық құрылыс негіздерін, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует пен қорғаныс әлеуетін қорғауды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді қамтамасыз ету, үкіметтік байланысты қолдап отыру және онымен қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау;
22) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қарулы қорғауды қамтамасыз ету;
23) күзетілетін адамдардың және күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
24) қоғамдық тәртіпті қорғауды, қылмысқа қарсы күресті, қоғамдық қауіпсіздікті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
25) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың салдарының алдын алу мен жоюды, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету;
26) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді, заңдылықтың бұзылуын, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтау мен жоюды қамтамасыз ету;
27) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және іске асыруды, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету;
28) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету;
29) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де бағыттар.
3. Мемлекеттік қызметтің еңбек қызметінің өзге түрлерінен ажыратылатын ерекшеліктері:
1) мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қосымша құқықтарды, міндеттерді, жеңілдіктерді, кепілдіктерді және шектеулерді көздейтін ерекше құқықтық мәртебесі;
2) мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібі;
3) мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқаруды қамтитын мемлекеттік қызметшілер қызметінің жария-құқықтық сипаты.
7-бап. Мемлекеттік қызметті өткеру негізі
Мемлекеттік қызметті өткеру мемлекеттік саясатқа бейілділікке, қоғамның мемлекеттік қызметке сеніміне және мемлекеттік қызметшінің өзі берген антқа адал болуына негізделеді.
Мемлекеттік қызметті өткеру мемлекеттік қызметшіге қазақстандық патриотизм, кәсібилік, клиентке бағдарлану, ашықтық, әдептілік және мінсіз бедел, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға және мүдделер қақтығысына төзбеушілік талаптарын қояды.
8-бап. Қазақстандық патриотизм
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының азаматтары жүктелген лауазымдық міндеттерді адал орындаудан, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болатын халыққа қызмет етуден, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері мен ұлттық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуден, сондай-ақ мемлекеттік қызмет мүдделеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің жолын кесуден көрінетін қазақстандық патриотизм негізінде жүзеге асырады.
9-бап. Кәсібилік
1. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі оның білімімен, лауазымдық міндеттерді тиісінше атқару үшін қажетті құзыреттерінің болуымен, біліктілік талаптарында белгіленген жағдайда жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігімен айқындалады.
2. Лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсаттарға, мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді, лауазымдық міндеттерді, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тапсырмалары мен актілерін уақтылы және тиісінше орындауды қамтиды.
3. Мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер кандидаттың біліктілігі мен құзыреттері нақты мемлекеттік лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігімен расталады.
4. Лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігін бағалау осы Заңға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
10-бап. Клиентке бағдарлану
1. Клиентке бағдарлану мемлекеттік қызметшінің қызметін ұйымдастыруға және лауазымдық мінез-құлқына қойылатын, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері ескеріле отырып, олармен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған талаптар жиынтығын қамтиды.
2. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жолданымдарын қарауға және өзінің лауазымдық өкілеттігі шегінде оларға толық әрі жан-жақты жауап ұсынуға міндетті.
3. Мемлекеттік қызметші жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруды, оның ішінде:
1) егер олардың құқықтары туындаған кезді айқындау мүмкін болса және оның келісімі болғанда, олардың жолданымынсыз;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өзара байланысты бірнеше құқығын бір уақытта іске асыруды қамтамасыз ету мүмкін болған жағдайда, бір жолданым негізінде;
3) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалардың тұрғылықты жеріне немесе заңды тұлғалардың орналасқан жеріне қарамастан;
4) өтініш берушіге жолданымда және қоса берілген құжаттарда жол берілген қателерді, дәлсіздіктерді немесе сәйкессіздіктерді жою, сондай-ақ жеткіліксіз құжаттарды не қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсыну Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінде көзделген болса, оларды ұсыну мүмкіндігін беру арқылы жолданымды формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол бермей қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
4. Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның қызметін үздіксіз жетілдіру, оның ішінде:
1) мемлекеттік функцияларды атқару мерзімдері мен кезеңдерін, сұратылатын құжаттардың көлемін қысқартуды қоса алғанда, оларды оңтайландыру және автоматтандыру бойынша ұсыныстар енгізу;
2) төрешілдік және сөзбұйдалық көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды, оның ішінде мемлекеттік функцияларды тиімді атқаруға және (немесе) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді, артық және қайталанатын талаптарды айқындау және жою шараларын қабылдайды.
5. Мемлекеттік қызметшінің клиентке бағдарлануы оның лауазымдық өкілеттігін жүзеге асыруы кезінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсету, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, цифрлық жүйелерді қалыптастыру және дамыту кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік қызметші жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаған кезде өздерінің лауазымдық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес клиентке бағдарлануды көрсетеді.
11-бап. Ашықтық
1. Мемлекеттік қызметші қызметінің ашықтығы Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді қамтиды.
Қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға жүктелген лауазымдық өкілеттік шегінде өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшінің өз лауазымдық өкілеттігін жүзеге асыру кезінде формальды негіздер бойынша бас тартуды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпарат беруден негізсіз бас тартуға, ақпарат беруді негізсіз кідіртуге, сондай-ақ анық емес және (немесе) толық емес ақпарат берілуіне жол беруге құқығы жоқ.
Жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпарат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және негіздерде жүзеге асырылады.
Егер сұрау салулар мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттігін жүзеге асырумен немесе жария сөз сөйлеудің және (немесе) қоғамдық іс-шараның күн тәртібі тақырыбына байланысты болмаса, әдепсіз немесе қорлау сипатындағы мәселелерді қамтыса не оның жеке өмірін қозғаса, осындай сұрау салулар бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқылы.
3. Анонимді жолданымдарда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке қатер жөнінде мәліметтер қамтылған, құзыретіне сәйкес оларды қарауға уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу қайта жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметші оларды қарамауға құқылы.
12-бап. Әдептілік, мінсіз бедел
1. Мемлекеттік қызметші қызметтік әдепті сақтауға, мінсіз беделді ұстануға, жағымсыз қоғамдық резонанс туғызуға немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер мен мінез-құлықтан тартынуға міндетті.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті бұзуы осы Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға дейін алып келеді.
2. Мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер адамның мінсіз беделі мемлекеттік қызметке кіруге және оны өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болмауына байланысты жеке, әдептік және кәсіби қасиеттер жиынтығын қамтиды.
Мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер адам мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіздер не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде мінсіз беделі бар адам болып саналмайды.
13-бап. Құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік
1. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтауға, жеке және (немесе) заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ лауазымдық өкілеттігін атқаруы кезінде өзіне мәлім болған құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлауға міндетті.
Мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет кепілдік беретін қорғау шаралары ұсынылады.
Анонимдік айыптау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөніндегі шараларды қабылдауға және (немесе) оны сот тәртібімен даулауға міндетті.
Мемлекеттік орган басшылығы ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, оны осындай бұзушылықтар жасауға итермелеу жағдайлары туралы өтініш бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті органдарға жолданымдар жіберу арқылы шаралар қабылдауға міндетті.
2. Мемлекеттік қызметшіге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүдделер қақтығысы болса, лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
14-бап. Мемлекеттік қызметті өткеруге байланысты шектеулер
1. Мемлекеттік қызметшіге, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамға:
1) өкілді органның депутаты болуға;
2) өзі қызмет ететін мемлекеттік органда не осы мемлекеттік органға тікелей бағынысты немесе оның бақылауындағы ұйымда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;
3) өзінің қызмет бабындағы жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
4) ереуілді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
5) лауазымдық өкілеттігін атқаруына байланысты жеке және (немесе) заңды тұлғалардың көрсетілетін қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға;
6) оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен, резервтегі әскери қызметті өткеруден бөлек, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуға тыйым салынады.
Сайлауды дайындау және өткізу кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері болатын мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақытындағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылады;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдық міндеттері болатын не осы тармақтың 9) тармақшасында көрсетілген акцияларды басқару үшін қажет болатын не саяси партияны, кәсіптік одақты, тұтыну немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқаруға өтеусіз негізде қатысу болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымды басқаруға қатысуға;
8) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
9) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, бағалы қағаздарды сатып алуға тыйым салынады.
2. Мемлекеттік қызметшіге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жақын туыстарымен, жұбайларымен (зайыптарымен) немесе жекжаттарымен бірге мемлекеттік қызмет (жұмыс) істеуіне жол берілмейді.
3. Мемлекеттік органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берілмейді.
Мемлекеттік қызметші лауазымдық өкілеттігін атқару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің және олардың органдарының шешімдеріне байланысты болмайды.
Мемлекеттік қызметші олардың қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға міндетті.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы және оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы және оның орынбасарлары:
1) көрсетілген мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде инвестициялық қорлардың өздеріне тиесілі пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынуға міндетті;
2) инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
5. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға орналасқан күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, өздеріне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды), цифрлық активтерді, сондай-ақ мүліктік жалдауға (жалға) берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқығымен тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге және көрсетілген мерзімде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін ұсынуға міндетті.
Мемлекеттік қызметке кірген кезде шаруашылық немесе фермерлік қожалық мүшесі не дара кәсіпкер мемлекеттік лауазымға орналасқан күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде кәсіпкерлік қызметін тоқтату және (немесе) мүлкін иеліктен шығару шараларын қабылдауға міндетті. Көрсетілген іс-әрекеттер аяқталғанға дейін ол кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және өзіне тиесілі мүлкін басқаруға қатысуға құқылы емес. Қызметті тоқтату және (немесе) мүлікті иеліктен шығару персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынылатын құжаттармен расталады.
Осы тармақта көрсетілген шараларды қабылдамау мемлекеттік лауазымнан шығаруға алып келеді.
6. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен түсетін кірісті алуға құқығы бар.
Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғынжайды мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай жалға беруден кіріс алуға, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен және басқа да заңды көздерден кіріс алуға құқылы.
7. Мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамдардың мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
8. Мемлекеттік қызметші, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өз бетінше шектеуге міндетті.