2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары
1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады.
Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс.
2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектiлерiнiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары
1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi.
2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектiлерiнiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтары
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шектерi) шегiндегi ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспарына сәйкес оларды пайдалану түрлерi өзгерген кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi.
55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар), тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi.
2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөніндегі мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi.
56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс.
Елді мекендердің шегіндегі және олардан тыс жерлердегі қорғалатын объектілерді орналастыруға арналған аумақтар режимдік аумақтардың аймақтары болып табылады.
2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібін, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
57-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.
2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес бекітілген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді; 2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектілерді орналастыру және олардың жұмыс істеуі халыққа қатер төндіруі және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуі мүмкін болған жағдайда, тиісті санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиіс. Санитариялық-қорғаныш аймағының мақсатына қарай оның параметрлері және оған қойылатын талаптар көрсетілген объектілердің жұмыс істеуінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттермен, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және жануарлар дүниесі, қоршаған ортаны қорғау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік нормативтермен белгіленеді.
2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.
3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
59-бап. Резервтегi аумақтар
1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады.
2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекітіледi.
3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс.
4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекітілген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-тарау. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы
60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Объектілердің және олардың кешендерінің құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасына) сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамасынсыз не оңайлатылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын бір мезгілде әзірлеуге жол беріледі.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Объектілерді және олардың кешендерін бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салған (кеңейткен, жаңғыртқан, техникалық қайта жарақтандырған, реконструкциялаған, қалпына келтірген, күрделi жөндеуден өткізген) жағдайда, құрылыс-монтаждау жұмыстары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тоқтатыла тұрады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта бастау белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлген тиісті жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы болған кезде ғана жүргізіледі.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен; 2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2 тармақ өзгертілді; 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша тапсырыс беруші (меншік иесі) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаларынсыз нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) екі қабаттан жоғары емес жеке тұрғын үйлер салуды;
2) жеке үй жанындағы учаскелер аумағында, сондай-ақ бағбандық және бау-бақша серіктестіктерінің (қоғамдарының) учаскелерінде шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды тұрғызуды;
3) алаңішілік байланыс желілерін салуды;
4) жұмыс істеп тұрған инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін үй жанындағы учаскелерде және саяжай учаскелерінде абаттандыруды;
5) контейнермен, блокпен және модульмен орындалатын ықшам кешендерді, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылатын сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына арналған бір қабатты ғимараттарды (құрылысжайларды) салуды;
6) төтенше ахуал және (немесе) төтенше жағдайлар кезінде қалпына келтіру жұмыстарын, техникалық жағынан күрделі болып табылмайтын екі қабаттан аспайтын тез тұрғызылатын ғимараттар мен құрылысжайлар салуды;
7) өрт, жарылыс, газ, химиялық агрессивті, улы және уытты заттар бойынша қауіпсіз уақытша, маусымдық немесе қосалқы мақсаттағы ғимараттар мен құрылысжайлар (тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды талап ететін қоймалар мен сақтау орындары (аралығы 6 метрге дейін, биіктігі 7 метрге дейін және алаңы 2000 шаршы метрге дейін қоса алғанда), жылыжайлар, парниктер, павильондар, байланыс, жарықтандыру тіректерін, қоршаулар және осыған ұқсас құрылысжайлар салуды;
8) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшін тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлардың уақытша құрылыстарын салуды;
9) автомашиналар саны елу бірліктен аспайтын ашық үлгідегі автотұрақтарды, сондай-ақ екі автомашинадан аспайтын бокстары бар гараждарды салуды;
10) желілік инженерлік жолдар мен оларға арналған құрылысжайларға олардың жағдайын, төсеу тереңдігінің (биіктігінің) белгілерін, құбырларының диаметрін өзгертуді талап етпейтін күрделі жөндеуді;
11) шағын сәулет нысандарын салуды және аумақты қоршауды;
12) ашық спорт алаңдарын, тротуарларды салуды, ғимараттар (құрылысжайлар) маңында тас төсеніштер төсеуді;
13) технологиялық ресурсы таусылған және кәсіпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейіндеуді талап етпейтін технологиялық немесе инженерлік жабдықтың бірліктерін жөндеуді және ауыстыруды;
14) инженерлік желілерді электр коррозиясынан қорғауды;
15) жалпы ауданы 20 шаршы метрге дейінгі дара кәсіпкерлік объектілерін орналастыру үшін жеке тұрған бір қабатты ғимараттар (құрылысжайлар) салуды;
16) тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақтан телім беруді) талап етпейтін, тіреу конструкцияларының, инженерлік жүйелер мен коммуникациялардың қандай да бір өзгерістерімен байланысты емес, сәулет-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаны нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтін реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
17) өндірістік емес мақсаттағы үй-жайларды қолданыстағы ғимараттарда жүзеге асырылатын және тіреу конструкцияларын өзгертуді талап етпейтін қайта жоспарлауды (қайта жабдықтауды);
18) кәсіпкерлік субъектілері үшін белгіленген қуаты 200 кВт дейінгі электрмен жабдықтау желілерін салуды;
19) әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік ғимараттардың ішінде автоматты күзет-өрт сигнализациясы жүйесін салуды және монтаждауды;
20) усадьба үлгісіндегі тұрғын үйлерде сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды;
21) жеке тұрғын үйлердің алаңішілік желілерін салуды және тұрмыстық мақсаттағы үйішілік газбен жабдықтау жүйелерін монтаждауды жүзеге асыра алады.
3. 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу тәртібі, оның міндетті құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік нормативтермен белгіленеді.
5. Бекіту тәртібі, сондай-ақ бекітілген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерістер енгізу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
2014.21.01. № 167-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылысы басталмаған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы ескірген болып есептеледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен түзетілгеннен, қайтадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленбеген және бекітілмеген жобалау алдындағы құжаттама ескірген болып есептеледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен түзетілгеннен, қайтадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын түзетуді жүзеге асыру үшін оны әзірлеген жобалау ұйымы тартылады.
Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының авторын тарту мүмкін болмаған жағдайда, жобалау ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдер бойынша айқындалады.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 7-2-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын түзетуге тапсырыс берушінің шешімі бойынша негізді қажеттілік туындаған жағдайда, жобалау алдындағы құжаттаманы (ол болған кезде) түзету талап етілмейді.
8. Алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын ұлттық мұрағат қорының құрамына енгізу, аталған құжаттарға меншік иесі құқығына, сондай-ақ пайдалану және оларды пайдалануды шектеу құқығына кепілдік Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-тармақ өзгертілді; 2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрменің, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың объектілері бойынша жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жерлерді және (немесе) оның аумағындағы құрылысты игеру үшін шетелдік заңды тұлғалар немесе жекелеген мамандар орындаған жобалау алдындағы құжаттама және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, жобалау алдындағы және жобалау жұмыстарының шарттарында және сатылары бойынша, осы Заңда, мемлекеттік нормативтерде және жобалауға берілген тапсырмада белгіленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының құрамы мен көлемінде, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қоса алғанда, мемлекеттік нормативтерде белгіленген міндетті талаптар сақталған кезде әзірленуге тиіс.
Мынадай жағдайларда:
1) тапсырыс берушінің (инвестордың) шешiмi бойынша тапсырыс беруші (инвестор) мынадай мiндеттi шарттар жиынтығын орындаған кезде:
жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптамамен расталуға тиіс, Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленген, өрт және жарылыс қауіпсіздігі, конструкциялардың сенімділігі, объектінің жұмыс істеу орнықтылығы және еңбекті қорғау нормаларын сақтағанда;
Қазақстан Республикасының заңнамасына және мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға сәйкес тауар берушiлердi (жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi) оларға қажеттi ақпаратпен қамтамасыз еткенде;
2) республикалық индустрияландыру картасына енгізілген объектілерді жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыруды, кеңейтуді жүргізу кезінде осы қағидадан ауытқуға жол берiледi.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 60-1-баппен толықтырылды
60-1-бап. Құрылыстағы баға белгілеу
1. Құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар:
1) мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қаражаты есебінен объектілер құрылысын салуға арналған шығындарды жоспарлауды;
2) техникалық-экономикалық негіздемелердің дұрыстығын және мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қаражаты есебінен салынатын объектілер құрылысының сметалық құнының айқындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
2. Құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттардың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар:
1) экономикалық жағдайлардың дамуын ескере отырып қолданыстағы сметалық нормаларды талдауды және жаңартуды;
2) құрылыс өндірісінің жаңа тиімді технологияларының сметалық нормаларын әзірлеуді;
3) құрылыс материалдарының, бұйымдардың, жабдықтың ағымдағы бағаларын мониторингтеу, өңдеу және талдау негізінде сметалық-нормативтік базаны жаңартуды қамтиды.
61-бап. Қала құрылысы жобалары
1. Қазақстан Республикасының аумағына және жекелеген аймақтарға өндiргiш күштердi жайластыру мен орналастыруды кеңiстiкте ұйымдастыру, қонысаралық аумақтарды игеру мен жайғастыру, елдi мекендердiң, аумақтарын немесе елдi мекеннiң жекелеген бөлiктерiн дамыту мен оған құрылыс салуды, олар әсер ететiн аймақтарды қоса алғанда, жоспарлау қала құрылысы жобаларының негiзiнде кешендi түрде жүзеге асырылады.
2. Жобалау мен құрылысқа конкурстар (тендерлер, мердiгерлiк сауда-саттық) өткізудiң ережелерiн, сәулет жобалары мен құрылыс жобаларын жобалауға (сәулеттiк-жоспарлау тапсырмасын қоса алғанда) және әзiрлеуге тапсырмаларды жасау кезiнде бекітілген қала құрылысы жобаларында белгiленген қала құрылысы шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Аумақтарды дамытудың және құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қала құрылысы жобалары жөніндегі сараптама комиссиялары немесе мәслихаттар бекітетін қала құрылысы жобалары жөніндегі сараптама топтары орындайтын жұмыстардың құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен қағидаларға сәйкес айқындалады.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Қала құрылысы жобалары (аумақтарды дамыту мен құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары):
1) жалпымемлекеттік маңызы бар аумақтарды ұйымдастыру және дамытуды жоспарлау жобалары;
2) өңірлік маңызы бар аумақтарды дамытудың қала құрылысын жоспарлау жобалары;
3) қалаларды (олардың қала маңындағы аумақтарын қоса алғанда не оларсыз) және ауылдық елді мекендерді дамытудың және оларда құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары;
4) елді мекендерден тыс орналасатын өндірістік кешендердің немесе жабық түрдегі өзге де объектілердің құрылысын салу үшін қонысаралық аумақтардың қала құрылысын игеру жобалары болып бөлінеді.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Жалпымемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларына:
1) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы;
2) екі және одан да көп облыстардың (не олардың бөліктерінің), агломерациялардың аумақтарын аумақтық дамытудың өңіраралық схемалары жатады.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Өңірлік маңызы бар қала құрылысын жоспарлаудың жобаларына:
1) облыстар аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары;
2) аудандар аумағының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары жатады.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Елді мекендерді дамыту мен құрылыс салудың қала құрылысы жобаларына:
1) тұрғындарының есептік саны жүз мың адамнан асатын қалалардың бас жоспарлары;
2) тұрғындарының саны жүз мың адамға дейінгі қалалардың бас жоспарлары;
3) тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елді мекендердің бас жоспарлары;
4) тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі ауылдық елді мекендердің бас жоспарлары - даму және құрылыс салу схемалары (халқының саны аз елді мекендердің бас жоспарларының оңайлатылған нұсқасы);
5) техникалық-экономикалық негіздемелердің құрамындағы ахуалдық жоспарларды және бас жоспарларды немесе ғимараттар мен құрылыстардың, олардың кешендерінің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттаманы қоспағанда, қалалардың аумақтарының жекелеген бөліктерін қала құрылысы игеруінің жобалары (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, өнеркәсіптік аймақты жоспарлау жобалары және қолданыстағы бас жоспардың туындысы болатын құрылыс салу жоспарлары) жатады.
62-бап. Сәулет жобасы
2012.13.01. № 542-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлді) (бұр. ред. қара)
1. Сәулет жобасы ғимаратты (монументтi) жасаудың дербес жобасы ретiнде, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының бiр бөлігi ретiнде құрылыс жобасын немесе құрылысқа арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде объектiге қойылатын әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, инженерлiк, техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитариялық-гигиеналық, экологиялық, сондай-ақ энергия тиімділігі және өзге де талаптар кешендi түрде ескерiлетiн сәулеттік-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерін қамтуға тиіс.