2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар мемлекеттік кіріс органдарына қосылған құн салығын есепке алу үшін ашылған ағымдағы шоттар бойынша ақпарат беру үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өздерінің ақпараттық жүйелерінің мемлекеттік кіріс органдарының ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимылын жүзеге асырады.
2. Ақша және төлемдер аудару тиiстi дәрежеде жүзеге асырылған ретте банк Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен (депозитормен) жасасқан шартқа сәйкес жауапты болады.
3. Ақшаның халықаралық төлемдерін және аударылымдарын банкiлер халықаралық банк тәжiрибесiнде қолданылатын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн түрлерiнде әдiстер мен тәртiп бойынша жүзеге асырады.
4. Банк төлем құжатының қолдан жасалғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ олардың қате есептелу фактiсi анықталған жағдайда клиенттердiң (депозиторлардың) есепшотынан есептелген ақшаны олардың келісімiнсiз есептен алып қоюға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 39-бап жаңа редакцияда; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 39-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Мөлшерлемелер мен тарифтер
1. Сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
2-бөлік 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды
Уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде көзделген жағдайларда банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаларға беретін қарыз бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай қарыздар бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес банктік қарыз шартында белгіленген кезектілікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын банктік қарыздың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері басқаларынан ерекшеленуі мүмкін.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес есептелген қарызды өтеудің қосымша әдістерін ұсынуға құқылы.
4 - 6-бөліктер 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі, осы Заңның 34-бабында белгіленген тәртіппен жасалған, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның оны азаю жағына қарай өзгертуі немесе азаю жағына қарай уақытша өзгертуі жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертілуге жатпайды.
Сыйақы мөлшерлемесін азаю жағына қарай уақытша өзгерту деп банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін белгілі бір мерзімге төмендетуі түсініледі, ол мерзім өткеннен кейін сыйақы мөлшерлемесі уақытша өзгеріске дейін қолданыста болған сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерінен аспайтын мөлшерде белгіленеді.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісуі бойынша шарттың қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы мөлшерлемесіне өзгеруі мүмкін.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша оның шартта айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі тіркелген мөлшерлеменің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.
Сыйақының құбылмалы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шартын жасасу күніне белгіленген қарызға қызмет көрсету жөніндегі комиссиялар мен тарифтердің мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына өзгертуге құқылы емес.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3-тармақтың бірінші бөлігі 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және 2016 ж. 1 шілдеден бастап жасалған шарттарға қолданылды
3. Жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметке байланысты емес банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаға комиссиялар мен банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді алу көзделмейтін кредиттеу шарттарын, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесінен басқа, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты және банктік қарыз шартында көзделген комиссиялар мен өзге де төлемдерді алу құқығы көзделетін кредиттеу шарттарын таңдау үшін беруге міндетті.
Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын барлық комиссиялар мен өзге де төлемдерді, сондай-ақ олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялар мен өзге де төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқылы емес.
Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
Осы тармақтың нормасы 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бір ай өткеннен кейін жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады
3-1. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жеке тұлғалармен жасалатын, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
4. Банктің интернет-ресурсында жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат орналастырылуға тиіс. Мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы мөлшерлемелер мен тарифтерге өзгерістердің енгізілу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі және осы өзгерісті қабылдаған орган көрсетіліп, өзекті режимде сақталып тұруға тиіс.
5-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарының ол қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайтын қатынастарына қолданылады, оның шарттарымен қарыз алған күннен бастап бір жылдан асатын мерзімде негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтегені немесе мерзімінен бұрын толық өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алу көзделген
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды) (бұр.ред.қара)
5. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін, бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқылы емес.
6-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылды
6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты дәйекті ақпарат беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:
банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) алдын ала жазбаша хабарламасын алмай-ақ, акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызын жинақтап алғанда иеленетін қарыз алушы қатысушыларының (акционерлерінің) құрамы өзгерген;
кепіл ұстаушы болып табылатын банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кепілге қойылған мүлікке талап қою құқықтарын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған жағдайларда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен банктік қарыз шартын жасасқан күні белгіленген сыйақы мөлшерлемелерін ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Ислам банктерін қоспағанда, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар бойынша (банкаралықты қоспағанда) сыйақы шамалары туралы ақпаратты таратқанда, оның ішінде оны жариялағанда көрсетуге міндетті.
Қарыздар мен салымдар бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнды) есептеу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген қадағалап ден қою шараларын қолданады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III (бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV (2009 жылғы 21 ақпаннан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 40-бап өзгертiлдi; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
40-бап. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруге тыйым салу
1. Банктердің банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жеңілдікті жағдайлар беруіне тыйым салынады.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден аспайтын мөлшердегі қарыздарды, сондай-ақ банк конгломератының қатысушылары болып табылатын тұлғаларға берілетін қарыздарды қоспағанда, банктердің банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға қамтамасыз етілмеген қарыздарды (бланктік қарыздарды) беруіне тыйым салынады.
Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден аспайтын мөлшерде берілетін банктік қарыздарды және осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген, қаржыландыруды қоспағанда, банктердің осы банктердің директорлар кеңесінің мүшелеріне және ірі қатысушыларына қарыздар беруіне тыйым салынады.
2. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға жеңілдікті жағдайлар беру мәні, мақсаты, ерекшеліктері мен тәуекелі бойынша банк өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты емес тұлғамен жасамайтын мәмілені банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесінде жасауды білдіреді, атап айтқанда:
1) банк операциясын орындағаны үшін үшінші тұлғаларға ұсынылатын шарттарға қарағанда төмен сыйақы және төлем алу;
2) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғадан банк тартқан депозиттер мен өзге де қаражат бойынша үшінші тұлғаларға ұсынылатын шарттарға қарағанда жоғары сыйақы төлеу;
3) кепілдерді, кепілдіктерді, кепілгерліктерді немесе міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің өзге де тәсілдерін үшінші тұлғалармен жасалатын ұқсас операциялар бойынша талап етілетіннен төмен мөлшерде қабылдау;
4) сыйақы алу, негізгі борышты және (немесе) банк операциялары үшін өзге де төлемдерді өтеу бойынша үшінші тұлғалармен жасалатын ұқсас операцияларға қарағанда мерзімін көбірек етіп кейінге қалдыруды ұсыну;
5) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға сатып алынатын мүлікке және (немесе) көрсетілетін қызметтерге құны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асатын мәміле немесе мәмілелер жиынтығы бойынша үшінші тұлғаларға осыған ұқсас сатып алынатын мүлік және (немесе) көрсетілетін қызметтер ақысын төлеуге қарағанда жоғары бағамен ақы төлеу;
6) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға мүлікті осыған ұқсас мүлікті үшінші тұлғаларға сатқаннан төмен немесе нарықтық құнынан төмен құн бойынша сату;
7) банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаға бағалы қағаздарды осыған ұқсас бағалы қағаздарды үшінші тұлғаларға сатқаннан төмен немесе нарықтық құнынан төмен құны бойынша сату;
8) уәжді пайымдауды пайдалану жолымен бұрын уәкілетті орган жеңілдікті жағдайлары бар мәмілелерге жатқызған мәмілелерді жасау.
Мәмілелерді жеңілдікті жағдайлары бар мәмілелерге жатқызудың қосымша өлшемшарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп мыналар танылады:
1) осы банктің лауазымды адамы немесе басшы қызметкері, өкілеттіктеріне активтерді иеліктен шығару, кепіл нысанасын өзгерту және кепілді тоқтату (борышкердің банк алдында кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерін өтеу немесе банктің кепілді өндіріп алу жағдайларын қоспағанда) туралы шешімдер, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленгеннен жоғары мөлшерлерде банктік қарыздарды және банк кепілдіктерін беру туралы шешімдер қабылдау кіретін директорлар кеңесі комитеттерінің және тиісті органының басшылары және тұрақты мүшелері, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) және жақын туыстары;
2) осы банктің ірі қатысушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға не банктің ірі қатысушысының лауазымды адамы, сондай-ақ олардың жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалар орналастырылған акциялардың (артықшылықты және сатып алынған акцияларды қоспағанда) немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерінің он және одан көп пайызын иеленетін не лауазымды адамдары болып табылатын заңды тұлға;
4) банктің үлестес тұлғалары;
5) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланыстылық белгілеріне сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлға.
Уәкілетті орган уәжді пайымдауды пайдалану жолымен жеке немесе заңды тұлғаны банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға жатқызуға құқылы. Бұл жағдайда банк уәкілетті органның қадағалап ден қоюдың тиісті шарасын алған күннен бастап банк осы жеке немесе заңды тұлғаны онымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға деп таниды.
Тәуелсіз директор, банктің акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан көп пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ банктің тәуелсіз директор болып табылатын лауазымды адамы басқару органдарында тәуелсіз директор болып табылатын заңды тұлғалар, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым және акционері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын сауда-саттықты ұйымдастырушы, егер банктің лауазымды адамы осы ұйымдарда лауазымды адам болып табылған жағдайда, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған өзге де тұлғалар осы баптың мақсаттары үшін банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар деп танылмайды.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларды тану мақсаттары үшін:
осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында банк деп Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы және (немесе) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі түсініледі;
осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында банк деп Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі түсініледі;
осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында банк деп Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы түсініледі.
4. Банк қандай да бір тұлғамен құны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мөлшерден асатын және:
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға алдындағы міндеттемелерге ақы төлеуге;
банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғадан қандай да бір мүлікті сатып алуға;
банктің меншігіндегі бағалы қағаздарды қоспағанда, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға эмиссиялаған бағалы қағаздарды сатып алуға алып келетін мәмілені жасаса алмайды.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен мәміле, банктің директорлар кеңесі осындай мәмілелердің үлгілік шарттарын бекіткен және үшінші тұлғалармен жасалған ұқсас мәмілелерге қолданылатын жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағының талаптары ескеріле отырып, банктің директорлар кеңесінің шешімімен ғана жасалуы мүмкін.
Банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымдарын қоспағанда, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға (тұлғаларда) берілген (орналастырылған) активтерге қатысты талап ету құқықтарынан бас тарту акционерлердің жалпы жиналысын кейіннен хабардар ете отырып жүзеге асырылады.
Осы баптың 3-тармағында аталған тұлға банк пен:
оның өзі;
кез келген жақын туысы немесе өзінің жұбайы (зайыбы);
өзі немесе жақын туыстарының бірі, жұбайы (зайыбы) лауазымды адамы (тәуелсіз директорды қоспағанда) немесе ірі қатысушысы болып табылатын кез келген заңды тұлға арасындағы кез келген мәміле бойынша шешімдерді қарауға және қабылдауға қатыспауға тиіс.
Банк және банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға арасындағы кез келген мәміле бойынша директорлар кеңесінің шешімі директорлар кеңесі оның барлық шарттарын қарағаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.
Осы тармақтың және осы баптың 1-тармағының талаптарын Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына қолдану мақсаттары үшін банктің директорлар кеңесі деп Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің тиісті басқару органы түсініледі.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Банк банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар туралы, сондай-ақ осы тұлғалармен жасалған барлық мәмілелер туралы ақпаратты уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен, мерзімдерде және нысандар бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беруге міндетті.
7. Осы баптың талаптары банк холдингтеріне және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қолданылады.
Банк конгломератымен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалардың тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8. Осы баптың 1, 2 және 4-тармақтарының талаптары осы Заңның 11-2-бабында айқындалған шарттарда құрылған (сатып алынған) еншілес ұйым бас банкпен немесе банк конгломератының құрамына кіретін еншілес ұйыммен жасайтын мәмілелерге қолданылмайды.
Осы баптың 4-тармағының талаптары банктің осы Заңның 11-2-бабында айқындалған шарттарда құрылған (сатып алынған) еншілес ұйымынан және (немесе) еншілес банктің еншілес ұйымынан мүлікті сатып алуға алып келетін, банктің үшінші тұлғалармен жасаған мәмілелеріне де қолданылмайды.
9. Осы баптың талаптары мынадай шарттардың бірі орындалған кезде:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингі, сондай-ақ банк холдингі, банк холдингінің белгілері бар тұлға шыққан елдің қаржылық қадағалау органының көрсетілген Қазақстан Республикасының бейрезидент-тұлғаларының шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болса;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі болса, банк холдингі, банк холдингінің белгілері бар тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қолданылмайды. Ең төмен рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 2-тарау 40-1-баппен толықтырылды