4. Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығы Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген мерзiмде қолданысқа енгiзiледi.
6-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығының мазмұны
Қазақстан Республикасы Президентінің Төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығында:
1) осы Заңның талаптарына сәйкес төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар;
2) төтенше жағдайды енгізу қажеттiгiнiң негiздемесi;
3) төтенше жағдай енгiзiлетiн жерлердiң шекаралары;
4) төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдар;
5) осы Заңға сәйкес енгiзiлетiн шаралардың және жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың құқықтарын уақытша шектеулердiң, сондай-ақ оларға қосымша жүктелетiн мiндеттердiң тiзбесi;
6) төтенше жағдайды енгізу кезеңiнде құрылатын мемлекеттік басқарудың арнайы органдары және олардың өкiлеттiгi;
7) төтенше жағдай режимi кезiнде қолданылатын iс-шараларды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар);
8) төтенше жағдайды енгізу уақыты және оның қолданылу мерзiмi қамтылады.
7-бап. Төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi
1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында енгiзiлетiн төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi - 30 тәулiктен, ал оның жекелеген жерлерiнде 60 тәулiктен аспауға тиiс.
2. Төтенше жағдай енгiзiлген мерзiм өткеннен кейiн төтенше жағдай тоқтатылды деп есептеледi.
3. Төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар жойылмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi акт шығару арқылы осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмдер шегiнде оның қолданысын ұзартуға құқылы.
8-бап. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі iс-шараларды қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзiлген кезде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру Қазақстан Республикасы Үкіметі резервiнiң және жергiлiктi атқарушы органдар резервтерiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің шешiмiмен Қазақстан Республикасының төтенше бюджетi енгiзiлуi мүмкiн. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiнде жүргiзiлетiн iс-шараларды қаржыландыру бұл жағдайда төтенше бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
Төтенше бюджеттiң қабылдануы туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарланады.
9-бап. Төтенше жағдайдың күшiн жою
1. Егер төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайлар жойылған болса, Қазақстан Республикасының Президентi оның күшiн ол енгiзiлген мерзiм аяқталғанға дейiн толық немесе iшiнара жоюға құқылы.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды толық немесе iшiнара жою жөніндегі Жарлығы Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген мерзiмде қолданысқа енгiзiледi.
2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен 10- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
10-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi
Төтенше жағдай кезеңiнде Қазақстан Республикасының Парламентi таратылмайды.
3-тарау. Төтенше жағдай кезеңіне енгізілетін мемлекеттік басқарудың арнайы органдары.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету
11-бап. Төтенше жағдай кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың арнайы органдары
1. Төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайларды жою жөніндегі мәселелердi шұғыл шешу және iс-шараларды жүргiзу мақсатында Қазақстан Республикасының Президентi мемлекеттік басқарудың төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөніндегі арнайы органдарын құруы мүмкiн, оларға:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия;
2) жергiлiктi жердiң комендатурасы жатады.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жергілікті жерлерінде төтенше жағдай енгізілген кезде Қазақстан Республикасы Президентінің актісімен құрылады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Комендатураның қызметі Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен үлгі ереже негізінде жүзеге асырылады.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12-бап. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары
1. Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөнінде шаралар әзірлеу;
2) төтенше жағдай енгізілген аумақтың қызметін басқару мен қамтамасыз ету жөнінде жедел іс-шаралар жүргізуді ұйымдастыру;
3) төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларды уақытша тұруға арналған тұрғын үй-жайларға орналастыруды, оларға қажетті көмек көрсетуді ұйымдастыру;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізу үшін негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру;
5) төтенше жағдай кезеңінде жүргізілетін іс-шаралардың орындалуын бақылау.
2. Негізгі міндеттерін орындау үшін Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
2) Мемлекеттік комиссияға жүктелген міндеттерді орындау мәселелері бойынша орталық, жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарын және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарын тыңдайды;
3) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан Мемлекеттік комиссияның қызметін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратады және алады;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жою жөніндегі іс-шараларды орындауын бақылайды;
5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жою мәселелерін шешу үшін талдамалық, сараптау және басқа да қажетті жұмыстарды орындауға тартады;
6) осы Заңның 15, 16-баптарында көрсетілген қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді енгізудің тиімділігін қарайды. Төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайлар толық немесе ішінара жойылған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне қосымша шаралардың, уақытша шектеулердің немесе төтенше жағдайдың толық немесе ішінара күшін жою туралы тиісті ұсыныстар енгізеді.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды
12-1-бап. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру
1. Мемлекеттік комиссия орталық, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің коменданттарынан құрылады. Мемлекеттік комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және ол төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларға байланысты болады. Мемлекеттік комиссия төрағадан, мүшелерден және хатшыдан тұрады. Мемлекеттік комиссиянын төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді.
Мемлекеттік комиссия мүшелерінің және комиссия жұмысын қамтамасыз ету үшін тартылатын мамандардың жұмыс орындары мен негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы Заңның 3-2-бабының 2-тармағына сәйкес негіздер бойынша төтенше жағдай режимі енгізілген кезде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Мемлекеттік комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
Қазақстан Республикасының Президенті ахуалдың өршуін талдауды негізге ала отырып, өз қалауы бойынша кез келген мемлекеттік органның өкілін Мемлекеттік комиссияның төрағасы етіп тағайындауға құқылы.
2. Мемлекеттік комиссияның отырыстарын қажеттілігіне қарай оның төрағасы шақырады, ал оның шешімдері хаттамалармен ресімделеді. Мемлекеттік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
Отырыстың күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер Мемлекеттік комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі шешімді жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда төраға жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Мемлекеттік комиссия өз құзыретіне сәйкес қабылдайтын шешімдер орталық, жергілікті атқарушы органдардың және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерлердің комендатураларының, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болады.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына тиісті ұсыныстарды, жарлықтар мен өкімдердің жобаларын енгізеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Мемлекеттік комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына тиісті ұсыныстарды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын енгізеді.
2006.14.01. № 117-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді; 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жер комендантының өкiлеттiктерi
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.29.06. № 58-VІІ ҚР Заңымен ) (бұр.ред.қара); 2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Төтенше жағдай енгiзiлген жергiлiктi жердiң комендатурасы өзiнiң төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегі қызметiн жергілiкті атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
Жергілiкті жердiң комендатурасын Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын комендант және жергілікті жер комендатурасының аппараты құрайды, оның құрамы төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайлар негізге алына отырып айқындалады.
Комендант - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Мемлекеттік комиссия құрылған кезде Қазақстан Республикасының Президенті мен Мемлекеттік комиссияның төрағасына бағынады.
Жергілікті жердің коменданты болып:
шектес мемлекеттер аумақтарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жаппай өту кезінде; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттену кезінде; терроризм актілері; билікті күштеп басып алуға немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып билікті күшпен ұстап тұруға бағытталған іс-әрекеттер кезінде; қарулы бүлік; диверсия кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің;
жаппай тәртіпсіздік; ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдар; экстремистік топтардың жекелеген жергілікті жерлерді, аса маңызды және стратегиялық объектілерді қоршап алуы немесе басып алуы; заңсыз қарулы құралымдардың дайындалуы және әрекеті кезінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің;
қарулы қақтығысты күштеп таңу мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан жасалатын арандатушылық іс-әрекеттер; Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзу кезінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі тағайындалады.
Қазақстан Республикасының Президенті төтенше жағдай енгізілген жергілікті жердегі ахуалдың өршуін талдауды негізге ала отырып, өз қалауы бойынша кез келген мемлекеттік органның өкілін жергілікті жердің коменданты етіп тағайындауға құқылы.
2. Төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердiң коменданты:
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) өз өкiлеттiктері шегiнде барлық жеке және заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ iшкi iстер органдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде орналасқан (дислокацияланған) және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн қосымша тартылатын әскери құралымдар бастықтарының (командирлерiнiң) тиiстi аумақта орындауы мiндеттi төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде бұйрықтар мен өкiмдер шығарады;
2) жеке тұлғалардың белгiленген мерзiмде белгiлi бiр жерден кетiп қалуына шектеулер енгiзедi, сол жергілікті жердiң тұрғындары болып табылмайтын қоғамдық тәртiптi бұзушы адамдарды солардың есебiнен өздерінің тұрақты тұратын жерлерiне немесе төтенше жағдай жарияланған жергілікті жерден тыс жерлерге шығарып жiбередi, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданады;
3) қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде орын жеткіліксіз болған жағдайда төтенше жағдай режимін бұзған, ұсталған адамдарды ұстаудың қосымша орындарын айқындайды;
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) ұйымдардың басшыларын өз міндеттерін, коменданттың бұйрықтары мен өкімдерін тиісінше орындамауына байланысты төтенше жағдайдың қолданысы кезеңінде жұмысынан шеттетеді, бұл жөнінде Мемлекеттік комиссияға хабарлайды;
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, осы Заңда көзделген қосымша шаралар мен уақытша шектеулердi қолдану қажеттiгi туралы ұсыныстармен Қазақстан Республикасының Президентiне жүгінеді және осы шаралардың орындалуын қамтамасыз етедi;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қосымша қаржыландыру туралы ұсыныстар енгізеді;
7) тиiстi жергілікті жердiң тұрғындарын төтенше жағдай кезiнде қолданылатын, енгiзiлген шаралар мен уақытша шектеулердi орындау қажеттiгi туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етедi;
8) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың барлық отырыстарына қатысуға және өз құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге құқылы;
9) төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердің комендатурасы жанынан журналистердi аккредиттеуді жүзеге асырады;
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 9-1) тармақшамен толықтырылды
9-1) жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, Қазақстан Республикасының аумақтық ішкі істер органдарының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерде орналасқан (орналасатын) әскери құралымдардың және төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін қосымша тартылатын мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Жергілікті жердің комендатурасы жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.
4. Төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердiң комендатурасын құру көрсетілген аумақта жұмыс iстейтiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың қызметiн тоқтатпайды.
5. Төтенше жағдай енгізілген аумақта төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жердің коменданты өз өкімімен жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, орталық мемлекеттік органдардың төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтіретін нормативтік құқықтық актілерінің қолданылуын режим кезеңінде тоқтата тұруға құқылы.
14-бап. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдар
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның және басқа да мемлекеттiк органдардың күштерi мен құралдары пайдаланылады.
2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қажет болған жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының негiзiнде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілмей Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi мынадай мiндеттердi орындау үшін:
1) төтенше жағдай енгiзiлген жерге кiрудiң және одан шығудың ерекше режимiн сақтауға;
2) ерекше режимдi, режимдi және ерекше қорғалатын объектiлердi, халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiктiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердi, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға үлкен қауiп төндiретiн объектiлердi күзетуге;
3) арнайы құралдарды, қаруды қолдану, сондай-ақ әскери және басқа да техниканы пайдалану арқылы күш көрсету әрекеттерi орын алған жанжалдарға қатысқан тайталасушы тараптарды айыруға;
4) заңсыз қарулы құралымдар қызметiнiң жолын кесу iсiне қатысуға;
5) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және адамдар өмiрiн құтқару iсiне қатысуға қолданылуы мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мақсатында ғана төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге тартылады.
2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 2-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көрсетiлген мiндеттердi Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен бiрлесiп орындайды. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң әскери қызметшiлерiне «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының дене күшiн, арнайы құралдарды, қызметтiк иттердi, қаруды қолдану, әскери техниканы пайдалану шарттарына, тәртібіне және шектерiне қатысты бөлiгіндегі ережелерi қолданылады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Төтенше жағдай кезінде байланыс желілерін басқару
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттiк органдардың, үкiметтiк байланысты, сондай-ақ шұғыл қызметтердің байланыс желілері мен құралдарын қоспағанда, байланыс желiлерi мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметiн тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Байланыс желілері мен құралдарын беру және байланыс операторының байланыс желiлерi мен құралдарын пайдаланған кезде олардың шеккен шығындарын өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
3. Байланыс желiлерi мен құралдарының иелерi адамдар өмiрiнiң теңiздегi, жердегi, әуедегі, ғарыш кеңiстiгiндегi қауiпсiздiгiне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауiпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау саласында кезек күттірмейтін iс-шараларды жүргiзуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолюттік басымдық беруге тиiс.
2020.16.05. № 330-VI ҚР Заңымен 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тарау. Төтенше жағдай кезінде және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайында қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер
2020.16.05. № 330-VI ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген кезде қолданылатын негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер
1. Төтенше жағдай енгізілген кезде оның қолданылу кезеңінде мынадай негізгі шаралар мен уақытша шектеулер:
1) қоғамдық тәртiптiң сақталуын, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектiлердiң, сондай-ақ халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiк қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң күзетілуін күшейту;
2) төтенше жағдай енгiзiлген жерде жүрiп-түру еркiндiгiн, оның iшiнде көлiк құралдары қозғалысының еркiндiгiн шектеу;
3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлiк құралдарын тексеру;
4) төтенше жағдай енгiзiлген жерге немесе Қазақстан Республикасының аумағына кiруге, сондай-ақ олардан шығуға шектеу белгiлеу;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.25.05. № 334-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5) тармақша жаңа редакцияда
5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ тууға, үйленуге, қайтыс болуға байланысты отбасылық салт-жораларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу немесе оларды шектеу;
6) ереуiлдерге және заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдiстерiне тыйым салу;
7) жарылғыш, радиоактивтi, сондай-ақ химиялық және биологиялық қауiптi заттарды пайдаланатын заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұру;
8) егер төтенше мән-жайларға байланысты материалдық және мәдени құндылықтардың жойылуының, ұрлануының немесе бүлiнуiнiң нақты қаупi болса, оларды қауiпсiз аудандарға көшiру;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде ол қолданылатын бүкiл кезең iшiнде сайлау және республикалық референдумдар өткiзуге тыйым салу;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) үкiметтiк байланысты қоспағанда, байланыс желiлері мен құралдарының қызметін тоқтата тұру көзделеді.
2020.16.05. № 330-VI ҚР Заңымен 2-тармақпен толықтырылды; 2021.08.06. № 48-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Төтенше жағдай енгізілген кезеңде және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайында елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес салық, бюджет, кеден, банк, еңбек заңнамасының, монополияға қарсы заңнаманың, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі, мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы, валюталық реттеу туралы, азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік салаларындағы, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік бақылау және қадағалау, елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру мәселелері жөніндегі заңнаманың қолданылу ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
16-бап. Төтенше жағдай кезiнде қолданылатын қосымша шаралар мен уақытша шектеулер
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Заңның 4-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған кезде төтенше жағдай енгiзiлген жағдайда, төтенше жағдай енгiзiлген жерде мынадай қосымша шаралар мен уақытша шектеулер:
1) коменданттық сағат енгізу;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) аумақтық қорғаныс іс-шараларын жүргізу;
2) баспа басылымдарының мiндеттi даналары мен радио және телехабарларының материалдарын сұратып алу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды жүзеге асыру;
3) төтенше жағдайды енгізуге негiз болған мән-жайларды жоюға кедергi келтiретiн саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тоқтата тұру немесе тоқтату;
4) көшiру-көбейту техникасын, радио және телехабарларын беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын пайдалануға шек қою немесе тыйым салу, сондай-ақ дыбыс күшейткiш техникалық құралдарды уақытша алып қою;
5) азық-түлiк пен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатудың, сатып алудың және бөлудiң ерекше тәртібін орнату;
6) тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және қаржылай қаражаттың бiрден бiрге өтуiн қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалардың қаржы-экономикалық қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыруына шек қою;
7) қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға шек қою немесе тыйым салу, дәрi-дәрмектiң, есiрткi заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртiнiң, алкоголь өнiмдерiнiң айналымына ерекше режим белгiлеу;
8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрiнi, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәрiге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлiк оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивтi заттарды уақытша алып қою көзделедi.