Төтенше жағдай туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы № 387-II Заңы
(2022.11.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 14 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
2-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық негiзi
2-1-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдай және әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал режимдерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктері
3-бап. Төтенше жағдайды енгiзудiң мақсаты
1-1-тарау. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі
3-1-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі
3-2-бап. Мемлекеттік органдардың әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі құзыреті
3-3-бап. Жедел штабтар
3-4-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар
3-5-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал режимін қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдар
2-тарау. Төтенше жағдайды енгізу мен оның күшін жоюдың шарттары, негіздері, тәртібі
4-бап. Төтенше жағдай енгiзудiң шарттары, негiздерi
5-бап. Төтенше жағдайды енгiзу тәртiбi
6-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше жағдайды енгiзу туралы жарлығының мазмұны
7-бап. Төтенше жағдайдың күшiнде болу мерзiмi
8-бап. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру
9-бап. Төтенше жағдайдың күшiн жою
10-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық режимінің ерекшеліктері
3-тарау. Төтенше жағдай кезеңіне енгізілетін мемлекеттік басқарудың арнайы органдары. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету
11-бап. Төтенше жағдай кезеңiндегi мемлекеттiк басқарудың арнайы органдары
12-бап. Мемлекеттiк комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары
12-1-бап. Мемлекеттiк комиссияның қызметiн ұйымдастыру
13-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген жер комендантының өкiлеттiктерi
14-бап. Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдар
14-1-бап. Төтенше жағдай кезінде байланыс желілерін басқару
4-тарау. Төтенше жағдай кезінде және осыған байланысты туындаған әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыс жағдайында қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер
15-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген кезде қолданылатын негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер
16-бап. Төтенше жағдай кезiнде қолданылатын қосымша шаралар мен уақытша шектеулер
5-тарау. Төтенше жағдай кезіндегі жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ лауазымды адамдар құқықтарының кепілдігі және олардың жауапкершілігі
17-бап. Төтенше жағдай кезiнде шаралар мен уақытша шектеулердi қолдану шектерi
18-бап. Төтенше жағдайдың күшiнде болуы кезеңiндегi жеке және заңды тұлғалар құқықтарының кепiлдiктерi
19-бап. Дене күшiн, арнайы құралдарды, қызметтiк иттердi, қаруды қолданудың, әскери техниканы пайдаланудың шарттары мен шектерi
20-бап. Коменданттық сағат ережелерiн бұзған жеке тұлғаларды ұстау тәртiбi
21-бап. Төтенше жағдайдың қолданылуын тоқтатудың құқықтық салдарлары
22-бап. Жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың төтенше жағдай режимiнiң талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылығы
23-бап. Төтенше жағдай енгiзiлген жерде сот төрелiгiн жүзеге асыру
6-тарау. Қорытынды ережелер
24-бап. Халықаралық iзгiлiк көмек
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Осы Заң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жергілікті жерлерiнде төтенше жағдайды енгiзудiң және оның қолданылуының негiздерiн, мерзiмдерiн, тәртiбiн, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимін белгілейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бап жаңа редакцияда
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай - адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн немесе әкеп соққан әлеуметтік қатынастар саласындағы белгілі бір аумақта қайшылықтар мен жанжалдардың туындауымен байланысты төтенше жағдай;
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарыстық ахуал - елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнген және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, валюта заңнамасының, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы, денсаулық сақтау саласындағы, мемлекеттік сатып алу туралы, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы, азаматтарды әлеуметтік қорғау салаларындағы, мемлекеттік мүлік туралы, мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша заңнамасының қолданылу, елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру ерекшеліктері белгіленуі мүмкін ахуал;
2) жергiлiктi жердiң коменданты - Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын, төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жердегi комендатураның қызметiне басшылық жасайтын және төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ететiн күштер мен құралдарды бiртұтас басқаруды жүзеге асыратын лауазымды адам;
3) жергiлiктi жердiң комендатурасы - төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Президентi құратын уақытша арнаулы орган;
4) коменданттық сағат - арнайы берiлген рұқсаттамасыз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда не үйлерiнен тыс жерлерде жүруге тыйым салынатын тәулiк мезгiлi;
5) төтенше жағдай - азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн, мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара;
6) төтенше жағдай енгiзiлетiн жергілікті жердiң шекаралары - Қазақстан Республикасының бiр немесе бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнiң аумағы;
7) Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссия - төтенше жағдай енгiзу кезеңiне Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсiмен құрылатын арнаулы мемлекеттiк басқару органы.
2-бап. Төтенше жағдайдың құқықтық негiзi
Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілері төтенше жағдайды енгізудiң құқықтық негiзi болып табылады.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 2-1-баппен толықтырылды
2-1-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдай және әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал режимдерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының Президенті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мақсатында:
1) дағдарыстық ахуалды оқшаулау және жою кезінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірлескен іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын қағидаларды бекітеді;
2) республикалық және өңірлік жедел штабтар туралы ережені бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-бап. Төтенше жағдайды енгізудiң мақсаты
Төтенше жағдайды енгізуге себеп болған мән-жайларды жою, адам мен азаматтың қауiпсiздiгiн, құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету төтенше жағдайды енгізудiң мақсаты болып табылады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1-1-тараумен толықтырылды
1-1-тарау. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі
3-1-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың құқықтық режимі әлеуметтік сипаттағы төтенше мән-жайлардың алдын алуды және оларды жоюды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың шұғыл ден қоюы мен жұмыс істеуінің айрықша режимін білдіреді және жеке және заңды тұлғаларға қосымша міндеттер жүктей отырып, олардың құқықтары мен бостандықтарына жекелеген уақытша шектеулерді белгілеуге жол береді.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың мән-жайлары төтенше жағдай енгізуге негіз болып табылуы мүмкін.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың құқықтық режимі Қазақстан Республикасының демократиялық институттарына, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төнген және оны оқшаулау мен жоюды төтенше жағдай енгізілген кезде қолданылатын негізгі, қосымша шаралар мен уақытша шектеулер енгізбестен, әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік органдардың күшімен және құралдарымен жүзеге асыру мүмкін болатын жағдайда енгізіледі.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың құқықтық режимі жекелеген жергілікті жерлерде әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік орган немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жедел штаб басшысының шешімімен енгізіледі.
3. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың құқықтық режимі кезінде шұғыл ден қою және басқару жүйесінің жұмыс органы жедел штаб болып табылады.
4. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай қатері төнген немесе туындаған кезде әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік органға жәрдемдесуге және қажетті көмек көрсетуге міндетті.
5. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және жою мақсатында әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік орган:
1) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай аймағына бару үшін, сондай-ақ, егер кідірту адамдардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төндіруі мүмкін болса, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу мекемелеріне жеткізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, меншік иелеріне материалдық залал келтірілген жағдайда оны өтей отырып, көлікті (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа) пайдалануға;
2) 2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шараларды қолдануға құқылы.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
5-1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен оның салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау үшін әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік орган мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын пайдалануға құқылы. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен оның салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броньнан алу тәртібімен шығару Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен оның салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау үшін пайдаланылған мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
5-2. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған немесе төтенше жағдай енгізілген жағдайларда, мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын тасымалдауды көлік ұйымдары бірінші кезектегі тәртіппен жүзеге асырады.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау үшін мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды тасымалдауға көлік ұйымдары материалдық құндылықтарды көрсеткен кезде алдын ала төлемсіз қабылдайды.
Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын тасымалдау шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың құқықтық режимінің қолданылу мерзімі оны енгізуге негіз болған мән-жайларды жою мерзімінен аспауға тиіс.
Осы жергілікті жерде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың құқықтық режимінің күші жойылды деп есептеледі.
3-2-бап. Мемлекеттік органдардың әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті шектес мемлекеттер аумақтарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жаппай өтуден; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттенуден; терроризм актілерінен; билікті күштеп басып алуға немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билікті күштеп ұстап тұруға бағытталған іс-әрекеттерден; диверсиялардан; қарулы бүліктен туындаған төтенше жағдайларды анықтайды, олардың алдын алады және жолын кеседі.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жергілікті атқарушы орган болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздіктерден; ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардан; жекелеген жергілікті жерлерді, аса маңызды және стратегиялық объектілерді қоршап алудан немесе басып алудан; заңсыз қарулы құралымдардың ұйымдасуынан және әрекетінен туындаған төтенше жағдайлардың алдын алады және оларды жоюды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қарулы қақтығысты күштеп таңу мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан болған арандатушылық іс-әрекеттерден; Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзудан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысады.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 3-3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3-3-бап. Жедел штабтар
1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және оларды жою мақсатында тұрақты жұмыс істейтін республикалық және өңірлік (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жедел штабтар құрылады.
2. Жедел штабтар басшыдан, басшының орынбасарларынан, оның ішінде бір бірінші орынбасарынан және штаб мүшелерінен тұрады.
Жедел штабтардың құрамына әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуалдың алдын алу және оны жою жөніндегі мемлекеттік органдардың басшылары немесе өкілдері жедел штаб басшысының орынбасарлары ретінде, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
3. Республикалық және өңірлік жедел штабтардың шешімдері орындау үшін міндетті болып табылады.
4. Жедел штабтар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
5. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылады.
Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал енгізілген жергілікті жерде күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шаралары өткізілген жағдайда, күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі жедел штабтар «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әрекет етеді.
Күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі жедел штабтың шешімі бойынша «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін, күзетілетін объектілердің күзетілуі мен қорғалуын қамтамасыз ету мүддесінде басқа да мемлекеттік органдардың қажетті күштері мен құралдары қосымша тартылуы мүмкін.
3-4-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар
1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар мемлекеттік органдардың кешенді күштері мен құралдары пайдаланыла отырып, мемлекеттік органдардың бұрын бекіткен жоспарларына сәйкес, ал осы Заңның 3-2-бабының 1-тармағында көзделген әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу (анықтау, жолын кесу) жөніндегі мемлекеттік органдармен бұрын келісілген және жергілікті атқарушы органдар бекіткен жоспарларға сәйкес ұйымдастырылады.
2. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайды жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар кезінде жедел штаб басшысының шешімі бойынша мынадай уақытша шектеулер:
1) қауіпті өндірістік объектілердің қызметін тоқтата тұру;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желілерін және құралдарын пайдалануды шектеу;
3) қоғамдық тәртіптің сақталуын, мемлекеттік күзетуге жататын объектілерді және халықтың тыныс-тіршілігі мен көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді, сондай-ақ ерекше материалдық, тарихи, ғылыми, көркем немесе мәдени құндылығы бар объектілерді күзетуді күшейту;
4) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында тұратын жеке тұлғаларды уақытша көшіру;
5) қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, күшті әсер ететін химиялық және улы заттардың саудасына шектеу қою немесе тыйым салу, дәрілік заттардың, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттар мен прекурсорлардың, этил спиртінің және алкоголь өнімінің айналымына ерекше режим белгілеу қолданылуы мүмкін.
3. Әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарының шекараларын жедел штабтың басшысы айқындайды.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 3-5-баппен толықтырылды
3-5-бап. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал режимін қамтамасыз етуге арналған күштер мен құралдар
1. Әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал режимін қамтамасыз ету үшін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның және басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдары пайдаланылады.
2. Қажет болған жағдайларда «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мынадай міндеттерді орындау үшін:
1) жергілікті жерге кірудің және одан шығудың ерекше режимін қолдауға;
2) ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін және көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді, адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретін объектілерді күзетуге;
3) арнаулы құралдарды, қаруды қолдану, сондай-ақ әскери және басқа да техниканы пайдалану арқылы күш көрсету әрекеттері орын алған жанжалдарға қатысқан тайталасушы тараптарды айыруға;
4) заңсыз қарулы құралымдар әрекетінің жолын кесуге қатысуға;
5) ішкі істер органдарымен бірлесіп патрульдеуге және жаппай тәртіпсіздіктерді оқшаулауға қолданылуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген міндеттерді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп орындайды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының дене күшін, арнаулы құралдарды, қызметтік иттерді, қаруды қолдану, әскери техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шектеріне қатысты бөлігіндегі ережелері қолданылады.
2-тарау. Төтенше жағдайды енгізу мен оның күшін жоюдың шарттары, негіздері, тәртібі
4-бап. Төтенше жағдай енгізудiң шарттары, негiздерi
1. Төтенше жағдай Қазақстан Республикасының демократиялық институттарына, тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, оның азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қауiп төнген және мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған жағдайда енгiзiледi.
2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Төтенше жағдайды енгізу негiздерi болатын мән-жайларға, осы баптың 1-тармағының талаптары сақталған жағдайда:
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) шектес мемлекеттер аумақтарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы жаппай өтуден; Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге әрекеттенуден; терроризм актілерінен; билiктi күштеп басып алуға немесе Қазақстан Республикасының Конституциясын бұза отырып, билiктi күшпен ұстап тұруға бағытталған iс-әрекеттерден; жаппай тәртiпсiздiктерден, ұлтаралық және конфессияаралық жанжалдардан; жекелеген жергілікті жерлердi, аса маңызды және стратегиялық объектiлердi қоршап алудан немесе басып алудан; заңсыз қарулы құралымдарды дайындаудан және олардың әрекетінен; қарулы бүліктен; диверсиядан; қарулы қақтығысты күштеп таңу мақсатында басқа мемлекеттер тарапынан жасалатын арандатушылық iс-әрекеттерден туындаған әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар;
2) дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлар, табиғи өрттер, эпидемиялар мен iндеттер, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдалуы, өнеркәсiптiк, көлiктiк және басқа авариялар, өрттер (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар ауаға жайылатын (жайылу қаупi бар) авариялар, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электрэнергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртібін қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады.
Дүлей зiлзаланың немесе кең көлемдi аварияның (апаттың) нақты қаупi де азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы негiзiнде төтенше жағдай енгізуге негiз болуы мүмкiн.
5-бап. Төтенше жағдайды енгізу тәртібі
1. Қазақстан Республикасының бүкiл аумағындағы немесе оның жекелеген жерлеріндегі төтенше жағдайды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрiмен және Парламентi палаталарының төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Қазақстан Республикасының Президентi тиiстi жарлығымен енгiзедi, бұл туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне дереу хабарланады.
2. Төтенше жағдай қалыптасқан жағдайды өзге шаралар қолданумен реттеу мүмкiн болмаған жағдайда енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресми баспа басылымдарында дереу жариялануға тиiс және барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткiзiледi.